Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Бопелекова Элеонора Сембайқызы



Дата09.06.2016
өлшемі86.85 Kb.
#125977


Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Бопелекова Элеонора Сембайқызы

Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыc тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі – Құнанбай, атасы– Өскембай, арғы атасы – Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Ақынның бұлардан арғы аталары Айдос, Олжай үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтының атақты жуан биі Кеңгірбай – осы Жігітектің баласы. Қайдостан Бөкенші, Борсақ тарайды.


Абай – ұлы ақын, композитор, аудармашы, философ және қайраткер және қазақ әдебиетіндегі тұңғыш психолог ақын. Абай қазақ поэзиясындағы ең бір трагедиялық тұлға. Ол жан жарасы жазылмай кеткен ойшыл. Қазақ поэзиясын, Абай тұңғыш рет терең философиялық қуатты ойымен суарды. Абайдың ойлы поэзиясы – этникалық бағдар мен тағылым биігін көрсетеді. Ақын санасы бір ортаға – адамгершілік бірлігін іздеуге ұмтылған, сол арқылы, ақын адамды өлімнен қорықпауға, өмір сырын ұғынуға шақырады. Абайға керегі адам, адамның рухани болмысы мен адамгершілік нысанасы. Соны Абай өлеңдерінде, адам табиғат аясында жоғалмайды, ал табиғат адамның ішкі кеңістігіне сиып кете береді. Кеменгер Абайдың поэтикасы адаммен қауышу, адам мен адамның жүрек жалғастырған татулығын арттыру.

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе

Адамдықты көздесең

Жат тоқып ал көңілге –

деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, Абайдың поэзиясы тұнғанымен сөз маржаны. Ендігі кезекті Абайдың жырларындағы адам, адам жаны, адам психологиясы мәселесіне берейік.

Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында: «...Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз...» -дейді. Осы қасиетті міндеттер мен мақсатты жүзеге асыруда мектептің ондағы мұғалім – тәрбиешілердің атқаратын еңбегі ерекше. Қазір білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Әлемдік білім кеңестігіне кіру үшін оның алғы шарттары жасалуда. Білім мазмұнын жаңалау, құзырлылыққа бағытталған, ұлттық құндылықтар негізінде білім, тәрбие бере отырып, тұлға қалыптастыру, дарын көзін ашу сынды келелі мәселелер сөз жоқ, ұстаз-тәрбиеші жұмысын да жаңа арнаға бұруда. Ұлылардың өмірі мен тағылымы арқылы ұрпағын тәрбиелеу - әсіресе қазақ халқында ежелден–ақ келе жатқан үрдіс. Бұл жерде сөз өнерінің атқарған орны ерекше болған. Ұлтымыздың осы бір жақсы әдет-салты бүгінгі тәрбие үрдісінде тиімді екені даусыз мәселе. Адамзат ақыл-ойы, ақындығының ірі тұлғасы Абай тағылымы білімнің де, тәрбиенің де қайнар бұлағы екені түсінікті. Ұлы дананың қай шығармасын алмайық, оның алтын қазығы – Адам. Ол нағыз Адам, Толық Адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді. Мысалы, «Атымды Адам қойған соң қайтып надан болайын», «Адамды сүй, алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа» - дейді. «Адамды сүюден басқа қызық жоқ» деген пікірінде қазір көп айтылып жүрген гуманды педагогика ұстанымдары жатыр. Осы жерде жас ұрпақты тәрбиелеу ісі ең алдымен, оларды адамды сүюге баулудан басталуы керек деген тұжырым шығады. Абай мұрасы, тағылымының өміршеңдігін бүгінгі тәрбие үрдісінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттер арқылы дәлелдеуге болады. Білім мен тәрбиені тұлғаға қарай бағыттай беру мәселесі алдыда тұрған кезеңде Абайға бұрыласың. «Толық Адам қандай болу керек?» деген сұрақ ақынға маза бермейді. Мысалы, «Әуелі бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде:

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боларсың елден бөлек» - деп, ой тастайды. Ары қарай ақын: Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның қасиеттерін санамалап береді. Ұлы гуманист адамды сүю туралы айта келіп, «Адамзаттың бәрін сүй» деп ақыл айта отырып, «Адамзатты сүю – хақтың жолы, ғаділеттің жолы» деген анықтама береді.

Ақын адамды әкенің емес, адамның баласы болуға үгіттейді. «Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» - деп, ғибрат тастайды. Абай адамдықтың басты қасиеті-адамгершілік екенін баса жырлайды. Адамшылықтың алды – «махаббат, ғаделет, сезім» дейді. Адамшылықтың тәрбие арқылы келетініне көз жеткізеді.

Өмірін Абайды зерттеуге арнаған М. Әуезов былай дейді: «Абай сөзінің негізін адамгершілікке тірейді. Барлық өсиет ой-толғау еңбектерінің қорытындысы тағы да адамгершілік тәрбие екенін танытады. Адамды қор қылатын ең залалды жаманшылықтарды санап өтеді. Олар үш нәрсе: «надандық, еріншектік, залымдық». Ақын адамдар арасындағы береке – бірлік, достық ынымақтастыққа ерекше көңіл бөледі.

Абай шығармаларының негізгі идеялық қазығы – адам тәрбиесі. Адамды жан-жақты тәрбиелеу үшін ең алдымен, тәрбиеленушіні танып-білу қажет. Ол үшін психолог болу керек. Біз Абайды психолог ақын деп те айта аламыз. Адамды тану, адамның жанын тану, адамның жанының күрделі де нәзік құбылыстарын тану – талай ойшылдардың назарын өзіне аударған өмірлік мәні зор түйін.

Адамның жан құбылысы – оның рухани дүниесінің ауа райы, ол да бейне бір табиғат құбылысы іспетті. Табиғаттың құбылмайтын, құлпырмайтын кезі жоқ. Адам өмірін алып қарасыңыз, оның да сырт көрінісі сан алуан, қилы-қилы. Адам ішкі жан дүниесі сырт көзге көріне бермейтін, тереңде жатқан сыры, заңдылығы, мағынасы бар бейнелерге толы. Абайдың жан дүниесі де өз өміріндегі қуаныш-қайғысымен, әлеуметтік күрестегі талай-талай тартыс, қақтығыстармен қатар, өзінің өлең туар шақтағы шарықтаған шабыты мен шығармашылық дарынын бейнелейді:

Мақсатым – тіл, ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ –

деуі де сондықтан болар.

Атақты ғалым Қ. Жұмалиев «Абай – қазақтың бірінші психолог ақыны» дей келіп, «Адамның сезімінде болатын әртүрлі құбылыстарды тікелей суреттеу әдісі – Абайдың ең сүйіп қолданған әдісі болды. Өлеңнің әр сөзі – ішкі сезімнің айнасы», - деп жазды. Абай өз шығармаларында жантануды классикалық дәрежеге көтерді.

Абай адам психологиясының барлық құбылыстарына терең үңіліп, оны өзінің ой елегінен өткізіп, тиісінше талдаулар жасады. Соның бірі – ес процесі. Ес болмаса, адам баласы ғылым, білім, мәдениет салаларын меңгере де алмас еді, жан-жақты дамып, жетіле де алмас еді. Абайша айтқанда: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады». Ғылымның дамуында, шығармашылық шаруаның дүниеге келуінде Абай қиял, ойлау, ерік, сана, ақыл процестерінің бірлігін терең түсінеді:

«Жапырағы қураған ескі үмітпен

Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін.

Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс,

Ойға тойма, қызықты қиялдан құс»,

- деп, ол ойлау арқылы оған ыстық жүректі, қуат-күшті қоса жұмсағанда ғана адам қиялдаған арманына жете алатындығын айқындап берді.

Сана – ой қызметінің ең жоғарғы сатысы. Өмір – сананың қолында. Тәнде өмір болса да, сана болмаса адам не болғанын білмес еді, өмірде қабілетсіз болар еді. «Жүректе қайрат болмаса» деген өлеңінде Абай:

Ұйықтаған ойды кім түртпек,

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп, күнелтпек

Аспаса ақыл қайраттан

Тереңге бармас, үстірттер, -

деп ойы мен ақылы болмаса, адам да хайуанша өмір сүрмек екендігін ескертеді.

«Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой», - дейді Абай, һәм ақыл, һәм қайрат, екі мықты қосылып қана адамды дер кезінде тоқтамға келтіретінін атап көрсетеді.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым да сол үшеуінің жөнін білмек –

деп, олардың бірлігін көрсетеді.

Егер осы үшеуінің бірлігі бұзылғанда адам жүректің ырқына көніп, соның дегенін басшылыққа алуы қажет. Абайдың жүрек сөзі мидың символы. Өйткені психиканың \жанның\ органы – адамның миы. Мидың өнімі ойлау, түйсік, қабылдау, ес, сезім, эмоция қызығу, қабілет, ерік, жігер, темперамент, т.б.

Абай ерік-қайраттың адам өмірінде алатын орнына ерекше мән берген. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Жастарды талаптылыққа, жігерге, ынтықтырады және адамның өзін-өзі билей алмауын, ерік-жігерінің , қайратының жетпеуінен жөнсіз әрекеттер істейтіні сынайды. Абай өз өлеңінде:

Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,

Қол жетпес нәрсеге тыртақтаған... десе,

келесіде:

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек...

одан әрі:

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық...

Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,

Не пайда, не залалды біле алмай жүр.

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,

Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр –

деп, жастардың келеңсіздігін сынға алады.
Сабырсыз, арсыз еріншек,

Көрсе қызар, жалмауыз.

Сорлы қазақ сол үшін,

Алты бақан – ала ауыз.

Өзін-өзі күндейді.

Жақыны жалған міндейді



Ол – арсыздық белгісі

Өтірік арыз көп берсе,

Көргендерден ұялмай... –

деп, арсыздық, ұрлық, жалқаулық, қулық, маскүнемдік, ұятсыздық, шаруаға құнтсыздық адамдардың ақылсыздығынан, білімсіздігінен, жігерсіздігінен екенін шенеп, солардың бет пердесін жыртып, көпшілік алдында мысқыл, кекесінмен сынайды.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз –

деп, қорытады да, жастарды осыған үндейді. Абай ұсынғандай жастарды өнегелілікке, әсем сезімге, талаптылыққа, еңбек сүйгіштікке, ойлылыққа, рақымшылдыққа тәрбиелеу ләзім.

Абай дүниетанымы мен жыр мұхитының алтын арқауы жүрек – жан айнасы, ізгілік пен зұлымдықтың шарпысқан қан майданы. Абай поэзиясы толып тұрған, тұнып тұрған психикалық көріністер. Белинскийше айтқанда: Абай поэзиясы – болмыстың берекесі мен мерекесі, күтпеген сәтімізде сирек соғар өмір рақаты; үміт сенімі, жүрек дірілі, жан тынысы, ашынған құмарлық сезімінің бораны мен толқыны, шексіз толы махаббат, тәтті қамығу, ләззат таба егілу, көз жасына көмілу; ол жүрегімізді бүкіл әлем ырғағымен бір соқтырар құдіретті пафос, үмітке толы жанарлы көздің алдынан болмыстың ең ғажайып көріністері бүркеусіз ұшып өтеді, ал сиқырлы құлақ әлем мен сфераның гармониясын, жер мен аспанның, аспан мен жердің қауышқан, бірін-бірі нұрландырған бар табиғаттың неке жасауына оранып, келісім тапқан құдіретті пафосын есітеді. Абай поэзиясы - өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні, тетігі мен жаны.

Қорыта айтқанда, Абай – адам жан жүйесінің инженері, тарих алдында зор еңбек еткен, келешек ұрпаққа мол дүние қалдырған терең ойшыл, қазақ әдебиетінде тұңғыш психолог ақын. Абайды тану, қазақ ұлтын таныту, ол әрқашан біздің ұлттық ұранымыз деуіміз керек. Ұрпақ тәрбиелеу үрдісінде, адамның жан дүнеиесін ұғыну, оны қабылдап, түсіне білу қажет деп есептеу ең басты міндет.

Ақын өзінің жемісті ізденістері арқылы дүниежүзілік көркем ойдың жетістіктерімен танысты және соның үздік үлгілерін туған әдебиеттің топырағына алып келді. Ақынның шығармашылық мұрасы халқымыздың рухани өмірінің барлық салаларына игілікті әсерін тигізіп, шынайы шеберліктің, өмірмен өзектес шыншылдықтың үлгісі болып қала береді.


В. И. Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебі









Дайындаған:

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Бопелекова Элеонора Сембайқызы


Алға – 2010 жыл


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. М. Әуезов «Абай Құнанбаев» Алматы. Санат, 1995

  2. Роллан Сейсенбаев «Абай. Қарасөз»

  3. Н. Берікұлы «Ақтөбе» газеті, мақалалар

  4. Егемен Қазақстан газетінен мақалалар

  5. Ж. Ысмағұлов «Абай: Даналық дәрістері» Алматы. Өнер, 2008





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет