Археология ұлтымыздың тарихи тамырын тереңнен зерттейтін ғылым Әл-Фараби атындағы КазҰУ, археология, этнология және музеология кафедрасының



Дата15.06.2016
өлшемі135.05 Kb.
#136683
Археология ұлтымыздың тарихи тамырын тереңнен зерттейтін ғылым
Әл-Фараби атындағы КазҰУ, археология,

этнология және музеология кафедрасының

доценті, т,ғ,к. Д.А. Талеев
Еліміз егемендік алып, дербес мемлекеттік құрылымымызды қайта қалпына келтіргеннен бері археологиялық зерттеулер ұлттық мүдде тұрғысынан жүргізіле бастады. Соңғы жылдарда жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері халқымыздың тектік тамыры тереңнен басталып, мәдениеті көнеден қадам алатындығын көрсетуде. Энеолиттік Ботай мәдениетінің жылқышы тайпалары біздің заманымыздан 4 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткендігін[1] дәлелдеу Қазақстан археологиясының елеулі жетістіктерінің бірі. Ботай қонысындағы қазбадан алынған жылқының бас сүйектерінен шетелдік мамандар ауыздықтың ізін анықтап, ыдыстардың ішінде сақталған сүттен қалған талшықтардың қалдықтарын тапқан. Яғни, жылқыны мініс көлігі ретінде пайдаланып, сүтін азық еткендіктің куәсі.

Әлемдік антропологияда аты танымал мамандар қатарында танылған академик ағамыз Оразақ Смағұлов қола дәуірінен бері қазақ жерін мекендеген тайпалардың өкілдерінің археологиялық қазбалар кезінде табылған бас сүйектері мен дене бітімдерін өзара салыстыра отырып зерттеу нәтижесінде олардың эвалюциялық тығыз сабақтастықта дамығандығын анықтады. Зерттеулердің жемістерін түйіндей келе, Қазақ ұлтының кем дегенде 4 мың жылдық тарихы бар деген тұжырым жасады. Бұл Тұжырымдарды алғаш айтқандардың қатарында Кеңес дәуірінің атақты антропологтары В.В. Гизбург пен Г.Ф. Дебецтер[2] де бар. К. Ақышев ағамыз ашқан (1969ж) «Алтын адам» обасы әлемдік деңгейдегі жаңалық болатын. Бұл күнде сол жаңалық бірнеше дүркін қайталанды десек қателеспейміз. Берел, Шілікті, Талдысай обаларынан табылған сақ бекзадалары мен патшаларының күрделі жерлеу құрылыстары, олардан шыққан бай жерлеу заттары, жерлеу ғұрыпына арнап алтын, күміс, қола, ағаш секілді материалдардан шебер жасалған неше түрлі өнер туындылары әлемде теңдесі ашылулар. Арал теңізінің маңынан табылған Шірікрабад, Бәбішмолла, Боланды секілді көне қалалардың орындары сақтар ұлан-байтақ жерді иеленген құдіретті де дәулетті мемлекет құрғандығын дәлелдеп, олардың мәдениет үлгісінің көрші елдерге ықпал еткендігін әлемдік ғылымға танытуда[3]. Қола ғасырында Қазақстан жерін мекендеген арийлік тайпалар одағы андрондықтармен сабақтасып жатқан сақ мәдениетінің басы біздің жерімізден бастау алатындығы ұлтымыз үшін мақтаныш, ғылым үшін үлкен бедел.

Тарих сақынасында келесі кезектегі айтулы кезеңдер ғұн, үйсін, қаңлы, түркі, қимақ, қыпшақ дәуірлерінің Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуына қосқан үлесін ең алдымен археологиялық материалдар негізінде көреміз. Аталған тайпалық одақтар мен мемлекеттік бірлестіктердің қазақтың этникалық негізін құраушы роль атқарғандығы тарихи шындық. Осындай күрделі тұжырымдарды тек қана жазба деректің немесе этнографиялық мәліметтің негізінде жасау мүмкін емес. Негізгі мәліметтерді археологиялық зерттеулер арқылы ғана аламыз және алып та жүрмыз. Археологиялық зерттеулердің осындай жемісті жаңалықтарын өзін маман деп санайтын кейбір ғалымдардың мойындағысы келмеуі түсініксіз. Археология тарихтың күрегі деген тұрпайы теңеу білікті маманның айтатын сөзі емес.

Біздің ортағасырлық тарихымыз Ортлық Азия елдерінің тарихында негізгі орын алады. Қайсы бір кезеңдерде біздің бабаларымыз Ортлық Азияның көпшілік аймағын билеп тұрған. Мәселен, Қаңлы мемлекеті дәурендеп тұрған кезде (б.з.д. ІІ –б.з. ІІІ ғғ) ежелгі Хорезім және Соғды елдерінің иеліктері олардың қоластында болған. Қаңлылардан қалған Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениеттерінің тұтастай Орта Азияға таралғандығын археологиялық материалдар негізінде ғалымдар әлде қашан дәлелдеген[4]. Айтылған мәдениеттердің ескерткіштері Қаңлыларға (Кангю) тиесілі екендігін ғылымда бір ауыздан мойындалған мәселе. Қытай деректерінде қаңлылардың астанасы Битян қаласы мен үлкен иеліктердің орталықтары болған Юени, Сусе, Фуму, Ги және Юегань секілді бес қаласы айтылады[5]. Әйгілі шығыстанушы археолог С.П. Толстовтың пікірінше: Сусе – Қашқадариядағы Шахрисябс аймағы; Фуму – Заравшандағы кушан аймағы; Юени – Ташкент оазисі; Чи (Ги) – Бұқара; Юагань (Юегень) – Хорезім[6] болуы мүмкін. Бұл мәселеге байланысты ғалымдардың арасында кейде бір-біріне қайшы келіп жататын көзқарастар қалыптасқан[7]. Олардың Қаңлы иелігі мен басты қалаларын өздері зерттеген өңірге қарай тартқысы келген ниеттері қарама-қайшы келіп жатқанның өзінде, Ұлы патшалықтың белгілі бір уақыт аралығында Орта Аазияның негізгі аудандарын билегендігін жоққа шығармайды. Осындай тұжырымдар Қаңлылардың мәдени- этникалық ықпалы тек қазақтарға ғана емес, олар билеп тұрған аймақты мекен етіп жатқан көптеген ұлттарға да әсер еткендігі анық тарихи шындық. Осыдан кейінгі уақыттарда Қазақстан жерінің оңтүстік батыс бөлігін, Қаратаудан бастап Амударияға дейінгі аралықты Тұрлар мекендеп, олардың иелігі Тұрстан аталған. Осы өңір кейіннен Түркістан - «Түріктер елі» деген өзгеріске ұшырады. Мамандардың пікірінше Түркістан ежелгі ирандықтардың түсінігі бойынша Амудария, Сырдария және Тарим өзендерінің алабын қамтыған географиялық территория болатын[8]. Осы Түркістан топонимикалық атауы географиялық ғана емес этникалық ұғым беретіндігі анық. Міне сол түріктер үстемдік құрған дәуірде Қазақстан жерінде қалалардың жаппай қалыптасып, көркеюі қарқынды жүрген. Түрік мемлекетінің тікелей қолдап, қорғауымен үдере дамыған «Ұлы Жібек жолы» бойымен таралған сауда-экономикалық, саяси-дипломатиялық қатынастар қазақстан жеріндегі қалалардың өркендеуіне өзіндік әсерін тигізген[9]. Суяб, Баласағұн, Тараз, Испиджаб (Сайрам), Фараб (Отырар) секілді көптеген қаллалардың гүлдену осы уақытпен тұспа-тұс келеді. Бұл тұжырымдар археологиялық материалдар мен жазба деректерді байланыстыра отырып зерттеудің нәтижесінде дәлелденген.

Мұсылман дәуірінде қалалардың саны артып, одан әрі көркеюі жалғасты. Сүткент, Саудакент, Сауран, Созақ, Яссы секілді бірнеше ондаған қалалардың тарихи аренаға шығуы осы кезден басталады. Сырдарияның төменгі ағысында Асанас, Баршынкент, Жент, Жувара және Жанкент қалалары саяси маңызға ие болып, осы өңірдің орталық қалаларына айналды.

Жетісу мен Шу, Талас өзендерінің бойында да қала мәдениетінің өркендеуі жүріп жатты. Қаялық, Екіоғыз, Талғар, Алматы қалалары – Жетісуда. Суяб, Навакент, Барсыхан, Баласағұн және Тараз қалалары - Шу мен Таластың бойында отырықшы мәдениет пен сауданың ірі орталықтарына айналды. Батыс пен Шығыстың елшілері З.Киликиский, П.Карпини, Г.Рубрук, Чжан-Кянь, Сюань Цзандар[10] Қазақстан жеріндегі мемлекеттер мен олардың көркем қалалары жайлы таңдана да тамсанып жазып жатты. Араб тарихшылары мен географтары Қазақстан қалаларының бір-бірінен қандай арақашықтықта орналасқандығына және қайсысы қандай иелікке қарайтындығы туралы өз жазбаларында тәпіштеп келтірген[11].



Монғол шапқыншылығы қарсаңындағы және монғол дәуіріндегі Қазақстанның тарихы мен оның қалаларының жай-күйі жайлы деректер араб, парсы, шағатай және түркі тіліндегі жазбалардан белгілі. Деректердегі мәліметтерді растап, әрі қарай толықтыратын мәліметтер әрине археологиялық зерттеулер барысында алынады. Бұл бағыттағы Қазақстан археологиясының жетістіктері де жеткілікті. Жазба деректердің мәліметтерін жаңсақ пайдаланудың нәтижесінде Шыңғыс ханның шапқыншылығы Орта Азия мен Қазақстан қалаларының көпшілігі тіршілігін тоқтатты деген тұжырымды археологиялық зерттеулер нәтижелері теріске шығарды. Самарқан, Бұқара, Сайрам, Отырар, Сауран, Сығанақ секілді ірі қалалар өз тіршілігін Алтынорда дәуірінде, тіпті Ақорда мен Қазақ хандығы тұсында да жалғастырған. Археологиялық зерттеулерден жасалатын кешенді тұжырым бойынша қазақ жерінде ешқашанда бір ғана бағыттағы даму болмағандығы дәлелденіп, ғылыми мазмұнға ие болды. Яғни, Қазақстанда таза көшпелі мәдениет немесе таза отырықшы егіншілік дәстүр жеке дара дамымаған. Тарихи дамудың қайсы бір кезеңінде болмасын осы екі мәдениет бір-бірімен тығыз байланыста, өзара үйлесімді қатынаста тіршілік кешкен. Қазақстан жерінде қала мәдениетінің іргесі сонау қола ғасырынан бастау алып, қалаларға тән ортақ комуникациялық жүйеде салыну дәстүрі ерте темір дәуірінде (сақ,үйсін, қаңлы дәуірінде) жаппай сипатқа көшкен. Ал қалалардың гүлденіп кең қанат жаюы Түркі дәуіріне жүзеге асқан. Осы дәстүр орта ғасырда жаппай сипат алды. Қалалар саны көбейіп, дала мен қаланың байланысы нығайды. Бабаларымыз Қаратау мен Сырдарияның бойын қыстау етіп, Ұлытау мен Сарарқаны жайлау жасаған. Қазақ хандығы тұсында өмір сүру дәстүрінің осы бір түрі мемлекеттік сипатқа ие болды. Қазақ хандығының астанасы Түркістан болып тұрғанда хандар мен бектердің мыңғырған малдары Ұлытау мен Сарарқада жайлауда жатады екен. Ол туралы мұрағаттық деректер мен тарихи мәліметтер жеткілікті. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін Сырдария мен Түркістанның қалалары үшін Өзбек хандарымен ұзақ уақытқа созылған соғыстардың себептері де осында жатса керек. Оңтүстік өңірдегі Сайрам, Сүткент, Отырар, Түркістан, Ташкент, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді қалалар атам заманнан Қазақтың бабалары салған құтты мекендер болған. Тек монғол шапқыншылығынан кейінгі ауыспалы замандарда елдің саяси құрылымы мен шекарасы бірсыпыра уақыт құбылмалы күй кешті. Қарапайым халықтың санасында «ол қытайдың қаласы екен, жоңғарлардан қалған қорған ғой» деген секілді кеңес саясатының салдарынан қалыптасқан жаңсақ түсінік кейбір мамандардың да бойынан әлі арылмаған секілді. Әсіресе Кеңес Одағы мен жаңа заман тарихы мамандары әлі де сол кездегі тарихты тізгіндеген жетекшілік мінезінен арыла алмай жүргендей. Кезінде осындай көзқарастардың етек алуына Қазақстанда археологиялық зерттеулердің кенже қалуы да себепші болды. Тарихи шындықтың қыр сырын ашуда археологияның орны ерекше. Жазба деректеріміз бен мұрағаттық құжаттардың материалдары материалдық мәдениетіміздің тереңдігі мен сабақтастығы туралы ештеңе айта алмайды. Сондықтан да жазба деректері бар дәуірлеріміздің тарихын зерттеудің өзінде басқа деректермен бірге археологиялық материалдарға көбірек көңіл бөлуімізге тура келеді. Осы тұрғыдан алғанда археология саласында зерттеу жұмыстарын неғұрлым кеңейткен жөн. Археологиялық ескерткіштер уақыт өткен сайын мұрағат құжаттары секілді сапасын жоя береді. Әсіресе табиғат жағдайының әсері мен түрлі шаруашылық жұмыстары кезінде талқандалып жатқан ескерткіштер қаншама. Елімізде қаншама күрделі құрылыстар жүріп жатыр; Халықаралық мұнай, газ құбырлары, трансконтиненталды автокөлік тасжолы, су қоймалары т.с.с. Ескерткіштердің 70% осындай құрылыстардың астында қалып, жойылуда. Олар енді қайтып тарихтан ешқандай мәлімет бермейді.

Кеңес дәуірінің белгілі археологі А.Ю. Якубовский бір кезде Орта Азия тарихының ХҮ ғасырдан кейінгі кезеңі археологиялық зерттеулердің шеңберіне кірмейді[12] деген болатын. Осы көзқарас Орта Азия мен Қазақстанда жүргізілген зерттеулерге тікелей әсер етті. Дегенмен, көп ұзамай археологияның кейінгі орта ғасырлық ескерткіштерді зерттеуде маңызды орын алатыны дәлелденді. М.Е. Массон жетекшілік еткен Оңтүстік-Түркіменстан археологиялық кешенді экспедициясы Ниса қаласының орнын зерттеу барысында ХҮ-ХҮІІІ ғғ. құрылыс қабаттарын қамтыды[13].

Кейінгі ортағасырлық қалаларды археологиялық тұрғыдан зерттеуді түбегейлі жолға қойған Хорезм археология-этнографиялық экспедициясы болатын. Экспедиция Үргеніш қаласының ХҮІ-ХҮІІ ғғ. жататын құрылыс қабатын қазу барысында қаланың тарихын аша түсетін мол мәліметтер жинаған[14].

Қазақстанда кейінгі ортағасырлық қалаларды археологиялық тұрғыдан зерттеудің жолын салған К.А. Ақышев жетекшілік еткен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (кейіннен ол Отырар археологиялық экспедициясы деп аталған) болатын. Отырартөбеде жүргізілген қазба жұмыстары қаланың Қазақ хандығы тұсында да едәуір мәдени-экономикалық орталық болғанын көрсететін мәліметтер берді. Отырар көмбелерінен шыққан теңгелер мен қаланың маңындағы суғару жүйелері зерттелді[15].

Осыдан кейін Сауран, Түркістан секілді басқа да қалалардың кейінгі дәуір кезеңдері зерттеле бастады[16]. Дегенмен, Қазақстанның кейінгі ортағасырлық қалаларын Қазақ халқының төл мәдениетінің туындысы ретінде жазба деректер мен қазба мәліметтерін тоғыстыра отырып, кешенді түрде зерттеу осы уақытқа дейін жүргізілмей келді.

2004 жылдан бері «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіліп келе жатқан археологиялық зерттеулер Қазақстан тарихы үшін аса маңызды материалдар жинақтауда. Осы салада ортағасырлық қалаларды зерттеу жеке бір бағыт болып табылады. Қазба жұмыстарының мәліметтері тарихымыздың деректік негізін тереңдетіп, мазмұнын кеңейтуге мүмкіндік беруде. Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық, Ақырта, Қаялық, Талғар секілді бірқатар қалашықтарда ашылған жұма мешіт, айт мешіт, медіресе, ханака, сарай-мешіт, монша, қамал қақпасы секілді маңызды нысандар қалпына келтіріліп, көпшілік көретін туристік кешендерге айналдырылуда. Тұтастай Қазақстан бойынша жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулердің әр жылғы есептері жеке жинақ түрінде жарыққа шығуда.

Соңғы екі жылда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қаржысына «Қазақ хандығы қалалары» тақырыбымен кейінгі ортағасырлық қалаларды зерттеу жұмыстарын Еуразия Ұлттық университетінің Еуразиялық зерттеулер кафедрасы археологтары Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтымен бірге жүргізіп келеді. Зерттеудің алдына қойған мақсаты - Қазақ жерінде дербес хандық құрылып, Қазақтың ұлттық негізі тұрақты атпен қалыптаса бастаған кезде оның мәдени-экономикалық негізі, рухани орталықтары, саяси тірегі болған қалаларды ғылымға толық танытып, оларды кешенді түрде зерттеу болатын. Жазба деректерде сақталған мәліметтер бойынша Қазақ хандығы тұсында бірнеше ондаған қалалар болған. Солардың бірсыпырасында (Сарайшық, Отырар, Тараз, Түркістан) археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, алынған мәліметтер тарихымызды толықтыруға пайдаланылды. Бірқатар қалашықтар (Сауран, Сығанақ, Сайрам, Ақыртас, Шымкент) жаңа ғана зерттеле бастады. Зерттеулер нәтижелері жайлы көптеген монографиялық еңбектер жарық көрген. Дегенмен, көпшілк қалалар зерттеушілердің назарынан тыс қалған. Әлі күнге ғылымға белгісіз ескерткіштер қаншама. Олардың кейбіреулері табылмай жатып жер бетінен жойылып кеткен жағдайлар да кездеседі. Аттары жазба деректер арқылы бізге жеткен, бірақ осы күнге дейін зерттелмеген, тіпті кейбіреулерінің орындары да анықталмаған қалалар бар. Олар Қаратаудың теріскей бетіндегі – Созақ, Шолаққорған, Құмкент, Саудакент, Қарақұрым; Арыстың бойындағы Жағанкент, Қалаш-Қарасаман; Сырдарияның сол жағалауындағы Сүткент, Қожан, Аркук, Аққорған, Өзкент; Түркістан өңіріндегі Қарашық, Қарнақ, Сүре, Икан, Үйіңке қалалары. Біздің зерттеу жұмыстарымыздың мақсаты осы аталған қалаларды кешенді түрде зерттеп, Олардың археологиялық картасын жасау, географиялық координаттарын анықтау, топографиялық, мерзімделу, баламалану, жіктелу тұрғысынан зерттеу.

Жаңа зерттеле бастаған Созақ - Қазақстанның ортағасырлық қалаларының ішіндегі бірегейі. Олай дейтін себебі қаланың орналасқан жері Қазақтың кең байтақ жерінің оңтүстіктегі отырықшы тіршілік жақсы дамыған аймағы мен мал бағуға қолайлы солтүстікке қарай созылған шексіз даласының түйіскен жерінде орналасқан. Қаланың аты жазба деректерде ХІІІ ғ. бастап белгілі болғанымен археологиялық зерттеулер Созақтың іргетасы біздің дәуірімізге дейінгі уақытта қаланғандығын көрсетеді. Созақ атауының өзі көне түрік тілінде «елді мекен» немесе «ел қоныстанған жер» деген мағана береді екен. Еркінжан Сыламханұлының аударған Майрисмиттың көне шағатай тілінде жазылған еңбегінде мынадай жолдар бар: «мен бүгін тағы Ұрбылуыны атты Сынайан Брахманның созағына Бұрхандардың ісін істегелі барамын»[17]. Созақ сөзінің көне түрік тілінде дәл осындай мағана беретінін арнайы зерттеулер де растайды[18]. Ортағасырлық атын осы күнге дейін сақтаған Созақ ауылының шығыс шетінде Тарсатөбе қалашығы бар. 1946-1948 жылдарда жүргізілген зерттеулер бойынша Тарсатөбе б.з.д. ІІІ – б.з. Х ғғ мерзімделеді[19]. Соңғы, біз жинаған мәліметтер бойынша қалашық ХІІ ғасырға дейін тіршілігін тоқтатпаған. Ал ортағасырлық Созақтың орны қазіргі ауылдың орта тұсында сақталған. Бұл бөлікте осыған дейін бірнеше дүркін барлау мақсатындағы зерттеулер өткен. Бірақ күрделі қазба жұмыстары жүргізілмеген. 2009-2010 жж. Жүргізілген қазбаның барысында қаланың соңғы кезеңінде ХҮІІІ-ХІХ ғғ. болған тұрғын үйлердің орындары ашылып, олар құрылыс ерекшелігі, қала тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігінің деңгейі тұрғысынан зерттелді. Қазба барысында қаланың сыртын қоршай салынған қорғаныс қабырғасы табылып, оның бастапқы қлшемдері қандай болғандығы анықталды. Шығыстан батысқа қарай кеткен қабырғаның 33 м. ұзындықтағы бөлігі ашылды. Ол жердің бетінен 50-70 см тереңдікте сақталған. Қамал қабырға сабан қосқан балшықтан жасалған қам кірпіштерден қаланған. Кірпіштерінің өлшемдері 32х20х10 и 30х18х9 см. Бұзылмай бізге жеткен (көміліп қалған) бөлігінің өлшемі астынғы жағында 2,1, жоғарғы жағында 1,7 м қалыңдықта сақталған. Қамалдың бір жанына қарай құлаған қабырғасы 1,5 м, кей тұста 2 м биіктікте сақталыпты. Қаланың қорғаныс қабырғасының кейбір бөліктері, ескі қақпаларының орындары, қаланың негізгі көшелері мен кейбір үлкен үйлердің қабырғалары ХХ ғ. 30-40 жылдарына дейін болғандығын көрген адамдар бар. Созақтағы зерттеу жұмыстары жалғасуда. Келешектегі қазбалардан тың мәліметтер алатынымызға сеніміміз мол.


Әдебиеттер


  1. Зайберт В.Ф. Энеолит Урало-Иртышского междуречья. – Петропавловск.1993.

  2. Гизбург В.В., Дебец Г.Ф., Левин М.Г., Чебоксаров Н.Н. Очерки по антропологии Казахстана // Краткие сообщения института этнографии АН СССР.Вып.16; Исмагулов О. Население Казахстана от эпохы бронзы до современности (палеоантропологическое исследование). – Алма-Ата, 1970; Исмагулов О. Этническая геногеография Казахстана (серологические исследование). – Алма-Ата, 1977; Этническая одонтология Казахстана. – Алма-Ата, Наука, 1989.

  3. Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и Усуней долины реки Или-А.: 1963; Ақишев К.А. Ертедегі ескерткіштер елесі. – Алматы, 1976; Акишев К.А. Курган «Иссык». – М., 1978; Акишев К.А. Искуство и мифология саков. – Алма-Ата, 1984; Артамонов М.И. Сокровища саков. – М., 1973; Байпаков К.М. Жетісу мен Алматы аймағындағы сақ пен үйсіндердің қоныстары. – Алматы,2008; Левина Л.М. Этнокультурная история восточного Приаралья. – М., 1996; Руденко С.И. Культура населения Центрального Алтая в скифское время. - М.-Л.,1960; Самашев З., Базарбаева Г., Жумабекова Г., Сунгатай С. Берел.-А., 2000; Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. – М., 1962; Черников С.С. Загадка Золотого Кургана. - М. 1965.

  4. Левина Л.М. Керамика нижней и Средней Сыр-Дарьи в І тыс.н.э.//Труды ХАЭЭ.Т.ҮІІ,М:, 1971. –С.6; Толстов С.П. Древний Хорезм. – М.: 1948.С. – 20-24; Бернштам А.Н. Проблемы древней истории и этногенеза Южного Казахстана // Изв. АН Каз ССР, № 67.Сер. археол. Вып. 2. – Алматы,1950.С. – 95-98;

  5. Бичурин И.Я. Средяя Азия и Восточный туркестан. – Алматы, «Санат»,1997.-С.95-97; История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В четрех томах. Том І. – Алматы: «Атамұра»,1996. С.-272-275.

  6. Толстов С.П. Древний Хорезм. – М.: 1948.С. – 20-24;

  7. Бернштам А.Н. Проблемы древней истории и этногенеза Южного Казахстана.//Изв. АН КазССР,№67,сер.археология.Вып.2, Алма-Ата,1950. – 98-99; Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как источник по истории Средней Азии. – М:, 1964.-С.165-179; Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселений и городов Южного Казахстана.//Труды ИИАЭ АН КазССР.Т.5. - Алма-Ата,1958.-С.8-9; Левина Л.М. Керамика нижней и Средней Сыр-Дарьи в І тыс.н.э.//Труды ХАЭЭ.Т.ҮІІ,М:, 1971. –С.6; Буряков Ю.Ф. Генезис и этапы развития городской культуры Ташкентского оазиса. – Ташкент,1983. –С.107.

  8. Мильхеев М.Н. Географические имена. Топонимический словарь. – М.,1961.С-85.

  9. Байпаков К.М. Средневековыет города Казахстана на Великом Шелковом пути. – Алматы: ғылым,1998; Байпаков К.М. Великий Шелковый путь (на территории Казахстана). – Алматы. «Адамдар»,2007.

  10. Сенигоав Т.Н. Средневековый Тараз. – Алма-Ата: 1972.-С.10-11; Путешествия в Восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука.– Алма-Ата: Ғылым. – 248 с;

Бичурин И.Я. Средяя Азия и Восточный Туркестан. – Алматы, «Санат»,1997.-352 с; Зуев Ю.А. Китайские известия о Суябе//Известия АН Каз ССР. Серия история,археология и этнографии.Вып.3.-Алма-ата.,1960.-С.87-96.

  1. Волин С.Л. Сведения арабских и персидских источников ІХ-ХҮІ вв. о долине реки Талас и смежных районов//Труд. ИИАЭ АН КазССР,1960.Т.8.-С.72-92.

  2. Якубовский А.Ю. Вопросы периодизации Средней Азии в средние века (ҮІ-ХҮ вв.) // КСИИМК. 1949.Вып.28.

  3. Массон М.Е. Южно-Туркменистанская комплексная археологическая экспедиция (ЮТАКЭ)//Труды ЮТАКЭ. Ашхабад,1949; Пугаченкова Г.А. Глазурованная керамика Нисы ХҮ-ХҮІ вв. // бұл да сонда. 400-417 беттер.

  4. Толстов С.П. Работы Хорезской археолого-этнографической экспедиции АН СССР в 1949-1953 гг.//Труды ХАЭЭ. М., 1958.Т.ІІ; Вактурская Н.Н. Раскопки городища Ургенч в 1952 г.// бұл да сонда. 467-494 беттер.

  5. Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Древний Отрар. – Алма-Ата: Наука,1972; Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Отрар ХҮІ-ХҮІІІ вв. По итогам раскопок Отрара в 1971-1973 гг.//Древности Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1975.С-3-48; Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Позднесредневековый Отрар. – Алма-Ата: Наука, 1981; Бурнашова Р.З. Монеты из Отрар-тобе (1973 г.)//Археологические исследования в Отраре. – Алма-Ата: Наука, 1977.С-22-34; Грощев В.А. Основные моменты динамики оросительной сети Отрарского оазиса в ХУ-ХУШ вв.//Археологические памятники Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1978.С-140-150.

  6. Акишев К.А., Байпаков К.М. Кяризи Саурана//ВАН КазССР,1974,№ 4.С-76-78; Байпаков К.М О локализации средневековых городов Южного Казахстана //Археологические исследования в Отраре. _ Алматы: Наука,1977.С-81-92; Байпаков К.М О локализации позднесредневековых городов Казахстана//Советская Археология. М: 1977.С-201-209;

Жолдасбаев С. Типы оседлых поселений казахов по данным археологических исследований Южного и Центрального Казахстана (ХУ-Х1Х вв.)//Прошлое Казахстана по археологическим источникам. – Алма-Ата: Наука,1976.С.-46-58; Сенигова Т.Н. Керамика городища Туркестан из верхнего строительного горизонта//Археологические памятники Казахстана. – Алма-Ата: Наука,1978.С.- 171-1.

  1. Тың шымин. Ұйғыр жазбаларындағы Майрисимиттің Құмыл нұсқасының зерттелуі. – Бейжин, 2008.50-бет.

  2. Нұрмағамбетұлы Ә. Жер-судың аты-тарихтың хаты. - Алматы. «Бастау» 1994.47-б.

  3. Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанской область. – Алматы, 1994.-С.247-248.№541.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет