ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ САЯСИ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТНАСТАР
( XV-XVII ғғ)
Мирзакулов Батырхан Сапарбекұлы.
Қапланбек жоғары аграрлық- техникалық
колледжінің оқытушысы
Қазақ хандығы 15 ғасырдың 60 жылдарының ортасы мен 70 жылдарының басында (Мұхаммед Хайдар Дулатидің есебі бойынша 1465-66 ж.) Батыс Жетісуда құрылды. Оның негізін қалаушылар Керей хан мен Жәнібек хан болды. Қазақ хандықтарының сыртқы саясат жөніндегі бағыт-бағдары және дипломатиялық қатынасы белгілі бір дәуірдегі ішкі, әсіресе сыртқы жағдайға сәйкес өзгеріп отырды. Қазақ хандығы көршілес барлық елдермен дипломатиялық және сауда қатынастарын жасауға тырысты. Қазақ хандығы тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатын жүргізді және іс жүзінде халықаралық қатынастың дербес субъектісі болған. Сол кездегі сыртқы саясат – шетелдік экспансияға қарсы күрес, елдің өз жерін қорғау және аумақтарды кеңейту мәселелері болды. Ол бейбіт немесе соғыс жолымен шешіліп отырған, сонымен қатар қазақ дипломатиясы әулеттік (династиялық) некелесу, әскери-саяси одақтар құруды кең пайдаланған.
Қазақ мемлекетінің шетелдермен сыртқы саясаты және өз дипломатиясы болды. Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымында сыртқы саяси мәселелер тікелей хандардың қарауында болды. Ең маңызды сыртқы саяси мәселелер, келіссөз жүргізу, бітімге келу, соғыс ашу бойынша билер, cұлтандар қатысуымен өткізілетін ақсақалдар кеңесінде шешім қабылданған.
Сыртқы қатынастардың негізгі тетігі – елшіліктер жіберу және шет елдермен сауда жүргізу болды. Елшіліктердің негізгі функциясы – өз елін шет мемлекеттерге таныстыру, қабылдаушы мемлекеттің сыртқы саяси органдарымен келіссөз жүргізу, қажетті мәселелерді шешу, хандарды саяси жағдайлармен хабардар ету. Сондай-ақ, елшілердің тағы бір маңызды мақсаты – шетелде сауда қатынасын орнату, транзиттік сауда мүмкіндіктері жөнінде ақпарат жинау болып табылады.
Елшілік әдет-ғұрыптар дипломатиялық иммунитеттің ерекше түрін құрады. Атап айтқанда, елшілер жүрген және уақытша миссиямен болған жерлерде жеке басына тиіспеушілік, мүлкі мен ресми құжаттарына қол сұқпаушылық, елшілік басшыларын кейбір жеңілдіктер мен рәсімдік құқық беру. Орталық Азия мемлекеттері дипломатиялық өкілдерінің келесі рангтері болған: елшілер, ерекше тапсырмалар бойынша елшілер, уәкілдері және делдалдар. . XV-XVII ғғ. халықаралық шиеленістерді шешу үшін қазақ хандары белгілі әдіс-тәсілдерді пайдаланды. Осы кезден бастап қазақ саяси қоғамында өкілдер, елшілер, хабаршылар тәрізді үғымдар пайда бола бастады. Қазақ хандығында сыртқы істер жұмысы түрк тілі (шағатай тілі) және тілмаштар арқылы орыс тілдерінде жүргізілетін. Келіссөздерді хандар, сұлтандар, елшілер, хабаршылар, және де әскери басшылар мемлекет атынан жүргізетін.
Жәнібек хан мен Керей ханның одақтық қатынас орнатқан тұңғыш мемлекеті Моғолстан болды. Бұл достық одақ 1468ж. Шығыс Дешті Қыпшақтың билеушісі Әбілхайыр ханның Жетісуға, ойраттардың (қалмақтардың) Моғолстанға шабуыл жасауына байланысты құрылып, 16 ғасырдың 30 жылдарына дейін созылды.
Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте Қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан болды. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ жоңғар тайшысы Амасанжының Моғолстанға және Әбілхайыр ханның Қазақ хандығына қарсы шабуылдарынан біріге отырып қорғануға мүмкіндік берді.
1468 ж. Әбілхайыр хан өлген соң Шығыс Дешті Қыпшақты билеу үшін Өзбек ханның мұрагерлерімен күрескен қазақ хандары Шайбани әулетімен билікке таласып жүрген Жошы әулетінен шыққан Ахмет ханмен, Махмұт ханмен, Ибақ ханмен және т.б. одақтасты. Қазақ хандары сыртқы саясатта, ең алдымен, Шығыс Дешті Қыпшақ мемлекеттерінің ежелгі экономикалық және саяси орталығы болған Сырдария бойындағы Сығанақ, Сауран, Отырар, Ясы (Түркістан) және басқа қалалардағы өз билігін нығайтуға күш салды. Ал олардың Дешті Қыпшақтағы негізгі бәсекелесі Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан да қазақ даласындағы халықтарды билеу және одан кейін Орта Азиядағы Темір әулетінің қол астындағы жерлерді жаулап алу үшін Оңтүстік Қазақстанның осы қалаларына арқа сүймек болды.Дешті Қыпшақтағы және Түркістан қалалары үшін ұзаққа созылған күрес 15 ғасырдың ақырында Сырдария бойындағы бірқатар қалалардың қазақ хандарының қол астына көшуімен және Шайбани әулетінің Орта Азияға ығысуымен аяқталды. Шайбани әулетімен уақытша бітім жасалды.
XVI ғасырда қазақ хандығының шекарасы едәуір ұлғайды. Өз кезінде «Жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі - Жәнібек ханның ұлы Қасым(1511күзі - 1523 жж.) болатын. «Тарих-и Рашиди», «Шайбани-наме», т.б. деректерге қарағанда қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына осы Қасым хан тұсында біріктірілген.
Қасым хан тұсында, оның белсенді әскери қимылдары нәтижесінде Қазақ хандығының шекарасы оңтүстік-шығыста Жетісудың басым бөлігін, Қаратал мен Аягөз өзендері бойы, солтүстік-батыста Еділ, солтүстік және солтүстік- шығыста Ұлытау мен Балқаш көлі маңынан өтіп, оңтүстігінде Сырдарияның оң жағалауына жетіп, Түркістан қалаларының егінжай аймақтарын қамтыды.
Қазақ хандығының нығаюы мен күшеюі мемлекеттің беделін арттырып, сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым-қатынас саласында белгілі табыстарға қол жеткізді. Қазақ хандығы өмір сүрген кезінде Орта Азия хандықтарымен, Еділ бойындағы елдермен, Батыс Сібір хандығымен және Орыс мемлекеттерімен сауда және дипломатиялық қатынас орнатты.
Қазақ хандығы Қасым хан тұсында Ұлы князь Василий III тұсында (1505-1533жж.) Москва князьдығымен дипломатиялық байланыс орнатты.
XVI ғасырдың басында нығайған Қазақ хандығының жағдайы аталған ғасырдың 20-жылдарынан бастап әлсірей бастады. Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болғаннан соң оның мұрагерлері арасында өкімет билігі үшін ішкі талас пен қырқыстар туды. «Тарихи Рашидидің» авторы Мұхаммед Хайдар Дулати айтқандай: «Қазақ сұлтандары арасында дау-шар басталды». Қасым ханның баласы Мамаш әкесінің орнына хан болып, бірақ көп ұзамай өзара қырқыстың бірінде қаза тапты.
Бұдан соң 1523-1533 жж. Қасымның немере інісі Тахир хан болды. Бірақ оның ел билеуге қабілеті төмен, әскери-саяси және елшілік істерге олақ адам еді. Ол феодалдық қырқыстарды тия алмады, көрші елдердің көпшілігімен: Шайбани әулетімен, Ноғай Ордасымен және Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталып қалды. Тахир хан Жетісуға қашып барып Моғолстан ханына қарсы қырғыздармен одақ жасасты. 1527 жылдан кейін ол көбінесе қырғыздарды биледі, ойрат-жоңғарлардың Жетісуға жасаған шабуылына қарсы күресті. Мемлекеттік билік құлдырап, мемлекеттің шекара аумағы қысқара түсті.
Тахир ханның өлімінен кейін оның інісі Бұйдаш (1533-1534 жж.) қазақ-қырғыз бірлестігінің басшысы болды. Жетісу өңіріне билік еткен ол қазақтардың бір бөлігін ғана билеген. Оның тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ. ХҮІ ғасырдың 30-жылдарында Бұйдаш ханмен қатар өзге де қазақ хандары, мысалы, Қазақстанның батыс өңірінде Ахмет хан, Жетісуда Тоғым хан болған. Міне, бұл жағдай Қазақ хандығының феодалдық бытыраңқылыққа ұшырағандығын көрсетеді.
Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді.
Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ даласына едәуір жылжытты. Қазан мен Астраханьды басып алғаннан кейін Еділ өзенінің барлық аңғары Ресейдің қол астына кірді. Башқұрт және Сібір хандықтары Ресей құрамына енгеннен кейін, ноғайлар Қазақ хандығының солтүстік-шығысына ығыса бастады. Олар Еділден Ертіске дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрді. Башқұрттар мен Сібір татарлары да қазақ жерлеріне енуін тоқтатпады. Сырдарияның төменгі ағысына қарақалпақтар келе бастады.
Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай одағы ыдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Оған қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлегі Қазақ хандығына келіп қосылды. Хақназар Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың Кіші жүзі – алшын одағына енген тайпалар) өзіне қаратып алды. Тарихи деректерде Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Сөйтіп, ХҮІ ғасырдың 60-жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығына өтті. Бұл жағдай Қазақ хандығының солтүстік-батыс және солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай Ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің Қазақ хандығына қосылып, енді бір бөлегінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын Қазақ хандығына жақындата түсті.
1563 жылы Сібір хандығының билігіне келген Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып тұрды. Осындай күрделі жағдайларда Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауераннахрдағы шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп, шайбанилық Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен одақтық келісім-шарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жиіледі. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығайа түсті.
Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп өлтіртті.
Хақназар хан қаза болған соң оның орнына Жәдік сұлтанның баласы Жәнібек ханның немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан болды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. Ол Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды қазақ мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды.
1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады.
Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мәуереннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады.
Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетінін уәде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «біздің патшалық қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұқара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар». Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды.
1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын әкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан жүз мың әскермен Мәуераннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды және Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл әулеттің Аштарханилықтардың жаңа әулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тәмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады.
Тәуекел ханның орнына 1598 жылы хан болған Есімнің Аштарханилер өкілдерімен жасасқан келісімі бойынша Қазақ хандығының құрамына қалаларымен бірге Түркістан аймағы, Ташкент қаласы атырабымен, біраз уақытқа Ферғана кірді.
Есім хан (1598-1628 жж.) қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауераннахрға жасаған жорықта ерлігімен ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім – Шығай ханның баласы. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңдар жинағын құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар Қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.
Соның бірі Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан еді. Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады, тіпті өз атынан ақша соқтырып, алым-салықтар жинады. Сонымен, Қазақ хандығы екіге бөлініп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен Тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Екі хан арасындағы күрес шиеленісіп, 1627 жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Қазақ хандығын біріктіру жолындағы Есім ханның күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған.
Есім хан 1628 жылы қайтыс болып, Түркістан қаласындағы Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген. Есім ханның мұрагері Жәңгірдің өмірі ат үстінде Қазақ хандығы жауларымен күресте өтті. Халық оны ел үшін еңіреп туған ерлігіне бола «Салқам Жәңгір» деп атаған. Жәңгір хан (1628-1652 жж.) билік құрған жылдары да Сыр бойындағы қалалар үшін Аштарханидтермен және Жетісудағы жайылымдар үшін қалмақтармен қақтығыстар тиылмады.
Қазақ хандығына қалмақтар жақтан төнген қауіп зор болды. «Қалмақ» сөзі батыс монғолдардың түрікше аты. Олар өздерін ойраттар деп атаған. Қалмақтар бұл жылдары шығысында Хангай таулары, батысында Моғолстан, оңтүстігінде Гоби шөлі, солтүстігінде Ертіс пен Енисейдің жоғарғы ағыстары арасында көшіп-қонып жүрді. 1635 жылы бұл территориядағы тайпалардың басын біріктіріп, Батур қонтайшы Жоңғар мемлекетінің негізін қалады. Осыған байланысты жоңғарлар күшейіп, қазақ жерлеріне жиі-жиі шапқыншылықтар жасай бастайды. Жәңгір хан тұсында қазақтар мен жоңғарлар арасында үш ірі шайқас орын алады. Алғашқы 1635 жылғы шайқаста Жәңгір қалмақтарға тұтқынға түсіп қалып, бірақ көп ұзамай қашып шығады. Тұтқыннан босағаннан кейін, Жәңгір хан қалмақтарға қарсы күрес
басшылығын өз қолына алады. 1643 жылы жоңғар қонтайшысы Батур қазақ жеріне 50 мың әскермен басып кіреді. 1644 жылы Жоңғарияға барған орыс елшісі Г.Ильин жоңғарлардың 50 мың қолына Жәңгір хан бастаған 600 жауынгердің қарсы тұрғанын айтқан. Мүмкін, бұл 600 адам ататын қарумен жабдықталған Жәңгір хан әскерінің алдыңғы шебі болуы мүмкін. Жәңгір өз тобының бір бөлегіне жоңғарлар тар асудан асып келгенше екі таудың арасындағы тар жырада ор қазып, бекініс жасауға бұйырады. Ал өзі екінші бөлегімен таудың екінші бетіне жасырынады. Жоңғарлар ор қазып, бекініп жатқан қазақ жасақтарына қарсы шабуыл жасайды. Осы кезде Жәңгір өз тобымен жаудың ту сыртынан лап береді. Қазақтар осы жерде бірінші рет оқ ататын қару пайдаланады. Шайқас барысында Батур қонтайшы 10 мың әскерінен айырылады. Шайқастың шешуші кезеңінде Жәңгір ханға Самарқан билеушісі Жалаңтөс батыр бастаған 20 мың әскер көмекке келеді. Батур қонтайшы кейін шегінуге мәжбүр болады. Сөйтіп, 1643 жылы жер жағдайын және соғыс тәсілін шебер пайдаланған Жәңгір хан Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың әскери көмегі арқасында зор жеңіске жетті.
Бұл тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен белгілі. Бұл жеңістің Қазақ хандығы үшін зор маңызы болды.
Бірақ жоңғар билеушілері қазақ жерлеріне басып кіру үшін жаңа жорықтарға дайындала бастады. Батур қонтайшы бытыраған әскерлерін қайта құрап, Сібірдегі орыс қамалдарынан қару-жарақ сатып алды. Өзіне тәуелді қырғыздардан ат-көлік жинастырды. Осындай әскери дайындықтан кейін Батур қонтайшы 1652 жылы қазақтарға қарсы аттанды. Бұл соғыста қазақ жасақтары жеңілді. Жәңгір хан осы 1652 жылғы шайқаста жоңғарлардың қолынан қаза тапты. Жәңгір хан да Түркістан қаласындағы Қожа Ахмед Иассауи кесенесінде жерленген.
Жәңгір ханнан кейін Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы нашарлады. Феодал шонжарлардың арасында алауыздықтар мен бақталастықтар өршіді. Қазақ сұлтандары ұлыстарды жеке-дара билеп, дербестенуге бой ұрды. Қазақ жүздерінің арасындағы байланыс нашарлап, олар бір-бірінен оқшаулана бастады.
Әдебиеттер тізімі:
1. Асфендияров С.Д. Қазақстан тарихы. (көне дәуірден) А., 1995.
2. Мыңжани Н. Қазақтың көне тарихы. А., 1993. 400-бет.
3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1, 2 томдар. А., 1997. 542- бет., А., 1998.
4. XVI-XVII ғасырлардағы қазақ хандықтары. Хақназар хан туралы // Қазақ ССР тарихы.- Алматы,1957.- Т.1.- Б. 188-189
5. Қазақ хандығының қайта дәуірлеуі. Хақназар хандық құрған дәуірде // Қазақтың көне тарихы.- Алматы, 1993.- Б.251-255
6. Қойшығара Салғараұлы. Шығай хан.// Түркістан. — 1996. — 5 маусым.
7. Материалы по истории казахских ханств XV-XVІІІ веков. /Извлечения из персидских и тюркских сочинений/. Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата: Наука, 1969. – 353 б.
8. Әбусеитова М.Х. XVІ-XVІІ ғ. қарым-қатынастар және Тәуекел хан тұсындағы кезең.// Егемен Қазақстан. – 1999. 25 қараша. – 3 б.
9. Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVІІ вв. Алматы, 1998. – 97 с.
10. История Казахстана: народы и культуры. Алматы, 2000. – 147 с.
11. Юдин В.П. Тарихи Шайбани как источник по истории казахского и каракалпакского народов.// Вопросы историографии и источниковедения Казахстана . — Алма-Ата, 1988. – 209 с.
12. Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVІ века. – Алма-Ата: Наука, 1985. – 104 с.
13. Казахско-русские отношение в XVІ-XVІІІ вв. — Алма-Ата, 1961. – 3-4 с.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ
«ҚАПЛАНБЕК ЖОҒАРЫ АГРАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ»
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДАҒЫ САЯСИ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТНАСТАР
( XV-XVII ғғ)
Ғылыми ізденіс жұмыс.
Мирзакулов Батырхан Сапарбекұлы.
Сарыағаш
Достарыңызбен бөлісу: |