Асанканова шолпан агытаевна


ІІ С.Қалиевтың еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы ой-пікірлерін болашақ педагогтардың кәсіби даярлығында пайдалану



бет3/6
Дата16.06.2016
өлшемі0.65 Mb.
#139352
1   2   3   4   5   6

ІІ С.Қалиевтың еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы ой-пікірлерін болашақ педагогтардың кәсіби даярлығында пайдалану

2.1 С.Қалиевтың еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы идеяларын педагогика курсын оқытуда пайдалану
Жастарға ұлттық тәрбие беру мәселелерін теориялық тұрғыдан терең зерттеп, елеулі үлес қосқан Қазақстанның көрнекті ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиев болды.

Серғазы Қалиев еңбектерінде ұлттық тәрбие, сол ұлттың мәдениеті дамудың қозғаушы күші ретінде қарастырылып, халықтың тұрмыс-тіршілігінде рухани тәжірибемен тығыз байланыстырып зерттеді.

Жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие берудің басты міндеттерін еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев былай деп анықтады: «Қазақстанда әрбір адам өзін осы елдің перзенті ретінде сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз ілгері баспайды» [33. 78]. Сондықтан ғалым-педагог Серғазы Қалиевтың шығармаларындағы басты бағыт – ол халқымыздың ғасырлар бойы мысқалдап жинаған тәлім-тәрбиелік әдет-ғұрыптарын, салт-саналақ дәстүрлерін, асыл құндылықтарын білуге, игеруге қызықтыру, ұлттық тәрбиені меңгерту.

Профессор Серғазы Қалиұлы 400-ден астам мақалалардың, 30-дан астам кітаптардың авторы. Бұлардың ішіндегі көлемділері: «Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі», «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы», «Қазақ тәлім-тәрбиесі» (профессор Қ.Б.Жарықбаевпен авторлық бірлестікте), «XV-XIX ғ.ғ. Ақын-жыраулар поэзиясындағы педагогикалық ойлар», «Еуропа ғалымдарының қазақ мәдениеті туралы ойлары», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері және демократ-ағартушылары», «Қазақтың тәлімдік ой-пікрлері антологиясы», «Тәлім-тәрбие хрестоматиясы» (авторлық бірлестікте), «Тәрбие теориясы мен әдістемесі», «Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері». Осы жоғарыдағы еңбектердің барлығында Серғазы Қалиұлы сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының көне заманнан берге тәлім-тәрбиесін және педагогикалық оқу-ағарту туралы ой-пікірлердің қалыптасу бағыттарын саралап та, сараптап, бүгінгі өмірдің талптарына сәйкес зерттеп жазды.

Ғылыми педагогиканың даму жолында алғы шепте ғалым Қазақстанның егемендік алған алғашқы жылдарынан-ақ халқымыздың тәрбиелік асыл қазыналарын зерттеп, бүгінгі күнге дейін қажырлықпен үлкен зерттеулер жүргізіп жүргені ғалым-педагогтардың өз халқының тәрбие жөнінде бай тәжірибесін жете білгенін көрсетті.

Ғалым-педагогтың жоғарыда көрсетілген ауқымды еңбектеріндегі ұлттық тәлім-тәрбие туралы ой-пікірлерін болашақ педагогтардың кәсіби дайындығында пайдалану, олардың өз мамандағының қыр-сырын меңгеруде белгілі дәрежеде оң ықпалын тигізеді деп есептейміз. Бұл жөнінде Серғазы Қалиев өз ойларын былай тұжырымдайды: «Ұшы-қиырсыз жазира дала тұрғындары өздерінің үлкен тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-санаға, әдет-ғұрып, дәстүр-рәсімдерін туғызды. Бұлар халық бұқарасының жөн-жобаларының, іс-әрекеттерінің қоғамдық ортада қалыптасқан нормаларымен принциптерінің көріністері еді. Дала тұрғындары өздері өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, мәдениетімен тарихына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің басқа жұртта қайталанбайтын талап-тілектерін дүниеге әкелді» [32. 17].

Жас ұрпақты тәрбиелеудің жалпыға ортақ моральдық-психологиялық нормасы белгіленді, оның мәнін ғалым «сегіз қырлы, бір сырлы» деген нақыл сөзден жақсы байқады. Серғазы Қалиевтың бұл ойын педагогика курсының «Тәрбие теориясы» бөлімінде «Тәрбие мақсаты» тақырыбын өткенде дала тұрғындарына биік моральдық талаптар қойылғанын, солардың ең бастысы - көшпелі мал шаруашылығының тетіктерін жете игеру; еңбексүйгіштік пен төзімділік; ел намысын қорғаудағы жау жүректілік; ата-тегін ардақтап, сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата-салтын бұзбау, жасы үлкенді сыйлау, қонақжайлылық.

Серғазы Қалиевтың пікірінше, тұрмыс пен дала табиғаты адамға қойылатын талап-тілектің де аса қатал болуын керек етті. Сондықтан халқымыз қайратты да, мығым, аса төзімді, қанағатшыл, құбылмалы табиғат жағдайына икемді, жан-жүйесі кемел адамдар қажет еді. Мәселен, бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өскендіктен, оның көзі қырағы, көкірегі ояу болып өседі. Аң аулап, мал баққан жас ұрапақ ақын-жыраулардың тағылымын, әншілердің өлеңдерімен әуендерін, күйшінің күмбірлеген күйін көкейіне қондырып, ел аузындағы ұлағатты мақал мен мәтелді, ертек пен жұмбақты, жыр мен шежірені жадында сақтап, халық даналығынын өзіне рухани азық етіп отырған. Көшіп-қонуға дағдыланған халық үшін аң-құс аулау, мал күзету т.б тұрмыс машығына айналып отырған. Сондықтан халқымыз мақал-мәтелдерді шығарған: «Өнерді үйрен де жирен», «Өнер алды қызыл тіл», «Шебердің қолы ортақ», «Түзде жүріп, ат ойнат».

