Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ӘОЖ 32. 001 (574) Қолжазба құқығында
АСЫЛТАЕВА ЭЛЬНУРА БЕЙСЕНБЕКОВНА
Қазақстан қоғамының демократизациялануы контекстіндегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу ерекшеліктері
6D050200 - Саясаттану
Философия докторы (PhD)
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми кеңесші
саяси ғылымдарының докторы,
профессор А.С.Балапанова
Шетелдік ғылыми кеңесші,
профессор Э.Матинья (АҚШ)
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2013
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ......................................................................................................................3
1 Азаматтық бірегейлік мәселелерін зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері..................................................13
1.1 Біpeгeйлік тeоpиясы әлeумeттік біpeгeйліктің құpылымдық элeмeнті peтіндe шeтeл жәнe отандық әлeумeттік-саяси ойлаpдағы даму эволюциясы....13
1.2 Азаматтық бірегейлікті түсіндірудегі негізгі теориялық көзқарастар...........26
1.3 Ұлттық демократиялық мемлекетті қалыптастырудағы азаматтық бірегейліктің рөлі.......................................................................................................46
1.4 Саяси-салыстырмалы контекстегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісі.........................................................................................................................61
2 Қазақстанда демократиялану жағдайындағы азаматтық бірегейлік трансформациясының қазіргі жай-күйі...............................................................................................................74
2.1 Қазақстандағы азаматтық бірегейліктің қалыптасуының ерекшеліктері: кезеңдері және спецификасы....................................................................................74
-
Қазақстанда азаматтық бірегейліктің трансформациясына институционалды өзгерістердің әсері.....................................................................................................83
-
Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі жағдайы......................90
-
Қазақстандағы азаматтық бірегейлік қалыптасуының жағдайы мен болашағы..............................105
3.1 Қазақстан қоғамының бірегейлік иерархиясындағы азаматтық бірегейліктің орны..........................................................................................................................105
3.2 Азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы қазақ бірегейлігінің рөлі.........118
ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………………..............129
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР…..............………………………..........132
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертацияда Қазақстан Республикасы қоғамының демократиялануы жағдайындағы азаматтық бірегейліктің қалыптасу ерекшеліктері мен үдерісіне саясаттанулық талдау жүргізіледі. Жұмыста қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасында азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың қажеттілігі анықталды. Автор азаматтық бірегейліктің қоғамды жұмылдыру мен мемлекетте саяси тұрақтылықтың орнығуы, жалпы ұлттық демократиялық мемлекеттің қалыптасуындағы, сонымен қатар этносаралық келісім мен бейбітшілікті орнатудағы рөлі мен орнын айқындайды. Сонымен қатар еңбекте азаматтық бірегейліктің батыс ғылымындағы тұжырымдамасына жүйелі талдау зерделеніп, Қазақстан тәжірибесіне қолайлы азаматтық бірегейліктің индикаторлары мен компоненттері анықталды. Қазақстан Республикасы азаматтарының санасында азаматтық бірегейліктің қалыптасуы мен нығаюына септігін тигізетін нақты ұсыныстар жасалды.
Диссертациялық зерттеудің өзектілігі. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының азаматтары бірегейлік трансформациясын басынан кешіріп келеді. Онда басты назар азаматтардың бірлігі, этносаралық келісім іспеттес мәселелеріне аударылды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің елдің ортақ мүддесі мен болашағын айқындайтын «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім - біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған», - деп, оның маңыздылығын ашық көрсетеді [1]. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстан халқын біріктіру, жұмылдыру жолында бірнеше жұмыстар жүрігізіліп келді. Қазіргі таңда Қазақстан өзінің ұлтаралық татулығын сақтап қана қоймай, бір шаңырақтың астында олардың үйлесімді өмір сүруіне үлкен мән беріліп отыр. Ендігі мақсат - сол татулық пен келісімді сақтап, әрі қарай дамыту табылады. Осы қазіргі кезеңде азаматтық бірегейліктің, ұлттың қалыптасуы жаңа кезеңге қадам басқандығы аңғарылады. Елдің «Қазақстан - 2050» стратегиясында көрсетілген бұл қадам қазақстандық патриотизмді дамытумен тығыз байланысты. Ресми құжатқа сәйкес, қазақстандық патриотизм негізінде – азаматтық бірегейлік жатуы қажет. Ол дегеніміз - ұлты, діні, шығу тегіне қарамастан барлық азаматтардың үндестігі негізінде халықты ортақ мүддеге жету жолында жұмылдыру. Қазақстанның болашағы үшін ортақтаса әрекет етуді талап етеді. Сондықтан қазіргі кезеңде азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға үлкен мән берілу қажет.
Қазақстан қоғамының азаматтық бірегейлігін қалыптастыру қажеттігі тек қана мемлекет ішіндегі тұрақтылықты орнатуға емес, қазіргі күрделі жаһандану жағдайында азаматтардың мемлекеттің толыққанды мүшесі ретінде патриоттық сезімін дамытуымен сипатталады.
Ал бұл орайда азаматтық бірегейлікке қатысты таңдаулы анықтаманың жоқтығы мәселені күрделендіре түседі. Ол өз кезегінде бірегейлендірудің ортақ механизмдерін анықтауға кедергі келтіреді.
Тақырыптың өзектілігі жетпіс жыл бойы кеңестік бірегейліктің Қазақстан Республикасы құрылған сәттен бастап трансформацияға ұшырауының жай-күйін анықтаумен сипатталады. Өйткені бірегейліктің бір түрден екінші түрге ауысуы күрделі үдеріс болып табылып және де көп уақытты талап етеді. Сонымен қатар қазіргі таңда біздің мемлекетіміздің өтпелі қоғам жағдайын ескеретін болсақ, әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени мәселелердің орын алуы елдегі ішкі тұрақтылыққа өз әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені елдегі түрлі реформалар, қоғам, мемлекет институттарының модернизациялануы қоғамда жаңа құндылықтар жүйесінің орын алуына септігін тигізді. Осы тұста елдің біртұтастығын сақтап қалу маңызды шарт ретінде қарастырылады. Сондықтан мемлекеттің күн тәртібінде өздерін Қазақстан Республикасының шынайы, толыққанды азаматы ретінде позициялайтын ұрпақты тәрбилеу тұруы қажет.
Қазақстанда ұлтты қалыптастырудың өзіндік ерекше үлгісі қалыптасты деуге болады. Бұл көбінесе, қазіргі ғылыми әдебиеттерде азаматтық ұлттың қалыптасуымен анықталады. Осылайша қоғамның азаматтық бірегейлігінің өзіндік үлгісі қалыптасты. Дегенмен, қазіргі кезеңде азаматтық бірегейлікті жаңғырту мен оның мәнін ашу, жаңаша көзқарас беру мәселесі орын алуда. «Қазақстанның азаматы» анықтамасының мазмұнын байыту қажет. Ал бұл тұста шынайы, бірегей, бәсекеге қабілетті Қазақстан ұлтын қалыптастыру өзекті болып отыр. Сол ұлттың бірігуінің жемісі ретінде азаматтық бірегейліктің жоғары деңгейі орын алуы керек. Себебі қазіргі Қазақстан қоғамы түрлі топтардан тұрып, кішігірім бірегейлік түрлеріне бөлшектенуімен сипатталады.
Елдің егеменділігі, биліктің легитимділігі қазіргі таңда азаматтық бірегейлік деңгейіне тығыз байланысты болып келеді. Ондағы басты мәселе халықтың толыққанды бірегей ұлт болып қалыптасуында жатыр. Ұлт өзін-өзі айқындайтын, мүдделерін қамтамасыз ете алатын біртұтас қауымдастық болып табылады. Ал біртұтас қауымдастық ортақ бірегейлікті қалыптастыру арқылы өмірге келеді. Сондықтан да Қазақстан қоғамы санасында ұлттық, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мемлекеттің егеменділігін сақтап, нығайтуда үлкен рөл атқарады.
Азаматтық, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үдерісі әр мемлекетте өзекті тақырыптардың бірі ретінде саналады. Кейбір мемлекеттер үшін мемлекетішілік қоғамның бірегейлігін қалыптастыру өзекті болса, кейбір мемлекеттер ұлтүстілік, бірнеше мемлекеттердің азаматтарын біріктіретін бірегейлік түрін қалыптастырумен айналысады. Еуропа мемлекет үшін бірегейліктің қалыптасуы еуропалық ортақ бірегейлікпен қалыптасуымен қатар жүреді [2].
Ал Қазақстан үшін қазіргі таңда басты мақсат – ел ішіндегі тұтастықты қамтамасыз ететін бірегейлікті қалыптастыру.
Қазақстан ғалымдарының пікірінше, ұлттық және мемлекеттік бірегейлік арқылы ғана қазіргі жаһандану кезеңінде басқа әлемдік қауымдастық алдында Қазақстан өзінің орны мен рөлін сақтап және жаһанданудың қатерлеріне жауап бере алады. Сонымен қатар бірегейлікті сақтау арқылы елдің әрі қарай өркениетті даму мүмкіндігіне ие болады [3, 3б].
Сондықтан бірегейліктің көптеген түрлерінің кең етек жаюы, жаһандық әсердің күшеюі елдің жұмылуын қажет етеді. Ал бұл орайда азаматтық бірегейлік мемлекеттің тұрақтылығына қамтамасыз ету факторы ретінде қарастырылады. Қазақстан өзінің тұрақтылығы мен ұлттын қалыптастырудың маңызды кезеңіне аяқ басып отыр. Бұл кезеңде тарихи маңызды мәселе ретінде халықтың татулығы мен келісімін орнату мақсатында барша азаматтарға ортақ құндылықтар жүйесін анықтап, азаматтылықтың берік негізін қалыптастыру жүзеге асырылуы тиіс.
Зерттеу мақсаты – Қазақстан қоғамының демократиялануы жағдайындағы азаматтық бірегейліктің қалыптасуының негізгі ерекшеліктері мен рөлін анықтау.
Зерттеудің алға қойған мақсатын жүзеге асыру үшін:
- бірегейлікті зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізін нақтылай және қорыта отырып, «бірегейлік» ұғымына анықтама беру;
- саяси-әлеуметтік ғылымдарындағы әлеуметтік бірегейліктің ерекше түрі ретінде «азаматтық бірегейлік» түсінігінің батыс ғылымындағы анықтамасының мәнін ашу, Қазақстан саяси ғылымында және саяси шынайылықтағы «азаматтық бірегейлік» ұғымына анықтама беру;
- саяси-салыстырмалы контекстегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісі мен азаматтық бірегейліктің қалыптасу ерекшеліктері және түрлі мемлекеттердегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу кезеңдерінің спецификасын анықтау;
- азаматтық бірегейліктің ұлттық демократиялық мемлекетті қалыптастырудағы мәнін тұжырымдау, оның орны мен рөлін анықтау;
- қазіргі Қазақстандағы азаматтық бірегейліктің қалыптасу ерекшеліктері мен негізгі тенденцияларын талдау;
- қазіргі таңдағы «қазақстандық бірегейліктің» мәнін ашу;
- Қазақстан қоғамының санасындағы азаматтық бірегейліктің бірегейлік матрицасында орнын анықтау;
- қазақстандық қоғамның азаматтық бірегейлігін қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған ұсыныстарды жасау мен негіздеу сияқты міндеттерді шешу алға қойылды.
Зерттеу нысаны - Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық бірегейлігі.
Зерттеу пәні - Қазақстан Республикасы қоғамының демократиялануы жағдайындағы азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісі.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізін азаматтық бірегейлік пен азаматтық ұлтты құру, ұлттық демократиялық мемлекет құру мәселелері бойынша зерттеулер жүргізетін отандық және шетелдік ойшылдар, ғалымдардың ғылыми жұмыстары құрайды.
Автор диссертациялық жұмыста зерттелініп отырған тақырыптың пәнаралық сипатын ескере отырып, жан-жақты жүйелі зерттеу мақсатында жүйелі талдау әдісін пайдаланды. Сонымен қатар салыстырмалы, тарихи, контент-талдау, әлеуметтік сауалнама жүргізу зерттеу әдістері пайдаланылды.
Зерттеудің деректік негізін: нормативті-құқықтық құжаттар бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік бірегейлік туралы» тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары, Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еңбектері, «Ұлт бірлігі» доктринасы, Үкімет қаулылары құрайды; диссертацияның эмпирикалық базасын 2013 жылы автормен жүргізілген республикалық әлеуметтік сауалнама, контент-анализ нәтижелері, республикалық, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар материалдарының жинағы, азаматтық форумдар, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының жариялаған ғылыми еңбектері құрайды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеу нәтижесінде келесідегідей жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді:
-
Саясаттану ғылымы шеңберінде Қазақстан ғылымында азаматтық бірегейлік мәселесін зерттеуде теориялық-әдіснамалық әдістер кешені жүйеленді;
-
Шет мемлекеттер тәжірибесіне сүйене отырып, саяси-салыстырмалы контекстіде азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісі жан-жақты зерттелінді. Зерттеу еңбегінде батыс мемлекеттеріндегі азаматтық бірегейліктің қалыптасуының ерекшеліктері анықталды;
-
Азаматтық бірегейліктің ұлттық демократиялық мемлекетті қалыптастыруда орны мен рөлі анықталды. Қазіргі кезеңде мемлекеттің тұрақтылығының басты факторы ретінде Қазақстанның демократиялық даму жолында азаматтық бірегейліктің қалыптасуының ерекшеліктері мен кезеңдері айқындалды;
-
Азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы саяси механизмдер ретінде азаматтық бірегейлік трансформациясына институционалды өзгерістердің әсері анықталды;
-
Қазақстан қоғамы арасында әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы азаматтардың бірегейлік иерархиясында азаматтық бірегейліктің орнын анықтау арқылы қазақстандық бірегейліктің мазмұны ашылды;
-
Мерзімді басылымдарға контент-талдау жүргізу нәтижесінде «қазақстандық» бірегейліктің қалыптасуына кешенді зерттеу жүргізілді;
-
Тұрақтылық пен этносаралық келісімнің негізі ретінде Қазақстан қоғамының санасында азаматтық бірегейлікті қалыптастыру жолында нақты тәжірибелік ұсыныстар келтірілді.
Ғылыми зерттелу деңгейі. Азаматтық бірегейлік мәселелерінің зерттелуі ең алғаш батыс ғалымдарының еңбектерінде көрініс табады. Бұл жалпы «бірегейлік» ұғымының өзі батыс ойшылдардың еңбектерінде орын алып, алғаш рет ғылыми айналымға ене бастағанымен тығыз байланысты. Бұл орайда «бірегейлік» ұғымы мемлекеттік пайда болуымен тұспа-тұс келіп, «азамат», «азаматтық қоғам», «демократия» ұғымдары шеңберінде қарастырылып келді.
Ғылыми еңбектерді талдай келе, көптеген ғалымдар азаматтық бірегейлік ұғымының ұлтты құраудағы орны мен рөліне назар аударғандарын байқаймыз. Бұл бірінші кезекте «ұлтты» құраудағы «азаматтық ұлтшылдық» идеяларымен сабақтаса келді [4]. Өйткені ұлт батыс мемлекеттерінің тарихында мемлекетті құраушы басты категория болып табылды. Осы орайда саяси ғылымдардың негізгі зерттеу объектісі болып табылатын мемлекет ұлттың жемісі ретінде көрініс тапты.
Қазіргі таңда тек қана саяси ғылымдарда емес, әлеуметтік-қоғамдық ғылымдарда азаматтық бірегейлік тақырыбы жазылған зерттеулер айтарлықтай көп емес. Дегенмен, қазіргі кезеңде, әсіресе, посткеңестік мемлекеттерде әлем сахнасында тәуелсіздікке жаңадан қол жеткізген мемлекеттер үшін азаматтық бірегейлік мәселелерінің өзектілігі күннен-күнге артып келеді. Осы орайда тек батыс ғылымында ғана емес, әлемнің түпкір-түпкірінде азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың әдістері, индикаторлары, ерекшеліктері, компоненттері зерттелініп келеді.
Әр мемлекеттің зерттеушілері азаматтық бірегейлікті өздерінің тарихи, әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайларына байланысты өзіндік зерттеу мен түсіндіру дәстүрлерін қалыптастырды. Кейбір ғалым, ойшылдар азаматтық бірегейлік ұлтты орнықтыруда жалпы ұлттық, тең құқықтық, еркіндік, бостандық құндылықтары арқылы қарастырса, зерттеушілердің басқа тобы азаматтық бірегейлікті саяси әлеуметтенудің көрінісі немесе патриотизмнің көрінісі ретінде зерделейді. Яғни қазіргі таңда азаматтық бірегейлікті зерттеу, қолдану аясы күннен-күнге кеңейіп бара жатқандығын байқауға болады. Дегенмен, қазіргі таңда азаматтық бірегейлікке анықтама беруде ортақ, көпшілікпен қабылданған түсініктеменің жоқ екендігін аңғарамыз. Кейбір зерттеушілер ғылыми талдау шеңберінде оны мүлдем жоққа шығарса да, ол ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі болып отыр. Оған шетелдік мамандар барынша көп көңіл бөліп келеді, оның ішінде мақсатын басқаша көретін, мәселені талдаудың басқа әдістерін немесе басқа терминдерді («американдық арман», «еуропалық идея» және т.б.) қолданатындар да бар.
Дегенмен, қоғамдық, гуманитарлы ғылым салаларында азаматтық бірегейлік ұғымына берілген біржақты, ортақ анықтама жоқ. Әр ғалым бұл феноменді әртүрлі қырлардан қарастырып, аталған ұғымның күрделілігін дәлелдейді.
Азаматтық бірегейлікті қозғамас бұрын, жалпы бірінші кезекте «бірегейлік» терминінің бірыңғай анықтамасы жоқ екенін байқауға болады. Ол қоғамдық ғылымдардың әр саласында өзіндік зерттеу пәні мен әдістерін қамтиды.
«Бірегейлік» ұғымын зертттеп, түсіндірме жасап, талдаған ғалымдардың алғашқы легіне психология саласындағы З. Фрейд [5.], Э. Эриксон [6], А. Раттанзи мен А. Фоникс [7], Дж Марсиа [8], Э. Фром [9] және т.б.сынды ұлы ғалымдарды жатқызуға болады.
Ал «бірегейлік» ұғымын әлеуметтік интеракционизм шеңберінде қарастырған зерттеушілердің қатарында Дж. Мид [10], А. Тешфел [11], Дж. Тернер [12], М. Шериф [13], Ч. Кули [14], У. Джемс, А. Гидденс [15], Г. Брейкуэлл [16] және т.б. табылады. Л. Краппман [17], Э. Гоффман [18], Е. Гелнер [19] сияқты ғалымдар индивидтің бірегейлігін сақтау мен басқара алу мүмкіндігіне назар аударып, микроәлеуметтік ортада индивидтердің өзара әрекет нәтижесінде азаматтық бірегейлікті зерттейді.
Бірегейлікті модернизация мен интегративті дәстүр тұрғыдан қарастыратын тұжырымдама шетелдік С. Лаш пен Ж. Фрайдман [20] өздерінің «Модернизация және бірегейлік» («Модернизация и идентичность») атты еңбегінде, сонымен қатар Ж. Буркит [21], М. Хоггс [22], К. Седикидес [23], Р. Аткинс, Д. Харт, Т. Доннелли [24], М. Бамберг [25], М. Бернштайн [26] және т.б. сияқты авторлардың назарында болды.
Бірегейліктің біздің зерттеуіміздегі азаматтық түрі де ғылымның әр саласының дамуымен қатар түрлі қырлардан сипатталып келді.
Достарыңызбен бөлісу: |