Қазақ халқы тұрмысындағы түс атаулары қазіргі тілдік қолданыста



Дата02.10.2023
өлшемі24.85 Kb.
#479550
түс атаулары, тезис


Сагындыкова М.А.

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ТҰРМЫСЫНДАҒЫ ТҮС АТАУЛАРЫ ҚАЗІРГІ ТІЛДІК ҚОЛДАНЫСТА


Табиғаттағы неше алуан түр - түстер мен реңктерін адам баласы екі түрлі жолмен танып-біле алады екен. Олардың бірі – ғылыми жол да, екіншісі – халықтың дәстүрі, тәжірибесі. Сөз әлеміне саяхат жасап, сырын түсіну, оның өзін емес, мүмкіншілігін таныту – бүгінгі білім-ғылымыздың игі істерінің бірі [1,5б].


Тілімізде түр-түстің араласпайтын, қатыспайтын саласы кемде-кем. Байқағанымыз – түр-түс атаулары өзінің сапалық сынды білдіруіне байланысты қолымызбен ұстап, көзімізбен көре алатын, дене мүшелерімізбен сезе алатын заттар мен заттық қасиетке ие әр алуан құбылыстардың түр-түсін, реңкін, бояуын, сырт көрінісін, өңін, шырайын, тағы басқасын анықтайды. Ауызекі тілде болсын, көркем шығармада болсын, түр- түс атаулары қалай болса солай, ретсіз, бей-берекет қолданыла бермейді. Оның да белгілі заңдылығы бар. Түр-түстерді қолдану тенденциясына байланысты профессор, ғалым Фарзана Ахметжанова төмендегідей екі жағдайды көрсетеді: біріншіден, бір түстің атауын қайталап, оны жиі қолдану - ол автордың белгілі түске құмарлығын, әуестігін аңғартады; екіншіден, белгілі бір түсті әр алуан сөздермен қиыннан қиыстыра, орынды да образды тіркестіре білу [2,143б].
Зерттеуіміздің өзектілігі – қазақ халқы тұрмысының айнасы болып келетін ұлттық тіліміздегі төл түс атауларын жаңғыртып, қазіргі тілдік қолданыстағы заманауи түстерге балама ету. Бұдан біз тіліміздің бай мұрасы болып келетін сөздік қорын сарқа пайдалануды, кірме сөздерді орынсыз қоладануға жол бермеуді мақсат етеміз.
Қазақ тілінде табиғаттағы түр-түске байланысты қолданылатын лексика-семантикалық единицалардың жалпы саны көп емес. Көп емес дейтін себебіміз - табиғатта жай көзбен және арнайы аспаптар арқылы көруге болатын түстердің жалпы саны 2 мыңнан 30 мыңға дейін болса, яғни Ньютонның 7 түс туралы заңы бойынша, ғылымда солардың тек екі топтан – негізгі ахроматты, ол да жетеу: қызыл, сары қызыл, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін және қосымша – ахроматты үшеу: қара, ақ, сұр – тұратын түрлері ғана көрсетіледі. Алайда, әрбір тілде сол тілде сөйлеуші халықтың түр-түс құбылысын қабылдау қабілетіне, ерекшеліктеріне қарай түр-түс құбылысының сапасы мен саны да, атаулары да әр алуан болып өзгеріп отырады.
Қазақ тіліне келетін болсақ, зерттеуші Ұ. Серікбаеваның көрсетуі бойынша, түр-түс атауларының жалпы саны 70-тен астам. Олардың 30-ы негізгі де, 40-тан астамы туынды түр-түс атаулары болып саналады. Солардың қатарына халықтық ұғым бойынша: бір сөзден тұратын негізгі (мысалы: ақ, қара, ала, қызыл, жасыл, көк, сары, сұр, боз, күрең, күлгін, кер, жирен, шұбар, қасқа) атаулар, туынды тұлғалы ( ақшыл, сарғылт, көкше, көкшіл, бозғылт, сұрғылт, қоңырқай, сұрша, қызғылтым), екі сөзден тұратын күрделі атаулар (ақ сары, ақ боз, қара ала, сары ала, қара көк, қара торы, жасыл көк, кер шабдар, алабажақ т.б.) екі-үш сөзден тұратын тіркес түріндегі ( шикіл сары, шымқай қызыл, мұздай қара көк, көкорай жасыл т.б.) атаулар жатады екен [5,13б].
Түр-түстерді қарастыра отырып, олардың а)екі компоненті де негізгі түсті білдіретін атаулар және ә) екі компоненттің біреуі ғана түр-түсті білдіретін атаулар деп қарастырды. Екі компоненті де негізгі түсті білдіретін атаулар: қара-ала (черно-пегая), торы-ала (гнедо – пегая), ақ боз (светло- пегая), қара көк (темно серая). Екі компоненттің біреуі ғана түр түсті білдіретін атаулар. Бұл тіркестерге енетін компоненттің не алдыңғысы (анықтауыш), не артқысы (анықталушысы) негізгі түстің қосалқы мағына мәнін білдіру үшін қолданылады. Мысалы: қара қасқа, боз жорға, көк шолақ, бәйге күрең т.б [1,97б].
Қазақ тілінде төрт компоненттен тұратын түр-түс атаулары да кездеседі. Бірақ олар сан жағынан үш компонентті атаулардан да аз. Сондықтан оларды арнайы қарап, талдап жатудың орнына көркем шығармалардан бірнеше мысал келтірумен шектелгіміз келеді. Төрге төселген қара ала сырмақтың үстінде... ақ таңдақ кер құба арқардың терісі жатыр. Көл жағалай тігілген шағаладай ақ шаңқан боз үйлер... Алқа бел торы ала ат... т.б.
Төрт компонентті түр-түс атауларына қойылатын басты талап: олар төртеуі жиналып бір ғана күрделі (әр текті не әр түрлі) түр-түсті сипаттауы керек. Егер бұл тұтастық сақталмаса, тіркестегі сөздер жеке-жеке де, өзара жұптасып та біріңғай анықтауыш қызметін атқарады, не қатыстықты білдіреді. Мысалы: Ала құйын ақ тозаңды үйіріп соғып, сонадайдан бой көрсетіп келеді [1,55б].
Қазақ тілі – түр-түс атауларына өте бай тіл. Түр-түс атаулары көп болғанымен, қолданыста дағдыға айналып кеткен түстер ғана қолданылуда. Оған себеп оқулықтарда, газет-журналдарда түр-түстердің тек ақ, қара, сұр, көк, қызыл, сары, жасыл, қоңыр түстері ғана қолданыста болуы. Мысалы, орта білім беретін 6-сынып оқулығын алып қарастыратын болсақ сын есім заттың түрін, түсін білдіреді деп маңызды белгісін атап оған бірнеше мысалдар келтіреді: ақ (қағаз), көк (сия), қара (кастюм), жасыл (жапырақ), сұр (бұлт), қызыл (сиыр) деген мысалдарды алға тартады [3,62б] .
Келесі мысалдарды қарастыратын болсақ, негізгі түбір сын есімнің өзінен болып, заттың сынын, түр-түсін анықтайтын болса, ол сапалық сын есім дей келе, бірнеше мысалдарды келтіреді. Мысалы: көк (шөп), қызыл (бояу), көкшіл (мата), қызғылт (орамал) деп бірнеше мысалдар көрсетеді. Осы мысалдар арқылы тек қолданыста қалыптасып қалған түр-түс атауларын аңғарамыз. Енді атап көрсеткен түс атауларын алмастыратын болсақ: шаған (қағаз), сағал (сия), барқын (кастюм), сағал (жапырақ), сұрғұлт (бұлт), теңбіл (сиыр) деп қолдансақ, тіліміздің бай төл лексикасын ұмыт қылмағанымыз болар еді. Келесі мысалды қарастыратын болсақ: көгілжім(шөп), қызыл күрең (бояу), қара торы (мата), шаңқан боз (орамал) десек, тілдің байлығын сарқа пайдалануымыз болар еді.
7 - сынып оқулығын қарастырғанымызда сары деген түстің сарғыш, сарырақ, сарылау сап – сары деп шырай категориясын түсіндіру барысын мысалға алдық [4,31б]. Енді оларды құба, құбаң, құбаша, құбақаң деп адам бойына берілген сын сөздермен алмастырған кезде, қолданыстағы сөздерге қарағанда әлде қайда қазақ тілінің байырғы түр –түс атауларын қолданысқа енгізер едік.
Оқулықтармен қоса түс атауларын қолданатын басылым – газет-журналдар болып табылады. Біз солардың ішінде сән тақырыбын қозғайтын «Ханша» журналын алдық. Бұл жамылғылар осы күздің сәнді киімдер топтамасына жатады. 2022 жылдың ең үздік түстері ретінде қара, сұр сияқты түстер таңдалғандықтан, сіз де өз киім сөреңізді осы күзде жылы, тоқыма киімдерімен толтырыңыз. Енді осы айтылған түс мысалдарын алмастыратын болсақ, қара түстің өзін көмірдің түсіндей, қаралтым, қаралау, шамалы қара, қара қошқыл немесе қошқыл қара, сүліктей қара деген түстермен алмастыруға болады. Сұр түсін сұрқай, сұрғұлт, сүрең түстерімен қазақ тілінің қолданыста аз кездесетін түстерімен алмастырамыз.
Түр-түс атауларының сан жағынан қаншама көп болғанымен, сұрыптай келгенде бір топ негізгі, тірек сөздің шеңберінен шықпайтынын көрдік. Қалғандарының бәрі ұйытқы болып отырған осы 20 шақты түбір сөздің негізінде дамып (көк – көгілдір, көкше, көкшіл т.б.) туынды түбірге немесе сөз тіркесіне (қара көк, күлгін көк, сары көк,т.б.) айналған жай және күрделі атаулар болып саналады [1,35б].
Өміріміздегі керекті қолданыста жүрген заттарға түр-түс атауларын айыра алмай оған біркелті түс атауын беріп жатқан кездеріміз кездеседі. Мысалы, бізге бірнеше қызыл түсін көрсеткен жағдайда, ойланбастан барлығын қызыл түс деп атай саламыз. Қызыл түстің қазақ тілінде ал қызыл, шиедей қызыл, жосадай қызыл, шымқай қызыл, қан қызыл, қырмызы қызыл деп атайтынын көпшілік біле бермес.
Зерттеуші Р. Садықова «Түр-түс концептісінде қазақ халқының мәдениетінің көрінісі» мақаласында қазақ тілі лексикографиялық еңбектерінен, нарықтық тауарлардан, жарнама үлгілерінен жинақталған түр-түс атауларын бірнеше топтарға жіктестіре келіп, өзге тілдерден аударма арқылы келген түс атауларын жеке топ ретінде көрсетеді. Олар (әсіресе, орыс тіліндегі) зат атауымен тіркескен түр-түс атауларын қамтиды:
Бежевый - ақшыл қоңыр
Бордовый - қою қызыл
Каштановый - қызғылт сары, каштан түстес
Кремовый - қоңырлау
Малиновый - қоңыр қызғылт, шие түстес
Оранжевый - ақшыл сары
Салатовый - ақшыл жасыл
Светло-коричневый - ақшыл қоңыр
Цвета какао - қара қоңыр
Цвета морской волны - қою жасыл
Ярко-синий - ашық көк [7].
Бұдан біз осы сұрақ төңірегінде жүйелілік жоқ екенін байқаймыз.
Бүгінгі тұрмыс саласында сәнді болып саналып, бірақ қазақша дұрыс аударылмай жүрген түс атауларын дөп басып келтіруге тырыстық. Мысалы, көліктің сәнді деп жүрген мокрый асфальт түсі. Егер де жаңбыр жауған асфальт пен құрқақ асфальттың арасында түс айырмашылығын қарастыратын болсақ, жер мен көктей ашырмашылықты көреміз. Тек тілімізді қара байыр қылып сулы асфальт, мұнау құрғақ асфальт деп асфальттың түсін бере алмас едік. Сол сияқты қазіргі таңда шаш боямайтын қыз-келіншектер кемде-кем, осы шашымызды бояп жүрген шаш түстерінің реңктерін де дөп басып айыра алар едік. Сонымен:
Алый – ал қызыл (қызыл түске жақын, ашық қызыл түс)
Баклажановый – сия көк ( көк түсі басым түс)
Бархатно – черный – қарақошқыл (шымқай қара емес, қара мен қоңыр түстің екеуі де байқалатын, қарасы басым түс)
Бежевый - бозғылт (ақшылдан гөрі боз түсі басым) - ақшыл қоңыр емес
Бледный – бозамық ( бозғылт, ақшыл)
Бордовый – күрең ( қызыл қоңыр, қошқылтым) - қою қызыл емес
Горчичневый – қыша (ақшылтым сары, сарысы басым түс)
Изумрудный – барқын (қоңырқай түсті жасыл, жасыл түсі басым)
Карминовый – жоса қызыл ( қызыл түсі басым түс)
Каштановый - торғыл ( торыға жақын түс)- каштан түстес емес
Кирпичный –тобылғы күрең ( қошқыл күрең түс)
Коралловый – қошқылтым (қызыл қошқыл, күрең түс)
Лимонный – сарғылт ( сарыға жақын солғын түс)
Мокрый асфальт – сүлік қара (тобылғы торыға жақын, қарасы басым түс)
Молочный – ақшаңқаң (сүттей ақ, аппақ)
Морской волны – зеңгір ( көк, көкшіл, аспан түстес) - қою жасыл емес
Пепельный – күл түсті ( көк түске жақын, күл түстес)
Перламутровый – боз ала (қуқыл тартқан, ақшыл)
Сиреневый – боз күлгін ( құқыл тартқан, ақшыл түсі бар күлгін түсі басым)
Фиолетовый – күлгін (күлгін түсі басым)
Хаки – сағал жасыл ( сарғыш, жасылы басым сарғылтым тартқан)
Шоколадный – қошқыл (қара қоңыр, күреңдеу) - қара қоңыр емес
Бұл тек бүгінгі таңда сәнді деп тапқан түстерге балама бергендегі жайымыз. Алайда қазақ тілінің қуаты алдағы онжылдықтардың лебімен келетін талай жаңа түс атауларына төл балама табуға жететініне сенімдіміз.
Осылайша, қазақ тілінің төл лексикасын пайдалана отырып, қазіргі таңда тұрмыста көп қолдыныстағы сәнді түстерге балама табуға тырыстық. Қазақ тіліне қызығушылық танытатындарға, көркем өнер, тігіншілік, сән әлемі, түс атауларын кеңінен қолдануды талап ететін кез-келген сала адамдарына жаңа түс атауларын меңгеруге көмектесетін қосымшамызды да әзірледік. Мұнда ..... Шағын зерттеуіміздің қолданбалы құндылығы да осында деп білеміз.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Қайдаров Ә. Түр – түстердің тілдегі көрінісі. -Алматы: Ана тілі, 1992.-160 бет.

  2. Ахметжанова Ф.Көпұлтты қоғамдағы тіл мәселесі. – Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ Берел баспасы, 2014. – 598 б.

  3. Исаев С. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныпбына арналған

оқулық. – Алматы: Атамұра, 2011. – 208 бет.

  1. Исаев С., Қосымова Г. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныпбына арналған оқулық.- Алматы: Атамұра, 2012. – 208 бет.

  2. Серікбаева Ұ. Қазақ тіліндегі «Ақ» және «Қара» түр – түс атауларының

этнолингвистикалық атаулары. – Алматы: Таңбалы баспасы, 2009. – 192 бет

  1. Қазақ сөздігі .(Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі. – Алматы:

Дәуір баспасы, 2013. – 1488 бет.
7 Садықова Р. «Түр-түс концептісінде қазақ халқының мәдениетінің көрінісі»http://oldconf.neasmo.org.ua/node/2407

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет