1.4 Саяси-салыстырмалы контекстегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісі
Ұлт пен ұлттық мемлекеттердің қалыптасу мәселелері қазіргі таңда ұлт құрау саясатында өзекті тақырыптардың біріне айналып келеді. Бұл бір қырынан, жаһанданып отырған жағдайда мемлекеттердің тұтастығын қамтамасыз етуде көрініс тапса, екінші кезекте ішкі саяси тұрақтылығымен көзге түсетін әлемдік аренада толық құқықты субъектілі ұлттық мемлекет құрауда өз орнын табады. Оған біздің түсінігіміздегі азаматтық бірегейлік арқылы қол жеткізуге болады. Дегенмен мемлекеттердің пайда болуы, егеменділігіне, тәуелсіздігіне ие болу ұлттың ұлт ретінде қалыптасуы үдерісінің әр түрлілігінің болуымен сипатталады.
Өйткені мемлекет пен ұлт арасындағы байланыс пен өзгешелік бір-бірінің құзырында болады. Алдыңғы бөлімде айтылғандай, мемлекет пен ұлттың пайда болуы тарихта не бірінің, не екіншісінің еншісінде болып келді. Кейбір жағдайда мемлекет ұлттан бірінші пайда болып, ал ұлт Б.Андерсонның сөзімен айтқанда «елестетілген қауымдастық» ретінде кейін пайда болады. Ал кейбір жағдайда ұлт идеясы мемлекеттің тәуелсіздігі мен егеменділігі жолында құрал ретінде пайдаланылып келеді. Бірінші жағдай көбіне Батыс мемлекеттерінде, миграциялық, қоныстану жолымен пайда болған мемлекеттер Америка мен Африка мемлекеттерінде орын алса, екінші жағдай Шығыс Еуропа елдері, бұрынғы КСРО мемлекеттеріне кірген елдер мен Азия мемлекеттерінде орын алды.
Осы орайда ұлттық демократиялық мемлекеттердегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісіне салыстырмалы тарихи саяси талдау жасап көрелік.
Қазіргі таңда әлемге өзінің бірыңғай ұлтымен, дамыған демократиясымен ерекшеленетін ұлы держава Америка Құрама Штаттарындағы азаматтық бірегейлік мәселелері «ұлттық бірегейлік» ұғымымен ауыстырылады. Өйткені, Америкадағы мемлекетті ұлттың (саяси мағынада) өзі құрады. Сондықтан ұлттық (азаматтылық мағынада) бірегейлік мемлекеттен бұрын пайда болды деуге болады.
ХІХ ғасырдың өзінде саяси ұйымның пайда болуының мақсаты мемлекеттің ұлттық бірлігін құру болып табылды. Осы орайда «азаматтылық негіздері» бойынша америкалық оқу құралдары пайда болды. Мигранттарды америкалық қоғамға, азаматтық қоғамға мүше болуға деген дайындықта, азаматтарды демократиялық тәрбиелеуде Қоғамдық ғылымдардың Америкалық ассоциациясы (1865), Саяси ғылымдардың академиясы (1880), «Саяси ғылымдардың хабаршысы» (1886) өз септігін тигізді [143, 71б.].
Ал жалпы Америкадағы ұлттық бірегейлік үш құрамды компоненттен тұрады: саяси институттар, әлеуметтік-экономикалық жағдай, мәдени бірегейлік. Саяси институттар: демократия/республика (билік балансы, заң, билік легитимділігі), екі партиялық жүйе (адамдардың мемлекеті, адамдар үшін құрылған мемлекет), конституция (құқықтар билі, азаматтық либерализм), заңның жоғары болуы (ұлттық мемлекет). Ұлттықтан жоғары бірегейлік АҚШ-тың халықаралық ұйымдардағы көшбасшылық рөлі, халықаралық арендағы барлық мемлекеттермен мойындалған экономикалық және әскери күші, әлемнің Батыс аймағындағы батыс құндылықтардың көшбасшысылығында көрініс табады.
Сонымен қатар азаматтық бірегейліктің қалыптасуының әлеуметтік-экономикалық алғышарттары әр адаммның индивидуалды рөлін, оның ішінде жауапкершілгін, басқа жақтан келетін қатерлерге жауап ретінде топтасуын, сонымен қатар қоғамның рөлін (мүдделердің агрегациясы мен артикуляциясын), және де ең маңыздысы, этностық, нәсілдік, гендерлік және де басқа ерекшеліктерге қарамастан ортақ топтық бірегейліктің жоғары болуын, жеке тәрбиелеуді білдіреді (білім беру, қаржылық жетістік және т.б.).
Америка Құрама Штаттарындағы мәдени бірегейлік ортақ азаматтық бірегейліктің қалыптасуына үлкен үлес қосады. Бұл орайда мәдени бірегейліктің келесі компоненттеріне ерекше мән беріледі: дін, ағылшын тілі, тарихи этностық көптүрлілік, әдебиет пен өнердің рөлі, құқықтар мен міндеттердің ортақтығы.
«Біз кімміз?» атты С.Хантингтон өз еңбегінде ұлттық бірегейлік сыртта жау орын алып тұрғанға дейін жоғары болады. Ал сыртта жау, қауіп-қатерлер жоқ болса [144, 17б.].
Дегенмен де АҚШ мемлекетінде ұлттық (азаматтық) бірегейлік бір дегеніннен пайда болған жоқ. Америка тарихында азаматтық бірегейліктің бастауында этностық, нәсілдік, идеологиялық бірегейліктер болды. Осыған дәлел ретінде афроамерикандық нәсілдің біраз уақытқа дейін дискриминацияға ұшырауын айтуға болады. Америка ұлтының орын алуына осы этностық, діни, мәдени, идеологиялық көптүрлілік, ежелден келе жатқан ортақ тарихи өткен шақтың болмауы өз үлесін қосты. Сонымен қатар Томас Джефферсон алғаш ұсынған «америкалық кредо» сенім идеясы себеп болды. Бұл идеяның өзі XVII—XVIII ғасырда пайда болып, оның негізгі элементтері ретінде ағылшын тілі, евангелияның 10 тұжырымдамасы, заңның жоғарылығы, билеушілір мен бағынушылардың жауапкершілігі, протестанттық құндылықтар, оның ішінде индивидуализм, жұмыс этикасы, осы өмірді жақсартуға деген сенім болды. Көптеген мигранттар Америкаға осы мәдениет және мемлекет беріп отырған мүмкіндіктердің артынан келді. Қазіргі таңдағы Эллис аралында орнатылған «Еркіндік статуясы» осы америкалық арманның символы ретінде тұрғызылған болатын.
Америкалық ұлттық бірегейліктің қалыптасуына ағылшын протестанттық мәдениеттің де рөлі зор болып есептеледі. Протестанттық мәдениет америкалық азаматтарды біріктіріп, басқалардан өзгешелейді [144, 19б.].
Америкалық азаматтық бірегейліктің қазіргі кезеңдегі қалыптасуына патриоттық тәрбиенің мәні зор болды. Өйткені, штаттардың қазіргі ішкі саясаты жас буыннан бастап, яғни баланың дүниеге келе салысымен мемлекеттік рәміздерді (ойыншықтар, киімдер, интерьерде және т.б. тұрмыстық жағдайларда) қолдану бала кезден бастап америкалық құндылықтарды, бейнелерді бойға сіңіруге үлесін тигізеді.
Ал Америка мемлекетінің мемлекеттік туы әр үйдің жанында ілулі тұруы азаматтылықтың, патриоттықтың жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар АҚШ азаматтыр үшін мемлекеттік мейрамдарға үлкен мән беріледі. Оның ішінде ең бастысы Америка азаматтары үшін 4 маусым «Тәуелсіздік күні» ерекше аталып өтіледі. Бұл күні мемлекеттік тудың «көк, қызыл, ақ» түстерін кез-келген жерден байқауға болады, ал мемлекеттік әнұран әр ұйым, үйде естіліп тұрады.
Стэнли Хоффман америкалық бірегейліктің негізгі мазмұнын екі фактормен ашады: «материалды фактор» - иммиграцияның салдарында пайда болған этностық көптүрлілік, және «идеологиялық фактор» - либералды-демократиялық кредо [145].
Қазіргі таңда этносаясатты жүргізуде АҚШ мысал алу керек деген пікірді ұстанатын азаматтар да баршылық. Кейбіреулер тарихи, мәдени жағдайлар әртүрлі және аралығы тым қашық екендігін ескерместен, Америкада бізге өнеге болатын жағдайлар көп деп есептейді [146]. Америка Құрама Штаттарындағы бізге өнеге ретінде ондағы азаматтардың бойында патриоттық сезімді дамыту үлгісі ұтымды болады.
Осы орайда қазір ресми құжаттарымыз бен саяси идеологияны қарайтын болсақ, біздің АҚШ-тан еш айырмамыз жоқ. Дегенмен де этномәдениет, этностың территориясына тәуелді мемлекет қатарына жатпайды. Ол адамның шыққан тегіне, тілі, діні, этносына қарамастан, сол аумақтағы белгілі бір шарттарға мойынсұнған азаматтарды жасанды символдар төңірегіне біріктіреді [147]. Бір сөзбен айтқанда қазіргі кезеңде Америка ұлттық саясатын «қайнаушы қазан» саясаты деп атауы бекер емес. Ол бірнеше кішігірім мәдениеттерді қамтып, ортақ мәдениетті анықтады. Ал ол тұрғыда этностық ерекшеліктерге, яғни бір этностың доминанты болуына жол берілмегендігін көрсетеді.
Біздің полиэтносты қоғамымыз бір ұлттың мемлекетқұраушы ұлттың төңірегінде ұйысу мәселесі көтеріліп отырған жағдайда бұл идеяның өміршеңдігі төмендейтінін байқаса болады. Кейбір ғалымдар, сонымен қатар ұлттық-патриоттар тобы АҚШ-тың азаматтық ұлт қалыптастыру дәстүрі бізге үлгі бола алмайды деп есептейді. Аталған идеяны көбіне қазақ ұлты өкілдерінің ұстанатынын байқаса болады. Яғни олардың пайымдауынша ұлт құрудың американдық үлгісі бізге тиімді болып есептелмейді.
Батыс демократиясының келесі ұлы мемлекеті ретінде Ұлыбритания мемлекетіндегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісіне талдау жасайық. Қазіргі таңда Ұлыбритания үшін бірегейлік мәселесі өте өзекті мәселелер қатарына жатады. Бұл мемлекет те полиэтносты, полимәдени мемлекеттер қатарына жатады. Сонымен қатар қазіргі таңда көпетеген зерттеушілердің сөзімен айтқанда «Үлкен қоғам» идеясын, мультимәдениет үлгісін жүзеге асырып отыр.
Э.Смиттің айтуынша Ұлыбританиядағы ұлт «этностық басымдыққа ие болған ядро» ретінде көптеген жылдар бойы қалыптасты. Ал азаматтық бірегейлік XVIII-XIX ғасыларда мемлекеттік ұлтшылдықтың негізінде пайда болды. Бұл орайда Ұлыбританияның қарамағында автономды мемлекеттердің орын алуын естен шығармаған жөн. Сондықтан бұл мемлекеттегі азаматтық бірегейлік ұлтүстілік бірегейлік түрінде дамып келеді. Бұл үдерісте маңызды компонент ретінде мәдени бірліктің жүзеге асуына үлесін тигізген ағылшын тілі, ағылшын тілінің мәдениетіне, ағылшын халқының тарихы мен мақтаныш сезімі болып табылады.
Жалпы Ұлыбританияның азаматтық бірегейлігінің қалыптасуында келесі мәселелердің орны ерекше болып есептеледі:
- Азаматтық борыш пен жүріс-тұрыс, соның ішінде сайлауларға жүйелі түрде қатысу;
- Легитимділікті сезіну, саяси билік пен механизмдерге сенім мен монархияны қолдау;
- Қоғамдық тәртіпті қолдаудың басымдылығы, үкіметтік мәселелерді халықтың шеше алуы;
- Ұлттың «этностық» тұжырымдамасы [148].
Ағылшындықтарды біріктіретін өзіндік мәдениеті мен менталитеті қалыптасқан, және ең бастысы барлық халыққа ортақ ұлттық мінез, жүріс-тұрыс орын алады. Яғни, бұл орайда азаматтық бірегейліктің ежелден келе жатқан ағылшын салт-дәстүрінің ерекше рөл атқаруын көрсе болады.
Сонымен қатар Батыс әлемінің ұлттық мемлекеттеріндегі азаматтық бірегейлікті талдайтын болсақ, Ульям Брубейкердің «Франция мен Германиядағы азматтылық пен ұлт» атты философия докторы ғылыми атағын алу үшін дайындалған ғылыми еңбегі үлкен ақпарат береді [149] Алғашында Еуропа мемлекеттерінің негізгі азаматтары ретінде бұрыннан келе жатқан, сол территорияда мекен ететін тайпалар, этностық топтар құраған болатын. Оларды біріктіруші фактор ретінде бірінші кезекте тіл және мемлекеттілікті қалыптастыру идеясы алға қойылған.
Дегенмен де қазіргі кезеңде бұл мемлекеттердегі азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың мәселелері иммигранттардың ағып келіп жатқан үдерісімен сипатталады. Әрине, батыс мемлекеттері үшін ұлттық мемлекеттің пайда болуында азаматтық бірегейлік ерекше рөлге ие болды. Бұл оларды қазіргі кезеңде ұлттық мемлекеттер ретінде анықтауда үлкен үлес қосады. Дегенмен де алғашында ұлттық мәдени ерекшеліктер негізінде пайда болған ұлт қазіргі кезеңде басқа мемлекеттерден келген иммигранттар үшін еніп кететін, яғни өздерін «француз» немесе «неміс» деп атап кету мақсатында ұлттық саясат жүргізіліп отырғандығын байқаса болады.
Қазіргі таңда мультимәдениеттіліктің өзі аталған мемлекеттер үшін Ангела Меркелдің айтуынша «қатер» төндіреді. Өйткені, ұлттық бірегейліктің кішігірім топтық бірегейліктерге бөлініп кету, яғни қоғамның ыдырап кетуіне жол береді деп есептейді.
Мысалға Бельгия, Германия, Франция, Дания, Голландия, Великобритания мен Швеция мемлекеттеріндегі жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша, мультимәдени қоғам идеясына азаматтар кері пікірді білдірген, олардың айтуынша діни, мәдени және нәсілдік көптүрлілік қоғам өмірінде позитивті рөл атқарады дегенге сенімдік білдірмейді [150]. Яғни, қазіргі кезеңде полиэтносты қоғамда азаматтық бірегейліктің либералды мазмұны қатты сынға ұшырап отырғанын көрсетеді.
Батыстық ұлттық мемлекеттер үшін бірінші кезекте мемлекеттің унитарлы, яғни мемлекеттік бірегейліктің эгалитарлы типі сәйкес болуы қажет. Ал екіншіден, азаматтардың мемлекетке тиісті болуы өзіндік қасиетті мәнге ие болуы қажет. Бұл орайда мемлекеттің болашағы үшін өзін құрбан етуге дайын болуы керек, «қасиетті актілерді» орындауы қажет. Үшіншіден, мемлекетке мүше болу ұлттық бірегейлікке негізделуі қажет. Яғни, саяси қауымдастық өз кезегінде мәдени қауымдастық болуы шарт, ортақ тіл мен ортақ менталитет, ұлттың заңды өкілі болуы керек. Егер де сол мемлекетке бір тілді тарататын ұлт болмаса басқа мүшелер ассимиляцияға ұшырауы керек. Төртіншіден, мемлекетке мүше болу демократиялық принциптердің орындауымен жүргізілуі қажет. Бесіншіден, әрбір адам тек бір мемлекетке ғана мүше болуы керек. Ең соңында алтыншыдан, мүшелік әлеуметтік жанамалы сипатқа ие болуы керек. Яғни, бір мемлекетке тиісті болу азаматқа артықшылықтар әкеліп, үнемі мадақталып отыруы жөн. Ол объективті және субъективті түрде жоғары бағалануы тиіс [149].
Азаматтық бірегейліктің азаматтық ұлтшылдық негізінде пайда болған Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка мемлекеттеріндегі түрі осы елдерде өзіндік ерекшеліктерге тап болды. Бұл мемлекеттілік дәстүрдің азаматтық саясатқа әсерінде көрініс табады. Мысалға, Германия, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ және Канада арасында азаматтық бірегейліктің қалыптасу механизмдерінде өзгешеліктер бар.
Бұл орайда АҚШ пен Канада мемлекеттері таза иммиграциялық жолмен пайда болған мемлекеттер болып табылады. Ал Батыс Еуропа мемлекеттері туралы классикалық иммиграцияның негізінде пайда болған мемлекеттер деп атай алмаймыз. Бұл Еуропа мемлекетінде мүлдем иммиграциялық үдерістің болмағандығын білдірмейді. Тек сол мемлекеттердегі ұлттың пайда болуы тарихи кезеңнен келе жатқан бір ұлттың айналасында пайда болғандығын көрсетеді.
Америкалық ғалымдар саяси бірегейлік сезім мен өзінің ұлт-мемлекетіне деген тиістілігін тұрақты сезімінің екеуінің де маңыздылығы жоғары деп есептейді. Жаңа мемлекеттер азаматтық мәдениетті құру үшін азаматтарды біріктіретін рәміздер және шынайы сезім қажет. Олар бір рәмізге айналатын оқиға немесе харизмасы жоғары көшбасшыға деген сенім сияқты жұмылдырушы ортақ факторлар қажет болып табылады. Сонымен қатар, мысал үшін, Германия мемлекетінде азаматтық бірегейлікті нығайту үшін үкімет өзінің міндеттері мен халық алдында уәделерін орындап отыруы тиіс [149]. Яғни белгілі бір саяси жүйеге тиістілігін жүзеге асыруда азаматтық бірегейліктің компоненттері ретінде әлеуметтік сенім мен азаматтық ынтымақтастық өзінің елеулі ықпалын білдіреді.
Екінші ерекшелік аталған елдердегі мемлекеттік бірегейлікті қалыптастырудағы ұлтқа мүше болу арқылы жүзеге асыруға негізделеді. Дегенмен де екі топта да ұлттың түсінігі мен мазмұны бір бірінен өзгешеленеді. Франция, Германия, Швеция мемлекеттері унитарлы мемлекеттер қатарына жатса, Швейцария, Ұлыбритания, АҚШ және Канада федеративті, көпқұрылымды мемлекеттер қатарына жатады. Бұл ұлттың кеңістік аймағын белгілейді. Дегенмен де Батыс Еуропа мемлекеттерінің арасында бір-бірінен айырмашылықтары бар. Мысалы, Франция ұлтының қалыптасуы алғашында саясат пен мәдениеттің өзара қиылысу нүктесінде қалыптасты. Ал, Германиядағы бірегейлік мәдениеттің негізінде орын алды және азаматтық идеяларын көтермеді.
Қазіргі таңда азаматтық бірегейліктің тікелей елдегі ішкі экономикалық жағдайдға тікелей байланысты болып келеді деген тұжырымдар өте көп. Дегенмен де азаматтардың экономикалық және этностық жағдай бойынша өздерінің қажеттіліктері орын алады. Мысалға, Канада өзінің экономикалық тұрғыда дамыған мемлекеттер қатарына кірсе, азаматтар оның ішінде квебек этностық топтары ол мемлекеттен бөлініп кетуді қалайды. Бұл орайда Канадада экономикалық жағдайдан гөрі этностық бірегейліктің жоғары тұрғанын көруге болады. Канадағы азаматтық бірегейліктің, ұлттың қалыптасуында ағылшын тілді және француз тілді азаматтардың бірегейлігінің қақтығыстары орын алады. Бұл этностық бірегейліктің маңызды сипатқа ие болған мемлекет ретінде тануға болатынын көрсетеді. Яғни бұл жерде азаматтық бірегейліктің қалыптасуында этностық бірегейлік арасында қақтығыстардың орын алғанын көруге болады. Дегенмен де қазіргі кезеңде Канада этностық бірегейлігін сақтап қалған азаматтық ұлтының болуымен сипатталады.
Азаматтылық бірегейлік Франция халқы үшін иммигранттардың бірігуінің (азаматтылық саяси мағынада) алғышарты болса, Германиядағы азаматтылық этномәдени қарым-қатынаспен анықталады [149].
Дегенмен де қазіргі саяси тәжірибеде бірегейліктің мәдени, этностық түрлері басымдыққа ие болып бара жатқанын байқауға болады. В.С.Мартьяновтың айтуынша, Еуро Одақ, АҚШ, Ресей, Үндістан және де басқа мемлекеттердің тәжірибесіндегі «қайнаушы қазан» идеологиясының өміршеңдігінің қысқалығын көрсетеді. «Бірінші әлем елдері» үшін «қайнаушы қазан» идеясы этностық азшылықтың ассимиляцияға ұшырауы орындалмас арман екендігін, ал мультимәдени қоғамдарда субмәдениеттердің күресі күрделене бергендігін көрсетеді [151, 39б.]. Бұл құбылысты кейбір ғалымдар «мәдени жатақханалар» деп атайды. Өйткені аталған мемлекеттерде аралас нәсілдік адамдар өкілдері күннен күнге көбейе береді [152]. Ал олардың мемлекет пен азаматтық қоғам дамуына үлесі анықталмайды деп көрсетеді.
Бұл мемлекеттердегі мультимәдениеттіліктің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалға, Батыс Еуропа мемлекеттерінде қазіргі иммигранттардың көптеп келуі мемлекеттің ішінде кішігірім мәдени, этностық анклавтардың пайда болғандығын байқауға болады. Ол анклавтар бір аудан аймағында өмір сүріп, тілі, мәдениеті, дінін сақтап қалу мен нығайту режимінде өмір сүреді. Мысалға, Париж қаласының өзінде бір аудан аймағында тек араб тілінде сөйлейтін, араб мәдениетін ұстанатын қауымдастықтар бар. Олардың барлығының күн көріс әдісі, дүкендері, асханалары, яғни кішігірім бизнестері бар. Дегенмен де олар Франция ұлтын құрайды. Сондықтан да Франция халқын біріктіретін ортақ адамзаттық, мемлекеттік құндылықтар мен рәміздер қолданылады.
Жалпы батыс мемлекеттеріндегі ұлтты құрау демократиялық идеялармен ұштасып келді. Бұл орайда ұлттар тек қана саяси ұжым, әлемді территориалды бірліктерге бөлетін ұғым ғана емес, сонымен қатар биліктің қайнар көзі – халық түсінігінің де мәнін ашты. Ұлттың негізгі басты элементі азаматтылық, ал ұлттың барлық мүшелері демократиялық саяси үдеріске қатысатын тең әрі еркін азаматтардан тұрады [153]. Азаматтылық сезімсіз ұлттың қалыптасуы мүмкін емес. Өйткені тек азаматтылық қоғамды саяси өмірге араластырып, мүдделерін білдіруге септігін тигізеді.
Дегенмен де ұлттық мемлекеттердегі ұлттың қалыптасуын тек қана азаматтық алғышарттар ғана емес, сонымен қатар этностық, мәдени компоненттер де орын алатынын байқауға болады. Бұл шынайы «азаматтылық ұлтшылдықтың» үлгісі ретінде Америка ұлтының қалыптасу тарихында америкалық ұлтшылдықта да көрініс табады. Мысалға, С.Хантингтон Америка ұлтының қалыптасуына нәсілдік, этностық және діни қасиеттердің ұйыған ақ англо-саксондық протестанттың ықпалы зор болды деген қорытындыға келеді [144, 49б.].
Осы орайда ұлтты қалыптастырудағы екі бағыт немесе жол қалыптасады: этностық ұлтшылдық пен азаматтық ұлтшылдықты бір-біріне қарама-қарсы ұғым ретінде қарастыруға болмайды. Әр ұлт жобасында азаматтық және этностық компоненттер орын алады. Мәселе тек осылардың өзара пропорциясы мен механимздерінде жатады [145]. Азаматтық ұлтшылдықтың таза мысалы ретінде алынған Америка Құрама Штаттарындағы ұлттың қалыптасу үдерісі осыған дәлел болады.
Азаматтық бірегейліктің батыс мемлекеттер мысалында ерекшелігін анықтау мақсатында Шығыс мемлекеттері арасында паралелль жүргізіп көрелік. Қазіргі кезеңде саяси ғылымдардың этносаясат саласында ең үздік үлгі ретінде Азия мемлекеттері ішінде Сингапурдың ұлт құрау тәжірибесі үлкен қызығушылық туғызады. Көптеген шығыс мемлекеттер секілді колониялды биліктен ХХ ғасырда ғана азат болған мемлекеттер ішінде Сингапур үдемелі модернизациялық даму үдерісі тұрғысында алдыда келе жатыр. Сингапур әлемдегі көп полиэтносты мемлекеттер қатарына жатады. Сингапур халқы біркелкі емес. Ондағы тек қана тілдік емес, діни, мәдени, дәстүрлі көптүрлілік орын алады. Және ол ерекшеліктері әр адамның санасында берік нығайған. Дегенмен де Сингапур халқы ағылшын тілі арқылы бірігіп отыр және ұлт құрауда Азия халықтарының дәстүрлік құндылықтарын үйлестіре білді.
Сингапур халықтарының азаматтық бірегейлігін қалыптастыруда бірден бір үлкен үлесін қосқан мемлекеттің экономикалық жүйені модернизациялау арқылы қол жеткізген «экономикалық жетістік» есептеледі. Сингапурдың экономикалық ғажайыбы және әлеуметтік қауіпсіздікке бағытталған жүйелі саясаты өз кезегінде мемлекетті, халықты, қоғамды біріктіретін түрткі күш ретінде қабылданды.
Соңғы екі жылдықта Сингапур постиндустриалды қоғамдар үшін авторитарлы саяси режим негізінде азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың озық үлгісі болып табылады. Ол саяси еркіндіктер мен саяси қатысудың мүмкіндігін шектейтін квазиазаматтық бірегейлікті дүниеге әкелді. «Ортақ құндылықтар идеологиясы» шеңберінде мемлекет қатаң әлеуметтік иерархияға бағдар алған «азиялық бірегейлікті» қалыптастыру мен қолдауға ұмтылды. Сингапур билігі бір қырынан, Батыс мемлекеттеріндегі мәдениетті есепке ала отырса, екінші қырынан, «азиялық ұлттың» жүріс-тұрыс пен моралдық принциптердің дәстүрлі шығыстық үлгісін – ұжымдық, келісушілік бағдарларды, отбасылық құндылықтар, нәсілдік және діни толеранттылықты қамтыды [154].
Сингапурдағы азаматтық бірегейліктің қалыптасуына үлкен үлесті әлеуметтік саясат қосады. Мемлекет халықты елде өмір сүру жағдайын экономикалық жетістік арқылы жақсарту жолында қалаулы мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Бұл орайда тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласына аса назар аудару, өмір сүру және жалақы деңгейін көтеру және т.с.с.мәселелерді шешуге басымдық берілді.
Жоғарыда көрсетілген мемлекеттер азаматтық бірегейлік қалыптасуының озық тәжірибесінің үлгісі болғанымен, салыстырмалы саясаттану принциптеріне сәйкес біздің елімізге барынша саяси шындығы жақын келетін, ортақ тарихы мен азаматтылық бірегейліктің қалыптасуының бірдей алғышарттары мен мүмкіндіктері ортақ болып келетін посткеңестік мемлекттердің тәжірибесін қарастыруды дұрыс деп табамыз.
Диссертациялық зерттеу жұмысы шеңберінде саяси-салыстырмалы зерттеу жүргізуде аса қызығушылықты бұрынғы КСРО мемлекетінің орнына пайда болған жаңа демократиялық мемлекеттердің тәжірибесі тудырады. Кеңестік Социалистік республикалар Одағы ыдырағаннан кейін 15 мемлекеттердің барлығы (Эстония, Литва, Латвия, Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Өзбекстан, Молдова, Украина, Беларусь, Түрікменстан, Армения, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан) төл халықтың атымен аталатын болды.
Сонымен қатар мемлекеттің егеменділігі төл этностың атымен жарияланып, мемлекеттік тіл ретінде төл этностың тілі таңдалды. Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттердің халқының алдына бір қырынан, этностық, екінші қырынан азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мәселесін қойды. 70 жыл бойы ұлтүстілік бірегейлікке «Кеңес адамы» түсінігі, бірегейлігі берік нығайған азаматтардың өзіндік санасында аяқ асты өзгеріс енгізу қиынға соқты. Өйткені, мемлекетті қалыптастыруда этностық ұлтшылдық пен азаматтық ұлтшылдық қатар жүрді.
Көптеген мемлекеттер этностық құрамы бойынша қиыншылықтарға дұшар болды. Өйткені тәуелсіздік алған мезетте елдің этностық құрамында төл этностың үлесі елу пайыздан төмен болмады. Сонымен қатар, көптеген этнос өкілдері, көптеген мәдениет өкілдері мемлекеттің полиэтносты, полимәдени, поликонфессиялы құрамын анықтады.
Сонымен қатар аталған мемлекеттердің барлығына «ағадан» мұра ретінде азаматтылықтың кеңестік түрі берілді. Яғни қазіргі кезеңде посткеңестік мемлекеттердегі тәуелсіздік алған жылдары азаматтық бірегейлік төмендегі жағдайлармен қалыптаса бастады:
- азаматтық бірегейліктің этностық бірегейлікпен қатар жүруі;
- азаматтық бірегейліктің демократиялық құндылықтармен баюы;
- азаматтық бірегейліктегі «кеңестік адам» компонентінің орын алуы;
- мемлекеттік рәміздер, құндылықтардың өзгеруімен (ту, елтаңба, әнұран, мемлекеттік тіл және т.б. сипатталды);
- азаматтық бірегейлік азаматтық, мәдени интеграция арқылы жүзеге аса бастады;
- жаңа мемлекеттік-азаматтық бірегейлік қалыптаса бастады.
КСРО мемлекетінде орын алған этносаяси жағдай көп орайда халықтың азаматтық және этностық бірегейлігін анықтады. Аталған екі бірегейлік те өз кезегінде кеңестік азаматтық сана сезімде күрделі сипатқа ие болды. Формальды түрде КСРО-да екі азаматтылық орын алды: бірі жалпы одақтық, екіншісі республикалық. Дегенмен де республикалық азаматтылықтың мәні одақтық азаматтылыққа қарағанда маңызды болмады [155, 4б.].
Нұртай Мұстафаев анықтағандай, көптеген посткеңестік мемлекеттер үшін азаматтық бірегейліктің қалыптасу мәселесі өзекті болып келеді. Бұл бір қыранан, КСРО-ның ыдырауы алдында этностық қауымдастықтардың саяси қауымдастыққа трансформациялануымен анықталады [156]. Бұл ретте ұлтты қалыптастырудың саяси мәнін, мағынасын айтып кету жөн. Өйткені, этностық топтар арасындағы либералды құндылықтар, теңдік пен өзара ынтымақтастық Қазақстанның көпвекторлы саясатына жағымды әсер еткендігі байқалады. Оның үстіне этностық азшылықтың мәдениеті мен дәстүрінің сақталуына оңтайлы жағдай жасау тек қана ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етпей, Қазақстанның да әлемдік сахнада көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, толерантты мемлекет атағына ие болуға септігін тигізді.
Дегенмен де ғылымда КСРО ыдырағаннан кейін әлемдік аренадағы жаңадан пайда болған мемлекеттердегі ұлттың қалыптасуын Г.Смит келесі ерекшеліктермен сипаттайды: 1) ұлттың примордиялануы, яғни бұл ретте этностық бірегейлікті бір қисынды, тұрақты және өзгермелі ретінде сипаттайды; 2) мемлекеттер ұлтты тарихтандырады, яғни ұлт тарихында «алтын ғасырды» анықтап, ұлттық батырларды насихаттайды; 3) ұлтты ортақтандырады, яғни адамды «ұжымдық тұлға» ретінде ортақ ұжымдық жады мен ортақ отан негізінде біріктіреді [157].
Қазіргі таңда Ресей Федерациясында азаматтық бірегейліктің қалыптасу мәселесіне көптеген ғылыми мақалалар мен диссертациялық жұмыстар, монографиялар жарияланып жатыр. Жалпы сол ғылыми жұмыстарды талдай отырсақ, басым көбісінде азаматтық бірегейлікті патриотизм, саяси әлеуметтену, саяси мәдениет қырынан қарастыру тенденциясы басым болып табылады. Бұл әрине, бірінші кезекте мемлекеттің тұтастығыны, егеменділігін, тыныштығын сақтауда үлкен үлес қосады. Өйткені, Ресей федеративтік мемлекет болып табылады. Олардың ұлтты қалыптастыру үдерісі бірнеше автономиялы мемлекеттерді біріктіре отырып, барлық халыққа ортақ «ұлтүстілік» немесе «мемлекеттік-азаматтық» бірегейлікті қалыптастыру арқылы жүзеге асып отыр.
Осылайша Ресейдегі азаматтық бірегейліктің құрылымы ретінде келесілер анықталған:
-
мемлекеттік бірегейлік – адамның нақты бір мемлекетке тиістілігін сезіну, конституциялық құқықтар мен міндеттерді қабылдау;
-
патриотизм – мемлекеттік бірегейлікті құндылықты мазмұнмен толықтыру;
-
азаматтылық – мемлекеттік белсенді мүшесі ретінде және мемлекеттік өміріне шынайы әсер ете алатын азаматтың қасиеттерін бойына сіңіру [158, 17б.].
Қазақстан азаматтық бірегейлігінің қалыптасу үдерісіне ұқсас тәжірибе ретінде Эстония, Беларусь мемлекеттерінің үлгісін анықтауға болады. Қазіргі көптеген әдебиеттерде посткеңестік мемлекеттердің трансформациясының эстондық үлгісі сәтті болып табылады. Қазақстан мен Эстония мемлекеттері модернизациялану үдерісінің алдында ұқсас жағдайда болды. Екі мемлекет те этностық қайшылықтарды айналып өтті деуге болады. Сондықтан қазіргі кезеңде азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісінің мысалы ретінде Эстония Республикасының тәжірибесін қарастырып көрейік.
Көптеген зерттеушілер Батыс және Шығыс Еуропа мемлекеттерінде азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда үлкен өзгешелік пен айырмашылық бар деп есептейді. Эстония батыс үлгісінде ұлттық мемлекетті құраудың ерекше мысалы болып табылады.
Эстония Республикасы қазіргі таңда тәуелсіз демократиялық парламенттік республика болып табылады. Тәуелсіздік алған жылы Эстония халқының құрамы эстондықтар 61,5%, орыстар 30,3%, украиндықтар 3,1%, белорустар 1,8%, финдіктер 1,1%, басқалары 2,2% тұрды. Мемлекеттік тілі ретінде эстон тілі, ал орыс тілі жалпы қолданыстағы тіл болып табылды [159].
Эстония Республикасының азаматтық бірегейлігінің қалыптасуы 1918 жылдарда қалыптасты деп айтуға болады. Өйткені мемлекет ретінде Эстония 1918 жылы алғашқы егеменділігіне жетіп, КСРО құрамында болғанмен, өзінің «Тәуелсіздік күнін» 1918 жылдан бері өткізіп келеді. Бұл мемлекеттің ұлттық-мемлекеттік құрылысы өзіндік екі тенденциямен сипатталады: біріншісі, демократиялық мемлекет ретінде (азаматтық бірегейліктің либералды тұжырымдамасын қолдау), екіншіден, этностардың, этностық мәдениет пен тілдік интеграциясы. Дегенмен де Эстонияның ортақ азаматтық бірегейлігінің қалыптасуына әсер еткен мәселелер орын алды. Олар бірінші кезекте, орыс этносымен тығыз байланысты болды.
Эстония ғалымы Райво Ветик өзінің «Посткоммунистік трансформация мен жаһандану контекстіндегі ұлттық құрылыс: Эстония мысалында» атты еңбегінде Эстония халқының азаматтық бірегейлігін дамытуда орыс тілінің кедергі болғандығын айтады [160, 10б.]. Өйткені, орыс тілді халық этностық изоляционизм жағын қолдады. Бірден эстон тіліне бет бұруға қарсы болды. Осы орайда ғалымдар этностық азшылықтың төл этноспен өзара байланысқа, қатынасқа келуі мәселені шешуде үлес қосады деп есептеді. Себебі, тек қана мықты біріккен әлеуметтік-саяси қауымдастық қана күшті азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда қажетті шарт болып табылады.
Жалпы Эстония мемлекетіндегі азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мақсатында келесі мәселелерді шешуді жүзеге асыру көзделді:
-
тіл мәселесін шешу;
-
мемлекет болашағы үшін ортақ жоспарларды анықтау;
-
демократияның нығаюйы мен тереңдеуі;
-
мемлекетке деген сенімді нығайту.
Ал ұлттық құрылыста Эстония Республикасы үш үлкен кезеңнен өтті: бірінші кезең 1988-1995 жылдар аралығын қамтиды. Аталған кезеңде мемлекетте (этностық) ұлттық құрылыс саясатына бет бұрғандығы көрініс табады. Екінші кезең 1995-2001 жыл аралығында жалпы ұлттық консолидация және интеграция саясатының жүргізілуімен сипатталады. Ал үшінші кезең 2001 жылдан басталып, ұлттық құрылыстағы Еуро Одаққа мүше болу контекстінде қалыптаса бастады. Бұл кезеңде Еуро Одақ пен ЕҚЫҰ ұйымдарының азаматтылықты қалыптастыруда этностық азшылық құқықтарын қорғау, жалпы ұлттық азамыттылықты құрудың батыстық либералды дәстүр бойынша жүргізілуіне әсер етті. Этностық тиістілігіне тәуелсіз азаматтылықты анықтау процедуралары жетіле бастады. Дегенмен де қазіргі кезеңде ұлт тұжырымдамасы мәдени ұлт тұжырымдамасымен сәйкес келеді.
Қазіргі таңда 2011 жылғы мәлімет бойынша халқының құрамы эстондықтар 68,7%, орыстар 24,8%, украиндықтар 1,7%, белорустар 1%, финдіктер 0,6%, басқалары 3,2% тұрады.
Эстонияда азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда эстон халқы мен орыс ұлт өкілдері арасындағы бәсеке мәселені күрделене түсіреді. Ондағы ашық қақтығыстар азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы компонеттер мен индикаторларды анықтауға кедергілер келтіріп отыр. Мысалға Эстнониядағы азаматтық және этностық бірегейлікті зерттеу барысында ақпараттың рөлінің зор екенін анықтай отырып, газет беттерінде орыс тілді басылымдар негатив мақалаларды көп жарияланғаны анықталды. Оның ішінде орыс тілді «Правда» газетінде 27 пайыз негатив болса, эстно тіліндегі газеттерде тек 7 пайыз негативтің болғанын көруге болады. Азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы мемлекеттің экономикалық жағдайын ескеретін болсақ, Эстониядағы орыс ұлт өкілдері Ресейдегі экономикалық жағдайдың нашарлығынан көшуді қаламайды [120]. Сондықтан әр елдің азаматтық бірегейлігінің қалыптасуы өзіндік ерекшеліктерге тап болатынын көреміз.
Қазақстан Республикасында мекен ететін этностардың құрамына келіп тоқталатын болсақ, қазіргі таңда қазақтар 68,5%, орыстар 22,3%, өзбектер 2,9%, украиндықтар 1,9%, ұйғырлар 1,4%, татарлар 1,2%, немістер 1%, басқалар 3,4% құрайды. Осылайша жалпы саны бойынша басым қазақ, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, татар, неміс сияқты 7 этносты есептемегенде басқа ұлт өкілдері Қазақстан халқының тек 3,39% құрайды екен. Сондықтан Қазақстан халқының құрамы Эстония мемлекеті халқының ұлттық құрамымен ұқсас екеніне көз жеткізуге болады. Дегенмен де алғашқы ірі этностық топтарға көз жүгіртетін болсақ, Эстонияда славян халқының басымдығын көреміз. Яғни, бұл орайда діни, тілдік, мәдени тұрғыда эстон халқы бір-біріне ұқсас болып келіді. Ал біздің мемлекетте славян халқы мен түркітілдес халықтың орын алғандығын көруге болады. Бұл өз кезегінде барлығына ортақ құндылықтар мен мәдениетті қалыптастыруда кедергі болып табылады. Өйткені, біздің мемлекеттегі этносаралық жағдайлар дәлелдегендей, түркітілдес халықтар үшін, оның ішінде өзбек, ұйғыр, татар, түрік, әзірбайжан және т.б. тілдік лингвистикалық ұқсастықтардың негізінде қазақ тілін меңгеру қиынға соқпады. Бұл тілі, мәдениеті, діні ұқсас болған топтардың бірігуіне жеңілдік жасайды деуге болады. Сондықтан да эстон халқы үшін бірегей қоғамды құру айтарлықтай қиыншылыққа соқпады.
Дегенмен азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда әр мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік мүдделердің, саясатының бар болуы заңдылық болып есептеледі.
Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі азаматтық бірегейліктің қалыптасу үдерісі этностық бірегейлікпен қарама-қайшы келе жатқанын байқауға болады. Дегенмен де ғалымдар мен саясаткерлер азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда этномәдени ерекшеліктерген, оның ішінде мемлекетқұраушы төл этностың ерекшеліктеріне назар аудару қажет екенін айтады.
Әр мемлекеттегі азаматтардың азаматтық бірегейлігінің қалыптасуы өзіндік жолмен өтеді. Кейбір мемлекеттерге тек қана мәдени дәстүрді, менталитетті дәріптеу жеткілікті болса, кейбір мемлекеттерге міндетті түрде азаматтардың азаматтық белсенділіктерін арттыру, мемлекетке деген сенімді күшейту, ортақ мүдделерге мойынсыну арқылы жүзеге асады. Бұл азаматтық бірегейліктің бір елде қалыптасу үдерісі екінші елге мысал бола алмайтынын дәлелдейді. Яғни, мемлекет өз халқының азаматтық бірегейлігін қалыптастыруда өзінің ішкі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық жағдайын ескеру қажет.
Осы орайда Қазақстан Республикасында ұлттық демократиялық мемлекетті құрауда тек азаматтық немесе этностық бірегейлікке негізделу дұрыс еместігіне көз жеткізуге болады. Жоғарыда көрсетілген мысалдар бойынша азаматтық бірегейлік этностық бірегейлікті ығыстырмайды. Керісінше бір-бірін толықтырып отырады. Сондықтан Қазақстанда этностық белгілерге негізделген барша халыққа ортақ азаматтық бірегейлікті қалыптастыру қажет деп есептейміз. Бұл орайда әр халықтың этностық бірегейлігінің қалыптасуы мен дамуына барынша жағдай жасала отырып, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру қажет екенін байқауға болады.
Дегенмен де Қазақстан Республикасында қазіргі кезеңде азаматтардың өзіндік азаматтық бірегейлігі қалыптасты. Азаматтық бірегейліктің қалыптасуы белгілі бір кезеңдерден өтіп, айрықша белгілерге ие болды. Жалпы Қазақстандағы азаматтық бірегейліктің қалыптасуының өз ерекшеліктері барына көз жеткізсе болады.
2 Қазақстанда демократиялану жағдайындағы азаматтық бірегейлік трансформациясының қазіргі жай-күйі
2.1 Қазақстандағы азаматтық бірегейліктің қалыптасуының ерекшеліктері: кезеңдері және спецификасы
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының азаматтарының бойында азаматтық бірегейліктің қалыптасуы үдерісі өзекті болып табылады. Мұндағы мәселе азаматтық бірегейліктің жоқ болуында емес, оны сақтап және дамытуда жатыр.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап-ақ қоғамның санасында азаматтық бірегейлікті қалыптастыруды қолға алды деуге болады. Оның дәлелі ретінде елдегі жүргізіліп жатқан көптеген іс-шараларды айтуға болады. Сонымен қатар елдің ұйытқысы болған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың аталған жолда елеулі еңбек сіңіргенін атап кету жөн. Өйткені, қазіргі таңда қазақстан халқы барша әлемге толерантты халық ретінде танылып, этносаралық ашық қақтығыстарды болдырмай, әлеуметтік, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп келді. Ендігі кезек сол қалыптасқан тұрақтылықты сақтау міндеті алда тұр. Ал ол қазіргі кезеңде тек Қазақстан үшін ғана емес барша мемлекетке өзекті болып отырған қоғамның бірегейлігін қалыптастыру арқылы ғана жүзеге асуы мүмкін.
Қазақстан халқының азаматтық бірегейлігін қалыптастыру өзіндік ерекше жолмен өткендігін айтып кеткен жөн. Бір қырынан, Батыс мемлекеттерінің ұлттық қалыптастыру үдерісінен үлгі алса, екінші қырынан, мемлекетқұраушы қазақ ұлтының да елде алатын орнына үлкен мән берілді. Дегенмен де Қазақстан Республикасында ұлтты қалыптастыру үдерісі әлі де аяқталған болып табылмайды. Елді біріктіру мен ортақ мүддеге мойынсу қазіргі кезеңде, әсіресе жаһандану жағдайында тиянақты қарастыруды талап етеді.
Жаһандану жағдайында бірегейлену үдерістері әлеммен интенсивті диалог құруға әсер етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстаннан елді жұмылдырып, халықтың мәдениетінің ұлттық ерекшеліктерін көрсете отырып, бірегей мемлекет ретінде әлемге танымал болуына әсерін тигізеді [118, 76б]. Дегенмен қазіргі таңда мемлекетте азаматтардың кішігірім топтарға бөлшектеніп бара жатқанын байқауға болады. Қоғамда азаматтардың түрлі бірегейліктерінің пайда бол бастауы көрінеді.
Басылымдардағы бірегейлену дағдарысының мәселесі әр түрлі көрініс табады. Мысалға, Батыс әлемі үшін бірегейлік дағдарысы бірегейліктің жаңа түрінің жалпы Еуропалық ұлттықтан жоғары бірегейліктің пайда болуымен сипатталады. Ресей ғалымы М.Берендеевтің айтуы бойынша, еуропалықтар ежелден бері барлық мемлекеттерге ортақ шынайы саяси одақ құрғысы келді. Бұл еуропалықтарды жұмылдыратын еуропалық бірегейлік арқылы мүмкін болады [2].
Қазақстан Республикасында қоғамның азаматтық бірегейлігінің қалыптасу үдерісінде өзіндік ерекшеліктер болды. Бір қырынан, тарихты зерделейтін болсақ, азаматтық бірегейліктің қалыптасуы жетпіс жыл бойы кеңестік сияқты бір бірегейлігін халық санасында нығайып келгенін айтуға болады. Осы тұста кеңестік бірегейліктің ұрпақтан-ұрпаққа берілгендігін ескеретін болсақ, Кеңес Үкіметінің ыдырап кетуі азаматтардың бойында бірегейлік дағдарысының орын алуына себепші болды. Бірегейлік дағдарысы келесілерде көрініс тапты: коммунистік жүйенің құлдырап, орнына ешкімге мәлім емес жаңа демократиялық жүйенің орнауына бет алу, коммунизмге жету арманының жойылуы, барша халықтың бір қауымдастық ретінде ыдыруы, демократиылқ құндылықтармен сипатталатын, сонымен қатар жаңа ұлттық мемлекеттердің қалыптасуымен ерекшеленетін жаңа құндылықтар пайда болуы, әр мемлекеттегі мемлекеттік тілге басымдылық берілуі және т.б.
Бірегейліктің дағдарысы, жаңасын іздеу мәселелері посткеңестік мемлекеттер үшін және батыс демократиялық мемлекеттер үшін өтпелі кезеңде тән мәселе болып келеді. Өйткені қоғамның жаңарып, модернизациялану, жаңа құндылықтардың орын алуы адамдардың санасындағы бұрынғы бірегейліктің жойылуына себеп болды. Сонымен қатар қазіргі таңда бірегейліктің көп түрлерінің көбеюі мәселені күрделендіре түсуде. Саяси бірегейлік туралы сөз қозғамай тұрғанның өзінде қазір халық өздерін қай ұйымға, қай бірлестікке, қауымдастыққа, жатқызатынын білмейді. Қазіргі таңда «Мен кіммін?», «Маған қандай бірегейлік қажет?», «Қоғамды қалай біріктіру қажет?» деген тақырыптарға көптеген жарияланымдар орын алуда. Жеке адамның өзі «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап бере отырып, қоғамдағы түрлі топтар мен таптардың арасында өзін-өзі анықтаудан бастап, түрлі саяси қозғалыстар, ұйымдар, саяси партиялардағы адамның сол ұйымдарға мүшелігін шынайы сезінумен қатар мемлекет деңгейінде де қоғамды тұрақтандыру мақсатында елді біріктуре бірегейлікті қалыптастыру тенденциясы орын алуда [161, 72-79б.].
Сондықтан мемлекетте елді жұмылдыру мәселесі бірінші кезектегі күнтәртібіне қойылды. Ал тәуелсіздігін жаңадан алған, демократиялық жолмен даму бағытын таңдаған Қазақстан Республикасы үшін бірегейлік мәселесі өзекті болып келеді. Бұл бір қырынан елді жұмылдыра отырып, елде тұрақтылықты сақтаудың кепілі ретінде саналса, екінші қырынан әлемдік қауымдастық арасындағы мемлекеттің егеменділігін сақтап қалудың мәселесін шешетін бірден-бір маңызды категориялардың бірі болып табылады. Қазақстан ғалымдарының пікірінше, ұлттық және мемлекеттік бірегейлік арқылы ғана қазіргі жаһандану кезеңінде басқа әлемдік қауымдастық алдында Қазақстан өзінің орны мен рөлін сақтап және жаһанданудың қатерлеріне жауап бере алады. Сонымен қатар бірегейлікті сақтау арқылы елдің ары қарай өркениетті даму мүмкіндігіне ие болады [3, 3б].
Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін азаматтар өздерін қалай анықтайтынын білмей қалды. Яғни, кеңестік идеологияның күшті болуынан халықтың алдында бұлыңғыр болашақ елестетілді. Осы тұрғыда өздерін жаңа Қазақстанмен бірегейлендірмейтін азаматтар көшіп те кетіп жатты. Ал қалған азаматтардың санасында «мен Кеңес Үкіметінің азаматамын» деген бірегейлік түрі сақталып қалды.
Гумбольд атындағы Орталық Азия форумының зерттеушісі, Германия азаматы Др.Беате Эшменттің «Проблемы госдураственной идентичности Казахстана: взгляд извне» атты мақаласында Қазақстан азаматтары өздерін мемлекетпен бірегейлендірмейді, ал бұл өз кезегінде мемлекеттің тұрақтылығына тиетін қауіп ретінде қабылданады деп түйіндеген [4, 37б.]. Сондықтан Қазақстан өзінің әлеуметтік, саяси тұрақтылығын орнату үшін мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру өзекті болып табылды. Осылайша халықты бір арманға жетелейтін демократиялық құндылықтар алғашқы рет насихаттала бастады. Яғни, жаңа Қазақстан үшін негізгі идеологиялық бағыт ретінде мемлекеттің демократиялық жолмен дамуы табылды. Оның ішінде теңдік, еркіндік, заң мен құқықтың жоғары тұруы сияқты либералдық құндылықтар басты болып есептелді. Сонымен қатар азаматтық бірегейлікті қалыптастыру үшін мемлекеттік билік алдында әлеуметтік, саяси, және ең бастысы экономикалық мәселелерді шешу басты мәселелердің бірі болып табылды.
Қазақстан осылайша жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға бет бұрды. Мемлекет өз алдына демократиялық даму жолын таңдап, нарықтық экономикаға бет бұрды. Бұл орайда елдегі жекешелендіру мәселесінен бастау алды деп айтса болады. Яғни қоғам алдына өз күнін өзі көретіндей режимге ауыстырды. Кеңес үкіметі кезінде экономика негіздері құлдырап, мемлекеттік биліктің ескі инстиуттары өз өміршеңдігін жойып, қоғам өмірінің әлеуметтік саласының негіздері өзгерді. Осы орайда Қазақстан үшін тарихи маңызды мәселені – ендігі даму жолының негізгі құндылықтары, принциптері қандай болу керектігін шешу қажет болды.
Бірегейлік мәселесін жаһандану контекстінде зерттейтін отандық ғалым А.Г.Бейсенованың ойынша, Қазақстан өз реформаларын күрделі кезеңде бастады. Егер дамыған мемлекеттер тұрақты дамудың басым болған мәселелерін ғана шешуді көздесе, біздің елдің басшылығы мемлекеттің өмір сүруінде бірінші рет және бір дегенде көптеген мәселелерді шешуге мәжбүр болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «тірі қалып өмір сүру жылдары» деп атады [66, 145б.]. Аталған кезеңде қоғамның санасында бірегейлік дағдарысы орын алып жатты. Яғни, ескі қалыптасқан құндылықтар жүйесі құлдырап, коммунистік идеология шайыла бастады. Бір бірегейліктің құлдырауы екінші бірігейліктің қалыптаса бастауымен сипатталды. Яғни, бұл дегеніміз жаңа бірегейліктің қалыптасу үдерісінің алғашқы кезеңі орын ала бастағанын білдіреді.
Көптеген ғалымдардың пікірінше, Қазақстанда қазақстандық азаматтық бірегейліктің қалыптаса бастауы 1986 жылдан бастап бастау алды. Бұл кезеңде кеңестік бірегейліктің сынға алынып, ұлттық мемлекеттің құрылуымен сипатталды. Сондай-ақ кейбір ғалымдар аталған кезеңді этностық бірегейліктің өршуімен байланыстырады.
Қазақстандағы ғылыми басылымдарда жалпы бірегейлену үдерісі 1986 жылы басталып бірнеше кезеңдерден өткендігін көрсетеді. Мысалға 2001 жарыққа шыққан «Қазақстан Республикасындағы бірегейлену үдерісінің ерекшеліктері» атты ғылыми мақалада Ю. Булуктаев Қазақстандағы бірегейлену үдерісінің келесі кезеңдерін көрсетеді:
Бірінші кезең (1986-1990ж.) кеңестік саяси жүйенің бірегейлік құндылықтарының құлдырай бастауымен сипатталады. Қазақстан халқының бірегейлігінің қалыптасуына Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі әсерінен елде ұлттық-этностық бағдар өрши бастауымен сипатталады. Сонымен қатар азаматтардың ірі топтық ұйымдар мен қауымдастықтарға: партия, комсомол, кәсіподақтарға, жалпы мемлекетке мүше болуының өзіндік санасы төмендей бастады. Сонымен қатар бірегейлену үдірісіне елдегі жаңа қозғалыстар мен ұйымдардың пайда болуы мүдделердің дифференциациясының жаңа фазасы орын ала бастады.
Екінші кезең (1991-1993ж.) бір жағынан, адамдардың ұлы державаның азаматтары ретінде өздерін сезінбей бастауы, бірегейлік дағдарыстың алғашқы көріністерімен сипатталса, екінші жағынан, тәуелсіздікке ие болумен байланысты жаңа бірегейленудің бағдарының пайда болуымен ерекшеленеді. Өмір сүру жағдайы өзгере берген сайын ескі құндылықтар өзгеріп, жаңа топтар пайда болады. Оған дәлел ретінде Қазақстандағы жаңа партиялық жүйенің қалыптасу үдерісін атауға болады. Яғни бірегейліктің бұрынғы Кеңес коммунистік партиясының орнына жаңадан «Қазақстанның социалистік партиясына», «Қазақстанның халық конгресі» партиясы, «Алаш», «Азат» партияларға және де басқа қоғамдық ұйымдарға мүше болу тенденциясы, яғни бірегейлену үдерісінің жаңа қыры қалыптасты.
Үшінші кезең (1993 тамыз айы мен 1995 жыл аралығы) азаматтардың бірегейлігінің дифференциациясының күшеюімен, соның ішінде этностық бірегейліктің өрши бастауымен өзгешеленеді. Аталған кезең мемлекет индивидтің азаматтық бірегейлігін этностық бірегейлікке тәуелді етуге талпынысымен сипатталады. Бұл тенденцияның дамуына Қазақстан дамуының ұлттық-этностық және жаңа азаматтық параметрлерінің 1993 жылдың қаңтар айында Республиканың Конституциясында бекітілуі әсер етті. Конституцияға өзгерістер енгізу нәтижесінде «Қазақстан – демократиялық, зиялы және біртұтас мемлекет. Өзін-өзі билейтін қазақ ұлты мемлекеттілігінің түрі ретінде Қазақстан Республикасы өзінің барлық азаматының құқық теңдігін қамтамасыз етеді» дей отырып, төл этносты саяси субъект ретінде қабылдауды бекітті. Осы кезеңде орыс тілінде сөйлейтін халықтың елден көшіп кету науқаны басталды. Осылайша 1994 жылдың өзінде Қазақстанды 400 мыңға жуық адам тастап көшіп кетті, ал халықтың жалпы саны 7 жылдың ішінде 2 миллионға азайды.
Төртінші кезең 1995 жылдың тамыз айынан қазіргі кезеңге дейін жалғасып келеді. Бұл жалпы қазақстандық азаматтық бірегейліктің нығаю үдерісімен тығыз байланысты кезең ретінде қарастырылады. Бұл қадамға әсерін 1995 жылы енгізілген өзгерістер тигізді. Дәлірек айтқанда, жаңа Констиуцияның преамбуласында «Біз, Қазақстан халқы» деп, яғни биліктің субъектісі ретінде барша халық есептеле бастады [162, 19-21б].
1986 жылдағы жастардың көтерілісін көптеген әдебиеттерде ұлттық сананың өршуімен байланыстырады. «Желтоқсан көтерілісі» қазақ ұлтының Ресейдің құрсауына қарсы білдіріп, өзінің этностық сана-сезімінің белең алуымен ерекшенеді. Бұл орайда тек қана Қазақстанда емес басқа посткеңестік мемлекеттерде этностық сананың өршуі байқалады. Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейін үлкен мемлекеттің орнына кішігірім бірнеше ұлттық типтегі мемлекеттер пайда болады. Олардың барлығы төл этностың, яғни басым этностың атымен аталып, ұлттық, этностық сипатқа ие болды. Мемлекет этностық негізде пайда болды деп айтуға болады. Бұл үдеріс елдегі оқу орындарындағы ұлттық педагогика, ұлттық тәрбие және т.б. ұғымдардың пайда болуымен ерекшеленді. 1990 ж., басқа да республикалардағыдай, бізде де ұлттық қозғалыстар мен партиялар пайда болды [163].
Кейбір ғалымдардың пікірінше, Қазақстанның ұлттық мемлекет ретінде бой көтеруі үдерісі 1991 – 1995 жылдар аралығында өз деңгейінде қамтамасыз етілді. Аталған уақыт шеңберінде мемлекет мемлекет құраушы этностың, яғни қазақ ұлтының этностық санасының нығаюы мен дамуына жағдай жасады. Атап айтсақ, бұл уақыт аралығында тәрбие берудің алғашқы баспалдағы ретінде жалпы білім беру ұйымдарында білім беру үдерісі ұлттық тәрбие үдерісімен қатар жүргендігін көруге болады. Білім беру кезінде ұлттық ойындар, мақал-мәтелдер, шешендік өнер және т.с.с. кең қолданылып, балғын бала ұлының өнерін, салт-дәстүрін қызықтамай, оның керемет құдіретін бойына сіңірмей, сол жерден сусындамай өз елін, жерін, ата-анасын қадірлей білмейді деп көрсетеді. Ұлттық педагогиканың басты мақсатын ретінде еліміздің болашағын қорғайтын, саналы, иманды азаматтарды тәрбиелеу болып табылды [164, 72б.].
Қазақстанның 1991 жылдан бастап 1995 жылға дейін ұлттық мемлекет құрауда, оның ішінде төл этностың негізінде ұлттық мемлекет құру жолы бекерге таңдалған жоқ. Тәуелсіздік алған мемлекет өзінің егеменділігін тек қана ұлттық бірегейліктің қалыптасуында ғана қамтамасыз ете алады. Сол себепті Қазақстан өзінің егеменділігін жоғалтып алмас үшін, халықаралық аренада өзін субъективті, өзінің ұлты бар мемлекет ретінде позициялануды мақсат етті. Бұл орайда азаматтардық этностық бірегейлігін қамтамасыз етпей жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан жаңадан тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақстан барынша қазақ ұлтының ұлттық сана-сезімін жаңғыртуды күн тәртібіне қойды. Ол үдеріс бірінші кезекте мемлекеттік тілді қазақ тілі ретінде бекітуден басталды деуге болады.
Дегенмен де аталған кезеңде ұлттық бірегейліктің қалыптасуы азаматтық бірегейлікті қалыптастырумен қатар жүрді. Оны ұлтаралық тіл ретінде орыс тілінің қабылдауымен түсіндіруге болады.
Сонымен қатар аталған кезең ішінде елдің Ата заңы Конституцияға өзгерістер енізілді. Ол өзгерістер біінші кезекте қазақ ұлтына үлкен мәртебе берумен сипатталды. Мемлекеттің ірі субъектісі ретінде қазақ ұлты табылды. Ал қалған этностық топтар диаспоралар ретінде анықталды. Дегенмен, Конституциядағы аталған өзгерістер басқа ұлт өкілдері тарапынан үлкен сынға ұшырады. Азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда мүдделер қақтығыстары орын алды. Басқа ұлт өкілдері өздерінің мемлкеттегі саяси жағдайымен қатты уайымдай бастады. Өздерінің мүдделерін қамтамасыз етуге барынша талпынды. Осылайша 1993-1995 жылдар аралығында аталған Конституция үлкен сынға түсіп, 30 мыңға жуық ұсыныстар түсіп, ҚР Президентінің басшылығымен эксперттік-кеңестік бюро құрылып, ұсыныстардың мыңнан астамы ескерілді, нәтижесінде Конституцияның 99 бабының ішінде 55 бабы (яғни жартысы деуге болады) өзгеріске ұшырады [165].
Біздің ойымызша, 1993 жылы қабылданған Конституцияға өзгерістер енгізілуіне бірнеше себептер әсер етті. Әр фактор өзіндік елеулі әсер етті. Қазақстанның қазақ ұлты негізінде ұлтты қалыптастыру үдерісіне қарсы әсер еткен факторлардың қатарында демографиялық фактор, саяси фактор, мәдени фактор, геосаяси фактор, экономикалық факторларды атауға болады.
1993 жылы қабылданған Конституцияның өзгеруіне бірінші кезекте демографиялық фактор әсер етті. Аталмыш фактор елдің ұлттық мемлекет ретінде қабылданып дамуына бірінші кезекте елдегі халықтың ұлттық құрамы әсер етті деуге болады. Өйткені, тәуелсіздік алған жылы Қазақстан Республикасында 1989 жылғы санақ бойынша қазақтардың үлес салмағы небәрі 6534616 адамды құраса, орыс ұлтының саны 6227549, 332017 өзбек, 896240 украин және т.с.с. болды [166]. Қазақ халқы жалпы халықтың 40%-ын ғана құрады. Бұл мемлекеттің қазақ ұлты негізінде дамуына айтарлықтай кедергі келтірді. Сонымен қатар, сол замандағы ауыл мен қала халықының үлес салмағына, оның ұлттық құрамына назар аударатын болсақ, қазақ халқының көбінесе ауылдық жерлерде көп шоғырланғандығын көруге болады. Бұл дегеніміз саяси шешім қабылдауға әсер етуде қазақ халқының орталықтан алшақ болғандығын көрсетеді. Бұл бірінші кезекте елдің экономикасының дамуына үлес қосуда қазақ халқының арасында кәсіби мамандардың аз болуымен сипатталады. Қазақ халқы көбінесе жер, мал шаруашылығымен айналысты.
Сондай-ақ демографиялық факторға басқа ұлт өкілдерінің басқа елге көшіп кету тенденциясын атауға болады. Ресейдің отарлау саясатының нәтижесінде басқа ұлт өкілдері, оның ішінде орыс, украин, неміс, беларус және т.б. кәсіби маманданған азаматтар болып есептелді. Олардың көбісі ірі завод, фабрикаларда жұмыс істеді. Сондықтан олардың көшіп кетуі мемлекетке экономикалық тұрғыдан кәсіби мамандардың жетіспеушілігін тудырды. Сонымен қатар, көшіп кеткен азаматтар еңбекке жарымды жастарымен ерекшеленді. Бұл жұмыс күшінің азаюына бірден-бір себеп туғызды. Яғни халықтың ішінде ұлттың жас көрсеткіші ұлғая бастады.
Елдегі Конституцияның өзгеруіне келесі әсер еткен факторлардың ішінде мәдени фактордың да әсері жоғары болды. Бұл орайда мәдени факторды екі жақты қарастыруға болады: бірінші жағдайда мәдени фактор елдегі азаматтардың саяси мәдениетінің өзгеруімен сипатталса, екіншіден, елдегі халықтың этномәдени ерекшеліктерімен анықталады. Бірінші жағдайда жетпіс жыл бойы қалыптасқан саяси мәдениет құндылықтарының құлдыруымен сипатталады. Мұнда белгілі – бір мемлекеттің азаматы болудың мән, мағынасы өзгере бастады. Мемлекет демографиялық жолды таңдап, тоталитарлы, бағынышты саяси мәдениет түрінің орына демократиялық құндылықтар орын ала бастады. Бұл орайда басқа ұлт өкілдері өздерінің мүдделерін ашық жеткізе алу мүмкіндігімен ерекшеленді. Сонымен қатар, мемлекетте әлі де болса сол жаңа саяси мәдениеттің қалыптасып бітпегендігімен түсіндіріледі. Мысалға 1996 жылғы Қазақстан даму институтымен жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде «Өзіңізді кіммін деп есептейсіз?» деген сауалға азаматтардың 11%-ы ғана Қазақстан азаматы ретінде жауап берді, ал КСРО азаматымын деп 22,1% есептесе, жаңадан құрылған мемлекетаралық ұйым Тәуелсіз мемлекеттер достастығының азаматымын деп азаматтардың басым бөлігі 39,4% жауап берген [162, 25б.]. Ал екінші жағдайда мемлекеттегі қоғам этномәдени бытыраңқылықпен ерекшеленді. Осы жерде атап өтетін жай, кейбір ғалымдардың дәлелдеуінше, республикадағы партноменклатураның ұлттық бірлестіктерді 1990 жылдың аяғына таман қолдауы, орталықтың үстемдігін алмастыруға ұмтылып, өз биліктерін сақтап қалу деп бағалады. Ал интеллигенция тобы, ұлттық идеяларды барынша қолдап, насихаттағанымен, бейтарап позициядағылар көп болатын [163]. Яғни, этномәдениеттің бірден-бір анық көрсеткіштері ретінде тілдің орны мен рөлі жоғары болды. Ұлттық мемлекет қалыптастырудағы бастама қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қабылдануымен сипатталса, сол замандағы билік басындағылардың көпшілігі қазақ тілін жетік меңгерген азаматтардың қатарында болмады. Яғни қазақ тілін дамытуда демографиялық потенциал болмады. Орыс тілі мен қазақ тілі арасындағы бәсекелестікте қазақ тілі орын беріп отырды. Елді жұмылдыруда үлкен рөл атқара алмады.
1993-1995 жыл Қазақстанның әлі де болса Ресейден тәуелсіздігін әлсірете алмағандығымен сипатталады. Бұл үшінші геосаяси фактор ретінде қарастырылады. Аталған фактор еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1995 жылы Қазақстан халықтарының бірінші Ассамблеясында «Ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын» атты баяндамасындағы сөзінде көрініс тапты. Онда Н.Ә.Назарбаев: «Ішкі мәселелермен, оның ішінде ұлттық мәселелермен Қазақстанның сыртқы саясаты тығыз байланысты. Көптеген елдерге тән этникалық сан алуындылық жағдайында этникалық шептерге сәйкес мемлекеттік шекараларды белгілеу жөніндегі әрекеттер жас мемлекеттердің өмір сүруінің өзіне қауіп төндіретінін уақыт пен қасіретті тәжірибе түсінуге мәжбүр етті» деп талқылайды. [167, 15б.]. Яғни елдің егеменділігін сақтап, нығайтуда этносаралық келесімнің геосаясатта рөлі зор екендігі анықталды. Оның үстіне, басқа потскеңестік мемлекеттердегі этносаралық жанжалдар сыртқы саяси жағдайға да өз әсерін тигізетінін көрсетті. Бұл орайда мемлекет сыртқы саяси жағдайды да ескерді деуге болады. Өйткені, Қазақстанда орыс ұлты санының басым болуы ескеретін болсақ, ұлттық негізде оларға қысымшылық көрсету Ресеймен қарым-қатынасты нашарлатып алудың қаупі ретінде қарастырылады. Сондықтан сыртқы мемлекеттермен достық, ынтымақтастық қатынасты сақтау үшін сол мемлекеттің ұлтына әлеуметтік, мәдени, экономикалық жағдай жасалу керектігі алға қойылды.
Елдегі ұлттық негізде қалыптасуына кедергі келтірген төртінші фактор ретінде саяси факторды атауға болады. Көптеген посткеңестік мемлекеттер мемлекеттік құрылыстың, дамудың мінсіз мысалы ретінде Батысқа көз сала отырумен түсіндіріледі. Өйткені, тоталитарлық жүйенің құлдырап орнына ешкімге түсініксіз, бірақ мемлекеттік дамудың эталоны ретінде демократиялық даму жолы бәріне қызығушылық білдірді. Сонымен қатар саяси фактор егеменді мемлекеттердің саяси тәуелсіздігін және этностық бірегейлігін сақтау арқылы халықтардың бірлесуі – Еуразиялық кеңістікте бейбіт дамудың бірден-бір парасатты және өркениетті жолы деп таңдауымен тығыз байланысты болды [167, 14б.]. Яғни бұл тұста Қазақстан Республикасы халықарлық аренада өзін толерантты хылқымен ерекшеленетін, бейбіт, этносаралық келісім орнаған мемлекет ретінде позицияланумен сипатталады. Бұл көп векторлы сясаттың бір көрінісі ретінде барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынасты орнату ниетімен түсіндіріледі.
Экономикалық фактор. Жоғарыда айтылып кеткендей, елдің азаматтық бірегейлігінің қалыптасуына елдегі экономикалық жағдай тікелей әсер етеді. Оның дамуы мен керісінше нашарлауы өз кезегінде азаматтардың миграциялық көңіл-күйлеріне өз әсерін тигізеді. Сонымен қатар сыртқы саясатта белгілі бір мемлекетпен экономикалық тұрғыда ынтымақтасуға мемлекеттің ішкі жағдайы да маңызды болып есептеледі. Осы орайда Қазақстандағы 1993-1995 жылдардағы Конституцияның өзгеріске, елдегі этносаясаттың ұшырауына, бесінші фактор ретінде экономикалық фактор елеулі үлес қосты. Бұл біріншіден, жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстанның Ресейден экономикалық тұрғыда тәуелді болуымен анықталады. Өйткені экономиканың 6% ғана республикалық биліктің тікелей бақылауында болса, экономиканың 43% Мәскеу тікелей басқарып отырды, ал қалған үлес екі мемлекеттің бірігіп саясат жүргізуіне тиеселі болды [66]. Ал бұл орайда жаңа қалыптасқан мемлекет үшін экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында Ресеймен тығыз байланыста болуын қажет етті. Сонымен қатар, Қазақстанға жаңа инвестицилық қайнар көздер керек болды. Ал бұл өзінің тұрақтылығымен сипатталмаған мемлекеттерде мүмкін емес еді.
Қазіргі таңда сол 1995 жылы әр этностық құқықтық, саяси мәртебесі заңды түрде анықталғаннан бастап елде басты жалпы ұлттық Қазақстан азаматтарын құру идеясы орын алып келеді. Дегенмен де бұл этностық әралуындылық жағдайында қазақ ұлтына мемлекетті құраушы, тұрақтылықты қамтамасыз ететін, елдегі үдерістерге, мемлекеттің болашағына жауапты ұлт ретінде анықтап келеді. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әрбір мінбеден айталатын баяндамасында көрініс табады. Қазақстандағы бір бірегейлікті нығайтудың қиындығы Қазақстан қоғамы өтпелі қоғам ретінде түрлі топтардың мүдделерін қамту қажеттілігінен туындады. Өйткені Қазақстанда этностық, демографиялық, діни, идеологиялық, экономикалық әралуандылық орын алған болатын [161, 73б.]
Достарыңызбен бөлісу: |