Кажимова Нұрайна Шайзадақызы,
БҚО, Орал қаласы,
Құрманғазы атындағы саз колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушылардың бойына
ұлттық тәрбие құндылықтарын қалыптастыру
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқушы бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді қалыптастырудың басты құралы болып табылады. Ана тілін оқып— үйрену арқылы олар Қазақстанның мәртебесін көтеруге және туған халқының өткені мен бүгіні, болашағы жайлы мағлұматтар ала отырып, танымдық, тәрбиелік, білім -дағдыларды үйренеді.
Оқушыларға сабақ барысында мақал - мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, жыр жаттатып, ертегілерді мәнерімен баяндауға үйретіп, рухани құндылықты бойына сіңіре білуіміз қажет. Жастайынан ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген бала ешқашан ұлттық келбетін жоймайды.
Қазақ халқы ұрпақтың саналы да білімді азамат болып дамуын, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мәдениет құндылықтары арқылы жүзеге асырып, тәрбиелеп келеді. Ежелден қазақ қоғамы өзінің дәстүрлі рухани құндылықтарын сақтап қалуға аса мән беріп келген. Ұлттық салт - дәстүрлерді елдің бірлігін қамтамасыз ететін берік қағидалар ретінде ұстанған. Ол құндылықтардың негізі – халқымыздың әдеби, мәдени, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклоры. Халқымыздың көптеген мақал - мәтелдерінің мәнділігі мен мазмұндылығы аса құнды қазына болып табылады. Оқушылардың бойында патриоттық сезімді оятатын батырлар жыры да бай құндылықтарымыздың қатарынан табылады. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» сөзбен шешкен ата - бабаларымыз өз ұрпағына тәлім боларлық асыл мұраларды ұрпақтан - ұраққа жеткізіп келеді.
Ұлттық құндылықтарды оқыту үрдісіне енгізу арқылы халқымыздың асыл мұралық рухани байлығымен өсіп келе жатқан ұрпағымызды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандылыққа, отаншылдыққа баулимыз. Халқымыздың қастерлеуге, жаңғыртуға тұрарлық ұлттық мәдени құндылықтары туралы мәнді де мазмұнды ойларын халықтың игілігіне қолдана отырып, жас ұрпақты, елімізге ие болатын азаматтарды оқыту мен тәрбиелеуде қолдануымыз қажет. Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан - жақты дамытуға қолайлы, шығармашылық оқу әрекетін қалыптастырып, өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеміз.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытуда қолданылатын шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында оқушылар өздері іздене отырып, тілге деген құрметі артады, әр тақырыптың мәнін ашып, талдайды. Сабақ барысында оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастырудың да маңызы өте зор. Өйткені сол арқылы оқушылардың белсенділігі, іс - әрекетінің дербестігі артады. Өзіндік жұмыстарға мұғалімнің тапсырмасы бойынша жоспар жасау арқылы істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалау арқылы орындайтын жұмыстарды жатқызуға болады. Сонымен қатар оқушылардың өзіндік жұмысының түріне олардың өз еркімен жаңа амал - тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары да жатады.
Ұлттық тәлім- тәрбиенің дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы оқымыстылары жеке басқа табынудың құрбаны болды, қудалауға түсті. Мұның өзі ұлт мәдениетінің өсуін үлкен тежелуге әкеліп соқтырды. Халық педагогикасы жөнінде ғылыми-зерттеулер жүргізуге шек қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өмірге енгізу санадағы ескінің сарқыншағы деп бағаланды. Халықтық дәстүрлер өзінің қоғамдық мәнін жойып, отбасылық мәнге ғана ие болды. Оның өзі бертін келе, мектеп, жоғарғы оқу орындарының тәрбие жұмыстарының негіздеріне кірді. Тәрбиелік жұмыстар коммунистік идеологияға негізделіп, оқу-тәрбие жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілуіне байланысты қазақ тілі біртіндеп өмірден шеттеле бастады
Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының: «Біздің қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішінде орын - орынына дұрыстап қоя білуді айтамыз» деген пікірінде қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты мен міндеттері толықтай қамтылған.
Сабақ барысында әр оқушының ойлап сөйлеп, әр сөзін мұқият тыңдап орнымен қолдануының мәні зор. Өзара сөйлесу кезінде бірі - бірінің пікірі, мінез - құлқы, ой - өрісі, сөйлесе білу мәдениеті әдебін көрсетеді. Сөз байлығын терең білуде халық тілінің дәстүрі мен әдеп ерекшеліктерін меңгере білуді қажет етеді. Ана тілімізді қастерлеп, қадірлеу – ежелгі салтымыз.
Ауыз әдебиетінің түрлерін саралай келе, Мұхтар Әуезов ертегілер бала танымының, адамгершілік рухының дамуына ықпал еткіш мәніне ерекше тоқталады. Тұрмыс – салт ертегілерінің қайырымдылыққа қаскөйлікті, еңбекқорлыққа жалқаулықты жеңдіру арқылы жас ұрпақты адалдыққа, табандылыққа, ізгілікке, еңбексүйгіштікке баулитынын айтады. «Бұл ертегілер балалардың ой - санасын, оларды өздерінің күш - жігеріне сене білуге, тапқырлыққа баулиды, мақсат - мұратына жетуге үйретеді», - дейді ұлы жазушы.
Сондықтан сабақ барысында топтық жұмыс кезінде тақырыпқа сәйкес рөлдік ойындарды қолдану оқушының шығармашылық дағдыларын жетілдіруге мүмкіншілік береді. Өзіне бөлінген рөлді жоғары деңгейде орындауға деген ынтасы артады. Топта ортақ пікір қалыптасып, бірлесе шешім қабылдайды. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі артады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қапалбек Б., Жолшаева М.. Қазақ тілі. Әдістемелік нұсқау.(5 - сынып) – Алматы: Мектеп, 2017. – 3 б.
2. Әлімов А. «Интербелсенді әдістерді қолдану: Оқу құралы. – Алматы, 2015.
3. Әдебиет оқыту әдістемесі. Жалпы білім беретін мектептің 7 - сынып мұғалімдеріне арналған. – Алматы: Атамұра, 2012.
Достарыңызбен бөлісу: |