Ақша төлемi мен аударымы туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы n 237-i заңы



Дата29.02.2016
өлшемі166.5 Kb.
#30028
Ақша төлемi мен аударымы туралы Қазақстан Республикасының

1998 жылғы 29 маусымдағы N 237-I Заңы

(2006.22.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)



 

     1-тарау. Жалпы ережелер       (1 - 20 баптар)

     2-тарау. Төлем                (21 - 27 баптар)

     3-тарау. Ақша аударымы        (28 - 36 баптар)

     4-тарау. Қорытынды ережелер   (37 - 41 баптар)

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар

1. Осы Заң, почта байланысы ұйымдарының ақша аударуды жүзеге асыруға байланысты қатынастарын қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.

2. Қазақстан Республикасы банктерiнiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың және шетел банктерiнiң (қаржы институттарының) жүзеге асыратын ақша төлемдерi мен аударымына байланысты қатынастары олардың арасындағы шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерiмен реттеледi. Егер аталған ақша төлемi мен аударымы жөнiндегi iс-әрекеттер Қазақстан Республикасында болып жатса, мұндай қатынастар аталған шарттармен және Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтiн бөлiгiнде банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлермен реттеледi.

2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастардың туындау негiздерi

Осы Заңмен реттелетiн қатынастар:

азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем жасау шарттарына сәйкес ақша төлемi мен (немесе) аударымын;

банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрi - банктер) клиентiнiң тапсырмасы бойынша, мұндай тапсырмалар азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем шарттарын орындаумен байланысты болмаса, ақша аударымын;

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн мiндеттi ақша төлемiн және (немесе) аударымын жүзеге асырған кезде туындайды.

ҚР 09.07.03 ж. N 482-II Заңымен 3-бап толықтырылды

3-бап. Негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

бенефициар банкi - жөнелтушiмен жасалған шарттың талаптарына және (немесе) жөнелтушiнiң нұсқауына сәйкес бенефициардың пайдасына түскен ақшаны қабылдауға және (немесе) нұсқауда не жөнелтушiмен жасалған шартта көзделген өзге де iс-қимылдарды орындауға тиiстi банк;

алушы банк - ақша аудару не ақша төлеу туралы нұсқау жiберiлетiн банк;

делдал банк - ақша жөнелтушiнiң банкi мен бенефициар банкi болып табылмайтын ақша аударымына қатысушы кез келген банк;

бенефициар - ақша аударған кезде, сондай-ақ ақша аудармай-ақ қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде ақша алушы ретiнде тапсырмада не талапта көрсетiлген тұлға;

өндiрiп алушы - шартқа немесе заңға орай алушы банк ақша жөнелтушiнiң келiсiмiнсiз-ақ орындауға тиiс ақша өндiрiп алу туралы талап қоюшы тұлға;

ақша аударымының бастамашысы (бұдан әрi - бастамашы) - ақша аудару туралы нұсқауды орындауға алғаш ұсынған тұлға;

инкассалық өкiм - ақша жөнелтушiнiң банк шотынан оның келiсiмiнсiз ақшаны алып қою үшiн пайдаланылатын төлемдi жүзеге асыру тәсiлi.

клиринг - клирингтiк ұйым жүзеге асыратын, клирингке қатысушылардың қарсы талаптарын жинау, салғастыру, сұрыптау мен есепке алу және кейiн олардың таза айқындамаларын (сальдо) анықтау процесi, сондай-ақ банктiң өз клиенттерi арасындағы қарсы талаптар бойынша аталған iс-қимылдарды орындауы;

микропроцессорлық төлем карточкасы - тауарларға (жұмыстарға, көрсетiлетiн қызметтерге) қолма-қол ақшасыз ақы төлеу, қолма-қол ақша алу, валюта айырбастауды және төлем карточкасының эмитентi айқындаған және оның шарттарымен жүргiзiлетiн басқа да операцияларды жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын, сондай-ақ карточканы ұстаушыға қажеттi ақпараты бар интегралдық микросхемалы төлем карточкасы;

төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесi - төлем карточкалары бойынша банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесi, оны басқаруды жүйеге қатысушы банктер арнайы құрған, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде айқындалған жалпыұлттық мiндеттердi іске асыру үшiн микропроцессорлық карточкалар технологияларын қолдана отырып, электрондық тәсiлмен қажеттi ақпаратты сақтауды, өңдеудi және берудi қамтамасыз етуге қабiлеттi ұйым жүзеге асырады;

операция күнi - банк ақша аудару туралы нұсқауларды және клиенттерден түскен осындай нұсқауларды тоқтата тұру не қайтарып алу туралы өкiмдердi қабылдауды жүзеге асыратын және оларға өздерiнiң пайдасына ақша аударуды жүзеге асырумен байланысты хабарларды жiберетiн уақыт кезеңi;

жөнелтушi - ақша төлемiне және (немесе) аударымына байланысты нұсқауды жөнелтетiн тұлға, сонымен бiрге ол ақша жөнелтушi, бастамашы немесе бенефициар болуы мүмкiн.

ақша жөнелтушi - ақша төлемi және (немесе) аударымы соның есебiнен жүзеге асырылатын тұлға;

ақша аударымы - алушы банктердiң төлемдi жүзеге асыруға немесе өзге мақсаттарға байланысты жөнелтушiнiң ақша беру туралы нұсқауларын дәйектiлiкпен орындауы;

төлем - ақша мiндеттемесiн қолма-қол ақшаны пайдалана отырып не оны пайдаланбай, ақша аудару не iшiнде ақша мiндеттемесi не ақша төлеу туралы бұйрығы бар төлем құжатын беру арқылы орындау;

төлем карточкасы - электронды терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткiзу құралы, онда мұндай карточканы ұстаушыға төлемдердi жүзеге асыруға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және төлем карточкасының эмитентi белгiлеген әрi соның шарттары бойынша басқа операцияларды жүргiзуге мүмкiндiк беретiн ақпарат болады;

төлем тапсырмасы - нұсқауда белгiленген ақша сомасын бенефициардың пайдасына аудару туралы нұсқауды жөнелтушiнiң алушы банкке ұсынуын көздейтiн ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру әдiсi;

төлемдiк талап-тапсырма - төлемдi жүзеге асыру тәсiлi, бұл ретте ақша жөнелтушiнiң банкiне ақша жөнелтушiге аталған талапты растайтын құжаттар негiзiнде және олар қоса берiле отырып, мұндай талапта көрсетiлген ақша сомасын төлеу туралы жөнелтушiнiң талабы қойылады;

төлем құжаты - ақша төлемi мен аударымын жасауға негiз болатын немесе жасауға көмектесетiн құжат;

банктiк шотты тiкелей дебеттеу - төлемдi жүзеге асыру әдiсi, бұл орайда ақша жөнелтушiден ақша алынып, ақша жөнелтушiнiң ақшаны алу туралы алдын ала рұқсатының негiзiнде ол бенефициардың пайдасына берiледi, рұқсат белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде және (немесе) белгiлi бiр ақша сомасының шегiнде қолданылады;

нұсқау - жөнелтушiнiң ақша аудару не төлеу туралы шарт немесе заң бойынша берiлетiн бұйрығы. Нұсқаулар тапсырма нысанында не талап нысанында жасалады;

ақша төлемiне және (немесе) ақша аударымына қатысушылар - ақша төлемi мен (немесе) аударымы жөнiнде құқықтары және (немесе) мiндеттерi бар жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерi;

чек - чек берушi мен алушы банк арасындағы шартқа негiзделген, iшiнде чек берушiнiң алушы банкке көрсетiлген ақша сомасын чек ұстаушыға төлеуi туралы жазбаша бұйрығы бар төлем құжаты;

чек берушi - чек жазып берген адам;

чек ұстаушы - пайдасына чек жазылған адам, соның iшiнде, егер чек берушi чектi өз атына жазса, ол да чек ұстаушы болады.

4-бап. Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары

Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

5-бап. Ақша

1. Ақша төлем мен қор жинау құралы болып табылады және құн өлшемi ретiнде қызмет етедi.

2. Ақша ақша белгiлерi (қолма-қол ақша) нысанында не банктер клиенттерiнiң банк шоттары бойынша жазба түрiндегi банктердiң ақшалай мiндеттемелерi нысанында болады.

3. Ақша белгiлерi атаулы құны (номиналы) бар банкнот және тиындар түрiнде шығарылады.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 6-бап жаңа редакцияда; ҚР 09.07.03 ж. N 482-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 69-III  (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен  6-бап өзгертілді



6-бап. Банк шоттары

1. Банк шоты - банк пен клиент арасында ақша қабылдау және (немесе) клиентке банктiк қызмет көрсету жөнiндегi шарттық қатынастарды көрсету тәсiлi.



Банк шоттары банк пен клиент арасында банк шотының шарты және (немесе) банктiк салым шарты жасалған кезде ашылады. Банк шотының шарты ағымдағы шоттың шарты және карт-шот шарты болып бөлiнедi.

2. Банк шоттары жеке және заңды тұлғалардың, заңды тұлғалардың оқшауланған бөлiмшелерiнiң ағымдағы, жинақ шоттары мен карт-шоттар, сондай-ақ банктердiң корреспонденттiк шоттары болып бөлiнедi.

2-1. Ағымдағы шот - ағымдағы шоттың шарты негiзiнде банктiң клиентке ашатын банк шоты, ол бойынша:

1) клиент ақшасының болуын қамтамасыз етуге және банктiң оны пайдалануына;

2) клиенттiң пайдасына ақша қабылдауға (есептеуге);

3) банк шотының шартында көзделген тәртiппен үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы клиенттiң өкiмiн орындауға;

4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және (немесе) шартта көзделген негiздер бойынша клиенттiң ақшасын алып қою туралы үшiншi тұлғалардың өкiмiн орындауға;

5) банк шотының шартында белгiленген тәртiппен клиенттен қолма-қол ақша қабылдауды және оған берудi жүзеге асыруға;

6) банк шотының шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;

7) клиенттiң талап етуi бойынша банк шотының шартында көзделген тәртiппен клиенттiң банктегi ақшасының сомасы және жасалған операциялар туралы ақпарат беруге;

8) клиентке шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында және банк тәжiрибесiнде қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларында көзделген өзге де банктiк қызмет көрсетудi жүзеге асыруға байланысты операциялар орындалады.

Жинақ шоты - банк салымының шарты негiзiнде:

1) клиентке тиесiлi ақшаның (салымның) болуын қамтамасыз етуге және банктiң оны пайдалануына;

2) клиенттен немесе үшiншi тұлғалардан ақшаны қолма-қол да, қолма-қол емес те тәсiлмен қабылдауды жүзеге асыруға;

3) банк салымының шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;

4) клиентке ақшаны (салымды) банк салымы шартында және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, оның iшiнде оны клиенттiң басқа банк шотына аудару арқылы қайтаруға байланысты операцияларды орындау үшiн банктiң клиентке ашатын банк шоты.

Карт-шот - карт-шот шарты негiзiнде:

1) клиент ақшасының болуын қамтамасыз етуге;

2) клиенттiң пайдасына ақша қабылдауға (есептеуге);

3) клиенттiң карт-шот шартында көзделген тәртiппен төлем карточкасын пайдалана отырып үшiншi тұлғалардың пайдасына төлемдердi жүзеге асыруына;

4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және (немесе) карт-шот шартында көзделген негiздер бойынша клиенттiң ақшасын алып қою туралы үшiншi тұлғалардың өкiмiн орындауға;

5) Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) карт-шот шартында белгiленген тәртiппен клиенттен қолма-қол ақша қабылдауды жүзеге асыруға;

6) төлем карточкасын пайдалана отырып клиентке қолма-қол ақша беруге;

7) карт-шот шартында айқындалған мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;



8) клиентке Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) карт-шоттың шартында көзделген өзге де банк қызметiн көрсетуді жүзеге асыруға байланысты операцияларды орындау үшін банктiң клиентке ашатын шоты.

Корреспонденттiк шот - корреспонденттiк шот шарты бойынша банкке басқа банктен ашылған, банктiң және оның клиенттерiнiң банк операциялары жүзеге асырылатын банктiк шот.

3. Осы баптың 2-1-тармағында аталған операцияларды жүргiзуге болмайтын шоттар, сондай-ақ банктердегi бухгалтерлiк есептiң позицияларын көрсететiн шоттар, баланстық шоттардың құрамдас бөлiктерi болып табылатын жеке шоттар (қосалқы позициялар), соның iшiнде несие шоттары банк шоттары болып табылмайды.

4. Клиенттердiң банктегi ақшасынан өндiрiп алынатын жағдайда, мұндай өндiрiп алу клиенттердiң банк шоттарынан ғана жүргiзiледi.

Банктердiң корреспонденттiк шоттарындағы ақшаны өндiрiп алу банктердiң өз мiндеттемелерi бойынша ғана жүргiзiледi.

Клиент пен оған қызмет көрсететiн банктiң арасында қолма-қол жасалмайтын төлемдердi жүзеге асыру ережесiн бекiту туралы ҚР Ұлттық банкі басқармасы 25.11.00 ж. N 433 Қаулысын қараңыз

ҚР 09.07.03 ж. N 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 7-бап өзгертілді

7-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi

1. Қазақстан Республикасының аумағында ақша төлемi мен аударымын жүзеге асырудың мынадай тәсiлдерi қолданылады:

1) қолма-қол ақшаны табыстау;

2) төлем тапсырмаларын көрсету;

3) чектер беру;

4) вексельдер беру немесе оларды индоссамент бойынша табыстау;

5) төлем карточкаларын (оның iшiнде микропроцессорлық төлем карточкаларын) пайдалану;

6) банк шотын тiкелей дебеттеу;

7) төлемдiк талап-тапсырмаларды көрсету;

8) инкассалық өкiмдердi көрсету;

9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де тәсiлдер.

2. Ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру тәсiлдерiн қолдану ережелерi мен ерекшелiктерi және нұсқаулардың мазмұнына қойылатын негiзгi талаптар заң актiлерiнде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.

8-бап. Төлем тапсырмасы

Жөнелтушi мен алушы банктiң арасындағы төлем тапсырмасын пайдалануға байланысты құқықтар мен мiндеттер олардың арасындағы шартта белгiленедi, ал олардың iс жүзiнде iске асырылуы алушы банкке төлем тапсырмасын көрсеткен кезден бастап туындайды. Алушы банк осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Алушы банк төлем тапсырмасын акцептеген жағдайда жөнелтушiнiң акцептелген төлем тапсырмасының орындалуы жөнiнде талап ету құқығы туындайды.

9-бап. Чек

1. Чек беру - төлемдi жүзеге асыру тәсiлi, бұл орайда төлем чек берушiнiң чек ұстаушыға аттас төлем құжатын беруi арқылы жасалады.

2. Чек беру чек берушiнiң орындау үшiн осы чек жазып берiлген ақша мiндеттемесiнiң орындалуы болып табылмайды. Аталған мiндеттеме чек бойынша ақша алынған кезде орындалады.

3. Чектер жабылған және жабылмаған чектер болып бөлiнедi. Чек берушi банкке алдын ала енгiзген депозитпен қамтамасыз етiлген чектер жабылған чектер болып табылады. Депозитпен алдын ала қамтамасыз етiлмеген чектер жабылмаған чектер болып табылады. Чектерде олардың төлемi жөнiнде, оның iшiнде жабылмаған чектер бойынша банктiң кепiлдемесi болуы мүмкiн.

4. Чектi пайдалануға байланысты чек берушi мен банктiң құқықтары мен мiндеттерi чек берушi мен банктiң арасындағы чектердi пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайды. Чек ұстаушының құқықтары чек берушiден алған кезден бастап туындайды.

Аталған құқықтар мен мiндеттер чек берушi чектi берген кезден бастап iске асырылады.

Чек ұстаушыда чекте көрсетiлген сомадағы ақшаны чек берушiнiң банкiнен талап ету құқығы пайда болады. Чек ұстаушы ұсынған чектi чек берушiнiң банкi төлейдi не оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген мерзiмде және осы Заңның 18-бабында белгiленген негiздер бойынша төлеуден дәлелдi түрде бас тартады.

10-бап. Вексель

Вексельдердi төлем тәсiлi ретiнде қолдану Қазақстан Республикасының вексель айналысы туралы заңдарымен реттеледi.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 11-бап өзгертілді; ҚР 09.07.03 ж. N 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 11-бап өзгертілді



11-бап. Төлем карточкасы

1. Төлем карточкасын оның ұстаушысы төлемдi жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ оның эмитентi белгiлеген шарттарда қолма-қол ақшаны алу, валюта айырбастау және басқа операциялар үшiн қолданады.

2. Төлем карточкасының эмитентi болып табылатын банкпен немесе сондай эмитентпен шарт жасасқан банкпен, не эмитентпен шартсыз төлем карточкаларына қызмет көрсететiн банкпен тиiстi келiсiм жасасқан сауда (қызмет көрсету) ұйымдарында ғана төлем карточкасы пайдаланылуы мүмкiн.

2-1. Санаттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн сауда (қызмет көрсету) ұйымдары Қазақстан Республикасының аумағында сауда операцияларын жүзеге асыру (қызметтер көрсету) кезiнде төлемдердi төлем карточкаларын пайдалана отырып қабылдауға мiндеттi.

3. Төлемге қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi сауда (қызмет көрсету) ұйымы ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдi қабылдау туралы келiсiм берген кезден бастап туындайды.

Сауда (қызмет көрсету) ұйымының осы ұйыммен төлем карточкаларына қызмет көрсету туралы келiсiм жасасқан банкке қатысты аталған ұйым қабылдаған төлем сомасында ақша талап ету құқығы туындайды. Аталған банктiң сауда (қызмет көрсету) ұйымының ақша талап етуiн орындау мiндетi туындайды.

ҚР 09.07.03 ж. N 482-II Заңымен 11-1-баппен толықтырылды

11-1-бап. Төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесi

Төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiнiң жұмыс iстеуiне және төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесiнiң арнайы ұйымының қызметiне қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 12-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда

12-бап. Банк шотын тiкелей дебеттеу

1. Банк шотын тiкелей дебеттеу арқылы төлем жасау ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында жасалған шарт негiзiнде жүзеге асырылады, осыған сәйкес ақша жөнелтушi жеткiзiлген тауар, орындалған жұмыс не көрсетiлген қызмет үшiн бенефициардың жоғарыда көрсетілген шартқа тиiстi құжаттарды қоса тiркеп, талап етуi негiзiнде өзiнiң банк шотынан ақша алуға келiсiм бередi.

2. Ақша жөнелтушiнiң және оның банкiнiң банк шоттарын тiкелей дебеттеу жағдайында төлемдi жүзеге асыру кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында тиiстi шарт жасалған кезден бастап туындайды. Банкте аталған шартта көзделген ақша сомасы және (немесе) уақыт кезеңi шегiнде клиенттiң банк шотына қойылатын үшiншi жақтың талаптарын орындау мiндетi туындайды.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 13-бап өзгертілді



13-бап. Төлемдiк талап-тапсырма

1. Ақша жөнелтушiнiң банкi төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушiнiң акцептi болғанда ғана орындалуға тиiс.

Егер ақша жөнелтуші өзінің банк шотынан акцептсіз ақша алуға ақша жөнелтушiнiң келiсiмi бар құжаттарды қоса тiркей отырып, ақша жөнелтушi банкке төлемдiк талап-тапсырмалар қойса, мұндай төлемдiк талап-тапсырма ақша жөнелтушiнің акцептiн талап етпейдi.

Төлемдiк талап-тапсырмалар қою, сондай-ақ ақшаны алып қоюдың негiздiлiгiн растайтын құжаттардың түпнұсқаларын не көшiрмелерiн қоса тiркеу қажеттiгi туралы талап ету тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

2. Төлемдiк талап-тапсырмаларды пайдалана отырып төлем жасаған кездегi құқықтар мен мiндеттер ақша жөнелтушiнiң банкiне оны ұсынған кезден бастап туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi төлемдiк талап-тапсырманы алған күннен кейiнгi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ақша жөнелтушi банкке ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпейтiн төлемдiк талап-тапсырма қойылған жағдайларды қоспағанда алынған төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушiге акцептеуi үшiн беруге тиiс. Ақшаны жөнелтушi төлемдiк талап-тапсырманы алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушi не ақша жөнелтушi банк акцепттеген жағдайда, егер талап-тапсырма ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпесе, төлемдiк талап-тапсырманы жiберушiде оны орындау жөнiнде талап ету құқығы пайда болады.

29.03.00 ж. N 42-II; 09.07.03 ж. N 482-II (бұрынғы ред. қара); 13.12.04 ж. N 11-III (бұрынғы ред. қара); 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 14-бап өзгертілді



14-бап. Инкассалық өнiм

1. Клиенттiң банк шотындағы ақшасын оның келiсiмiнсiз алып қою инкассалық өкiмдер пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген кезектiлiктiң сақталуын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.

2. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне, салық қызметi органдары мен кеден органдарының инкассолық өкiмдерi табыс етiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген нормалар негiзiнде осы өндiрiп алудың негiздiлiгiн растайтын атқарушы құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса тiркей отырып, инкассалық өкiм табыс етедi. Құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса тiркеу қажеттiгi туралы талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.

Салық қызметi органдарының мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алуға инкассолық өкiмдерi пайдасына берешек өндiрiлiп алынатын жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының тiзiмдерiмен қоса банктерге табыс етiледi.

3. Инкассалық өкiмде төлемнiң мақсаты көрсетiледi және ақша жөнелтушiнiң келiсiмiнсiз ақшаны алып қою құқығын көздейтiн заң актiсiне сiлтеме жасалады.

Ақша жөнелтушінің банк шотында ақша жеткіліксіз болған кезде салық қызметі органдарының салық берешегін өндіріп алу туралы және атқарушылық іс жүргізу органдарының атқару құжаттары бойынша инкассолық өкімін орындау мұндай шотқа ақшаның түсуіне қарай жүргізіледі.

4. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне инкассалық өкiмдi ұсынған кезден бастап төлем жасауға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде жазбаша бас тартуға тиiс. Ақша жөнелтушiнiң банкi инкассалық өкiмдi акцептеген жағдайда инкассалық өкiмдi жөнелтушiнiң оны орындауды талап ету құқығы пайда болады.

5. алып тасалды

6. Ақша жөнелтушiнiң келiсiмiнсiз ақшаны алып қоюдың негiздiлiгi үшiн өндiрiп алушы жауапты болады.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 15-бап жаңа редакцияда

15-бап. Инкассолық өкiм берiлген кезде пайдаланылатын құжаттар

Ақша жөнелтушiнің келiсiмiнсiз ақшаны алып қоюға берiлген инкассолық өкiм соттың шешiмдерi, үкiмдерi, ұйғарымдары және қаулылары бойынша берiлетiн атқару парақтары немесе бұйрықтары не ақшаны өндiрiп алу туралы сот бұйрығы негiзiнде берiледi.

ҚР 09.07.03 ж. N 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 16-бап өзгертілді

16-бап. Нұсқау акцептi

1. Тапсырма нысанындағы нұсқау акцептi алушы банктiң жөнелтушiнiң (клиенттiң) тапсырмасын орындауға келiсiм бергенiн бiлдiредi.

Талап нысанындағы нұсқау акцептi ақша жөнелтушiнiң және (немесе) алушы банктiң бастамашының талабын орындауға келiсiм бергенiн бiлдiредi.

2. Нұсқау акцептi осы акцептiң жасалғанын немесе алушы банктiң нұсқауда белгiленген жөнелтушiге немесе оның тапсырмасы бойынша үшiншi жаққа ақша сомасын төлегенiн тiкелей көрсететiн төлем құжатына жазу немесе белгi қою арқылы көрсетiлуi мүмкiн.

Нұсқау акцептi қол қою немесе мөр таңбасы (егер бар болса) түрiнде де көрсетiлуi мүмкiн.

3. Егер нұсқау акцептi төлем құжатына жазу немесе белгi қою не қол қою және оның мөр таңбасын (егер бар болса) түсiру жолымен жасалған болса, аталған жазбаларда немесе белгiлерде олардың жасалған күнi және уақыты болуға тиiс.

4. Егер шарттың немесе Қазақстан Республикасы заңдарының ережелерi бойынша акцепт iс-қимылмен не өзге әдiстермен көрсетiлуге тиiс болса, нұсқау тиiстi жазбасыз-ақ акцептелуi мүмкiн.

5. Осы Заңның 38-бабында және Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқау акцептi не оны акцептеуден бас тарту нұсқауды алған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жасалуға тиiс.

17-бап. Нұсқауды акцептеген кезде туындайтын

құқықтар мен мiндеттер

1. Алушы банк тапсырманы акцептегенге дейiн оны жөнелтушi алушы банк тапсырманы акцептегеннен кейiн оны орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi. Клиринг нәтижелерi бойынша ақша аударымын жүзеге асырған кезде жөнелтушi егер онда терiс сальдо пайда болған жағдайда ғана, өзiнiң тапсырмасын орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi.

2. Нұсқауды акцептеген кезде мынадай құқықтар мен мiндеттер туындайды:

1) алушы банк тапсырманы акцептеген кезде оның жөнелтушi алдында акцептелген тапсырманы орындау жөнiнде мiндеттемесi туындайды;

2) бенефициар банкi тапсырманы акцептеген кезде оның бенефициар пайдасына тапсырмада көрсетiлген ақша сомасын қабылдау жөнiндегi мiндеттемесi туындайды;

3) ақша жөнелтушi талапты акцептеген кезде акцептелген талап бойынша бенефициардың талап ету құқығы туындайды, ақша жөнелтушiнiң бенефициар пайдасына орын орындау жөнiндегi мiндеттемесi туындайды;

4) алушы банк талапты акцептеген кезде жөнелтушiнiң акцептелген талап бойынша талап ету құқығы туындайды, ал алушы банктiң оны орындау жөнiндегi мiндеттемесi туындайды.

3. Бенефициар банкi өзi акцептеген нұсқауда көрсетiлген ақша сомасын үшiншi жақтың немесе осы банктiң алдындағы бенефициар мiндеттемесiнiң сомасына қарсы үшiншi жақтың пайдасына немесе өз пайдасына есептеме жасауға құқылы, оның орындалу мерзiмi, банктен ақшаны алып қоюдың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген кезектiлiгiн сақтауды ескере отырып, бенефициар банкiне осындай нұсқау түскен кезден басталады.

18-бап. Алушы банктің нұсқауларды акцептеуден

бас тарту негiздерi

1. Алушы банк нұсқауды акцептеуден:

1) жөнелтушi ақша аударымын жүзеге асыру үшiн қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етпеген жағдайда;

2) егер төлем құжатының қолдан жасалғандығының белгiлерi болса;

3) жөнелтушi ақша аудару туралы нұсқауды жасаудың және ұсынудың заңдарда және (немесе) шарттың талаптарында белгiленген тәртiбiне қойылатын талаптарды сақтамаған кезде;

4) заңдарда және (немесе) шарттың ережелерiнде белгiленген өзге де талаптарды орындамаған кезде бас тартады.

2. Инкассалық өкiмдердi осы Заңның 15-бабында көзделген құжаттардың бiрiн қоса тiркемей ұсынған жағдайда, алушы банк мұндай инкассалық өкiмдердi акцептеуден бас тартуға мiндеттi.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 19-бап өзгертілді



19-бап. Нұсқауды орындау

1. Алушы банктің нұсқауды орындауы мұндай нұсқауды оның акцептеуi негiзiнде жүзеге асырылады.

Алушы банктiң жөнелтушi алдындағы алынған нұсқауға сәйкес аударым не ақша төлеу жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындауы нұсқаудың орындалуы болып табылады.

Мынадай iс-қимылдар нұсқаудың орындалуы болып табылады:

1) алушы банктiң келесi алушы банкке бенефициардың пайдасына, егер алушы банк бенефициар банкi болып табылмаса ғана, ақша аудару туралы нұсқауын табыстауы;

2) егер алушы банк бенефициар банкi болып табылса, ақша аударымын аяқтауы;

3) егер алушы банк ақша жөнелтушiнiң банкi болып табылса, қолма-қол ақша төлеу туралы нұсқауды ұсынған жөнелтушiге қолма-қол ақшаны беруi.

2. Нұсқауды алушы банк егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, осындай нұсқаудың шарттарын сақтай отырып, егер мұндай нұсқаудың шарттарында оны орындаудың өзге мерзiмi белгiленбеген болса, алушы банктiң алынған нұсқау акцептелген күннен кейiнгi операциялық күнiнен кешiктiрмей орындайды.

Егер ақша аудару туралы нұсқауды орындаудың шарттары алушы банк үшiн орындалмайтындай болса не оларды орындау ақша аударуды кiдiртуге немесе қосымша шығындарға әкеп соғуы мүмкiн болса, алушы банк операциялық күн iшiнде бұл туралы жөнелтушiге хабарлауға мiндеттi. Нұсқаулар олардың түскен күнi мен уақыты ескерiле отырып орындалады.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 20-бап толықтырылды; ҚР 05.05.03 ж. N 409-II Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 20-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)



20-бап. Сот актісін және сот орындаушысының қаулысын орындау

ерекшеліктерi

1. Қазақстан Республикасы сотының ақша өндіріп алу туралы сот актісі, сондай-ақ сот орындаушысының заңды тұлғаның банк шоттарының, сондай-ақ заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаның ағымдағы шоттарының бар екендігі және олардың нөмірлері жөніндегі ақпаратты сұратып алу туралы және борышкердің банктегі ақшасына тыйым салуды қолдану туралы прокурор санкция берген қаулысы не оның атқарушылық іс жүргізу органының аумақтық бөлімінің мөрімен расталған көшірмесі, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, барлық банктерге ұсынылады.

2. Банктер аталған құжаттарды алған күннен кейінгі операциялық екі күннен кешіктірмей сотқа (сот орындаушысына) қажетті мәліметтерді жіберуге міндетті. Мәліметтер ақша өндіріп алу  жүргізілетін тұлғалардың банк шоттарының бар екені туралы не олардың жоқ екені туралы деректерді қамтуға тиіс; банк шоттары бар болған кезде банк шоттарының барлық қажетті реквизиттері және осы банк шоттарында жатқан қалдықтардың мөлшері көрсетілуге тиіс. Сот орындаушысына жіберілетін мәліметтерде тыйым салу қолданылған ақша сомасы да көрсетілуге тиіс.

3. Сот (сот орындаушысы) банктерден аталған мәліметтерді алғаннан кейін ақша өндіріп алу туралы сот актісін орындау жөніндегі міндет жүктелетін банкті (банктерді) анықтайды және сондай банкке (банктерге) тиісті атқару құжатын не оның сот мөрімен расталған көшірмесін қоса тіркей отырып нұсқау жібереді.

4. Егер сотта (сот орындаушысында) ақша өндіріп алынуға тиіс тұлғаның банк шотында ақшаның бар екені туралы мәлімет бар болса, онда сот орындаушысының тиісті атқару құжаты қоса тіркелген нұсқауы тікелей тиісті банкке орындау үшін ұсынылады.

5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі банктердің тұрған жері және олардың бірінші басшыларының деректері көрсетілген банктердің тізімін тоқсан сайын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның назарына жеткізеді. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен алған тізімді жергілікті соттар мен сот орындаушыларының назарына жеткізеді.

 

2-тарау. Төлем

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 21-бап толықтырылды; ҚР 09.07.03 ж. N 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 21-бап өзгертілді

21-бап. Төлем

1. Төлем азаматтық-құқықтық мәмiле шарттарының, Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен сот шешiмдерiнiң негiзiнде және соларға сәйкес жүргiзiледi.

2. Төлем азаматтық-құқықтық мәмiле шарттарына сәйкес олардың ерiктi негiзде жүзеге асырылуын көздейдi.

3. Төлем Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен сот шешiмдерiне сәйкес олардың мiндеттi түрде жүзеге асырылуын көздейдi.

4. Төлем қолма-қол ақшаны пайдалана отырып та, оны пайдаланбай да (қолма-қол жасалмайтын төлем) жүргiзiледi.

4-1. Заңды тұлғалар арасындағы сомасы 4000 айлық есептiк көрсеткiштен асатын мәмiле бойынша төлемдер қолма-қол ақшасыз төлеу тәртібімен ғана жүзеге асырылады.

22-бап. Қолма-қол ақшаны пайдалана отырып жасалатын төлем

1. Қолма-қол ақша төлеу заңды төлем құралы болып табылатын банкнот және (немесе) тиындар түрiнде қолма-қол ақша беру арқылы жүргiзiледi.

2. Қолма-қол ақша төлеу деген басқаның (басқалардың) алдында осы Заңның 21-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларға байланысты туындаған мiндеттемелерi бар төлемдi жүзеге асыратын тұлғаның (тұлғалардың) (төлеушiнiң) оған банкноттарды және (немесе) тиындарды нақты беруi болып табылады.

3. Қолма-қол ақша төлеу ақша мiндеттемесi орындалып отырған адамға тiкелей не делдал арқылы жасалуы мүмкiн.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 23-бап толықтырылды

23-бап. Қолма-қол жасалмайтын төлем

1. Қолма-қол жасалмайтын төлем:

1) ақша мiндеттемесi не ақша төлеу туралы нұсқау бар төлем құжатын беру;

2) ақша мiндеттемесi не ақша төлеу туралы нұсқау бар төлем құжатын ұсыну;

3) ақша төлеу туралы нұсқау бар төлем құжатын немесе электронды хабар беру арқылы жасалады.

2. Қолма-қол жасалмайтын төлемдi жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен клиенттiң банк шотын пайдалана отырып та, онсыз да жүргiзiлуi мүмкiн.

24-бап. Төлемнiң аяқталуы

1. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдалана отырып жүргiзiлетiн болса, пайдасына төлем жасалатын адам не пайдасына төлем жасалатын адам уәкiлдiк берген және (немесе) көрсеткен адам ақшаны алған кезде төлем аяқталады.

2. Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, ақша аудару арқылы жүргiзiлсе, төлем ақша аудару аяқталған кезде аяқталады.

Егер төлем қолма-қол ақшаны пайдаланбай, төлем құжатын беру арқылы жүргiзiлсе, пайдасына төлем жасалатын адам ақшаны алған кезде аяқталады.

3. Азаматтық-құқықтық мәмiленiң, еңбек шартының ережелерiнде төлем аяқталуының өзгеше сәтi көзделуi мүмкiн.

25-бап. Санкцияланған және санкцияланбаған төлем

1. Егер төлемдi оны жасауға өкiлеттiгi бар тұлға жасаса және ол Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, ол санкцияланған төлем болып табылады. Төлем ақша аудару арқылы жүзеге асырылған жағдайда да, егер алушы банк нұсқауды санкцияланбаған төлемнен қорғау iс-қимылының белгiленген тәртiбiн сақтай отырып қабылдаған болса, төлем санкцияланған болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар сақталмай жүзеге асырылған төлем санкцияланбаған болып табылады. Санкцияланбаған төлемге жалған төлем құжаттары немесе жалған төлем құралдары (қолма-қол ақша) пайдаланылған төлемдер де жатады.

26-бап. Санкцияланбаған қолма-қол жасалмайтын төлемнен қорғау

1. Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) нұсқау жөнелтушi мен оны алушы арасындағы шартта белгiленген және жөнелтушiнiң оларды керi қайтарып алу туралы нұсқауларға немесе өкiмдерге бастамашылық болғаны (санкцияланғаны) туралы деректердi тексеруге және ықтимал қателердi анықтауға саятын тиiстi ережелердi орындау санкцияланбаған төлемнен қорғау болып табылады.

2. Қорғау iс-қимылдарының элементi ретiнде уәкiлеттi тұлғаның (тұлғалардың) қолы, мөрлер, алгоритмдер, кодтар (рәмiздер қолданылатын сандық, әрiптiк және аралас), бiрегейлендiру сөздерi немесе бiрегейлендiру нөмiрлерi, шифрлау, керi қайтарып алу әдiстерi немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де қорғау әдiстерi пайдаланылуы мүмкiн.

27-бап. Санкцияланбаған қолма-қол жасалмайтын төлем бойынша ақшаны қайтару

1. Санкцияланбаған қолма-қол жасалмайтын төлем фактiсi анықталған жағдайда, ақшаны алған тұлға аталған төлем бойынша ақшаны қайтаруға мiндеттi.

2. Санкцияланбаған төлем бойынша ақшаны қайтару тәртiбi, мерзiмi мен шарттары жөнелтушi мен алушы банктiң арасындағы шартта және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

3-тарау. Ақша аударымы

28-бап. Ақша аударымының негiздемесi

1. Ақша аударымдары жөнелтушiнiң бенефициар пайдасына ақша аудару туралы алушы банкке берген нұсқауы негiзiнде жүргiзiледi.

2. Заң актiлерiнде немесе тиiстi шартта көзделген жағдайларда талап нысанындағы нұсқауларды алушы банктiң клиентi болып табылмайтын үшiншi жақ ұсынады.

29-бап. Ақша аударымының негiзгi әдiстерi

1. Ақша аударымы клиринг нәтижелерi бойынша не жөнелтушiнiң әрбiр нұсқауын жеке орындау арқылы жүргiзiледi.

2. Клиринг нәтижелерi бойынша ақша аударымы клирингке қатысушылардың қарсы талаптарын есепке алу процесi аяқталғаннан кейiн жүргiзiледi. Бұл орайда клиринг нәтижелерi бойынша жасалған аударым клирингке қатысушының ақшасын оған қызмет көрсететiн банктен мiндеттi түрде алып қоюды бiлдiрмейдi. Терiс сальдо пайда болған клирингке қатысушы оны өтеу үшiн төлем жасайды.

3. Жөнелтушiнiң әрбiр нұсқауын жеке орындау арқылы жасалатын ақша аударымы жөнелтушiнiң басқа нұсқауларынан туындайтын оның құқықтары мен мiндеттемелерiне қарамастан жасалады.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 30-бап толықтырылды



30-бап. Ақша аударымы туралы нұсқауды ұсыну әдiстерi

1. Ақша аударымы туралы нұсқауларды орындау үшiн оларды ұсыну мынадай әдiстермен:

1) төлем құжатының қағазға басылған түпнұсқасын ұсыну арқылы;

2) нұсқауды байланыс пен телекоммуникацияның тиiстi электронды арналарын пайдалана отырып, қағазға баспай-ақ электрондық әдiспен беру арқылы жүргiзiледi;

3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актілерiнде белгiленген өзге де әдiстермен жүргiзiледi.

2. Нұсқауды электронды әдiспен ұсынуға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейтiн талаптар сақталған жағдайда ғана жол берiледi. Мұндай талаптар болмаған жағдайда банк тәжiрибесiнде қабылданған бiр iзге түсiрiлген ережелер және (немесе) iскерлiк айналымындағы ресiмдерi қолданылады.

3. Қазақстан Республикасының заңдарында тек қана қағазға басу көзделген нұсқауларды электронды әдiспен ұсынуға тыйым салынады.

4. Егер жөнелтушi алушы банктiң клиентi болса, жөнелтушiнiң алушы банкке ақша аудару туралы нұсқауын ұсыну әдiстерi, тәртiбi мен ережелерi олардың арасында жасалған шартта көрсетiледi. Егер жөнелтушi алушы банктiң клиентi болмаса, нұсқауды ұсыну осы Заңның нормаларына және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң соған сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүргiзiледi.

31-бап. Ақша аударымы кезiнде нұсқауды қабылдау уақыты

1. Алушы банк нұсқауларды және оларды керi қайтарып алу не олардың орындалуын тоқтату туралы өкiмдердi қабылдауды өзi белгiлеген операциялық күннiң iшiнде ғана жүзеге асырады.

2. Егер нұсқау не оны керi қайтарып алу не олардың орындалуын тоқтата тұру туралы өкiм операциялық күн аяқталған соң алынған болса, алушы банк мұндай нұсқауды немесе өкiмдi келесi операциялық күннiң басында алған болып есептеледi.

32-бап. Ақша аударымы кезiнде жөнелтушi мен алушы банк арасындағы хабар алмасу

1. Ақша аударымын жүзеге асырған кезде жөнелтушi мен алушы банк мыналарды қамтитын хабарлар алмасады:

1) нұсқауды акцептеу не акцептеуден бас тарту туралы ақпарат;

2) нұсқауды орындау туралы ақпарат;

3) қате нұсқаулар туралы ақпарат;

4) нұсқауды керi қайтарып алу немесе оның орындалуын тоқтата тұру туралы ақпарат;

5) ақша аударымына қатысты басқа да мәлiметтер.

2. Жоғарыда аталған хабарларды алмасу нысандары мен әдiстерi, егер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өзгеше белгiлемесе, жөнелтушi мен алушы банк арасындағы шартта белгiленедi.

33-бап. Ақша аударымы туралы қате нұсқаулар

Жөнелтушiнiң ақша аударымы туралы жiберген нұсқауы, егер онда:

1) одан бұрынғы жөнелтушiден алынған нұсқаудың реквизиттерiне сәйкес келмейтiн реквизиттер болса;

2) ол қайталап берiлсе, қате болып табылады.

ҚР 09.07.03 ж. N 482-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 34-бап толықтырылды



34-бап. Аударым жасау кезiнде ақшаны қайтару

1. Ақшаны аудару аяқталмаған жағдайда ақшаны қайтару:

1) ақша аудару арқылы жүзеге асырылған төлемнiң санкцияланбау фактiсi анықталған;

2) ақша жалған төлем құжаты негiзiнде аударылған;

3) қате берiлген нұсқау орындалған жағдайларда жүзеге асырылады.

1-1. Аяқталған ақша аударымы кезiнде ақшаны қайтару, қате берiлген нұсқау орындалған жағдайда, жүзеге асырылады.

2. Ақшаны қайтарған кезде ақша аударуға қатысушы әрбiр жөнелтушiнiң (оның iшiнде делдал банктiң) осындай ақша аударымына байланысты және ақшаны қайтару салдарынан шеккен нақты шығындарды өндiрiп алуға құқығы бар.

ҚР 29.03.00 ж. N 42-II Заңымен 35-бап өзгертілді



35-бап. Ақша аударымы кезiнде нұсқауды керi қайтарып алу және нұсқаудың орындалуын тоқтата тұру

1. Акцептелмеген нұсқау акцепт жасау мерзiмi аяқталғанға дейiн керi қайтарып алынуы мүмкiн.

2. Нұсқаудың орындалуын тоқтата тұру немесе акцептелген нұсқауды керi қайтарып алу оны алушы банк орындағанға дейiн ғана мүмкiн болады.

3. Акцептелген және акцептелмеген нұсқауды керi қайтарып алуды, сондай-ақ нұсқаудың орындалуын тоқтата тұруды оның бастамашысы алушы банкке тиiстi өкiм жiберуi арқылы жүзеге асырады. Басқа жөнелтушiлер мұндай өкiмдi өзiнен бұрынғы жөнелтушiден не оған заңмен не шартпен уәкiлдiк берiлген үшiншi жақтан алған осындай өкiм болғанда ғана жiберуге құқылы. Мұндай өкiмнiң орындалу мерзiмi, сондай-ақ оны беру әдiстерi шартпен және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

4. Мұндай өкiмдер элекронды әдiспен жiберiлген жағдайда мұндай өкiмдi жөнелтушi мен оны алушының арасындағы шартта белгiленген қорғау iс-қимылының тәртiбiн сақтау қажет.

5. Егер алушы банкке Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес уәкiлеттi мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның ақша жөнелтушiнiң немесе алушы банктің банк шотындағы ақшасына тыйым салу немесе банк шотындағы шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiмi, сондай-ақ уәкiлеттi мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның ақша жөнелтушiнiң ақшасын алып қою туралы Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес акцептелген нұсқаудан бұрын орындалуға тиiстi шешiмi ұсынылса, акцептелген нұсқауды орындау тоқтатыла тұруға тиiс. Алушы банк жоғарыда аталған негiздемелер бойынша нұсқауды орындауды тоқтата тұруға байланысты залалдар үшiн жауап бермейдi.

36-бап. Ақша аударымын аяқтау

Ақша аударымы:

бенефициардың пайдасына ақша түскен кезде оның банк шоты бойынша бухгалтерлiк жазба жасалған;

егер бенефициардың банк шоты болмаса, бенефициардың банкi бенефициарға қолма-қол ақшаны нақты берген;

осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көзделген есепке алу жүргiзiлген; банк клиентiнiң пайдасына ақша қабылданғанын көрсететiн өзге шот бойынша бухгалтерлiк жазба аяқталған кезден бастап аяқталды деп есептеледi.

4-тарау. Қорытынды ережелер



37-бап. Ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру

ережелерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

1. Ақша төлемi мен (немесе) аударымына қатысушылар ақша төлемi мен (немесе) аударымына байланысты мiндеттемелердi орындамаған немесе тиiстi дәрежеде орындамаған жағдайда, олар осы қатынастарға қатысушылар арасында жасалған шартта және (немесе) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша, тәртiппен және мөлшерде жауап бередi.

2. Егер ақша аударымы аяқталмаған болса, осының алдындағы жөнелтушiнiң алынған нұсқауды орындамаған не тиiстi дәрежеде орындамаған банк (оның iшiнде делдал банк) оның алдында жауап бередi. Бұл орайда ақша жөнелтушi ақша аударымы жөнiндегi мiндеттемелерiн орындаған күннiң өзiнде, егер ақша жөнелтушi мен бенефициар арасындағы азаматтық-құқықтық мәмiле шарттарында өзгеше көзделмеген болса, ақша жөнелтушiнiң азаматтық-құқықтық мәмiле жөнiндегi төлем бойынша бенефициар алдындағы мiндеттерi тоқтатылмайды. Егер ақша аудару бенефициар банкiнiң кiнәсiнен аяқталмаған болса, ақша жөнелтушi азаматтық-құқықтық мәмiле жөніндегi төлем бойынша бенефициар алдында жауапты болмайды.

3. Егер ақша аударымын жасау ережелерiн бұзу ақша төлемi мен (немесе) аударымына қатысушының өзгенiң ақшасын заңсыз пайдаланумен, сондай-ақ акцептiң немесе нұсқаудың орындалу мерзiмiн бұзуымен байланысты болса, мұндай қатысушы кiмнiң ақшасын заңсыз пайдаланса сол адамға Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген айыпақы төлеуге мiндеттi.

4. Егер алушы банк төлем жасалған кезде қорғау iс-әрекетiнiң тәртiбiн сақтамаса, бiрақ бенефициар ақшаны:

1) ақша аударымы туралы тапсырмада немесе талапта көрсетiлгендей;

2) бенефициар үшiн қолайлы мерзiмде;

3) ақша аударымы туралы бұйрықта көрсетiлген сомада алған жағдайда;

4) және бұл орайда ақша жөнелтушiге де, бенефициарға да залал (зиян) келтiрiлмесе, алушы банк ол үшiн жауап бермейдi.

ҚР 28.12.98 ж. N 336-I; 29.03.00 ж. N 42-II; 13.03.03 ж. N 394-II (бұр. ред. қара); 08.05.03 ж. N 411-II (бұр. ред. қара); 09.07.03 ж. N 482-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарымен 38-бап өзгертілді

38-бап. Белгiсiз мерзiмде орындалуға тиiстi нұсқаулар

1. Ақша жөнелтушiде банкте нұсқауды орындау үшiн қажеттi ақша сомасы болмаған не жеткiлiксiз болған жағдайда, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, алушы банк:

1) ақша жөнелтушi мен алушы банктiң арасындағы шартта;

2) заң актiлерiнде және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларда ғана алынған нұсқауларды қабылдауға және оларды орындау үшiн жеткiлiктi ақша сомасы ақша жөнелтушiнiң немесе алушы банктiң банк шотына түскенге дейiн бiр жыл бойы сақтауға мiндеттi.

1-1. Бенефициар Қазақстан Республикасының валюталық заңдарында көзделген қажетті құжаттар мен мәліметтерді беру жөніндегі іс-әрекеттерді жасамаған жағдайда алушы банк жөнелтушінің алынған нұсқауларын қабылдауға және 180 күнтізбелік күн бойы сақтауға міндетті.

Бенефициар осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген іс-әрекеттерді орындамаған жағдайда, алушы банк күнтізбелік 180 күн ішінде мұндай нұсқауды оны жөнелтушіге орындамай қайтаруға міндетті.

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген нұсқауларды алушы банк Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген нұсқауларды орындау кезектiлiгiн сақтауды ескере отырып, олардың алушы банкке түсу тәртiбiнде күнтiзбелiк кезектiлiкпен орындайды. Күнтiзбелiк кезектiлiк алушы банкке нұсқаулардың түсу күнi мен уақытын көздейдi.

Алушы банк Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен ақша жіберушінің салық төлеу жөніндегі нұсқауын орындаумен қатар, міндетті зейнетақы жарналарын күнтізбелік кезектілік тәртібімен аударуға арналған нұсқауларды орындауға міндетті. Алушы банк салық органдарының міндетті зейнетақы жарналарын өндіріп алуға арналған инкассалық өкімдерін нақ осы тәртіппен орындайды.

3. Осы баптың 1 және 1-1-тармақтарында көзделген нұсқауларды орындаған кезде, акцептiң күнi мен уақыты алушы банктiң мұндай нұсқауларды орындау күнi мен уақыты болып табылады.

4. Егер осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм аяқталғаннан кейiн жөнелтушiнiң ұсынылған нұсқауы ақша жөнелтушiде ақшаның жеткiлiксiз болуы салдарынан орындалмаса, алушы банк мұндай нұсқауды орындамай-ақ, оны жөнелтушiге қайтаруға мiндеттi.

Бұл норма салық және кеден органдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімдерде төленбеген салықты және бюджетке төленетін баскд да міндетті төлемдерді мәжбүрлеп өндіріп алу, жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, міндетті зейнетақы жарналарын төлемегені не уақтылы төлемегені үшін есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды өндіріп алу туралы инкассалық өкімдеріне қолданылмайды.

39-бап. Ақша төлемiне немесе аударымына тыйым салу

Төлем жасауға, ақша аударымы туралы нұсқау беруге, нұсқауды орындауға, банктiң бенефициарға ақша беруiне немесе бенефициардың ақша алуына Қазақстан Республикасының тиiстi заң актiлерiмен уәкiлдiк берiлген мемлекеттiк органдар немесе лауазымды адамдар және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздемелер бойынша ғана тыйым салынуы мүмкiн.

40-бап. Халықаралық шарттар

Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделген өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

41-бап. Осы Заңды iске асыру жөнiндегi шаралар

Осы Заң күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Басқармасы Төрағасының республикада төлем және несие тәртiбiн нығайту мәселесi жөнiндегi есебi туралы" 1993 жылғы 30 қаңтардағы қаулысының 6-тармағы, аталған Қаулымен бекiтiлген "Қазақстан Республикасында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу тәртiбiн бұзғаны үшiн экономикалық санкциялар туралы" және "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң экономикалық" нормативтерiн бұзғаны үшiн коммерциялық банктерге қолданылатын санкциялар туралы" Уақытша ережелер (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., N 4, 68-құжат, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 8-9, 239-құжат) күшi жойылды деп танылсын.



Қазақстан Республикасының

Президентi

Н. Назарбаев

 

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет