Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 112 Қаулысы
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 29) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 19 қаңтардағы
№ 112 қаулысымен
бекітілген
Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін
ұйымдастыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 29) тармақшасына сәйкес әзірленген және қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Қашықтықтан білім беру технологияларын (бұдан әрі - ҚБТ) іске асыру мынадай түрлер бойынша жүзеге асырылады: ТВ-технологиясы, желілік технология мен кейс-технология.
3. Қашықтықтан білім беру технологияларының субъектілері білім алушылар, педагогикалық қызметкерлер және қосымша білім беруді оқып үйрену бағдарламаларын іске асырушы ұйымдар болып табылады.
4. ҚБТ-ны білім беру ұйымдары өз бетінше іске асырады.
5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) ТВ-технология – телевизияның эфирлік, кәбілдік және спутниктік желілерін қолдану негізіндегі технология;
2) желілік технология – оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесін әкімшілендіруді қамтитын технология;
3) кейстік технология – қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге) және оларды өз бетінше зерделеу үшін білім алушыларға жеткізуге негізделген технология;
4) Қашықтықтан білім беру технологияларын іске асыратын білім беру ұйымының интернет-ресурсы – білім беру үдерісінің қатысушылары үшін әкімшілік-академиялық ақпараттары бар интернет-ресурсы;
5) ақпараттық-білім беру порталы – ҚБТ бойынша білім беру процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық оқу-әдістемелік ақпараты бар, ақпараттық ресурстар мен Интернет сервистерінің желілік-ұйымдастырушылық өзара байланысқан жиынтығы;
6) контент – оқу материалдарын ақпараттық (мәтіндер, графикалар, мультимедиалар және басқа да маңызды толықтырулар) толықтыру;
7) мультимедиа – пайдаланушыға диалогтық режимде әр текті деректермен (графика, мәтін, дауыс, бейне) жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аппараттық және бағдарламалық құралдар кешені;
8) қашықтықтан оқытудың ақпараттық технологиясы – электронды тасмалдағышта оқу материалдарын құру, беру және сақтау технологиясы, оқу процесін ұйымдастыру мен сүйемелдеу ақпараттық-телекоммуникациялық технологиясы;
9) ақпараттық-білім беру ресурсы – білім беру сипатында қалыптастырылған ой мен білім, әртүрлі деректер, оларды жинақтау әдістері мен құралы, ақпараттар көзі мен тұтынушылар арасындағы алмасу мен сақтау;
10) тестілеу кешені – білім беру процесінің барлық деңгейінде білім алушылардың оқу материалдарын меңгеру дәрежесін анықтау үшін қолданылатын бағдарламалық құрал;
11) Тьютор - білім алушыларға оқытушы оқытатын пәнді игеруге көмектесетін тұлға.
2. Қашықтықтан білім беру технологиялары
бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі
6. Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдарында:
1) білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпараты бар парақтарымен білім беру порталының;
2) телекоммуникациялық желіге шығу мүмкіндігі бар жабдықтың (Интернет, спутниктік теледидар);
3) мультимедиялық сыныптардың және электрондық оқу залдарының;
4) оқу контентінің;
5) меншікті контентті (локалді және желілі) құруға арналған зертханалар мультимедиасының;
6) тестілеу кешенінің;
7) оқытуды басқарудың желілік жүйесінің (Learning Management System – LMS);
8) оқу контентін басқару жүйесінің (Learning Content Management Syst – LCMS) болуы талап етіледі.
7. Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдарында:
1) білім беру ресурстарын әзірлеу және жаңарту үшін педагогикалық қызметкерлерге, профессорлық-оқытушылық құрамға жағдай жасайды;
2) білім алушыларға оқу материалын ақпараттық технологиялар немесе қағазда тасымалдағыштар арқылы жеткізеді;
3) «on-line» режимінде кеңес беруді ұйымдастырады және өткізеді;
4) «off-line» режимінде білім алушылармен кері байланысты ұйымдастырады;
5) «on-line», «off-line» режимінде білім алушылардың оқудағы жетістіктерін бақылайды;
6) аутентификация жүйесі арқылы білім алушылардың тұлғасын сәйкестендіреді.
8. ҚБТ білім алушылардың мынадай санаттарына қолданылады:
1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім және жоғары білім базасындағы қысқартылған білім бағдарламасы бойынша;
2) барлық білім беру деңгейлерінде мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар, оның ішінде мүгедек балалар, І және ІІ топтығы мүгедектер болып табылатын тұлғалар үшін;
3) «Болашақ» стипендиаттарын қоспағанда, жоғары білім деңгейінде білім алушылардың алмасу бағдарламасы бойынша мемлекет аумағынан тысқары шыққан білім алушылар;
4) жоғары білім деңгейінде сырттай оқу түрі бойынша жедел әскери қызметке шақырылғандар;
5) жоғары білім деңгейінде ұзақ мерзімді (4 айдан астам) шетелдік іссапардағы тұлғалар.
9. ҚБТ бойынша оқуға ниет білдірген тұлғалар еркін нысанда білім беру ұйымы басшысының атына оқуда ҚБТ-ны пайдалану мүмкіндігі туралы уәждемелі негіздемелері келтірілген және растаушы құжаттарды ұсына отырып өтініш жазады:
1) мамандығы бойынша жұмыс істейтін тұлғалар үшін жұмыс орнынан анықтама;
2) мүгедек балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ұсынымы.
10. Өтініш бес күнтізбелік күн ішінде қарастырылады. Білім беру ұйымы басшысының бұйрығы білім алушы қолданатын ҚБТ-ны көрсете отырып, күнтізбелік екі күн ішінде ресімделеді.
11. Бұйрыққа:
1) білім алушының өтініші;
2) білім алушылардың жеке оқу жоспары;
3) әрбір білім алушының оқу қызметін ұйымдастырудың жеке кестесі;
4) мүгедек балалардың қашықтықтан оқыту технологиялары бойынша оқу процесіне қатысу мүмкіндігі туралы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ұсынымы қоса беріледі.
Білім беру ұйымы екі күнтізбелік күн ішінде білім алушыны ҚБТ қолданылатын оқу процесінің жоспары және кестесімен таныстырады.
12. Білім алушыларды оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарында ҚБТ пайдалану арқылы іске асыратын барлық оқу жоспарларының пәндері бойынша электрондық оқу-әдістемелік кешендері болуы керек.
13. Электронды оқыту-әдістемелік кешендерді дайындауды үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес әзірленген, бекітілген оқу жұмыс бағдарламалары бойынша курстың әзірлеушісі жүзеге асырады.
14. Электрондық оқу-әдістемелік кешен міндетті және қосымша жиынтықтардан тұратын пәндерді енгізеді.
15. Міндетті жиынтық:
1) пәннің мазмұнын; күнтізбелік-тақырыптық жоспарды, ұсынылатын әдебиеттер (негізгі және қосымша) тізімін, пәндерді модульдерге бөлуді; қашықтан өткізілетін консультация кестесін қамтитын жұмыс оқу бағдарламасынан;
2) лекцияның электрондық конспектісінен;
3) практикалық және семинар сабақтарының материалдарынан;
4) студенттің дербес жұмыс және студенттің оқытушының жетекшілік етуімен дербес жұмыстар істеуі үшін тапсырмалардан;
5) аралық бақылау ұйымдастыруға материалдардан (бақылау жұмыстары, тестілеу тапсырмалары, жеке тапсырмалар);
6) қорытынды бақылау ұйымдастыру жөніндегі материалдардан (тестілеу емтихандық тапсырмалар, емтихан сұрақтары, билеттер, емтихандық бақылау жұмыстары) тұрады.
16. Қосымша жиынтық курстық жұмыстарды жасауға арналған әдістемелік кешендерден, үйрету сипатындағы компьютерлі бағдарламалардан, тренадерлардан, репетитордан, анықтама-әдістемелік құралдардың орындалуының мультимедиалық варианттары және пәннің оқу материалдарын игеруге көмектесетін материалдардан тұрады.
17. ҚБТ-ны ендіруші білім беру ұйымында білім алушылардың деректер базасын қамтитын ақпараттық басқару жүйесі енгізіледі (білім алушыларды қабылдау, ауыстыру, қалпына келтіру туралы бұйрық, олардың ағымдағы үлгерімдері туралы мәліметтер).
18. ҚБТ-ны іске асыратын білім беру ұйымында ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастырушылық, әдістемелік, ақпараттық және техникалық қолдауды жүзеге асыратын және құрамында келесі қызметтері бар арнайы құрылымдық бөлімшелер құрылады:
1) ҚБТ бойынша оқу процесін әкімшілендіру;
2) ҚБТ дидактикалық құралдарын әзірлеу;
3) ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету.
19. Оқу процесін әкімшілендіру қызметі оқу процесін ҚБТ бойынша жоспарлайды және ұйымдастырады, ҚБТ-қа байланысты құжаттаманы жүргізеді, оқытушылар мен тьюторлардың біліктілігін жоғарылатуды жоспарлайды, білім алушылардан бақылау материалдарын (бақылау және курстық жұмыстар, эссе, реферат, жазбаша емтихан тапсыру парағы және тағы сияқтылар) басып шығарылған немесе электрондық нұсқаларда жинауды; осы материалдардың сәйкес тьюторларға білімдерді бағалау үшін тапсыруды ұйымдастырады; тьюторлардан алынған ағымдағы үлгерім туралы деректерді бірыңғай ақпараттық деректер базасына енгізуді қамтамасыз етеді.
20. ҚБТ дидактикалық құралдарын әзірлеу қызметі электрондық оқулықтарды, мультимедиялық курстарды, әдістемелік құралдар мен басқа бақылау түрлерін әзірлеуді, иелікке алуды және игеруді жүзеге асырады, тестілеу жүйелерін және білімдерді бақылау түрлерін, ҚБТ-ға арналған ақпараттық ресурстарды пайдалану әдістемесін әзірлейді.
21. Ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету қызметін пайдалануда қашықтықтан білім берудің бағдарламалық, ақпараттық және техникалық құралдарын әзірлейді, игереді және қолдайды.
22. ҚБТ-ны іске асыратын білім беру ұйымы білім алушыларға телекоммуникациялық желілер мен құралдарды (Интернет-портал, телефон, теледидар) пайдаланумен және оқу процесінің қатысушыларының өзара әрекет етуі арқылы ғылыми және әдістемелік көмекті қамтамасыз етеді.
23. ҚБТ бойынша оқыту бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу жоспарлары, сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары білім беру мамандықтарының барлық оқу жоспары бойынша жүргізіледі.
24. Оқу жылы академиялық кезеңдерден тұрады және академиялық күнтізбеге сәйкес аяқталады.
25. Білім беру қызметінің барлық түрлері мыналар арқылы жүзеге асырылады:
1) телекоммуникациялық құралдарын пайдалану немесе білім беру мекемесінде тікелей байланысты пайдалану арқылы педагогикалық қызметкерлердің немесе тьютордың педагогикалық қатынасы (білім берушінің бастамасы бойынша);
2) білім беру құралдарымен білім алушының дербес жұмысы (ОӘК, қосымша әдебиет).
26. ҚБТ қашықтықтан оқу сабақтарын «оn-line», «оff-line» режимінде өткізуге негізделген.
27. «Оn-line» режімінде оқу сабақтары нақтылы уақыт режимінде оқудың өзара іс-әрекеті үдерісін қарастырады (бейнеконференция, Интернет желісімен хабар алмасу, телефон аппараты бойынша байланыс арқылы).
28. «Оff-line» режімінде оқу сабағы білім беру қарым-қатынасы процесі кезінде оқытушы мен білім алушы арасындағы тілдесу асинхронды түрде өтеді (электрондық почта, кейіннен аралық және/немесе қорытынды бақылау тапсыруымен, оқытушының тапсырмасы бойынша білім алушының оқулық бойынша жұмысы).
29. Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау және аралық аттестаттау оқу жұмыс жоспарына, академиялық күнтізбеге және оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
30. Үлгерімді ағымдық бақылауды жүргізуге және аралық аттестаттауды өткізуге төмендегілер арқылы рұқсат етіледі:
1) ақпараттық-телекоммуникациялық құралдарды пайдаланумен қоса on-line режимінде білім алушы мен оқытушының тікелей қатынасы;
2) автоматтандырылған тестілеу кешендері;
3) жазбаша жеке тапсырмаларды тексеру (кейстік технология).
31. Білім беру ұйымы білім алушылардың ағымдағы үлгерімін бақылау мен аралық бақылауды, шектеудің электрондық әдістерін қолдана отырып, рұқсат етілмеген кіру мен жалғандықтан сақталған ақпараттық жүйеде жүргізеді.
32. Білім алушы пән бойынша аралық аттестаттауға оқу жұмыс бағдарламасымен белгіленген барлық бақылау шараларын орындаған және тапсырған жағдайларда жіберіледі.
33. Оқу сабақтарының барлық түрлерінен жоғары білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың оқудағы жетістіктері білімді бағалаудың әріптік балдық-рейтингтік жүйесі бойынша бағаланады.
Бастауыш, негізгі, жалпы орта білім, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі оқу жоспарлары бойынша білім алушылардың оқу жетістігі пәндер бойынша бағаланады.
34. ҚБТ кезінде курстық жұмыстарды қорғау:
1) білім беру ұйымында көпшілік;
2) телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып on-line режимінде;
3) білім алушылардың курстық жұмысты (жобаны) қағаз тасымалдағышта, электрондық түрде және бейнежазбаларды курстық жұмыстарға пікір жазылғаннан кейін білім беру ұйымдарына жіберу жолымен жүзеге асырылады.
35. Кәсіптік практиканы білім беру ұйымдары мамандықтың ерекшелігіне қарай жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |