Қазақстанға жер аударылған халықтар және олардың Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі



бет1/2
Дата19.06.2016
өлшемі439.62 Kb.
#148120
түріДиссертация
  1   2

Автореферат диссертации


Қазақстанға жер аударылған халықтар және олардың Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі (1946-1960 жылдар)

ӘОЖ 94(574)142 Қолжазба құқығында

ҚОЖАХАНОВА ҚҰРАЛАЙ КАРИПЖАНОВНА

Қазақстанға жер аударылған халықтар және олардың Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі (1946-1960 жылдар)

Мамандық: 07.00.02- Отан тарихы


(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы


Алматы, 2007

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды.


Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының кандидаты


Алдажұманов Қ.С.

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,


профессор Омарбеков Т. О.
тарих ғылымдарының кандидаты
Қожекеева Л. Т.

Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ Ұлттық


педагогикалық университетінің
«Отан тарихы» кафедрасы
Диссертация 2007 жылы «____» ___________________ сағат ________
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) жанындағы тарих ғылымдарының докторы (кандидат) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі ОД 53.33.01 Диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазба қорында танысуға болады.

Автореферат 2007 жылы «____» ______________таратылды.

Диссертациялық кеңестің


ғылыми хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы З.Қинаятұлы

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихы туралы ақиқатты айтуға, оның әлі де толық зерттелмеген көлеңке беттерін ашу мүмкіндігіне қол жеткіздік.
Тәуелсіздіктен кейінгі уақыт ағымында үлкен бетбұрыс жасалып, демократиялық құқықтық зайырлы мемлекет құрылды. Бүгінде Қазақстан көп ұлтты мемлекет ретінде оны мекендейтін 130-дай халықтар мен ұлттардың өз отанына айналып отыр.
Кеңестік жаппай қуғын-сүргін тарихы көптеген зерттеулерге арқау болды. Бірақ тұтас халықтарды жер аудару тарихын зерттеу әлі де терең ізденістерді талап етеді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аударудың орын алған кезеңі еді.
Тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын қиды. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан да бар болатын. Осындай аласапыран заманда Қазақстандағы демографиялық ахуалдың күрт төмендеуін жер аударылғандар толықтырды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтар қудаланып, туған жерінен тыс, алыс жерлерге күшпен жер аударылды. Егер осындай адамдар немесе жеке бір топтар болған жағдайда тек соларға ғана заң жолымен шара қолданудың орнына кеңес үкіметі тұтастай халықтар мен этникалық топтарды жер аударды. Мұның өзі олардың соғыс жағдайында өздері аймақтарына әсерін тигізген ауыр да күрделі саяси мәселе болғандығы ақиқат.
Мемлекеттің кең көлемде жүргізген осы заңсыз шаралары бүгінгі күнге дейін толық зерттелмей келе жатқан мәселе.
Кеңестік жүйе тұсында саяси қуғын-сүргін бірнеше сатыдан өтті. Ол патшалық Ресей тұсындағы Сібірге жер аудару, каторгаға жіберу сияқты тәжірибені ұтымды пайдаланды.
Әуелде депортация бұрынғы жүйеге қызмет еткен жеке адамдарға, одан кейін БК(б)П қарсыластарына, онан соң тұтас ұлттарға жайылды. Сүйтіп сталиндік қуғын-сүргін жылдары орын алған саясат жер аударылғандарды ұлттық болмысынан, ділінен, мәдениетінен айырып, негізсіз кінә тақты, қатал жазалады. Бұл кеңестік ұлт саясатының заңдылықты сақтамауының айқын көрінісі болды. Бірінен соң бірі жарыққа шығып жатқан сол кездегі заң актілері күшпен жер аударылған халықтардың жан-жақты дамуына, келешегіне түбегейлі кедергі келтірді.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері соғыс кезінде және соғыстан кейінгі жылдары республика халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. 1957 ж. олардың елдеріне қайтуына, ұлттық-мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілуіне байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтары мен КСРО үкіметінің қаулы-қарарларына қарамастан олардың негізгі бөлігі осында түпкілікті қалып қойды. Тек Кавказ түріктері, немістер мен Қырым татарларына еліне қайтуға жағдай жасалған жоқ. Бүгінде олардың бәрі Қазақстан Республикасының тең құқықты азаматтары. Олардың соғыстан кейінгі Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі арнайы зерттеуді қажет ететіндігі айқын.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сталиндік қуғын-сүргін тарихының құрамдас бөлігі ретінде депортацияның күрделі мәселелерін зерттеу қазіргі отандық тарих ғылымының басты міндеттерінің бірі. Саяси қуғын-сүргін тарихы, халықтарды жазықсыз жер аудару мәселесі кеңестік кезеңде құпия сақталып келді. Бұл проблемалар туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу түгілі оларды баспасөз бетінде атауға тыйым салынды. Тек ХХ ғ. 80-ші жылдарының соңында ғана КСРО көлеміндегі демократиялық процестердің нәтижесінде бұрын ақиқат тұрғысынан айтуға тыйым салынған тарихтағы «ақтаңдақтар» мәселесі көтеріле бастады. Солардың қатарында КСРО-ның бір аймағынан екінші жеріне күштеп жер аударылған халықтар мен олардың тағдыры туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашылды. Сөйтіп осы мәселеге байланысты бұрыннан құпия сақталған мұрағат құжаттары ашылып, араға 50-60 жыл салып барып кеңестік күштеп қоныс аудару саясатының орны толмас зардаптары туралы ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалынып, алғашқы материалдар жарық көрді.
Кеңестік биліктің халықтарды жер аудару туралы жоспарлары, олардың іске асырылуы, жер аударылған халықтардың қанқұйлы саясаттан күйреген тарихи атамекендері, тұрмыстық және құқықтық жағдайы жөнінде құжаттар легін алғаш рет Ресей ғалымдары Н.Ф. Бугай, В.Н. Земсков, А.М. Некрич жариялады [1].
Қазақстанның тәуелсіздік алуы тек қазақ халқы тарихының ақтаңдақ беттерін ғана ашып қойған жоқ. 1990 жылдан бері атамекендерінен қуылып, күштеп қоныс аударылған, бүгінде екінші отанында тұрақтап қалған басқа да ұлт өкілдерінің өткен тарихының көлеңкелі тұстарының шынайы беттері ашылды. Айтулы мәселеге орай еліміздегі жер аударылған халықтар тарихын жазуға үлес қосқан көрнекті ғалым, академик М.Қ. Қозыбаев болды [2].
Елімізге күштеп көшірілген халықтарды атамекендерінен жер аудару саясатының жасырын ұйымдастырылып, орындалу барысын қашан және қанша адамның Қазақстанға қалай орналасқанын, еңбек армиясына қатынасуын нақты деректермен талдау жасай отырып дәлелдеген Қ.С. Алдажұмановтың зерттеулерінің мазмұны мен маңызы тереңдігімен ерекшеленеді [3].
Ұлы Отан соғысының басталуы кеңестік немістердің қайғылы тағдырларының негізгі себебіне айналды. Қудалануы, кінәсіз айыптар тағылуы, олардың болашақтарына ауыр соққы болып тиді. Жалпы қудалаудың негізгі нысанасы болған немістердің тарихына орай А.Н. Кичихин, Г. Вормсбехер, Л.А. Бургарт, В.П. Емельянов, А.В. Фитц сияқты авторлардың еңбектері, құнды деректермен тарихнамаға қосылған үлес екені аян [4].
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы халықтан құрылған жүйе – Еңбек армиясы. Ол әскерге жарамсыз ер азаматтардан, соғыс жағдайында еңбек ресурстары ретінде кеңінен тартылған жас-өспірім ұл-қыздар, әйелдер мен егде адамдардан жасақталған. Ал осы құрылымның негізгі күші ретінде оған жер аударылғандардың ең алдымен жіберілгені бұрын айтылмайтын. Соғыс жылдары ауыр, қара жұмыстарға мыңдаған жер аударылған азаматтар айдалып, соның ішінде әсіресе кеңестік немістердің оған міндетті түрде қатыстырылуы қадағаланды. Бұл соғыстан кейін де жалғасты. Еңбек армиясын зерттегендер жер аударылғандар туралы көптеген нақтылы мәліметтерді жарияласа, аталған мәселенің мазмұнын М.Қ. Қозыбаев, Қ.С. Алдажұманов, М.Т. Баймаханов т.б. құнды еңбектері аша түседі [5].
Кеңестік қуғын-сүргін науқанының Қазақстанға жер аударылған Қырым, Кавказ және Еділ бойы халықтарына қолдану тәсілі, қуғындалу себептері Т.Омарбеков еңбектерінде жан-жақты талданып, көптеген мәліметтермен салыстырыла отырып, нақты дәлелдермен мәселенің шынайылығын көрсетеді [6].
Қазақстанға күштеп көшірілген халықтардың бірі кәріс халқы екені белгілі. Жер аударылғаннан кейінгі кәрістердің Қазақстанның халық шарауашылығына атсалысуын және мәдени дамуын сипаттауға арналған Г.В. Кан, Г. Хан, Г.Н. Ким, Д. Мен сияқты ғалымдардың еңбектері бар [7].
Айтулы мәселеге байланысты Қазақстандағы тарихи демографиялық үрдістердің орны айрықша. Кеңестік тоталитарлық жүйе кезеңінде халықтың демографиялық құрамы өзгерістерге ұшырап отырды. Соғыс жылдарында және одан кейінгі кезеңде халықтардың лек-легімен республикамызға күштеп қоныстандырылуы, олардың тууы мен өлімі, шектеулері алынғаннан кейінгі атамекеніне оралу кезіндегі тарихи-демографиялық дамуы, олардың сандық, жыныстық көрсеткіші жөнінде ғылыми талдаулар жасалды. Бұл мәселе М.Х. Асылбеков пен А.Б. Галиевтің, А.Н. Алексеенконың, М. Тәтімовтің, Л.Т. Қожекееваның, М.Х. Асылбеков пен А.И. Құдайбергенованың бірлескен авторлықтағы зерттеулерінен көрініс тапты [8].
Тоталитарлық жүйенің тұсында арнайы жазалау орындары - еңбекпен түзеу колониялары үздіксіз жұмыс істеді. Түрлі себептермен тұтқындалғандар мен күштеп қоныс аударылған халықтардың «отанын сатқандар» ретінде лагерлерде, жазасын қалай өтегендігі туралы С.Д. Дильманов, Қ.С. Алдажұманов, Г. К. Бельгер, О. Дымов және т.б. еңбектерінде айтылады [ 9].
Қазақстанға жер аударылғандардың өмірі туралы деректер Т. Кульбаев, А. Хегайдың «Депортация» (Алматы, 2000) және А.Т. Орымбаевтың «Депортация чеченского и ингушского народов в Казахстан в годы Великой Отечественной войны и их положение в послевоенные годы» (Астана, 2006) атты еңбектерінен көрініс тапқан [10 ].
Зерттеліп отырған тақырыпқа тікелей қатысты күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасқаннан кейінгі келген ортаға бейімделуі мен олардың келген жерлерінде жалпы еңбекке араласуы тарихын сипаттайтын кандидаттық диссертациялар бар. Батыс Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасу барысы және олардың сол аймақтарда соғыстан кейінгі атқарған жұмыстары, мұнай саласында еңбекке араласуы Ж. Қыдыралинаның «Депортированные народы в Казахстан» (А., 1999) монографиясында айтылған. Соғыстан кейінгі жылдары жер аударылып келген немістердің Қазақстанның ауылшаруашылығын қалпына келтіру, олардың тың және тыңайған жерлерді игеруге қатынасуы А.Н. Фризеннің кандидаттық диссертациясында тыңғылықты зерттелген. Сол сияқты М.Ч. Калыбекованың кандидаттық диссертациясында жер аударылғандардың Қазақстанға келуі, соғыстан кейінгі саяси-құқықтық жағдайы зерттелген. Алайда онда соғыстан кейінгі кезеңде олардың елдің экономикасын дамытуға қосқан елеулі еңбегі туралы мәселе айтылмаған [11].
Күштеп жер аударылған халықтар еңбек саласында ауыр жұмыстарда жүріп, қиын кезеңдерді басынан өткізді. Ол кезең соғыстан кейінгі жылдарда да жалғасты деуге болады. Бірақ олардың салада істеген еңбектері мен атқарған жұмыстары көбіне жалпы түрде баяндалады. Жоғарыдағы шолудан олардың ауыл шаруашылығында, өнеркәсіп пен транспорт саласында атқарған жұмыстары мен тұрмыстық жағдайлары мәселесін қарастырған еңбектер аз екен.
1946-1960 жж. арасында жер аударылғандар қандай жағдайда болды, қалай еңбек етті деген мәселені сол халықтардың өздерінің өкілдерінің естеліктерінен білуге болады. Бұл туралы Д.В. Шабаевтың, Т.А. Курдаевтың, Х.Х. Боковтің, Н. Нәдіровтің естеліктері мол мағлұмат береді [12].
Тағдыр тауқыметімен көп ұлт қоныстанған Қазақстанда олардың өзара және жергілікті халықпен қарым-қатынасының ерекше маңызы бар. Олардың қалай еңбек еткенін, қиын-қыстау кезеңдерінде қол ұшын берген қазақ халқына деген ризашылықтарын Ж. Балапановтың, Г.К. Бельгердің, В.А. Ауманның, Ш. Жарылғановтың кітаптары мен мақалаларынан көруге болады [13].
Мұрағат құжаттарының ашылуына байланысты жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі жағдайын, республика халық шаруашылығының әр саласында қалай еңбек еткенін көрсететін құжатты жинақтар жарық көрді. Сонымен бірге Ресейден шыққан «Сборник законодательных и нормативных актов о реаблитации жертв политических репрессий» (М., 1993) және 2 томнан тұратын «История Российских немцев в документах (1763-1992 гг.) (М., 1993), «История Российских немцев в документах (1965-1992 гг.) (М., 1994) атты жинақтарда да жер аударылған халықтарға қатысты құқықтық құжаттар жарияланды [14].
Зерттеліп отырған мәселе көптеген ғылыми конференцияларда, «дөңгелек столдарда» және семинарларда талқыланды. Олардың ішінде «Әділет» қоғамының «Формирование общественного сознания: освоение идей демократического плюрализма и гражданского общества (новые аспекты)» (А., 1998) және «Депортация народов и преступление тоталитарного режима» (А., 1996) жинақтарын айтуға болады [15].
Тақырыптың тарихнамасы жер аударылғандардың соғыстан кейінгі кезеңдегі тарихы, олардың Қазақстанның халық шаруашылығын дамытудағы үлесі әлі де арнайы зерттелгенін көрсетеді.
Зерттеудің деректік негіздері. Жұмыстың деректік негізін өзінің мақсаты мен міндеттеріне сай мұрағаттық құжаттар, баспасөз материалдары мен құқықтық актілері, түрік, шешен-ингуш, татар, азербайжан және тағы басқа да ұлттық-мәдени орталықтарының мұрағат қорларында сақталған деректер құрайды. Онда тоталитарлық жүйеде қабылданған актілер, анықтамалар мен бұйрықтар, Ішкі Істер Министрлігі (НКВД, МВД), және басқа да ресми мекемелердің арнаулы мұрағаттарының құжаттары да бар. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің (ҚР ПМ)-708 қорының (ҚКП Орталық комитеті), Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатының (ҚР ОММ) 1137-қорының (Қазақ КСР Министрлер кеңесі), 1987-қорының, 1928-қордан (Қазақ республикасының банкінің ауылшаруашылығы құрылысына несие беру кеңесі), 1488-қорының (Қазақ КСР Жеңіл өнеркәсіп министрлігі) жер аударылғандарға үй құрылысына, тұрмысына қаражат бөлу, жәрдем ету туралы құжаттары мен деректері де жұмысқа арқау болды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Алматы облысының Мемлекеттік мұрағатының (ҚР АОММ) – 685-қорындағы (Облыстық атқару комитет), 1881-қорындағы (Қоныс аударту бөлімі), Қазақстан Республикасының Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және ақпарат орталығының мұрағатының бұрын айрықша құпия 16-қорындағы деректер де алынды. Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі мұрағатындағы 13-қорда (Распоряжения и приказания МВД СССР, Директивы МВД СССР, копии совершенно секретных приказов НКВД-МВД СССР) сақталған деректік құжаттарда қолданылды.
Аталмыш қорларда кеңес кезеңіндегі жазалау саясатының басты жоспарларынан хабар беретін және жер аударылған халықтарға қатысты соғыстан кейінгі жылдарға байланысты құпия сақталған құқықтық құжаттар, жоғарғы билік қабылдаған бұйрықтар, қаулылар мен шешімдер, олардың құқықтық, тұрмыстық-материалдық жағдайына байланысты деректер сақтаған.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі жылдардағы Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі отандық тарих ғылымында аз зерттелген мәселелердің бірі. Сондықтан жұмыстың осындай өзектілігі мен практикалық маңыздылығын ескере отырып алға қойылған мақсатты жүзеге асыру барысында мынадай міндеттерді шешу қажеттілігі туындайды:
- Қазақстанға жер аударылған халықтардың орналасуы;
- жер аударылған халықтардың материалдық-тұрмыстық жағдайы;
- жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге қатынасуы;
- ауылшаруашылығын өркендетуге қатысуы;
- өнеркәсп пен транспортты дамытуға қосқан үлесі;
-жер аударылған халықтардың білім алуы мен мәдени дамуы;
- жер аударылғандардың құқықтық жағдайы және оны қалпына келтіру;
-жер аударылған халықтардың ұлттық - мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілгеннен кейінгі Қазақстанда тұрақтап қалуы.
Зерттеу жұмысының методологиясы. Зерттеу жұмысының методологиялық әдістерін тарихи даму үрдісінің қазіргі тұжырымдарына, кеңестік кезең тарихын зерттеудегі отандық және шетелдік тарихнама жетістіктеріне негізделеді. Саяси және әлеуметтік-экономикалық үрдістер мен құбылыстарды ғылыми тұрғыда талдауда салыстырмалы сараптау әдісі қолданылып, оқиғалардың шынайы объективті тұрғыдан баяндауына мән берілді.
Кеңестік биліктің қасаң қағидаларынан арылу барысында тарихымызды саралауға жаңа мүмкіндіктер берілгені мәлім. Сондықтан мәселені зерттеуде уақыт сауабынан өткен, қоғамның дамуындағы қайшылықтар мен құбылыстарды айқындауда танымдық ролі бар еңбектерге ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар зерттеу барысында тарихилық және жүйелеу тәсілдері қолданылды. Деректер көздері, ресми, органдардың ресми құжаттары сараптау, арқылы пайдаланылды.
Сондай-ақ зерттеу барысында кеңестік қуғын-сүргін саясаты тәуелсіздік тұрғысынан талданып, бүгінгі Қазақстанды мекендеуші, жарасымдық пен бірлік тұрғысынан баяндалды.
Диссертацияның хронологиялық шеңберіне қуғынға ұшырап, Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі (1946-1960 жылдар) кезеңіндегі тарихы алынды.
Зерттеу нысанына Қазақстанға жер аударылған неміс, корей, шешен, ингуш, қарашай, қалмақ, әзірбайжан, күрд, түрік, хемшілі, және басқа халықтардың соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстан Республикасының халық шаруашылығын қалпына келтіріп, өркендетудегі еңбек еткен аймақтары алынды.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында Қазақстан бойынша жер аударылған халықтардың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі нақты деректермен зерттелді. Бұл мәселе бойынша тың мұрағат құжаттары арқылы жаңалық ретінде мынандай мәселелер қарастырылады:
Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейін арзан жұмысшы қолы ретінде бір жерден екінші жерге көшірілуі, орталық аудандардан, темір жол станцияларынан алыс аудандарға қоныс аударылуы; жер аударылғандардың құқықтық, материалдық-тұрмыстық жағдайлары; білім алу мәселесіндегі шеêòåóлер; жер аударылған халықтардың ауыл шаруашылығын өркендетуге, өнеркәсіп пен транспортты дамытуға қосқан үлесі зерттелді.
Диссертацияның ғылыми жаңалығына депортацияның барлық субъективті және объективті себептері, мұнда келгендердің екінші отанында жаңа ортаға бейімделуі және шектеулері алынғаннан кейін де осында тұрақтап қалуы, екінші Отаны Қазақстанда салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтауға жағдай жасау жатады. Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі экономиканы өркендету барысында адал еңбектерімен көзге түсіп, жергілікті тұрғындармен тату, тығыз байланыстар болуын айқындау да маңызды.
Зерттеу жұмысының қорғауға ұсынылатын тұжырымдары.
- Республиканың Қазақстанға жер аударылған халықтардың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесін айқындайу;
- олардың соғыстан кейінгі саяси-құқықтық шектеу жағдайында халық шаруашылығының нақты салаларындағы еңбектеріне ғылыми тұрғыдан талдау;
- жер аударылғандардың құықтық шектеулері алынған соң зерттеліп отырған кезеңдегі олардың білім мен мәдениет саласындағы даму үрдісінің ахуалын айқындау;
- қоғамдық-саяси істерге қатысуын мұрағат құжаттары арқылы көрсету;
Диссертацияның практикалық маңызы. Қазақстанға жер аударылған халықтардың соғыстан кейінгі жағдайы мен тарихына байланысты зерттеу нәтижелерімен тұжырымдарын ұлтаралық қатынастарға байланысты еңбектерде, практикалық жұмыстарда пайдалануға болады. Диссертациялық жұмысты тарихи зерттеулерге, жоғарғы оқу орындарындағы дәрістерге, тарих факультеттерінің арнайы курстарында қолдануға болады. Сонымен бірге диссертация материалдарын отаншылдық рух жолындағы сұхбаттарда қолданудың да маңызы бар.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Ғылыми зерттеу жұмысына өзек болған мәселелер ғылыми басылымдар арқылы мақалалар түрінде және ғылыми конференцияларда баяндамалар жасау нәтижесінде көпшілік назарына ұсынылды. Диссертация ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалып, бөлім мәжілісінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Жұмыстың «Кіріспе» бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп, мақсаттары мен міндеттері, әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы мен қолданбалы маңызы айқындалып, мәселенің зерттелу дәрежесіне талдау жасалады және пайдаланылған деректерге сипаттама беріледі.
Зерттеудің «Қазақстанға жер аударылған халықтардың Ұлы Отан соғысынан кейінгі жағдайы» деп аталатын бірінші тарауда Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтардың орналасу барысы мен олардың материалдық - тұрмыстық жағдайы қарастырылады.
1946 ж. КСРО-да жалпы жер аударылғандар саны 2 463 940 адамға жетті (ал басқа деректерде 2 826 419 адам). Олардың Қазақстан Республикасына жалпы жер аударылғаны 1 млн. 200 мың адам болды.
Алайда олардың келген кездегі әр ай сайын тіркеліп отырған құжаттарында жаңадан қосылғандар мен басқа жерге ауыстырылғандар, туылғандар мен өлгендер, әскерден және әскери ауруханадан оралғандар, ажырап қалған отбасылардың қайта қосылуы, отбасыларын екіге бөлу сияқты өзгерістерге байланысты нақты санын тура айту да қиын.
1947 ж. 1 қаңтардағы есеп бойынша қоныстанғандарды ұлтына қарай бөлсек, шешен-ингуш 88 650 отбасы (341 328 адам), балқарлар 5175 отбасы (18 327адам), қарашайлар отбасы 10090 отбасы (37485 адам), немістер 101314 отбасы (325 662), қалмақтар 781 отбасы (2031 адам), Грузиядан келгендер 6696 отбасы (27 546 адам), Қырым татарлары 1 424 отбасы (4 039 адам), жалпы саны 255 170 отбасы (894 687 адам) тіркелінген.
1948 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандардан жалпы саны 781 170 адам тіркелінген. Олар ұлтына қарай былай бөлінді: шешен-ингуштер - 87 860 отбасы (338 238 адам), қарашайлар 10 013 отбасы (37 019 адам), балқарларда - 5 164 отбасы (18 142 адам), немістер 101 479 отбасы (343 998 адам), қалмақтардан - 809 отбасы (2 137 адам), Грузиядан келгендерден құрамында - 6 767 отбасы (27 210 адам), Қырымнан - 1 549 отбасы (4 574 адам) болса, 1949 ж. республикада арнайы жер аударылғандардан - 250 428 отбасы (892 671 адам) тіркелінді. Олардың ішінде шешен-ингуштер – 78 995 отбасы (299 170 адам), немістер- 123 113 отбасы (410 268 адам), гректер 371 108 адам, қарашайлар – 9 067 отбасы (33 754 адам), балқарлар – 4 772 отбасы (17 558 адам), поляктар - 32 652 адам, қалмақтар – 765 отбасы (2 265 адам), Грузиядан келгендер – (29 699 адам), Қырымнан келген 1 937 отбасы (5858 адам) тіркелінген [16].
Сонда 1949 жылы қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халықтардың 36 % орналастырылса, бұл Орта Азияның барлық республикаларынан екі есе, ал Батыс және Шығыс Сібірден 6 % көп, яғни республикамызда әрбір 10 адамның 4-і күштеп көшірілген 51 ұлттың өкілдері болды. Оның үстінен күштеп көшірілген халықтардың көбі Қазақстанға жөнелтіліп отырған. 1949 жылы Қызылорда, Талдықорған, Алматы облыстарына 45400 адам жер аударылғандар жіберіледі деп хабарланып, жеткізілгендер саны 57 154 адам, яғни 11 714 адам артығымен жіберілген. Осындай себептерден келе жатқан адамдарға ғана дайындаған тұрмыстық (баспана, азық-түлік) керек-жарақтар жетпей жатты.
Соғыстан кейінгі жылдары, соғыс кезіндегі Еңбек армиясы болмаса да, арзан және міндетті еңбек күші ретінде жер ауып келгендер басқа да осы сияқты адамдармен қатар бұрынғыша халық шаруашылығына мобилизациямен тартылатын болды.
Сол кездің өзінде-ақ олардың көпшілігін қоныстанған орындарынан қашуын тоқтату үшін республика ішінде қалалардан, аудан орталықтарынан және темір жол станциялары аймақтарынан алыс жатқан мал совхоздары мен колхоздарға бос жатқан жаңа жерлерді игеруге пайдаланып бұл ішкі қоныс аудару «науқаны» әлденеше рет жүргізілді. Бұндай әрекеттерден шығындар да көбейді. Мысалы, 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының игерілетін суармалы жерлерінде колхозшылды көбейту керек болды. Осының нәтижесінде бетпақ даланы игеруге 3 мың жер аударылғандар үгіттеліп жіберілді. Жағдайларының жақсаратына сенген олар көшуге келісім берді. Бірақ оларға жаңа жерлерде де жер аударылғандар екенін білдіретін құжаттарын өзгертуге құқы болмады. Барған жерлерде де олардың материалдық-тұрмыстық жағдайлары төмен болды. Өйткені иесіз далаға тез арада баспана, мектеп, аурухана сала қою оңайға түспеді. Олардың тұратын жерлері жертөлелер, қамыстан салынған үйлер немесе бір баспанаға бірнеше отбасылары тұратын барақтар еді. Кері қайтуға жол алыс, қаражат болмады және кетуге рұхсат та болған жоқ.
Олардың орналасқан жерлерінде өткізілген заттары қайтарылып, үйлері жоқ қоныс аударылғандарға өкімет тарапынан үй-жай бөлінеді делінді. Бірақ соғыстан кейінгі тұралаған уақытта бұл жағдайлар орындалмады, керісінше оларға жергілікті халықтар көмектерін аяған жоқ.
Күштеп қоныс аударылғандардың өмірін, тұрмыс-тіршілігін реттейтін арнаулы жеке құқықтық актілері мен нормалары болды. Мысалы, 1945 ж. 8 қаңтардағы бір қаулыда «Әдейі қоныс аударылғандар Кеңес Одағы азаматтары сияқты барлық жағдайларды пайдалана алады» - делінді. Бірақ бұл сөз жүзінде қоныс аударылғандардың өмірінде көптеген өзгешеліктер болды. Олар бақылаушы коменданттың рұхсатынсыз елді мекеннен ешқайда шыға алмайтын болды. Жер аударылғандардың тұрмыстық-тіршілігін жаңа қоныстанған жерлерінде халық комитетінің ішкі істерінің арнайы комендатуралары бақылауға алып, тәртіп бойынша жиі-жиі тексеріп отыруды әдетке айналдырды. Әрбір өзім білерлік тез арада ашылып отырды. Әрбір заң бұзушылық тез арада ашылды.
Қоныс аударылғандар үш күн мерзім ішінде отбасындағы өзгерістерді баланың тууы, өлім, кеткен адамдар, ажырап қалған туысқандарымен табысу, емделу, тұрағының және жұмыс орнының ауысуы жайлы тағы басқа деректерді үнемі комендатураға хабарлауға тиіс болды. Олар өздері тұрған жерлеріндегі тәртіпке, күнделікті істелінетін істерге көңіл бөліп, қатаң бақылауға бағынулары керектін, өйтпеген жағдайда тәртіп бұзушы ретінде 100 сомға дейін айыппұл төлеп, 5 күнге дейін қамауға алынды.
Жаңа жердің жағдайына, құқықтық ережелерге наразы болып, тұруға белгіленген елді мекендерді өз беттерінше тастап кеткен, немесе қашқан адамдар ұсталып, қатаң қылмыстық жазаға тартылып отырды. Мұндай адамдар бас бостандығынан айырылып, ауыр жұмыстарға жіберілді.
Осындай заң режимі олардың тұрмыс жағдайларын ауырлата түсті. Оларды отанын сатқандар немесе халық жаулары ретінде қарап жекелеген басшы қызметкерлер әртүрлі сылтаулармен жұмысқа алмауға, жәрдем бермеуге тырысты. Кейде жұмыстың жоқтығынан күнделікті тіршіліктегі хал-ахуалдары нашар болды. Тұрмыстағы мұндай келеңсіздіктер олардың жаппай ауруларына себеп болды, қашу оқиғалары да көптеп етек алды.
Арнайы жер аударылғандар үшін жеке құқықтық мәні бар заң актілері мен нормалары қатаң сақталып, ал керісінше олардың материалдық мұң-мұқтажына байланысты мәселелер толық шешімін тапқан жоқ. Соғыстан кейінгі шаруашылық күйзелісі, жалпы экономикалық қиындықтар барлық халыққа ауыр тигені мәлім. Сондықтан жер аударылғандарды орналастыру немесе республика көлемінде басқа жерге көшіру қосымша материалдық шығындарға әкеліп соқты.
Дегенмен, жер аударылған халықтардың тұрмыс-тіршіліктерінде әртүрлі кедергілер мен келеңсіздіктер қысылтаяң уақытта жергілікті тұрғындардың да ауыр кезеңдердегі тұрмысына орайласып келіп тұрды. Себебі бұл күштеп қоныс аударылып келген халықтарға жасалынып отырған азын-аулақ болса да көмектерді тұрғылықты халықтың аузынан жырып берумен бірдей болды. Алайда ауыр болса да елімізде мемлекет тарапынан да олардың тұрмыс-тіршіліктеріне, мүмкіндігінше материалдық қолдау (мал, үй-жай, азық-түлік, киім-кешек) көрсетіліп тұрды. Дегенмен соғыстан кейінгі қиыншылық пен тапшылықты бүкілхалық басынан өткерген еді.
Диссертацияның «Жер аударылған халықтардың 1946-1960 жылдарда халық шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі» атты екінші тарауда соғыстан кейінгі тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтіру мен олардың осы кезеңдегі тарихы байланыстырыла қарастырылды. Соғыс кезіндегі қорғаныс өндірістеріне, жаңадан салынған теміржол құрылысына, тау-кен өндірісіне шұғыл жасақталған жүйе - Еңбек армиясы еді. Еңбек армиясының құрамында мыңдаған адамдар жіберілді. Ондағыларға жұмыстың ауырлығына қарамай кез-келген нормалар беріліп, олардан соны орындау талап етілді. Жер аударылған халықтардың ішінде әсіресе немістерге деген сенімсіздік күшті болды. Олар лагерлік типтегі Еңбек армиясының барлық этаптарынан өтті. Бұндағы жұмыстарға неміс ер азаматтарының 15-55 жас аралығындағы және неміс әйелдерінің 16-дан 45 жасқа дейінгілері тартылды. Еңбек армиясы 1946 жылдың соңына дейін ұйымдасқан түрде жасырын жұмыс істеді. 1946 ж. кейін Еңбек армиясы лагерлері мен колониалары таратылып, ондағылар күнделікті өмір статусына ауыстырылды. Алайда еңбек резервтерінің мобилизациялық жоспары бойынша 16 жастағылардан жоғарғылар ФЗО (ФЗУ) арқылы жұмысшы мамандықтарын алып, міндетті түрде жұмысқа жіберіліп отырды.
Ендігі жерде оларды кейінгі жұмыстарға пайдалану әдістері халық шаруашылығындағы әрқилы еңбек түрлерімен жалғасты. Кеңес Одағы Министрлер кеңесінің 1946 ж. 9 шілдедегі №1480-650 қаулысымен «Халық шаруашылығын қалпына келтіру және өркендету туралы» мемлекеттік жоспар бойынша бұл жұмысқа жер аударылғандардан бірінші кезекте тартылды.
Дегенмен олардың міндетті еңбек саласы халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіне дәл келгенімен жер аударылған халықтарды алғашында еңбекке пайдалануда жұмысшылар мен басқарамалар арасында әртүрлі қақтығыстар да кездесіп тұрды. Мысалы, 1946 ж. Зырянов кен басқармасында өндіріс жоспарының қысқаруына байланысты жұмыстан бірінші кезекте жер аударылғандар шығарылған. Мамандықтары барлары мен ерекше цехтарда істейтін 178 адам жұмыссыз қалдырылды. Мұндай жағдайдан кейін олардың жағдайлары күрт төмендеп кетті. Кейіннен олар басқа жерге көшірілді.
Қанша ауыр жұмыс, жағдайдың нашарлығына қарамастан жер аударылғандар арасында өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, бригадаларымен жақсы көрсеткіштерге жеткендер де аз емес. Осылай елдің экономикалық қуатын арттыру үшін бар күш-жігерімен аянбай еңбек еткен ел тұрғындарымен қоса жер аударылғандар да оған барынша атсалысты. Олар Қарағанды шахталарында (неміс, шешен, ингуш, корей, грек, болгар т.б. халықтардың өкілдері), Ақтөбе ферросплавл заводында, Ақтөбе химия комбинатында, Шығыс Қазақстандағы зауыттар мен рудниктерде, Шымкент қорғасын және цемент зайыттарында, темір жол транспорты мен оның жаңадан салынып жатқан линияларында, Петропавл, Қостанай, Орал, Жамбыл, Алматы, кәсіпорындарда, мұнай кәсіпшіліктерінде, тағы басқа да өндіріс салаларында еңбек етті. Жер аударылған Кавказ халықтары жеңіл өнеркәсіп саласында да көп болды. Мысалы, Қостанайдағы №185 «Большевичка» тігін фабрикасында, Семей тері комбинатында, былғары фабрикасында, былғары аяқ киім жасау тресінде, Алматы фурнитур зауытында, Жамбыл «Соскопедзауытында», жұмыс істеді. Оларға берілген жұмыстар көбінесе аяқ киім тігіншісі, шатмпшы, күзетші, еден жуушы, мал бағушы т.б. болды.
Халық шаруашылығын өркендетуге байланысты жер аударылғандарды колхоз, совхоз және кәсіпорын жұмыстарына пайдалану, кең түрде жүргізілді. Оларды тұрақты тұрғын үймен және өз уақытында еңбек ақысымен қамтамасыз ету қиын болды. Олар жаппай қажет мамандық алу үшін оқытуға да жіберілді. Кейіннен олардың ішінен кәсіпорындардағы жұмыстарын, яғни мамандықтарын жақсы меңгергендерді білімдерін көтеруге мүмкіндік алды. Инженер, агроном мамандықтары бойынша жұмыс істегендер де болды.
Біртіндеп халық шаруашылығында жұмысқа араласу көрсеткіші өсті. 1949 ж. жер аударылған халықтардың халық шаруашылығында жұмысқа араласудағы жалпы көрсеткіші былай болды: ауыл шаруашылығында 546 555 адам, оның ішінде совхоздарда 80 238 адам жұмыс істесе, көмір өнеркәсібінде 161 388 адам, орман және қағаз өнеркәсібінде 117 953 адам, жергілікті өнеркәсіптерде 59 001 адам еңбекке тартылды. Металлургиялық өнеркәсіптерінде 37 575 адам, алтын өндіретін өнеркәсіптер мен т.б. кәсіпорындарда, СССР ІІМ құрылыстарында 99 872 адам, мұнай өнеркәсібінде 23 048 адам, тамақ өнеркәсібінде 21 095 адам, теміржол құрылыстарында 20 506 адам, ауыр индустиялық кәсіпорындар құрылысында 19 509 адам, жеңіл өнеркәсіп саласында 18 236 адам, машина жасау кәсіпорындарында 5 495 адам, балық өнеркәсібінде 12 486 адам, сауда мекемелерінде 8 201 адам, құрылыс материалдар өнеркәсібінде 10 955 адам, химия өнеркәсібінде 7 446 адам, халық шаруашылығының басқа салаларында 102 683 адам жұмыс істеді. Сөйтіп соғыстан кейін де халық шаруашылығының барлық салаларында күшпен қоныс аударылған халықтардан 1 282 004 адам еңбекке жұмылдырылды.
Соғыстан кейінгі жылдары барлық күш жігер негізінен өнеркәсіп саласын дамытуға жұмсалып, ауыл шаруашылығы едәуір артта қалып қойды. Кәсіпорындар мен мекемелерде белгілі уақыттық жұмыс тәртіптері енгізіліп, қосымша демалыс уақыттары белгіленсе, ауыл шаруашылығындағылар үшін бұл мәселе назардан тыс қалып отырды. Оған себеп ауыл шаруашылығында техниканың жетіспеуі еңбек ресурстарының да жеткіліксіз екенін көрсетті. Ауыр жұмыстар қол еңбегімен орындалды. Барлық өнім мемлекетке өткізілді. Бұл республикамыздағы тұрғын халықтарды күнделікті азық-түлік өнімдерімен, қамтамасыз етуге әсер етті. Жер аударылғандар Қазақстанда тауар өнімдері мен азық-түліктің тапшылығын қиындатқаны аян. Соғыстан кейінгі жылдары соғыс салып кеткен қиыншылықтарына қарамастан Қазақстанның тұрғылықты халқы күштеп қоныстандырылғандарға барынша көмек көрсетті. Алыс орналасқан колхоздар мен совхоздардағы ұйымдастыру істері дұрыс жүргізілмеді. Мал шаруашылығында жем-шөптің жетіспеуі, оны дайындауға мүмкіндік болмай, мал шығынына әкеп соқтырды. Бұл жағдай 50-жылдардың басына дейін созылды.
Соғыстың аяқталғанына біраз уақыт болса да ауыл шаруашылығы халықты азық-түлік өнімдерімен, өнеркәсіп шикізаттармен әлі де болса қамтамасыз ете алмады. Халық шаруашылығында, оның ішінде ауылдық әлеуметтік-мәдени ісін өркендету барысында біршама қиындықтармен қатар келеңсіз кедергілер де болып отырды. Бұны шешу қаржы мәселесіне келіп тірелді. Ал жер аударылған халықтардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерге қоныстандырылғаны белгілі. Олардың колхоздарға орналастырылғандары көбінесе егіс жинауға, дәнді-дақылдарды, мақта, темекі егістігі күтіміне, мал шаруашылығында және басқа салада жұмыс істеді.
Десекте халық тұрмыстық қиыншылықтарды көтере білді. 50-ші жылдардың басында ұсақ колхоздарды біріктіріп, ірілендіру іске асырылғаны мәлім. Сонымен қатар 1950 жылдың орта шенінде Қазақстан Республикасында тың игеруге байланысты тұрғын үй, мәдени-тұрмыстық және мал шаруашылығы құрылыстарын салу ұлғайтылды. Осындай игі істерге жергілікті халықтармен бірге ауыл-селолық жерлерге орналастырылған жер аударылғандар да белсене араласты. Ауыл шаруашылығының алдында тұрған міндеттерді табыспен орындау мемлекеттік саясатқа еңбек адамдарына, ауыл мен селоны қамтамасыз ететін өнеркәсіпке, бүкіл сондағы инфроқұрылымға байланысты еді. Соғыстан кейін мемлекет тұңғыш рет ауыл шаруашылығына басты назар аударып, халықты ынталандыруға, тұрмысына, рухани және мәдени сұраныстарын қамтамасыз етуге көңіл бөлді. Сөйтіп ауыл шаруашылығындағы еңбеккерлердің табыстары ескеріліп, тұрмыстары түзеле бастады, еңбекке деген ынталары өсті. Жергілікті кеңестердің ауыл және село тұрғындарымен бірге ұйымдастыру жұмыстарында халықтың білім алуы, денсаулық сақтау, сауда, мәдениет және тұрмыс, жол құрылысы оған ауыл тұрғындарының бірауыздан атсалысуы талап етілді. Сондай-ақ МТС жұмыстары жандандырылып, техникалық қажеттіктер, мал шаруашылығына, егін шаруашылығына машиналар бөлініп берілді.
Сөйтіп ауыл шаруашылығын дамыту шаралары іске асырылды. Жұмысшылардың жалақылары өсіп қана қоймай, қосымша еңбек ақы енгізілуі ауыл шаруашылығындағы жетістіктердің көбеюіне септігін тигізді. Себебі жұмысшылардың еңбекақысының өсуі олардың ауыл шаруашылығындағы кіріс көлемінің мөлшеріне байланысты болды.
Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасының нығаюы, ондағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің дамуы, өңдеуші өнеркәсіптің дамуына, олардың өзара байланысуына жағдай жасады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өндірісінің осындай байланысын орнықтыратын совхоз, колхоздар мен зауыттар, мал фермалары мен фабрикалардың әсері күшті болды. Совхоздар мен зауыттардың байланысы ауыл шаруашылығы өндірісімен, оның өнімдерін өнеркәсіптің өңдеуімен өздерінің тиімділігін арттырды.
Жер аударылып келген халықтардың қоныстанған жерлерінде алғашында ауыл шаруашылығында еңбекке араласу төмен болды. Оған себеп өз атамекендерінде қызмет атқарған немесе ауыл шаруашылығына араласып көрмеген, басқа жұмыстарда істеген адамдар колхоз, совхоздардың ауыр жұмыстарына бой ұсына бермеді.
Сондай-ақ, бірнеше адам істейтін жұмысты, жұмысшы күшінің жетіспеуінен бір адамның атқаруы, яғни ауыл шаруашылығына берілген техникалардың жеткіліксіздігінен ауыр жұмыстарды қол күшімен орындау да қиынға соқтырды. Мысалы, 1951 жылдың 1 қаңтарында Алматы ауданында құрамында 8332 шаруашылығы бар 14 ірі колхоз болды. Ондағы жұмыс істейтін 13 111 адам, ал ауданның жалпы егіс көлемі 157 332 гектарды құрады. Сонда 1 жұмысшыға шаққанда 12 гектар жерден келетін еді. Мұндағы жер аударылған халықтардың еңбектері көбінесе егістік жерлерде жүргендіктен орташа есеппен 1 жұмысшыға 2 гектар жерде жұмыс істеуі жүктелді [17].
Сонымен қатар ауыл шаруашылығының әр саласына бұрынғы бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалмауындағы кемшіліктерге назар аударылып, болашақта жұмсалатын және жетпей жатқан қаржының орнын толтыру мәселелерін де ұқарастырылды. Мысалы, бұрындары 3-4 жылдың аралығында 500-600 мың шары метр жерге тұрғын үй салынып келсе, енді 3-4 жыл аралығында, 3 миллион 200 мың шаршы метрге тұрғын үйлер салынды. Бұл халықтың әл-ауқатының түзеле бастағанның да белгісі еді.
Ауыл шаруашылығында жер аударылғандар арасында жұмыстар жандана түсті. Үй құрылыстары көбейіп, ауылдық жерлерге адамдар тұрақтай бастады. Күштеп қоныстандырылған халықтар арасында ауыл шаруашылығының жұмыстарына белсене араласу байқалды. Мәселен, облысына аудандарына қоныстанған 1 721 жер аударылған халықтардан 1 300 адам мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында жұмыс істеген болса, Қостанай облысында 44 072 жер аударылған адамдардың 19 289-ы колхоздарда, 9 336-ы совхоздарда жұмыс істеді. Павлодар облысында жер аударылған адамдардан 1955 жылы 25 қаңтар көрсеткішінде колхоздарда 14 361 адам, МТС–тарда 2 254 адам, совхоздарда 6086 адам еңбек етті. Бұл көрсеткіш бірітіндеп көбейе түсті. Мысалы сол жылдың екінші жартысында осы облыста жер аударылғандар 14 580 адамға көбейген, яғни 219 адам келіп қосылған. МТС-терде 2854 адамға өсіп 600 адам қосылса, ал совхоздардағы 6 480 адамға қосымша тағы да 394 адам еңбек еткен.
Жер ауып келгендер әр түрлі жұмыстарын адал атқарып, өз еңбектерінің шебері бола білді. Мысалы жер аударылған кәрістер негізгі кәсіптері - күріш өсіруді келген жерлелінде іске асырып, жергілікті халықпен өз тәжіибелерін бөлісе білсе, ал мал бағу існде жергілікті халықтан тәжірибе жинақтады. Мысалы, кәріс ұлтының өкілі Ким Ман Сам күріш өсіру шеберлігін Ыбырай Жақаевпен бөлісіп, олар күріш өсіруде рекордттық көрсеткіштермен танылды. Кейіннен Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Авангард» колхозы КСРО-да алдыңғы қатардағы шаруашылыққа айналда. Оның төрағасы Ким Хон Бин бастаған 12 адам 50-жылдары Социалистік Еңбек Ері атанды.
Осындай еңбектерде жер аударылғандар қатарынан көзге түсіп, басшылық қызметке тағайындалғандар да болды. Кәрістер бұл жағынан басқа халықтармен салыстырғанда басымырақ түсті. Мысалы осындай орта буын басшысы қызметтерде 50-ші жылдардың ортасында жергілікті тұрғындар 0,66 пайызды құраса, бұл көрсеткіш жер аударылып келген немістерде 0,74 пайызды көрсетті. Павлодар облысында жер аударылып келген халықтардың азаматтарынан колхоз председательдері 5 адам, бригадирлер 193 адам, ферма меңгерушілері 61 адам, жеке совхоздардың басқармасы болып 3 адам жұмыс істеді.
Оңтүстік Қазақстан облысында 50-жылдардың ортасында тіркелген 62 632 жер аударылғандардан 47 704 адам жұмысқа жарамдылар, олардың ішінде колхоздарда еңбек ететіндері 22 731 адам, совхоздарда 11 126 адам және МТС-терде 1 659 болды. Олардан 1 адам колхоз басқармасы, 1 адам колхоз басқарамасының орынбасары, 259 адам бригадир және 4 адам совхоздардағы ферма меңгерушілер қызметтерін атқарды.
Кейіннен арнайы жер аударылғандардан ауыл шаруашылығындағы үздік еңбектерімен көзге түсіп, КСРО-ның әртүрлі, медальдарымен марапатталғандары да көбейді. Мысалы, Павлодар облысында осындай медальдар мен ордендер алғандар 131 адам және Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатынасқандар 1071 адам болды. Олардың ішінде жер ауып келген неміс ұлтының өкілдері де бар.
Ауыл шаруашылығында тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Қазақстан ерекше республика болғаны белгілі. Онда жер аударылғандар тың жерлерді игеруге қатысып қана қоймай, шаруашылықты өркендетуге белсене атсалысқандардың қатарынан табылып отырды. Сол облыстағы М.Геринг басқарған шаруашылық, Қарағанды облысы Тельман ауданындағы озат колхоздар, ондағы Қарқаралы ауданының 1954 ж. Ленин оденімен марапатталған Тельман атындағы колхоздың басқармасы В.Мюллер және басқалары осының айғағы. Павлодар облысында жер аударылған халықтардан “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалін 415 азаматы иеленді. Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін 666 жер аударылған адам көктемгі егіс кезінде тапсырманы 28 860 еңбеккүнге артығымен орындағаны үшін сыйақылар алды. 1957 ж. Оңтүстік Қазақстан облысының «Мақтарал» совхозында жер аударылғандардан құрамында 20 адамы бар егін шаруашылығымен айналысатын Мелонаев басқарған бригадасы еңбекте Қызыл Ту белгісін жеңіп алып, барлық бригада мүшесінің әрқайсысы 300 сомнан 500 сомға дейін сыйақы алса, Ленгір ауданының «Пятилетка» колхозының мүшесі Мадлы-Халал-оглына бір жылда 1950 еңбеккүн орындағаны үшін 20 центнер бидай берілді. Сол кездегі тәртіп пен мүмкіншіліктер бойынша еңбек адамдары осылай ынталандырылды.
Алматы облысында Кавказдан жер аударылған халықтардан 20 750 адам тұрды. Олардан 20 адам 1954 жылғы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып, оның ішінде 8 адам наградталған және Алматы темекі совхозының бригадирін Аирахов Социалистік Еңбек Ері атанды.
1947-1951 жж. КСРО бойынша ауыл шаруашылығында жер аударылған халықтардың өкілдерінен айрықша еңбектерімен көзге түсіп Социалистік Еңбек Ері атанған 7 адамның 5-еуі Қазақстан Республикасынан шыққан. Мысалы отбасында 8 адам арнайы комендатурада тіркеуде тұрса да, қарашай Кубанова Нузул Хачья-қызына 1948 ж. 8 майда қызылшадан өнім аулудағы үлкен жетістігі үшін осындай атақ берілген. Отбасының 6 адамы арнайы комендатураның тізімінде тұрған, неміс ұлтының азаматы Шмидт Петр Абрамович 1949 ж. 9 қазанда мал шаруашылығында жұмыс істеп, мал төлдетуде үлкен көсеткішке жеткендігі үшін осы атақты алған. 1950 ж. 28 наурызда қант қызылшасын өсіруде ерекше еңбегімен танылған, түрік азаматшасы Мамедова Жамиля Мамедқызы Социалистік Еңбек Ері иегері атанса, 1950 ж. қарашай қызы, отбасында комендатураның тізімінде 6 адамы тұрған Шидакова Патия Магаметқызы қант қызылшасын жинаудағы ие болған. Сол сияқты 1951 ж. 21 тамызда қызылша совхозында егін жинаудағы рекордтық көрсеткіші үшін, поляк, комендатураның тізімінде тұрған отбасының 4 адамы бар, комбайнер Иосиф Адольфович осы атақты алды. Ал егінші, кәріс ұлтының өкілі Огай Но Ок «Құрмет Белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бұдан басқа көптеген медальдар, грамоталармен марапатталған. Мұндай мысалдарды көптеп келістіруге болады.
Күштеп жер аударылған халықтардың еңбектегі ерен ерліктерімен көзге түскендері көп. Олардың жергілікті халықтармен бірге өнеркәсіпте, транспортта атқарған жұмыстары, әр жерлерде жүргізілген қоғамдық құрылыстарды салуға қатысқандығы, сол кездегі ауылда болып жатқан шаруалардың бәріне араласып, соғыстан кейінгі едің еңсесін көтеруге қосқан үлесі зор.
Күштеп қоныс аударылған халықтардың Қазақстанның соғыстан кейінгі өнеркәсіп пен транспортты дамыту саласындағы еңбектері де зор.
Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанның өнеркәсіп салалары соғысқа қажет деп шығарылған өнімдерін қысқартып, бейбіт өмірге қажет өнім шығаруға кірісті, халық тұтынатын тауарларды көбейтуді қолға алды. Шикізат қорына бай еліміздің қазба байлықтарын игеру, оны өндіру кеңейтілді, сөйтіп Қазақстан сол кездегі одақтас республикаларды шикізат көзімен қамтамасыз ететін негізгі қорлардың отаны болды.
Қазақстан өнеркәсібінің дамуы соғыстан кейінгі жылдарда соғысқа дейінгі қарқынынан екі еседей асып түсті. Бесжылдықта Қазақстанда қара және түсті металлургия, тау-кен өндіріс саласы өркендеді.Зауыттар, көмір өнеркәсібі жабдықтары, ұсталық станоктар, ауыл шаруашылығына қажетті құралдар мен жабдықтар шығара бастады. Өнімдердің жаңа түрлерін шығаратын ауыр машиналар зауыттары, мұнай кәсіпшіліктері өнімдері арттырылды. Еліміздің жеңіл өнеркәсіп орындары да қарапайым болса да ел тұтынатын аса қажетті тауарлар шығарымын айтарлықтай жетілдірді.
Соғыстан кейінгі жылдардағы бой көтерген өнеркәсіп объектілерінен басқа жылулық станциялары бой көтерді. Қазақстанның жаңа өнеркәсібін дамыту барысында 5200 өнеркәсіп орны, 6000 – нан астам ірі кәсіпорын салынып, қалпына келтірілді.
Осы жылдарда республикамыздың өркендеуінің барлық кезеңдерінде алдымен транспорттың дамуына айрықша көңіл бөлінді.
Темір жол салу соғыс жылдарымен салыстырғанда 25 пайызға өсті, яғни ұзындығы 8212 км темір жол линиясы іске қосылды. Онда Ақмола-Қарталы аралығында 806 км темір жол салынса, Гурьев – Қандағаш арасында 517 км және Орск- Қандағаш аралығында 262 км жол салынып іске қосылды. Оған 40000 мың жер аударылған немістер (17 мен 50 жас аралығындағылар) қатыстырылды.
Өйткені осындай жұмыстарға көбінесе жер аударылғандар, лагерлерде жазасын өтегендер жіберілді. 1946-1958 жылдары республикамыздың барлық территориясын қиыстыратын солтүстіктен оңтүстікті байланыстыратын теміржол құрлысы 8212 км-ден 10297 км дейін, яғни 25,5 % өсті.
Соғыстан кейінгі жылдары жұмысшы күші соғыстан қайтқандармен толықтырылды. Олармен бірге жер аударылғандар да Қазақстанда өнеркәсіп құрылыстарын салуға етене араласты. Қазақстанға арнайы қоныстандырылғандардан республикамыздың халық шаруашылығы саласында жалпы 178 454 адам жұмыс істесе, олардың кәсіпорындар мен құрылыс мекемелерінде істеген 54 099 адам болды. Бейбіт жағдай болса да жер ауып келгендерден 50-ші жылдары 18 064 қартайған, мүгедек және басқа жұмысқа жарамсыз адамның 5 017-і кәсіпорындар мен құрылыс мекемелерінде ауру-сырқауына қарамай жұмысқа тартылды.
Жер аударылғандар соғыс кезінде әскерге жарамды болса да бірден қорғаныс объектілеріне, зауыттар мен фабрикаларға, жаңадан салынып жатқан өнеркәсіп орындарына қара жұмыстарға жіберілгендігін айттық. Соғыстан кейін олардың кейбір құқықтық шетеулері алынғанымен сол жұмыс орындарында қалдырылы. Олардың ішінде 16 жасқа дейінгі жас балалар да кәсіпорындарында және шахталарда жұмыстарға тартылған. 1947 ж. жер аударылғандардан 12 мен 16 жас аралығындағы 15 133 жас жеткіншек Қазақстанда жұмысқа тартылған еді.
Олар жатын орынның нашарлығына, азық-түліктің әлсіздігіне, жұмыстың ауырлығына да төтеп бере білді. Сол кездегі жетпейтін маман иелерінің де орнын толтырып, олардың қатарынан атақты тракторшылар, комбайншылар, жүргізушілер шықты. Кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындарында жауапты станок тетіктерін жақсы игере білді. Олардың арасынан еңбек озаттары, стахановшылар және өз міндеттерін жүздеп, мыңдап орындаушылар да көрініп жатты. Мәселен, Қарағанды ЦЭС–да, Балқаш зауытында, Жезқазған руднигінде жер аударылған әйелдер арасынан шыққан екпінді бригадалар болды.
Жер аударылған халықтар өкілдері Алматы ГЭС құрылысын салу кезінде, Алматы паровоз депосында, “Кельмашатуголь” және Шығыс Қазақстан облысындағы «Убаредмет» рудниктерінде, Қызылорда облысы Арал ауданындағы тұз тресінде, сульфаткомбинатында және суроверсон кәсіпорындарында өз жұмыс нормаларын артығымен орындаса, жалпы өнеркәсіп пен транспортта олардан 254 екпінді, 45 стахановшылар шықты.
Жалпы Кеңес өкіметінің қуғын-сүргін саясаты тылдағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын да қиындатты. Бірақ сол кездегі жалпы жұмысшы қауымының еңбекте көрсеткен ерліктері ерекше. Жер аударылған халықтар да өнеркәсіп пен транспорт саласында қажырлы еңбектерімен елдегі қалпына кетіру, өркендету жұмыстарына бар күш жігерлерімен араласты.
Жұмыстың «Қазақстанға жер аударылған халықтардың мәдени және құқықтық жағдайы» деп аталатын үшінші тарауында Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың білім алуы мен мәдени дамуы және олардың құқықтық жағдайын қалпына келтіру туралы айтылады.
Күштеп қоныс аударылған халықтарға “Отанын сатқандар” ретінде келген жерлерінде рұқсатсыз басқа жақтарға шығуға қандай тыйым салынса, олардың мектептен кейінгі білім алуларына да сондай шектеулер қойылды.
Балаларды мектепте оқыту қоныс аудару басқармасы мен ішкі істер бөлімдерінің комендатурасы арқылы жүргізілсе де, соғыстан кейінгі уақыттардағы ауыр жағдайдан балаларды оқуға тарту мәселесі толық шешіле бермеді.
Мектеп жасындағы балаларды оқуға қамту қиын жағдайда жүргізілді. Жаңа жерді материалдық қиындықтарға қоса бұған жер аударылып келген балалардың өз ана тіліндегі кластарды бітіргендері жаңа ортада қазақ немесе орыс тілдерін білмегендігі және таулы аймақтан жер аударылған Солтүстік Кавказ халықтарының ұлттық-әдет ғұрыптары бойынша кейбір жағдайда балаларын басқа тілде оқуға тыйым салатыны әсеретті.
Дегенмен оқушылар өздерінің ана тілінде өткен бағдарламаларды келген жерлерінде екінші рет қазақ немесе орыс тілдерінде оқуына байланысты, мүмкіндігінше тәжірибелі мұғалімдер бөлінгендіктен, оқу жылының соңына қарай үйрететіні байқалды. Бірақ көбінесе бұл оқушылардың негізгі уақыты тіл үйренуге бөлінгендіктен үлгерімі артта қалып отырды.
Балаларды мектепте оқытуға шектеу қойылмаса да, жоғары білім алу жер аударылғандар үшін өте қиын мәселенің бірі болды. Мектеп бітірушілер өзі қалаған оқуларына бара алмады. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1952 ж. 28 мамырдағы №12 хаттамалық шешімі бойынша жер аударылғандарды С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетіне, Алматы Заң, Қазақ кен-металлургия, денешынықтыру және педагогикалық институттар мен консерваторияға оқуға қабылдауға тыйым салынды. Жер аударылғандарды тек Қазақстанның ауылшаруашылық, зоотехникалық, медициналық, Шымкенттегі технологиялық институттарына және Алматыдан тыс, басқа жерлердегі мұғалімдік оқу орындарына шектеулі түрде ғана оқуға қабылдауға рұхсат етілді. Алайда жер аударылғандардың балаларынан ол кезде Қазақстан ауылшаруашылық институтында конкурсқа 20 студент жіберілгенімен, олардан 10 адам ғана оқуға мүмкіндік ала алатын еді. Алматы мал дәрігерлік институты конкурсқа 20 адамға, түсуіне 10 адамға рұхсат ететін. Семей мал дәрігерлік институты, Шымкент Технологиялық институты, Петропавл Педагогикалық институты және Қарағанды медициналық институтының әр қайсысы конкурсқа түскен 15 адамнан 7 ғана, Алматы Медициналық институты конкурсқ келуге 25, түсуіне 12 адамға ғана рұхсат ететін. Сол сияқты, Қарағанды Педагогикалық институтына конкрусқа 20, түсуге 10, Қостанай, Ақтөбе, Семей, Шымкент, Гурьев, Орал, Қызылорда педагогикалық институттарының әрқайсысының конкрусына 10 адам, түсуіне 5 адамнан ғана рұхсат болды. Сонда жылына жер аударылғандардан республика бойынша барлығы 215 адам конкурсқа келіп, оның 105-і ғана оқуға түсуге мүмкіндік ала алатын [18].
Оқушыларды оқумен қамту тікелей міндетке алынғанымен құрылыс жұмыстары жаңа жүргізіліп жатқан өңірлерде мектептердің жетіспеуі де білім алу жүйесіне көп кедергілер келтірді. 1953 ж. Жетісай өңірінде бар жоғы 320 оқушы сиятын 2 мектептік құрылыс салынды. Бұдан басқа сол кезде салыну үстіндегі 4 мектептің біреуі ғана біткен. Осындай себептерден оқумен қамтылған 1000 оқушы, қалған 11 мектепке сиятын 4000 оқушы жер аударылғандарға салынған үйлерде оқыды. Бұндай жағдайларда олардың мектепке қажетті оқу құралдары да жетіспеді. Мысалы, мектепке қажетті 1222 партаның 630-ы ғана жеткізілгенімен, салынып біткен мектептер көрнекті құралдармен, оқулықтармен және мектеп жиһаздарымен жабдықталмады.
Жергілікті басқару органдары соғыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде жер аударылған халықтар арасында қоғамдық-саяси және мәдени-көпшілік жұмыстарды жандандыра түсті. Шешен тілінде “Къинхьегаман Байракх” (Знамя Труда), “Блокнот агитатора” деп аталатын газет пен радио хабарлама, неміс тілінде көркем және ән хабарлары берілетін болды.
Оларға деген сыйақылар, ақшалай және заттай көмектер де беріліп тұрды. Мысалы, ондай көмекті жер аударылғандар арасында аса қажет ететін 2400 адам алса, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен “Батыр Ана” орденімен 94 ана, “Құрметті Ана” орденімен 574 ана, “Ана медалімен” 1424 әйел марапатталды. Ал мемлекет тарапынан 2700-ден астам көп балалы аналар көмек ақша алып тұрды.
Жер аударылған халықтардың құқықтық жағдайы және оны қалпына келтіру 1955-1956 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі зорлықпен жүргізілген қоныс аударуды ауыр қылмыс ретінде қарап, қоғамымызға кесірін тигізген қатал іс екендігін мойындаған соң түзеле бастады.
Шындықты біршама қалпына келтіру КПСС-тің ХХ съезінде басталып, 60-жылдардың екінші жартысында тоқтап қалды. Осы аралықта – арнайы комиссияның шешімімен саяси қудаланғандар және мыңдаған кінәсыз сотталғандарға байланысты халыққа қарсы заңсыз актілер жойылды. 30-50 жылдары орын алған халықтарды туған отандарынан жер аудару, саяси қуғынға ұшырату заңсыз екені мойындалды және де зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын қалпына келтіруге арналған басқа да актілер қабылданды. Сөйтіп кезінде, күштеп көшірілген халықтардың құқықтарының бұзылуына және ұлттық мемлекеттік Автономияларының жойылуына негіз болған КСРО Жоғарғы Мемлекеттік органдарының актілері өзгертілді. Оларға қойылған еріктен тыс талаптар мен шектеулер де қоса алынып тасталды.
Ондай шектеулердің алынуы да әртүрлі сатыдан өтті. Мысалы, КСРО бас прокурорының 1954 ж. 5 шілдедегі нұсқауында КСРО Министрлер кеңесінің № 1439-649 қ. қаулысы негізінде «Арнайы жер аударылғандардың құқықтық жағдайларынан кейбір шектеулерінің алынуы туралы» айтылған. Бұл оларға елді мекеннен шығуға ерік берумен байланысты еді.
1954 ж. күштеп көшірілгендерден кейбір шектеулер алынғаннан кейін 1955 ж. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 13 желтоқсандағы жарлығының 2 тармағында «Алыс жерлерге жер аударылған немістер және олардың отбасыларына қойылған еріктен тыс талаптар алынып тасталсын» деп жазылады. Бұл заң күші бар шешім еді.
1956 ж. 17 наурызда қалмақтарға, 28 наурызда гректер, балқарлар, армяндар, 28 сәуірде қырым татарлары, балқар, түрік, күрд, хемшілі, 1957 ж. 31 қазанда Грузиядан қоныс аударылып келген түріктермен басқа да этникалық топтарға байланысты заңсыздықты жойып, олардың бұрынғы Автономиясы барларын қалпына келтіру туралы актілер қабылданды. Автономия мәселесін қалпына келтіру тек Еділ бойы немістері мен Қырым татарларына байланысты қабылданбады.
Заңдық күші бар қаулылар шыққаннан кейін ғана күшпен көшірілгендер өз бас бостандықтарына ие болып, туған отандарына қайтуларына мүмкіндік алды. Бірақ осы жарлықтың І-тармағында сол ұлт азаматтарына аударылған жерлерінде тартып алынған зат, мүліктері қайтарылмайтындығы көрсетілді.
1955-1956 жж. заңды түрде құқықтық шектеулері алынып, бұрынғы Ресей құрамында Автономиялық республикалары мен облыстары қайта құрылған шешен, ингуш, балқар, қарашай, қалмақ халқының өкілдері өз тарихи отандарына қайтуға мүмкіндік алды. Тағылған айып-кінаны жоққа шығарғаннан кейін 50 мың адам өз отанына оралуына ниет білдірді.
1955 ж. 13 желтоқсанда немістердің және олардың отбасыларына құқықтық бостандық беріліп, комендатуралардан босатылғанымен бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Жоғарыда айтылғандай, бұрынғы атамекені Еділ бойына оралуға рұқсат берілген жоқ. Тоталитарлық жүйенің салған лаңынан айналып өткен, қалыс қалған халық жоқ. Жер аударылған халықтардың мемлекеттігінің қалпына келмеуі де тоталитаризм салған жазылмас жара.
Шектеулері алынғаннан кейін Шешен-Ингуш және Кабардан-Балқар республикалары қайта құрылды, Қарашай-Черкес облысы қайта құрылғанымен, отанына барушыларға бұрынғы жерлері қайтарылған жоқ. Кейбір халықтардың өз тарихи отанына оралуы іске аспай қалды. Оған басты себеп олардың бұрынғы атамекендеріне қоныстанған шовинистік элементтердің ұйымдастырған қарсылық қозғалысы еді. Өз атамекендерін талап еткен халықтардың сұрауын орындау кейінгі үкімет орындарын да үлкен сарсаңға түсірді деуге болады. Өйткені оны орындау барысында ұлттар арасындағы қақтығыстар өріс алып, ел тыныштығын бұзып алу қаупі айдан анық көрініп тұрды.
Жер аударылған халықтардың басым көпшілігі өз Отандарына оралды. Десекте, атамекендерінде орын алған жағдайлардан олардың біраз бөлігі Орта Азия мен Қазақстанда орнығып қалды. Мысалы, соңғы халық санағы (1999) бойынша олардан Қазақстан Республикасында тұрақтап қалғаны: немістер – 353 441 адам, татарлар – 248 952 адам, кәрістер – 99 657 адам, әзірбайжандар – 78 295 адам, күрдтер – 32 764 адам, шешендер – 31 799 адам, ингуштер – 16 893 адам.
Тоталитарлық жүйе жер аударылған халықтардың толықтай атамекендеріне оралуына шектеу жасап, олардың өміріне, рухани дүниесіне, тілінің, салт-дәстүрінің дамуына қиянат жасағандығын дерек көздері айқындап отыр.
Ендігі жерде жер аударылған халықтар Тәуелсіз Қазақстанның тең құқықты азаматтары ретінде қазақ халқымен туысқан болып етене араласып кеткендігі айқын.
Олардың құқықтық заң актілері қалпына келтірілгеннен кейін ерікті өмір сүруге, соның ішінде оқуға бар мүмкіндіктері ашылып, білім алу мәселесі қалыпты жағдайға ауысты. Олардың арасында қажырлы еңбеккерлер, елге танылған, құрметті азаматтары да аз емес. Қазақстанның ғылымына үлес қосқан кәріс, неміс, түрік, күрт, қарашай, әзірбайжан т.б. ұлт өкілдері арасынан Э.Г. Босс, Э.Ф. Госсен, А.Г. Рау, А.К. Курскеев, Н.К. Надиров, А.А. Мамедов, К.Н. Мирзоев, А. Османова, И.Т. Пак, еңбек армияшылары қатарында болған М.П. Лайгер, О. Бадер, Б.В. Раушенбах сияқты танымал ғалымдар, Г.К. Бельгер, А. Реймген, П. Алиев, И.Т. Хаккиев сияқты ақын-жазушылар, М. Бокаев, М.Т. Мулейманов, А.К. Надиров, А.Б. Надиров, С.И. Сеидов сынды педагогтар т.б. атақты адамдар шықты.
Бүгінгі күнде Қазақстанда тұрақтап қалған ұлттар әлеуметтік-саяси және мәдени орталықтарын құруға мүмкіндік алды. Қазақстан корей, түрік, неміс, қарашай, қалмақ, шешен, ингуш т.б. кезінде жер аударылған халықтарының өкілдеріне өздерінің тарихи Отанымен тығыз қарым-қатынас орнатуға көмек көрсетті. Сөйтіп, ұлттық мәдени орталықтары мен қоғамдық бірлестіктерге жол ашып, негізгі алға қойған мақсаты – әр бауырлас халық арасында ұлттық қарым-қатынастың жарасымдығын орнықтыруда.
Диссертациялық зерттеудің Қорытынды бөлімінде кеңестік тоталитарлық жүйенің салдарынан Қазақстанға жер аударылған халықтар және олардың Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға қосқан үлесі тұжырымдалды. Тоталитарлық жүйенің саясаты күштеп қоныс аударылған халықтар тағдырында ауыр із қалдырды. Автономиялары жойылып, атамекендерінен алыс жерлерге көшірілген олардың жаңа ортаға бейімделуі қиынға соқты. Орналасқан жерлерінде көшірілгендердің саяси құқықтық жағдайы өте ауыр болды. Күштеп қоныс аударылғандарға арнайы шығарылған заңдар, олардың қалыпты өмір сүруіне шек қойды.
Жер аударылған халықтарды мұнда орналасқан соң республика ішінде бір жерден екінші жерге көшіру тағы жүргізілді. Бұның екі себебі болды. Бірінші, жер аударылған халықтар арзан жұмысшы күші ретінде қолданылса, екінші, ауыр тұрмыс тауқыметіне, қатал тәртіптерге шыдай алмағындықтан олардың қашуын тоқтату мақсатында қалалардан, аудан орталықтарынан, теміржол станцияларынан алыс аудандарға көшірілді. Бұл сол кездегі елдегі қиыншылықтарды ауырлатты, қосымша көп шығынды талап етті.
Соғыстан кейін тек жер аударылғандардың ғана емес, жалпы халықтың тұрымыстық-материалдық жағдайалары ауыр болды. Себебі, халық шаруашылығында соғыс салған ауыртпашылықтан арылу оңайға соққан жоқ. Халық шаруашылығының өнеркәсіп, транспорт саласында, құрылыста, ауыл шаруашылығында жұмысшы күші, оның ішінде мамандандырылған жұмысшылар жетіспеді. Жер аударылған халықтарға арналып салынатын үй құрылыс материалдары, кең қолданылатын тауарлар тапшы еді. Өндірістік кәсіпорындарының негізгі қорларының жағдайы төмен болды. Халық шаруашылығына ең керекті электроэнергия қуаты, шикізат материалдары жетіспеді. Алыс аудандарға орналастырылғандарға ауылшаруашылығы үшін жер жыртуға техника немесе егіске себетін дәнді-дақылдар болмады. Халық шаруашылығын тез арадан қалпына келтіруге жаңа техниканы меңгерген мамандардың және жұмысшы күшінің жетіспеуі үлкен кедергі болды. Осындай қалпына келтіру шараларын іске асыруға барлық халықтар жұмылдырылды.
Жер аударылған халықтар да халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға барын салды. Олар өнеркәсіп пен транспорт және ауыл шаруашылығы салаларындағы қажырлы еңбектерімен елдегі экономиканы көтеруге атсалысты. Халық шаруашылығын қалпына келтіріліп, дамуынан елдің тұрмыстық жағдайы түзеле бастады. Халық шаруашылығының қалпына келтірудегі ерен еңбектерімен жер аударылған халықтар арасынан көптеген еңбек озаттары танылды.
Дегенмен жер аударылғандарға арналып шығарылған қатал тәртіптер олардың шетеулері алынғанға дейін күшін жойған жоқ. Өйткені білім алуларына, өз еркімен қоныс аударуларына немесе еріктен тыс жұмыстарға рұқсат шектеулі болды. 1956 ж. олардың шектеулері алынғаннан кейін атамекендеріне оралуларына, ерікті білім алуларына т.б. бар мүміндіктер ашылды.
Тоталитарлық жүйе жер аударылған халықтарды барынша тұсаулап ұстады. Халықтарды жер аударту олардың тілінің, дінінің, салт-дәстүрінің дамуына кедергі келтіріп, болашақтарының құрып кетуіне әкеп соқтырды.
Осы уақытқа дейін құпия күйінде қалып келе жатқан еңбек армиясы немесе еңбекпен түзеу колониялары туралы бүгіндері мүмкіндігінше зерттеліп ашық айтылуда. Қазақстанда бұрынғы он бес одақтас респуликалардың ішінде бірінші болып тұңғыш рет еңбек армияшыларының сиезін өткізіп, оған қатынасқан ардагерлердің басын біріктіріп, кім, қай жерде болғаны туралы мәліметтерді айқындап, олардың соғыстан кейінгі халық шаруашылығындағы еңбектерін ескеріп, еске алу нышандарына жол ашты.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет