Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын дайындауды, өңдеуді, сақтауды, және пайдалануды ұйымдастыру тәртібі



Дата15.06.2016
өлшемі136.46 Kb.
#136970


Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрінің

2013 жылғы «___» ____________

№ ____________ бұйрығымен бекітілген



Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын дайындауды,

өңдеуді, сақтауды, және пайдалануды ұйымдастыру тәртібі

1. Жалпы ережелер
1. Осы ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын дайындауды, өңдеуді, сақтауды және пайдалануды ұйымдастыру тәртібі (бұдан әрі - Тәртіп) «Тұқым шаруашылығы туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын дайындауды, өңдеуді, сақтауды және пайдалануды ұйымдастыру тәртібін анықтайды.

2. Осы Тәртіпте мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) ауыл шаруашылығы өсімдіктері – дәнді, дәнді-бұршақты, жармалық, азықтық, майлы, эфирлі-майлы, техникалық, көкөністік, дәрі-дәрмектік, гүлдік, жемістік, жидектік дақылдар, картоп, жүзім;

2) Селекциялық жетiстiктердiң пайдалануға рұқсат етілген мемлекеттiк тiзiлiмi - пайдалануға рұқсат етiлген, өндiрiсте шаруашылыққа пайдалану үшiн рұқсат етiлген сортты, тұқымды қамтитын, Қазақстан Республикасының селекциялық жетiстiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi (бұдан әрі - Мемтізілім).



2. Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын дайындау тәртібі
3. Тұқым дайындау егіс жұмыстарын жүргізу, уақтылы сорт жаңарту және сорт ауыстыру, мемлекеттік тұқым ресурстарын, тұқымның сақтандыру және өтпелі қорларын қалыптастыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігін ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарымен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

4. Дайындауға Мемтізілімге енгізілген және (немесе) перспективалы деп танылған ауыл шаруашылығы өсімдіктері сорттарының тұқымдары жатады. Бұл ретте тұқымдар егістік сапалары бойынша ұлттық стандарттармен белгіленген талаптарға сәйкес.

5. Мемлекеттік тұқым ресурстарын қалыптастыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 28 наурыздағы № 394 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау, жаңарту, орнын ауыстыру және пайдалану ережесінде белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.

6. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ауыл шаруашылығы өсімдіктерін егуді қамтамасыз ету үшін егін шықпай қалған жағдайда өз қаражаттары есебінен тұқымның запасы болып табылатын тұқымның сақтандыру қорларын дербес қалыптастырады.

7. Сақтандыру қорлары ауа райы жағдайлары қолайлы, егін бітік шыққан жылдары құйылады.

8. Аттестатталған бірегей тұқым өндірушілер мынадай мөлшерде тұқымның сақтандыру қорларын құрайды:

бастапқы буындарды салу үшін – 100 пайыз;

суперэлитаны салу үшін – 50 пайыз.

9. Тұқымның өтпелі қорлары күздік ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының запастары болып табылады және оларды ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым қажеттілігінен 100 пайызға дейінгі мөлшерде дербес қалыптастырады.

10. Тұқымның өтпелі қорларын жаңарту жыл сайын жүргізіледі.



3. Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын өңдеу тәртібі
11. Тұқымды егін орағынан кейін өңдеу тұқымдық материалды талап етілетін кондицияларға дейін жеткізу жөніндегі технологиялық операцияларды жүйелі және үзбей орындауды көздейтін тұқым тазалау және кептіру жабдығын қолдана отырып тасқынды технологияны пайдалану кезінде қамтамасыз етіледі.

12. Тұқымды өңдеудің ішіне мынадай тәртіпте негізгі технологиялық операцияларды жүйелі орындау енеді:

тұқымдық материалды алдын ала тазалау. Алдын ала тазалау кезінде тұқымдық материалды екі фракцияға бөледі – өңделген тұқымдар және қалдықтар. Бұл ретте өңделген тұқымда ұзындығы 50 милиметр (бұдан әрі - мм) сабантектес бөлшектердің құрамы және 0,2 пайыздан артық емес;

тұқымды салқындату және уақытша сақтау, тұқымды қуатты желдету. Салқындату мен консервациялауды тұқымның кептіруге дейін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізеді. Тұқымды қуатты желдету арқылы кептірудің ұзақтығы тұқымның ылғалдылығына, ауаның температурасы мен ылғалдылығына, үйіндінің биіктігіне байланысты. Оны барлық партиядағы тұқымның орташа ылғалдылығы кондициялық деңгейге жеткен кезде аяқтайды;

тұқым кептіру. Кептіруге ылғалдылығы 30 пайызға дейінгі және ұзындығы 50 мм сабантектес бөлшектердің құрамы 0,2 пайыздан артық емес тұқымдар жатады. Тұқымның ылғалдылығын оларды салқындатқаннан кейін алынатын сынамалар бойынша айқындайды;

тұқымды бастапқы тазалау. Бастапқы тазалауға ылғалдылығы 18 пайыздан аспайтын тұқымдар жатады. Тазалау кезінде оларды мынадай фракцияларға бөледі: өңделген тұқымдар; жемдік қалдықтар; ірі, жеңіл және ұсақ қоспалар. Бастапқы тазалау кезінде материал ажырату үшін арнайы машиналар мен триерлер қажет ететін қоспалармен ластанған жағдайларды қоспағанда, 60 пайыздан кем емес қоспалар ажыратылуы тиіс;

тұқымды триерлерде тазалау. Тұқымдарды триерлерде тазалау кезінде үш фракцияға бөледі – өңделген тұқымдар, ұзын және қысқа қоспалар. Бұл ретте тұқымнан 80 пайыздан кем емес ұзын және қысқа қоспалар ажыратылуы тиіс.

тұқымды екінші тазалау. Тұқымдарды екінші тазалау кезінде мынадай фракцияларға бөледі: тазаланған тұқымдар, дәндік қоспалар, аспирациялық қалдықтар және ірі қоспалар. Тұқымдарда екінші тазалаудан кейін 1 пайыздан артық қоспалар болмауы тиіс, ал басқа өсімдіктер, оның ішінде арамшөптік, тұқымдарының маңызы бастапқы материал ажырату үшін арнайы машиналар қажет ететін қоспалармен ластанған жағдайларды қоспағанда, себу стандартының екінші сынып нормаларынан аспауы тиіс;

пневмоіріктеуші үстелде қиын ажыратылатын қоспалардан тазарту. Пневмоіріктеуші үстелде тұқымдық материал төрт фракцияға бөлінеді: жеңіл қоспалар; аралық фракция; тазартылған материал; ауыр қоспалар. Үстелде өңделгеннен кейін тұқымдар себу стандартының бірінші сынып талаптарына жауап берулері тиіс.

13. Тұқымды өңдеу барысында мынадай көрсеткіштер бақыланады және айқындалады:

ылғалдылық;

өнгіштік;

тазалық;

дақылдық және арамшөптік өсімдіктер тұқымдарының маңызы;

жарақаттануы.

14. Көрсетілген көрсеткіштерді айқындау үшін бастапқы және өңделген тұқымдық материалдан орташа сынамалар алынады.

15. Сынамаларды іріктеп алу және талдау қолданыстағы стандартты әдістерге сәйкес жүргізіледі. Тұқым сынамаларын талдау нәтижелері журналға енгізіледі.

16. Өңдеуден кейін тұқымның егістік сапалары қолданыстағы ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес болуы тиіс.

17. Тұқымды өңдеу нәтижелері Тәртіпке 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тұқымды кіріске алу актісімен ресімделеді.

4. Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын сақтау тәртібі
18. Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдары тұқымды бүлінуден және басқа дақылдармен және сорттармен ластанудан толық сақтауды қамтамасыз ететін арнайы қоймаларда сақталады.

19. Қоймалар құрғақ, таза, дезинфекцияланған, зиянкестермен залалданбаған болуы тиіс.

20. Сатуға жататын бірегей және элиталық тұқымдарды, сондай-ақ бірінші және кейінгі көбейтілген тұқымдарды сақтауға арналған қоймалардың дайындығын мемтұқинспекторлар анықтайды.

21. Сорттық тұқымдарды қоймада алдын ала жасалған жоспарға сәйкес орналастырады және мынадай жүйелілікте бөлек сақтайды:

дақылдар бойынша;

дақылдар шегінде – сорттар бойынша;

сорттар шегінде – көбейтілгендер бойынша;

көбейтілгендер шегінде – сорттық тазалық санаттары бойынша;

сорттық тазалық санаттары шегінде – тұқымдық стандарт сыныптары бойынша, ал себу кондицияларына жауап бермейтін тұқымдар – табиғи қасиеттеріне байланысты бөлек.

22. Бірегей және элиталық тұқымдар, бірінші буындағы будандар 1 пайызға дейін ауытқумен салмағы 50 килограммнан (бұдан әрі - кг) аспайтын қаптарға салынады. Тұқымдарды әр түрлі контейнерлерге салуға жол беріледі.

23. Қаптарды тігеді, контейнерлерді тығыздап жабады және мөртабандарды, трафареттерді және заттаңбаларды пайдалана отырып таңбалайды, онда:

тұқым өндірушінің атауы;

дақыл;

сорт;


көбейтілген;

сорттық тазалық санаты;

себу стандартының сыныбы;

егін шыққан жылы;

тұқым партиясының нөмірі;

сорттық тазалық;

сорттық құжаттың және тұқымның егістік сапасын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні көрсетіледі.

24. Тұқым салынған әрбір қапқа немесе контейнерге тұқымның егістік сапасын куәландыратын құжаттан басқа, осы мәліметтер бар заттаңбаны салады. Уланған тұқымдар салынған қаптамаға «уланған» деген жазу бекітіледі.

25. Тұқымды қоймаларда қат-қабаттап немесе үйіп сақтайды.

26. Тұқымның әр партиясы бөлек жиналады және қат-қабаттық затбелгімен белгіленеді, онда:

дақыл;

сорт;


көбейтілген;

сорттық тазалық санаты;

себу стандартының сыныбы;

егін шыққан жылы;

партияның нөмірі;

партияның салмағы;

орын саны;

сорттық құжаттың және тұқымның егістік сапасын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні көрсетіледі.

27. Қаптарды тұқымның ылғалдылығы стандарттан аспаған жағдайда төсемдер мен табандықтың үстінде сақтайды. Қат-қабаттардың көлемдері және олардың ара қашықтықтары кез келген жерден тұқымның сынамасын алуға және технологиялық операцияларды жүргізуге мүмкіндік туғызулары тиіс.

28. Ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының үйіндісі және қат-қабат биіктігі Тәртіпке 2-қосымшасында көрсетілген.

29. Картоптың тұқымын қуатты желдетілген қоймаларда салу биіктігі 2-3метрге (бұдан әрі - м) дейінгі қамбаларда сақтайды.

30. Картоп тұқымын контейнерлерде сақтаған кезде оларды биіктігі 2-3 қатар қат-қабаттарға қояды. Жоғарғы контейнердің шеті мен жабындының ара қашықтығы 80 сантиметр (бұдан әрі - см), ал қат-қабат пен қабырғаның арасы 60 см. Қат-қабаттың ұзындығы бойынша 12, ал ені бойынша 6-8 контейнер қояды. Орталық өтетін жолдың ені 2,5 м кем емес.

31. Арнайы қоймалар болмаған жағдайда картоптың тұқымын көмбелер мен орларда сақтайды. Көмбелердің биіктігі олардың енімен айқындалады және әдетте оларды 0,8-1,2 метрге дейін жасайды.

32. Тозаңды қаракүйемен залалдаған егістерден алынған, қаракүйе қапшықтарының немесе қастауыш мүйізшелерінің қоспалары бар (жол берілген шекте) тұқымдарды залалданбағандардан және ластанбағандардан бөлек орналастырады. Мұндай тұқымдарды бөлек қоймада орналастырады және залалсыздандырады, жол берілген мөлшерлерде бұршақтың егістік бұршақ қоспасы бар, жасымықтың жалпақ сиыржоңышқа қоспасы бар тұқымдары орналастырады.

33. Бір дақылдың екі сортының тұқымдарын, сондай-ақ өзара бір-бірінен қиын ажыратылатын дақылдардың тұқымдарын көршілес қамбаларда немесе қат-қабаттарда үю ұсынылмайды. Болған жағдайда, оларды басқа дақылдармен бірге қат-қабаттармен немесе қамбалармен бөледі.

34. Астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түсетін сорттық және будандық тұқымдардың белгіленген нысандағы құжаттары болуы тиіс:

элиталық тұқымдар – тұқым аттестаты;

бірінші және кейінгі көбейтілген тұқымдар – тұқым куәлігі.

35. Қабылдау барысында әртүрлі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден қабылданатын дақылы, сорты, репродукциясы, сорттық тазалық санаты, себу стандарты сыныбы, ылғалдылығы, ластануы және залалдануы бойынша жай-күйі бірдей тұқымның ұсақ партияларын біріктіруге жол беріледі. Ұсақ партияларды біріктірген кезде біріктірілген партияның сорттық тазалық пайызын ең төменгі көрсеткішпен, ал тұқымның егістік сапасын біріктірілген партиядан іріктеп алынған сынамаларды талдау деректері бойынша көрсетеді.

36. Ұсақ партияларды біріктіру және біріктірілген партияны қалыптастыру астық қабылдау кәсіпорынының директоры тағайындайтын комиссия жасайтын актімен ресімделеді.

37. Себу стандарты сыныптары немесе сорттық тазалық санаттары әртүрлі партияларды, сондай-ақ элита мен бірінші көбейтілген тұқымдардың ұсақ партияларын біріктіру ұсынылмайды;

теміржолмен басқа облыстардан, елдерден келіп түскен тұқымдардың партияларын сол сорттардың жергілікті тұқымдарымен, сондай-ақ жаңа егіннің тұқымдарын өткен жылдар егіндерінің тұқымдарымен араластыруға тыйым салынады.

38. Тұқымдарды қоймаларда сақтаған барлық кезең ішінде:

сақтаулы тұқымның жай-күйіне – оның температурасына, ылғалдылығына, иісіне, түсіне, зиянкестердің пайда болуына;

қойма үй-жайы ауасының температурасына және ылғалдылығына жүйелі қадағалау жүргізіледі.

39. Тұқымның температурасын және сыртқы ауаның салыстырмалы ылғалдылығын бақылау үшін термоштангалар немесе электротермометрлік қондырғылар қойылады.

40. Қажеттілігіне қарай сақтаулы тұқым жай-күйінің көрсеткіштерін айқындау үшін сынамалар іріктеп алынады.

41. Тұқымды сақтаудың белгіленген нормалардан ауытқушылықтары анықталған жағдайларда оларды жою жөнінде тиісті шаралар қолданылады (қуатты желдету, тұқым партиясының орнын ауыстыру, санитарлық өңдеу және т.б.).

42. Тұқымның температура, зиянкестермен залалдануы, иісі және түсі көрсеткіштерін хронологиялық тәртіппен қат-қабаттар, қамбалар, секциялар және жеке жіктер бойынша қадағалау журналына белгіленген нысан бойынша енгізеді.

43. Сақтандыру қорларына салған кезде өнгіштігін аса төмендетпестен бірінші сыныпты тұқымды сақтауға жол берілген мерзімдер дақылға, бастапқы сапасына, сақтау жағдайлары мен тәсілдеріне байланысты және:

жаздық бидайдың, жаздық арпаның, сұлының, қарақұмықтың тұқымдары үшін 3,5 жылға дейін;

күздік бидайдың, күздік қарабидайдың, күздік арпаның тұқымдары үшін 3,0 жылға дейін;

күріштің, тарының тұқымдары үшін 2,5 жылға дейін;

күнбағыстың тұқымы үшін 1,5 жылға дейін құрайды.



5. Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын пайдалану тәртібі
44. Себу үшін Мемтізілімге енгізілген және (немесе) перспективалы деп танылған ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдары пайдаланылады.

45. Мемтізілімге енгізілмеген сорттардың тұқымын себуге рұқсат етіледі, егер:

олар селекциялық және зерттеу жұмыстары үшін пайдаланылса;

оларды көбейту Қазақстан Республикасының сыртына шығару үшін халықаралық шартпен көзделген болса.

46. Мемтізілімге енгізілмеген және (немесе) одан алынып тасталған ауыл шаруашылығы өсімдіктері сорттары тұқымдарының партиялары ерекшелік тәртібінде келесі үш жылда тұқымдық мақсатқа сату құқығынсыз пайдаланылады.

47. Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің себілетін тұқымдары егістік сапаларына сараптаудан өтуі және ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес болуы тиіс.

48. Себу алдында тұқымды улауды және тұқымды жылы ауамен өңдеуді жүргізу керек.

49. Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын себу нормалары орында ауа райы жағдайларына, себілетін сорттарға және топырақтың құнарлылығына байланысты белгіленеді.

50. Бұл ретте сепкіштер машиналарды пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес реттелуі тиіс. Сепкіштерді себу нормасына қою дұрыстығы себу агрегатының бірінші өтуінде айқындалады.

Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрінің

2013 жылғы «___» ____________ № ________

бұйрығымен бекітілген

Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің

тұқымдарын дайындауды, өңдеуді,

сақтауды және пайдалануды

ұйымдастыру тәртібіне

1-қосымша



Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарын кіріске алу

актісі

20___ жылғы «___» ___________ № ___
Басшы (комиссия төрағасы) _____________________________________

___________________________________________________________________


(тұқым өндірушінің, ауданның, облыстың атауы, басшының тегі, аты және болған кезде әкесінің аты)

және мүшелері _______________________________________________________

_________________________________________________________________
(тегі, аты және болған кезде әкесінің аты, лауазымы)

құрамындағы комиссия ___ гектар (бұдан әрі - га) алқаптан, № ___ танап, № ___ бөлімше (бригада), өнімділік кезінде __ центнер/гектар (бұдан әрі - ц/га) ____ тонна (бастапқы кіріске алынған салмақпен)

_________________________________________________________________

(дақылдың, сорттың атауы, көбейтілгені)

тұқымы өндірілгені туралы осы актіні жасады.
Кондициялық тұқымның шығымы _________ тоннаны құрады.

Тұқымның сорттық сапасы 20__ жылғы «__» __________ № ______ байқаудан өткізу актісімен расталады.


Тұқым өндірушінің басшысы

(комиссия төрағасы) ________________________________


(тегі, аты және болған кезде

әкесінің аты, қолы, мөрі)


Бас бухгалтер ________________________________
(тегі, аты және болған кезде

әкесінің аты, қолы)


Комиссия мүшелері ________________________________

________________________________

________________________________
(тегі, аты және болған кезде

әкесінің аты, қолы)


Ескертпе: осы акті әр сорт және көбейтілгені бойынша жеке ресімделеді.

Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрінің

2013 жылғы «___» ________ № ________

бұйрығымен бекітілген

Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің

тұқымдарын сақтау тәртібіне

2-қосымша



Ауыл шаруашылығы өсімдіктері тұқымдарының

үйіндісі және қат-қабат биіктігі


Ауыл шаруашылығы өсімдігі

Жылдың суық кезі

Жылдың жыл кезі

Үйіндінің биіктігі, метр

Қат-қабаттағы қаптар саны

Үйіндінің биіктігі, метр

Қат-қабаттағы қаптар саны

Бидай, қарабидай, арпа, сұлы, қарақұмық

8

3,0

8

2,5

Бұршақ, жасымық, ноқат

8

2,5

6

2,0

Күріш, тары

6

2,0

4

1,5

Күнбағыс

5

1,0

4

1,0

Қытайбұршақ, қыша

5

1,0

4

1,0

Дәндік жүгері

8

-

4

-

Беде, жоңышқа, еркекшөп, атқонақ

5

-

4

-






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет