Ақтау ЖББ мектебі
Ата-аналарға ҰБТ жайлы ұсыныстар
11 сынып
Дайындаған педагог-психолог А.Дюсенбекова
2021-2022 оқу жылы
Емтихан болсын, сынақ болсын, тест болсын – бұл оқушылар, ұстаздар және ата-аналар үшін стресс болып келеді. Егер емтиханды сынақ ретінде емес, оны тәжірибе алу, зейін мен ұйымдастыру қабілеттерін шыңдау деп есептесе, онда жағымсыз эмоциялар мен стрестер өзі-ақ жоғалады.
Балаларыңызға сынаққа тиімді дайындалуда көмек көрсету үшін келесі кеңестерге назар аударыңыз:
ҰБТ-дағы жоғарғы нәтиже ата-ана мен түлектің жақсы қарым-қатынасына тікелей байланысты. Өмірлік маңызы бар сынақта ата-ананың қолдауы ерекше рөл ойнайды. Рас, ата-ана іштен шыққан бала үшін күндіз-түні уайымдайды. Алайда, үлкендер балаларға қарағанда қобалжуды, қорқынышты оңай жеңе алады. Өзіңіз байқап отырғаныңыздай, бүгінгі кеңестеріміздің басым көпшілігі ата-аналарға арналады.
Мамандық және пән таңдау
Біздің қоғамда бала үшін ата-ананың шешім қабылдау дәстүрі кең етек алған. Ата-анаға баланың қабілеті емес, кез келген жолмен ақшаны көп табуы, ел-жұртқа мақтана алатындай кәсіп иесінің қожайыны атануы маңыздырақ болғалы қай заман? Нәтижесінде, өз ісін сүйіп жасайтын, үлкен жетістікке жететін, сол саланың нағыз мамандарының қатары азаюда... Ата-ана, ұмытпаңыз! Мамандық таңдау: "қалаймын – жасай аламын – маған керек" деген формула бойынша таңдалу керек. Сонда ғана балаңыздың болашағын нық сеніммен құра аласыз. Сондай-ақ, баланың қабілеті, қызығушылығы, жоспарлары, армандары, мақсаттары, әлеуметтік сұраныс (жұмыс оңай табылатын, жақсы төленетін) ескерілуі қажет. Заңгер немесе қаржыгер болып, көптің бірі болып жүргенше, электрик, сантехник мамандығын жақсы меңгеріп, кез келген жерге жақсы төленетін жалақымен орналасқан артық емес пе? Пікір мен ұсыныс айтыңыз. Оған сіздің ата-ана ретінде қақыңыз бар. Бірақ 16 жасқа келген бала таңдауды өз еркімен жасауы керек.
Психологиялық дайындық
Тестке дайындық кезінде ата-ана алдына қойылатын басты тапсырма – бала үшін ыңғайлы жағдай тудыру. Және кедергі келтірмеу. Ынталандыру, мақтау, рухани және материалдық қолдау, ең бастысы салмақтылық баланың қобалжуын жеңуге септігін тигізе алады. Оны қорқытудан аулақ болыңыз, тест қиындығын, жауапкершілігін әрдайым еске сала беру қателік. Бұл мотивация бермейді, керісінше, эмоционалды тосқауыл тудырады. Жыл басында ғана ашық әңгіме құрып, ҰБТ-ның қандай маңыздылығы барын бір рет түсіндіріп қою жеткілікті.
Әрбір дайындық тестінен кейін баланың тауы шағылып оралады. Осындайда "пәленшенің қызы жарайды!", "түгеншенің баласын қарашы!" немесе "сенен бір нәтиже шықпай кетті ғой, қосымша курсқа неге оқыттық, дайындаласың ба, дайындалмайсың ба, кешке дейін не оқисың?!" сынды сөздеріңізді өзіңізде ұстауға тырысыңыз. Керісінше, "менің балам ең ақылды", "бұйырса, менің қызымның қолынан бәрі келеді" деген жылы сөздеріңізді арнап, сенімділік ұялатыңыз. Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады емес пе?
"Осыдан аз балл жинасаң, үйде қаласың, грантқа түспесең, ақылы оқумен оқытпаймыз" деген дөрекі сөздерді әрбір ата-ана айтады. Сізді де түсінуге болады. Бірақ бұл сөздерді күн сайын қайталау арқылы нәтиже шығарамын деу құр әурешілік.
Материалдық көмек
Балаңызға күнделікті дайындық кестесін жасауға көмектесіңіз. Қажетті оқулықтарын сатып алып беріңіз. Арнайы мамандармен кеңесіп, ҰБТ-ға дайындалу әдістемесімен танысып, сол бойынша әрекет жасаңыз. Балаңызға дайындыққа арналған арнайы бұрыш жасап беріңіз. Үй шаруасындағы жұмыстардан шектеп, сабақ үшін уақыт бөлуін қадағалаңыз. Өзі қиналатын сабақтар бойынша, қосымша курстарға жаздыртыңыз немесе мүмкіндігіңізге қарай, жеке репетитор жалдаңыз. Арты өкінішті болмасын десеңіз, қолдан келген барлық көмекті аямаңыз. Нәтиже – екеуіңізге де ортақ.
Тамақ және күн тәртібі
Толыққанды тамақ пен күн тәртібіне жауапты екеніңізді біліңіз. Балық, ірімшік, жаңғақ, кептірілген өрік, шоколад сынды азық-түліктердің ми жұмысына әсер ететінін естен шығармаңыз. Балаңыз қуатты болсын десеңіз, жеміс-жидектер мен шырындарды жиі сатып алып беріңіз. Балаңызға қатты ауыртпалық түспеуін қадағалаңыз, әрбір 40-50 минут сайын 10-15 минут үзіліс жасап тұруын еске салыңыз. ҰБТ уақыты таяғанда демалыс жариялаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |