Ильясова Зибагүл Сүлейменқызы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті,
Шығыстану кафедрасының доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты
Араб-ислам өркениетіндегі түрік әскери ықпалдастығы
Тірек сөздер: Халифат, түрік, мамлүк, ғұлам, уәли
Араб-ислам және түркі өркениеті өздерінің қалыптасу және даму процесінде бір-біріне қарама-қарсылығынан бұрын бірін-бір толықтырған ықпалдастығы басым құбылыстарға айналды. Бұл тұжырым түрлі көзқарастар туғызуы мүмкін. Әйтсе де осы мәселеге нақтылық беру үшін мысалдарға жүгінгеніміз орынды болмақ. Осыған байланысты бұндай өзара ықпалдастықтың бір желісі ретінде әскери байланыстарды қарастырып көрейік.
VIII ғасырдың аяғы - IX ғасырдың басынан бастап, ислам дінін қабылдаған түркі және парсы халықтары Араб халифатында белсенді позицияға ие болып, ислам өркениетінің кейінгі тарихында үлкен рөл атқара бастады. Солардың ішінде, әсіресе түркі халқының орны ерекше. Түркі халықтары ислам дінін қабылдап, ислам әлемімен біте қайнасса да, ассимляциялану толқынында жұтылып кетпей, өзінің түркілік ерекшеліктерін сақтап қала алды. Осыған байланысты Араб халифатында түрік әскери жасақтарының құрылуы және олардың қызметі туралы зерттеулер қазіргі таңда тарих ғылымында қызығушылық тудыруда.
Түркі халқының арасынан, ислам тарихының ортағасырлық кезеңінде әлемдік аты бар алдыңғы қатарлы ғалымдар, тарихи тұлғалар мен батырлар өте көп шыққан. Олар: әл-Мансұрдың (754-775) әскербасы Хаммад ат-Түрік (Бағдад қаласын құрылысында маңызды рөл атқарған), әл-Махдиде (775-785) қызмет еткен Мүбарак ат-Түрки, философ, ғалым Әбу Наср әл-Фараби, сопы Ахмет Ясауи, сұлтан Ахмад Ибн Тулун, тарихшы Ибн Тағри-берди, сұлтан Рукн Ад-Дин аз-Захир Байбарыс, сұлтан Сайф Ад-Дин Қалауын, сұлтан Ан-Наср Мухаммад Ибн Қалауын және т.б. [1, 23]
Омейяд халифалар үкіметі құлаған соң араб мемлекетінің тізгінін аббастықтар (Аббас-Мухаммадтың нағашысы) әулеті қолына алады. Олар үкімет басына ирандық дихандар көмегі арқылы келеді. 749-754 жылға дейін Аббасидтер халифатының негізін салушы, бірінші халифасы Әбу-л-Аббас таққа отырды. 1258 жылға дейін билік құрған аббасидтер әулетінің негізін қалап, жаңа халифаттың астанасы Бағдад қаласы болады. Осы аббасидтер тұсында Араб мемлекеті өзінің шырқау шегіне жетті.
Аббасидтер билігінің алғашқы кезінде олардың әскерлері негізінен хорасандықтар мен ирандықтардан тұрған және оларды Дамаскідегі омейядтарға қарсы көтерістерде қолдап отырған. Ол әскерлер араб билеуші әулетінің жағында болып, Иранға қызмет етуді өздерінің міндеті деп есептеді. Бірақ, 820 жылдан бастап халифалардың ірі вассалдары тахиридтер толығымен тәуелсіздік алып, Иранның дербестігін қамтамасыз етті. Сондықтан да, жат жерліктерден әскер жасақтау өте қажет болды. Арабтардың түріктермен ең ертедегі байланысы ұлы жаулап алу дәуіріне дейін болғандығы туралы деректер бар. Бұл туралы ортағасырлық араб тарихшысы ат-Табари (ІХ ғ.), «терезе соғысы» қарсаңында Мұхаммед пайғамбар демалыпты-мыс дейтін әлдебір түрік шатырын еске алады. [2, 21]. 674 жылы Басраның билеушісі Бұхарада тұтқынға алынғандардан төрт мың шебер түрік садақшыларынан мықты жасақ құрған. Олардың әскери сапасы жоғары бағаланып, арабтар оларды соғысқа пайлануды қажет деп шешеді [3].
Түріктердің жоғары жауынгерлік қаситеттері туралы жазған әл-Жахиз былай сипаттайды «Ол (түрік) ат үстіне екпіндеп шауып келе жатып алға және артқа, оңға және солға, жоғары және төмен ата береді. Хариджит (араб) бір оғын жақтың кірісіне салғанша, ол он оқ атып үлгіреді. Түріктердің төрт көзі бар, екеуі маңдайында, екеуі желкесінде» [4, 138].
Аббас әулетінен шыққан Бағдат халифасы әл-Муʻтасим (833-842) Мауараннахрдан – Самарқан, Ферғана, Шаш құл базарларынан әкелген түркілерден арнайы әскери топ құрған алғашқы билеуші саналады. Бірақ әл-Муʻтасимнің болашақ түрік гвардиясының негізі әл-Маʻмун (813-833) кезінде құрылған. И.М.Фильштинский әл-Маʻмун түріктерден арнайы халифа гвардиясын жабдықтағаны және олардың саны төрт мың адамға жеткендігі туралы айтады [5, 89]. Араб тарихшыларының деректері бойынша, Сейхун (Сырдария) өзенінің ар жағындағы жерлерден әкелінген мәмлүктердің саны бірнеше түменге жеткен. Тарихшылар осы орайда Хорезмде атақты құл базарлары болғандығын, оның құл саудасы арқасында байығанын атап өтеді. Халифаттың әскер құрамы араб тайпасының жасақтары мен жалдамалы ғұламдар секілді бірнеше әскер топтарынан тұрған. Ғұламдар деп халифаларға шын берілген, қызметке даярлау мақсатымен жас кезінде отанынан жыраққа әкетіп тәрбиеленген, түрлі түркі, славян, зәңгі текті құлдарды атаған. Олар ықпалы өсе келе халифаларға өз айтқанын істеткен қауіпті үлкен күшке айналған [6, 82].
Араб деректеріндегі әскери салада кеңінен қолданылатын термин «мамлүк». Мамлүктер жайында алғашқы мағлұматтар VIII ғасырдың аяқ кезінде пайда бола бастады. «Мамлүк» көпшесі «мамалик» араб сөзі, оның мағынасы «егесі, қожайыны бар мүлік немесе құл». Басында тек «ақ құлдарға» қатысты айтылған бұл сөз нақты тарихи уақиғаларға байланысты уақыты келе терминдік мағынаға ие болып, текті құл-жауынгерлерге қатысты ғана қолданылатын болып орнықты. Ортағасырлық ислам кезіңінде Византия, Венеция және Таяу Шығыстың басқа да елдері мен үлкен қалаларында құл сататын базарлар көп болып, құл саудасы гүлденіп тұрған кезең еді. Бұл құл базарларында әр-түрлі жолдармен түскен құлдардың ішінде, ертеден өзінің атқамінерлік және соғыс өнеріне бейімділігімен әйгілі болған көшпелі түркі халқының жасөспірім балаларының өтімділігі мен бағасы ерекше болды. Түркі текті құлдарды көптеп сатып алған Мысыр мен Таяу Шығыс елдерінің билеушілері оларды «мамлүк» деген атаумен атап, оларға арнайы ислами тәрбие беріп, соғыс өнеріне жаттықтырып, өздерінің негізгі әскери тірегіне айналдырады [7, 43].
Таңдап алынған жас құлдар – мәмлүктер немесе ғұламдар (жасөспірімдер немесе қызметшілер) халифаның сарайында арнайы мектептерде тәрбиеленіп, соң халифаның гвардиясына қабылданып, ол тәжірибелі түрік шабандоздары мен садақшыларымен толықтырылып отырды. Олардың ішінде Хорасанның омеядтық билеушісі Насыр ибн Саййар- Рафиʻибн Лайстың жасағында шайқасқандары да бар [5, 89].
Түрік гвардиясы туралы басқа бір зерттеулерде әл-Муʻтасим (833-842) анасының тегі түрік болуы түрік гвардиясын құру үшін шешуші мәнге ие болған деген пікірге қосылады, алайда, оның пікірінше, әл-Муʻтасимнің билеуіне қанағаттанбаған әскердің басым бөлігі әл-Мамунның ұлы Аббастың халифа болуын қалаған, ал әл-Муʻтасимді биліктен тайдырып, орнына Аббасты отырғызбақ болған сәтсіз қастандық орын алған қиын саяси жағдайда жеке басының қауіпсіздігін ойлаған әл-Муʻтасим түрік гвардиясының санын күрт арттыру туралы ойға келді [2, 21].
И.М.Фильштинский ғалым және әдебиетші әл-Жахиздің (775-868) түріктер туралы трактатында бүкіл гвардияны, халифа сарайы мен пошта кеңсесін түрік әмірлерінің басқарғандығын жазады. Түрік атты әскер бөлімі Бағдад казармаларына орналастырылып, астанадағы бұқара халықтың тәртіпсіздіктерін жаншу үшін пайдаланылды және оларға жергілікті жерден үйленуге тыйым салынып, олар үшін халифаттың шығысынан әйелдер әкелді. Ал, жалдамалы-дейлемдіктерден тұратын жаяу әскерлер шыққан жерлеріне байланысты орналастырылды деген мәліметтер береді [5, 91].
Мемлекетте түрік әскерлері рөлінің жоғарылауы халифат әскерінің негізі болған хорасандықтар мен арабтардың бірте-бірте өз ықпалынан айрылуына алып келді. Бағдадта түркілер мен тұрғын халық арасында өзара жаулық етек ала бастайды. Түріктер мен бағдадтықтардың арасындағы дүрдараздық, Бағдадта орналасқан әскерге деген сенімсіздік (сондай-ақ, тахиридтердің билігінен құтылу үшін) әл-Муʻтасимнің (833-842) Самарраны - жаңа қаланы тұрғызуына себеп болды және оған өзіне адал түрік гвардияшыларымен орнықты: әл-Муʻтасимнің өз сөзіне қарағанда, құрлықпен де, сумен де Бағдадқа жете алатын және қажетсіз көтерілістерді басу үшін жаңа астана үшін орын іздеген. Әл-Муʻтасим өзінің жаңа елордасында түріктер орналасқан кварталдарды қаланың басқа аудандарынан оқшаулауға тырысты.
Әл-Уасик (842-847) халифа тұсында түрік әскербасылары халифаттың үлкен облыстарының сардарлары болады. Мәселен, Ашинастың өзі «сарайдың есік алдынан бастап, Батыстағы шеткі округке дейінгі» жерлерге қарады, тағы да бір түрік әскер басшысы Итахқа Хорасан мен Синд берілді [8, 191]. Шындығында, бұл тағайындаулардың барлығы да ерекшеленген әскери басшыларға құрмет көрсетіп, олардың менмендіктерін қанағаттандыру үшін жасалған даңғаза лауазымдар болатын, себебі, Синд бұл уақытта халифаттан мүлдем қол үзіп қалған, ал Хорасанда әл-Мамун кезінен Тахиридтер сардарлары негіздеген династия орныққан.
Араб халифасының түркі жауынгерлеріне арқа сүйеуі сол кезде үкімет пен әскер басшылығындағы арабтар мен парсылар арасындағы ашық та жасырын бәсеке себеп болады. Алайда, арабтардың менмендігі мен парсының билік құмарлығынан таза, жастай әкелініп арнайы әскери тәрбиеден өткен түркі мәмлүктердің халифаттың саяси өміріндегі орындары күннен күнге күшейіп, көп ұзамай мемлекетті басқару ісіне араласа бастайды, 861 жылы халифа әл-Мутауаккилдің өлімінен соң халифаттағы билік олардың қолына біржолата көшеді. Абу Шаманың айтуы бойынша «халаифалар олардың қолында тұтқын секілді болатын». Олар оны қажет деп тапса таққа қалдыратын, қажет деп тапса тақтан түсіретін немесе өлтіретін» [10, 44].
Түрік гвардияшыларының қолынан қайтыс болған әл-Мутауаккилдің (847-861) қазасынан кейін, араб деректері бойынша, түріктер мемлекет пен халифтердің тағдырларына араласа бастайды. Олар билік басына өздері қалаған адамдарын отырғызып, мұсылмандармен ақылдаспай, дінді басшылыққа алмай, өздеріне ұнамаған адамдарды биліктен тайдырып отырды. Түркілер туралы мынадай бір қызықты әңгіме бар: «Астрологтан халиф әл-Му'таз қанша жыл өмір сүреді және билік құрады деп сұрағанда, сол жерде тұрған бір адам: «Түріктер қанша қаласа, сонша жыл» деп жауап берген екен». Алайда, көп ұзамай түріктердің өз арасында дүрдараздық пайда болып, тек халифалар ғана емес, сонымен қатар түрік әскербасылары да оның құрбанына айналады. Шиеленістердің нәтижесінде бір кездері күшті болған Утамыш, Итах, Багир қатігездікпен өлтіріледі [11, 1512].
Л.Н.Гумилев «Түріктер жай ғана пайдаланатын халық болған жоқ. 861 олар халифа әл-Мутауаккилді өлтіреді, кейіннен тоғыз жылдың ішінде онын төрт мұрагерін өлтіргенде Багдад халқы толық немкұрайлы қарады» деп жазады [12, 82 б.]. Л.Н.Гумилевтың келесі бір еңбегінде X ғасырдың басында түрік ғұламдары (Фатимидтер билігі кезінде) үкіметтегі бүкіл билікті қолдарына алып, арабтардың тек қана Египетте емес халифаттың барлық жерінде түріктерге орын беріп, олардан әскери адамнан билеушіге, ақынға, ғалым және саудагерлерге айналғандары туралы мәліметтер береді [13, 234].
Түрік гвардиясының халифалар қолындағы тілалғыш қару болулары көпке созылмады. Бұл туралы әл-Жахиздің (775-868) «Фатх ибн Хаканға түріктердің және бүкіл халифа әскерінің қадыр-қасиеті туралы жолдаудан» қысқа ғана үзінді келтіре кету дұрыс болар еді: «Түріктер кек алуды, өтірік айтуды, екіжүзділікті, өсектеуді, көлгірсуді, әлдекімді мазақтауды, жақындарына менмендік танытуды, жолдастарына қысым көрсетуді білмейді, олар дінбұзарлыққа бой ұрмайды, заңды әртүрлі түсіну себебінен мүлікті иемденбейді. Олардың кемшіліктері және қиналыстарының себептері – туған елге деген сағыныш, саяхатқа талпыну, барымташылыққа әуестік және өз салт-дәстүрлеріне шын берілгендік.... Олардың қашуына, кейін шегінулеріне және жек көрулеріне түрткі болған жайттар бір жерде ұзақ уақыт болулары, өз қабілеттері туралы бейхабарсыздық, өз бағаларынан беймәлім болу және оларды қолдану және пайдалануда қолайлы сәттерге мән бермеу... Оларды өз сарбаздармен бірдей жағдайға қойғанда (турасын айтқанда: оларды өзге сарбаздар үлгісінде жасады), олар соңғы қатарда және әр түрлі адамдармен бірге болғылары келмеді, қарапайым әскер құрамында болу оларға ұнамады, бұның бәрін өздеріне лайық емес деп, өздеріне не қажет екенін көрсетті, сондай-ақ, қысымға шыдап, бейхабарсыздыққа төзбеу қажеттігін түсінді, саналы түрде оларды құқықтарынан айырмақ болған адамдарға қарағанда, олардың құқықтарын білмейтін адамдарды олар жек көретін» [14, 28].
Аббасидтер халифаты билігі тұсында тарихта маңызды із қалдырған түрік мұсылман әулетінен шыққан бірқатар мемлекеттерді айтып кетуге болады. Олар: Тулун мемлекеті (868-905 жж.) мен Ихшидидтер (935-969 жж. Египетте), мамлүктер (1250-1517 жж. Египет пен Сирияда), Газнауи мемлекеті (977-1186 жж. Хорасанда), Қарахан мемлекеті (922-1211 жж. Мауреннахр және Шығыс Түркістанда). Бұл мемлекеттердің билеушілері түркілер еді.
Әл-Кинди (IX ғ.) өз шығармаларында халифа әл-Му'тасимнің өзінің сенімді адамдарының бірі Қайдар деген түркіге Мысырдағы араб әскер басыларын орнынан түсіріп, сол жерде тәртіп орнатуды жүктейді. Қайдар халифаның бұйрығын бұлжытпай орындап, жиналған бес жүздей адамнан тұратын топты шашыратып, басшыларын тұтқынға алғанын жазады. Сол кезден бастап Мысырды түркілер билей бастайды.
Мұсылмандар аймағында тоғыз-оғыздарды тұтқын ретінде көрсететін дерек бар, осы тоғыз-оғыздардан тулондар пайда болады, ол Ахмет Тулонның әкесі, 869 жылы қайтыс болған, Египетте Тулунид әулетін құрған. [9, 157]. Тулун Бұқара әмірі 850 жылы Бағдат халифасы Мамунға сыйға тартқан түркі мәмлүктерінің бірі еді. Баласы Ахмад ибн Тулунның 868 жылы Мысырға уәли болып тағайындалуына көмектеседі. Ибн Тулун түркілерді көптеп сатып алып, мемлекетті басқару ісінде соларға арқа сүйейді. Араб тарихшылары Ибн Тулунның әскеріндегі түркі мәмлүктерінің саны 24 мың, зәңгілер 40 мың, ал бастары азат жалдамалы араб әскерлерінің саны 7 мың болған деп көрсетеді [10, 45]. Тулун мемлекетінің ізінше дүниеге келген, 935-969 жылдар арасында билік құрған түркі Ихшидтер әулетінде 8 мың түркі мәмлүк болған екен. Олар сұлтанның жеке күзет қызметін атқарып, ұйықтаған кезде оны әр түні мың мәмлік күзеткен екен.
Барлық көрсетілген себептердің субъективті екенін байқау қиын емес және халифа әскерінің жартысын құрайтын бүтіндей гвардия емес, саны шектеулі оққағарлардың болғанын түсінуге болады. Ағылшын арабтанушысы Х.Гиббтің пікірі бойынша түрік гвардиясы Тахиридтерге қарсылық көрсету үшін құрылды десе, Х.Кеннеди Тахиридтердің анағұрлым ықпалы бар кезеңде аббасид мемлекеті жақсы құрылған механизм ретінде әрекет етті және Хорасаннан қазынаға түсетін пайда да ерекше көп болды дейді [2, 22].
Көріп отырғанымыздай, халифалардың қарамағында жергілікті тұрғындармен ешқандай байланысы жоқ, елде ешбір түп-тамыры жоқ жат жұрттық жауынгерлердің болуы маңызды болған деп есептейтін зерттеушілердің көзқарастары шындыққа жанасады. Мұндай жауынгерлер халифаның жеке өзімен байланыста болып, соған ғана адал болып қала алатын, алайда, бұл жауынгерлер елдің заңымен қорғалатын қандай да бір материалдық мүддеге қол жеткізе салысымен, басшылары үшін сенімді тірек болудан қалатын. Мұндай пікірлерді әл-Муʻтасимнің гвардияшыларды жергілікті тұрғындардан оқшаулау үшін қолданған шаралары туралы ал-Йакубидің деректерінен де кездестіруге болады. Тағы бір жағы бар, яғни, алға қойған әскерді оқшаулау мақсатына қол жеткізу үшін жат жұрттықтар мен құлдардың халифа тұсында жоғарғы дәрежеге ие болып, өзге тұрғындардың табыстарынан ерекше жоғары жалақы алуы жергілікті тұрғындар арасында жек көрушілік, жақтырмаушылықтың орын алуы да себеп болды.
Жоғарыда айтылған пікірлердің дұрыстығын мойындай отырып, түрік гвардиясын құрудың басты себептері тереңде жатқанын көруге болады. Мемлекеттік табыстарды бір деңгейде ұстап тұру халифаттың экономикалық саясатының заңға сыйымды тенденциялары еді. Бұл мақсатқа түрлі жолдармен қол жеткізілді, мемлекеттік астықпен алыпсатарлық, диванға кіргендердің санын қысқарту, қатардағы шенеуніктер мен әскердің жалақысын қысқарту мақсатындағы түрлі айлалар, алайда, ең басты құрал салық тәртібін қатайту бойынша түрлі шаралар болатын. Салық төлеушілердің наразылығын тудырған бұл шараларды іске асыру үшін жергілікті тұрғындармен ешқандай да байланысы жоқ, олардан мүлдем оқшауланған, кәсіби адамдардан құрылған күшті әскер қажет болды. Түрік гвардиясы бастапқы уақытта бұл талаптардың барлығына да сай келетін. Халифалар өз гвардияшыларының бұл қасиеттерін сақтауға тырысты, оған оларды Самаррада оқшауламақ болған әрекеттері дәлел.
Әл-Мас'удидің айтуынша, Самарраның құрылысы кезінде әл-Муʻтасимнің 4 мың түрік гвардияшылары болған [15, 928], анағұрлым кейінірек жазылған деректерде әл-Муʻтасимнің гвардияшыларының саны 70 мыңға дейін жеткен деп жазылған. Әл-Муʻтасимнің замандасы ақын Әли ибн Жахма халифаны былай сипаттаған: «Қарамағында жиырма мың түркі бар, садақты жылдам ататын имам» - деп жазады [2, 22].
Қорыта айтқанда, халифаттың әскер құрамы негізі түркі жауынгерлерінен пайда болу себебі сол тынышсыз дәуірдің сұранысынан туындағандығы. VIII ғасырда араб қолбасшысы Кутайба ибн Муслимнің Түркістанның оңтүстігіндегі жерлерді, арабша Мауаранахрды жаулап алған заманында түркі құлдары мұсылман билеушілерінің сарайларының маңында пайда болғаны және тарихшылардың көрсетуі бойынша түркілер «сенімділігіне, батырлығына, тұрқының әдемілегіне» үлкен сұраныстарға ие болғандығын айта аламыз. Аббасид халифалары кезінде түркілер, өздерінің санының аздығына, құл ретінде әкелгендіктеріне қарамастан мұсылман қоғамындағы құрметті ұлттардың қатарына жататын дәрежеге жетеді. Сондықтан, түркілерден құралған әскерлер мен түркілерден шыққан әскери элита халифаттың билік иерархиясында өздеріне лайық жоғары орын алды. Халифа оларды араб империясының түрлі ықлымдарындағы тәуелсіздік бағыттағы қозғалыстарды басуда да қолданды. Осыған байланысты мемлекетті басқару ісіндегі рөлі артып, олардың арасынан уәзірлер, уәлилер және тағы басқа да жоғары лауазым иелері шықты. Халифат ыдырағанда одан бөлініп шыққан әмірліктердің билігін негізінен түркі элитасы құрады және басқа да түркіемес иеліктердегі әскердің негізі түркілерден құрылды.
Пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тізімі
-
Батыршаұлы Б. Араб деректеріндегі мамлүктердің аттары (есімдері) олардың шығу тегінің дәлелі ретінде // ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. Алматы, 2000. -№3(18). -22-28 бб.
-
Асадов Ф.М. Арабские источники о тюрках в раннее средневековье. Баку: Элм, 1993. -204 с.
-
Рустан Рахманалиев. Империя тюрков. Великая цивилизация. М.: Рипол, 2009. - 340 с.
-
Көмеков Б.Е., Ильясова З.С. Йақұттың «Муʻджам әл-булдан» (ХІІІ ғ.) жағрафиялық жинағы - Қазақстанның ортағасырлық тарихының дерегі. -Алматы: Қазақ университеті, 2011. -245 б.
-
Фильштинский И.М. История арабов и халифата (750-1517 гг.). –М.: Восток-Запад, 2006. – 352 с.
-
Дербісалиев Ә. Араб әдебиеті. - Алматы: Мектеп,1982. -206 б.
-
Батыршаұлы Б. Мысыр және Таяу Шығыстағы ислам // Отан. Алматы, 2000. -№3(5). -44-48 бб.
-
Буниятов З.М. Азербайжан в VII-XI вв. - Баку: Изд-во АН Аз ССР, 1965. - 224 с.
-
Аманжолов К.Р. Түркі халықтарының тарихы. - Аламаты: Білім, 2002. -291б.
-
Қайрат Сәки. Сұлтан Байбарыс. – Алматы: Фолиант, 2000. -258 б.
-
Annles guos scripsit Abu Djaʻiap Mohammad ibn Djarir at-Tabari cumallis ed. M.J. de Goeje, ser. I-III. - Lugduni Batavorum 1879-1901.
-
Гумилев Л.Н. Древние тюрки. -М.: Наука, 1967. -540 с.
-
Гумилев Л.Н. Тысячилетие вокруг Каспия. -М, Наука, 1993. -336 с.
-
مجموعة رسا ئل . ابي عثمان عمرو بن محبوب المعروف بالجاحظ رحمة الله تعال الطبعة الاول مصر. ۱۶۶۸
15. على بن الحسن المسعودى مروج الذهب المعادن الجواهر مصر. ۱۸۸۵۴ ص ۴۳۱
Достарыңызбен бөлісу: |