Жас ұрпаққа еңбек тәрбиесін беруде ғалым-педагогтің «Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы» атты еңбегінде халқымыз балаларын жас кезінен бастап тәрбиелеген. Қыз баланы үй шаруашылығына, яғни төсек жинауға, ыдыс-аяқ жуып, шай құюға, ас пісіруге, нан жасауға, киіз басып, өрмек тоқуға, іс, кесте тігуге т.б үйдің ішкі жұмыстарына үйреткен. Ал, ұл балаларды қозы-лақ қайыруға, мал бағуға, тайды үйретуге, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, теріден, темірден, сүйектен түрлі бұйымдар жасауға – қол өнер шеберлігіне үйреткен. Осы жағдайларға байланысты мақал-мәтелдер туып отырған: «Ана көрген – тон пішер, әке көрген – оқ жонар», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Ұлдың ұяты - әкеге, қыздың ұяты - шешеге». Сөйтіп халқымыз ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, ал қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың міндеті деп саналған. Сонымен ата-бабамыз ұлды өздеріндей еңбек сүйгіш, жауынгер, әнші, күйші, ақын, яғни бесаспап азамат етіп тәрбиелеуді мақсат еткен.

Қазіргі этнопедагогикалық және қоғамдық даму кезеңі тұлғаға жоғары талаптар қояды:



  • Еңбекті маңызды қоғамдық борыш ретінде бағалай білу;

  • Барлық жұмыс түрлерінің маңыздылығын тану, еңбекті және оның нәтижесін құрметтей білу;

  • Еңбекте үнемі белсенділік, жаңалық, шығармашылық таныту;

  • Ой-сана және дене күші деңгейіне қарай еңбек ету қажеттілігін іштей түсіну;

  • Еңбекті ғылыми ұйымдастыру принцптеріне сүйене отырып жүргізу;

  • Еңбекке адам өмірінің негізгі қажеттілігі ретінде қарым-қатынас жасау.

Серғазы Қалиев сипаттаған халқымыздың жас ұрпаққа еңбек тәрбиесін берудегі тәжірибесі қазіргі кездегі еңбек дағдыларын, біліктіліктерін қалыптастыру бағыттарымен үндесіп жатқанын байқауға болады. Сондықтан «Жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеу» тақырыбы бойынша халық педагогикасының тағылымдарын келтіріп, тұлғаның басты қажеттілігі – еңбек ету қабілетін дамыту құралы екенін түсіндіру қажет. Қазіргі кезде мектеп тәжірибесінде көптеген жаңа жұмыс формалары енуде. Олар: еңбек вахтасы, еңбек мерекесі, жасалынған заттар көрмесі, тазалық сақтау, гуманитарлық көмек, мектеп ауласын көгалдандару сайысы, жақсылық жасау аптасы, көңілді ұсталар қаласы, ниеттілер көмегі, еңбек десанты, мектеп жөндеу бригадасы және басқалар.

Халқымыздың педагогикалық ойлары мен педагогика тарихын жасау туралы, оларды болашақ ұрпақ кәдесіне жарату туралы салт-санамызды, әдет-ғұрпымызды өмір талаптарына сай өркендете аламыз деп ойлаймыз. Осыған байланысты 1990 жылы Қ.Б.Жарықбаев пен С.Қалиевтың қазақ орта мектептерінің Х-ХІ сыныптарында факльтативтік сабақ ретінде өткізуге арналған «Қазақтың тәлім-тәрбие тарихы» курсының бағдарламасы жасалынды. Бұл бағдарламада жастардың ел тарихын білуге, оның салт-дәстүрінен үлгі алып дамуына, оларды әрі қарай жалғастыруына жол ашу мүмкіндігін туғызды. Сондықтан педагогика курсындағы «Тәрбие тәсілдері, құралдары» туралы лекция, практикалық, лабораториялық сабақтарда салт-дәстүрдің қазіргі кездегі тәрбиелі мәнін ашып, болашақ педагогтарды жүргізілетін тәрбие жұмысына дайындауда пайдаланса құба-құп болар еді.

С.Қалиев: «Жастарға ән айтқызу, жұмбақ үйрету немесе теңге алу, жамбы ату, құс салып, саяткерлік құру, аударыспақ, күрес т.б ұлттық ойындарын үйрету – тәрбиенің басты мақсаты еді. Қыздар мен жігіттерді айтыстыру, жеңімпазға бәйге беріп, көтермелеу ежелден ел дәстүрі болған. Ар-намыс, ожданды адам бойындағы ең асыл қасиет деп ұққан халқымыз: «Мал жанымның - садақасы, жаным арымның - садақасы», «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Қоянды – қамыс өлтіреді, ерді – намыс өлтіреді» деп ой түйіндеген».

Өз халқын шапқыншылықтан қорғауда жан аямай ерлік көрсеткен, халқымыз олар туралы небір аңыз құрастырған, өлең-жыр шығарған Қобыланды, Ер Тарған, Ер Сайын, Ер Қосай, Қамбар, Ағыбай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Баян, Қарқабат, Сұраншы, Саурық, Сырм, Исатай сияқты батырлар туралы ой-пікірлер педагогика курсындағы «Патриоттық тәрбие» туралы тақырыптарда келтіріп, қазақ батырларының ерлігі негізінде болашақ педагогтарды мектепте жүргізілетін «Отан қорғау» тақырыбына арналған әңгімелерге арқау етіге болады. Өкінішке орай, біздің жүргізген сауалнамаларымызда білімгерлердің көбісі қазақ батырларының екі-үшеуінің ғана атын атаған.

Қазақ халқы ежелден шешендік өнерді жоғары деп бағалаған. Ол туралы профессор Серғазы Қалиев былай деп жазған: «Халқымыз ежелден сөз ұстаған шешенді, ел бастаған көсемді қол бастаған батырлардын кем көрмеген. Кемеңгер ойшыл ұлдары: Қорқыт ата, Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Махмұд Қашғари, Ахмет Жүгінекей, Сайф Саран, Жалайыри, Дулати, Абай, Шоқан, Ыбырайларды былай қойғанда, Жиренше шешен мен қаз дауысты Қазбекті әділдігімен қара қылды қақ жарған билік айтқан Әнет баба мен Төле, Әйтеке билерді ақындығымен, ақылымен хандарға кеңесші бола білген Доспанбет, Жиенбет, Ақтамбарді, Үмбетай, Бұхар т.б жырауларды, күмбірлеген күміс күйімен өлмес мұра қалдырған Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Тәттімбеттерді, әсем әнімен тыңдаушысын тамсандырған сегіз сері: Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Майра, Мұхиттарды, әрі балуан, әрі ақын, әрі әнші-композитр Балуан Шолақ, Ағаш аяқ, Мәди Әсет, Шашубайларды тәрбиелеп өсірген де осы халық» [33. 69].

Педагогика курсындағы «Эстетикалық тәрбие» тақырыбы бойынша практикалық сабақтарға «Қазақтың күй өнері», «Біржанның өлеңдері», «Абай әндері», «Қорқыт күйлері» таұырыптарына кішігірім хабарлама беріліп, күйлерді, өлеңдерді тыңдату арқылы қазақ халқаның шаруашылығын насихаттау қажет деп ойлаймыз. Орайы келгенде айтайын, білімгерлердің көпшілігі шет елдердің музыкасын, әншілерінің аты-жөнін қазақтың әндеріне қарағанда жақсы білетінін байқадық.

Серғазы Қалиев өзінің халық педагогикасының тарихына арналған еңбектерінде этнограф-ғалым Алексей Левиннің қазақтардың салт-санасы, діні, әдет-ғұрпы, шаруашылық кәсібі, мәдениеті туралы ой-пікірлерін келтірген: «Қазақтар табиғатынан қоян-қолтық етене өмір сүрген, тіршілікте қанағатшыл, қонақжай, жайбарақат, кең далада таза ауамен тыныстаған, денсаулығы мықты, күшті де қуатты, аштыққа, ыстық-суыққа шыдамды келеді» - деп сипаттаған. Ғалымның бұл келтірген орыс ғалымының сөздері білімгерлердің өз ұлтының қадір-қасиетін қастерлеуге ықпалын тигізері хақ.

Серғазы Қалиевтың ұлттық тәрбие туралы ой-пікірлерін сөз еткенде ІХ ғасырда өмір сүрген Қорқыт атаның тәрбиелік ойларының мәнін бүгінгі жастардың тәрбиесінде тиімді пайдалану үшін оның нақыл сөздеріне талдау жасайды. Қорқыт баба туралы белгілі тюрколог Ә.Қоңыратбаев былай деп жазды: «Сыр бойын мекендеген көшпенді тайпалардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін бейнелейтін мәліметтер кездеседі. Олар тәлім-тәрбиелік жағынан аса қызықты дерек болып табылады. Мәселен: «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман... Менмен, тәкәппар адамды тәңірі сүймейді. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық. Әйелдің төрт түрі болады: оның бірі - ниеті қара әйел, екіншісі – нысапсыз әйел, үшіншісі – үйдің құты болған әйел, төртіншісі – кесір әйел... » - деп келетін Қорқыттың нақыл сөздері де өз мәнін күні бүгінге дейін жоймай келеді» [34. 181].

«Қазақтың тәлімдік ой-пікірлері антологиясы» атты еңбекте ғалым Серғазы Қалиевтың сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының көне заманнан бергі тәлім-тәрбиесін және педагогикалық оқу-ағарту туралы ой-пікірлердің қалыптасу бағыттарын сараптап та, саралап та, бүгінгі өмір талаптарына сәйкес зерттеп жазды.

Қазақ жерінде Отырарда дүниеге келген әмбебап ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің ой толғаныстарына толы еңбектерінде «Бақытқа жету жолында», «Азаматтық саясат», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Риторика», «Қайырлы қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат». Оның педагогикалық, психологиялық, дидактикалық және әдістемелік ой-пікірлеріне талдау жасаған. Серғазы Қалиев ғұламаның ой-пікірлерін баяндап қана қоймай, оны оқытудың әдісінің түсінікті, дәйекті, жүйелі, көрнекті болуы, соның негізінде дағдыны, әдетті, қабілетті, икемді, бақытты, мінезді қалыптастырудың жолдарын көрсетеді. Олар: ұғымдарға түсінік беру, көз жеткізу, иландыру, мойын ұсындыру әдістері.

Жоғарыда көрсетілген еңбекте ХІ ғасырда өмір сүрген әрі ақын, әрі ғалым-философ Қожа Ахмет Яссауи туралы Серғазы Қалиев былай деп ой толғайды: «Яссауи еңбектерінде баса айтылатыны – адамды тура жолға бастаушы жаратушы күшке табыну, оның хақтығына тағзым ете отырып, қиянатсыз, бейкүнә, адал жандарды тәрбиелеу жайлы тұжырымдар ғылыми зерттей түсуді қажет етеді. Бұл жерде Яссауидің софылық еңбектернің өзінен кейінгі ақын-жыраулардың дүниетану көзқарастарына, қала берді жазба әдебиетіміздің шырқау биігі атанған Абайға да азды-көпті әсерін тигізгенін айта кету қажет».

Яссауи айтқандай Абай да: «Құдай - хақ, иман - парыз. Жақсылық, имандылықты жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес. Байлықты, кедейлікті жаратқан құдай. Бай қылған, кедей қылған құдай емес. Ауруды жаратқан құдай, ауырқан құдай емес. Ұл балаң бала болсын десең оқыт. Иман, обал, сауап бар жерде әділет бар. Хақтың жолы осы» - деп халықты имандылыққа, мейірімділікке, әділеттілікке, оқу-ағарту ісіне шақырған.

Ғалым-педагог Серғазы Қалиев 2007 жылы «Этнопедагогика» оқулығын (авторлық бірлестікте) баспадан шығарады. Бұл еңбектегі «Ақын-жыраулар поэзиясындағы тәлімдік ой-пікірлер» атты тарауында жыраулардың ел бірлестігіне, хандардың билік өнерін жетілдіруге белсене араласқан, жұрттың мұң-мұқтажын, тілегін жеткізген ақындардың өлеңдеріне талдау жасалынған.

Асанқайғы Сәбитұлы халықтың қамын ойлап, үлкенді-кішілі қайғыларына ортақ болғаны үшін замандастары оған «Асанқайғы» деп ат қойған. Ақын көшпенді халқының мінез-құлық ерекшеліктерін, салт-дәстүрлерін жетік білген және оларды құрметтеген:

Таза мінсіз асыл тас

Су түбінде жатады,

Таза мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас

Жел толқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады.

Жақсыларды айтпаған

Асыл шырын сөз ғаріп.

Замандасы болмаса

Қариялар болар тез ғаріп,

Қадірін жеңге білмесе

Бойға жеткен қыз ғаріп.

Ата жұрты бұрара

Өз қолыңда болмаса,

Қанша жақсы болса да

Қайратты туған ел ғаріп...

Халық қамын өзінше толғана ойлаған Асанқайғы көзқарасына гуманистік идея ортақ. Сондай-ақ оның өмірге деген парасатты көзқарасы, еліне деген бекем сүйіспеншілігі, адамдықты құрметтей білген қабілет қазақ халқының сана-сезімін жаңа сатыға көтеруге зор ықпал етті. Еңбекте Серғазы Қалиев Асанқайғыны сөздің нарқымен парқын біліп, қадірін түсінген шешен ретінде суреттейді: «Асанқайғы жақсылардан үлгі алып, жамандардан бойды аулақ салудың қажеттілігін, жас ұрпақтың ата-анасын, үлкендерді сыйлап қастерлеуін, олардың ақылын тыңдап, үнемі басшылыққа алуын меңзейді».

Ақын халыққа мынадай кеңес береді: «Әрбір адам ақырын басып, ойлана сөйлеп, толғай-толғана білуі керек», Өзін-өзі ұстай білген, бекер желікпейді, мінез-құлқын көріктейді, толғанған тұлға үлгісін серіктейді»:

Күнінде өзім болдым деп,

Кең пейілге таласпа.

Ғылымым жұрттан асты деп,

Кеңессіз сөз бастама.

Жеңемін деп біреуді,

Өтірік сөзбен қостама – деп Асанқайғы азаматтық міндетке жүгіне, күнделікті нақты түріне көңіл бөледі. Серғазы Қалиев ақынның өлеңдеріндегі нақыл сөздерін тәрбиелік мәнін жан-жақты ашып көрсеткен: «Қарындасыңды жамандап, өзіңе туған табылмас», «Арғымаққа міндім деп, артқы таптан адаспа, артық үшін айтысып, достарыңмен санаспа», «Мінезі жаман адамға, енді қайтып жуыспа, тәуір көрген кісіңмен жалған айтып суыспа», «Есенің де, тірің де бір болыңыз бәріңіз», «Бақыт – адал достық пен ұстамдылықта жинақталатын, ширайтын қасиеттердің қосындысы».

Еңбектің тағы бір ұлттық тәлім-тәрбиелік жағы ол Асанқайғының экологиялық тәрбие төңірегінде терең ой-пікірлеріне талдау жасағаны. Ақынның өлеңдерінде қазақ даласының сұлу көріністері, жер байлығы, аң-құстардың тыныс-тіршілігі, олардың мекен-жайы туралы толғаныстары суреттеледі: «Аққу құстың төресі, ен жайлап көлде жүреді».

Жырау «Бұл заманда не ғаріп?» деген өлеңінде: «Иіс майын жамандап, жұпар қайдан табасың? Көлдің суын жамандап, Еділ қайдан табасың?» - деп атамекеніңді ардақтап, қадірін білуге шақырады. Ақын туралы ойларын профессор Серғазы Қалиев былай тұжырымдайды: «Асанқайғы табиғаттың тылсым сырларын адами қасиеттерімен ұштастырды, теңестірді. Адами қасиеттермен өмірді байытты, толықтырды. Адам бойына ізгілікті жеткізетін қасиеттерге әділдік, ақыл-ой, зерделілік пен зиялылықты жатқызады». Ақынның ұстанымы: «Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса, ақылдының белгісі - өткен істі қумаса».

Серғазы Қалиевтің пікірінше, Асанқайғы үйлесімді үлгісі бар ел-жұрт адамды бақытты ете алады. Үйлесімді, ынтымағы зор елдікті орнықтыруды Асанқайғы аңсап армандады. Көшпелі елдің арасында адамгершілік игілігін таратуға ат салысты. Адамдардың өмірдегі әрекеттері бір-біріне зиян келтірмей, үйлесімді болуы абзал.

Серғазы Қалиев халқымыздың белгілі, арқалы ақындарының көш бастаушыларының бірі Шал ақынның толғауларындағы елді татулыққа, ізеттілікке, әділеттілікке шақырған өсиеттерін келтіреді. Ақын жігіттерді үш топқа бөледі. Оның ойынша болбыр, солақай, бөзөкпе, арамтамақ, жалқау бұл «құр жан». Мұндай адам алдына мақсат қоймайды, сондықтан өмірі де мағынасыз болады. Екінші топ – ол бозбала, кербез, мешкей, мақтаншақ, өркөкірек, екіжүзді, тойымсыз, мұндай адамдар «еті тірі», «пысық жан». Қызғаншақтық, жеңілтектік мұндай адамның басты қасиеттері болып табылады. Үшінші – нағыз жігіт – бұл жаны жайсаң адам. Оның мақсаты жан-жақты, өрісті, сабырлы да салмақты келеді. Мұндай жігіттің асыл қасиеті – еңбексүйгіштік, халқына қызмет ету, жұтқа пайдасын тигізу:

Бір жігіт бар құр жан,

Бір жігіт бар – тірі жан.

Бір жігіт бар – жігіт жан,

Құр жан дейтін жігіт –

Кеудесінде жаны бар, еш нәрсені бітірмейді.

Тірі жан дейтін –

Бартапқанын киім мен асқа сатар,

Жігіт жан дейтін жігіт –

Сегіз қырлы, бір сырлы болар...

Профессор Серғазы Қалиев қазақ ақындарының, жырауларының өлеңдеріндегі, толғауларындағы жас ұрпақ тәрбиесінің кәдесіне жарап, олардың бойында небір ұлттық қадір-қасиеттерді дарытатын жерлерін, өсиеттерін келтіреді: «Жігіттер сақтаныңыз жаман достан», «Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың», «Ақылы жоқ надандар, іс бітірмес жамандар», «Жетесі жаман бозбала тоқсандағы шалмен тең», «Кенелейін деген жігіттің жылқы ішінде екі арғымағы тел өсер, сүйінейін деген жігіттің сүбеде алтау-жетеу ағайыны тең өсер».

Ғалым Шалкиіз жыраудың өсиеттерінің ішінде елін сүйіп, оны жаудан қорғау, жаман қасиеттерді сөз ұқпайтын, теріс пиғылды сияқты қасиеттерге түсінік берген жыр жолдарын жан-жақты талдаған. Жыраудың мына сөзін келтіріп, жастарға үлгі етіп ұсынды: «Күндердің күні болғанда, қырға шықпас жаманның барынан де жоғы игі».

Шалкиіз ақын адамдарға мынадай өсиет қалдырған:

Атаның ұлы ерлерге,

Малыңды бер де басын қос.

Басыңды қос та бек сыйлас,

Күндердің күні болғанда,

Басың жауда қалар ма!

Шалкиіз ақынның ұлттық тәлім-тәрбиеге толы толғауларын жан-жақты талқылай келе ғалым Серғазы Қалиев мынадай қорытынды жасайды: «Бас қосқан ел болса, оның арғы жағы тегін ойлайтын би-бегі болса, ондай ел-жұртта арту-тарту тарылмақ, дұшпан тобы тозбақ. «Ер болсаң бопсаға шыда» деген қағиданы қалыс қалдырмайтын ортада ырыс пен ынтымақ, іс пен ізденіс артпақ».

Серғазы Қалиев жоғарыда көрсетілген еңбегінде қазақ халқының ақиық жырауларының бірі, ерлігімен елге танылған Ақтамберді Сарыұлының тәлім-тәрбиелік маңызы бар шығармаларын талдап, олардан үзінді келтіріп, жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынды:

Әділ туған жақсыға,

Екі даугер жүгінсе,

Тізесін қисық бұрмаса,

Асылдығы білінер.

Орын тапқан ер жігіт,

Жерсіз болар деймісің,

Орда тіліп орнаса,

Төрсіз болар деймісің!

Жыраудың әрбір өлеңіндегі сөздер халық арасындағы мақал-мәтелдерге айналып кеткен: «Білімді туған жақсылар, аз да болса кілтпен тең», «Жақсылар елі үшін батырларша жорықтайды, қыңыр-қисықтан қорықпайды», «Жаман туған жігітке, рахатты күн бар ма?», «Қап түбінде жата ма, болатын асыл сынығы», «Татулықта береке», «Бірлікте қасиет», «Келісім кісілікті қабылдаудан басталады», «Қонақ отбасының несібесі». Жырау шешендігімен, көрегендігімен, қайырымдылығымен жамандықтан, жалғандықтан, жұғымсыздықтан, жауласудан сақтандырады.

Профессор Серғазы Қалиев жастарға ұлттық тәрбие беруде қазақ халқының көрнекті жырауы Бұқар жыраудың өлеңдеріндегі негізгі тақырыптарды айқындаған: дүние көркі адам, адам көркі – оның жарасар игілікті істері, белді қасиеттері; дүние бай мен жарлы-жақыбайға ортақ, алма кезек, мұнда мәңгі байлық та, жарлық та, көктік те, жалғыздық та жоқ:

«Адамзаттың баласы, атадан алтау туыс па?

Атадан алтау туғанмен, ішінде оның бірі арыстан болмас па?

Арыстанның барында жорғасы болса мінісіп,

Торқасы болса киісіп, толғамалы қамшы алып,

Толағайда толғай дәурен сүрмес пе?» - деп адамның дүниедегі белсенділік, жан-жақты қарым-қатынасын жоғары бағалайды.

Серғазы Қалиев жыраудың «Тілек» деген толғауында нағыз азамат болу үшін он бір тілегін келтіреді: Бұл тілектер тізбегі ғалым-педагогтың «Этнопедагогика» оқулығынан қысқартылып алынды:


  1. Аллаға адал бол. Алла сенің бүкіл өмірің мен тыныс-тіршілігіңнің негізгі арнасы.

  2. Пасық, залым адамның тіліне еріп азба.

  3. Қыз-келіншектер, әйелдер үсті-басын таза ұстап, жарасымды киімін сәнімен киіп, өзін байыпты ұстай білуі жөн. Бүгінгі қыз бала, жас келін өзінің байыпты жүріс-тұрысымен ертең көрегенді бәйбіше, зерделі әже болатынын ұмытпағаны абзал.

  4. «Әуелі байлық – денсаулық» екенін жадыңнан шығарма, сол үшін белсенді әрекеттен тайынба.

  5. Мұсылмандықтың белгісі – бес парызды ұмытпа, парызды өтеуге ұқыптылықты сақта.

  6. Ардақтаған аяулың күннің күнінде бөтен біреуге тегіннен-тегін олжа болмасын, көрші күштілердің қол астына қарап қалмасын.

  7. «Желкілдеген ту келіп, жер қайысқан қол келіп, сонан сасып тұрмалық» деп ел қорғау мәселелерін алға тартады.

  8. Өз ұрпақтарын кездейсоқ, төтенше жағдайлардан сақтана білуді ескертеді.

  9. «Төріңіз тақтан таймасын». Елдің бірлігі патшаның өз тағында нық отыруына да байланысты. Ел басқару елеулілердің үлесі, «қырық адамның жаны барлардың» тиесісі. Хан бағдарламасын қолдау да – имандылық.

  10. Бейбіт өмір «Тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен» аналардың беделін көтереді, ол арды аңыратып қалдырмайды, оны барынша құрметтеп, сыйлау – парыз.

  11. Әйел-ананы қастерлеу – имандылық қасиеттің негізі.

Ақиық жырау Бұқардың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерін Серғазы Қалиев сөзімен аяқтасақ: «Жырау психологиялық тұжырымдар жасауға, жасқа тән мінез ерекшеліктерін топтауға машық. Халқымыз «пай-пай 25» деп, бұл жаста тепсе темір үзетін, жан қуаттары жан-жақты дамыған, ойлауы орнықты да орынды, ерік-жігері мен қажыр-қайраты толысқан, түйсік қабылдауы жетілген, мақсат-мүддесі айқын, өзіне сенімі мол күй кешеді. Шындықтың сынағынан өте білу де, қарттықты сыйлай білу де – үлкен құрмет, арлылардың асылдығы, үлкендер мен асылдарды сыйлау - өмір үшін күрестің бір түрі, ел-жұртына деген сүйіспеншілдіктің үлкен құрметі. Осылай тағылымды іс-әрекетте адамның сана-сезімі тез дамиды. Отаны мен туған жерін сүйе білген тез есейеді. Толғауы терек Бұқар жыраудың талғамы адами асыл қасиеттерге келіп тіреледі». Мұндай бағалаудан артық айту қиын.

Егемендік алғаннан кейін мерзімді баспасөздерде жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру бойынша әдістемелік көмек ретінде ұлттық мазмұнды сабақтардың үлгілерін көрсетуде белгілі ғалым-этнографтардан Қ.Жарықбаев, С.Қалиев т.б оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісінде халықтық педагогиканы пайдалану қажеттігі туралы теориялық сипаттағы мақалалары жарық көрді. Ғалым-педагогтар Қ.Жарықбаев пен С.Қалиевтің «Болашағымызды бүгіннен ойланайық» атты мақаласында: «... Қазіргі ұлт мектептерінде тәрбиенің түп қазығы халық педагогикасына негізделуі керек, себебі әр халықтың ұрпақты тәрбиелеуде ғасырлар бойы белгілі жүйемен қалыптасқан өзіндік ерекшелігі болатыны, ал оны ескермей «жалпы халықтық» мәдениет жасауға талпынудың ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрін қаншалықты аяқасты еткенін қазір бәріміз де білеміз, ол адамдар арасындағы, әсіресе жастар мен үлкендер арасындағы қарым-қатынас этикасының «әлсіреуіне әкелді, оның айқын көрінісі жастар арасындағы кең таралған талғамсыздық, парықсыздық, жалқаулық, бойкүйездік, нашақорлық, маскүнемдік, ұрлық, басбұзарлық, мінезсіздік және тағы да басқалар пайда болатыны сөзсіз. Осындай сырқатқа шалдыққандарды асқындырмай емдеу, тура жолға салып, дұрыс тәлім-тәрбие беру – барша қауымның, әсіресе оқу орындарының ортақ ісі, абыройлы борышы және басты міндеті».

Жалпы білім беретін қазақ мектептерінің ахуалына ұлттық тәлім-тәрбие берудің бағдарлық идеялары еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» халыққа Жолдауының «Қазақстан мұраты» бөлімінде былай айтылған: «Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар ... күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады. Олар ұрпақ тәрбиесінде дана болады, оның саулығына, біліміне және дүниеге көзқарасына қамқорлық жасайды...».

1987 жылы Серғазы Қалиұлының «Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі» атты еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек кіріспеден, төрт бөлімнен тұрады. Еңбекте қазақ халқының бала тәрбиесіндегі отбасы мүшелерінің қарым-қатынас үлгілері, әсіресе туыстық, үлкенге ізет, қыз бала, ұлбала тәрбиесінің ерекшіліктері, салт-дәстүрлері ауыз әдебиеті үлгілері негізінде берілгені еңбектің жоғары құнды жақтарының бірі деп есептейміз.

Ғалым 2003 жылы «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихи атты» оқу құралын баспадан шығарады. Оқу құралында болашақ ұрпақты имандылық, қарапайымдылық, әдептілік, кішіпейілділік, төзімділік сияқты ұлттық асыл қасиеттерге тәрбиелеудің сан ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың салт-дәстүрлері кеңінен зерттелген. Ғалым көне заманнан бергі көрнекті ойшылдардың еңбектеріне шығармашылықпен сүйене отырып, ұлттық тәлім-тәрбиенің сипатын, қазақ этнопедагогикасының даму жолдарының тарихы жайында жан-жақты әңгімелеген.

Автор «Этнопедагогика», «Халық педагогикасы» ұғымдарына анықтама бере отырып, оның міндеттерін белгілеген этнопедагогиканың міндеті халықтық тәрбие түрлерін оқушы жастардың бойына сіңіріп дене еңбегіне де, ой еңбегіне де қабілетті, нарық жағдайында өмір сүруге икемді жан-жақты жетілген азамат етіп шығару. Ол жан тәрбиесі мен тән тәрбиесін қатар жүргізе отырып, оқушы жастардың қайрат жігерін, ақыл-ойын халықтың өнер туындылары негізінде оқытып тәрбиелеу арқылы асырылады [35. 211].

Ғалымның пікірінше, халықтық тәрбиенің негіздерін оқытып, білдіріп меңгерту үшін, ең алдымен этнос туралы ұғымды, оның туып, дамып қалыптасуын, этно мәдениеттік ерекшіліктері мен оның әлемдік өркениетке ұштасуын, кірігу жолдарын теориялық тұрғыды қарастырудан басталады деп санайды. Серғазы Қалиұлы аталмыш еңбекте халық педагогикасының «сегіз қырлы, бір сырлы», «толық адам» тәрбиелеу қағидаларын анықтаған, Олар:


  • Ақылды, арлы, намысқой азамат болуын қарастыру ;

  • Еңбек сүйгіш, елгезек етіп тәрбиелеу ;

  • Тән сұлулығын қарастыру, әсемдікке баулу;

  • Адамгершілік қасиеттерге ізгілікке, имандылыққа, қайымдылыққа, адалдыққа т.б тәрбиелеу;

  • Отан сүйгіштікке, ұлтжандылыққа, бүкіл адам баласын сүюге тәрбиелеу;

  • «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Өнер өрге сүйрейді» деп қарап, өнермен білімді насихаттау;

  • Табиғатпен, қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеу;

  • Денені шынықтыруға тәрбиелеу.

Еңбекте автор халық педагогикасы мен ғылыми педагогиканың қағидаларының сабақтастығын анықтап, мынандай қорытынды жасаған: ұжымдық тәрбиеге халық педагогикасында көп көңіл бөлген. Халық педагогикасы отбасы үлкендерінен бастап, ауыл ақсақалдары, өнер иелері түгел қатынасатын ұжымдық тәрбие ісіне негізделген. Халықтың педагогика «Көп талқысы – тез», «Көп қорқытады, терең батырады», «Көпке қарсылық – құдайға қарсылық».

Қазақстанның қөрнекті ғалымы, педагогика және исихология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев пен шығармашылық бірлестікте Серғазы Қалиұлы бірнеше еңбектерге авторлық бірлестікте болғаны ерекше мәселе. Екі ғалымның қосылып зерттелген мәселелері бүгінгі мектеп, жоғары мектептердегі тәрбие ісінде тиімді пайдаланылып, ұстаздар қауымы үшін кәсіби шыңдалуына, жас ұрпақ бойында ұлтымызға тән асыл қасиеттерді сіңіруге үлкен пайдасын келтіріп отыр десек артық айтқандық болмас. Сондықтан тәуелсіз және құқықтық мемлекет болу үшін ұлттық тәрбиенің мазмұны, қағидаларын, мақсаты мен міндеттерін ғылыми педагогикамен үндестіре отырып, қоғам қажеттілігіне сәйкестендіру қажет деп санаймы. Себебі халқымыздың мәдениеті де, салт-дәстүрлері де өте бай, оның асыл қағидаларының тәрбиелік құндықтарының құнарлығына бүгінгі саяси жаңғырулардың негізінде ғана түсіндік. Ұлы дала педагогикасын ешбір этностық педагогикасымен салыстыруға болмайтын жақтарына көзіміз енді жеткендей болды.

Профессор Қ.Б.Жарықбаевтың пайымдауынша, еліміздегі тыныс-тіршіліктің кез-келген саласында ұлттық ерекшіліктерді ескермей, бұларды ғылыми тұрғыдан сараптамай тиянақты жұмыс жүргізу қиын. Әсіресе, Қазақстан секілді көптеген ұлт өкілдері мекендеген елде этос психологиясы мен педагогикасы үнемі санасып отыруы аса маңызды, әр түрлі этностар мен халықтардың ұлттық мүдделерін, халықтарын қорғау, олардың әрқайсысының дәстүр-салты мен әдеп-ғұрпын ұқыптылықпен қарау қажет [36. 121].

Ғалым-педагог Серғазы Қалиұлы тілі басқа, тілегі бір халықтардың салт- дәстүрлер үндестігін тоқталып, Қазақстанды мекендейтін неміс, корей, орыс, ұйғыр т.б кейбір халықтарының үйлену және отбасындағы кейбір қарым- қатынастардың үндестігінде ортақ тәрбиелік мәні бар салт-дәстүрлері сипаттаған. Мысалы: қазақ халқында әдепті келіндер аттергеуге соншалықты мән беріп, қайын ағаларымен аттас бөтен адамдардың да атын атамауға тырысып, «аты аттас», «батыр ата» сияқты сөздер тауып қолданған. Аталмыш еңбекте автор қазақ келіндерінің тапқырлығын дәріптейтін бір аңызды мысал ретінде келтірген: Бір күні келіні суға барса, өзеннің ар жағында қасқыр қойды жеп жатса керек. Ауылға жүкіріп келген жас келіншек: «Сарқыраманың ар жағында, шақыраманы ұлыма жеп жатыр, тезірек қайным жанығыш пен кескішті жеткіз» депті. Бұл аңызда Өзенбай, Қамыспай, Қойлыбай, Қасқырбай, Пышақбай, Қайрақбай есімді қайын ағаларының бірде-біреуінің атын атамай өз ойын тапқырлықпен жеткізе білген келінді мақтап отыр. Сол сияқты үлкеннің атын атамау салты көп халықтарда бар. Корей халқында да «үлкен аға», «пәленшенің анасы», «тәте», «аға» деген сөздер кездестінін көрсеткен. Қазақстанда тіршілік етуші тілі басқа, тілегі бір, салт-дәстүрлері ұқсас елдердің ұлттық мәдениетін, бала тәрбиелеу дәстүрлерін халық арасында кең түрде насихаттауда істеліп жатқан игілікті істердің жемісі, ұлттық ынтымақты күшейтудегі нақтылы іс-шаралар аз емес.

Иә, еліміздің экономикасы мен мәдениетін өркендетудегі Қазақстан халқының соңғы жылдардағы қол жеткен табыстарын ынтымақ пен береке-бірліктің нәтижесі деп қарауға тура келеді.

Қ.Б.Жарықбаевтің, С.Қалиевтың, З.Әбілованың, Қ.Бөлеевтің бағдарламалары болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындаудың мазмұнын жасауға арналған. Бұл бағдарламаларда қазақ этнопедагогикасының теориялық, практикалық және тарихи мәселелері жан-жақты қарастырылған. Солардың мазмұндары арқылы мұғалімдер оқушыларға ұлттық тәрбие берудің әдістемесін меңгереді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі де зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние». Сондықтан ғалым-педагог, профессор Серғазы Қалиев өзінің бай тәжірибесін саналы өмірінің басым көпшілігін педагогика, этнопедагогика ғылымының дамуына арнаған ғалым бүгінгі егемен Қазақстанда ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген халықтың небір тәрбиелік асыл қазыналарын дүниеге әкеліп, оны жастар тәрбиесінің кәдесіне жаратудың тиімді жолдарын ұсынудан жалықпаған.

Профессор Серғазы Қалиевтың қазақ жастарына ұлттық тәрбие берудегі үлесі қомақты.

Белгілі ғалым-педагог, профессор Серғазы Қалиевтың этнопедагогикалық идеялары жас ұрпақтың ұлттық тәрбие алып, дені сау, білімді, ұлттық қадір-қасиеттері қалыптасқан, иманды, сымбатты, халқын, елін, туған жерін, оның бай табиғатын аялайтын, ата-бабамыз армандаған «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болып өсуіне игі әсерін тигізетіні хақ.

Ғалым-педагог С.Қалиев жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің маңыздылығын көрсету үшін қазақтың ағартушы-қайраткерлері, ақын-жазушылары Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов еңбектерін талдап, жастарды ұлтымыздың әдет-ғұрпын білуге, ата-кәсібімен айналысуға, білім алуға басқа халықтармен достықта, ынтымақтастықта болуы туралы ой-пікірлерін бүгінгі егемендік алған еліміздің саясатымен үндесіп тұрғанын атап өткен [37. 161].

Профессор С.Қалиев Абайдың педагогикалық көзқарасында халқымыздың аса бағалайтын қасиеттері жиі сараланып тұратынын адалдық, арлылық, ақпейілділік, үлкенді сыйлау, ақылдылық, жылы жүрек т.б деп айта келіп, ғұламаның «Адам болам десеңіз, бес нәрсеге ғашық бол», соның ішінде «Бір кәсіпті не өнерді игеріп, соған талап қыл» деген ұғымдарының мәнін көрсетеді. Осы орайда дүниедегі саны жағынан ең көп Қытай халқының ұлы ойшылы Конфуцийдің бір сөзін жерге тастамай, өздерінің ұлттық идеологиясы етіп санап, тәрбие үдерісінде тиімді пайдаланып отыр, ал біздің елімізде біраз жағдайда Абай шығармаларының ұрпақ тәрбиесіндегі баға жетпес тағылымдарын өкінішке орай, көбінесе ақынның мерей тойларында еске алатыны қынжылдатыны ешкімге де құпия емес.

Қазіргі кездегі тәрбиенің басты қағидаларының бірі - жастарды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу, тәрбиеде жеке тұлғалық бағыт ұстау, жастардың бостандығы мен әлеуметтік құқығын мойындау. Осы тұрғыда да ғалым С.Қалиев көптеген зерттеулер жасады.

Педагогика курсында «Тәрбиенің принциптері» тақырыбын өткенде С.Қалиұлының ұлттық педагогиканың негізгі қағидаларын жіктеуін пайдаландық.


  • Дүниеге шыр етіп сәбидің келуімен байланысты атасы мен әжесінің, әкесі мен анасының қуанышында шек болмайды. Ағайын-туыс, көрші-қолаңның қуанышы да өз алдында бір төбе. Сондықтан халық педагогикасының принциптерінің бірі – ол нәрестенің дүниеге келуіне арналаған шілдехана тойында:

Сен келді деп өмірге,

Шырақ жағып көңілге.

Қуануы қауымның,

Тегін емес, тегінде, - деп қарт әжелердің ән шырқауында үлкен мән бар. Өйткені, дүниеге жаңадан келген нәресте – ертеңгі ел үмітін ақтар азамат болады деп сенген халқымыз бата-тілегін аямаған:



  • Баланы сергек сезімді, еңбексүйгіштік, абзал азамат етіп тәрбиелеу ісін оның жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен: «Ұлыңа бес жасына дейін патшаңдай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң досыңдай бағала» деген халық мәтелі баланы беске дейін еркін тәрбиелеудің, ал он беске дейін көмекшің деп қараудың, он бестен асқан соң ақылшы - досың деп санаудың қажеттілігін меңзейді. Ал, бұл ғылыми педагогикадағы баламен еркін сөйлесу, тек азамат санау, ашық сырласудың тәлімдеу мәнін көрсететін ынтымақтастық педагогикасымен сабқтасып жатқанын байқау қиын емес;

  • Халық педагогикасындағы тәрбиеленушінің жеке бас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді де ескерткен. Барлық адамның мінез-құлқы, қабілеті бірдей емес. Сондықтан оларды тәрбиелеу әдісі, ықпалы, құралы да әртүрлі болмақ. Бала мінезін жете түсініп, ерекшеліктерін ескеріп отыру қажет.

Ата-бабамыз «Баланы туады екенсің, бірақ мінезді тумайды екенсің» немесе «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деген екен.

Халық педагогикасы баланың тәрбиесі туған, өскен ортаға, ата-анаға, үлкендерге байланысты: «Жібекті түте алмаған жүн етеді, баланы күте білмеген құл етеді», «Жігіттің тентек болмағы – биінен, баланың тентек болмағы - үйінен», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдары осы жағдайға байланыста айтылған болар.



Ұлы ақын Абайға жүгінсек: «Адамға көбінесе үш алуан мінез жұғады: Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі - құрбысынан» деген екен.

  • Халық педагогикасының келесі қағидасы тәрбиенің әлеуметтік принципі. Мысалы, халық баланы жастайынан еңбек етуге үйретеді, даярлауды басшылыққа алаған. Жастайынан ұл балаларды қозы-лақ қайыру, отын-су даярлау, мал өнімдерінен тұрмыстық құрал-жабдықтар әзірлеуге, ал қыз балаларды ыдыс-аяқ жуу, кесте тоқу, өрмек тоқу, үй тазалау т.б үй жұмыстарына үйреткен. Сол арқылы балаларды өмірдің ең қажетті дағдысы – еңбекті сүюге және құрметтеу рухында тәрбиелеген, яғни, халық жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеудің негізі еңбек екенін дұрыс пайымдаған және еңбек еңбек тәрбиесін ерекше бағалаған. Мына мақалдар еңбектің адам өміріндегі ролін көрсеткен: «Істесең тістерсің», «Мал баққанға бітеді», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»;

  • Халық педагогикасының тағы бір басты қағидасы тәрбиенің біртұтастығы. Жастарды өмірге дайындап, олардың «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болуы үшін барлық жағдайларды жасаған. Халқымыз кез-келген тәрбие құрамына ақыл-ой, дене, адамгершілік, отансүйгіштік, еңбек, имандылық т.б тәрбиелері үндесіп жатады. Ал, бұл принцип ғылыми педагогикада «Жастарды жан-жақты, үйлесімді тәрбиелеу» деген қағидасымен сабақтасып жатыр;

  • Адамгершілік қасиеттерді, ар-ожданды қастерлеу – халық педагогикасының басты принциптері. Бұл жөнінде ғалым-педагог С.Қалиұлы халқымыздың мына мақалдарын тереді: «Ақ жүрген адам азбас», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Адам деген ардақты ат», «Әдептілік, ар-ұят адамдықтың белгісі», «Жігіттің құны жүз жылқы ары мың жылқы», «Жаным – арымның садақасы».

Халық педагогикасының қағидаларының соңында ғалым-педагог С.Қалиұлының ойын келтірейік: «Ұлттық табиғатымызға сай келе бермейтін сіреспелі педагогикадан халық педагогикасына ауысқан осы дәуірде оны бүгінгі күн қажетіне сай пайдаланудың практикалық маңызы зор. Ол үшін халқымыздың тәдім-тәрбиелік негіздерін жанұяда, балабақшада, әртүрлі сатылы мектептерде және қоғамдық ортада қолдануымыз керек».


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет