Қазақ халқының рухани мәдениеті
Қазақ халқының мәдениеті – қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ ұлтын құраған рулар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы, өзіндік сипаты бар дәстүрлі мәдениет. Қазақ халқының қалыптасуына байланысты, қазақ халқына тән материалдық және рухани мәдениеттің сипатты белгілері орнықты. Бұл қалыптасқан мәдениет қазақ халқының өз ата – бабаларының мәдени қазыналарын қамтыған мәдениет болды. Қазақ халқының мифтік аңыздары, салт-дәстүрлері, аспан әлемі жөніндегі түсініктері, байырғы қазақ күнтізбесі, бай әдеби мұралар, көркемөнердің сан алуан түрлері, шежірелік шығармалар, халық емшілігі және материалдық мәдениет мұралары т.б. ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне мәдениет куәліктері екені анық. Халық бұқарасы материалдық мәдениет, рухани мәдениет жетістіктерінің жасаушылары болды. Соның ішінде кейбір салт-дәстүрлер, ғұрыптар жайлы айта кетсек.
Ислам дініне дейінгі,ертедегі әр түрлі ғұрыптар мен салттарға байланысты- отқа табыну салты болды. Отпен тазарту аластау түріндегі ертедегі отқа табыну қазақтар өмірінің әр түрлі қырларынан байқалады.Отқа табыну отбасы өмірінде де байқалады, мысалы адамдардың кейбір аурулары өткен кездерде отпен емделеді.Әрбір отбасында ошақты құрметтеу дәстүрі сақталды.Қазақтарда отқа түкіруге, отқа қарап дәретке отыруға, оттан аттап өтуге,тіпті бір кездері от жағылған орында басып өтуге тыйым салынған.
Жазғы көші-қон кезінде әрбір ауыл көш керуенді салтанатты түрде рәсімдеуге ерекше көңіл бөлді. Бұл үшін көш басындағы түйеге қырғауылдың ұзын қанаттарынан төрт айыр қарқара орнатты.Халықтың түсінігі бойынша,қырғауылдың әдемі қауырсындары бөгде адамдардың назарын аударып,көш керуенді көз тиюден және жол бойындағы әр түрлі қолайсыз жағдайлардан сақтайтын болған.
Қазақ халқының аспан әлеміндегі түсініктері де тұрмыста маңызды рөл атқарды.Түнгі аспанды ежелден қадағалап келген қазақтар басқаларынан ерекше белгілерімен айырықшаланатын көптеген аспан денелерін білді,олар бойынша түн кезінде уақыт жағынан да,түнгі жол бағдары жағынан да нақты дерек ала білді. Көшпелі тұрмыс ар айдың ерекшелігіне, онда туатын жұлдыздарға байланысты ауа райының құбылуына айрықша ман беріп, аспан шырақтарына көшпелі ел өміріне байланысты ат таққан. Ұлан — байтақ кең далада мал бағып, күндерін кең табиғат құшағында мал өрісінде, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, табиғат құбылыстарын бақылаудан туған халықтың көп жылдық тәжірибелерін қорытып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен ілімдер жинаған. Қазақтардың жұлдыздарға қойған аттары да көшпелі шаруашылыққа байланысты қойылған. Түнгі ашық аспанға зейін қойып қарағанда кез -келген адам — Сүмбіле (Үлкен Төбет шоқжұлдызы), Таразы — Шідер — Үшарқар (Орён), Үркер (Торпақ шоқжұлдызы), Аққу, Бүркіт, Жылан, Мерген және Бұйы шоқжұлдыздарының бойымен қоса қабаттаса ұзыннан — ұзақ түйенің ақ шудасындай созылып жатқан тұмандықты байқар еді. Бұл ақ тұмандықты халқымыз ежелден құс жолы деп атаған. Себебі, көктемде жыл құстары осы ақ тұмандық бойымен жерімізге ұшып келіп, күзде осы жолмен кері қайтады. Қазақтар үшін көк аспанның тәңірлік маңызы ерекше болатын .»Аспан өз әрекеттерінде еркін болды»,-деп жазады Ш.Уалиханов,-ол әрі жарылқады,әрі жазалады.Адамдар мен халықтардың есен-саулығы соның ықтиярына байланысты болды.
Кеңпейіл қазақ халқының ата-бабасынан қан арқылы ұрпағына беріліп, бар ұлттың ерекше сый-құрметіне бөленіп келе жатқан ізгі дәстүрі, асыл қасиеті – қонақжайлылық. Оны кейбір дінтанушы адамдар әулие адамдардың алтыншы қасиетіне де балайды. «Құдайым, би қылмасаң да би түсетін үй қыл», — деп бабаларымыздың Жаратқан Иемізге жалбарынуы сірә, сол себепті де шығар. Және де халқымыздың қонақжайлылықты қатты қастерлегені соншалықты, ауылға келген бейтаныс қонақтар кез келген үйге түспей, дастарханы мол, пейілі кең, үйі таза, көргенді ұл-қызы бар үйлерге ғана қонақ болған. Оған үй иесі қатты қуанып, ақ батасын берген. Әйтеуір, қазақ халқының салт-дәстүрінде қонақ шақырмау, қонақты үйге түсірмеу – үлкен айып болып саналады. Қазақтарда меймандостыққа байланысты салттар: қонақ кірген кезде киіз үйдің есігін –қожайын,ал қонақ шыққан кезде қонақтың өзі ашады.Сырттан үйге кіргенде ауызды малжаңдатып бірдемені шайнай кіру әбестік саналған,ал керісінше үйден дәм татып шығу дастарханды сыйлағандықтың белгісі болған. Қазақ өзі ашықса да,ең дәмдісін құдайы қонаққа сақтаған. Егер үй иесі мейманды жақсы қабылдамаса,мейманның билер сотына жүгінуге де құқығы болған. Әдет бойынша мейман өзі кеткенге дейін үй иесінің толық қорғауында болған.Бұл құқық мейман ошақ иесінің жауы болған жағдайда да қолданылды.Үй иесі мейман өз үйінде болған кезде одан кек қайтара алмады.
Қазақтардың некелесу салт-дәстүрінің әр түрлі рәсімдерінде халықтың байырғы әдет-ғұрыптары мейілінше мол сақталған.Оларда ертедегі дәстүрлердің – топтық некенің/левират және сорорат/, рулық экзогамияның, полигамияның, үлкен патриархаттық белгілері жақсы көрініс тапқан. Екі жастың бас қосып, отбасын құруы ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша құдаласудан басталады. Қазақтар, әдетте, «тең-теңімен, тезек қабымен» деген қағида бойынша ежелден сыйласатын, аралас-біліс, әлеуметтік деңгейі өзімен шамалас адамдармен құдаласатын болған Құда түсу туралы екі жақтың келісімі антпен бекітілді.Ант беру рәсімі жасалғаннан кейін ақсақалдар құдалық бәтуаласуға қан құйылған кесеге бата оқи отырып,бата берді,бұл «Батааяқ» деп аталады. Қазақта құда болудың бірнеше түрі болған. Осындай т.б. жағдайларға байланысты құдалықтың «бел құда», «бесік құда» және «қарсы құда» деген негізгі түрлері қалыптасқан. Қанға қол матырып, ант беріскеннен кейін мәні жағынан да, ғұрыптық жағынан да ерекше саналатын — құдаларға «құйрық-бауыр» жегізу салты атқарылады. Арнайы пісіріп, әзірлеген қойдың құйрық майы мен бауыры туралған табақтан қыз жағының адамдары
Құда, құда деселік,
Құйрық-бауыр жеселік,
Құйрық-бауыр жемесек,
Несіне құда деселік,
– деп өлеңдете келіп, құдаларға, отырған адамдарға айнала құйрық-бауыр асатып шығады. Сонымен қатар құда түсуден жастар некелескенге дейін өте көп дәстүрлер бар. Мысалы: есік ашу, ұрын той, қыз танысу, т,б. Ал, қазақта үйлену тойының өзі екі кезеңнен тұрады. Ол қалыңдықтың ұзатылу, яғни қызды шығарып салу тойы, келесісі – күйеу жігіттің ауылында болатын үйлену тойы. Ілкіде әрбір той үш күндік дырду-думанға жалғасатын болған. Қыз әкесiнiң ұйғарымымен “қыз ұзату тойы” басталардан бiрнеше күн бұрын күйеу қалыңдық ауылына барады. Осы жолы “бас жақсы”, “қара мал”, “той малы”, “сүт ақы” сонымен қатар, “жанама-жақсы” деген кәделерiн сүт ақыға деп апара жатқан түйеге артып, малын айдап барады. Қалыңдық өз үйінен ғұрыптық бас киім – сәукеле киіп шығады. Қыз өз үйiнен шығарда жақын туысының iшiнен жасы үлкен бiр әйел алдын-ала шүберекке орап қойған пiскен ас, бауырсақ, тұз сияқты тағамдарды қыздың басынан айналдырып алып қалады. Мұнысы ұзатылар қызбен бiрге үйдiң құты кетпесiн деген ырым болса керек. Қалыңдық кетiсiмен аталмыш тағамды бөлiп жейдi. Қыз ұлдың ауылына келгеннен соң «беташар» тойы өткізіледі.
Одан соң бала туылғанда орындалатын қаншама әдет-ғұрыптар бар десеңізші. Мысалы: шілдесехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той, тақым қысар, т,б. Бұл дәстүрлердің барлығы қазақ халқының мәдениетінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді.
Қазақтар арасында үлкендер ерекше құрметтелді. Қазақ әйелдері күйеуінің жасы үлкен туыстарын құрметтеді.Келін атасынының және қайын ағаларының алдынан өтпеу ғұрпын қатаң сақтады,оларды өз атымен атамады. Қазақ халқының тәрбиені дәріптейтін салт-дәстүрлері өте көп. Олар қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігінде де айқын көрініс береді.
Сонымен қатар қазақ халқының мәдениеті тек салт-дәстүрлерінде көрініс таппайды. Халықтың рухани мәдениетіне: ауыз әдебиеті (яғни, жыраулар, сал-серілер, ақын-күйшілер), ұлттық ойын түрлері, жазба әдебиеттері де кіреді.
Қазақ ауыз әдебиеті — қазақ халқының бұқаралық көркем сөз шығармашылығы. Алғашқы нұсқалары ерте заманда, түркі тектес рулардың, тайпалардың сөйлеу тілі қалыптаса бастаған кезде пайда болған. Қазақ ауыз әдебиеті мейілінше алуан түрлі тақырыпты қамтыды. Басқалардан гөрі тұрмыс-салт жырларының түрлері көп. Діни ұғымға байланысты өлеңдер, арбау, жалбарыну, бәдік, бақсы сарыны болып бөлінсе, үйлену, қыз ұзатуға байланысты өлеңдер — той бастар, бет ашар, жар-жар, сыңсу болып дараланады. Бұлардан басқа тіршілік кәсіпке, төрт түлік малға байланысты да өлең түрлері және адам өміріндегі мұң-шерді білдіретін қоштасу, естірту, көңіл айту, жұбату, жоқтау тәрізді өлеңдер де бар. Қазақ ауыз әдебиетіндегі ұсақ өлеңдерді халық лирикасы немесе халықтың өлең-жырлары деп те атайды. Осы топқа жататын шығармаларға қара өлең, өтірік өлең, бесік жыры және толғау, терме, тақпақты да қосуға болады. Дастандар тобына батырлар жыры, лиро-эпос, тарихи жырлар жатады. Ертегілер: қиял-ғажайып ертегілері, хайуанат жайындағы ертегілер және салт ертегілері болып бөлінеді. Шешендік сөздер, қанатты сөздер, нақылдар, мақал-мәтелдер — бейнелі сөздер тобын құрайды. Жұмбақтар мен жаңылтпаштар да осы топқа жақын. Қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары бір мезгілде пайда болған есім. Тұрмыс-салт жырларының кейбір түрлері көне заманның куәсі болса, тарихи жырлар, айтыстар бертінде шыққан. Қазақ ауыз әдебиетінің асыл қазыналарын тарататын, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін, сақтаушы дарынды адамдар — ақындар, сал-серілер, жыраулар, шешендер, т.б. боды. Ақындар халықтың поэтикалық мұраларын сақтап, айтып берушілер, лирикалық жырларды жасаушылар болды. Сал, серілердің арасында көптеген атақты сазгерлер мен жезтаңдай әншілер шықты. Олардың ең атақтылары: Біржан сал Қожағұлұлы мен Ақан сері Қорамсаұлы. Олардың әндері қазақ мәдениетінің алтын қорында мәңгі сақталып тұр. Сонымен қатар айтыс ақындары да қоғамда маңызды роль атқарды. Олар өз заманындағы қоғамдық проблемаларды, әділетсіздіктерді, әйел теңсіздігі жайлы мәселелерді қозғап жүрді.
Қазақ поэзиясында жыраулардың ролі ерекше бағаланды. Жыр толғауларында қанатты сөздер, ғибратты нақылдар кең орын алды. Өмір мен өлім, қазіргі мен болашақ туралы ойды өрбіте келіп, жырау өзінің моральдық-этикалық көзқарасын жеткізеді, өз тұсындағы қоғамға, табиғатқа өзінің көзқарасын білдіреді. Жауынгер жыраудың көзқарасы әдетте шабыт пен романтизмге, ерлік пен азаматтық пафосқа толы болды. Қазақтың батырлар жырын да туғызушы осы жыраулар еді.Қазақ поэзиясының ірі жыраулары: Шалкиіз (ХҮ ғ), Доспамбет (ХҮІ ғ), Жиембет (ХҮІІ ғ), Бұқар жырау (ХҮІІІ ғ), т.б. Олар өз заманындағы саяси-күрестің, халық тұрмысының қиын қыстау кезеңін өз жырларымен көрсете білген адамдар. ХҮІІІ ғ ғасырдағы тарихи жырлардың негізгі тақырыбы қазақтардың жоңғар жаулап алушыларына қарсы күресі болды.
Қазақтың батырлар жыры эпосқа тән аңыз сияқтанғанымен, олардың барлығы дерлік тарнихи оқиғаларға құралған. Мәселен, Қобыланды, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметік дастандары да («Қыз Жібек пен Төлеген», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қалқаман-Мамыр», т.б.) феодалдық- рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді.
Халықтың ауыз әдебиеті туындыларында көшпелі малшы халықтың көзқарастары, ұғымдары мен еңбегі, олардың ғасырлар бойы жинақтаған еңбек тәжірбиесі жан-жақты бейнеленді. Әсіресе, соның ішінде салт-сана өлеңдерінің көптеген үлгілері өздерінің идеалық-ерекшеліктерімен құнды.
ХҮІІІ ғ Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы мен халық өмірінің ерекше жағдайыларын өзіндік өзгешелігімен қамтитын қоғамдық уклад «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар негізінен ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен айналысатын билер болатын.олар тек сот ісін жүргізумен ғана айналысқан жоқ. Билер хан кеңесінің мүшелері болып, мемлекеттік істерге белсене қатысты. Сонымен қатар атақты билер тайпалар мен рулардың басшылары болып, ел басқарды, жиындарда солардың атынан сөз сөйлеп, айтыс-тартыстар кезінде олардың мүддесін қорғады.
Қазақтың атақты билері поэтикалық таланты зор және суырыпсалып айту мен шешендік сөз арқылы айтыстың тамаша шеберлері болған. Би-шешендердің әдеби шығармашылығы түрі жөнінен де, мазмұны жөнінен де ерекше, прозаны поэзиямен ұштастырып отырған. Олардың поэтикалық туындылар жанры, тақырыбы және жасалуы себебі жағынан да алуан түрлі болып келген. Сондай-ақ би шешендер әдебиетінің тақырыбы да өте кең, ал олар қозғайтын проблемалар қоғамдық жағынан да маңызды роль атқарады. Олар: әділеттік-озбырлық, достық-жаулық, ізгілік-зұлымдық, ұжымдық-бытыраңқылық, адамдық-опасыздық, мейірбандық-қатыгездік, батырлық-қорқақтық, т,б .Үйсін руынан шыққан Төле бидің, қаракесек руынан шыққан қаздауысты Қазыбектің, төртқара руынан шыққан Әйтеке бидің халықты сыртқы жауға қарсы бірлікке, қарулы күреске шақырған тапқырлық сөздері пафосқа толы, олардың өз кезінде зор саяси маңызы болды.
ХҮІІІ ғ қазақ тіліндегі жазба әдебиеттері діни және аңыздық мазмұндағы кітаптар түрінде таралды, сондай-ақ тарихи шығармалар мен рулар тарихы (шежірелер) жасалды. Олардың ішінен Захир-ад-дин Бабырдың «Бабырнамасын», Камал-ад-дин Бинайдың «Шайбанинамесін», Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашидиін», Қожамқұлбек Бахидің «Тарих-и Қыпшағын», Қадырғали Бектің «Жамият-Таварихын» және басқа да шығармалары арнайы бөліп көрсетуге болады. Жоғарыда көрсетілеген авторлар тек оқиғаларды суреттеумен және мемлекетті билеушілердің тұқымдық шығу тарихын баяндаумен ғана шектелмеген. Олар өз суреттемелеріне қоса көркем бейнелер жасап, кейде тарихи шайқастардың немесе басқа оқиғалардың әдеби көріністерін беріп отырған.
Қазақ хандығының мәдениетінің тағы бір көрінісі мейрамдары мен ұлттық ойындары. Қазақтар көктемгі күн мен түннің теңелуін Жаңа жылдың басы Наурыз мерекесін атап өтеді. Наурыз парсының «новруз» «жаңа күн» деген сөзімен мағыналас. Ол — бағзы заманнан келе жатқан қасиетті мереке. Бұл күні ұрыс-керіс, соғыс атаулы тоқтатылады. Бұрын бір-бірімен ренжісіп қалған адамдар қайтадан татуласады, өткен-кеткен өкпе-реніштердің бәрі де кешіріледі. Әркім өз үйлерін тәртіпке келтіреді, сыпырып, тап-таза етіп қояды. Адамдар сәнді киініп, бір-бірін кұттықтайды, қонаққа барады. Ақсақалдар үй-үйді аралап, өмірден өткен ата-бабаларға, аруақтарға, марқұм болғандарға арнап құран бағыштайды. Әйелдер ежелден келе жатқан салт бойынша құрамында жеті түрлі тағамдық зат бар наурыз көжені мол етіп пісіреді. Одан көрші-қолаң, туған-туыстар мен үлкен-кішілер және үйге келген қонақтар түгел дәм татады. Жастар бір-біріне ескерткіш сыйлықтар ұсынады. Бұл күні ұлттық ойындар мен спорт жарыстары өткізіледі. Қазақтарда наурыздан өзге қымызмұрындық, соғым басы, сүндет тойы, тоқым қатар сияқты басқа да толып жатқан мереке-тойлар болған.
Қазақтың ұлттық ойындарының терең тәрбиелік, әскери-спорттық, салт-дәстүрлік, өзара қарым-қатынастық және көркем-эстетикалық сипаты бар. Ұлттық ойындар дене шынықтыру, жастардың ақыл-ой қабілетін арттыру сияқты міндеттер атқарған.Балалардың ең көп тараған ойыны — айгөлек. Ежелден бар ойындардың бірі — ақсүйек. Бозбалалар мен жігіттердің ойыны аударыспақ кезінде олар екі-екіден ортадағы алаңға шығып, бірін-бірі ат үстінен аударып түсіру үшін күш сынасады. Әбжілдік пен төзімділікке тәрбиелейтін ойынның бірі ат үстінде шауып келе жатып жерден күмісалу болатын. Ер адамдардың кеңінен тараған ойыны — көкпар тарту.Бәйгеге ондаған, кейде тіпті жүздеген бас мал, әсемдік әшекей бұйымдар, күміс және алтын тайтұяқтар тігілетін.Халық арасына кеңінен тараған спорт жарыстарының бірі — қазақша күрес. Ол барлық салтанатты жиындарда өткізіледі. Күрестің бұл түрінде балуандардың жасмөлшеріне де, салмағына да шек қойылмайды. Халық өзінің балуандарын төбесіне көтеріп, құрмет тұтқан. Қазақ тарихында Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ сияқты басқа да балуандар ұмытылмастай болып есте қалды. Үлкен мерекелерде, жиын-тойларда әр ру өз балуандарын күреске шығаратын.
Қазақтарда бұлардан өзге алтыбақан тебу, асық ойнау, жамбы aтy, қыз қуу, жілік сындыру сияқты ұлттық ойын түрлері мен спорт жарыстары да болды.
Қазақ халқы мәдениеті бай халық. Бұған куә қазақ халқының кең даласынан шыққан ғұламалар, ақындар мен би, шешендер. Тіпті бұған куә шет ел саяхатшылары мен жазушыларының сөздері. Мысалға польшалық этнограф Адольф Янушковиячтің сөздерін келтіруге болады: «Мейрам кезінде мен алғаш үленшіні естуге мүмкіндігім туды. Осы қазақ сал-серілері,дала жыршылары, ұлы ақындарының қазақтарға тән суырыпсалма өнері мен орындаушылық қабілеті, бұл халықтың ақыл-ой қабілеттілігінің жоғарылығының дәлелі болып табылады. Және де мен, осының барлығын әлем жабайы деп санайтын дала халықтарынан естіп тұрмын ғой деп таңғалдым. Мен екі тайпа арасындағы дау-жанжалдардың куәсі болдым және ешқашан Демосфен мен Цицерон жайлы естімеген ділмарларға таңдана қошемет көрсеттім.Ал бүгін менің алдымда хат танымайтын, бірақ мені өз өнерлерімен таңдандырып отырған ақындар өнер көрсетуде, олардың өлеңдері, әндері менің жүрегімді билеп алды. Осындай халыққа болашағы жоқ малшы болу ғана жазылғанба? О, жоқ! Шынымен-ақ! Құдай бұндай қабілет берген халық өркениеттен тыс қалуы мүмкін емес: өркениет қашан да болсын қазақ далаларына келіп, білім шам-шырағын жағады. Уақыты келгенде бүгінгі көшпелі қазақ қазір оның төбесінен қарап отырғандармен тең дәрежеде болып, солардың қатарында отырары анық». Ия, расымен-ақ қазіргі заманда қазақ сол дәрежеге жеткендей-ақ. Бұның барлығы ұлы халықтың мәдениеті мен таланты, ақыл-ойының ұшқырлығының арқасы. Сөзімді еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен қорытындылағым келеді. Олар қазақ «Салынған жол, тұрғызылған ғимарат, тіпті ең озық ғылыми жаңалық саналатын жаңа технологияның өзі жыл сайын тозады, ескіреді. Ал бабаларымыз айтқандай, ешқашан азбайтын, тозбайтын, керісінше уақыт өткен сайын сан қырынан жарқырап, ұрпақ санасына шұғыла шашатын мәңгі өлмейтін құдіретті күштің аты – ғылым мен мәдениет. Ендеше сол ата – бабаларымыздың тарихи – мәдени мұрасын бірлесіп түлетейік».Бүгінде мұндай тоқтамға, яғни өз тамыры мен өткеніне, ана тіліне, ата дініне, діліне әлемнің біраз мемлекеті бет бұра бастады. Оның жолын әркім өзінше танып, өзінше бағамдауда. Солардың қатарында әлемдік қауымдастықтың назарына ілігіп, бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып үлгерген Қазақстан орта мерзімді мемлекеттік 2004-2006, 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдаған тұңғыш ел.
Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып-бағамдауға болады. Өз еліңнің мәдени мұрасына ұқыпты қарау мен басқа мәдениеттің құнды элементтерін қабылдау – адамзат өркениеті дамуының сара жолы.
Пайдаланған әдебиеттер:
Қазақстан тарихы. Очерк. 149-174-бб.
Қазақстан тарихы. 5-томдық 2-том., 2-бөлім, 1-2 тараулар.
Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы, 4-бөлім
Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан, 119-146-беттер.
Абусейтова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVI-века. А., 1985
Левшин А.И. Описание киргиз-казачъих, или киргиз-кайсацких о
Достарыңызбен бөлісу: |