Ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттары түйін Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес 2020»



Дата25.02.2016
өлшемі121.94 Kb.
#22214
ОӘК 338.26

Ауелбекова Айгүл Құрманбайқызы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті



Астана, Қазақстан
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
Түйін
Мақалада ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жолы «Агробизнес - 2020» туралы мәліметтер келтірілген. Бағдарламаның негізгі мақсаттары мен міндеттері қарастырылған. Қазақстанның ДСҰ кіргенде ауыл шаруашылық саласын қорғау шаралары ұсынылған.
Негізгі ұғымдар: ауыл шаруашылық, агроөнеркәсіп кешен, қаржыландыру, бағдарлама, өндірушілер, бәсекеге қабілеттілік, ДСҰ, шағын және орта бизнес.
Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешен саласы – ең маңызды басымдық. Өйткені, жаһандану заманында азық-түліктік қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздікпен қатар қойылса, келешекте ауыл шаруашылығы тығырыққа тірілетін елдің қауіпсіздігіне де қатер болатынын сарапшылар болжайды. Бұл жайында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев былтырғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында нақты айтып, азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жаһандық сын-қатерлер қатарына жатқызған болатын. Елбасының айтуынша, әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр. «Бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек. Ендеше, біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар. Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни, агроөнеркәсіп кешенін бүгіннен жаңғырту әлемдік сын-қатерлер арасында Қазақстанға зор мүмкіндік ашпақ. Ал бұл басымдықты уыста ұстау үшін не қажет? Бұл ретте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігін айтып, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бірқатар міндеттер жүктеді. Олардың арасында әлемнің барлық елінде мүмкін бола бермейтін егістік алаңын ұлғайту, егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру, әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жем-шөп базасын құру, экологияға баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер қалыптастыру міндеті алға қойылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамытуға мән берілуі тиістігі ерекше атап өтілді. «Бұл – өзекті міндет. Бұл арада бізге: жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз қажет. Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы болуы тиіс», - деп нақтылаған болатын Мемлекет басшысы.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені бағытындағы ұстанымы айқын. Елбасы тапсырмасына сәйкес, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасы да қабылданды. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында сапалы секіріс жасау үшін Қазақстанның ішкі жағдайынан бөлек, жаһандық ауқымдағы мәселелер де маңызды болмақ. Сондықтан да бір жағынан жаһандану үдерісінің белсенді қатысушысына айналған елімізге халықаралық сауда-саттықтарға қатысты агроөнеркәсіптік бағытты қолдай түсу аса маңызды. Оның үстіне, Президент айтпақшы, жаһандануды ұлттық мемлекеттерге төнген қатер деп емес, керісінше, қайсы бір бағыттар бойынша зор мүмкіндік тудыратын объективті үдеріс деп қарауға болады.

2013-2020 жылдарға арналған агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың сала­аралық «Агробизнес-2020» бағдарла­масы еліміздің ДСҰ-ға келешекте кіруі қарсаңында, сондай-ақ Кеден одағы жағдайында бәсекелестіктің күшеюіне байланысты әзірленіп отыр, дейді мамандар.

Бағдарламаның негізгі мақсаттары қар­­жы жағдайын сауықтыруға, агро­өнер­кәсіптік кешен үшін тауарлар, жұ­мыстар мен қызмет көрсетулерге қол­жетімділікті арттыруға, АӨК субъек­тілерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйелерін дамытуға, сонымен қатар, саланы мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталады.

Жаңа құжат қолданыстағы бағдарла­ма­ға қарағанда агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттіктерін жоғарылатуды алға қойған. Яғни өнді­ріс­тік директивалы бағдарламалар­дан алшақтап нақты жағдай жасау ба­ғытына бет бұрған. Осылайша, аталмыш бағдар­ламаны жүзеге асыра отырып, енді бизнес ауылшаруашылық өнімдерін қайда сатуды, сондай-ақ егінді қалай егуді өздері шеше алады.

Бағдарламаның негізгі мақсаттарына қол жеткізу үшін төрт бағыт бойынша жұмыстар жүргізілмек. Оның біріншісі – қаржылық сауықтыру. Ол кредиттер мен жобаларды қайта құрылымдау, қай­та қаржыландыру, сондай-ақ, бар бо­рыш­тарын өтеу үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, мемлекет кредиттік жүктемені жеңілде­теді және көптеген ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің қаржылық тұрақсыздығын болдырмайды.

Екіншісі – агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қызмет пен жұмыс­тарды, тауарлардың қолжетімділігін жо­ға­рылату бағыты. Бұл ретте агроөнеркә­сіптік кешен субъектілеріне кеңес қызметін, білімдік, қаржылық, жұмыс, тауарлардың экономикалық қолжетім­ділігін жоғарылату бойынша мемлекет­тік қолдау механизмдері арқылы мін­дет­тер қойылған. Мұнымен АӨК субъек­тілерінің жаңа мемлекеттік қолдау механизмдеріне, біріншіден, АӨК басымды инвестициялық жобалар үшін инвестициялық субсидиялар, екіншіден, қаржылық институттар алдында АӨК субъектілерінің қарыздарын кепілден­діру және сақтандыру қызметтерін субсидиялау, үшіншісі – берілген несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жатады.

Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және қамтама­сыз ететін салалардың өнімдерінің өндірісін субсидиялау бойынша жұмыс өз жалғасын таппақ.

Ал үшінші бағыт бойынша агро­өнер­кәсіптік кешен субъектілерін мемлекет­тік қамтамасыз ету жүйелерін дамыту шеңберінде фитосанитарлық қауіпсіздік жүйесін дамыту, ветеринарлық қауіп­сіздік жүйесін дамыту міндеттерін шешу жоспарлануда.

Шаралар фитосанитарлық және вете­ринарлық зертханалар құру және жаб­дық­тауға, фито және ветеринарлық қауіп­сіздіктің диагностикасы мен мони­торингі, жануарларды бірегейлендіру, аурулардың таралу қаупін төмендету, сондай-ақ, жайылымдық мал шаруашы­лығы үшін жайылымдарды суландыруға бағытталмақ.

Төртінші бағыт шеңберінде агро­өнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша ауқымды шаралар легі күтіп тұр. Айталық, ауыл шаруашылығына агрохи­миялық қызмет көрсету тиімділігін арттыру, АӨК субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін дамыту, ауыл­шаруашылық дақылдарын мемлекеттік сорттық сынау тиімділігін арттыру, АӨК субъектілері үшін мемлекеттік қызмет­терді көрсету жүйесін дамыту, ауыл шаруашылығындағы техникалық реттеу жүйесін дамыту, АӨК-тегі мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесінің тиім­ділігін арттыру, органикалық ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен оның айналымын дамыту үшін жағдайлар жасау жұмыстары осы төртінші бағыт бойынша жүзеге асырылмақ.

Бағдарлама ауылда бизнестің дамуына, салаға инвестицияның келуіне, бөлі­ніп жатқан қаржының тиімділігін жо­ғарылатуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бағдарламаны іске асыруға 8 жыл ішінде барлығы 3 122,2 млрд. теңге қажет деп жоспарлануда. Бағдарла­маны мемлекеттік бюджет есебінен іске асыруға жиыны 2 662 млрд. теңге қажет. Қалған қаржыландыру облигациялық қарыздар (300 млрд.) және Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының (2,1 млрд.) сондай-ақ «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың (96 млрд. теңге) меншікті қара­жатының есебінен жүзеге асырылады.

АШМ бюджетінің өсу қарқыны 2003-2012 жылдары 20,8 пайызды құрады. Осы қарқын сақталған кезде 2020 жылға дейін барлығы 8 жылда бюджеттің болжамы 4,2 трлн. теңгені құрайды. Ал бюджеттің 7 пайыз өсімі кезінде 2012-2020 жылдар кезеңінде болжам 1 893, 6 млрд. теңгені құрайды. 2014-2015 жыл­дарға қаражат тапшылығы 196,9 млрд. теңге, атап айтқанда, 2014 жылы 106,2 млрд. теңге, 2015 жылы 90,7 млрд. теңге болады, деді бағдарламаның қаржылық жағдайын түсіндірген министр.

Бюджеттің 13 па­йызы АӨК-ті мемлекеттік қамтамасыз етуді дамытуға бөлінетін болады, қаржылық сауықтыру 12 пайыз үлес алады. Субсидиялау көлемі 2013 жылға қарағанда 4,5 есе артады деп күтілуде [1].

Жоғарыда көрсетілген міндеттерді шешу үшін АӨК салаларын субсидиялау табиғи-климаттық жағдайларды, өт­кізу рыноктарының болуын және өңір­лерді дамыту әлеуетін ескере отырып сараланып жүргізілетін болады. Осыған орай министрлік осы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің нақты түрін өндіру үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалану бойынша өңірлерді мамандандыру схемасын әзірлеуге кірісті. Бұл мемлекеттік субсидияларды саралау құралы болмақ. Осы бағытта әзірленген жаңа тетіктер инвес­тициялық субсидиялар, қаржы институттары алдындағы АӨК субъек­тілерінің қарыздарын сақтандыру және кепілдік беру, екінші деңгейлі банктерді қорландыру, сыйақы ставкасын субсидиялау ауылша­руа­шылық техникасы­ның лизингіне және ауыл шаруашы­лығы үшін несие беруге дейін кеңейетін болады. Жаңа құрал­дармен қоса суб­сидиялаудың қолданыс­тағы тетіктері де жетілдіріледі.

Субсидиялау тетіктерін та­быс­ты жетілдірудің нәтижесінде өсім­дік саласында тамшылатып суаруды пайдалану алаңы 2012 жылы 28,1 мың гектарға жетті. Ал бұл 2007 жылғы деңгейімен салыстырғанда 40 есеге жуық жоғары көрсеткіш.

Ал мал шаруашылығына тоқталсақ, нәрлі және қатты азықтардың құнын арзандату үшін бір басқа 4500 теңге есеппен аналық малдың 1 басына субсидия төлеу шаруа және фермерлік шаруашы­лықтарға жетіспейтін азығын сатып алуға мүмкіндік берді. Өйткені барлық шаруашылықтар қажетті азықтардың барлық түрін өндіре алмайды. Бұл шаралар аналық мал басының төмендеуін айтарлықтай қысқартып, елде малдың жалпы санының өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта шамамен 30 пайыз шағын және орта АӨК субъектілерінің тиісті жоғары өтімді кепілдікті қамта­масыз ете алмауына және нашар қаржы­лық жай-күйіне байланысты қаржылан­дыруға қолжетімділіктері жоқ. Бұл проб­леманы Мемлекет басшысы аграрлық өндірістегі жеке инвестициялардың тәуе­кел­дерін төмендету үшін қарыздар­ға кепілдік беру мен сақтандырудың мемлекеттік жүйесін енгізу жөніндегі міндетті қоя отырып, «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтқан болатын. Осыған бай­ла­ныс­ты АӨК субъектілері үшін несиелік ресурстардың қолжетімділігін қамтама­сыз ету және АӨК-ті белсенді қаржы­ландыру процесіне қаржы институттарын тарту мақсатында қаржы институттары алдындағы АӨК субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру мен сақ­тан­дыру жүйесі енгізілетін болады. Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі банктерде АӨК субъектілеріне кредиттер беру үшін жеткілікті өтімділік бар. Бұдан басқа, көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын уақытылы өткізу үшін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымда­рының желісі бойынша жеңілдетілген кредиттік ресурстар бөлінуде. Алайда, АӨК субъектілерінің кредиттік ресурс­тарға қол жеткізуінің негізгі проблемасы олардың нашар қаржылық жай-күйі және тиісті өтімді кепілдік қамтамасыз етудің болмауы болып табылады. Бұл проб­лема әсіресе шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарына тән болып отыр. Осыған байланысты қабыл­данған бағдарлама аясында сақтандыру жүйесі АӨК субъектілерінің ресурстар­ға қолжетімділігін кеңейтеді және ауыл шаруашылығын белсенді қаржылан­ды­ру процесіне қаржы институттарын тартады.

Жалпы алғанда, қарыздарды сақ­тандыру тетігі қаржы институттарының кредиттік тәуекелін жеке сақтандыру компанияларының сақтандыруы болып табылады, мұнда мемлекеттің рөлі АӨК субъектілеріне сақтандыру сыйақысы­ның сомасын ішінара өтеу арқылы кө­рініс табады.

Бағдарлама ұсынып отырған ақша­лай және тауарлы кредиттерге кепілдік беру тетігі екінші деңгейдегі банктердің атынан қаржылық агенттік мәртебесі бар ұйымдар, «ҚазАгро» холдингінің ұйымдары және өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары АШТӨ-ге ақшалай немесе тауарлы кредиттің қайтарылуын қамтамасыз ету бойынша кепілдіктер беруі болып табылады. Ақшалай кредиттерді АШТӨ-ге кре­диттік мекемелер, ал тауарлы кредит­терді оларды өндіруге немесе өткізуге мамандандырылған ірі компаниялар бе­реді. Бұл жерде мемлекеттің міндеті қар­жылық агенттік мәртебесі бар ұйым немесе ӘКК АШТӨ-ге берген кепіл сыйақы­сының бір бөлігін өтеуге келіп саяды.



Әлемдік саудадағы аралас-құраластық пен алыс-беріс Қазақстанның ДСҰ-ға енгенінен кейін күшейе түседі. Бәсекелестіктің нағыз көрігі сонда қызбақ. Ал бұған бүгінгі отандық агрария дайын ба? Ең бастысы, бүгінге дейінгі Кедендік одақ аясындағы интеграцияда қазақстандық агроөнеркәсіп кешені қалай шыңдалды? Кейбір мәліметтерге қарағанда, 2009 жылдан бері Қазақстанның Кедендік одақ мемлекеттерімен ауыл шаруашылығы тауарлары мен өңделген тауарларының айналымы 1 млрд. 26 млн. доллардан 1 млрд. 743 млн. долларға дейін немесе 41 пайызға артқан екен. «Мәселен, Кедендік бақылау комитетінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы 4 жылда Кеден одағы елдерінен келетін ауыл шаруашылығының өңделген өнімдері 1,5 млрд. долларға, яғни 2 есеге дейін артқан. Бұл ретте қазақстандық экспорт 0,78 млн. доллар деңгейінде өзгеріссіз қалған. Ал бұндай жағдайда ауыл шаруашылығын дамытуға жіті назар аударып, отандық өндіруші сектордың бәсекеге қабілеттілігін шыңдауды арттыра түспесе болмайды», - деп түйіндейді А.Күрішбаев. Бұдан байқайтынымыз, Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдауы әлі де өз деңгейінде емес. «Ауыл шаруашылығы өнімдерін, жалпы аграрлық секторды қолдау туралы әңгіме болғанда қаперде ұсталатын басты мәселе: кез келген дамыған елдерде ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі мемлекеттік қолдаудың есебінен ғана қамтамасыз етіледі. Яғни, бұл салада бюджеттік субсидиялау үлкен рөл атқарады. Ешбір жерде мемлекеттің араласуынсыз нарық та, бизнес те өздігінен бұл салаға қандай да бір тәртіп орната алған емес», - дейді А.Күрішбаев. Сондықтан да оның сөзіне қарағанда, қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің проблемалары негізінен мемлекеттік қолдаудың тым төмендігінде болып табылады. Тіпті Кедендік одаққа қатысушылардың арасында қазақстандық қолдау басқасына қарағанда тым мардымсыз деңгейде болып отыр. Мәселен, Беларусь Республикасында аграрлық салаға бағытталатын мемлекеттік қолдау деңгейі жалпы ішкі өнімнің 17 пайызын құраса, Қазақстанның қолдау деңгейі 5 пайыздан аспайды. Бұл ғана емес, елдер бойынша жіктегенде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін еліміздің жоғалтар шығыны зор. Мәселен, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге кететін шығын мөлшері Еуропа елдеріне қарағанда 3 есеге артық. Бұл негізінен табиғи қалыптасқан жағдайларға да байланысты болып келеді. Айталық, егер Қазақстанда вегетациялық маусымда жауын-шашын мөлшері 250 миллиметрді құраса, Еуропада бұл көрсеткіш 1000 миллиметрге дейін жетеді. «Осындай жағдайларды ескере отырып, ДСҰ-ға ену жөніндегі келіссөздер барысында барлық қағидатты ұстанымдар бойынша отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеушілер үшін тиімді шарттарды қалыптастыруға қол жеткізуге тиіспіз [2].

Қазіргі уақытта ДСҰ шеңберінде ауыл шаруашылығын тікелей мемлекеттік қолдау шараларынан бас тарту бойынша үрдіс басым болуда. ДСҰ мен әлемдік аграрлық азық-түлік нарықтарында Керн тобының елдері (Австралия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Канада және басқалары) неғұрлым көп мәнге ие болуда, оларда ауыл шаруашылығына тікелей субсидиялардың ең төмен деңгейі бар және саланы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін өсіру есебінен дамытуда. Ауыл шаруашылығын тікелей қолдауды пайдаланбайтын Керн тобы елдерінің тәжірибесі субсидиялардан бас тарқаннан кейінгі кезеңдегі өндіріс факторларының жалпы өндіргіштігінің неғұрлым жоғары өсуін көрсетеді1.

Қазақстанға қатысты бұл әрбір ел өзінің ауыл шаруашылығын қолдау жүйесін әзірлейтінін растайды, бастысы сол қолдау өндірушілерді ынталандыруы, жер мен малдардың өнімділігін арттыруы, экспортты ынталандыруы тиіс.

Аграрлық саладағы алдыңғы қатарлы елдердің қазіргі даму үрдістерін талдау Қазақстанның АӨК одан әрі дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және аграрлық бизнесті дамыту үшін тең қолайлы жағдайлар жасау есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағдарлануы тиіс екендігін көрсетті.

Сонымен бірге дамыған елдерде ауыл шаруашылығының жеке бағыты – органикалық өнімнің өндірісі қалыптасты. Әлемдегі органикалық өнім нарығының дамуы дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерімен салыстырғанда неғұрлым жоғары және тұрақты бағаларға қарамастан жеткілікті жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Органикалық өндірістің отандық өнімдері әлемнің дамыған елдерінде мойындалған органикалық өндірісті сертификаттау жүйесін енгізгеннен кейін ғана шетелдік тауарларға қатысты бәсекеге қабілетті болуы мүмкін.
Қазақстан әлемдік экономиканың ажырамас бөлшегіне айналып барады. Ал мұндай жағдайда басты мәселе біздің ДСҰ-ға қандай шартпен енетіндігімізде болмақ. ДСҰ-ға ену барысында ауыл шаруашылығы тауарларымен халықаралық сауда-саттыққа кері әсерін тигізетін қолдаулар қысқартылатыны белгілі. Дегенмен, Қазақстанға өз ұсынымын қорғап қала алатын жолдарымыз да баршылық. Мәселен, агросектордағы «жасыл себет» бойынша мемлекеттік қолдаудың жеткілікті жоғары деңгейі сақталып қалдырылуы қажет», - дейді А.Күрішбаев. Оның сөзіне қарағанда, жаһандық ұйым аясындағы «жасыл себет» бойынша жол берілетін ең жоғарғы еек – 10 пайыз. «Осы шектен арылмауға тиіспіз, ал бізге қазір олардың ұсынып отырғандары 5 пайыз ғана. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдау үшін тым жеткіліксіз. Екіншіден, тиісті шарттарды қабылдау үшін берілетін өтпелі кезеңде сыртқа шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларына экспорттық субсидияны да сақтап қалған біз үшін аса маңызды. Өйткені, географиялық орналасу ерекшеліктеріне келсек, Қазақстан – әлемдегі теңіз порттарынан ең шалғайда жатқан мемлекет. Сондықтан да, тасымал шығындары қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтағы бағасының бәсекелестігіне кері әсер етеді. Мәселен, бір ғана Қара теңізге дейін қазақстандық астықты жеткізгенше оның бағасы 25 пайызға дейін қымбаттап шыға келеді. ДСҰ-ның маңызды басымдықтарының бірі Санитарлық-фитосанитарлық іс-шаралар бойынша келісімге қол қою болып табылады. Санитарлық және фитосанитарлық реттеу туралы келісімге қол қоя отырып, біз өзіміздің ішкі нарығымызды сапасыз ауыл шаруашылығы өнімдерінен ғылыми негіздерге сүйене отырып қорғауға мүмкіндік аламыз. 
Әдебиеттер тізімі:
1 Бітікова Д. «Агробизнес - 2020»: ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа арнасы // Егемен Қазақстан, 15 ақпан 2013ж.

2 ДСҰ іргесінде ауыл шаруашылығының бағын аша аламыз ба? www.strategy2050.kz


НОВЫЕ ПУТИ РАЗВИТИЯ СЕЛЬСКОГО ХОЗЯЙСТВА

Аннотация

В статье рассматриваются новые пути развития сельского хозяйства – «Агробизнес - 2020». Даются цели и обязанности данной программы. Рассматриваются меры защиты сельского хозяйства Казахстана при вхождении в ВТО.
NEW WAYS OF AGRICULTURAL DEVELOPMENT

The article describes the new ways of agricultural development – National Program "Agribusiness -2020". The objectives and responsibilities of the program are given. The protective measures in agriculture of Kazakhstan under joining the WTO are considered.



1“Distortions to Agricultural Incentivesin Australia and New Zealand” K. Anderson et al. WorldBank 2007


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет