«Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 14 ақпандағы №554-iv заңы



Дата25.02.2016
өлшемі140.24 Kb.
#20807
«Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 14 ақпандағы № 554-IV Заңы

  • A

  • A

  • A

      2000 жылғы 15 маусымда Женевада Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 88-сессиясында қабылданған Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi                                 Н. НАЗАРБАЕВ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

183-КОНВЕНЦИЯ
Конференцияның сексен сегiзiншi сессиясында қабылданған
Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны
қайта қарау туралы конвенция
Женева, 2000 жылғы 15 маусым

тең түпнұсқалық мәтiн



АНАНЫ ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ
1952 ЖЫЛҒЫ (ҚАЙТА ҚАРАЛҒАН) КОНВЕНЦИЯНЫ
ҚАЙТА ҚАРАУ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ

      Халықаралық Еңбек бюросының Әкiмшiлiк кеңесi,


      Женевада шақырған және 2000 жылғы 30 мамырда өзiнiң 88-сессиясына жиналған,
      Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы еңбек саласында барлық әйелдердiң теңдiгiне, сондай-ақ ана мен баланың денсаулығы мен қауiпсiздiгiне одан әрi жәрдемдесу үшiн Ананы қорғау туралы 1952 жылғы Конвенция (қайта қаралған) мен Ұсынымды қайта қарау қажеттiгiн атап көрсете отырып, сол арқылы мүше мемлекеттердiң экономикалық және әлеуметтiк даму деңгейiндегi айырмашылықты, сондай-ақ кәсiпорындар сипатының әртүрлiлiгiн және ұлттық заңнама мен тәжiрибеде көзделген ананы қорғау деңгейiндегi айырмашылықтарды мойындай отырып,
      Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының (1948 ж.), Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы БҰҰ конвенциясының (1979 ж.), Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының (1989 ж.), Пекин Декларациясы және Iс-әрекет тұғырнамасының (1995 ж.), Халықаралық еңбек ұйымының еңбекшi әйелдерге қатысты мүмкiндiктер мен қатынас теңдiгi туралы декларациясының (1975 ж.), Халықаралық еңбек ұйымының Еңбек саласындағы негiз қалаушы қағидаттар мен құқықтар және оларды iске асыру механизмдерi туралы декларациясының (1998 ж.), сондай-ақ еңбекшi әйелдер мен ерлер үшiн мүмкiндiктер мен қатынас теңдiгiн қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық еңбек конвенциялары мен ұсынымдарының, атап айтқанда 1981 жылғы Отбасылық мiндеттерi бар еңбекшiлер туралы конвенцияның ережелерiн атап көрсете отырып,
      еңбекшi әйелдердiң жағдайын және жүктiлiгiн қорғауды қамтамасыз ету қажеттiгi үкiмет пен қоғамның жалпы мiндетi болып табылатынын ескере отырып,
      сессия күн тәртiбiнiң төртiншi тармағы болып табылатын Ананы қорғау туралы 1952 жылғы Конвенция (қайта қаралған) мен Ұсынымды қайта қарау туралы бiрқатар ұсыныстарды қабылдауға қаулы ете отырып және
      бұл ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын берудi ұйғара отырып, екi мыңыншы жылғы он бесiншi маусымда Ананы қорғау туралы 2000 жылғы Конвенция деп аталуы мүмкiн мына Конвенцияны қабылдайды.

ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсатында «әйел» терминi қандай да бiр кемсiтушiлiксiз кез келген әйел жынысты адамды, ал «бала» терминi қандай да бiр кемсiтушiлiксiз кез келген баланы бiлдiредi.



2-бап

      1. Осы Конвенция тәуелдi еңбектiң әйелдерге тән емес түрлерiмен айналысатын әйелдердi қоса алғанда, жалданып жұмыс iстейтiн барлық әйелдерге қатысты қолданылады.


      2. Осы Конвенцияны ратификациялайтын әрбiр мүше мемлекет мүдделi жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердiң өкiлдi ұйымдарымен консультация өткiзгеннен кейiн, егер Конвенцияның оларға қолданылуы айтарлықтай сипаттағы ерекше проблемалардың туындауына әкеп соғатын болса, еңбекшiлердiң шектеулi санаттарын осы Конвенцияның қолданылу аясынан толық немесе iшiнара алып тастай алады.
      3. Алдыңғы тармақта көзделген мүмкiндiктердi пайдаланатын әрбiр мүше мемлекет Халықаралық еңбек ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынылатын өзiнiң осы Конвенцияның қолданылуы туралы бiрiншi баяндамасында еңбекшiлердiң осындай тәсiлмен алып тасталған санаттарын атап көрсетедi және оларды алып тастаудың себептерiн көрсетедi. Өзiнiң кейiнгi баяндамаларында мүше мемлекет осы Конвенция ережелерiнiң қолданылу аясын осы санаттарға бiртiндеп кеңейту мақсатында қабылданған шараларды сипаттайды.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

3-бап

      Әрбiр мүше мемлекет жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердiң өкiлдi ұйымдарымен консультация өткiзгеннен кейiн, жүктi әйелдердiң немесе бала емiзетiн аналардың құзырлы билiктiң айқындауы бойынша ананың немесе баланың денсаулығына зиянды болып табылатын не қолда бар бағалау бойынша ананың немесе оның баласының денсаулығына айтарлықтай қауiп төндiретiн жұмысты орындамауы тиiстiгiн қамтамасыз ету үшiн тиiстi шараларды қабылдайды.



ЖҮКТIЛIККЕ ЖӘНЕ БОСАНУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДЕМАЛЫС

4-бап

      1. Медициналық куәлiктi ұсынғаннан кейiн немесе ұлттық заңнамада және тәжiрибеде көзделген босанудың болжамды мерзiмiн куәландыратын өзге тиiстi тексеруден кейiн, өзiне қатысты осы Конвенция қолданылатын әйел жүктiлiгi мен босануы бойынша ұзақтығы 14 аптадан кем емес демалыс алуға құқылы.


      2. Әрбiр мүше мемлекет жоғарыда көрсетiлген демалыс ұзақтығын осы Конвенцияның ратификациялануын сүйемелдейтiн декларацияда көрсетедi.
      3. Әрбiр мүше мемлекет кейiннен Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына жүктiлiкке және босануға байланысты демалыстың мерзiмiн арттыру туралы жаңа декларацияны ұсына алады.
      4. Ана мен баланың денсаулығын сақтау қажеттiгiн ескере отырып, егер ұлттық деңгейде үкiмет пен жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердiң өкiлдi ұйымдарының арасында өзге мерзiм келiсiлмеген болса, жүктiлiкке және босануға байланысты демалыс бала туылғаннан кейiн ұзақтығы алты апта болатын мiндеттi кезеңдi қамтиды.
      5. Жүктiлiкке және босануға байланысты демалыстың босану алдындағы бөлiгi болжамды босану мерзiмi мен нақты босанған күнi аралығында өткен кезеңге тең уақытқа, босанудан кейiнгi мiндеттi демалыстың қандай да бiр бөлiгiнiң мерзiмi қысқартылмай ұзартылады.

АУРУ НЕМЕСЕ АСҚЫНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДЕМАЛЫС

5-бап

      Медициналық куәлiк ұсынылғаннан кейiн жүктiлiк немесе босану себебiнен ауру, асқыну жағдайында немесе асқыну қаупi болған жағдайда, жүктiлiкке және босануға байланысты демалыс кезеңiне дейiн немесе одан кейiн қосымша демалыс берiледi. Мұндай демалыстың сипаты және ең ұзақ мерзiмi ұлттық заңнамаға және тәжiрибеге сәйкес белгiленедi.



ЖӘРДЕМАҚЫЛАР

6-бап

      1. Ұлттық заңнамаға немесе ұлттық тәжiрибеге сәйкес келетiн кез келген өзге тәсiлге сәйкес 4 немесе 5-баптарда көрсетiлген демалысқа байланысты жұмыста жоқ әйелдерге ақшалай жәрдемақылар берiледi.


      2. Ақшалай жәрдемақылар әйелдiң өзiне және баласына санитарлық-гигиеналық тұрғыдан лайықты жағдай мен тиiстi өмiр деңгейiн қамтамасыз етерлiктей деңгейде белгiленедi.
      3. Егер ұлттық заңнамаға немесе тәжiрибеге сәйкес 4-бапта көрсетiлген демалысқа байланысты төленетiн ақшалай жәрдемақыларды есептеу алдыңғы табысының негiзiнде жүзеге асырылатын болса, онда мұндай ақшалай жәрдемақылардың мөлшерi әйелдiң алдыңғы табысының немесе жәрдемақыларды есептеу кезiнде ескерiлетiн табысының кемiнде үштен екi бөлiгi деңгейiнде белгiленедi.
      4. Егер ұлттық заңнамаға немесе тәжiрибеге сәйкес 4-бапта көрсетiлген демалысқа байланысты төленетiн ақшалай жәрдемақылардың мөлшерiн айқындау үшiн басқа әдiстер қолданылатын болса, онда мұндай жәрдемақылардың мөлшерi орта есеппен алдыңғы тармақтың ережелерiн қолдану кезiнде алынатын сома деңгейiнде белгiленедi.
      5. Әрбiр мүше мемлекет ақшалай жәрдемақы алу құқығын беретiн шарттарды осы Конвенцияның қолданылу аясына жататын әйелдердiң айтарлықтай көп бөлiгi қанағаттандыра алуын қамтамасыз етедi.
      6. Егер әйел ұлттық заңнамаға сәйкес немесе ұлттық тәжiрибеге сәйкес келетiн кез келген өзге тәсiлмен белгiленетiн ақшалай жәрдемақыларды aлу құқығын беретiн шарттарға сай келмесе, онда ол мұндай көмектi бөлу үшiн талап етiлетiн кiрiске тексеру жүргiзген жағдайда, әлеуметтiк көмек қорларынан төленетiн барабар жәрдемақы алуға құқылы.
      7. Медициналық көмек әйелге және оның баласына ұлттық заңнамаға сәйкес не ұлттық тәжiрибеге сәйкес келетiн кез келген өзге тәсiлмен көрсетiледi. Медициналық көмек босануға дейiнгi, босану кезiндегi және одан кейiнгi кезеңдегi көмектi, сондай-ақ қажет болған жағдайда ауруханаға салуды қамтиды.
      8. Әйелдердiң еңбек нарығындағы жағдайын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 4 және 5-баптарда аталған демалысқа байланысты жәрдемақылар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру қорларынан немесе қоғамдық қорлардан не ұлттық заңнамада және тәжiрибеде айқындалған тәртiпке сәйкес төленедi. Жұмыс берушi өзiнде жалданып жұмыс iстейтiн әйелге кез келген мұндай ақшалай жәрдемақыларды төлеуге байланысты тiкелей шығыстарға:
      а) бұл мүше мемлекеттiң Халықаралық еңбек ұйымының осы Конвенциясын қабылдаған күнге дейiн қолданылған ұлттық заңнамасында немесе тәжiрибесiнде көзделген; немесе
      b) бұл үкiмет пен жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердiң өкiлдi ұйымдарының арасында ұлттық деңгейде қол жеткiзiлген келiсiм мәнi болған жағдайларды қоспағанда, өзiнiң бұған нақты айқын келiсiмiнсiз жеке жауаптылықта болмайды.

7-бап

      1. Экономикасы мен әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесi жеткiлiктi дамымаған мүше мемлекет, егер ақшалай жәрдемақылар ұлттық заңнамаға сәйкес белгiленетiн ауыру немесе еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайында төленетiн жәрдемақылар ставкасынан төмен емес мөлшерде төленетiн болса, жоғарыда 6-баптың 3 және 4-тармақтарында жазылған ережелердi сақтайтын болып есептеледi.


      2. Алдыңғы тармақта көзделген мүмкiндiктердi пайдаланатын мүше мемлекет Халықаралық еңбек ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес жолданған осы Конвенцияның қолданылуы туралы өзiнiң бiрiншi баяндамасында оның себептерiн түсiндiредi және берiлетiн ақшалай жәрдемақылардың мөлшерiн көрсетедi. Өзiнiң кейiнгi баяндамаларында мүше мемлекет жәрдемақылар мөлшерiн бiртiндеп арттыру мақсатында қандай шаралар қабылдағанын көрсетедi.

ЖҰМЫС ОРНЫН САҚТАУ ЖӘНЕ КЕМСIТУШIЛIККЕ ЖОЛ БЕРМЕУ

8-бап

      1. Жұмыс берушiнiң әйелдi жүктiлiгi немесе бала тууына және соның салдарына немесе емiзiлетiн баланы тамақтандыруға байланысты емес себептермен жұмыстан босатуын қоспағанда, оның жүктiлiгi кезеңiнде немесе 4 немесе 5-бапта көзделген демалысқа байланысты жұмыста болмаған кезеңiнде немесе ұлттық заңнамада белгiленетiн оның жұмысқа қайта оралғанынан кейiнгi кезеңде жұмыстан босатуы заңсыз болып табылады. Жұмыстан босатудың себебi жүктiлiкке немесе босануға және соның салдарына немесе емiзiлетiн баланы тамақтандыруға байланысты емес екенiн дәлелдеу ауыртпалығы жұмыс берушiге жүктеледi.


      2. Жүктiлiгi және босануы бойынша демалысы аяқталғаннан кейiн әйелге еңбекақысының бұрынғы ставкалар бойынша төленуiмен, өзiнiң бұрынғы немесе балама жұмыс орнына қайта оралу құқығына кепiлдiк берiледi.

9-бап

      1. Әрбiр мүше мемлекет 2-баптың 1-тармағының ережесiне қарамастан, жұмыспен қамтуға қолжетiмдiлiктi қоса алғанда, жүктiлiк пен босанудың жұмыспен қамту саласындағы кемсiтушiлiкке себеп болмауын қамтамасыз ететiн қажеттi шараларды қабылдайды.


      2. Алдыңғы тармақта көрсетiлген шаралар:
      a) жүктi әйелдер немесе бала емiзетiн аналардың орындауына ұлттық заңнамада тыйым салынған немесе шектелген жұмыстарға; немесе
      b) ана мен баланың денсаулығына айтарлықтай айқын қауiп төндiретiн жұмыстарға қатысты ұлттық заңнамада талап етiлген жағдайларды қоспағанда, әйел жұмысқа орналасқан сәтте одан жүктiлiкке талдау жасауды немесе осындай талдау жасалғаны туралы анықтама ұсынуды талап етуге тыйым салуды қамтиды.

БАЛА ЕМIЗЕТIН АНАЛАР

10-бап

      1. Әйелге баласын емiзу үшiн күнiне бiр немесе бiрнеше үзiлiс жасау немесе жұмыс уақытын күнделiктi қысқарту құқығы берiледi.


      2. Емiзiлетiн баланы тамақтандыруға арналған үзiлiстерге немесе жұмыс уақытын күнделiктi қысқартуға жол берiлетiн мерзiм, оның саны мен ұзақтығы, сондай-ақ жұмыс уақытын күнделiктi қысқарту рәсiмдерi ұлттық заңнамаға және тәжiрибеге сәйкес айқындалады. Бұл үзiлiстер немесе жұмыс уақытын күнделiктi қысқарту жұмыс уақыты ретiнде есептеледi және оның ақысы тиiстi тәсiлмен төленедi.

МЕРЗIМДIК ҚАЙТА ҚАРАУ

11-бап

      Әрбiр мүше мемлекет 4-бапта көрсетiлген демалыс ұзақтығын арттырудың және 6-бапта көрсетiлген ақшалай жәрдемақылардың сомасын немесе ставкасын арттырудың орындылығын жұмыс берушiлер мен еңбекшiлердiң неғұрлым өкiлдi ұйымдарымен консультация өткiзе отырып, мерзiмдi зерттеп отырады.



ҚОЛДАНЫЛУЫ

12-бап

      Осы Конвенция ұжымдық шарттар, төрелiк қаулылар, сот шешiмдерi сияқты өзге құралдардың көмегiмен немесе ұлттық тәжiрибеге сәйкес келетiн кез келген өзге тәсiлмен қолданылатын жағдайларды қоспағанда, заңнама арқылы қолданылады.



ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

13-бап

      Осы Конвенция Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарайды.



14-бап

      Осы Конвенцияны ратификациялау туралы ресми грамоталар Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына тiркеу үшiн жолданады.



15-бап

      1. Осы Конвенцияның ратификациялау грамоталарын Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры тiркеген Халықаралық еңбек ұйымының мүше мемлекеттерi үшiн ғана мiндеттi күшi болады.


      2. Ол Бас директор Ұйымға мүше екi мемлекеттiң ратификациялау грамоталарын тiркеген күннен кейiн 12 айдан соң күшiне енедi.
      3. Кейiннен осы Конвенция әрбiр мүше мемлекет үшiн оның ратификациялау грамотасы тiркелген күннен кейiн 12 айдан соң күшiне енедi.

16-бап

      1. Осы Конвенцияны ратификациялаған әрбiр мүше мемлекет оның алғаш күшiне енген күнiнен бастап он жыл өткеннен кейiн, оны Халықаралық еңбек бюросының Бас директорына тiркеу үшiн жолдаған денонсациялау туралы өтiнiшiмен денонсациялай алады. Денонсация тiркелген күнiнен кейiн бiр жылдан соң күшiне енедi.


      2. Осы Конвенцияны ратификациялаған және алдыңғы тармақта көрсетiлген он жыл өткеннен кейiн бiр жылдық мерзiмде осы бапта көзделген денонсациялау құқығын пайдаланбаған әрбiр мүше мемлекет үшiн Конвенция келесi он жылға күшiнде қалатын болады және кейiннен ол оны әр он жыл өткеннен кейiн осы бапта көзделген тәртiпте денонсациялай алады.

17-бап

      1. Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры өзiне Ұйымға мүше мемлекеттер жолдаған барлық ратификациялау грамоталары мен денонсациялау туралы өтiнiштердiң тiркелгенi туралы Халықаралық еңбек ұйымының барлық мүше мемлекеттерiн хабардар етедi.


      2. Бас директор Ұйымға мүше мемлекеттердi өзi алған екiншi ратификациялау грамотасының тiркелгенi туралы хабардар ете отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшiне енетiн күнiне аударады.

18-бап

      Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры алдыңғы баптардың ережелерiне сәйкес өзi тiркеген барлық ратификациялау грамоталары мен денонсациялау туралы өтiнiштер жөнiндегi толық мәлiметтердi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына тiркеу үшiн жолдайды.



19-бап

      Халықаралық еңбек бюросының Әкiмшiлiк кеңесi қажет деп есептеген жағдайларда, осы Конвенцияның қолданылуы туралы баяндаманы Бас конференцияға ұсынады және оны толық немесе iшiнара қайта қарау туралы мәселенi Конференцияның күн тәртiбiне енгiзудiң орындылығын қарайды.



20-бап

      1. Егер Конференция осы Конвенцияны толық немесе iшiнара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдаса және егер жаңа конвенцияда өзгеше көзделмесе, онда:


      a) мүше мемлекеттердiң iшiнде қандай да бiрiнiң жаңа қайта қарайтын конвенцияны ратификациялауы, жоғарыдағы 16-баптың ережелерiне қарамастан, жаңа қайта қарайтын конвенция күшiне енген жағдайда, осы Конвенцияны автоматты түрде тез арада денонсациялауға әкеп соқтырады;
      b) жаңа қайта қарайтын конвенция күшiне енген күнiнен бастап осы Конвенция Ұйымға мүше мемлекеттердiң ратификациялауы үшiн ашық болуын тоқтатады.
      2. Осы Конвенция оны ратификациялаған, бiрақ қайта қарайтын конвенцияны ратификацияламаған мүше мемлекеттер үшiн кез келген жағдайда нысаны мен мазмұны бойынша күшiнде қалады.

21-бап

      Осы Конвенцияның ағылшын және француз тiлдерiндегi мәтiндерiнiң күшi бiрдей.


      Конвенцияның осы тең түпнұсқалық мәтiнiн Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы өзiнiң Женевада өткiзiлген сексен сегiзiншi сессиясында мақұлдады және 2000 жылғы 15 маусымда жабылуында қол қойды.
      Осының дәлелi ретiнде бiз осы құжатқа 2000 жылғы он алтыншы маусымда қол қойдық.

      Конвенцияның осы тең түпнұсқалық мәтiнiн Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясы өзiнiң Женевада өткiзiлген сексен сегiзiншi сессиясында мақұлдады және 2000 жылғы 15 маусымда жабылуында қол қойды.


      Осының дәлелi ретiнде бiз осы құжатқа 2000 жылғы он алтыншы маусымда қол қойдық.

Конференцияның төрағасы


Марио Альберто Фламарик

Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры


Хуан Сомавиа

      Конвенцияның осында берiлген мәтiнi Халықаралық еңбек конференциясының төрағасы және Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры қол қойған түпнұсқалық мәтiннiң дәл көшiрмесi болып табылады.

      Көшiрме түпнұсқамен дәлме-дәл және мазмұны бойынша толық болып табылады.

Халықаралық еңбек бюросының Бас директоры үшiн

Джанель Диллер
Халықаралық еңбек ұйымының заң кеңесшiсi

Халықаралық еңбек ұйымы
Әкiмшiлiк кеңсесi       

Өтiнiш (декларация)

      Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы Конвенцияның 4-бабы 2-тармақшасына сәйкес (183-Конвенция) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан, Қазақстан Республикасында жүктiлiкке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы 18 аптадан (қиналып босанған немесе екi және одан да көп бала туған жағдайда - 20 апта) тұратындығын растаймын.



      Қазақстан Республикасы
      Еңбек және халықты әлеуметтiк
      қорғау министрi                            Г. Әбдiқалықова

ХЕҰ № 183 Конвенцияға қатысушы мемлекеттердiң тiзбесi

мемлекет

ратификацияланған күнi

мәртебесi

Албания

24.07.2004

ратификацияланды

Австрия

30.04.2004

ратификацияланды

Әзiрбайжан

29.10.2010

ратификацияланды

Беларусь

10.02.2004

ратификацияланды

Белиз

09.11.2005

ратификацияланды

Босния және Герцеговина

18.01.2010

ратификацияланды

Болгария

06.12.2001

ратификацияланды

Куба

01.06.2004

ратификацияланды

Кипр

12.01.2005

ратификацияланды

Венгрия

04.11.2003

ратификацияланды

Италия

07.02.2001

ратификацияланды

Латвия

09.02.2009

ратификацияланды

Литва

23.09.2003

ратификацияланды

Люксембург

08.04.2008

ратификацияланды

Мали

05.06.2008

ратификацияланды

Молдова Республикасы

28.08.2006

ратификацияланды

Марокко

13.04.2011

ратификацияланды

Нидерланды

15.01.2009

ратификацияланды

Румыния

23.10.2002

ратификацияланды

Сербия

31.08.2010

ратификацияланды

Словакия

12.12.2000

ратификацияланды

Словения

01.03.2010

ратификацияланды

ратификацияланды: 20   ескертпемен ратификацияланды - 0   қолдану мүмкiндiгi туралы өтiнiш - 0   жойылды - 0

      2000 жылғы 15 маусымда Женевада өткен Халықаралық Еңбек Ұйымы Конференциясының сексен сегiзiншi сессиясында қабылданған «1952 жылғы (қайта қаралған) Аналарды қорғау туралы Конвенцияны қайта қарау туралы Конвенция» № 183 Конвенцияның куәландырылған көшiрмесiнiң куәландырылған көшiрмесi екенiн растаймын.



      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы iстер министрлiгi
      Халықаралық құқық департаментiнiң
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет