Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленген және меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Қашықтықтан білім беру технологиясын (бұдан әрі – ҚБТ) пайдалану арқылы оқу процесін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелген) тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары (бұдан әрі - МЖМБС) және білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.
3. ҚБТ-ны іске асыру теледидарлық, желілік және кейс-технология бойынша жүзеге асырылады.
4. ҚБТ-ны пайдалана отырып, оқу процесін жоспарлау мен ұйымдастыру да оқу түрлері бойынша уақыт нормаларын білім беру ұйымдары өз бетінше белгілейді.
5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) білім беру порталы – ҚБТ бойынша білім беру процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық және оқу-әдістемелік ақпараты бар ақпараттық ресурстар мен Интернет сервистерінің желілік-ұйымдастыру өзара байланысқан жиынтығы;
2) DBA бағдарламасы – DBA бағдарламасы басқарушы кадрларды, практикалық тәжірибесі бар, сондай-ақ менеджменттің заманауи тұжырымдамалары мен модельдерін меңгеру және дамыту үшін қолданбалы зерттеулер жүргізуге мүдделі жоғары буын менеджерлерін бейіні бойынша доктор дәрежесін бере отырып даярлауға арналған бағдарлама;
3) executive MBA бағдарламасы (бұдан әрі – ЕМВА (экзекютив ЭмБиЭй)) – бұл мақсатты аудиторияның ерекшеліктерін ескере отырып, топ-менеджерлерді даярлауға бағдарланған МВА бағдарламасы;
4) жаппай ашық онлайн-курс (бұдан әрі – ЖАОК) – электронды оқыту технологиялары қолданылатын, жаппай интерактивті қатысуға және Интернет арқылы ашық қол жеткізуге болатын оқыту курсы;
5) МВА бағдарламасы – бизнес саласындағы заманауи білімдер мен дағдыларды меңгерген, процестер мен кадрлық активтерді басқаруға, компанияның стратегиясын жасауға, стратегиялық және оперативті міндеттерді анықтай білуге және ғылыми аспаптарды қолдана отырып, оларға қол жеткізе білуге қабілетті басқарушы кадрлар даярлау бағдарламасы;
6) мультимедиа – пайдаланушыға әртекті деректермен (графика, мәтін, дауыс, бейне) жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аппараттық және бағдарламалық құралдар кешені;
7) оқу нәтижелері – білім алушының білім беру бағдарламаларын және қалыптасқан құндылықтар мен қатынастарды меңгергендігін көрсететін алған білімі, білігі, дағдылары көлемін дәлелді бағалау;
8) онлайн прокторинг – тұлғаны верификациялау және ойлайн-емтихандардан өту нәтижелерін растайтын жүйе;
9) сандық білім беру ресурстары (бұдан әрі - СБР) - бұл интербелсенді түрде оқытуды қамтамасыз ететін, оқу пәні және (немесе) модульдер бойынша дидактикалық материалдар: фотосуреттер, бейнефрагменттер, статистикалық және динамикалық үлгілер, виртуалды шынайылық пен интерактивті модельдеу нысандары, дыбыстық жазбалар мен өзге де цифрлық оқу материалдары;
10) тьютор – студентке нақты пәнді және (немесе) модульді игеруге көмектесетін академиялық консультант рөлін атқарушы оқытушы;
11) формальды емес білім беру – оқу мерзімі мен нысанын ескерместен, оқу нәтижелерін растайтын құжат беретін білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың білім беру түрі;
12) цифрлық контент – цифрлық оқу материалдарын ақпараттық (мәтіндер, графикалар, мультимедиалар және өзге де маңызды толықтырулар) толықтыру;
13) желілік технология - оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесін әкімшілендіруді қамтитын технология;
14) кейс-технология - қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге) және оларды өз бетінше зерделеу үшін білім алушыларға жеткізуге негізделген технология;
15) аралас оқыту – бұл білім беру ұйымының білім беру порталында орналастырылған арнайы электрондық оқу материалдарын пайдаланатын дәстүрлі күндізгі оқытуды онлайн оқытумен ұштастыру негізінде білім беру процесін ұйымдастыру.
6. ҚБТ мыналарға:
1) білім берудің барлық деңгейлерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар, оның ішінде мүгедек балалар, бала кезінен мүгедектер, I және II топтағы мүгедектер болып табылатын тұлғаларға;
2) денсаулық мүмкіндіктері уақытша шектелген және білім беру ұйымдарына тұрақты баруға мүмкіндігі жоқ тұлғаларға;
3) мекемеде тиісті техникалық жағдайлар болған кезде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын және бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталғандарға;
4) техникалық және кәсіптік білім алумен жұмысты қоса атқаратын кәмелет жасындағы тұлғаларға (білімі жұмыс бейініне сәйкес келген жағдайда);
5) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру базасындағы қысқартылған білім беру бағдарламалары және MBA (ЕМВА) және DBA бағдарламалары бойынша білім алушыларға;
6) аралас оқытуды қосатын жоғары немесе жоғары білім беруден кейінгі білім бағдарламалары бойынша білім алушыларға;
7) жоғары және (немесе) жоғары білім беруден кейінгі білім бағдарламалары бойынша білім алушылардың алмасу бағдарламалары бойынша мемлекеттен тыс жерлерге шыққан, «Болашақ» стипендиаттарынан бөлек білім алушыларға;
8) жоғары білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша ұзақ мерзімді шетелдік іссапардағы (2 айдан астам уақыт) білім алушыларға;
9) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламалары бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламалары шеңберінде білім алушыларға;
10) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқитын және мемлекеттен тыс жерлерде жүрген шетелдіктерге, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ тұлғаларға;
11) тиісті мемлекеттік органдардың шектеу шаралары, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жағдайларында білім беру саласындағы уәкілетті органның ұсынымы негізінде қосымша білім берудің, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларға қатысты қолданылады.
7. ҚБТ осы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық білім алу нысандары кезінде, оның ішінде формальды емес, қосымша білім беру, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, оның ішінде шет тілдеріне қатысты пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |