Кейінгі жылдардағы қазақ прозасы адам руханилығы мәселесіне түрлі философиялық көзқарастар тұрғысынан келуге тырысты



Дата24.01.2023
өлшемі59.38 Kb.
#468675
Ғылыми семинар жоспары - Алмасханқызы А.

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті


Филология факультеті
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы
7M01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс магистранты
Алмасханқызы Арайлымның
2022-2023 оқу жылына арналған
ғылыми семинар жоспары

2022-2023 оқу жылына арналған ғылыми семинар жоспары





2022-2023 оқу жылының I жартыжылдығында өткізілген ғылыми семинар тақырыбы

«Қазіргі қазақ прозасындағы рухани құндылық көрінісі»



Кіріспе



Кейінгі жылдардағы қазақ прозасы адам руханилығы мәселесіне түрлі философиялық көзқарастар тұрғысынан келуге тырысты.
Адамдардың рухани мәдениетінің қалыптасуы — аумалы-төкпелі заманымыздың ең маңызды мәселесі. Өйткені қоғамның рухани- жадаулығы-қауіпті дерт. Ол адамдардың, саяси моральдық азып-тозуына елдің әлеуметтік-экономикалық құлдырауына әкеледі.
Руханият дегеніміз кең әрі терең ұғым. Ол әрине бір жылдың ғана жемісі емес, көптеген жылдардың мұрасы. Халық санасы бұл мұраны біртіндеп игеріп оны өзіне азық етеді, рухани жағынан байып молыға түседі. Сананың өсуі қоғамның мәдени – азаматтық парасатын биіктете түсіп, адамгершілік үрдістерінің құлаш жаюына қолайлы жағдай жасайды.
Құндылықтарды бағалаудағы қателіктер көбіне өтпелі кезеңдерге тап келеді. Бір қоғамдық жүйе екіншісімен ауысқанда мұндай асыра сілтеушіліктер жиі кездеседі. Қазіргі уақытта етек жайып, белең алып бара жатқан тағылыққа, жан жадаулығына қарсы қоятын бірден-бір әлеуметтік күш– руханилық болып табылады. Рухани мәдениет және өркениет бірбіріне сай бола бермеуі де мүмкін. Ғылыми-техникалық жетістіктердің адамға ізгілік әкелуімен қатар бақытсыздық әкелуі де өмірде орын алып отырған шындық. Бүгінгі тіршілік етіп отырған қоғамымыздағы халықтың әлеуметтік тұрмысы, күн көріс қамы, олардың ел болашағы, ұлттық мүдде, азаматтық парыз бен қарыз деген келелі ұғымдар жайлы ойлауға, оған өз үлесін қосуға, ниет біілдіруге, талап қылуға мүмкіндік беріп отырған жоқ. Адам баласы терең ойлап, кең пішетін санадан, адами және рухани құндылықтардан күннен-күнге жатсынып бара жатқаны ғасыр трагедиясы. Адамзат баласының әлеуметтік жағдайының қиындығы оның бойына көптеген өзгерістер әкеледі. Ішкі жан дүниесінен бастап, сыртқы бетбейнесі, іс-әрекеті, айналасындағы адамдар мен қарым-қатынасына дейін белгілі бір өзгерістерге, құбылуларға ұшырайды. Бұның бәрі оның дүниетанымына да әсер етеді.



Негізгі бөлім:

«Қуандық Түменбайдың «Ақындар заңы», Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімелеріндегі рухани құндылық мәселелері »



Қуандық Түменбайдың «Ақындар заңы», Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімелерінде өнер адамдарының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі мен ішкі психологиялық жағдайларының, сезімдерінің арпалысқа түсіп, қайсысының жеңіп, үстем тұруы асқан шыншылдықпен, сыншылдықпен бейнеленген.
Жазушы Қ.Түменбайдың «Ақындар заңы» әңгімесінің өзегінде ақын Саян тағдыры жатыр. Шығармада күрделі қат-қабат қалың оқиға жоқ. Автор кейіпкердің психологиясына, ішкі сезімдік арпалысына баса үңіліп, оларға талдау жасау арқылы шығарманың парасаттылық деңгейін ой мен идея тереңдігін жетілдіре түсуге күш салады. Әрине шағын әңгімеде оның бүкіл өмірі бейнеленген дей алмаймыз. Бірақ ақынның өмірлік мақсат мұраты көрінген.Қала өмірінен ішкі-жан дүниесі де сыртқы болмысы да шаршаған ақын туған ауыл төсінде дем алып жатыр. Ақын жаны дертті. Оның дертін емдейтін шипа тек қана өзінің ерік-жігері екенін ақын жақсы түсінеді. Сондықтан да ол Алматыдан шыққанда өз-өзіне серт берген: «Өмірден отызында қыршын кеткен Шоқанның атымен ант етемін, енді қайтіп осымен аузымды былғамаймын». Неге ақын аузына Шоқан есімі түсіп отыр.Тек қана «Шоқан және өнер» деген кітап шығарғандықтан ба? Кешегі Шоқан мен бүгінгі ақынның өмірі бір-біріне тіпті ұқсамайды, ал рухани жан дүниелері туыстас.
Әңгімеге көз жүгіртсек: «Туған жердің тұз-дәмін тату үшін тәуелсіздік алған ауылыма келгенде шешемнен басқа қабағы ашық біреуді көрмедім.Адамдар да, тал терегі де жүдеп кетіпті.Шыққан кітабым түстіме екен деп кітапхана барып едім, бұрынғы клуб ішіндегі бай кітапхананың орнында машина-трактор шеберханасы тұр». Кітапхана мен машинатрактор шеберханасы деген ұғымның арасы жер мен көктей алшақ. Рухани құндылықтың орнын материалдық игілік басқан.Бұл жағдай жалғыз ақын ауылында орын алып отырған жоқ, көптеген қазақ ауылдарының басындағы жағдай.
Осындай қасіретті басынан өткеріп отырған бүгінгі қазақ ауылының бейнесі Думан Рамазанның «Түсіме кірген ақ боз ат» әңгімесінде көрінеді. Ауыл дегенде көркем табиғат, ақ шағаладай қатар түзелген үйлер, өрістен қайтқан мал, ақ жаулықты ана мен ақ сақалды қария, асау тай мінген бала, атпал азамат пен инабатты бойжеткен елесі көз алдымызға келетіні сөзсіз.
Адамдарының көңілі өзі сияқты жайылып жатқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі көпті ойлантып жүрсе де, қоғамдағы түбегейлі өзгерістер, заман ағымы оның оңды-солды ықпалы ештеңеге де қарайлайтын емес. Әңгіменің басты кейіпкері Нұрман ат басын туған ауылына тірегеннен-ақ ауыл адамдарының басына түскен көптеген қиыншылықтардың куәсі болады. «Қазір таудың қасқырынан адамның қасқыры жаман болып кетті ғой», «Тегінде, маған мына нарық деген пәле жақпады. ….Несін жасырайық, келген қонаққа бұрынғыдай мал сойып, мәзірет жасайтын күй жоқ.», «Дүние не боп барады.Қос өкпеден қысып, қусырып жіберді ғой», «Әй, қайдам заманның сұтқынан қорқам!» деген сөздер қос қарияның аузынан шығады. Бұлар Нұрманның апа-жездесі Тұрымтай тәте мен Жүнісбек ақсақал еді.
Жазушы ауылдағы оның тұрғындарының болмысындағы өзгерісті сол адамдардың өздеріне бағалатқызады. «…ауылдың берекесі кеткен, базары тарқаған, ажары тозған, адамдары азған.Бірінің қатынына бірі үйленіп , бірінің байын бірі тартып алып жатқан заман!» деген ой Нұрман аузынан шыққан. Ал сол заманда өмір сүріп, оны өз қолдарымен жасап жатқан адам баласының өзінің дүниетанымы, ой-өрісі, санасы. Базарлы елдің берекесін алып, ажарын тоздырған өздері екенін түсінбейді емес, түсінеді. Бірақ барды жоғалтуға келген шамамыз, жоғалтқанды қайта табуға келмей жатыр. Кінәліні сырттан іздеп, қоғамға, заманға сілтеп үйренген әдет әлі де қалмай келеді.
Екі жазушының әңгімелерінің идеялық жағынан тоқайласатын бір тұсы осы бүгінгі ауыл бейнесі. Саян мен Нұрман жанына бататын жайт біреу ол азып-тозған ауыл тағдыры. Саян жаны түңілген сәтте оған демеу болған облыс әкімі Атымтай Жомарт болады. Ол көмекшісін жіберіп ақынды өзінің қабылдауына алдыртады. Ауылдан жүрер алдындағы кейбір сөздер адам санасына тоталитарлық заманның салып кеткен дақты байқатады. Әкім көмекшісінің көзіндегі қобалжу, баусындағы бұйрық, күзетшідей тұруы, артық тіл қатпауы осының дәлелі. Өзін ел көзінен тасада не үшін машинаға салып әкетіп бара жатқанын біле алмай, білгісі келген сұрағына жауап ала алмағаны талай талант тағдырынан белгілі жайт.
Ақын Саянның жалғыз көйлегім бар, бірақ оның қара дақтары бар деген ойы көп сырды аңғартады. Ол халқына, оның өнеріне деген пәк сезім. Бірақ сол бір ақ көңілге түскен дақтар бар. Сонымен қатар әңгімеде ақын өзінің өміріндегі естен кетпес екі оқиғаның бірі осы әкім қабылдауы болса, екіншісі өзінің үйлену тойы күні неміс ұлтының өкілдері әйел мен ер адамның бұларды құттықтап ерекше қуанғандары еді. Адамдық, ұлттық рухы жоғары халық деп неміс ұлты туралы ақын бір сәт ойланып кетеді.
Саянның өмірге құштарлығы өнермен тығыз байланысты. Оның ойынша адам баласы мәнді тіршілік кешу үшін өнерді жанындай түсініп, қадірлей білуі қажет.
Саянның ішкі жан дүниесіндегі игілікті ойлар сыртқа шыққанда үнемі кедергіге ұшырайды. Бұдан рухани дүниеден материалдық дүниенің бірінші кезекке шыққанын байқаймыз. Саянның идеалы ұлт өнері. Ол сол өнерді Шоқан өмірі арқылы кейінгі буынға жеткізбек.Бірақ осы бір асыл арманға жету Саян үшін қиын. Себебі тіршіліктің өз заңы бар. Ол әр адамы, оның сана-сезімін, ой-өрісін өзіне бағындыра алады. Күнделікті тұрмыс тілеуін ғана қанағаттандырып өмір сүру, тіршілік ету адам баласын алысқа апармасы сөзсіз.
Рухани қажеттілікті сезіне отыра, сезінгісі келмеу, материалдық игіліктің жетегінде кету Саян ауылдастарының басты трагедиясы.Барлық келеңсіз құбылыстарды Саян көре біледі.Себебі ол сырттан келді.Сондай-ақ оның дүниетанымы басқа.Саян дерті – бүгінгі заман дерті, дәуір дерті.Жазушы заман дертін, адамзатты аздыруға себепкер осал тұстарды тап басып, өмір шындығын көркемдік тәсілмен биік деңгейде шебер баяндайды.Жазушының әкім есімін Атымтай Жомарт деп алуында өзіндік сыр бар.Қазақ халқының ұғымында бұл есім дархандықтың, көпшілдіктің белгісі ретінде көрінетіні белгілі.Әңгімеде:« – Әкемнің аты Атымтай Отчеством жоқ.Қазақ баласы әкесінің атымен жазылады, – дегенде Саянның қолы қайта жүріп кетті де, нығыздап нүкте қойды» [2, 12] деп суреттелетін сәтте Саян өзіне бүкіл жан дүниесімен жақын адамын тапқандай әсер алады. Жазушы әкім образын шыншыл өрнектей отырып, азаматтық деген киелі ұғымның мәнін өз тұрғысынан ашуға тырысқан. «Өнерім менің өмірім» деген мақсатпен өмір сүрген Саян сияқты өнер адамдарының қандай қиындық болса да мойымай, айналасына қарап түңіліп кетпей, алдыңғы күнге сеніммен қарай білуі жаныңа қуат береді. Себебі әлеуметтік тұрмыс жеңіп, рухани қайыршыланып, жадапжүдеп, өз ортасынан жатсынып, азып-тозып кеткен өнер адамының өмірін бейнелейтін, тағдырын көрсететін әңгімелер бүгінгі прозамызда көптеп кездеседі.
Жазушы Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімесінде осыған дейін қазақ прозасында көрінген тенденцияның бірі адамның өз заманын рухани жатсынуы басты мәселе ретінде көрінген. Болашағынан айналасындағыларға мол үміт күттірген жас актер аяқ астынан қайыр сұрап қайыршы болып кетеді.
Әңгімеде актердің тоғызыншы сыныпта оқитын қызы мектепте курткасын жоғалтып алып, үйіне жалаңаш қайтқанда суық тиіп ауырып жатып қалуынан, оған уақытында қайтадан киім ала алмағандықтан, ол осындай жолға түсіп кеткен сияқты суреттейді. Бұл жерде характер мен жағдай мәселесіне көңіл аудару қажет. Расында да актер жігіт өзін тұрмыс әкеліп қамалаған шарбақтан шығу жолын іздеді. Өзінің жұртты тәнті еткен таланты бұл жерде дәрменсіз екенін сезінеді. Ол айналасындағылардан көмек сұрап қол жайды. Әңгімеде жас актердің осы кездегі жағдайын жазушы: «Сол бір күндері оның қандай жан азабына түскенін көрсеңіз ғой.Өнер адамдарының көбінің көңілі нәзік, боркемік болып келеді емес пе, қатты күйгелектеніп, ұйқыдан да, күлкіден де қалып, екі жағы пышақ жаныған қайрақтай қушиып, көзі шүңірейіп, бар-жоғы бес-алты күннің ішінде абақтыға түсіп шыққандай азып-тозып кетті.Оның үстіне әлгі жоғалған куртканың орнына бір жылы киім сатып ала қоятындай ақшалары да болмады».
Осындай сәтте іштей мүжіліп отырған адамға рухани дем берген ешкім болған жоқ, бірақ материалдық көмек бергендер болды. Ол кавказдық бай кісі. «Егер қажетім болып жатса, мына телефонға хабарласа салыңыз» деп өнер адамына өз қажеттілігін айқын сезінген кавказдық бай кісі актер жігіттің өміріне ақырындап енген еді. Басына қиын жағдай туғанда актер жігіт бірден оны есіне алды. Себебі оған өзінің жұмыс орнынан, мәдени басқару ұйымдарынан көмек сұрау бос әурешілік сияқты еді. Әрине кавказдық бай кісі бірден көмектесті, баласына сыртқы киім әперіп қуаныш сыйлады, бірақ мұның бәрі актер жігіт үшін қымбатқа түсті. Ол өзінің өнерін, бүкіл жан дүниесін саудаға салған еді. Енді өмірге басқа қырынан қарады. Оның осыған дейінгі өмір сүру дағдысы, қалыптасқан дүниетанымы толығымен өзгерді. Енді ол басқа адам.
Дегенмен актер жігіттің ішін жегідей жеген бір қиналыстың болғандығын мына сәттен аңғаруға болады: «Қашан көрсең де тұнжырап, ауыр ойға батып жүреді.Өзі жоқта хабарласқан дос-жарандарына, театрдағыларға да телефон шалмайды.Үйіне келгенде кешкі асын апылғұпыл асығыс ішіп, «Мені мазаламаңдар, шаршап келдім» деп ерте жатып қалады»[5, 6].
«Сол екі-үш жылда оның жаны мен тәні түгел қайыршыланып кеткен болатын.Көзқарасы, әсіресе көзқарасы тым аянышты еді. Үлкен –кіші, бала-шаға, кемпір-шал демей ол айналадағы адамдардың бәрінен қайыр-садақа дәметкендей жаутаңдап қарайтын. Онымен әңгімелесуге, көңіл көтеруге, қонаққа баруға, жай әншейін қатар отыруға мүмкін болмай қалған-ды» [5, 6] деген сәттен табиғат берген құндылықты жоғалтуға көп уақыт керек емес, ал оны қайтарып алу үшін адам қайтадан екінші рет өмір сүруі керек.
Ал ұлт өзінің өнеріне, өнер иесіне қолдау көрсетпесе, құрметтемесе онда өзінің рухани бейнесін біртіндеп өшіргені болып табылады. Өнердің, өнер адамының даңқын аспанға шығарудың, шығармашылық қиялдарына, ерік-жігерлеріне қолдау көрсетудің орнына кейде оларды жер етіп, базардағы саудагердің бір күнгі тапқанын бір ай жүріп таба алмайтын жағдайға жеткізген тұстар да бар екені анық. Әрине қанша дегенмен адам рухының аяқ астынан, тез арада, көпке шыдамай морт сынуы оның әлсіздігін танытады. Ендеше актер жігіт өзінің адами құндылықтарын бір күнде тәрік етіп, образ сомдау үшін қолданған тәсілдерін өзінің күнделікті өмірінде қолданып күн көрістің қамына түсіп кетті.Ол алды-артын ойлаған жоқ. Бала –жар, дос-жаран деген жақын адамдарының күні ертең бұл тірлігіне қалай қарайтыны туралы көп толғанған жоқ.
Әңгімеде тағы өзіне назар аудартқызатын мәселе – — адам жұлдызы. Жазушының да, жазушыға осы бір трагедиялық жағдайды айтқан келіншектің де, актер жігіттің де жұлдызы Бикеш болатын. Жұлдыз дегенде адам санасына аспан, биіктік деген ұғымдар келеді. Ендеше кез келген адам биіктікті аңсайды, соған қол жеткізуді мақсат етеді. Жұлдызды ешкім де жерден іздемейді, оны тек биіктен көреміз. Белгілі бір мақсатқа жеткен, бақытын тапқан адамның жұлдызы жарқырады деп ойлаймыз. Әңгімеде үш кейіпкерге де ортақ сипат үшеуінің де жұлдызы –Бикеш. Бірақ өмір жолдарында, өз жұлдыздарын табуда үшеуінің жолы әртүрлі. Бірі –жазушы, бірі – тағдыр талқысына түскен әйел, үшіншісі –қайыршы болып кеткен жас актер. Бұдан жазушы адам өз тағдырын өзі жасайды, әркімнің өмір жолында кездесетін қиыншылық оның тағдырындағы сын деген мәселе көтерген. Ал әңгімеде кавказдық кісі бейнесі тектен-текке көрінбеген. «-Саламатсыз ба, актер жігіт,-дейді артқы орындықта жалғыз отырған қошқар тұмсық кавказдық кісі тап-таза қазақ тілінде үн қатып, -Отырыңыз, үйіңізге жеткізіп салайық.Біз сіздің талантыңызға табынушылармыз!» [5, 7] –деген кавказдық кісі актер жігітке сөзбен болса да қолпаштау көрсетіп, оның ана тіліне деген құрметін де көрсетіп тастайды.
Өз қандастарымыз игере алмай жүрген қазақ тілін ол игерген. Өзіміз бағалай алмай жүрген театр өнерін ол бағалай біледі. Әңгімедегі :«Жол-жөнекей олар театр ,өнер жайында әңгіме қозғайды. Кавказдық кісі өзінің шет елдерге жиі баратынын Рим, Париж театрларында болғанын, бірақ қалай дегенде де өзі туып өскен өлкенің театрларының орны бөлек екенін тілге тиек етіп өтеді» [5,7]- деген сәт осыны көрсетеді.Ол әрине қолынан келгенше актер жігітке материалдық жағынан көмектесті. Ал актер жігіт өзіне-өзі көмек көрсете алмады. Өзінің рухани жан дүниесін сақтап қалу қолынан келмеді.
Айналасына жалынышпен қарап қол жаю, өзін мүсіркеген көзқарасты іздеу аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін жас жігіттің рухани жұтаңданғанын көрсетеді. Өзі өмір сүрген ортадан, айналасындағы адамдардан жатсынған актер жігіт тіпті өз-өзінен де жатсынып кеткен. Бұл әңгіменің түйіні жас жазушының адам болмысы мен жан дүниесінің түпсіз тұңғиық екендігін табиғи түйсікпен сезініп, сол сан түрлі қатпарды жазушы пайымы мен жазушы логикасы арқылы ашып көрсетуге тырысудан туған батыл топшылау. Қазір дүние өзгерді, адам өзгерді, оның өмірге көзқарасы, жақсы көру, жек көру сияқты қағидалардың ескі тұғыры шайқала бастады. Адам табиғатына терең үңілу, ой қорыту, жазушы парызы.

Қорытынды

Бүгінгі қаламгерлер қоғамның рухани бейнесін көрсету, ұлттың рухын көтеру идеясын өз әңгімелеріне өзек ете отырып, өз шешімін күтіп жатқан сұрақтардың бірі халық пен өнерді әлеуметтік қолдауды бірінші кезекке шығарды. Себебі өтпелі кезеңнің әлеуметтік қиындығы ең бірінші халық пен оның өнеріне қатты тиген еді. Өзінің өнері арқылы ұлт басқа елге танылады. Сол өнердің ыстық-суығына күйіп жүрген өнер адамдарының тағдыры бүгінгі күні не болып жатыр деген сауал жазушылар қауымын ойлантқан. Осындай азаматтық, адамзаттық мәселелер бүгінгі қазақ әңгімелерінің тартысының синкретті сипат алуына негіз болды. Әлеуметтік, ішкі психологиялық тартыс бірінен-біріне ауыса отырып, кезең бейнесін характер болмысы арқылы танытуды көркемдікпен игере бастады.
«Әдеби әдіс мәселесі ең басты дүниетанымдық, көркемдік құбылыс саналса, осы мәселелердің неғұрлым нақты, толымды шешімі, айқын ғылыми келбеті кейіпкер жан дүниесін бейнелеу мүмкіндіктері мен амал, жолдары, сол бағдардағы жемісті нәтижелер арқылы табылмақ»

Магистрант: _____________________ А. Алмасханқызы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет