Ясауидің әкесі және анасы жайында баяндаңыз
Арыстан бабтың Ясауиге құрманы беру туралы айтыңыз
Ан Хазіретіміз (с.ғ.с) күндердің күнінде Ирак шаһарында асхабтар құрма жеп отырғанда, сол табақтағы бір құрма жарандардың қайсысы алса да, қолдарынан түсіп кете береді. «Бері әкелші оны жеп қояйын», деп Ан Хазіреті алып еді. «Бисмилләһи» деп аузына сала бергенде бұл шарифтың қолынан домалап түсіп кетіпті. Ан Хазірет таңданып, бұл не ғажайып оқиға деп біраз ойлануда болады. Біраз уақыт өтпей Джабраил алайһи-с-салам жетіп келеді. «Я, Мұхаммед, Құдай сізге сәлем айтты. Періштелер де қостап, ишарат үшін білдіруге келдім. Хиджратыңыздан төрт жүз жылдан кейін Сенің әулетіңнен бір Құл Қожа Ахмет атты ұл дүниеге келеді, үмметтеріңе жол басшы болады. Бұл құрманың сіздерге бұйырмай, ауыздарыңа кірмей тұрған себебі, сол ерге бұйырған нәсіп еді», — дейді. Бұған Ан Хазірет, салла-л-лаху алайхи уа-саллам, қайран қалып айтыпты: «Я, достым, Жабраил, ол заманға дейін бұл құрма қай жерде тұрып шірімей, сасымай, ескірмей қалай оған нәсіп болады», — дейді. Сонда Жебірейіл алайһи-с-салам, айтты: «Сіз ықылас қылып сахабаларыңыздың біріне бұйырыңыз, бұл аманат құрманы аузына сақтап, Ахмет атты балаға тапсыр деп жүктеңіз. Кімде-кім бұл құрманы аузында сақтаса, оның өмірі ұзақ болады», — дейді. Хазіретіміз салла-л-аху алайһи уа-саллам, олай-бұлай қарап, назары Салман ал-Фариси ради Аллах анһуға түсіпті. Жан-жағын шарлап алып айтыпты: «Я, Салман Фариси, аузыңды аш, тіліңнің астына, тісіңнің түбіне бұл құрманы аманат сақта. Менің хижратымнан төрт жүз жыл өткеннен кейін таңнан тұрып жолға түс, күн шығыста Мадина ал-Байза атты шаһар болар, онда барып айтпай танып, сұрамай білетін жеті жасар Ахмет атты ер балаға аманатты аузыңнан алып тапсыр. Инша Алла бұл құрма шарапатымен сенің өмірің ұзақ болар», — дейді. «Құлдық, тақсыр», — деп Салман ал-Фариси ради Аллаһу анһу құп тұрып, құрманы аузына алып, тіл астына салады.
Құрма хикаясы
Баба жайлы ел арасында кең тараған әңгіменің бірі – оның Алланың соңғы елшісінің аманат құрмасын сан ғасыр жүріп, түркі әлемінен шыққан ұлы ойшыл Қожа Ахмет Яссауиге жеткізуі. Бұл жайтты да осы ретте оқырмандармен бөліссек.
Бірде Мұхаммед пайғамбар серіктерімен жолаушылап келе жатып, азықтары таусылып, қарындары ашады. Жебірейіл періште оларға пейіштен інжу, меруерт, дүрлермен өрнектелген алтын табаққа салынған құрма жемісін әкеліпті. Пайғамбар «Бісcіміллә» деп, табаққа қол салып, құрмадан дәм татыпты. Серіктері де жапырлай қозғалып, құрма жеуге кіріседі. Табақтағы құрма азайғанда, ортадағы бір құрма ерекше көрінеді. Әлгінің кереметі, ол құрма қолға түспей дөңгелей береді. Сахабалар бұған таң-тамаша болады. Бұл құрманы ешқайсысы жей алмапты. Сол кезде пайғамбарымыз құрманы қолына алып қарайды да, «Бұл не ғажап?», «Бұл не деген керемет?» деп ойланады. Сол кезде Жебірейіл періште де жетіп:
– Уа, Алланың елшісі! Бұл құрмада үлкен бір құпия бар. Ол сізге де, серіктеріңізге де бұйырмайды. Сізге Тәңірім сәлем жолдады. Төрт жүз жыл заман өткен соң сіздің бір үмбетіңіз дүниеге келеді. Оның есімі Ахмет болады. Ол үмбетіңіз сіздің рухани жолыңызды жалғастырады. Бұл құрма сол баланың несібесі, – дейді. Серіктері мына әңгімені естігенде, таң қалады. Сол кезде Мұхаммед пайғамбар:
– Иә, Жебірейіл, ол заманға дейін бұл құрма қалай жетеді? – деп сұрайды. Жебірейіл періште:
– Бұл құрманы Ахмет атты балаға жеткіз деп бір серігіңізге тапсырыңыз, – дейді. Сонда Пайғамбар:
– Уа, бауырлар! Мына аманат құрманы менің 400 жылдан кейін дүниеге келетін ардақты үмбетіме кім табыстайды? Кім тәуекелге бел байлайды? – депті.
Отырғандардан ешкім үндемейді.
– Бұл құрманы жеткізген адам екі дүниеде бақытты болады. Ол бақыт кімге бұйырғалы тұр екен? – деп қайталап сұрайды.
Серіктері «төрт жүз жылға дейін өміріміз жетпей қалады-ау» деп күмәнданып тұрғанда, пайғамбар сөзін қайта жалғап:
– Егер кімде кім бұл аманатты менің үмбетіме жеткізер болса ол адам пейіште Алла жамалын көреді, – депті. Сол кезде ортаға жақын серіктерінің бірі Арыстан сахаба шығады да пайғамбарға қарап:
– Иә, Алланың елшісі. Аманат-құрманы жеткізуді маған тапсырыңыз. Құдай қолдаса, аманатыңызды жеткізермін, – депті.
– Бәрекелді!
– Бәрекелді!
– Жарайсың Арыстаным менің!
– Дегеніңе жет!
– Алла жар болсын!
– Алла жар болсын! – деп отырған барлық сахаба қуанысып қалады. Сонда Мұхаммед пайғамбар:
– Уа, менің құрметті серігім. Тәуекелге бел байлағаныңа ризамын. Алла жолыңды оңғарсын, мақсатыңа жет! – деп батасын беріпті. Мұнан соң Арыстан баб:
– Уа, Алланың елшісі, менің сізге айтар датым бар! – депті.
– Датың болса айт!
– Бұл құрманы жеткізу үшін маған ұзақ ғұмыр керек. Тәңірден менің өмір жасымды ұзартуын сұрап, дұға қылсаңыз, – дейді. Пайғамбар:
– Иә, Алла, Арыстан сахабаның ғұмыр-жасын ұзақ қыл! Оны рақымың мен игілігіңе бөлей көр! – деп дұға жасапты. Сол кезде Жебірейіл періште:
– Уа, Алланың елшісі! Сүйінші! Сүйінші! Алла сенің бұл тілегіңді қабыл етті. Арыстан бабтың өмірін ұзартты, – деген екен.
Мұхаммед пайғамбар мұны естіп, қуанып қалады. Ол құрманы беріп тұрып:
– Аузыңды аш, Арыстан баб! Мына құрманы тіліңнің астында сақтағайсың. Таңсәріден тұрып, менің Ахмет атты үмбетімді іздеп сапар шегесің. Арып-ашып, жердің жүзін шарлайсың. Бармаған жерің, баспаған тауың қалмайды. Ақыры бір мекенге келіп жетерсің. Түркілер мекендеген Сайрам шаһарына кез боларсың. Осы шаһарда үлкен бір медресе бар. Аманаттың иесі – осы медресенің шәкірті. Оның медресеге кірген ізі болса да, шыққан ізі болмайды. Аманатты өзі келіп, сенен сұрап алады. Оған Құдай сондай артықша қасиет берген, – депті. Арыстан баб:
– Иә, Расул! Бұл аманатты аман-есен барып тапсырып, міндетіңізден құтылармын, – дейді.
Арыстан баб ұзақ жыл сапар шегіп, Сайрам шаһарына ақыры жетіп жығылады. Қашық жолдан қажыған ол дем алмақ болып, ілім ордасының маңында ағып жатқан Сайрам суының жағасында сәл аялдайды. Сол кезде медреседен жас бала шығып, бұған қарай аяңдапты. Әлгі бала Арыстан бабқа жете бере сәлемдеседі.
– Ассалаумағалейкум, Арыстан баб! Жоғың болса, кешікпей тап! – дейді тақылдап. Арыстан баб та іздеген адамының осы екенін білу үшін:
– Балам, есімің кім? – деп сұрайды.
– Атымды қайтесіз, аманатымды беріңіз, ата?
– Балам, атың Ахмет екен. Ішің тола хикмет екен. Аманатыңды ал, аузыңды аш! – дегенде, төрт жүз жыл бойы сақтаған құрма ұшып барып, шәкірттің аузына кіреді. Бала Ахмет құрманы жұтып жібереді. Сонда Арыстан баб:
– Аманатыңды осынша жыл сақтағанда, еңбегімді елемегенің қалай? Маған сүйегі ғана қалыпты, – дейді.
– Ата, онда жұрт, алдымен сізге түнесін, бізден тілесін, – депті.
Құл Қожа Ахмет Ясауиге «аманат құрманы» жеткізген Арыстан баб осылайша халық арасында оның ұстазы ретінде айтылады. Ел ішінде «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз содан қалыпты-мыс.
Арада бірнеше ғасыр өткен соң, Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауидің басына күмбезді кесене салмақ болады. Түркістанға келгеннен кейін бұл істі қолға алады. Бірақ кешке дейін қалаған дуал таңертең барса, бұзылып жатады. Оны құлатқан кім екенін білу үшін Әмір Темірдің өзі түнде келіп қарауыл болады. Түннің бір ортасында үлкен өгіз келіп, дуалды сүзіп қиратады. Осы оқиғадан кейін Әмір Темір көпке дейін ойланып қалады. Бір күні түсінде Қожа Ахмет бабамыз аян беріп, былай дейді:
– Ол көк өгіз Арыстан бабтың аруағы. Сен, алдымен, соның басына кесене тұрғыз, – дейді.
– Мен оны қалай табамын? – дегенде,
– Мен өзім жол көрсетемін, – деп жауап береді. Сонымен ол ерте тұрып, Отырарға бет алады. Арыстан баб жатқан жерді тауып, зәулім кесене салады. Осы кезден бері қалыптасқан зиярат тәртібі бойынша адамдар, алдымен Арыстан баб кесенесінде түнейтін болған. Ертесіне Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Құдайдан тілектерін тілейді екен.
Достарыңызбен бөлісу: |