Ашхабад келісімі Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар»



Дата02.07.2016
өлшемі110.8 Kb.
#172944
Иран Ислам Республикасы, Оман Сұлтандығы, Катар Мемлекеті, Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасы Үкіметтері арасындағы халықаралық көліктік және транзиттік дәлізді құру туралы

КЕЛІСІМ

(Ашхабад келісімі)
Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын, Иран Ислам Республикасы, Оман Сұлтандығы, Катар Мемлекеті, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы Үкіметтері,

Олардың арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мен қолдау және экономикалық байланысты дамытуды қалай отырып,

Өз халықтарының арасындағы экономикалық байланыстарды өңірлік және жаһандық деңгейде одан әрі нығайту мен кеңейтудің қолданыстағы процесін ескере отырып,

Темір жол және автомобиль қатынастары, порттар инфрақұрылымдары арқылы жүктерді транзиттік тасымалдау бойынша халықаралық келісімдердің бар болуын, сондай-ақ өз елдерінің орнықты экономикалық дамуын жылдамдату қажеттілігінің маңыздылығын мойындай отырып,

Басқа мемлекеттерге/мемлекеттерден жылдам, кедергісіз және тиімді тасымалдау және жүктер мен жолаушылар транзитін қажетті құралдармен қамтамасыз ету бойынша уағдаластықтарына ерекше мән бере отырып, сондай-ақ елдердің географиялық жағдайынан пайда табу мақсатында,

Қолданыстағы ұлттық нормаларды негізге ала отырып және тасымалдаудың халықаралық конвенциялары мен стандарттарына сәйкес, тасымалдаулар қозғалысы және жолаушылар мен жүктер транзиті бойынша өз мүмкіндіктерін жетілдіруге және дамытуға ұмтыла отырып,

Олардың аумағы арқылы қолданыстағы көлік инфрақұрылымын жолаушылар мен жүктерді тасымалдау және транзит үшін пайдалануға бар күш-жігерін жұмсауға,

төмендегілер туралы келісті:


1-бап

Анықтамалар

Осы Келісімде қолданылған терминдер және анықтамалар мынадай мағыналарды білдіреді:

а. Тасымалдаушы: Уағдаласушы Тараптардың аумағында тіркелген халықаралық жолаушылар және жүк тасымалдау бойынша қызмет көрсететiн және өз ұлттық заңнамаларына сәйкес берiлген тиiстi рұқсаты бар жеке немесе заңды тұлға;

ә. Мердігер-Тараптар: Иран Ислам Республикасы, Оман Сұлтандығы, Катар Мемлекеті, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы Үкіметтері бірлесіп;

б. Жүктер: тасымалдаушымен көлік келісімі негізінде Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізі арқылы тасымалдауға қабылданатын барлық жүктердің түрлері (Үндестіру кодтары көрсетілген);

в. Қауіпті жүктер: тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстары процесінде өздеріне тән ерекшеліктеріне байланысты жарылысқа, өртке немесе тасымалданатын жүктерге, көлік инфрақұрылымдарына, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен ұлттық қауіпсіздікке зақым келтіретін кез келген материалдар, тауарлар, қалдықтар.

г. Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізі: жер үсті немесе су көлігімен халықаралық жолаушылар және жүкті тасымалдауға арналған Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерін байланыстырушы негізгі көлік жүйелері желісі;

ғ. Халықаралық тасымалдау: Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері аумақтары арқылы жолаушылар және жүк көлік түрлерімен (жер үсті немесе су көлігі) тасымалдау;

д. Инвестициялар: Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізі бойынша көлік инфрақұрылымының дамуына кез келген ұйымнан, қаржы институтынан немесе донордан бөлінетін инвестициялар;

е. Мультимодалдық тасымалдау: кем дегенде екі көлік түрімен жүктерді тасымалдау;

ж. Жолаушы: Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізі арқылы бір мекеннен екіншісіне жер үсті немесе су көлігі арқылы тасымалдау шығындарын төлейтін кез келген тұлға;

з. Жолаушылар тасымалы: жолаушыларды Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізі арқылы жер үсті немесе су көлігімен тасымалдау бойынша көліктік қызметтер;

и. Тез бүлінетін жүк: Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізі арқылы қорғау шараларын және шекараны кесіп өту кезінде жеделдетілген транзит рәсімдерін талап ететін (жер үсті немесе су көлігімен) кез келген жүктің түрі;

к. Порт: кемелердің докқа қойылған орын және халықаралық теңіз су жолының ашылуына және жүктерді тиеу-түсiру мен жолаушыларды отырғызу/түсіруге қолданылатын мекен;

л. Транзит: жүктерді және жолаушыларды Уағдаласушы Тараптардың бір мемлекеті аумағынан Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізі арқылы тасымалдау, бұл ретте жөнелту және межелі орындары осы Уағдаласушы Тарап мемлекеті аймағынан тыс орналаспаған;

м: Жүк тасымалдау: жүкті ақылы бір мекеннен екіншісіне тасымалдау.


2-бап

Осы Келісімнің негізгі саласы
1. Осы Келісімнің ережелері Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері аумақтары бойынша, осы Келісімнің 9-бабына сәйкес құрылатын Үйлестіруші Кеңеспен бекітілетін маршруттар бойынша кез келген көлік түрімен (жер үсті немесе су көлігі) жүзеге асырылатын халықаралық жүк және жолаушылар тасымалдау мен транзитті реттейді.

2. Осы Келісімді іске асыру бойынша Уағдаласушы Тараптардың Құзыретті органдары:

- Иран Ислам Республикасы Жол және көлік министрлігі;

- Оман Сұлтандығы Көлік және коммуникация министрлігі;

- Катар Мемлекеті Сыртқы істер – халықаралық ынтымақтастық министрлігі;

- Түрікменстан Темір жол көлігі министрлігі, Автомобиль көлігі министрлігі, Теңіз және өзен көлігі мемлекеттік қызметі;

- Сыртқы экономикалық байланыс, инвестиция және сауда министрлігі, Өзбекстанның Автомобиль және өзен көлігі агенттігі және Өзбекстан Республикасы «Узбекистон темир йуллари» мемлекеттік-акционерлік темір жол компаниясы болып табылады.

3. Осы Келісім кез келген Уағдаласушы Тараптың басқа Уағдаласушы Тараптардың қатысатын, Уағдаласушы Тараптардың арасында жасалғандарды қоса алғанда, халықаралық келісімдер мен шарттардың құқықтары мен міндеттеріне қайшы келмейді.


3-бап

Осы Келісімнің мақсаттары
Уағдаласушы Тараптар:

1. Орта Азия және Парсы шығанағы және Оман теңізі елдері арасында тоқтатпай жолаушылар мен тауарларды тасымалдау және транзит үшін сенімді көлік дәлізін құру, Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізі арқылы экспорт-импорт тауарларын тасымалдау.

2. Көліктік шығындарды оңтайландыру мақсатында жүктерді және жолаушыларды тасымалдаудың жылдамдығын арттыру.

3. Уағдаласушы Тараптардың көліктік және транзиттік әлеуетін пайдаланудың тиімділігін көтеру.

4. Халықаралық көлік және транзит дәлізіне басқа да мемлекеттердің транзиттік жүктерін қатыстыру.

5. Уағдаласушы Тараптар аумақтары арқылы жүктер мен жолаушылар тасымалын және транзитті реттеу үшін көліктік байланыс тиімділігін арттыру.

6. Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз арқылы жер үсті және су көлігімен тасымалдаулардың барлық түрлерін қолдана отырып, халықаралық нарыққа шығуға жәрдем беру.

7. Жол жүру қауіпсіздігін, жүк және жолаушылар тасымалдау және транзитке қатысты халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануды, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету.

8. Уағдаласушы Тараптар аумақтарында көлік қызметтерінің барлық түрін жеткізушілер үшін тең және кемсітпейтін жағдай жасау.

9. Қолданыстағы халықаралық стандарттар және келісімшарттарға сәйкес халықаралық жолаушылар және жүк тасымалын реттейтін ресми құжаттар мен рәсімдерді оңайлатуды және үндестіруді іске асырады.


4-бап

Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз
1. Осы Келісімнің мақсатында Уағдаласушы Тараптар Орта Азия мемлекеттерін Парсы шығанағы және Оман теңізі порттарымен байланыстыратын «Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз» деп аталатын Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізін құрады.

2. Уағдаласушы Тараптар Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз маршруттарын анықтайды және жүктер мен жолаушыларды тасымалдауда қолданылатын инфрақұрылым және тасымалдау түрлерін белгілейді.

3. Уағдаласушы Тараптар Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз бойынша көлік инфрақұрылымның дамуы бойынша жобаларын инвестициялау арқылы бір біріне жәрдем беру бойынша барлық қажетті шараларды қолданады.
5-бап

Халықаралық жүк және жолаушыларды тасымалдау мен транзитке қолданылатын шарттар
1. Осы Келісімді іске асыру кезінде Уағдаласушы Тараптар өз ұлттық заңнамаларына сәйкес өздерінің аумақтары арқылы халықаралық жүк және жолаушыларды тасымалдау мен транзит бойынша тиімді шарттармен қамтамасыз етеді.

2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес халықаралық жүк және жолаушыларды тасымалдау мен транзитке қатысушы басқа Уағдаласушы Тарап азаматтарына виза беруге жәрдем береді.


6-бап

Қауіпті, тыйым салынған жүктерді және қосарлы мақсаттағы тауарларды тасымалдауды реттеуші қағидалар
Осы Келісімге сәйкес басқа Уағдаласушы Тараптың алдын ала келісімінсіз қауіпті, тыйым салынған жүктерді және қосарлы мақсаттағы тауарларды сол Уағдаласушы тараптың аумағы бойынша тасымалдауға және транзиттеуге тыйым салынады. Уағдаласушы тараптар аталған жүктерді анықтайды, олар осы Келісімнің 10-бабына сәйкес құрылған Жұмыс комитетімен қосымша хаттамада жинақталады және Үйлестіруші кеңесте таралады.
7-бап

Тез бүлінетін тауарларды тасымалдауды реттеуші қағидалар
Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде Уағдаласушы Тараптар тез бүлінетін тауарларды транзиттеуге жәрдем береді және жеделдетеді және расталмаған бөгелістерді қолданудан бас тартатын болады.
8-бап

Салықтар және алымдар
1. Уағдаласушы Тараптар жүктер транзиті бойынша көрсетілген қызметтерге байланысты атауы мен бағытталуына қарамастан алымдарды қоса алғанда, салықтар, баж салығы және басқа да төлемдерді оңтайландыру үшін бар күшін салады.

2. Жеткізушілердің көрсетілген қызметтерді ұсынумен байланысты алымдар транзитті жүктерге қатысты қолдануы мүмкін.

3. Үйлестіруші кеңес осы алымдардың, салықтар мен баж салығының деңгейін оңтайландыру тетігін келіседі.
9-бап

Үйлестіруші кеңес
1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында Уағдаласушы Тараптар Үйлестіруші кеңес құрады, мынадай өкілеттіктер берілген:

а. Осы Келісімнің ережелерін қолдану және іске асырумен байланысты мәселелерді реттеу.

ә. Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізді құру бойынша экономикалық, ұйымдық, техникалық және құқықтық мәселелерді шешу.

б. Халықаралық көліктік және транзиттік дәліздің тартымдылығын арттыру, транзиттік жүктер көлемін ұлғайту бойынша ұсыныстар әзірлеу.

в. Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз маршруттарын бекіту.

г. Мультимодалдық тасымалдауларды кеңінен қолданып Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз арқылы Жүк және жолаушыларды тасымалдау және транзит шығындарын оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындау.

2. Үйлестіруші кеңес өзінің бірінші отырысын осы Келісім күшіне енгеннен кейін алты айдың ішінде өткізеді, оның барысында өз жұмысының қағидалары мен рәсімдерін бекітеді, сондай-ақ Жұмыс комитетінің жұмыс істеу тетігін анықтайды.

3. Үйлестіруші кеңес отырыстарын ағылшын әліпбиі тәртібіне сәйкес Уағдаласушы Тараптар аумағында жылына кемінде бір рет немесе кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша кезектесіп өткізеді.


10-бап

Жұмыс комитеті
1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісім күшіне енгеннен кейін екі айдың ішінде өз өкілдері құрамында Жұмыс комитетін құрады. Құрылғаннан кейін үш айдың ішінде Комитет өз жұмысын ұйымдастыру үшін бірінші отырысын өткізеді.

2. Жұмыс комитетінің мәселелері:

а. Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз маршруттарын анықтау.

ә. Әрбір Уағдаласушы Тараптың қазіргі уақыттағы порттар және өткізу пункттеріндегі салықтар, алымдар және тарифтермен байланысты зерттеулер дайындау және Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз тартымдылығын жоғарылату мақсатында ұсыныстар дайындау.

б. ветеринарлық және ауыл шаруашылыды карантині, сондай-ақ тыйым салынған және шектелген тауарларды ескере отырып, Уағдаласушы Тараптар аумағы арқылы жүктерді тасымалдауға жәрдем көрсетуге байланысты зерттеулер жүргізу.

в. кез келген Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамаларына қайшы болмайтындай осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізу үшін ұсыныстар дайындау.

г. осы Келісімнен туындайтын бағдарламалар және хаттамалар жобаларын дайындау.

ғ. Халықаралық көліктік және транзиттік дәлізді және қажетті инфрақұрылымдар, құрылыстар және терминалдарды (порт және өткізу пункттері) дамыту мақсатында көліктік және транзиттік саясатты үндестіру және үйлестіру үшін ұсыныстар беру.

д. Халықаралық көліктік және транзиттік дәліз арқылы транзиттік ағынды арттыру мақсатында ұсыныстар беру.

е. осы Келісімді іске асыру бойынша мезгілді және бәрін қамтитын баяндама дайындау.

3. Жұмыс комитеті қажет болған жағдайда Кедендік рәсімдерін оңайлату және үндестіру жөніндегі Халықаралық конвенциясын (1973 жылғы 18 мамырдағы Киото конвенциясы) зерттеп, транзитті тасымалдауларға қатысты түзетулер және ұсыныстар енгізуі мүмкін.
11-бап

Дауларды шешу
1. Кез келген Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келісім ережелерінің түсіндірмесі бойынша туындаған кез келген даулар мүдделі Тараптар арасында келіссөздер арқылы шешіледі.

2. Егер дауға қатысушы Тараптар келіссөздер арқылы тоғыз (9) ай ішінде дауларды реттей алмаған жағдайда, онда дауды шешу мәселесі Үйлестіруші кеңесте қарастырылады.

3. Егер Үйлестіруші кеңес дауды қарастырған сәттен бастап бір жыл ішінде реттеп бір шешімге келмеген жағдайда, аталған даулар төрелік сот арқылы шешілетін болады. Дауласқан Тараптар төрелік сот әдісін келісетін болады.
12-бап

Келісімге қосылу
1. Кез келген мемлекеттердің қосылуы үшін осы Келісім ашық.

2. Кез келген осы Келісімге қосылуға талпыныс білдірген мемлекет Депозитарий-Мемлекетті өз ниет туралы жазбаша хабарлайды. Депозитарий-Мемлекет аталған хабарламаны Мердігер Тараптарға қарастыруға жолдайды.

3. Осы Келісім қосылған Тарапқа қатысты Депозитарий-Мемлекетпен соңғы Мердігер Тараптан жазбаша растау алғаннан кейін отыз күн өткен соң күшіне енеді.
13-бап

Депозитарий-Мемлекет
Түрікменстан осы Келісімнің Депозитарий-Мемлекеті болады. Депозитарий-Мемлекет Уағдаласушы Тараптарға осы Келісімнің куәландырылған көшірмелерін жолдайды. Депозитарий-Мемлекет Уағдаласушы Тараптарды басқа мемлекеттердің осы Келісімге қосылғаны туралы және кез келген Уағдаласушы Тарапқа қатысты осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғаны туралы хабарлайды.
14-бап

Түзетулер
Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың келісуімен өзгерістер енгізілуі мүмкін. Барлық Уағдаласушы Тараптармен қол қойылған барлық өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
15-бап

Күшіне енуі
Осы келісім Мердігер Тараптармен Депозитарий-Мемлекетке қажетті заңдық рәсімдер және күшіне енгізу үшін ратификациялау процедураларын орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы жіберілгеннен кейін 30 күннен кейін күшіне енеді. Депозитарий-Мемлекет басқа Уағдаласушы Тараптарға осындай хабарламалар туралы мәлімдейді.
16-бап

Қолданылу мерзімі
1. Осы Келісім күшіне енген сәттен бастап он (10) ішінде әрекет етеді.

2. Кез келген Уағдаласушы Тарап, егер ол Депозитарий Мемлекетті осы Келісімнен шығу ниеті туралы алдын ала 6 ай бұрын хабарландырған жағдайда осы Келісімнен шығуы мүмкін.

Осы Келісім барлық Мердігер Тараптардың келісімі бойынша ұқсас кезеңге ұзартылуы мүмкін.
Ашхабад қ. 2011 жылғы 25 сәуірде қол қойылды, бұл парсы жыл есебіне сәйкес 1390 жылғы 5 Ордибехешт және Хижра бойынша 1432 жылғы 22 Джумада ал-аввал араб тілінде, парсы, түркмен, өзбек, орыс және ағылшын тілдерінде бір түпнұсқада жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Түсіндіруде алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Осыны қужандыру үшін Уағдаласушы Тараптардың Мемлекеттері Басшыларынан тиісті түрде өкілеттік алған өкілдері осы Келісімге қол қойды.




Иран Ислам Республикасы

Үкіметі үшін
Оман Сұлтандығы

Үкіметі үшін
Катар Мемлекеті

Үкіметі үшін
Түрікменстан

Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасы

Үкіметі үшін

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет