Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде
07.00.09 – Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері
Тарих ғылымдарының докторы
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
Авторефераты
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
КІРІСПЕ
Тақырып өзектілігі. Тарихи деректану саласында зерттелмеген, әрі өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі қазақ шежірелерімен байланысты. Дала өркениеті тудырған шежіре мәлеметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, әпсаналар, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз кезінде Ш. Уәлиханов, қазақта «бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», - деп атап өткен [1, 157 б.]. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келді. Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе.
Қазақ тарихын баяндауда шежірелік дерекке молырақ назар аударып, оның мәліметтерін талдап зерттеу – тарихи ізденіс үшін көкейтесті, ғылыми таным үшін маңызды, әрі ұлттық тарихнама тиімділігін арттыратын өзекті сала. Шежіре тақырыбы зерттеушілер үшін жабық болуы, «деректемелік ізденістері шеңберінен тыс калып» келуі, шежіреге сенімсіздікпен қарау әдетінен, таптық теория ұстанымдары салдарынан болған [2, 62 б.]. Шежірелер аз зерттелген дерек түрі және тарих, деректану ғылымдарының дамуына оң ықпал ететін мәселе. Деректерді терең зерттеген ғалым М. Әбусейітова, Қазақстан деректемелерін сыртқы және ішкі деректер деп үлкен екі топқа бөліп қарастырады. «Қазақстан тарихын көрсетуде осы аймақты мекендеген халықтың төлтума деректемелері құнды болып келеді», - дейді [3, 26 б.].
Қазақтың өткен тарихы, тарихи шындығы этнографиялық мектеп қалыптастырған сипаттамалық еңбектер негізінде қарастырылуы ғылыми дәстүрге айналдырылғаны байқалады. Алайда, ХІХ-ХХ ғасырдағы халықтың тұрмысы, шаруашылық-мәдени өмірі туралы жазылған саяхатшылардың этнографиялық сипаттамалық деректерді трафарет іспетті одан ерте ғасырлардағы тарихи жағдайларды суреттеп жазу шындыққа жауап бермейді. Жазба деректердің басым бөлігі сырткөз болып келеді. Сырттан жазылған дерек көздерінде қазақтың ішкі өмірі, рухани құндылықтары туралы тиянақты айтатын мәліметтер жоқ. Ал, қазақта өзінің үлкен тарихи көзқарасы, тарихи дәстүрі, тарихи әдебиеті, тарихи ой жүйесі бар. Оны сақтаған дерек қабаттарын көтеру, және оны тек жариялау ғана емес, сол ішкі дерек топтамалары жеткізіп отырған тарихи фактілерді тәпсірлеу, интерпретация жасау мәселесі өзекті болып тұр.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тарихнама желісі үш кезеңнен құралады: ХVІIІ ғасырдағы авторлардың еңбектері; ХІХ–ХХ ғасырдың бірінші жартысы және кеңестік және посткеңестік тарихнамалық ізденіс тәжірибесімен байланысты. Бұдан басқа шежірелер туралы жазылған еңбектерді ішкі мазмұны мен жазу стиліне орай да жіктеп айтуға болады. Негізгі мәнісі тұрғысынан олар ғылыми-танымдық (зерттеушілік), әдеби-фолькорлық (көркемдік, даналық сипаты); өлкетану-публицистикалық (пікір айту, көпшілікке таныту) сияқты үш түрлі жағымен үш бағытта дамыды. Әртүрлі еңбектерде осы тұстардың барлығы болғанымен, кейінгі бағыты басымдау. Кәсіби тарихшылардың қатарын шежірелік деректі қолдануына орай шығыстану, археология, этнография, тарихнама мен деректану, тарихтың ішкі салаларына бөліп қарастырған дұрыс.
XVIII–ХІХ ғғ. өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды болды. Бұл дәуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру мақсатымен даярланған көптеген ғылыми экспедиция мүшелеріне айналған ғалымдар өз ынталылығын танытты, жан-жақты ізденіп, ғылыми мәнді деген мәліметтерді тіркеп жазды. Нәтижесінде қазақ, башқұрт, қырғыздардың этнографиясына байланысты жиналған ғылыми мұра сол болды. Аты әйгілі А. Левшин, В. Вельяминов-Зернов, Н. Аристов, А. Харузин, В. Радлов, Н. Остроумов, А. Нестеров [4] және т.б. белгілі ғалымдар өз еңбектерінде шежіре мәліметтерін қазақтың этноқұрамын қарастыруға ғана қолданған. Халықтың тарихи жады сақтаған тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін қызықты, құнды болуына қарай, әр заман тарихнамашылары қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. «Тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мән беріп, жергілікті орындардан жинатып отырған, – деп жазды Ә. Марғұлан [5, 231-232]. Қай заманда да солай болған. Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Диваев, Н. Гродеков, И. Шангин [6] сияқты шежіре жинаған ғалымдардың топтамалары архивте сақталған. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында еңбек еткен Ә. Диваев (1856–1933) қазақ халқының фольклор үлгілерін мол жинады. Шежіре мәліметін әсіресе халықтың этникалық тарихын зерделеуге көп қолданған. Тарихи фольклор деректеріне авторлар тең көзқараста болмағанымен, тереңойлы ғалымдар бұл мәліметтерді айналып өте алмады. Ойға алып зер салсақ, шежірелерді зерттеуде сүйенетіндей біршама ғылыми мақалалар мен салмақты монографиялар бар: біріншісі – қазақтың ағартушы-ғалымдар Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсын [7] жазған еңбектеріне байланысты болса, екіншісі – шежіре деректерін этнография, этникалық тарих тұрғысынан зерттеп жазған Ә. Х. Марғұлан, Х. Арғынбаев, М.С. Мұқанов, В. Востров сияқты кәсіби тарихшылардың зерттеулерімен байланысты [8].
ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Кейін бүл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеалогиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған. Қазақ өткенін баяндайтын деректерді жариялаған М. Тынышпаев, өз еңбегінде қазақ руларының жүйесі, шығу тегі, ата-тек кестелері мен халық саны туралы мәліметтер келтірген. Оның ізденістеріне А. Харузин, Н. Аристов, В. Бартольдтің еңбектері қатты әсер еткен. Орыстың шығыстанушы ғалымдарымен жақын таныса отырып, М. Тынышпаев бұл еңбекте олардың зерттеу әдістерінен көп тәлім алған.
Қазақстандағы тарихи деректану ориенталистикамен тығыз байланыста дамудың өзіндік ішкі объективтік себептері бар екені белгілі. Бұрынғы ресейлік ғалымдардың ішінде шығыстық тарихи шығармалардың мәндік мәселелерімен ерекше ден қойып айналысқандар қатарында И. Березин, Г. Грумм-Гржимайло, Н. Веселовский, А. Самойлович, Н. Катанов, Г. Вамбери сияқты зерттеушілер болды. Деректануда ізденуде мұны ескермей өтуге болмайды. Ресейлік шығыстанушылардың ішінде Орталық Азияның тарихнамалық дәстүрін терең зерттеген ғалымдар көп. Орта Азиядағы ортағасырлық шығармалардың мәліметтерін қытай деректемелерімен алғашқы салыстырулар жасап зерттеген Н. Бичурин болды. Оның ізімен еңбек еткен синолог ғалымдар Н. Кюнер, В. Таскин сияқты ғалымдар өшпес еңбек етті. Әбілғазы баһадүр ханның «Шаджара-йи түркі» еңбегіне ерекше зерттеп, үлкен баға бергендердің бірі А. Кононов болды. Араб деректеріндегі түркілер туралы деректер туралы зерттегендердің бірі А. Зайончковский, ал шығыс деректері негізінде Моғолстанның қазақ пен өзбек қарым-қатынастары туралы зерттеулерді жүргізген ғалымдардың бірі О. Акимушкин еді [9]. Тарихи мазмұн тұрғысынан шежірелердің деректеріне аса зор көңіл бөлген Ә. Марғұлан мен Е. Бекмаханов, М. Вяткиндердің есімдері алдыңғы қатарда тұр [10]. Ерте және ортағасыр дәуірі тарихына қатысты қазақтың шежіресін қолдану нәтижелігін дәлелдеген ғалымдар осылар. Е. Бекмаханов өз зерттеулерінде қазақтың қария сөзін қолдану қажеттілігін дәлелдеп, қазақы тарихи деректерді қолданса, М. Вяткин тарихи-шежірелік деректерді Сырым батыр қозғалысын қарастыруға пайдаланды.
Қазақстандағы шығыстанушылық зерттеулер ХІХ ғасырдағы Ш. Уәлиханов еңбектерінен бастау алып, ХХ ғасырда жақсы дамыды. Ғылым үшін үлкен жетістіктің бірі С. Ибрагимов, Н. Мингулов, К. Пищулина, В. Юдин тәрізді бір топ қазақстандық ғалымдардың үлкен еңбегімен байланысты [11]. Олар дайындаған қазақ хандығы дәуіріне қатысты дерек үзінділерінің жинағы орыс тіліне аударылған 17 құнды тарихи-деректік құжатты қамтыды. Жалпы, шежірелердің тарих, деректану және тарихнама пәндеріне орай зерттеудегі орны туралы тиянақты айтып кеткен Ю. Зуев, Б. Көмеков, Ж. Тулибаева, А. Қадырбаев, З. Қинаятұлы, С. Сыздықов, Т. Бейсембиев, С. Жақыпбеков, М. Қойгелдиев, Н. Келімбетов, К. Есмағамбетов, Н. Әлімбай, Н. Базылхан, Т. Омарбеков, Х. Ғабжалелов; М. Қадыртаева, Г. Жакупова, Р. Айтбаева, И. Ерофеева және т.б. зерттеушілер болды [12]. Парсы және түркі тілінде жазылған тарихи туындыларына шолу, олардың деректік маңыздылы, мәліметтердің кеңінен қолданылуы В. Юдин, Т. Султанов, Т. Бейсембиев, М. Әбусейітова [13] еңбектерінде берілген. Шежірелік дәстүрді жалғастырушы ХІХ ғасырдағы қазақ тарихшылары терең мұсылмандық білімі бар, ислам қағидаларына жетік болған. Сондықтан шежірелік деректер негізінен мұсылмандық әдеп, исламдық мәдениет құндылықтары мен дала әдеті тұрғысынан жазылған. Мұның өзі шежірелік танымды ұғынуда бір жағынан теологиялық зерттеулерге сүйенуді қажет етеді. Орталық Азияның тарихнамалық дәстүрін, тарихи деректерін осы сипатта зерттеу тәжірибесі А.Қ. Муминовтың, З. Жандарбектің зерттеулерінде орын алады.
Қазақ халқының этногенез мәселесін қарастырған М. Ақынжанов, С. Ахинжанов еңбектерінде ерте және ортағасырлық тарихтағы ескі рулардың, халықтардың, қазақтың шығу тегіне қатысы туралы айтылады. М. Ж. Көпейұлының шежірелік мұраларын жария ету ізденістері Е. Жүсіповтің еңбектерінде жүргізілген. Қытай, манчжур және моңғол деректерін зерттеп, аударып жеткізіп отырған Б. Еженханұлы, Ж. Ошан, С. Сұңғатай, Н. Базылхан, З. Хинаят, Қ. Мұхамадиұлы, А. Тойшанұлы, Д. Қатран. Б. Хинаят [14] және т.б. ғалымдар дайындаған материалдар қазақтың шежірелік деректерін зерттеуге берері мол. Шежірелік басылымдарға орай аударма мен мәтіндік транскрипциядағы кемшіліктер туралы біраз зерттеу мақалаларында айтылған. Кейде шежіре деректері, тарихи фольклор мәліметтері деректік сараптамасыз айналымға енгізілетіні байқалады. Бірқатар еңбектер шежіре мәліметтерін этнография пәні тұрғысынан этникалық территория, халықтың шығу тегі, этноәлеуметтік, рулық құрылымы мәселелерін қарастыруда қолданылған. Бұл ізденістер Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, В. Востров, Н. Әлімбай, Ж. Артықбаев, М. Жакин және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жасалған [15].
Түркітекті басқа халықтардың шежірелерінен дерек ретінде зертеу тәжірибесін қолдануға лайық қырғыз, татар және башқұрт, қарақалпақ, өзбек шежірелеріне қатысты басылымдар бар. Ноғайлардың шежірелік мәліметтері А. Исиннің зерттеулерінде орын алады [16]. Қарақалпақ шежіресін өлеңмен жырлаған атақты қарақалпақ ақыны Бердімұрат Қарғабайұлының мұрасын зерттеген ғалымдар М. Нұрмухамедов, Х. Хамидов және т.б. Шежірелерлердің көптеген үлгілері түркмен тайпаларында сақталған. Олардың кейбірі ауызша дәстүрде жалғасса, көбісі өз кезінде жазылып, қолжазбалар күйінде әкеден-балаға беріліп отырған. Түркмендерде шежірелер ең қадірлі, белгілі, құрметті адамдардың қолында, көбіне ақсақалдарда сақталған [17, 327 б.]. Осы еңбектерде шежірелік деректері туралы әртүрлі пікірлер білдірді, шежірелік мәліметтерді ғылым мақсатына қолданылды, бірақ қазақ шежірелерін нақты тарихи дерек ретінде қарастыруға арналған еңбек болған жоқ.
Зерттеудің мақсаты – қазақ шежірелерін тарихи дерек ретінде зерттеу. Осы мақсатқа орай диссертацияда төмендегідей зерттеу міндеттерін қойдық:
1 қолжазбалар қорында сақтаулы шежіре нұсқаларын қорыта отырып, олардың мәтіндік үлгілерін салыстыру, соған қатысты төл ұғымдарды қамту, шежірелік дәстүрдің тарихи дамуын ғылыми тұрғыдан сипаттау, шежірелік деректің қалыптасу үрдісін талдау;
2 Орталық Азия көшпелілері тарихын зерттеудегі тәжірибені шежірелік дерек көзіне орай қолданылып келген теориялық-методологиялық зерттеулерді саралау, жаңа әдістерді оңтайлы қолдану жолдарын анықтау;
3 шежірелік деректерді зерттеуде тарихнамалық зерттеу мен деректанудағы жасалған тәжірибені қолдана отырып, авторлық мәселесін қарастыру жолымен шежірелік мәтіннің дискурстық және интенциялық мағынасын ашу, сондай-ақ, шежірелердің тарихи сананы қалыптастыру қызметін талдай отырып, шежірелік деректердегі мақсат етілген тарихи тәлімді көрсету;
4 шежірелік деректердің түрлерін айыру, шежірелердің жиынтық сипатын ашу, олардың мазмұнын, мәнісін, мақсаты мен қызметін дәйектеу. Баяндалу, сақталу принциптерін талдау және ішкі және сыртқы деректік сыннан өткізу. Мәліметтерге толыққанды деректемелік сипаттама беру;
5 шежірелердің тарихи-генеалогиялық мазмұнын жүйелеу арқылы, шежірелік деректердің түрлері мен тарамдарын анықтап шығу. Шежіре деректерінің тақырыптық мазмұны мен сыртқы қалпын талдау арқылы, шежіре деректемелерін сипаттау, суреттеу, мәлімдеу, түсіндіру қызметін талдау;
6 шежірелік дәстүрді жалғастырушы субъектілердің әлеуметтік-мәдени қызметіне баға бере отырып, тарих айту деректерін жинауды, реттеуді тәжірибе ету, сыннан өткізу, ауызекі тарихты айқындау, сұхбат тәжірибелерін сипаттау және ғылыми айналымға енгізудің тиімділігін белгілеу.
Зерттеудің пәні мен нысаны. Қолжазбалық және ауызекі шежірелерге тән мәліметтердің деректік мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін анықтау, жұмыстың ізденіс пәніне айналды. Деректану әдісімен шежірені зерттеу, методологиялық жаңа ұстанымдарға жетелейді, тарихи таным жүйесін ғылыми түсінік алуға қызмет етеді. Диссертациялық жұмыстың негізгі зерттеу нысаны ретінде қазақтың шежіре деректері алынып отыр.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жинақталған нақты шежірелік материалдарды теориялық тұрғыдан қорыту, соның нәтижесінде шежіре мәліметтерін дерек ретінде тәпсірлеу мен түсіну ғылыми жаңаша болғандықтан бұл диссертацияның бағалығы да сол. Атап айтқанда:
1 қолжазба қорында сақтаулы қазақ шежірелері деректік тұрғыда алғаш зерттелуі үлкен жаңалық болып табылады;
2 диссертацияда көптеген шежірелік тың деректер қолданылған, олар: араб жазуымен жазылған шежірелік қолжазба мәтіндері, түздік археографиялық зерттеулер барысында жасалған сұхбат негізіндегі мағлұматтардың тіркелуі, және автордың генеалогия зерттеу бағытындағы жеке тәжірибесінің берілгендігі;
3 алғаш рет деректану саласы бойынша қалыптасқан теориялық-методологиялық ұстанымдары мен ғылыми әдіс-тәсілдер шежірелік деректерге орайластыра зерттеу мәселесінде кең қолданылған;
4 шежірелердің қалыптасуы мен оның сыртқы және ішкі қалпын, сондай-ақ оның тарихи негіздері мен мазмұнын кешенді түрде талдаудың тәжірибесі жасалған;
5 шежірелік деректерге байланысты бұрын жасалмаған ғылыми тұрғыдағы жүйелі-жіктік және түрлік сыныптау принциптерін қолдану жолдары қарастырылған, сөйтіп шежірелік деректерді тұңғыш рет типологиялық жүйеге түсіру критерийлері анықталып отыр;
6 шежірелік деректің ауызекі және жазбаша мәтін үлгілеріндегі көрініс табатын тарихи сана мен ой-танымның қалыптасуы мен өміршендік ерекшеліктері алғаш рет барынша жан-жақты қарастырылған; шежірелік дерек мәтінінде қолданыс табатын дәстүрлі шежірелік ұғымдардың жетілдірілген үлгідегі семантикалық түсіндірмесі жасалған.
Диссертацияның хронологиялық шеңбері. Жұмыстың хронологиялық шеңбері XV ғасырдың екінші жартысынан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтыды. Бұл жағдай шежірелерді шартты түрде үш топқа бөліп қарауға байланысты: «Шыңғыснаманы» жазған Өтеміс қажы (XVI ғ.), Мұхаммед Қайдар Дулат (1499–1551), Қадырғали Жалайыри шежірелері мен Әбілғазы Баһадүрханның (1603–1664) «Түркі шежіресі»; ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басы: М.Ж. Көпейұлы (1858–1931), Қ. Халид (1846–1913), Ш. Құдайбердіұлы (1858–1931), Н. Наушабай (1858–1919) мұралары. Мәшһүр Жүсіп шежіре қолжазбасы ескі уақыттан бастап XХ ғ. бірінші ширегіне дейін орын алған оқиғаларды баяндайды. Шәкәрім шежіресі де солай. ХХ ғасырда шежіре жасаушылардың топтамалары. Шежірелер құрамында ескі тарихи дәуірлердің мәліметтері тарихи-тұрмыстық жыр, аңыз күйінде көп сақталған. Осылайша кейбір шежіре мәліметтері мерзім жағынан ерте дәуірден қазіргі күнге дейінгі уақытты қамтығанымен, генеалогиялардың дені қазақ хандығы дәуіріне қатысты. Мұнда моңғол мемлекеті күйрегеннен кейінгі уақыт пен қазақ жүздерін қалыптасуы дәуіріндегі қазақ ру-тайпаларының құралу принциптерін айғақтайтын тарихи-генеалогиялық жүйе сипатталады.
Қорғауға ұсынылып отырған тұжырымдар.
1 Шежіре – қазақ руларының тегі шыққан түрік жұртындағы дәстүрлі мәдениет тудырған әлеуметтік, тарихи білім, генеалогиялық жады сабақтасығы болып табылады. Шежіре ұғымының астарында «тарихи-әлеуметтік жады» түсінігі сақталған. Шежіре дәстүрлі білім құбылысы ретінде табиғи түрде қалыптасып, сан ғасырлар бойы ауызекі айтып, әңгімелеу мәдениеті жағдайында жетіліп, жалпы әлеуметтік, қоғамдық сипат алып жалғасып, ұрпақтардың рухани құндылықтары мен халықтың біртұтас этникалық өмірсүру жалғастығын баяндап, ұзақ дәуір бойынан берідегі ұлт тарихының терең тамырын тануға қызмет атқарды.
2 Шежіре, сондай-ақ қазақтың аса қадірлі ұлттық дәстүрінің бірі. Шежірелік баяндаулар жоғарғы құрмет статусын білдіретін түсініктің бірі ретінде халық санасына бекіген "жеті ата" ұғымының қасиеті мен оның генеалогиялық сипатын нақтылап береді. Алайда, шын мәнінде дәстүрлі дәуір тарихын баяндаудағы генеалогиялық білім жүйесінің қызметін дұрыс түсіну, яғни генеалогиялық принцип көшпелі тұрмыс кешіп, табиғи экологиялық орта талабына лайықты малшылық, бақташылық шаруашылықпен шұғылданған халықтардың мәдениетінде соларға тән дәуірлерді, тарихи кезеңдерді реттеуші принципке айналған.
3 Шежіре – генеалогиялық зерделікті сақтаушы әлеуметтік және қоғами-ұжымдық жады болғанымен, шежіренің негізгі мақсаты тарихи білім жүйесінде сақталатын дәстүрлі мәдени құндылықтар мен дәстүрлі қоғамның рухани-әлеуметтік, идеологиялық-саяси сабақтастығын қаматамасыз ету. Осының барлығы ұлттық мәдениеттің тұғыры болғандықтан, оны тұрақты қоғамдық институтқа айналдыру мақсатында шежіре түсінігінің дәстүрі төңірегіне киелілік сипат ұғымы, ерекше қасиеттеушілік берілгені де байқалады. Халықтың фольклорлық мұрасында сақталған «жеті атасын білген ер – жеті елдің қамын жер» дейтіндей әлеуметтік формулалар осының бір даналық айғағы. Шежірелерді түрік көшпелі жұртының тарихты баяндау принципіне айналған құбылыс ретінде қарастыру әбден мүмкін.
4 Шежіре өзінің негізгі мазмұнында және түп мәнінде халықтың тарихи-генеалогиялық білім жүйесі болғанымен, қоғамның сан-салалы талаптарына қызмет етуге тиісті әртүрлі әлеуметтік мүдделердің пайда болуына байланысты, шежіре дала мәдениетінің жалпы білім жиынтығы жүйесінің айналғанын зерттеу барысында байқадық. Тарихи-генеалогиялық білім жүйесі айналасына жаппай халықтың ежелгі даналылығы да, жеке авторлар тудырған эпостық шығармалар да, тұрмыстық фольклор үлгілері де, даланың әдеби-көркем туындылары да тоғысқан. Бұл жағдайдың орын алуы заңды құбылыс болғанымен, шежіре феноменін синкреттік құбылыс ретінде жеке қарастыруды талап етеді. Алғашқылардың бірі болып қазақ тарихшыларының ішінен шежіредегі нақты тарихи білім жүйесін тұрмыстық, әдеби-фольклорлық элементтерден бөліп-жарып қарауға ұмтылған Шәкәрім Құдайбердіұғлы болды. Сондықтан Шәкәрімнің тарихнамалық мұрасынан шежіре құбылысын таза тарихи білім ретінде қарауға үндегенін анық аңғарамыз.
5 Шежірелерде дәстүрлі дәуір тудырған тарихи білім жүйесі, оның негізінде қазақ руларының қалыптасуы, елді мекендері, көш жолдары, ата-жұрты, есімі әйгілі тарихи тұлғалары, қожа, төре кірмелері, ру-туыстық байланыстары, өткерген тарихи оқиғалары, сондай-ақ аламан, барымта, жаугершілігі туралы көбірек баяндалады. Көшпелі қоғамда орын алған барлық әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани құбылыстарға қатысты тарихи оқиғалар, көбінесе дәстүрлі тарихи сана тұрғысынан, яғни ру, руаралық қатынастар тұрғысынан баяндалып түсіндіріледі.
6 Шежіре өзінің ішкі мазмұны жағынан дәстүрлі тарихнама туындылары мен дәстүрлі тарихи деректеме құбылыстарының ерекшелік сипатын білдіретін болғандықтан, оның қыр-сырларын тануда әлеуметтік-мәдени төлтума феномендерді зерттеулерге қолайлы методологиялық ұстанымдарды қолдана отырып, соған лайық теориялық концепция тұрғысынан келу дұрыс. Сондай теориялық концепцияның үлгісін тарихи антропологиялық көзқарастар жүйесінен шығаруға болады, яғни тарихи білім құбылыстарын тарихи білім жүйесін тудырушы негізгі субъект болып табылатын адамтану тұрғысынан келу, адамның тарихи табиғатының болмысын түсінуге ұмтылу болады. Шежірелердің тарихи білім жүйесі ретіндегі негізгі ерекшелігінің өзі де осы сипаттан, яғни әуелі адам туралы, оның шығу тегі туралы, тарихи тұлға тұрғысынан баяндайтын тарихи әңгімелерден құралады.
7 Қазақ шежірелерін жинаушылар хан-сұлтандардың ордасында жүріп төрелердің, Шыңғысханның жұрағаттарынан шыққан хандардың, хан үкімін жүргізген сұлтандардың, олардың хандыққа өзара таласы, сондай-ақ билік айтқан билердің тарихын баяндаған, түрік-қазақ руларының тарихи өмірінен мәлімет беріп, шежіреге айналған ауызекі тарихи әңгімелерді жазба тарихи туындыларға шығарған Мұхаммед Қайдар Дулат, Қадырғали Жалайыр, Өтеміс қажы сынды тұлғалар шыққан. ХVIII-ХІХ ғасырларда орыс зерттеушілері тарапынан қазақ шежірелеріне ерекше көңіл бөлініп, оларды жан-жақты жинау шаралары іске асырылды.
8 ХХ ғасыр тархнамасында шежірелер деректеріне толыққанды ғылыми баға берілмей келді, олар қажетті деңгейде ғылыми зерттеулерде қолданылмай, шежіре турасында жүйелі түрде пікір айтылмай, шежіре деректері үзік-үзік күйде, көп жағдайда қазақтың рулық құрылымдарын сипаттау мақсатында пайдаланылды. Шежірелерді тарих үшін зерттеулерге қолдануда рулық мәліметтерге қатысты тұстары айтылып, шежіренің негізгі мазмұны болып табылатын тарихи тұлғалар шетқақпайлатылды.
9 Шежірелерді халықтың әлеуметтік-тарихи ұжымдық жады ретінде қарастырумен қатар, жазба ескерткіштеріне айналған нақты шежірелік туындыларды тарихнамалық шығарма ретінде, тарихнамалық дерек түрінде қабылдау, тарихнамалық туындыны талдауда тиімді әдістерді іске асыру жолдарымен зерделеу, қазақ шежірелерін жаңа қырынан, яғни тарихи таным-білім құбылысы екенін танытып отыр. Сондай-ақ, шежірелерді халық тудырған тарихи түпдерек (первоисточник) көзі ретінде зерттеу нысаны ету, тарихи деректердің құралу принципінің қазақ мәдениетіне тән ерекшеліктерін ашады.
10 Шежіре деректерінің тарихи қалпыптасу жағдайларын қарастыру, авторлық мәселесін анықтау, қолжазба мәтіндерінің қысқаша деректік сипатын беру, мазмұндық ерекшеліктерін түсіну, сондай-ақ шежірелік деректің түрлік және тақырыптық сыныптау принциптерін қолдану амалдары қазақ шежірелерінің дәстүрлі қоғам жағдайында да, жалпы ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесінде де елеулі мәдени-әлеуметтік, саяси-идеологиялық және рухани маңызды қызмет атқаратынын көрсетті.
Зерттеудің теориялық және қолданыстық маңызы. Шежіре деректерін сараптау арқылы дәстүрлі танымдағы тарих сипаттау ерекшеліктерін айқындау, және басқа (заттық, жазба) дерек түрлерімен салыстыра зерттеудін тәжірибелік маңызы зор. Осыған байланысты жаңа ғылыми тәсілдер мен талдау әдістерін жетілдіру тарих ғылымының теориялық негізін кеңейте түседі, қазақтың өткен тарихындағы тарихи оқиғаларды ақиқатты түрде тәпсірлеу мақсатына қызмет етеді. Зерттеудің жекелеген тұжырым, қорытындылары тарих факультеті тәлімгерлеріне деректану негіздерін, қоғам мен мәдениеттің даму тарихын оқыту пәндеріне пайдаланылуы тиіс. Сондай-ақ, шежірені тарихи дәстүр ретінде зерттеу, тәлімгерлер үшін деректану мен тарихнама, археографиялық, генеалогиялық, палеографиялық, қосалқы тарихи пәндер тұрғысынан үлкен оқу-зерттемелік тәжірибелік база болады. Диссертация материалдары, тұжырымдары, ұстанымдары деректану, тарихнама, отандық тарих туралы болашақта жазылатын еңбектерде де қолданылары анық; ұлттық энциклопедия үшін де пайдалы. Қазақ халқының мәдени мұралары негізінде тарихты оқыту, мемлекеттік, тарихи сананы жетілдіруге оң әсер етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |