Жазушы және шындық



Дата28.06.2016
өлшемі91.21 Kb.
#164160
ЖАЗУШЫ ЖӘНЕ ШЫНДЫҚ
Есназарова Р.М. – Қорқыт ата атындағы ҚМУ, ф.ғ.к., аға оқытушы

Қамзаева К.С. – Қорқыт ата атындағы ҚМУ, ф.ғ.к., доцент
Қазақ әдебиетінің 80-жылдарындағы прозалық шығармалар өрісі әлемдік әдеби талғам биігіне ұмтылысымен, жазудағы жаңа бағыттарды орнықтыруымен, тақырып ауқымының кеңдігі, тереңдігімен, жазу машығындағы тың, тосын өрнектермен ерекшеленіп көрінді.

“Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық дәстүрге, ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлердің туындыларын тереңдеп зерттеп, олардың әдебиеттегі орнын, суреткерлік қолтаңбасын ажыратып, бағасын беру қажеттігі туды. Сондай кезеңнің бірі – 60-80-жылдардағы қазақ прозасы дүниеге келген кезең, сол тұстағы артық-кемімен көрінген, көзге түскен қазақ әдебиетінің туындылары. Қазақ прозасының өнімді, жемісті тұстарының бірі де осы кезең болды десек қателеспейміз”, – деп жазады белгілі әдебиеттанушы ғалым Қансейіт Әбдезұлы [1, 3 б.].

Әдебиет тарихында дәуірмен үндес туып, адам баласының ең асыл мұраларының бірі ретінде келер күндердің де көкейкесті мәселесі болып қала беріп, нешеме жүздеген, ондаған жылдармен бірге жасасып келе жатқан, жасай беретін өміршең туындылар аз емес. Солардың қатарында жазушы Д.Әшімхановтың шығармалары да бар. Жазушының «Атадан алтау» әңгімесі жетпісінші жылдардың соңында шықты. Осы әңгімеге көбіміздің ішіміз жылып, өз айтары, әдебиет ауылына қарай артып бара жатқан әжептеуір жүгі бар жастық құт қадамына куә болғанбыз.

Оның 1981 жылы жарық көрген «Аққабаның толқыны» атты жинағы «Өркен» сериясымен шыққан кітаптардан. Мұндағы шығармалар көбіне сексенінші жылға шейінгі жазылған әңгімелер. Ең әуелі ол кезде отызға толмаған жастың өмірге сабырмен, салмақпен қарайтыны, жазу қитұрқысын айтарлықтай меңгергені, айтарының анау-мынау ұсақ-түйек өмірде емес, кесек, шымыр жатқаны білінді.

Дидахметтің тұңғыш туындысы «Жетпіс апаның» (1975) тілі жатық, бояуы қанық. Айтпағы – бір қарағанда көп жазылып жүрген, жалғызын соғыс жалмаған ана жайы. Бірақ автор осы бір өмір шындығынан өзінше тың шешім іздейді, өз үкімін айтқысы келеді.

«Жоқ, – деді ішінен, – жылағаннан пайда жоқ. Қолымды көкке жайып, еңіреп сұрағаным келді ме?! Бір жаратушы бар болса, көздің жасын көрді ме?! Жалғыз ұлды күтем деп жарты ғұмыр бос кетті.

... Жас болып жар қызығын көрдім бе?! ... Жақындығыңа, жанашырлығыңа өкпем жоқ, бауырым. Бірақ өксіп кеткен жастығым үшін айыбыңды кешпеймін!.. [2, 54 б.].

Жетпісін тірі деп, оралар деп, өмірдің бар қызығын баз кешкен әйелдің бар ғұмырын жалғыз өткізгенін құптап отырған жоқ, қайта тірі адам тірлігін жасау керек еді деп, күн батар мезгілге шейін алданып келген ананы аяп, жалған алданышын айыптап отыр.

...Осы жайды шебер, өмір драмасын аса терең, қалтарыс-қатпарын қалдырмай жеткізді демесек те, жас жазушының тырнақалды туындысының өзінен бастап баршаға белгілі жайдың басқа қырынан келуге бел байлауы – батылдық, өзгеге үқсамас өз сөзімді айтсам деген нартәуекел. Тәуекел түбі желқайық... Дидахметтің былайғы шығармаларында да сол дегенінен қайтпай, тірліктің толып жатқан ыстық-суық сәттерін өз сезімінің сүзгісінен өткізіп барып қана жазуға бел буып жүргені даусыз.

Оның шығармаларындағы көңіл аударар бір ерекшелік – жазған дүниесін әлеуметтік оймен астарлап отыруы. Сәтті шықсын, икемге келіңкіремей жатсын, бірақ міндетті түрде тыныш жатқан жүрекке түрткі болар, арпалыс тірліктің сан-мың сауалына бойлатар бірдеңе іздейді. Тапқанын таптаурын әңгімешілдікпен лақ еткізе салуға да құмар емес. Көркемдіктің көп кестесін көркемдей келтіріп жеткізуге бейім. Ол не жазса да жырлап отырып тірліктің сұлулығын, табиғаттың құдірет-құпиясын, адам мен адам арасын астастырып жатқан ғажайып сезім сәттерін дөп басып, қолмен ұстап, көзбен көргендей дәл суретпен жеткізуге бейім, кез келген қалам ұшына іліге бермес қалтарыстарды қиналмай тауып, қиындықсыз аша салғандай көрінер қитұрқы шеберлікті тәп-тәуір меңгеріп қалған жазушы есебінде таныла бастаған. Алғашқы шығармаларының бірі – «Жұлдызды белбеу» әңгімесінің өзінде-ақ шебердің қол алысы менмұндалал тұр. Әңгіменің ұзын-ырғасы он-он екілер шамасындағы баланың әскерден келген нағашысынан бұрын, жарқыраған белбеуіне жетсем деген табиғи тілегін баяндаудан тұрады. Ынтық болған белбеуге жеткенше қолды-аяққа тұрмай өліп-өшіп құмартқан бала жанын жас жазушы ұтымды ашқан. Қалай дейсіз ғой. Қыстың қысқа күні батып кетеді-ау деп пәленбай шақырым жолмен дедек қағып келе жатқан бала. Адам асыққанда қас-қағымның өзі қандай ұзақ. Оның үстіне Тәмпіш байғұс қорқып та келеді. Өлдім-талдым дегенде жетті-ау ақыры. Жеткенмен, белбеу бұйырмады... Неге дейсіз ғой. Мәселе осы негеде жатыр. Ақ көңіл, ағайыншылық лақтырылып қалды. Лекілдеген көңілге тастай су шашылды. Жағымпаздық пен бақайесеп беті бүлк етпей, баланың ақ жанын аттап кетті.

Осы әңгімедегі сурет жасау, деталь ойнату, айтарын ұтымды ашу алғашқы жазылған кей шығармаларына қарағанда көш ілгері. Басталуының өзі ширақ. Құрылымы да жанды, бөлек-салақ ештеңе байқалмайды. Шешімі шынайы, әрі тың. Әңгімешінің Сарымсақтыға шейінгі жолды тым ұза-а-ақ суреттеп келіп, шығарманы кілт аяқтауы бірталай жайға мегзейді. Шынында енді айтатын не бар, белбеу басқаның – директор көкесі қаладан әкелген әдемі бәтеңке киген Асқардың белінде кетті. Қусаң жетпесің тағы анық. Қашанда үміт ұзақ. Сол үміттегі Тәмпіштің Сарымсақтыға жетер жолы да ұзақ еді. Енді үміт үзілді. Әңгіме де бітті.

Егер «Аққабаның толқынында» Алтынайдың күйеуінен түңілуін, түршігуін ерлі-зайыптылар арасындағы тіршілік драмасын ашу үшін Нұрлыбекті бірнеше рет жексұрын етіп көрсетсе, сәл шұбалаңқылық пен жасандылыққа бой алдырса, мұнда шығармаға бірер деталь түйін болған.

Жалпы, шындықтың туы биік дегенмен, жолы шырғалаң. Әрі үнемі шындық үстем де емес. Оның өтірік пен өсектің, күншілдік пен озбырлықтың шылауында шырқырап жүрер кезі көп. Кісілікті иттік жеңіп кетер сәті бар. Бірақ тіні мықты адамды тура жолдан тайдыру да мүмкін емес. Ол бас кетсе де шындыққа шырылдап ара түседі. Өзінің «Он бірінші күз» повесінде Дидахмет адам мен адам арасында араша тілеп шырқыраған шындықтың, өзіміз күні кешеге шейін бетін тырнап айтуға тайсақтап келген шындықтың жайынан сөз қозғайды. Бұл – Жәмеш пен жорға Жұмабектің, бұл – Бекен мен институт оқытушысының, бұл – бүркемеленіп, безендіріліп, ұран-урамен ұғындылып келген келешек туралы қиял мен тым күрделі, күрмеуі көп, кейде тым тасбауыр көрінер өмірдің арасындағы шындық. Бұл – Бөкеннің он жыл мектеп қабырғасында ойына да келмеген шындығы. Он бірінші күздің – мектептен соң қой бағып жүріп қарсы алған күздің шым-шымдап ұқтырған шындығы.

Бөкен сенген шындықтың тауы ең әуелі алтын медальмен барып, алғашқы емтиханнан «үш» алып қайтқанда шағылған.

Осыдан соң мектептегі күнде оқып, жатталып қалған «Адам – адамға дос, Жолдас және Бауыр» деген ұран, соған орай, шынында да адамдар бір-бірімен жолдас, дос, бауыр деп қалыптасқан сеніміне де сызат түскендей болған. Ақ бас мұғалім, Мырзабек, Жәмеш, жирен сақалдар көңілге күдік көлеңкесін ұялатты...

Келе-келе өзінің мұғалімдік мамандықты қалаған-қаламағаны жайлы шындықтың бетін ашқан. Суыртпақтап Мағира айтқан жайлар, Жұмабектің алғанын алмап едім деп Жәмешке жала жапқан сәті тағы бір шындықты мойындатты. Жәмеш кісіліктен жұрдай жан емес, азаматтығы бар адам екен. Міне, әділет үшін ашынған Жәмеш істі болып кетіп барады... Сөйтіп, орта мектептен кейінгі адамдар арасына алып барған он бірінші күздің Бөкенге дайындаған сыйы аз болмай шықты.

Повесть өміртануды енді бастаған жас жігіттің әлі талай ыстық пен суықтың өтеріне, қақтығып-соқтыққандай кездер болғанның өзінде де тура тартар төтеден гөрі шындықтың бұралаң-соқпағын таңдарына сендіреді.

Шығарманың көркемдік жағына келсек, мұнда тың ой, әлеуметтік астар, жазушының кестелі тілі, адам, табиғат дүниесіндегі құпия дірілдер бар. Яғни шынайы шығарма бар. Повестің баяндалу барысы, осыларды сәл көлегейлеп тұрғаны байқалады. Сонымен бірге шығармадағы Мағираның Жәмештің өмір-тарихын баяндауы сәл шарттылау шыққан. Әрі келіншек өз тілінде сөйлемейді, яғни өзіне ұқсамай, тым ділмар, шешенсіп әңгіме айтып кетеді.

Осындай бірді-екілі кемістікке қарамастан, жазушының алғашқы көлемді шығармасы – тұшымды дүние. Мұнда аз көрінсе де, аярлығымен есте қалған Шәмілдің, қолымда азғантай билік бар деп адамнан да, Алладан да қымсынбай безірейген жорға Жұмабектің, өмірден ойып алғандай шынайы Тоқан директордың, жоқ, өмір мың құбылса да шындықтың туын жықпаспын деп жүрген жас жігіт Бөкеннің нанымды бейнелері, бас қатырар «мәселесі» көп болғанмен, қызу да қимас өмір бар.

Бұл повеске шейін Дидахмет Әшімханов бірнеше әңгіме жазды. Олар да жазушының жазу құпиясын меңгерудегі, азаматтық белсенділігін ұштай түсіп, көңілге түрлі ой салсам, осыны айтсам, мынаны айтсам деген таусылмас бейнет жолындағы ізденіс іздері сайрап жатыр.

«Босаға» атты үштаған (триптих) әр кезде жазылғанмен, қасиетті қара шаңырақ, туған-туыс арасындағы бауырмалдық сезім тоқайластырып жатқан шығармалар. Мұнда жазушы ұрпақ парызы, туысқандық атты құдірет-құпияның қалтарыс-құбылыстарын сағыныш сазымен, өмір нұрымен кестелейді. «Ақ ниет» әңгімесіндегі кішкене Телжанның бөтен адамдардың арасына түсіп, көрмеген, сезбеген жайларымен, туған үйдің түтініне деген сағынышымен арпалыса жүріп оқуға мойын ұсынуы –көбімізге таныс тарих. Қазіргілерді білмеймін, елуінші жылдары туғандардың өз үйінен гөрі өзгенің шаңырағын көбірек пана етіп, оқу оқығаны – шындық. Бірақ Дидахмет бұл әңгімеде сағыныш өз алдына, сол балалық шақтың шындығы біздің тәрбиемізге қандай із тастап кеткенін баса айтсам дейтін сияқты. Жалпы, үштағанға кірген дүниесінің («Ақ ниет», «Жылыжайдың қияры», «Сары самауыр») бәрінде де адамның қалыптасуында ең керегі жылы мен жұмсақ па, әлде ащы мен тұщы ма дегенді алға тартады. «Сары самауырда» бұған қоса халқымыздың өлімді сыйлаған, дәстүрді, әдетті қастерлеген қасиеттеріне бойлатар иірімдер бар.

Не жазса да, қалай жазса да басқаның қанын қыздырып, жанын жылыта жазуға ұмтылатын Дидахмет Әшімхановтың әңгімелерінің дені – оқушы жүрегіне жеткен шығармалар. Сол жолда жазушы жалынан ұстаған көп құпияның бірі – сөз сиқыры. Оның шығармаларын оқып отырғанда өзінше бір ырғаққа құрылатынын, бірін-бірі оп-оңай іздеп тауып алғандай көрінетін әуезді сөз тіркестерінің жиі ұшырасатыны байқалады. Өмірдің мың-сан бояуын жалт-жұлт құбылған алуан сәтін өзінше түсіріп, өзінше көрсетуге құштарлығын танылады.

Үй іргесіндегі мына таудың бір иығынан күн жылт етіп шығып, екінші иығынан бүлк етіп түсіп кетуші еді» [2, 10 б.]. «Тәмпіш Сарымсақтыға жетіп алсын деп, күн орнында тұра ма, қазір-ақ құлдырап барып ұясына сымп береді» [2, 16 б.]. «Тек осы сәтте бір-біріне арбаса қадалған төрт көз, екі жанның көкіректе қатқан көк мұздарын шытыр-шытыр қозғап еді [2, 53 б.].

«Жауып тұрған жаңбыр болмаса да, төңірек тым көңілсіз. Төбеден төнген буаз қарын бұлттардың салмағы адам еңсесін езе түседі» [2, 84 б.].

– Есен-саусыз ба, Әзеке? Қараша қаздай қаңқылдап жеттіңіз бе ақыры? – деп, Қабдош мұғалім күле сөйлеп, көкесінің қолын алды» [2, 73 б.]. «Сол жылғы қыс та қыстығып аш бөрідей ұлыды да тұрды. Қаңтар бойы қақаған аяздың соңы ақ түтекке айналған» [2, 81 б.].«Көшеде көлеңкесіне сүрініп жүрген байғұс кемпірге мына биіктен түсіп-шығу да мұң шығар» [2, 85 б.].

«Бер жағында қоңыр әңгімені қоздатып қарттар отырды» [2, 115 б.].

Жазушы жылтыр сөзге, арзан қолданысқа тіпті де әуес емес, қайсыбір қолданысы болсын орнын тауып, айтары бар, астары бар шығармасына образды сәттерді орнықтырады. Жанын жарып шыққан кейіпкерінің мінезін кейіптесе де, Алтайдың ақтүтек боранының ұлыған үнін салса да, буаз бұлт тұмшалаған сылбыр күзін суреттесе де, жақсылық пен жамандықтың, адамдық пен иттіктің тіршілік таразысын қалт-құлт өткізіп белдескен шағын алға тартса да, сиқыр сөзден өз қажетін тап басып, тапжылтпай ұстауға бейім екенін байқатады.

Зейнолла Серікқалиевтың: “Шын жазушы дүниенің тылсым дірілін бүкіл табиғатымен қабылдайды. Қуанышты көзімен көреді де, жан күйзелісін көкірегімен сезеді. Оған тек салтанаттың жарқыраған нұр-шуағын жырлау ғана емес, көз жасының күнакәрін де табу керек; қиналған адамның мұқалмас қайрат-қажырын, рухани жылуын – бәрін-бәрін жазу керек. Бұл – ең алдымен қайғылы, қасіретті пенде ешқашан өзін жар кемерінде тұрғандай жалғыз сезінбесі үшін керек” [3, 9 б.] дейтін пікірі осындай туындылар жөнінде болса керек.


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Әбдезұлы Қ. Әдебиет және өнер: Оқу құралы / Жауапты ред.
    Р. Нұрғали. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 300 б.

  2. Әшімханов Д. Аққабаның толқыны: повесть, әңгімелер. – Алматы: Жалын, 1981. – 250 б.

  3. Серікқалиев З. Ақжол. – Алматы: Жазушы, 1990. – 464 б.

Резюме

Писатель и реальность

В целях изучения творческого пути А.Дидахметова, его вклад в казахскую литературу, исследованы сборники, вышедшие в 80-ые годы.



В статье исследован поиск писателя при отражении весомых проблем народа, а также обозначен своеобразный почерк автора.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет