Ахаңның асыл мұрасы
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде екі игілікті шараның тұсаукесері өтті. Халық мұрасын сақтауда өзіндік орны бар «Асыл мұра» жобасы жаңа үнтаспасын шығарып жатса, студенттік қазақ ұлттық аспаптар оркестріне академик Ахмет Жұбановтың есімі берілді.
Аталмыш ұлт аспаптар оркестрінің негізін Ахмет Жұбанов 1933 жылы қалаған екен. Алғашқыда ансамбль болып құрылған оркестр 1935 жылы ашылған Жамбыл филармониясына жұмысқа шақырылған. Кейін Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі деген атпен бүкіл Кеңес Одағына танылған. Сол 1933 жылы құрылған студенттік оркестр Ахаң салып кеткен сара жолдан таймай, бүгінгі күнге дейін жұмысын тоқтатпаған екен. Композитордың 105 жылдығына орай өзі негізін салған қара шаңырақтың оркестріне есімін берген колледж ұжымы Ахаңа деген құрметін осылай білдірді. Әлібек Дінішев, ағайынды Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Нариман Қаражігітов, Еркеғали Рахмадиев тіпті қазіргі қазақ сахнасының жұлдыздары Айгүл Үлкенбаева мен Батырхан Шүкенов те осы құтты шаңырақтың қабырғасында тәрбиеленіпті.
Осындай танымал тұлғалардың тарих қойнауында қалған жазбаларын жаңғыртып, жаңа сипат беріп жүрген «Асыл мұра» жобасының аясында 10 жыл ішінде 15 шақты үнтаспа шыққан. Ұлттық музыкалық мұраны келешекке кем-кетіксіз жеткізу мақсатында аталмыш жоба ұлттық музыка өнері майталмандарының мұрағаттағы туындыларын қалпына келтіріп, сандық тасымалдаушыларға көшірген. Үнтаспалар топтамасына К.Байсейітова, Қ.Жандарбеков, Е.Серкебаев, Б.Төлегенова сынды сахна майталмандарының жазбалары енген. Сонымен қатар үнтаспалар топтамасына есімдері енген артистер Ғафиз Есімов, Нариман Қаражігітов, Нұржамал Үсенбаева тұсаукесердің құрметті қонақтары болды. Нариман Қаражігітов: «Ахаң жұмыс істеген қара шаңырақта осындай игі шаралардың өтіп жатқандығы бізді қуантады» деді. Сонымен қатар тұсаукесерге Ахмет Жұбановтың қызы, биология ғылымдарының докторы Ажар Ахметқызы да қатысып: «Бүгін атаулы күндердің бірі. Әкемнің есімі берілген оркестрдің үлкен деңгейге көтеріліп, биік белестерден көрінетініне сенемін» деген лебізін білдірді. Ахмет Жұбанов атындағы қоғамдық қорының жетекшісі, ғалымның немересі Шолпан Жұбанова оркестрдің үздік студентіне қор атынан стипендия тағайындалатынын айтты.
Достарыңызбен бөлісу: |