Асанов Қ. Букетовтің әдеби-сын пікірлері / Қойлыбай Асанов // Жұлдыз – 2002. – №3. – 148-149 б



Дата17.06.2016
өлшемі38.5 Kb.
#141387
Асанов Қ.

Букетовтің әдеби-сын пікірлері / Қойлыбай Асанов // Жұлдыз – 2002. – №3. – 148-149 б.
Кезінде Е.Букетовтің театрдың жаңа қойылымдары мен жекелеген актерлік тұлғалар туралы жазған сын мақалалары мен рецензиялары әр жылдары газет, журнал беттерінде жарияланып тұрған.

"Тоқаш Бокин пьесасы орыс сахнасында" атты рецензиясы 1957 жылы 22 желтоқсанда "Казахстанская правда" газетінде жарық көрді. Онда әрбір актерлердің кейіпкерді сомдаудағы ізденісі мен шеберлігіне жан-жақты талдау жасайды. Тоқаштың жақын досы ақын Құрышпайдың рөлінде ойнаған Республикаға еңбегі сіңген артист А.Закк туралы былай деп баға береді: "Это человек не всякого оптимизма даже в самые тяжелые моменты жизни. Осужденный на двадцатилетнюю каторгу. Курушбай, выходя из зала суда, спокойно говорит в ответ на угрозы солдата-конвоя: "Стрелять будешь? Не имеешь права. Царь мне двадцать лет жизнь дарил!".

А.Закк естественен в роли Курушбая. Досадно только, что он не до конца отработал произношение некоторых казахских слов".

Осындай аз ғана эпизодтан өзіндік ой түйіп, көрермен ретінде әділ бағалауы Букетовтің бұл өнерге деген ішкі түсінігінің қандайлық деңгейде екендігін танытса керек. Сондықтан да актерлерге қоятын талабы да басқашарақ. "Театрда режиссерді ойын-сөз мысқылынан түсінетін, сахналық болашақ тұлғаны бір-екі ғана интонациялық мінездемемен айқындап тастап, бір-екі ғана сырт қимылмен кескін-кейпінен елес беріп өтетін актерлер болады. Олар өмір құбылыстарын тез көріп, терең сезінеді де кесек сілтеспен сом сурет жазатын дарынды суретшілер сияқты, сахналық портреттерін жасайды.

Сын – өнер. Сын – уақыт қажеттілігінен туған, қоғамдық, эстетикалық, философиялық ой-сананың өзгеше бір формасы. Әдетте, көркем шығарманың эстетикалық әсер-ләззаты көп айтылады. Осы әсер сынға жат па? Жоқ! Сынның да өз эстетикасы бар! Ол әсердің негізі - парасатты сыншы ойларының тереңдігі мен сыншылдығы.

"Эстетикалық әсер-ләззаты" біз Букетовтің драмалық қойылымдарға жазған сын-рецензия мақалаларынан анық байқаймыз. Мысалы, "Пьеса о Токаше Бокине на русской сцене", "Большая тема жизни", "Легенда о любви", "Назым Хикмета на казахской сцене", "Народный артист", "Майра" атты сын-рецензияларында актерлердің талант-қарымын ғана сөз етіп қоймай, сол уақыттағы драматургия жанры, театр жұмысының аяқ-алысы, аталмыш саладағы түрлі проблемаларды көтерген көкейкесті ойлары, өнерге деген көзқарас пайымын танытады. Сыншы стиліндегі атап айтарлық нәрсе, сындарының тартымды оқылуы, яғни, мазмұн байлығы екенін ескерсек бұл талаптан Букетов мақалаларының шығатындығында күмән жоқ. "Қазақ Академиялық драма театры" атты мақаласында: "Жаңа өмір орнату жолында жанкешті сұрапыл шайқастан өткен халықтың бойында революциялық романтикаға толы рухани күші шексіз еді. Мәңгі азаттыққа, мәдениет жарығына ұмтылған сол қазақ өзінің асқарлы арманы мен тағатсыз талабын, өз күйін шерткен жаңа өнерді құшақ жая қарсы алды. Сахнаға ұмтылып, актер да, көрермен де өмір күресіне араласып жүргендей болатын. Міне, сол кездегі драматургиялық құрылысы мен көркемдік сапасы әлсіз пьесалардың халықты соншама құмарта тартуы жаңа өмірдің идеясын, көкейтесті мақсатын уағыздауы деп түсінеміз", — дей келіп, сол уақыт өлшеміндегі өнер бағасының қандайлық дәрежеде болғандығын және неліктен екендігін жан-жақты талдап, саралап түсіндіреді. Сондай-ақ, қазақ драма театрындағы шығармашылық ахуал барысындағы проблеманы да орынды көтерген. "Қазақ сахнасында орыс классиктері шығармаларының берік тұрақтай алмауына режиссерлік жұмыс пен артистер ойынындағы кемшіліктерден басқа, тағы бір айрықша себеп бар. Жасыратыны жоқ, бұл байқалып жүрген олқылық қазақ жұртшылығы орыс классиктерінің, онын ішінде өзінің сахнасында қойылған М.Горький мен А.Островский пьесаларына, ондағы оқиғаға психологиялық жайларға, философиялық ойларға бірдей терең түсіне бермейді".

Шынында да, Букетов сөз еткен бұл өнер проблемасы қазіргі кезеңде де шешімін тауып кеткен жок, Олай дейтініміз, қазіргі сыншылар да әредік болса да осы мәселе төңірегінде сын-пікірлерін айтып келеді.

Букетовтің әдеби туындылар мен драмалық қойылымдарға жазған сын-пікір, рецензияларында өз кезеңінде біз сөз еткен осындай мәселелер көтерілген еді. Сол уақыттың өлшемімен бағалар болсақ Букетовтің бұл тақырыптағы публицистикалық мақала-рецензиялары дәуір шындығының болашаққа аманаттаған белгі-бедері болып қалары сөзсіз.

Әдебиет пен өнерге тән уақыт проблемасы Букетовтің мерзімді баспасөзде жарияланған сұхбат-диологтарында да айқын көрінеді. Целиноград облыстық (қазіргі Ақмола) газетіне берген сұхбатында (сұхбатты жүргізуші А.Смайы­лов) өзі аударған классикалық туындылар туралы мынандай ой білдіреді:

"Жақсы", "Анна Снегина" поэмалары, басқа да аударылған дүниелерді өз таңдауыммен, көңілімнің қалауымен қазақшаладым. Есенин, Маяковский, Пушкиндерді тебіренбей оқу мүмкін емес. Мен осы тамаша әсерімді қазақ оқырмандарының бірімен бөліскім келді. Ал, "Макбет" трагедиясының жөні бөлек. Режиссер Жақып Омаровтың ұсынысымен бұрын талай оқып шыққан "Макбетті" қайтадан зерттей бастадым. Аярлық, тас жүрек жауыздың, махаббат, даңқ құмарлық, тоғышарлық, батырлық бір басына тоғыстырылған Макбеттің тұлғасын жан-жақты аша түскен сайын енді оған аудармашы ретінде ғана емес, осындай сұрқиялықтан түңіліп, салқыны арамызда әлі бар-ay деген ой қинаған жанның көзқарасымен қарайтын болдым".

Публицистика теориясындағы: "Публицист қоғамды (айналаны) суреттеу барысында екі бағыт алады. Біріншісі жалпы типтік (саяси экономиканы типтік тұрқыда түсіндіру) және жеке типтік (өнердегі жеке тұлға туралы түсінік). Бұл кезеңде екеуінің жағдайында да әлеуметтік мәселе ашылады".

Осы айтылған публицистика уәжі екі жағдайда да Букетов шығармаларына тән қасиет. Ол шетел орыс классиктерінің шығармаларының біріне бірдей бас ұрмаған. Шығарма көтерген уақыт шындығының проблемалық сипатын екшеп, өз дәуірінің тамырын дәл басатын, жақсылығын игеріп, жамандығынан жиренетінін бұқара санасына жеткізуді мұрат тұтқан.

Букетовтің осынау азаматтық, адамгершілік асыл арманын көрнекті ақынымыз Мұзафар Әлімбаев өзінің "Кісілік пен кішілік" атты естелігінде былай деп еске алады: "Туысқан халықтардың мәдениетіне қызыға үңілу, тіліне деген пейіл-ықылас, туған тілімен салыстыру Евнейге тән мінез еді. Озық мәдениетке өз жұртын ұмтылдыру — ойшылдардың өмірлік қам-қарекеті екен".

Букетовтің әдеби сын шығармалары туралы Рабиға Сыздықова: "әдеби сын шығармаларының ішінен "Тәржіма туралы ой" деген мақаласын бөліп алып қарасақ, еңбеккерлік пен ізденімпаздық үлгісін көреміз. Ол В.В.Маяковский шығармаларының қазақшаға аударылуына аса назар аударған. Ол үшін ақынның творчествосын түгел білуімен қоса, аудармаларды жан-жақты зерттейді. Аудармадағы шеберліктің, көркемдіктің сақталуын және тағы да басқа принциптерді түптіштей талдайды," — дейді.

Жалпы, Букетов орыс әдебиетін, орыс классиктерінің шығармаларын жетік білгендігін өз твочествосында айқын аңғартып отырады. Әлем әдебиетінің інжу-маржанын меңгеріп, бойға сіңіру үшін "Орыс тілі — дүниенің кілті" — деген ұлы Абай қағидасын жалғастырушылар үшін де Букетов есімі бірегейлер қатарында тұрары белгілі.

"Публицистика Чокана Валиханова" атты зерттеу кітабында Султаньяев: "Казахские просветители Чокан Валиханов, Ибрай Алтынсарин, Абай Кунанбаев горячо призывали приобщаться к русской культуре, к тесному общению с русскими, призывали учиться у русских," — деген пікір айтады.



Әрине, шындықты мойындаудың өзі ерлік демекші, әлем әдебиетін орыс тілі арқылы танып-білгендігіміз ақиқат. Бұл жолдарды келтіріп отырғандағы себебіміз Букетов орыс тілін өз ана тілінен кем білмеген. Шығармаларын екі тілде де еркін жазған. Қай шығармасын алып қарасаңыз да, орыс әдебиетінен, мәдениетінен, тарихынан мысалдар келтіре отырып жазады. Бұдан Букетов әсіре орысшыл еді деген ой туындамау керек. М.Қаратаев: "Әрбір қазақ жазушысы орыс әдебиеті арқылы адам табиғатын, оның тағдыр-тауқыметін, мінез-құлқын, адам жанының күрделі диалектикасын түсіне білуді үйренді, инабаттылық және әсемділікке тәрбиелеуші ұстаз аталуы да тегіннен тегін емес," — деуі бекер айтылмаса керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет