Алаш айнасы. – 2012. - №85. – 19 мамыр
Күрішбаев А. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты
Ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, аграрлық-
инновациялық кешен құру қажет
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында мемлекет алдындағы тағы бір міндетті айқындады. Ол – ел экономикасын инновациялық тұрғыдан дамыту. Қоғам үшін аса маңызды осы міндет орындалғанда, экономикамыздың дамуы жаңа тарихи, серпінді деңгейге көтерілмек. Әлемдік жаһандану жағдайында өндірісте тек озық технологиялар мен инновацияларды енгізген мемлекеттер ғана бәсекеге қабілетті болып, дамудың жаңа деңгейі саналатын «ақылды» экономиканы қалыптастыруға көшеді. Ал осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін ғылымның дамуына баса көңіл бөлу қажет.
Бүгінгі таңда еліміздің ғылымды жаңа қарқынмен дамыту жолындағы бастамалары жеміссіз емес. «Ғылым туралы Заң» қабылданып, ғылымды дамыту жөніндегі тиісті нормативтік актілер бекітілді, ғылыми жобаларды бюджеттік қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайды. Жаңадан құрылып жатқан өндіріс орындарында инновация мен заманауи технологияға деген сұраныс күннен-күнге артып отыр. Алайда бұл жердегі мәселе көптеген ғылыми әзірлемелерді импорттау мүмкіндігінің шектеулілігіне байланысты туындауда.
Аграрлық ғылым өнімін мысалға алсақ, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттары, жануарлардың тұқымы, агротехнологиялар белгілі бір топырақтық-климаттық жағдайлар мен табиғи аймақтарға бейімделіп жасалады. Ал әр елдің топырақтық-климаттық жағдайы әртүрлі екендігі белгілі. Олай болса, шетелден әкелінетін ғылыми әзірлемелерді еліміздің топырақтық-климаттық жағдайына бейімдеу – басты шарт. Бұл шартты орындау үлкен ғылыми еңбекті қажет етеді. Аграрлық ғылымның даму көрсеткіші осы өсімдік сорттарымен, жануарлар тұқымдарымен бағаланса, бұл бағыттағы жұмысты бір жолға қоймай, ауыл шаруашылығын тиімді дамыту мүмкін емес. Басқаша айтсақ, ондай сала бәсекеге қабілетсіз болып шығады. Мәселен, Канадада өндірісте қолданылатын ауылшаруашылық өнімдердің сорттары екі-үш жыл сайын жаңартылып отырады. Нәтижесінде, өнім шығымы мен сапасы жоғары сорттар пайда болады. Осылайша канадалық бидайдың бәсекеге қабілеттілігі ғылымның даму деңгейімен алдын ала реттеледі. Ал бізде көптеген сорттар өндірісте 10-20 жыл бойы қолданылады. Және де олардың көпшілігі биотехнологиядағы заманауи технологияларды қолданбай, классикалық тәсілмен шығарылады. Ал бізде бүгінгі таңда майлы, бұршақты дәнді дақылдар мен жем-шөп өнімдерінің құрғақшылыққа төзімді сорттарының жетіспеушілігі байқалуда. Бұл жағдай егістік аудандарының құрылымын диверсификациялау секілді өзекті мәселені жүйелі шешуге кедергі келтіруде.
Дәл осындай мәселе мал шаруашылығында да орын алған. Қазір аса қымбат, асылтұқымды малды шетелден әкелуге мәжбүр болып отырмыз. Осы түліктер келешекте селекция үдерісінде пайдаланылмаса, көрші елдердегі жағдай бізде де қайталанады, яғни біз бұл генофонды жойып аламыз.
Өтпелі кезеңде ғылымға бөлінетін қаржының қысқартылуы да ғылымның даму көрсеткішіне кері әсер еткендігі жасырын емес, нәтижесінде біз бүгін ғылымның көп бағыты бойынша өз бәсекелестерімізден анағұрлым артта қалып келеміз. Осындай қиын жағдайдан шығар жол агроөнеркәсіптік кешенді (АШК) ғылыммен қамтамасыз ету бағытында түбегейлі шешімдер қабылдау болып табылады. Бұл шешімдер ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландыруға ғана емес, аграрлық ғылымды басқару және ұйымдастыру құрылымын жетілдіру жолындағы шараларға да қатысты болуы керек.
Сонымен қоса, аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының арасында тиісті дәрежедегі байланыстың жоқтығы да бұл саладағы жұмысты ақсатып отыр. Ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдары, негізінен, тек зерттеу жұмыстарымен шұғылданады, ал жоғары оқу орындарының ғалымдары көбіне оқытушылықпен ғана айналысады. Олардың осылай бір-бірінен оқшау қызмет етуі кеңес дәуірінен қалыптасқан жағдай. Жағдайды өзгертіп, білім мен ғылымды сәтті байланыстыра білсек, көптеген мәселелер шешімін табар еді. Ол үшін дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену керек.
Егер біз дамыған елдердің тәжірибесін алып қарасақ, ол елдерде білім беру мен ғылым біртұтас жүйеде, бір-бірінен ажыратылмай қарастырылады. Ағылшын немесе америкалық университеттердің ректорлары «сіздің оқытушыларыңыз ғылыммен шұғылдана ма?» деген сауалға түсінбестікпен қарайды. Өйткені бұл елдерде жоғары оқу орны оқытушысының ғылыми зерттеу ісімен айналыспауы мүмкін емес. Сөйтіп, ғылыми-зерттеу арқылы алынған білім сабақ барысында студенттерге беріледі, яғни білім мен ғылым үйлесімді дамиды. Бұл университет студенттері бастапқы курстарда теориялық білім алып, кейінгі курстарда ғылыми зертханалар мен тәжірибелі ғылыми-зерттеу институттарының базасында білімін шыңдайды. Әрі әр студенттің ғылыми жетекшісінің болуы міндетті саналады. Көріп тұрғанымыздай, батыстың білім беру жүйесі заманауи теориялық және тәжірибелік білімді меңгеруге ғана емес, әрбір білім алушының жеке мүмкіндігін жүзеге асырып, оның генетикалық әлеуетін ашуға бағытталады. Сонымен қоса, мұндай жүйе, жалпы, ғылыми кадрлерді даярлауда және ғылыми зерттеуді ұйымдастыруда аса тиімді болып табылады. Ал біздің студенттеріміз қажетті теориялық, тәжірибелік дағдыны толық меңгермегендіктен және жаңа ғылыми білімнен шеткері қалғандықтан, олардың білімі көбіне тар шеңберден аспайды.
Ғылым саласында мұндай мақсатты жұмыстар қолға алынып жатқан кезеңде «қазіргі аграрлық ғылым мен білімнің шынайы көрінісі қандай?» деген сұрақтың тууы заңдылық. Аграрлық ҒЗИ-да 77 ғылым докторы және 495 ғылым кандидаты еңбек етеді, ал үш аграрлық оқу орны – Ұлттық аграрлық университет, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 202 ғылым докторы және 673 ғылым кандидаты бар. Аграрлық ҒЗИ-дағы ғылым докторларының орташа жасы – 61, ал университеттердегі ғылым докторларының орташа жасы 54 жасты құрайды. Осыдан-ақ біздің қолда бар ғылыми әлеуетті тиісінше пайдаланбайтындығымыз байқалады. Аграрлық ҒЗИ-ға ғылыми кадрлер жетіспей жатыр. ЖОО-ның ғылыми әлеуеті бұл жұмыстардан сырт қалып келеді.
Аграрлық ғылым мен білім мекемелерін басқарудың
ортақ жүйесі қажет
Аграрлық ғылым мен білімнің шынайы байланысын қалыптастыру үшін бізге тар ауқымда ғана ойланбау керек. Аграрлық ҒЗИ және ЖОО басшылары меншік түріне қарамастан, мемлекеттік міндет – жоғары білікті кадр даярлау мен ғылыми қызметті дамыту жолында жұмыс жасау керек. Ал ол үшін бұл мекемелерді басқарудың ортақ үйлесімді жүйесінің болуы қажет.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Астанада білім, ғылым және инновацияны ортақ кластерге біріктіретін Назарбаев университетін құрып, елдің ғылыми жүйесін қалай қалыптастыру керектігін іс жүзінде көрсете білді.
Шетелдік ғалымдарды тартудан қашпайық
Еліміздің аграрлық ғылымын әлемдік деңгейге көтеру үшін шетелдік ғалымдар тәжірибесіне сүйену керектігін мойындауға тиістіміз. Өз кезегінде басқа елдер де бір кездері осындай жағдайды бастан кешірген. Оның айқын мысалы – өткен ғасырдың 40-50-жылдарындағы Мексиканың жағдайы. Бұл ел азық-түлікті толықтай сырттан алғандықтан, аграрлық ғылымы мүлдем тұралап қалды. Мәселенің шешімі ел ғалымдарын ынталандырып, шетелден ғалымдарды тарту мақсатына қомақты қаржы бөлуден басталды. Мексикада әлемге әйгілі ғалым, кейіннен Нобель сыйлығын иеленген Н. Барлаугтің жетекшілігімен ғылым-білім орталығы құрылып, онда шетелден шақырылған ғалымдардың табысты еңбек етуіне жағдай жасалды. Нәтижесінде ғылым жоғары деңгейге көтерілді. Өндіріске керекті ғылыми әзірлемелер пайда болып, отандық ғылыми мектеп қалыптасты. Сөйтіп, әлемдегі азық-түлік өндірісі екі есеге артып, шамамен миллиард адамның өміріне араша болды. Бұл тәжірибені отандық аграрлық ғылымды жаңа белеске шығару үшін пайдалануға болады.
Екінші мысал – бүгінде Ресейде «Сколково» инновациялық орталығы құрылуда. Бұл жаңа технологияларды әзірлеу және коммерцияландыру бойынша заманауи ғылыми-технологиялық кешен болмақ. Мұнда Ресей экономикасын модернизациялаудың басым салаларында жұмыс істейтін компаниялар үшін ерекше экономикалық жағдай жасау жоспарлануда. Қазақстанның аграрлық саласы үшін бұл тәжірибені де қолданып, өз «Сколковомызды» құруға толық мүмкіндік бар.
Елбасы тапсырмасы аяқсыз қалмаса екен
Елбасы осыдан үш жыл бұрын Шортанды елді мекенінде халықаралық ғылым-білім орталығын ұйымдастыруды тапсырған болатын. Жоба бойынша онда отандық ғалымдармен бірге жұмыс істеуге шетелден ғалымдар шақырылуы керек еді. Бұл қызметкерлер үшін лайықты баспанасы бар, заманауи ғылыми және эксперименталды базасы, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша зертханалары дамыған, заман талабына сай ғылыми-инновациялық орталық болмақ. Ғылым магистрлері, PhD докторлары, жоғары курс студенттері де осында білім алатын болады. Алайда бұл орталықтың жобалық-сметалық құжаттары екі жыл бұрын әзірленсе де, өкінішке қарай, мәселе әлі күнге дейін жоспар күйінде қалып отыр. Ал бұл аграрлық ғылымның даму қарқынына кері әсер етуде. Бір мезгілде осындай білім, ғылым және инновация орталығын республикамыздың оңтүстігінде – Алматы жанындағы Қарасай ауданында да салу жоспарланған еді. Сондықтан да құзырлы органдар еліміздің ірі аймақтарында қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін мұндай кешендер салу ісін жеделдетсе, аграрлық ғылым дамуы жаңа серпін алып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің қуаты артар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |