Аудандық кітапхана шежіресі
К і т а п х а н а м
Анамдай ақ сүт берген кітап маған,
Сол кітап жан байлығым жұтатпаған.
Оқысам ой мен санам байи түсіп,
Сен мені ақын қылдың, кітапханам.
Ерте аштым есігіңді, кітапханам,
Сен менің талабымды мұқалтпаған.
Дарынмен, данышпанмен сырластым да,
Кезім жоқ шабыт отын тұтатпаған.
Бұл күнде сирек ашсам есігіңді,
Бола гөр шәкіртіңе кешірімді.
Білімді мектеп берген толықтырдың,
Ұмытам қалай сендей бесігімді.
Байытпаса ойымды жұтатпаған,
Өкпелі емес шығар кітап маған.
Төріңде сөре – сөре томдары бар
Бар бүгін үйімде кітапханам.
Кітап сүю сен берген қасиетім,
Құдіретіңе табыну бас ниетім.
Кітапханам, қарыздар мәңгі өзіңе,
Оқырманың бар мендей бас иетін.
М. Қажиахметов.
Аудандық кітапхана тарихы
Жымпиты - Сырым ауданының әкімшілік орталығы. Облыс орталығы -Орал қаласының оңтүстік-шығысқа қарай 140 км жерде, Өлеңті өзенінің жағалауында орналасқан. Іргесі ХІХ ғасырдың соңында Жымпиты уезінің құрылуына байланысты қаланды. Сол өңірдегі ірі сауда–саттық орталығы болды. Татар және орыс саудагерлері Жымпитыда мешіт пен шіркеу салдырды. 1886 жылы Өлеңті өзенінің жағасында Жымпитының ірге тасы қаланды. Ауылда 1894 жылы екі кластық мектеп, 25 төсектік аурухана жұмысқа кірісті.
1914-1916 жылдары Жымпиты уезінде ұлт-азаттық қозғалысы болды.
1919 жылы қарашаның 19 жұлдызында Жымпиты кеңес өкіметі орнады .
1920 жылы Жымпиты уезінде ең әуелі кітап бұрышы, кейін келе қызыл отау болып құрылып, сауатсыздықты жою бағытында жұмыс жасаған. Кітапхана ашылған кезден бастап сауат ашатын орталыққа айналды.
1920 жылы қазанның 12 жұлдызында Орал губерниясының құрамында Жымпиты уезі ұйымдасты.
1923 жылы қазанда белгілі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, сол кездегі қазақ үкіметінің басшысы Сәкен Сейфуллин Жымпитыда болды.
1927 жылға дейін әуелі уезд орталығы, 1928 жылдан аудан орталығына айналды.
1937-1938 жылдары көптеген жымпитылықтар жазықсыз жазаланды, әділетсіздіктін құрбаны болды.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына 3501 адам жымпитылықтар қатысты. 1941 жылы немістер қоныстандырылды.
Ауылда қазіргі таңда бір орта мектеп, екі аурухана, мейманхана, мәдениет үйі, саябақ, сауда орталығы, екі мұражай, аудандық кітапхана және аудандық балалар кітапханасы, Сырым аудандық білім бөлімін, №19 кәсіптік техникалық мектеп, Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламлар бөлімі, Сырым аудандық телекоммуникация торабы, “Қайнар” газеті редакциясы, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, спорт мектебі, ішкі істер бөлімі, салық комитеті, т.б. барлығы 30-ға жуық мекеме бар.
Ауылдағы халықтың басым көпшілігі қазақтар 99%, халық саны 5700. Кітапхана тарихы сонау 1920 жылдан басталады. Кітап - ортақ мүлік, халық қазынасы, сарқылмас бұлағы. Осы байлықты оқырмандарына ұсынып, кітапқұмардың бірден-бір насихатшысы болып отырған Сырым аудандық кітапханасы 1920 жылы Жымпиты уезінде ең әуелі кітап бұрышы, кейін келе қызыл отау болып құрылып, сауатсыздықты жою бағытында жұмыс жасаған. Ол кездегі кітап қоры туралы мәлімет жоқ. Кітапхана қоры өте жай өсті. 1921 жылы 19 сәуірде АССР-ның «Республикада кітапхана ісін орталықтандыру» туралы декреті жарияланды. Осы декреттен кейін жер-жерде кітапханалар өз жұмыстарын шаруашылық және саяси міндеттермен ұштастыра атқарып отырды. Аудандық кітапханада алғаш жылдары кім жұмыс жасағандығы белгісіз болып отыр.
1937-1945 жылдары арасында Абдушова Муслима апай жұмыс жасаған. Ол кісі жұмысқа кірген кездерде қазақ жазушылары Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіровтің шығармалары «Халық жауының» шығармалары деп айып тағылып, қордан шығарылған. Абдушова Муслима апайдан кейін аудандық кітапханада Нурманова Озипа, Каримова Сария, Айтбаева Ұмсын апай еңбек еткен.
1950-1952 жылы аудан бойынша 9 оқу залы болса, 1953 жылы аудандық балалар кітапханасы ашылып, жұмыс жасап келеді. Аудан бойынша 1954-1958 жылдар аралығында 15 кітапхана жұмыс жасады.
1952 жылы Жымпиты ауылында мәдениет үйі салынып, аудандық кітапхана соңда көшірілген.
1953 жылы аудандық кітапхананың меңгерушісі болып Каримова Сария тағайындалған. Каримова Сария 1923 жылы дүниеге келген.Орта білімді. Еңбек жолын 1944 жылы Қазақстан жеті жылдық мектебінің мұғалімі болып бастаған. 1947 жылы балалар бақшасының меңгерушісі, 1953 жылы 25 мамырда аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалған. 1953-1964 аудандық меңгерушісі, 1964-1969 жылдары кітапханашы болып жемісті еңбек етті.
Кітап қоры алғаш ашылғанда өте аз болса, ол 1958 жылы кітап қоры 11638 данаға жеткен. СОКП Орталық Комитеті 1959 жылы қыркүйекте «Еліміздегі кітапхана ісінің жағдайы және оны жақсарту шаралары» туралы қаулы қабылдады.
1953 ж. аудандық кітапхана қызметкерлері көркемөнерпаздармен бірге.
Ауданға алғашқы рет жұмысқа жоғары білімді мамандар 1960 жылдардан соң келе бастады. Олардың қатарында Алматыдан оқу бітірген Күләш Құспанова, Мария Мұхамбетқалиева келді.
1964-1965 жылдардағы аудандық кітапхана меңгерушісі Каримова Сария болған кезде кітапханада көптеген игі шаралар оздырылды. Кітапханада үйге кітап таратушылар мен автоклуб жұмысы жандана бастады.
1963-1965 жылдардағы кітапханадағы кітапханада шығарылған плакаттар
Мұханбетқалиева Мария 1939 жылы 5 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарасты Ұзынкөл елді мекенінде дүниеге келген.
1947-58 жылдары орта мектепте оқып, 1958-60
жылдары Атырау облысына қарасты Құлсары,
Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал (бұрынғы Фурманов ауданы) аудандарында шаруашылық жұмыстарына араласты. 1960 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп, оны 1964 жылы кітапханатанушы-библиограф мамандығы бойынша тамамдап шықты. Осы жылы арнайы жолдамамен Жымпиты ауылына жіберіліп, мұнда аудандық кітапхана меңгерушісі болып тағайындалады. Аудандағы тұңғыш жоғары білімді кітапханашы М.Мұханбетқалиева 1966 жылы жолдасының қызмет бабымен Жосалы кеңшарына көшіп, осындағы ауылдық кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1968 жылы аудан орталығына қайта көшіп, аудандық кітапханада кітапханашы болып қызмет атқарды. 1972-85 жылдары Жосалы кеңшарындағы А.Жұмағалиев атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1985-1991 жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық кітапханада «Ауыл шаруашылығы» бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды. Қазір құрметті демалыста. М.Мұханбетқалиева жанұяда 5 бала тәрбиелеп өсірген ана. Тұңғыш баласы Жоламанов Мұратбек Тауфиқұлы өмірден ерте кеткеніне қарамастан, артына өлмес туындылар қалдырған талантты қылқалам шебері.
1960-70 жылдары кітапхана байлығы халыққа қызмет ететін болсын деген партияның нұсқауын жүзеге асыра отырып, аудандық кітапхана кітапханашылардың бұқаралық жұмысты және әрбір оқушымен жеке жүргізетін жұмысты шұғыл жақсартуды қамтамасыз етуге, әдебиеттер беруді ұлғайтуға, сөйтіп барлық көпшілік кітапханаларында кітап қорының кемінде үш рет айналуын, ал әрбір кітапханада бір оқушы оқитын кітап санын: 20-25-ке жеткізуді қамтамасыз етуді басты мақсат еткен. Жер-жердің бәрінде әрбір семьяны кітаппен қамтамасыз етуге кітап тарататын колхоздармен совхоздардың бригадаларымен фермаларында, елді пункттердің шет аймақтарында көшпелі кітапхана ұйымдастыруған. Кітапханаларда бүкіл қызметіне коллективтік басшылық жүргізетін қоғамдық органдар ретінде кітапхана советінің ролін арттыруда кітапхана советі кітапхананың барлық жұмысына қатысып, жыл сайын халық алдында есеп беріп отырған, 1964-жылға қабылдаған социалистік міндеттемелердін орындалуына барлық кітапханашылар ат салысып партия, комсомол ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыстанған.
1968 жылы ауданда кітапхана саны 19-ға жетті. Барлық 19 кітапхана жылдық есептерін аудандық кітапханаға тапсырып отырған.
1970-80 жылдары. 1970 жылы аудандық кітапхананың кітап қоры 20089 данаға жетіп, 1100 оқырманға 48723 дана басылымдар таратылған.
1970 жылдардын басында аудандық кітапхананың меңгерушісі болып Уалиахметова Майра жұмыс жасады.
Уалиахметова Майра 1949 жылы 25 қарашада Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1966 жылы орта мектепті бітіріп, 1966-1968 жылдары Жамбыл орта мектебінде пионер жетекшісі болып жұмыс жасаған. 1968-1971 жылдары Ақтөбе мәдени ағарту училищесінде оқыды. 1971-1974 жылдары аудандық кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1974-1981 аралығында Қосарал ауылдық кітапханасында кітапханашы болып жұмыс жасады. 1990 жылы аудандық кітапханаға келіп оқу залында және кітаппен толықтыру бөлімінде кітапханашы болып жұмыс жасап зейнеткерлікке шықты.
1972 жылы аудандық кітапхананың оқырман саны 1265, кітап берілу саны 26160 дана орындалған.
1975 жыл. Аудандық кітапханада 33 жыл еңбек еткен кітапханашы Айтбаева Ұмсын оқырманға кітап таңдауға көмектесіп және жаңа әдебиеттер туралы ақпарат беруде.
Ұмсын Айтбаева 1955 жылы Ақтөбе қаласындағы екі жылдық мәдени ағарту қызметкерлерін дайындайтын училищені бітірісімен аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалды. Ал 1967 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін аудандық кітапханада кітапханашы болып еңбек етті. 30 жылға жуық мерзім ішінде қоғамдық саяси және көркем әдебиетерді насихаттаудағы сіңірген еңбегі зор. Ұмсын Айтбаева келген жылдары 1967 жылы кітап қоры 15000 дана болса, 1977 жылы 26000 данаға жеткен. Жыл санап кітап оқушылардың саны да өсіп отырған. 1967 жылы оқырман саны 780 болса, 1976 жылы 1300 оқырманға жетті. 1977 жылы 25 атаулы газетке, 75 атаулы түрлі журналдарға жазылған.
Аудандық кітапхананың оқу залы
Кітапханашы бұрышы, 1975 жыл. Жас кітапханашы мамандар көмекші құралдары, республикадан, облыстан келген әдістемелік, библиографиялық жинақталған
Жымпиты аудандық кітапханасы 1976 жыл
Оқу залы
Кітапхана активінің отырысы. Баяндамашы аудандық кіттапхана ме меңгерушісі Даулетова Ғалия.
1975 жылдары аудандық кітапханаға арналып бөлек ғимарат салынды. 1990 жылға дейін аудандық кітапхана осы ғимаратта оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетті.
Аудандық кітапхананың оқу залы 1976 ж.
Халық шаруашылығының әртүрлі саласындағы еңбекшілердің және оқушы жастардың жан дүниесін байыту мақсатында «Кітап - ұлы күш» атты әдеби кеш ұйымдастырылған.
Кеңес дәуірі кезінде аудандық кітапхана өз жұмысын партия ұйымдарының басшылығымен КПСС ХХІV съезінің материалдарын насихаттауға арналған нақты жоспарларымен жүргізді, оны жүзеге асырды. Бұл істе бұқараға ықпал жасаудың алуан түрлі әдіс-тәсілдерін пайдаланды. «КПСС ХХІV –съездің шешімдерін іске асырайық», «ІХ-бесжылдықта» атты кітап көрмелері шығарылды. СССР-дің 50 жылдығына «СССР-ға 50 жыл» атты кітапханалық плакаттары шығарылды. 1976 жылы 1340 оқырман, кітап қоры 25758, кітап берілімі 26985, 140 көпшілік шаралар өткізген.
1977 жылы кітап қоры 26000, оқырман саны 1300, кітап берілімі 5645 данаға жеткен.
КПСС Орталық Комитетінің «Еңбекшілерге коммунистік тәрбие беруде және ғылыми-техникалық прогресте кітапханалардың ролін арттыру туралы» қаулысы кітапханалар жұмысының одан әрі өрге басып, жұртшылық үшін, шын мағынасында, рухани орталық болуына игі әсерін тигізіп, кітапхана жұмысына жаңа бағыт берді.
Даулетова Галия 1974-1980 жылдары аудандық кітапхананың меңгерушісі болып қызмет атқарды. Даулетова Галия арнаулы орта білімді. 1974-1986 жылдары аудандық кітапханада белсенді еңбек етті.
Кітапхана меңгерушісінің оқырман сұранысына жауап беру сәті.
Кітапхана жұмысының нақты бір саласы-оқырмандар конференциясы. Кітапханалар сан тақырыпқа конференциялар, диспуттар өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Мысалы Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романы бойынша оқушылар конференциясы мәдениет үйінде ұйымдастырылып, халық көп жиналғанған. Үлкен-кішіге ежелден таныс болғандықтан ол туралы осы кеште пікір айтушылар да аз болған жоқ.
Кітапханашы Бақтығалиева Тоқсұлу жаңа әдебиеттерге кітапханалық өңдеу жасауда. 1977 жыл
1977 жыл. М.Әуезовтің 80 жасқа толуына орай оқырман конференциясын өткізуге дайындық.
Әдіскер Мұқанова Сағидаш автоклуб меңгерушісіне кітап беруде.
Автоклуб мүшелері
орталықтан шалғай
елді-мекендерге іс-сапарға
жүрер алдындағы
сәтінен . Автобиблиотека
меңгерушісі Аманғалиева Рақима
Аудандық кітапхананың тақырыптық кешке арналған кітапханалық плакаты
Аудандық кітапхананың
өлкетану бағытында
ұйымдастырған «Өз өлкеңді
тани біл» атты кітап көрмесі.
Ай сайын шығарылатын «Біздің календарь» кітап көрмесі
1977 жылы ауданда облыстық мәдениет қызметкерлерінің семинары
өтті. Үздік кітапханашыларды марапаттау сәтінен
1980-90 жылдары: 1980 жылдан бастап аудан аумағындағы кітапханалар біріктіріліп, аудандық кітапхана осы кітапханалардың басын қосатын бір орталықтан кітап қорын қалыптастырып, әдістемелік көмек көрсететін шаңыраққа айналды. Кітапханалар халыққа қызмет көрсетудің бірыңғай орталықтандырылған жүйесіне көшті. Аудандық кітапхана жаңа бөлімдермен толықты. Ауыл шаруашылығы бөлімі, бірыңғай кітап қоры бөлімі, кітаппен толықтыру бөлімі ашылып, кітапханаға жоғары білімді мамандар жұмысқа алынды. Аудандық кітапхананың бірінші директоры болып Сакаева С, әдіскері Муқанова Сағидаш, библиограф болып Ихсанова М, суретші Рахметов А, Дәулетова Г, Айтбаева Ұмсын, Қайжанова Гүлбағида бөлім меңгерушілері болып тағайындалды. 1980 жылдары аудандық кітапхана қазіргі мәдениет үйіне көшірілді.
1980 жылы Ж.Молдағалиевтің 60 жасқа толуына «Жыр өзегі -Жұбан» атты кездесу кеші өтті.
КПСС ХХІІ съезінде елдегі экономика мен мәдениеттің одан әрі дамуының белгіленген негізгі бағыттары жеке республикалар мен елдердің экономикалық, қоғамдық, әлеуметтік ерекшеліктерін, ғылым мен мәдениетін, табиғаты мен табиғи ресурстарын барынша терең және жан-жақты зерттеу қажеттігін көрсеткен. Аудандық кітапханада алға қойылып отырған көптеген келелі міндеттердің ішінде өлкетану жұмыстары барынша дамыту ісі елеулі орын алды. Өлкетану әдебиеттерін өндірістік ғылыми білім саласындағы әдебиеттермен байланыстыра насихаттау ісі нығайды. Аудандық кітапханада «Ұлы Октябрь Орал өңірінде», «Жымпитыда совет өкіметінің орнауы» тақырыптық папкалар, «Біздің жерлес ақындарымыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылған. Соңымен қатар аудан бойынша өлкетану картотекасы жүргізілген. Ұстаздармен бірігіп жасөспірімдер арасында өз өлкесін, табиғаттың сырын, байлығын, қасиетін жақсы білу үшін «Жас өлкетанушылар» клубы ұйымдастырылды. Осы жылдары аудандық кітапханада өлкетану бағытындағы жұмыстар жандана бастады. Кітапхананың өлкетану жөніндегі әдебиеттер қорының құрамын қайта қарап, пайдалану дәрежесіне зерттеу жасау, бірыңғай орталықтанған кітапхана жүйелерінің анықтама библиографиялық аппаратын ұйымдастыру, оқырмандардың түрлі топтары арасында жүйелі информациялық жұмыстар жүргізілді. Әр жаңадан келген әдебиеттерге шолу жергілікті «Қызыл ту» газетінде «Кітапхана жаңалықтары» атты тақырыппен жарияланды.
Аудандық кітапханада халықаралық әйелдер күніне шығарылған кітапханалық плакат және еңбекші аналармен кездесу кеші.
Аудандық кітапхана қайта құру мен жеделдету бесжылдығында тындырымды істер атқарып жүрген барша еңбек адамдарының рухани нәр, мәдени дем алуын ұйымдастыруда сан түрлі жұмыстар атқарған. Келген оқырманға кітап жазып берумен шектеліп қоймай, елде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып, көпшілікке насихаттап отырған. Оқырман конференцияларын т.б. шараларды ұйымдастыруда комсомол комитетінің секретары, партия хатшылары, балалар бақшасының тәрбиешілері, ұстаздар, жұмысшылар, зейнеткерлер, жастар белсенді ат салысқан.
1980 жылдардағы аудандық кітапханадағы тақырыптық кітап көрмелері
1988 жылдары аудандық кітапханада жүзге жуық газет-журналдарға жазылған.
1980-1986 жылдары Сақаева С. аудандық кітапхананың меңгерушісі болып қызмет етті.
1980 жылдары халықты қамтитын 34 кітапханада 54 орта білімді кітапханашы қызмет атқарды.
1987-1998 жылдары аудандық кітапханада ұзақ жылдар директор болып Тамара Хасенқызы Теміралиева қызмет жасады.
Қазақ жазушысы, жерлесіміз Х.Есенжановтың 80 жасқа толуына орай кәсіби мектеппен өткізілген «Ақжайықтан түлеп ұшқан» атты оқырман конференциясы
1980-1990 жылдар аралығының соңғы жылдарында аудандық кітапханада халық арасында кітапхана жұмысын мәнді де, мазмұнды етіп ұйымдастыруға көңіл бөле бастады. Оқырман арасында жаңа кітаптарды насихаттап, оқырмандар санын көбейтумен ғана шектелмей, сол кездегі үкіметтің қаулы-қарарларын түсіндірумен қатар қызықты диспуттар өткізілді. Жасөспірімдермен «Достық дегенді қалай түсінесің?» атты диспут ұйымдастырылған.
1990-2000 жылдары: 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары аудандық кітапхана жұмысының басты міндеті - еліміздің негізгі даму бағыттарын басшылыққа алып жұмыстану болды. Ел тәуелсіздігі біздің өміріміздің қай саласында болмасын қоғам дамуына үлкен ықпал жасады.
1990 жылы аудандық кітапхана типтік түрде салынған аудандық мәдениет үйіне көшірілді.
1990 жылғы мәлімет бойынша аудандағы 40 кітапханадағы оқырман саны 17 мыңға, ал кітап
қоры 300 мың данаға жетті. Кітапханалар одақтық, республикалық, облыстық баспасөз түрлерін түгелге жуық жаздырып алды. Жүйе бойынша 40 кітапхананың екеуі балалар кітапханасы, 1 аудандық кітапхана, 37 ауылдық кітапхана жұмыс істеді. Оларда 57 кітапханашы қызмет етті. Олардың 7 жоғары білімді, 40 арнаулы орта білімді болды.
Аудандық кітапхана нарық қиындығына қарамастан халқымыздың рухани жұтандыққа ұшырамауы жолында еңбек етті. Аудандық кітапхана алдымен жасалған жоспарларға сәйкес яғни, негізгі жұмыс бағыттарына өлкетану, ұлтаралық қатынастар, салт-дәстүрімізді, ана тілімізді қадірлеу, экологиялық ортаны қорғау, оқырмандардың рухани талап тілектерін қанағаттандыруға арнады.
1993 жылы аудандық кітапханадағы аудандық әскери комиссариат, кәсіптік-техникалық училищемен бірлесіп, әскери борышын өтегелі отырған жастармен кездесу кеші.
1993 жылдары көшпелі кітапхана астық қабылдау орны - Жымпиты кәсіпорнына барып, оқырмандарға «Іске сәт, егін орағы - 93» деген қабырға газетін шығарып, жұмысшылармен дөңгелек стол ұйымдастырған. Мәдениет бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып, егін орағы бойынша мерзімді басылымдардағы мақалаларға шолу жасап, «Ақ қайың» ансамблі концерт қойған.
ҚР үкіметінің 1996 жылғы 9 қаңтарындағы №31 қаулысына сай, аудандық мәдениет бөлімінің бұйрығымен мәдени мекемелердің жұмысын реформалау және оңтайландыруына байланысты, нарықтық экономикаға сәйкес келетін жүйеге көшу бағытында 22 ауылдық кітапхана қысқартылды.
1996 жылғы кітапхана оқырмандары
Аудандық кітапхана 1996 жылы 28 дана газет-журналға жазылған.
Аудандық кітапханада «Ұрпақтар сіздерді мәңгі еске алады» атты кездесу кеші өтті. Кешке 1937-50 жылдардағы зобалаңды көзімен көрген көне көз қариялар, сол жылдары саяси қуғын –сүргін құрбанына айналғандардың ұрпақтары қатысты. 1937 жылы Жымпитыда мұғалім болып, жаламен атылған Ибыраш Букиннің қызы Зинат апай қатысты.
1999 жылы «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылында» аудандық кітапханада «Ұрпақтар аманат - бірлік» атты тарихи кеш ұйымдастырылып, жыл бойы «Аталар мұрасы - асыл қазына» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылының» мән-мағынасын насихаттады.
1997 жылдан аудандық кітапхананың директоры Хасанова Раушан Қапанқызы басқарып келеді.
Хасанова Раушан Қапанқызы 1958 жылы туған. 1980 жылы Алматы педагогикалық институтының кітапханашы-библиограф мамандығын бітіріп шықты. Жоғары білімді маман. 1982 жылдан аудандық кітапханада қызмет етіп келеді. 1997 жылдан орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры.
2000-2007 жылдары 2000 жылы аудандық кітапхананың кітап қоры 77014 дана, оқырман саны 2500, кітап берілу саны 37000 дана.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары кітапханалар біршама қысқарды, бәрі қаржы жағдайына тірелді. Аудан бойынша 19 кітапхана 280407 кітап қорымен 14681 оқырманға қызмет көрсетті.
Аудандық кітапхана меңгерушілері
1937-1945 жылдары Абдушева Мүслима
1950-1953 жылдары Нурманова Өзипа
1953-1964 жылдары Каримова Сария
1964-1966 жылдары Мұханбетқалиева Мәрия
1966-1968 жылдары Исатаева Бағи
1968 -1970 жылдары Темиралиева Тамара Хасенқызы.
1971-1974 жылдары Уалиахметова Майра.
1974-1980 жылдары Даулетова Галия
1980-1986 жылдары директоры Сақаева Света
1987-1998 жылдары директорыТеміралиева Тамара Хасенқызы.
1998 жылдан директоры Хасанова Раушан Қапанқызы.
Теміралиева Тамара Хасанқызы 1942 жылы Орал қаласында дүниеге келген.Әкесі Темиралиев Хасен көп жылдар бойы Орал облыстық партия комитетінде, Жәнібек аудандық партиясының екінші хатшысы,Орда аудандық атқару комитетінің төрағасы,Қаратөбе совхозының директоры болып жұмыс жасады.
Теміралиева Т.Х. 1960 жылы мектепті Жамбыл қаласында бітірген,сол жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп,1965 жылы институттың кітапханатану факультетін бітірген.Институтта оқыған кездері Фрунзе қаласында өткен Орталық Азия және Қазақстан студенттерінің халықаралық конференциясына қатысып, І дәрежелі дипломға ие болды.Бірнеше мәрте мақтау қағаздарымен марапатталды. 1965 жылы еңбек жолын Қособа орта мектебінен бастаған.1967 жылы Жымпиты аудандық кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалды.1970 жылы аудандық «Білім» ұйымының жауапты хатшысы қызметіне ауыстырылды.1972 жылы жолдасының Тасқұдық совхозының директоры жұмысына ауысуына байланысты,1977 жылға дейін мектепте мұғалім болып жұмыс жасайды.1977 жылы жолдасының аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы болып тағайындалуына байланысты,Тамара Хасенқызын аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне шақырады.1979 жылы «Білім» ұйымының жауапты хатшысы жұмысына ауысты.1987 жылы ОКЖ директоры қызметіне тағайындалды.Барлық еңбек еткен жылдарында бірнеше мәрте СССР мәдениет министрлігінің құрмет грамотасы (республикалық,облыстық,аудандық) марапаттауларына ие болды.
1997 жылдың қазан айында зейнеткерлікке шығып,қазіргі кезеңде Орал қаласында ұлы-Мақсат Телманұлымен бірге тұрады.
1965-1997 жылдардағы Жымпиты ауданының
мәдениет бөлімінің жұмысы туралы
Е С Т Е Л І К
Мен үшін алпысыншы жылдар – ең бақытты жылдар.
Қазақ Қыздар педагогикалық институтын бітіргеннен кейін мен күйеуім Бисембиев Телманмен Жымпиты ауылына келіп, аудандық кітапхананың меңгерушісі болып жұмыс жасадым. Сол кезде біздің мәдениет бөлімінің меңгерушісі өте тамаша, қайырымды Нұрманов Өтеген болды. Сол адам тұсында халықтық театр құрылды, онда Көптілеуов Әбу, Рахметов Қанатқали, Құлғалиева Жібек сынды әртістер, әнші Амангелді Ғұбайдуллин жұмыс жасады.
Ал аудандық кітапханада менімен бірге сол кезеңнің нағыз насихатшылары – Кажимова Сария, Айтбаева Ұмсын, Исатаева Бағи, Мұханбетқалиева Мария сияқты кітапханашылар жұмыс жасады. Аудан кітапханашылары арасында Абай ат. совхоз кітапханашысы Карина Ұрқияны еске алмауға болмайды. Ол Құрмет орденімен марапатталды. Сонымен қатар Тоғызбаева Күляш, Болатова Ботагөз, Махметова Күляш сынды кітапханашыларды атауға болады.
Ешбір кітап көрмесі суретшілер Бахметов Мади мен Рахметов Аяштың көркем безендіруінсіз болмайтын.
Барлық кітапханада тарихи оқиғалар мен даталы күндерге арналған тақырыптық, әдеби кештер өткізілетін. Мәдениет қызметкерлері мүмкіндігінше аудан тарихын насихаттады, азаматтық, отан соғысының батырлары – Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы, Сырым Датұлы сынды тарихи тұлғалармен таныстырды.
Аудандық кітапхана көп жылдар бойы бірнеше мәрте аудан, облыс, республика мақтау грамоталарымен марапатталды, әдістемелік және ақпараттық насихат орталығы болды.
Сол жылдардағы бірге жұмыс жасаған әріптестеріме алғысымды айтамын.
Темиралиева Т.Х.
Мен, Сакаева Гүлзия Уәлиқызы 1950 жылдың 3 ақпанында Грозный облысы Каясулы ауданының Махмуд-Мектеб ауылында мұғалімдер әулетінде дүниеге келдім. 1966 жылы Астрахань облысында орта мектепті үздік бітірдім. Содан кейін Орал музыкалық, педагогикалық училищесінде оқып, 1981 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітірдім.
1970 жылы Орал облысы Жымпиты ауданы Жымпиты ауылының тұрғыны Сакаев Төлеу Молдашұлымен отбасын құрдым. Ол өзінің қысқа ғұмырының соңына дейін Жымпиты ауылында аудан тарихында алғаш балалар музыка мектебін құрып, директоры және «фортепиано» класының оқытушысы болды.
Алғашқы еңбек жолымды училищеде оқып жүргенде Орал қаласындағы №20 дүкенінің сатушысы қызметінен бастадым, содан кейін аудандық халыққа білім беру бөлімінде кассир, ал 1975-1980 жылдар аралығында Жымпиты аудандық атқару комитетінде хатшы-іс жүргізушісі, 1980-1987 жылдары Жымпиты аудандық кітапхана жүйесінің директоры болып жұмыс жасап, аудан кітапханаларына алғаш кітапханалық-библиографиялық жіктеу жүйесін енгіздім, ал 1987 жылы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау ұйымының жауапты хатшысы қызметіне ауыстырды. Осы кезеңде Жымпиты аудандық атқару комитетінің төрағасы Гааль Александр Петровичпен бірлесіп, Жымпиты уезінде Совет үкіметінің құрылу тарихын мұрағат құжаттарынан көтеріп анықтадық, мұны аудандық өлкетану мұражайындағы құжаттар жинағы және сол кезеңдегі орнатылған ескерткіш куәландырады.
1988-1990 жылдары аудандық атқару комитетінің (әкімшілік) жалпы бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасадым, республика бойынша іс жүргізу ісіне мемлекеттік тіл – қазақ тілін енгізу кезінде ауданда алғашқылардың бірі болдық.
1990-1999 жылдары Жымпиты аудандық АХАЖ бөлімінің меңгерушісі болдым, әділет кеңесшісі деген дәрежем бар.
Содан кейін отбасы жағдайымен облыс орталығы Орал қаласына көшіп, 2002-2004 жылдары ТДК-42 тәуелсіз телевизиялық каналының директоры болып жұмыс жасадым, содан кейін күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облыстық маслихаттың баспасөз хатшысы болып жұмыс жасаймын.
Үш бала тәрбиелеп, өсірдім. Ұлым Алмаз – ІІБ офицері, қызым Саида – Сырым аудандық ОКЖ қызметкері, қызым Заира – облыстық бір газеттің аға менеджері, 8 немерем бар.
Кітапхана қазірге кезеңде
Бүгінде кітап қорындағы кітаптардың мазмұны жағынан өте бай екендігін де айтқанымыз жөн. Кітапхананың кітап қоры әмбебап, 51339 дана. Бұлар – қазақ, орыс, шет ел тілдеріндегі әдеби, ғылыми-көпшілік, білім салаларын қамтыған әдебиеттер. Онда қазақ жазушыларының, шетел және орыс классиктерінің орыс және қазақ тілдеріндегі шығармалары баршылық. Сонымен қатар ғылыми фантастикалық, қоғамдық-саяси, өнертану тағы басқа салалардағы әдебиеттер де осы кітапханамыздан орын алған. Аудандық кітапхана 35 атаулы, бағасы 57500 теңгенің мерзімді басылымдарына жазылды. 2006 жылы облыстық кітапханадан 915 дана жаңа әдебиеттер келді.
Аудандық кітапханада 10 қызметкер жұмыс жасайды, оның 9 арнаулы жоғары білімді кітапханашы және 1 суретші. Оқырмандарға кітаптарды насихаттауда кітапханашылар жұмыстың жаңа формалары мен әдістерін өмірге батыл енгізе отырып жұмыс жасауда. Кітапханада оқырман конференциялары мен диспуттар, кітап көрмелері, әдебиеттерге шолу, тағы басқа жұмыс түрлерімен қатар, кітапхананың әуесқойлар клубы жұмыс жасауда.
Кітапханада “Өлкетану”, “Инабат”, “Жас жанұя” клубтары жұмыс жасайды.
Аудандық кітапхана ауылдық кітапханалардың орталығы. Аудандық кітапхана қазіргі кезде 21 ауылдық кітапханаға кітапхана ісін жетілдіруде әдістемелік көмек көрсетеді. Аудандық кітапхананың әдістемелік бөлімі кітапханашылардың мамандығын жетілдіруде жылма-жыл зерделі кеңестер өткізеді.
Ауданымызда 2004 жылы Бұлдырты ауылдық кітапханасы базасында облыстық зерделі кеңес өтті.
Облыстық “Ауыл энциклопедиясы – шағын Отан” байқауы ІІ кезең бойынша ұйымдастырылып, облыс бойынша І кезеңде аудандық кітапхана бас жүлдені, ІІ кезең бойынша 1 орынды иеленді.
Аудан бойынша кітапханалар саны дамуда
№
|
Аудандық округтар бойынша
|
2004
|
2005
|
2006
|
1
|
Алғабас а/округі
|
2
|
2
|
2
|
2
|
Аралтөбе а/округі
|
2
|
2
|
2
|
3
|
Бұлан а/округі
|
2
|
2
|
2
|
4
|
Бұлдырты а/округі
|
1
|
2
|
2
|
5
|
Елтай а/округі
|
1
|
1
|
1
|
6
|
Жетікөл а/округі
|
1
|
1
|
1
|
7
|
Жосалы а/округі
|
2
|
2
|
2
|
8
|
Қособа а/округі
|
1
|
1
|
1
|
9
|
Сарой а/округі
|
2
|
2
|
2
|
10
|
Талдыбұлақ а/округі
|
2
|
2
|
2
|
11
|
Шолақ аңқаты а/округі
|
2
|
2
|
3
|
12
|
Жымпиты а/округі
|
3
|
3
|
3
|
|
Барлығы
|
21
|
22
|
23
|
Аудандық кітапхана бөлімдері
- Абонемент бөлімі
- Оқу залы
- Әдістемелік-библиографиялық бөлім
- Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімі
- Кітапхана әкімшілігі тел. 21-6-28
Аудандық кітапхананың басты мақсаты халқымыздың рухани талап –тілегін қанағаттандырып, басылымдармен қамтуда қызмет ету. 51339 дана кітап қоры оқырмандардың әр түрлі білім саласы бойынша сұраныстарын қанағаттандырады. Кітапхана жыл сайын 35 атаулы мерзімді басылымдармен толығып отырылады. Сіздің сұранысыңыз бойынша библиографиялық және тақырыптық тізімдер, кітап көрмелерін жасақтайды. Кітапхана жұмысын автоматтандыруда «РАБИС» бағдарламасы бойынша электронды каталог жасақталуда. Сізді қызықтыратын тақырып бойынша ақпарат күнін өткізу, ауызша анықтама беру, көпшілік шаралар т.б. қызмет түрлерін ұсынады.
Кажғалиева Дина Ғарифолллақызы
Сан ғасыр көшін жалғастырып, ұрпақтан–ұрпаққа жеткен мәдениетіміздің мұрасы - кітапты бүгінгі замандастарымыз бен келешек ұрпақтың игілігіне жаратуға өлшеусіз үлес қосып жүрген құрметке лайықты кітапхана маманы. Аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Кажғалиева Дина Ғарифолллақызы. Дина 1968 жылы Жымпиты ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Алғабас орта мектебін бітіріп, 1986 жылы Орал мәдени-ағарту училищесінің кітапхана ісі бөліміне оқуға түсіп, 1988 жылы үздік бітіріп, осы жылы Сырым аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі болып жұмысқа орналасқан. 2001 жылы М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-ң кітапханатану және библиография бөліміне сырттай оқуға түсіп, 2004 жылы бітірген. Аудандық кітапханада 1988 жылдан бері қызмет атқарады. Оқырмандарға ұсынылатын әдебиеттерді жетік білуі, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы, оқырмандарының арасында зор беделге ие болуына, олардың құрметіне бөленуге ықпал етті. Дина Ғарифолллақызы кітапхана ісінің әдістерін жан-жақты меңгерген, өз міндетін үздік атқаратын, жас мамандарға ақылшы ұстаз маман. Ұжымда беделді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары қызметкер.
Абонемент бөлімі
Бұл бөлімде ауыл тұрғындары үйге кітап және мерзімді басылымдарды алып оқуына болады. Кітап қоры 40 000 дана орыс және қазақ тілінде. Кітап қоры барлық білім салаларымен қамтылған. Бұл бөлімде оның ішінде көркем әдебиеттерге, классикалық, қазақ және шетел әдебиеттеріне өте бай. Оқырман үшін бөлім кітап алатын орын ғана емес, олар мұңда өз білімімен және өмірлік тәжірибелерімен де бөлісетін орталыққа айналған. Оқырмандар көмегімен түрлі мәдени шаралар өткізіліп тұрады. Кітапханада кітап көрмелері, викториналық ойындар, қызықты әдеби кештер, конференциялар т.б. шаралар ұйымдастырылады. Кітапхана аралық абонемент, керекті басылымдарды, кітаптарды басқа кітапханалардан сұраныс жасап алып береді. «Инабат» әуесқойлар клубы жұмыс жасайды.
Оқу залы
Аудандық кітапхананың оқу залында 1000 жуық оқырманы бар, оқырман құрылымы әр түрлі, оқырман сұранысын өзінің кітап қоры есебінен қамтамасыз етеді. Мұғалімдерге, дәрігерлерге, жастарға, жасөспірімдерге т.б. барлық білім саласы бойынша әдебиеттер оқу залында беріледі. Жаңа әдебиеттердің келгенін насихаттауда «Жаңа кітаптар» атты көрме ұйымдастырады. Қазіргі өзекті мәселелер бойынша әр түрлі тақырыпта кітап көрмелерін ұйымдастырады. Оқырмандармен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырады.
Әдістемелік –библиографиялық бөлім
Әдістемелік-библиографиялық бөлім – кітапханалардың әдістемелік орталығы. Бұл орталық методикалық бағытта қызмет етеді. Орталық мына бағытта жұмыс жасайды:
-
Кітапханалардың жұмыс сапасы мен нәтижесін арттыру;
-
Хабарлама–талдау жұмыстарын жеткізу;
-
Алдыңғы қатардағы тәжірибе жұмыстарды тарату;
Методикалық көмек көрсетуде, мәселен әдістемелік құралдар дайындау, нұсқаулар жазу кітапханашылардың мамандығын арттыруда түрлі семинар кеңестер, конференция, дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Жыл сайын ауыл кітапханаларына Аудандық кітапхана қызметкерлерінің озық тәжірибелерін анықтап, оны аудандағы басқа кітапханалар назарына ұсынады. Іс сапарларда болып, кітапханаларға көмек көрсетеді, баспа және талдау қызметтерімен айналысады.
Бөлімдегі библиографиялық жұмыстың басты мақсаты – оқырманның сұранысына жауап беру, ауызша және жазбаша анықтамаларды орындау.
Анықтама – билиографиялық ақпарат құрамына мыналар кіреді:
-
Анықтама және библиографиялық басылымдар қоры;
-
Каталогтар мен картотекалар;
-
Орындалған анықтамалар қоры;
Анықтамалық басылымдар қоры сирек кездесетін библиографиялық кітаптар, энциклопедиялар, анықтама сөздіктер, күнтізбелер құрайды. Мынадай каталогтар мен картотекалармен жұмыс жүргізіледі:
-
алфавиттік каталог
-
жүйелі коталог
-
өлкетану картотекасы
-
тақырыптық картотекалар
Мамандарға арналған «Мамандар күні» библиография күні, хабарлама күндерін өткізеді. Библиограф аудан кітапханаларына библиография саласынан әдістемелік, іс–тәжірибелік нұсқаулар беріп іс-сапарда болып, кітапханашыларға көмек көрсетеді. Кітапханадағы басты бөлімдерінің бірі, себебі кітапханаға келген барлық оқырман анықтама-библиографиялық, ақпараттық аппаратын пайдалануға толық мүмкіншілігі бар.
Әдістемелік-библиографиялық бөлім меңгерушісі Уалиахметова Айнур Жасұланқызы кітапхана базасында кітапханашының білім дәрежесін жетілдіруде кітапхана жұмысын автоматтандыру, кітапханалық бағдарламаларды ұйымдастыру, үлгілік кітапхананы ұйымдастыру т.б. өзекті мәселелер бойынша зерделі кеңестер ұйымдастырып, кітапхана қызметінің негізгі міндеттері мен бағыттары туралы кеңестер, баяндамалар дайындап, кітапханашылардың кәсіби білімін жетілдіруге ат салысуда.
Уалиахметова Айнұр Жасұланқызы 1971 жылы Жымпиты ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Шымкенттегі Әл–Фараби атындағы мәдени-педагогикалық институтының кітапханатану және библиография бөлімін үздік бітіріп шыққан. 1994 жылы еңбек жолын аудандық кітапхананың кітапханашысы болып бастаған. Айнұр қазіргі уақытта ОКЖ – нің библиография-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі, әдіскер, өз ісінің шебері, мамандығын сүйеді. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін жоғары білімді маман. Білімін үнемі жан-жақты жетілдіріп отырады.
Уалиахметова Айнұр - өз ісін жетік білетін, тәжірибелі маман. Ол 1994 жылдан бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғап қана қоймай оқырманның ой өрісі мен білімін жетілдіруге арналған көптеген әдістемелік көрсеткіштер шығарып, озық іс-тәжірибелері облыс көлемінде кітапханаларға таратылып жүр.
Кітап қорын толықтыру және әдебиеттерді өңдеу бөлімі
Бөлімнің басты міндеті жүйе бойынша кітапханалардың кітап қорын түрлі білім салаларын тұтас қамтитын басылымдармен толықтыру. Соңғы әр жылда жүйе бойынша кітап қорыңа 4000 астам кітап түссе, мерзімді басылымдар саны 260 данаға жетіп отыр. Жүйе бойынша кітап қоры 289513 дана, оның 113819 данасы қазақ тілінде.
Негізгі кітап қорын толықтыру көздері облыстық кітапхана, кітап дүкендері, мерзімді басылымдарға жазылу, жеке адамдардың сыйға берген әдебиеттері толығуда. Толықтыру және өңдеу бөлімі есеп каталогын, электронды каталогтар жүргізеді. Бөлімнің дәстүрлі каталогтары мен картоттекалары пайдаланушыларға қызмет етеді. 2003 жылдан кітапхана ісін автоматтандыруда РАБИС бағдарламасының моделі электронды каталог жасақталуда.
Біздің рухани дүниемізді байытып, ой-өрісімізді өркениетті елдердің озық ойлы азаматтары қатарына өткізетін бірден-бір құрал, ол кітапхана. Осы байлықты оқырмандарына ұсынып, бірден-бір насихатшысы болып отырған аудандық кітапхана.
Қазіргі уақытта кітапхана жергілікті тұрғындардың талап-тілектері мен сұраныстарының жан-жақты ақпараттық қажеттіліктерін ескеретін мәдени-ағарту және ақпараттық орталық болып отыр. Кітапхана жұмысының негізгі бағыттары кітаптарды насихаттау, оқырмандардың ой-өрісі, талап-тілегін өзінің алдына қойған мақсатымен ұштастыра отырып көпшілік шаралардың тиімді түрлерін ұйымдастыруда. Кітапхана жұмысын автоматтандыруда жаңа технологиямен жабдықтауда аудандық кітапханада қазіргі таңда 3 компьютер алынды. Кітапханаға жасөспірімдер, әр түрлі сала мамандары, зейнеткерлер, кәсіпкерлер және тағы басқа топ оқырмандары өздерінің сұраныстарын қанағаттандыру үшін келеді. Кітап қорын насихаттау жас ұрпақтың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру, оқырмандарды кітапханаға тарту, олардың сұраныстарын қанағаттандыру кітапхананың негізгі мақсаты болғандықтан көпшілік шаралар осы бағыттарда жүргізеді. Көпшілік шаралар оқырмандардың әр түрлі білім дәрежесі, мамандығы және жас ерекшелігі ескеріліп ұйымдастырылады. Аудандық кітапхана әрдайым жұмыстың жаңа формалары мен әдістерін іздестіріп отырады, өз қызметтерінде әдеби мерекелер, байқаулар, викториналық ойындар, театрландырылған көріністер, дебат, ток-шоу т.б. жұмыс формаларын жиі қолданады. Оқырмандарға әдебиеттерді насихаттауда 38 көпшілік шара ұйымдастырылып, оған 784 оқырман қатысты.
Кітапхана жұмысын бүгінгі күн талабына сай ұтымды ұйымдастыра алатын, көптеген жылдар бойына жемісті қызмет атқарып келе жатқан мамандар біздің ұжымның мақтанышы. Олардың қатарында Хасанова Р.Қ., Уалиахметова А., Кажғалиева Д., Қонақбаева Г., Уалиахметова М. және тағы басқалары. Құқықтық ақпараттар мен басылымдар, қазақ жазушыларының көркем шығармалары, туған өлкенің тарихы, мәдениет, тіл туралы мәліметтер мен өмірдегі күнделікті жаңалықтар және өзгерістер жайында көпшілікті хабардар ететін кітапхана.
25 - қазан Республика күні қарсаңында аудандық кітапханада «Менің елім – Қазақстан» тақырыбында брейн-ринг танымдық ойны өтті. 40 оқырман қатынасты. Ойынға Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп және Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп оқушылары қатысты.
20 наурызда кітапханаларда Наурыз мерекесіне арналып «Наурыз-думан» әдеби кеші өтті. Ұлттық мәдениет, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында өткен кеште наурыз мерекесінің ерекшелігі, бірліктің, татулықтың, ізгіліктің мерекесі турасында айтылды. Кештен оқырмандар жақсы әсер алып, әр кітапханада 10-15 оқырман кітапханадан кітап жаздырып алған.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне аудандық кітапханада «Ата заң – елдік тұғыры» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.
18 қазан Рухани келісім күніне орай Елбасының 1 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық мүддесі үшін маңызды 7 басымдықты ұсынды. Соның ішінде 6-шы басымдығын басшылыққа алып ұйымдастырылған «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы оздырылды. 25 жас оқырман қатынасты.
Аудандық кітапханада «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» тақырыптық кеш 17 оқырманмен өтті. Оқырман арасында салауатты өмір салтын өмірлік қағида ретінде ұстануға, иманды, әдепті болуға үндеу. Кеш барысында оқырмандарға темекі шегу, шарап ішу, нашақорлыққа салыну жолдарының зиянды әрекеттері тек сөзбен түсіндіріліп қана қоймай, болған оқиға ізімен көрініс көрсетіліп, салауатты өмір салтын ұстану негізінде адам өмірінің ерекшелігі бағаланып, жете түсіндірілді. Кеш соңынан 18 әдебиет оқырмандарға қолға берілді.
Тәуелсіздігіміздің 15 жылдығына байланысты кітапханада «Тәуелсіздікке 15 жыл» атты көрме шығарылды. Тақырыптық папка жинақталып, тақырыптық картотека жасақталды. Желтоқсан оқиғасының 20 жыл толуына орай аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде №19 кәсіптік мектеп студенттерінің қатысуымен «Желтоқсан рухы мәңгілік» атты тарихи кеш өтті. Кешке 35 оқырман қатысты.
«Жаңа әдебиеттер» атты кітап көрмесі жаңа келген кітаптармен толықтырылып, әдебиеттер тізбесі баспасөз беттеріне жарияланды.
Аудандық кітапханада жергілікті ақын Б.Тілегеновтың «Шеңбер» атты тұңғыш кітабына тұрақты оқырман тобына әдеби талқы жасалды. Аудандық кітапханада жерлес әнші, термеші А.Ғұбайдулиннің 55 жасқа толуына орай 22 мамырда «Сұлу әнімен тамсандырған жан еді» атты еске алу кеші оздырылды. Аудандық кітапханада Жосалы, Коминтерн кітапханаларында қазанда жерлесіміз суретші Жоламанов Мұратбек Тауфикұлының 40 жасқа толуына орай «Қылқалам шебері» атты еске алу кеші жасөспірімдермен оздырылды. Кешке 53 оқырман қатынасты.
Сырым елінің 68 ақынының жырлары жинақталған «Жыр өзегі-Жымпиты» кітабының тұсаукесері аудандық кітапхана ұйымдастыруымен 25 желтоқсанда өтті. Жинаққа өлеңдері енген авторлар шақырылды. Кешке аудан әкімі, ауылдық окургтер әкімдері, ақындар, мұғалімдер, т.б. оқырмандар қатысты. Кеш бейнетаспаға, фотоға түсірілді. «Жыр өзегі-Жымпиты» атты кітаптың макеті жасалып, кітап көрмесі шығарылды. Жинаққа енген 68 ақынның суреттері жинақталып кеш барысында мультимедиядан залда көрсетілді. Сырым ауданы ақындарының ұжымдық жинағының ашылу рәсімін аудан әкімі Ерлан Беркінұлы Нысанғалиев ашып, Сырым өңірі дарынға, мәдени мұраларға бай өңір, біз еліміздің құнды қазыналарын аршып алып, игілігімізге жаратуымыз керек, ел тарихына толымды дүниелер қосып, осы мақсатта үлкен істер тындыруымыз керек деген мағынада ойын айтып, кітап авторларын шын пейілмен құттықтады. Бұдан кейін ақын К.Хабиева, Орал қаласынан келген жерлес қонақтарымыз, кітап авторлары Бақтығали Тілегенов,Энгельс Шыңғалиев жергілікті авторлар Е.Баймұханбетов, Махмет Қажиахметов, жас ақын А.Сәрсенғалиева сөз сөйледі.
Жерлес жазушы М.Есламғалиев 60 жасқа толуына орай «Жайықтың жарық жұлдызы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жасөспірімдермен жазушы М.Есламғалиев 60 жасқа толуына орай шығармаларын насихаттауда «Жайықтың жарық жұлдызы» атты әдеби кеш өтті. Аудандық кітапханада Мұқадес Есламғалиевтің 60 жасқа толуына орай «Сырым елінің түлегі М.Есламғалиев 60 жаста» атты кітап көрмесі шығарылып, библиографиялық шолу жасалды. Шолуға 22 оқырман қатысты.
15 қаңтар күні «Кітап – рухани азығым» тақырыбында оқырман бенефисі өтті, кездесуге кітапхананың оқырмандары, зейнеткерлер №19 кәсіптік мектептің ұстаздары мен курсанттары, мәдениет бөлімінің қызметкерлері бас қосты.
Кітапхана қызметін жарнамалауда, насихаттауда, кітапханалда өткен көпшілік шаралар аудандық газетке беріліп, жарнамалық плакаттар шығарылды. Жергілікті “Қайнар” және облыстық “Орал өңірі” газеттерінде кітапхана жұмысын және өткізілген шаралардың тиімділігін ашып көрсету бағытында кітапхана жұмыстары үзбей жарияланады. Кітапханада кітапхана жұмысын насихаттауда қазіргі дизайндық үлгіде безендірілген “Ақпараттық қиылыс”, ”Оқырман назарына” атты жарнамалық беттер шығарылды. Әр түрлі сілтемелер мен буклеттер кітапханалардың және ОКЖ жұмысын насихаттауға арналып шығарылды.
Қоғамның дамуы, адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен тығыз байланысты. «Жақсы кітап-жан азығы» деп халық тегін айтпаған. Рухани байлықтың адамзатқа берері мол, қайтарымы шексіз. Сондықтан кітапхананың бұдан былай да маңызын артырып, беделін биіктете түсуге ат салысамыз.
Кітапхана тарихы осымен аяқталып қана қалмайды, жылдар бойы жалғасып ақ парақ бетінде тарих болып жазылып қала берері сөзсіз.
Сырым Датұлына арналған «Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу
Даталы күндерге ұйымдастырылған кітап көрмелері
Ж ы м п и т ы а у ы л ы
Жымпиты -Сырым ауданы әкімшілігі ,1928 жылдан орталығы ,ауыл.Облыс орталығы-Орал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 140 км жерде ,Өлеңті өзенінің жағалауындағы қара жусан ,көкпек,бұйырғын өскен сортаңды-сор топырақты,шөлейт белдемде орналасқан.Тұрғыны 6 мың адам.Іргесі 19 ғасырдың соңында Жымпиты уезінің құрылуына байланысты қаланды.Ауыл 1895-97 ж.алғашқы аурухана және мектеп салынды.Сол өңірдегі ірі сауда –саттық орталығы болды.Татар және орыс саудагерлері Жымпитыда мешіт пен шіркеу салдырды.1927 жылға дейін әуелі уезд орталығы,1928 жылдан аудан орталығына айналды.Бұрынғы кәсіпорындар мен мекемелер 1997 жылдан 22 шаруа қожалығы мен 1 серіктестікке біріктірілген.Ауыл 2 орта ,1 орталау мектеп,1 аурухана.2 фельдш.-акушерлік пункт, мейманхана, кинотеатр,мәдениет үйі ,клуб,кітапхана т.б. мекемелер бар.
Егістіктің басым бөлігі дәнді дақылдар үлесінде. Мысалы: осы 2003 жылы 79,4 мың гектар дәнді дақылдар егіліп, жалпы мөлшері 80,3 мың тоннадай астық жиналды.
Аудан көлемінде 14 ЖШС, 156 шаруа қожалығы, 11 жеке кәсіпкер, бір мектеп егін егумен шұғылданады. Шабындық жерлерден 510000 центнер мал азығы дайындалып отыр. Осымен бірге техникалық дақылдар, бау-бақша, жеміс – жидек алқаптарының көлемі жылдан жылға өсіп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |