Жетістікке жету мен сәтсіздіктен қашу
Құлшыныс әр адамның өмірінде үлкен рөл ойнайды. Кейде зор жетістікке жеткізіп, алға жетелесе, кейде кедергі туындатып, жан-жақты дамуға мұрша бермей, арман-мақсатқа жеткізбей жатады.
Неге бұлай боп жатады? Мотивация туралы нені білген абзал? Кедергі келтірмей, көмегіне қалай жүгінуге бола ма?
Жетістікке жету мен сәтсіздіктен қашу арасындағы мотивацияны екі бөліп қарастыру қажет. Бұл екі түрлі мотивация бірде адамды қолдап, бағыттап, ынтасын оятатын сан алуан жағдаяттардан құралып, әр түрлі нәтижеге жеткізеді не әрекетсіздікті тудырады. Адамның мінезі, қабілеті, көңіл күйі мотивациясына тәуелді.
Мотивация ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Сыртқы мотивация адамның арман-тілегін мүмкін еткенде ғана әсер етеді. Ішкі мотивация адамды қалыптастыратын, оның ниетін айқындайтын мінезден, құндылықтан, жұмыс шарттарының, дүниетанымдық ұстанымдардан құралады. Бір нәрсе істеу мен істемеудің түп-тамырында мотивация болады. Ол адамның қызығушылығы мен ықыласын білдіреді.
Мотивация «неге?», «не үшін?», «неліктен?», «неге адам өзін осылай ұстайды, басқаша емес?» деген сауалдарға жауап беретін мотивтерден тұрады. Мотив мақсатты анықтайды. Мақсат тәсілі мен амалын көрсетеді. Сонда мақсатқа жету оңай болмақ. Көбіне адамдар әрекет жасағанда мотивті сезінбейді. Неге бұлай істегенін өзі де айтып түсіндіре алмайды. Мотив әр түрлі болады. Билік жүргізу мотиві, құрмет көрсету мотиві, жетістікке жету мотиві, сәтсіздіктен қашу мотиві болады.
Егер адамның қайтсем де жетістікке жетсем деген мотиві өзекті болса, ол кез келген салада жетістікке жетеді. Ол мақсат қояды да, сол мақсатқа жетеді. Ол үшін ойлаған мақсатына жету – жетістік. Өз жұмыс аясында міндетті түрде жетістікке жетуге барын салады.
Мұндай жандар батыл, қайсар, шешімтал, бүкіл ресурсты жедел мобилизациялауды біледі, мақсатқа жетуге ынта білдіріп, жетістікке бастайтын әрекетті жасауға мақұлдау ғана күтеді.
Сәтсіздіктен қашатын адамдар жетістікке ұмтылмайды. Олардың басты мақсаты – сәтсіздікке ұшырап қалмау. Мұндай адам өзіне сенбейді. Қолдағы мүмкіндікке сенбейді. Сыннан қорқады. Өзіне сенімсіз. Істеген ісінен ләззат ала алмайды. Сәтсіздік аяқ астында күтіп тұрғандай өмір сүреді.
Бұдан түйетініміз – жетістікке жетуге тырысқан адамдар мүмкіндігін, жетістігі мен сәтсіздігін дұрыс бағалайды, өзінің қабілетін нақты біледі. Нені қалайтынын анық біледі. Қолынан не келетінін де анық біледі.
Ал сәтсіздіктен қашатындар өзін дәл бағалай алмайды. Не тым қатты бағалап жібереді, не тым қатты төмендетеді. Не болмашы мақсатқа жетуге тырысады. Не орындалмас асқақ арманға қол созады. Жарыс пен бәсекелестіктен қашады. Жеткен жетістігін дұрыс бағалай алмай қиналады.
Әр адам жетістікке ұмтылады, сәтсіздікті уайымдайды. Бұл қалыпты жағдай. Дегенмен, басты мотивация үнемі біреу ғана. Жетістікке жету мотивациясы – өнімді еңбек жолын қалыптастырса, сәтсіздіктен қашқан адам – күйзеліс пен үздіксіз қорғаныс тәсіліне көшеді.
Қай мотивация басымдық танытса, сол жеңеді. Жеңген мотивацияға сай таңдалған мақсаттың ауыр-қиындығы анықталады. Жетістікке жеткісі келетін адамдар орташа не өз шамасынан сәл артық мақсатты таңдайды. Олар басын бәске тігеді. Сәтсіздіктен қашатындар не тым кішкентай мақсат қояды, не қол жетпейтін асуды еңсергісі келеді.
Жетістікке жеткісі келетіндер табандылық танытады. Сәтсіздіктен қашқандар мынау сәтсіздікке апарады деген әрекеттен қашады. Сөйтіп, шектеулі өмір сүреді.
Жетістікке жетуге талпынғандар өз күшіне сенеді. Өзін жетілдіруге әзір жүреді. Қиын кедергілерді мүмкіндік деп қарастырады. Бүкіл ынта-жігерімен беріліп әрекет етеді. Өзі жоспарлап, өзі нәтижеге жеткенде ғана рақаттанады. Мақсатты да өзі көздеп, өзі орындаса – нәтиже табысты болды деп есептейді. Нәтижеге жеткенде кеудесін мақтаныш кернейді.
Жетістікке жетуге талпынғандар мұның бәрі өз қабілетінің арқасында дейді. Ал сәтсіздіктен қашатындар жетістікті кездейсоқтық деп қабылдайды.
Жетістікке ұмтылған адам сүрінсе де алға талпына береді. Олар сәтсіздіктен қашатындар «менде болса» деп армандайтынның бәріне қол жеткізеді.
Елена Бархатова
Аударған Шынар Әбілда
Достарыңызбен бөлісу: |