Аудан әкімі А. Жүсібалиевтың «Қобда ауданының 2013 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы»
ЕСЕБІНІҢ ТЕЗИСТЕРІ
Құрметті қобдалықтар !
Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындаған тапсырмаларын жүзеге асыру - жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті. Аудан аумағында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, экономиканың барлық салаларын дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мақсатында атқарылған кешенді шаралар өз нәтижесін беруде.
Есепті жылы барша қобдалықтардың берекелі тірлігінің нәтижесінде межеленген міндеттер орындалып, әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып, қоғамдық-саяси тұрақтылық сақталды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 271,5 млн теңгені құрап, былтырғы жылдың кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға өсіп отыр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1423,3 млн теңгені немесе былтырғы жылмен салыстырғанда 24,5 пайызды құрады. Оның ішінде бюджеттік қаражат көлемі – 944,1 млн теңге, жеке инвестициялар – 470,3 млн теңге. Жеке инвестициялар көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 42 пайызға көбейді.
Есепті мерзімде құрылыс жұмыстарының көлемі 1497 млн теңгені құрады, былтырғы жылмен салыстырғанда 13,4 пайызға артты.
Жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің кіріс болжамына салықтардан, алымдардан және де басқа міндетті төлемдерден 442,3 млн теңге жиналды, оның ішінде жергілікті бюджетке 325,1 млн.теңге, немесе жоспар 109,3 пайызға орындалды.
Аудан бюджетінің игерілуі 99,9 пайызды құрап отыр.
Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту
Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу - жергілікті атқарушы органдар қызметінің негізгі әлеуметтік басымдықтарының бірі.
Әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында ауданда жұмыспен қамтуға көмектесу және «Жұмыспен қамту-2020» Бағдарламасы аясында еңбек нарығындағы ахуалды одан әрі тұрақтандыру жөніндегі кешенді шаралар жүзеге асырылды.
Бағдарламаның «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағыты бойынша ауданда есепті жылы жалпы құны 274,5 млн теңгеге 7 әлеуметтік нысанның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оларға 142 азамат жұмысқа тартылды, белгіленген жоспар 54,8% орындалды.
«Жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды және экономикалық белсенділікті арттыруды, тірек ауылдық елді мекендерді кешенді дамыту» бағытын жүзеге асыруға бөлінген 50,1 млн теңге толығымен игеріліп, ауданның 25 тұрғыны бизнес–жоспарларына сәйкес, несие алды.
Оның ішінде 12азамат жаңа кәсібін ашса, 13-і кәсіпкерлігін кеңейтті. Несие алушылардың басым бөлігі (17 адам) мал шаруашылығын дамытуға, мал басын көбейту бағытына жұмыс жасауда.
Сонымен қатар кәсіпкерлер тігін, ағаш өндеу, жиһаз өндеу және жасау цехтарын, монша ашып, дөңгелек жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталығын, мейрамхана ғимаратын салды, нәтижесінде 34 жаңа жұмыс орыны ашылды.
Кәсіпкерлік саласындағы білімін жетілдіруге ниет білдірген ауданның 30 тұрғыны «LTD Бизнес Навигатор» ЖШС-і ұйымдастырған курстан өтті.
Осы бағыт шеңберінде жетіспейтін инженерлік–коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға 6,6 млн.теңге игеріліп, «Құттығай» шаруа қожалығына және жол бойындағы «Кемпингке» электр желісі тартылып берілді.
Бағдарламаның «Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» бағыты бойынша 2013 жылы әлеуметтік жұмыс орындарына республикалық бюджеттен 14,8 млн теңге қаражат бөлініп, әлеуметтік жұмыс орындарына 67 жұмыссыз азамат жұмысқа қабылданды. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 7,9млн теңге қаржы бөлініп, орта және жоғарғы оқу орындарын бітірген 61 түлек қамтылды.
Кәсіптік даярлауға Қобда көпсалалы колледжіне «Тракторист-машинист» мамандығы бойынша 15 түлек, Ақтөбе техникалық колледжіне «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Электрмен қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша 4 түлек жолданып, білім алуда.
Қайта даярлау курстарына Қобда көп салалы колледжіне жолданған 10 азамат «Жылу қазандықтары жабдықтарын тексеруші-жүргізуші» мамандығы бойынша білім алып, ауданның әлеуметтік нысандарына тұрақты жұмысқа орналастырылды.
«Есепші» мамандығы бойынша біліктілігін арттыруға жолданған 2 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Есепті жылы «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы» аясында барлығы 443 жаңа жұмыс орыны ашылып, халықтың әлеуметтік мәселесін шешуге қолдау көрсетілді.
2013 жылы 564 азамат жұмыспен қамтылды, жылдық жоспар 188% орындалды.
Халықтың мақсатты топтарына қатысты 95 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.
21 түлек жастар тәжірибесіне жіберіліп, 4-і тұрақты жұмысқа орналасты.
Жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамту мақсатында 150 азамат қоғамдық ақылы жұмысқа жолданды, оның ішінде 14-29 жас аралығындағы жастардың cаны - 44.
2013 жылдың қорытындысы бойынша 26 азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызды құрады.
Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасының негізінде мүгедектер техникалық көмекші,арнаулы жүріп-тұру, протездік-ортопедиялық,сурдо-тифлотехникалық, міндетті гигиеналық құралдармен, санаторлық-курорттық емделуге арналған жолдамалармен және кәсіптік оқумен қамтамасыз етілді.
2013 жылы 127 отбасының 362 баласына 4795,0 мың теңге жәрдемақы тағайындалып, төленді.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып, олардың үлесі 0,02% құрады.
Ауыл шаруашылығы
Аудан ауыл шаруашылығы ауданы болғандықтан мал шаруашылығын дамытуға, соның ішінде мал басын асылдандыру шараларына ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта есепті мерзімде 12 ауылшаруашылық құрылымы 88,1 млн теңгеге «Сыбаға» бағдарламасы аясында 415 бас аналық ірі қара мал сатып алды немесе жоспар 162 пайызға орындалды.
2013 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген ауылшаруашылық өнімінің көлемі 9166,5 млн теңгені құрады .
Биыл ауылшаруашылық құрылымдары 11 644 гектар жерге дәнді дақылдар екті. Оның ішінде 7581 га бидай, 2835 га арпа, 1228 га тары. Өкінішке орай, егін шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша көрсеткіштер ауа райының құрғақ болуына байланысты өте төмен болып отыр – 6845 га немесе 58 пайыз жер егістік есептен шығарылды. 4 799 гектардан 1591 тонна астық жиналып , орташа түсім 3,0 центнерді құрады.
Аудан бойынша қысқы мал азығына қажетті 89 200 тонна шөп дайындау жоспарланып, тапсырма 123,5 пайызға орындалды немесе 110200 тонна шөп дайындалды. Бүгінгі таңға «Қызылжар», «Атамекен», «Марат», «Даурен-2» шаруа қожалықтары Алға ауданының «Ак Теп» ЖШС-мен шартқа тұрып , 9000 рулон немесе 2070 тонна шөп сатуда. Ал «Көк бухта» шаруа қожалығы Мартук ауданының «Аис» ЖШС 100 тонна шөп сатты.
Ауыл шаруашылығы саласын техникалық жаңарту бағытында есепті жылы ауыл шаруашылық құрылымдары 7 бірлік МТЗ тракторымен , 8 бірлік шөп рулонын жасақтау пресімен және басқа да ауыл шаруашылық техникасымен толықтырылды. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды пайдаланып, шаруа қожалықтары жел электр станциясын қондыруда.
Бүгінгі күні ауданда мал ауруларының алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта аудан орталығында ветеринарлық станция, ауылдық округтерде ветеринарлық пункттер ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен және көлікпен толық қамтамасыз етілді. Есепті жылы мал дәрігерлік алдын ала егу және емдеу жұмыстарына эпизоотиялық қолайлы жағдайды қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 51,9 млн теңге қаражат бөлініп, игерілді. Мал дәрігерлік зерттеулерді уақытылы және сапалы жүргізуге жағдай жасау үшін аудан орталығында заманауи ветеринарлық зертхана ғимараты бой көтерді.
Есепті жылы пайдаланылмаған жерлерді анықтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу мәселелері жергілікті атқарушы органдардың үнемі бақылауында болды. Атқарылған шаралар нәтижесінде 1 ЖШС және 17 шаруа қожалығы жабылып, барлығы 71 мың га жер мемлекеттік қорға қайтарылды, оның 54 мың га қайта айналымға қосылды. Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге аудан орталығында 47 жер телімі берілді.
Шағын және орта кәсіпкерлік
Аудан аумағында 783 кәсіпкерлік субъектілері қызмет етеді, оның ішінде 53 заңды тұлға, 302 шаруа қожалығы және 428 жеке кәсіпкер. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 18 бірлікке, кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтындар саны 79 адамға өсті. Кәсіпкерлік саласында 2963,0 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджет кірісіне осы маңызды саладан 370,0 млн теңге салық түсірілді.
Кәсіпкерлердің қаржылық сауаттылығын арттыру, тәжірибелік көмек көрсету мақсатында аудан кәсіпкерлері және ауылдық округтер әкімдерімен семинар–кеңестер,тренингтер өткізілді.
Есепті кезеңде аудан орталығында «Амангелді» сауда орталығы және
«Арман» мейрамханасы бой көтерді. Тартылған жеке инвестиция көлемі 75 млн теңгені құрады.
Білім
Ауданда 2871 оқушыны қамтыған 33 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасауда, оның ішінде 4 бастауыш, 8 негізгі және 21 орта мектеп, олардың 94 % шағын жинақталған мектептер.
Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылық қабілетін дамыту бағытында қызмет ететін 3 мектептен тыс білім беру ұйымында 1470 бала тәрбие алады. Сонымен қатар ауданда психологиялық-педагогикалық тузету кабинеті , И.Құрманов атындағы орта мектебі жанындағы интернат, Отбасы үлгісіндегі балалар үйі бар.
Мектепке дейінгі білім беру мәселесіне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Бүгінгі күні аудан бойынша 20 бала бақша, оның ішінде туберкулез ауруына қарсы санаторлық түрдегі «Нұр» балабақшасы және 1 мектеп балабақшасы қызмет етуде. Барлық балабақшалар мен 19 шағын орталықта 1258 бала білім мен тәрбие алуда.
Облыс әкімі А.Б.Мұхамбетов жариялаған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы шеңберінде елжанды, отансүйгіш азаматтарды тәрбиелеу бала бақшадан басталатынын ескеріп, Елбасы Н.Назарбаевтың бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту туралы тапсырмасын басшылыққа ала отырып, «Алтын қыран» қайырымдылық қорының Президенті Исламбек Салжанов аудан орталығында теңдесі жоқ 150 орындық бала бақша ғимаратын салып, пайдалануға берді.
Бүлдіршіндерді балабақша мен шағын орталықтармен қамту - 98,9 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда (98,6%) 0,3 пайызға өсіп отыр.
Мектепке дейінгі ұйымдарының материалдық-техникалық базасы 12,5 млн теңгеге жаңартылды.
Оқушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шеңберінде жалпыға бірдей білім беру қорынан 16173,6 мың теңге игеріліп, 411 оқушыға киім алынып, 780 оқушы ыстық тамақпен қамтылып, 55 оқушы сауықтырылды.
Мектеп оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, оның ішінде бастауыш сынып оқушылары - тегін қамтылды.
Жазғы кезеңде оқушылардың 94,5%-ның демалысы ұйымдастырырылып, сауықтырылды.
Оқушыларды тегін оқулықпен қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылы аудандық бюджеттен 12 млн теңге қаржы игерілді.
Білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 9929,0 мың тенге қаржыға ауданның 6 мектебіне от жағу қазандықтары, 888,5 мың тенгеге И.Білтабанов атындағы және Ә.Молдағұлова атындағы орта мектептерінің бу қазандықтары орнатылған ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ақырап орта мектебіне 4097,0 мың теңгеге химия кабинеті, ауданның 8 мектебіне 4497,75 мың тенгеге парталар алынды.
2013 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге 163 түлек қатысты, бұл жалпы мектеп түлектерінің 66,5 % . Аудан бойынша ҰБТ қорытындысының орташа балы 68,5.
ҰБТ қорытындысы бойынша 10 түлек 100 және одан жоғары балл жинады.
«Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер 9 түлектің 2-і өз білімін нақты дәлелдеді. Олар Қобда қазақ орта мектебінің түлегі Құрметқызы Әлия, Қобда гимназиясының түлегі Зардыхан Айсәуле.
2013 жылы жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант бойынша оқуға түскен түлектер саны– 33.
«Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында 25 жас маман жұмысқа орналастырылды. Олардың 10-ы арнаулы,15-і жоғарғы оқу орнынан жолдамамен келген.
Интернет желісін пайдалануға 7351,6 мың теңге бөлінді. Ауданның 29 мектебі Интернет желісіне қосылған.
Мектептер заман талабына сай технологиялармен жабдықталуда. Бүгінгі күні білім мекемелері 22 физика, 8 биология, 6 химия, 12лингофонды мультимедиялық жаңа модификациялық кабинеттерімен, 52 интерактивті тақтамен жабдықталған.
Аудан бойынша 147 спорттық құрылым жұмыс жасауда. 26 спортзал мен 121 спорт алаңдарында 4295 адам спортпен шұғылданады.
Облыстық оқушылар арасындағы спорттың 14 түрінен өткен спартакиадаға оқушылар қатысып, нәтижесінде 3-командалық орынды жеңіп алды. Ересектер облыстық шаңғы жарысына, қысқы Президенттік көпсайысқа, жеңіл атлетикалық кроссқа қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Денсаулық сақтау
Ауданда есепті жылы денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған « Саламатты Қазақстан » бағдарламасы негізінде тұрғындардың денсаулығын нығайту, ана мен бала денсаулығын жақсарту, әлеуметтік маңызды ауруларды азайту, салауатты өмір салтын дамыту және де бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінде сапалы,қолжетімді медициналық көмекті күшейту бағытында елеулі жұмыстар атқарылды.
2013 жылы 266 нәресте дүниеге келді. Нәрестелердің дүниеге келу көрсеткіші 13,7. Аудан бойынша ана өлімі болған жоқ.
Аурулардың алдын-алу,өлім-жітімді,асқынуларды азайту, мүгедектікке жеткізбеу мақсатында «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында скринингтік тексерулер жүргізілді. Жалпы аудан бойынша 2442 адам глаукомадан тексерілді, 2159 адам қан айналым ауруларынан, қант диабеті ауруларынан, 1036 адам тік ішек ісік ауруларына, 451 әйел жатыр мойын ісігіне, 510 әйел сүт безі ісігіне тексерілді.
Туберкулезге қарсы көмекті дамыту нәтижесінде ауданымызда туберкулезбен науқастану 2012 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға төмендеді және 2013 жылы туберкулезден өлім тіркелген жоқ. 2013 жылы жаңадан 10 адам тіркелген. Туберкулездің алдын-алу мақсатында халықтың санитарлық сауатын күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Соңғы жылдары әлеуметтік маңызды аурулардың бірі - ісік аурулары жылдан жылға артып келеді. Қатерлі ісіктердің алдын алу мақсатында және алғашқы сатысында анықтау үшін скринингтік қосымша тексерулер нәтижесінде ісік аурулары анықталуда. Сонымен қатар қатерлі топ және ісік алды ауруларды сауықтыру жұмысы күшейтілуде. Бағдарламаның келесі сатысы бойынша 2014 жылы асқазан-өңеш ісігі, аталық без ісігі, бауыр ісігіне скринингтік тексеру өткізу 926 адамға жоспарланды.
Ісік ауруларының ең көп кездесетін түрі - асқазан және бүйрек ісіктері, сүт безі , тыныс алу жүйесі аурулары,тік ішек ісік аурулары.2013 жылы диспансерлік есепке жаңадан 30 адам тіркеліп, жыл соңында 83 адамды құрады. 2013 жылы қатерлі ісіктен 14 адам қайтыс болған.
Ана мен бала денсаулығын жақсартуды дамыту мақсатында 4500 балаға скринингтік тексеру жүргізілді.
Барлығы мүгедек балалар саны – 42, сауықтырылғаны -33, оның ішінде 1 бала Астана қаласында реконстуктивті хирургиялық көмек алды. Ортопедиалық аяқ киіммен 2 бала, мүгедектік арбамен – 2 бала, есту аппаратымен 1 бала қамтылды. Реабилитациялық көмек алу мақсатында Ақтөбе қаласындағы «Ақбөбек» орталығында 64 бала, Астана қаласында 11 бала, Алматы қаласындағы «Ақсай» орталығында 4 бала , «Дару» Республикалық орталығында 2 бала ем қабылдады.
Аудан бойынша диспансерлік есепте тұрған ересек адамдар, балалар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Жаңа туған нәрестелер 100% «Ана мен бала қобдишасы» және Д3 дәруменімен қамтылды. Көрсеткіштерге байланысты 20 бала тегін сүтпен қамтамасыз етілді.
Жол картасы бойынша туа пайда болған жүрек ақауымен 4 балаға Астана қаласының кардиохирургиялық орталығында ота жасалынды.
2013 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша кардиолог, эпидемиолог, анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, жалпы тәжірбиелі дәрігері жұмысқа қабылданды. 3 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді және облыс әкімдігінің 2 млн теңге сомасында көтерме жәрдемақысымен қамтамасыз етілді, 1 маман жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үй сатып алды.
Қобда аудандық орталық ауруханасының санитарлық жағдайын жақсарту, замануи жабдықтау мақсатында емханада 47, 6 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 6, 2 млн теңгеге зертханалық аппараттар, жихаз алынды. Жедел-көмек көрсету бекетінің жұмысының сапасын арттыру үшін жалпы құны 5 млн теңге құрайтын 2 медициналық автокөлік сатылып алынды.
Мәдениет
Аудан тұрғындарының рухани сұраныстарына сай сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету бағытында 25 клуб, 23 кітапхана, 1 Жастар Үйі аудан жұмыс істеуде. Сонымен бірге, аудан жұртшылығына облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы, «Қобыланды Батыр» мемориалдық кешені қызмет көрсетеді.
Ағымдағы жылдың үлкен жетістігі ауданда екі «халықтық» ұжымның бірі «Қарлығаш» би ансамблі халықаралық деңгейдегі «Морская Жемчужина» фестивалінен 1 орын жеңіп алды.
Ауданда облыс бойынша тұңғыш рет «Әжелер ән салады» атты әжелер ансамбльдерінің байқауы, Әлия ауылында «Әлия гүлі» халықтық ұжымы мен «Қарлығаш» халықтық би ансамблінің бірлескен «Әлия туған өлкеде» атты шарасы ұйымдастырылды. Қызылжар ауылдық модельдік кітапханасында «Ауыл кітапханасындағы жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктер» атты ауданаралық зерделі кеңес өткізілді.
Қобда ауданы мен Атырау облысы Исатай ауданының арасында батыр Исатай Тайманұлының ерлік істерін дәріптеу, екі аудан арасында іскерлік және мәдени байланыстар орнықтыруды көздейтін меморандумға сәйкес ауданымызға Исатай ауданынан делегация келіп, ұлы тұлғаға арналған «Сағынам, ауызға алсам Исатайды» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Бұл шара Қобда ауданы делегациясының Исатай ауданына сапарында лайықты жалғасын тапты.
Мәдениет мекемелерінің материалдық – техникалық базасы мемлекет тарапынан жыл сайын жаңартылуда. Биылғы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 39163,0 мың теңге қаржы бөлініп, Жиренқопа ауылдық клубы күрделі жөндеуден өткізіліп, жергілікті бюджеттен 18,9 млн теңге қаражат бөлініп, бу қазандығы ғимаратының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Абат-Байтақ қорымы ескерткішінің маңынан 17 млн 532мың теңгеге салынған шырақшы үйі пайдалануға берілді. Есепті кезеңде мәдениет мекемелеріне 821,3 мың теңгеге жиһаз, 624,8 мың теңгеге компьютер, 805,4мың теңгеге музыкалық аппаратура сатып алынып, 856,2 мың теңгеге сахналық киімдер тіктірілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 639,0 мың теңгеге Бестау ауылдық клубына бу қазандығы сатып алынды. Бестау ауылдық клубының және Жарсай ауылдық клубының жылыту жүйелері жөнделді.
Коммуникациялық инфрақұрылым
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қобда ауылында жалпы құны 19,2 млн теңгеге 3 тұрғын үй салынып, халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын отбасыларға пайдалануға берілді. Жылдың қорытындысы бойынша аудан көлмеінде 3561 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді , немесе былтырғы жылмен салыстырғанда 8,9 пайызға артық.
«Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес Бестау және Талдысай ауылдарында су құбыры жүйелерінің құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
«Қобда-Жарық-Ақырап-Қызылжар-Жиренқопа-Көк үй» бағытына тұрақты ауданішілік жолаушылар және жүк тасымалдауы ұйымдастырылды.
Ауданда көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы құны 2 млрд 350 млн 619 мың тенге құрайтын «Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Тұз-Төбе» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 267-307 км учаскесіне (Қобда-Жарык ауылдары аралығына) қайта жаңарту жұмыстары басталды. Соның ішінде биыл құрылыс монтаж жұмыстарына 300 миллион теңге бөлінді. Осы жұмыс жалғасын табады.
Аудан орталығының Астана көшесіне 47 000,0 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Қобда ауылының Алматы көшесінің жолын күрделі жөндеуден өткізу үшін 3,0 млн теңгеге жобалық- сметалық құжаттары дайындалды.
Аудан орталығындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы, Иманов, Сейфуллин көшелеріне аудандық бюджеттен бөлінген 1,0 млн теңгеге 25 дана жол белгілері орнатылды.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 15,0 млн теңге қаражат бөлініп, игерілді.
«Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы 2 жылда барлық ауылдық округтердің елді мекендері жарықтандырылды.
Құқықтық тәртіп
Ауданда қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, «Тәртіп», «Қару», «Жасөспірім», «Есеп», «Құрық» профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыстар саны артып, биылғы жылы 166 қылмыстық іс тіркеліп, қылмыстың ашылуы 62,5 пайызды құрады.
Қоғамдық-саяси жағдай
Елімізде қалыптасқан күшті әлеуметтік саясат қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етіп отыр.
Ел Президенті «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз»,- деп атап көрсетті.Осы орайда ауданда қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Тұрақтылық тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, аудан экономикасының динамикалық дамуына, партиялар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, кәсіподақтар арасындағы келісім мен толеранттылыққа негізделген.
Аудан аумағында саяси партиялардың қызмет етуіне қолайлы жағдай жасалды, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, «Ауыл», «Ақжол», Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының өкілдері өз қызметін жүзеге асыруда. Есепті жылы «Нұр Отан» партиясының ғимараты іске қосылды.
Аудан елді мекендеріндегі қоғамдық-саяси ахуалды сақтауда ғасырлар бойы көршілес орналасқан бауырлас Қазақстан мен Ресей халқы арасындағы достық қарым-қатынастың сақталуының маңызы зор. Тәуелсіз елдердің шекаралары бекітіліп, заңдастырылғанмен, тұғындар арасындағы қарым-қатынас үзілген жоқ. Осы орайда Жиренқопа-Первомайское шекарасынан жеңілдетіп өту орнының ашылуы шекаралас жатқан елді мекендер тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Шекараның екі жағында тұратын азаматтар мен тума-туыстар үшін ыңғайлы жағдай жасау, қарым-қатынасты нығайту бағытында осы бекеттің қайта ашылуы – саяси, әлеуметтік маңызы зор оқиға.
Жаңа әлеуметтік нысандар іске қосылып, заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, қызметкерлердің жұмыс жасауына жағдай жасалып, еңбекақы, зейнетақы және басқа да төлемдер уақытылы төленуде, өмір сүру деңгейі өсіп келеді. Жетістіктерді, экономикалық өсімді көріп отырған тұрғындардың басым көпшілігі Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын, Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін қолдайды. Жергілікті атқарушы органдардың тарапынан осы бағыттағы қызмет жалғасын алдағы уақытта да табады.
Елбасы Н.Назарбаев «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр»,-деп атап көрсетті. Осы орайда аудан аумағындағы діни ахуал бақылауға алынып, тиісті органдар тарапынан бірлескен қызмет үйлестірілді. Халықтың діни қажеттіліктерін өтеу бағытында аудан аумағында 4 діни бірлестік қызмет жасайды, олар мамандармен қамтылып, облыс әкімінің қолдауымен құрылған «Зекет» қорынан жалақымен қамтылып, комуналдық қызметтерін өтеуге қолдау көрсетіліп отыр. Жергілікті және атқарушы органдардың құрылымдары мен діни бірлестіктердің өзара байланыстарын үйлестіретін аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес жұмыс жасауда. КЕңес отырыстарында тұрғындарды діни сауаттандыру, діни экстремизм мен терроризмнің көріністерінің алдын алу, ауылдық округтердегі діни ахуал мәселелері қаралады. Діни тұрақтылықты, толеранттылық сезімін қалыптастыруда діни мерекелердің мүмкіндіктері пайдаланылады. Дін мәселелері бойынша мақалалар аудандық газетте ұдайы жарияланады.
Әкімшілік реформа
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 555 «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидалары» Жарлығына сәйкес 2013 жылдың 7 тамызында Қобда ауданы бойынша ауылдық әкімдердің сайлауы өтті.
Әкім лауазымына үміткер ретінде барлығы 50 азамат тіркеліп, 18 ауылдық округ әкімі сайланды, оның ішіндегі 14 әкім бұрын қызмет жасап келгендер, 4 - жаңа сайланғандар. Сайланған әкімдерінің сапалық құрамы бойынша 30 жасқа дейінгі - 2, 35 жасқа дейінгі - 1, 45 жасқа дейінгі - 6, 55 жасқа дейінгі - 5, 60 жасқа дейінгі - 2, 65 жасқа дейінгі- 2, әкімдердің орташа жасы - 44. Ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруды қамтамасыз ету үшін ресурстық және штаттық бірліктермен нығайтылды.
Жастар саясаты мәселелері
Жастар - қоғамның ең белсенді күші , ұлтымыздың үкілеген үміті, ел болашағы. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы» жасақталды. Бұл маңызды құжат еліміздің болашағына және мемлекетімізді ертең өз қолымен қалайтын жастардың қазіргі жағдайын жақсартуға арналған.
Аудан көлемінде жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік бағдарланған жастар саясатын жүргізу, жастардың рухани, мәдени, кәсіби жағынан қалыптасуына, білім алуына, салауатты дамуына, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға және жастарды әлеуметтік қолдауға бағытталған жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесін оң шешу мақсатында алынып жатқан шаралар шеңберінде есепті жылы 70 студент, оқушы және жұмыссыз жас «Жасыл ел» жасақтарына, 40 жас абаттандыру жұмыстарымен қамтылды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде 38 жас студенттік құрылыс жасақтары құрамында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген әлеуметтік нысандарға құрылыс жұмыстарына тартылды, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 2 жас шағын несие алды, 9 жас кәсіпкерлік курстарына жолданып, сертификат алды, 7 жас оқуға жолданды. Жастар тәжірибесі аясында 61 жас маман жұмыспен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 12 жас орналастырылды. Жалпы алғанда «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша барлығы 139 жас жұмыспен қамтылды.
Аудан әкімінің «Жасыл ел» және құрылыс жасақтары жауынгерлерімен кездесуінде нәтижелі еңбек еткен жастар марапатталып, үздік еңбек еткен 4 жас облыс әкімінің марапатына ие болып, Астана қаласына саяхатқа барып қайтты.
Жастарға көрсетілген мемлекеттік қолдау өз нәтижесін беруде. «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасы аясында ауданға келуші мамандардың саны жылдан-жылға артуда. Жас мамандарға тұрғын үй, көтермеақы, пайызы төмен тұрғын үй несиелері, коммуналдық төлемдер т.б. әлеуметтік көмек көрсетілуде. 2013 жылы ауданға барлығы 25 жас маман келді. Оларға барлығы 3 029 250 теңге көлемінде көтермеақы төленіп, 8 жас маман жалпы құны 15 696,4 теңге бюджеттік кредит алып, тұрғын үй сатып алды.
Жастар арасында құқық бұзушылықты және қылмысты болдырмау, алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесіп жасөспірімдер арасында жедел профилактикалық шаралар алынуда. Олардың мақсаты - жастар мен жасөспірімдер арасында тәртіп бұзушылыққа қарсы көзқарас қалыптастыра отырып, жас буынға құқықтық сана-сезім беру, жастардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Жастардың қоғамдық тәртібін қадағалау мақсатында ойын-сауық орындарында, саябақтарда ұстаздар, учаскелік инспекторлар тарапынан бірплескен «Құқықтық тәртіп», «Бақылау», «Түнгі уақытта және жасы 21 толмаған азаматтарға алкогольдік өнімдерін өткізу фактілерін анықтау» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар, рейдтер өткізілді.
Жастар арасында салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру, денсаулығын сақтау мен нығайту мақсатында спорттық шаралар, аурулардың алдын алу бойынша кездесулер ұйымдастырылды. Дені сау ұлтты қалыптастыру бойынша берген Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында спорттық шараларға аудан жастарының 30пайызы тартылған.
Жастар мәселесі - өте маңызды, бүкіл қоғамға ортақ мемлекеттік мәселе. Елбасы 2012 жылдың қараша айында барлық деңгейдегі әкімдермен өткізген жиынында және «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде жастарға арналған «Ресурстық орталықтар» құруды тапсырған болатын. Олардың басты мақсаты - ауыл, жұмысшы, мүгедек, жұмыссыз, оралман жастар өкілдері және жас отбасы санаттарымен әлеуметтік, ақпараттық және идеологиялық жұмыстарды кең ауқымды, жүйелі түрде жүргізу. Жастармен жұмысты мекен –жайы, тұрғылықты жері, оқу, жұмыс орны бойынша жер-жерде қамтамасыз ету. Бүгінгі күні ресурстық орталық
қызметін бастады. Сонымен бірге ауылдық округтер әкімдері аппараттарындағы 1 маманға жастармен жұмыс жүргізетін нұсқаушы міндеттері жүктелді.
Мемлекет тарапынан алынып жатқан нақты шаралар жастар арасында қолдау тауып, жастарымыз барлық мүмкіндіктерді толық пайдаланып, ел болашағына аянбай қызмет етеді деген сенім мол.
Қорытынды
Елбасымыздың сарабдал саясатының нәтижесінде өңіріміз қарқынды дамып, тұрғындардың жағдайы жылдан жылға артуда. Қасиетті Қобда жері де замана көшіне лайықты ілесіп, көркеюде. Алдағы уақытта да қобдалықтар ауызбіршілік танытып, Елбасы тапсырмаларын орындау бағытында қажырлы еңбек етеді деген сенім мол.
Достарыңызбен бөлісу: |