Қазақ тілі сабағында құзыреттілік тапсырмаларды қолдану
Н.Н. Қапарова
№7 жалпы отра білім беру мектебі, Павлодар қаласы
Мемлекеттік тілді оқытудың мақсаты – оқу өзге тілде жүретін мектеп оқушыларының бастауыш мектепте қазақша қарым – қатынас тілінің негіздерін игеруіне, дұрыс оқып, дұрыс жазуға машықтануына, яғни тілдің орфографиясы мен орфоэпиясының заңдылықтарын түсіндіруге бағытталады. Негізгі мектепте бала бастауышта алған білімін жалғастырып, білім мазмұнын «қоршаған орта» тақырыптары арқылы толықтырып, грамматикадан алған білімдерін тәжірбиеде дұрыс қолдануға дағдыландыру.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауда көп нұсқалық қағидасы бекітілген, бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтеріна өзіне ыңғайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық процесті кез келген үлгімен, тіпті, авторлық үлгімен құруға мүмкіндік береді.
Өзіме лайықтысы да тиімдісі де бұл: орыс тілінде оқитын бастауыш сыныптарда қазақ тілін жүргізу барысында құзыреттілік тапсырмаларды қолданамын. Оқулықтар бағдарламаға сай болмағандықтан, мұғалім өзі тапсырмаларды, мәтіндерді құрастырады.
«Білім сапасы» категориясының мазмұнын ашуда құзырет ұғымы ерекше орын алады. Зерттеушілердің пікірі бойынша құзырет тек білімге ғана емес, біліктілікке (теңдес болмағанымен) көбірек сай келеді және адамның әртүрлі қажетті салалардан хабардар болуын сипаттайды.
Құзыреттілік ұғымы «білім», «білік» және «дағды» (ББД) сияқты ұғымдарды қамтиды. Бірақ бұл «білім», «білік» және «дағдының» жай ғана жиынтығы емес. Құзыреттілік оқыту нәтижесін (білім және білік) ғана емес, сонымен бірге ол оқушылардың шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен құндылық бағдарларының жүйесін де көрсетеді. Құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен біліктерді іс-жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық мәселелерді шешуге қолдана алу қабілеттілігі. Ол, ең әуелі мектептегі оқыту үдерісінде қалыптасады. Сонымен, оқытудағы құзыреттілік тәсілі білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді, ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды, мектепте оқыту сапасын бағалаудың біртұтас жүйесін құруды талап етеді. Демек, «құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын мектептегі педагогикалық тәжірибеге енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.
Құзыреттілік деп, көбінесе, тұлғаның қызметке өз бетімен әрі үздік араласуға бағдарланған жалпы қабілеттілігінде, оның оқуы және әлеуметтенуі барысында алған білімдері мен тәжірибесіне негізделген іс-әрекетке дайындығында көрініс беретін кіріктірілген сапасын түсінеді.
Дәстүрлі сыныптық сабақ жүйесінің барлық элементтерінің және сабақты құрастыру технологияларын қолданумен қатар, мұғалім келесі педогикалық технологияларды пайдалана алады: ойын технологиялары, проблемаларды оқыту, оқу зерттеуін ұйымдастыру технологиясы, жобалау әдісі, ақпараттық – комуникациялы технологиялар.
Өзге ұлт балалары оқитын мектептерде жұмыс істейтін ұстаздар қауымының басты мақсаты – өзге ұлттың баласын мемлекеттік тілде сөйлету, сұрақтарға жауап беруге үйрету. Қазақ сөзінің құдіреттілігін, сырын сезіндіру, тіл үйренуге ынталандыру. Шәкірт талабын шыңдау қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда сабақтарда түрлі әдіс – тәсілдерді пайдалану мақсатқа қол жеткізудің бастамасы болып саналады.
Қазақ тілі сабағында ұлтты басқа балаларға сабақ қызықты да тартымды өту үшін құзыреттілі тапсырмалардың рөлі өте жоғары. Оқушылардың білуге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін толық пайдалану, оларды оқу үрдісінде үздіксіз дамытып отыру және сабақ барысында алған білімдерін тәжірибеде, яғни сабақ барысында жаттығу орындауда қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін құзыреттілік тапсырмаларды қолдану өте тиімді.
Тіл үйренудің ең басты міндет оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру. Тілдің грамматикасын білу арқылы оқушылар бір – бірімен сөйлесуді, қойылған сұрақтарға жауап беру және қойылған сұрақты түсініп дұрыс жауап қайтару сонымен қатар төл дыбыстарды дұрыс дыбыстап айту, сауатты жазуға үйренеді.
Ауызекі сөздердің жалпы міндеті–сөздің мағынасын түсініп, оны дұрыс қолдану. Ол үшін сөз қорын молайту қажет. Әр сыныптың бағдарламасына жеке сөздерді жаттатумен тынбай, сол сөздерді қатыстыра отырып, қазақша сөйлем құрастыруға үйрету. Оқушы ең алдымен тілдің дыбыстық құрылысын меңгеруі шарт. Мұғалім оқушыларды бір – бірімен сөйлесу мәдениетіне, сөйлесу мәнеріне үйрету керек.
Оқушылардың өздеріне айтылған сөзді тыңдай білуі, оны түсінуі, сөйлесе білуі, сұрақтарға жауап беру, сұрақтар қоя білуі–мұның бәрі олардың сөздік қорына, тілдің грамматикалық құрылысын дұрыс меңгеруіне байланысты.
Қазақ тілін байланыстырып оқушылар сөйлей білуі үшін естігенін, оқығанын, түсінгенін айта білуге о бастан жаттықтыруы керек. Оқушының түсінгенін тыңдау арқылы оның сөздік қорын, сөйлем құрастыру дағдысын, мәтін мазмұнын қалай түсінгенін анықтауға болады. Балалар басқалардың айтқанын тыңдай отырып, соларға еліктеп өз түсінгендерін айтуға жаттығады. Оқушылар алдымен қысқа сөйлемдер құрастырудан бастауы керек.
Оқушылар бастауыш сыныптарда сабақтың мазмұны бойынша тіл дамытудың түрлі көп. Қазақ тілі сабағында шығармашылық жұмыстардың сан алуан түрі жүріп отырады. Сөз тіркестер, сөйлемдер, диологтар құрастыру, сурет салу, сөзжұмбақтар құрастыру, жағдаяттар туғызу сияқты жұмыстар өткізіліп отырады. Мұғалім үнемі оқушыға шығармашылық қабілетін дамыту жолдарын нұсқап отырса, онда балалардың өздері де ізденіске түседі.
Қазақ тілі сабақтарында құзыреттілік тапсырмалары арқылы оқушыларды тәрбиелеу жұмыстарын төрт жақты жүргізген дұрыс.
Бірінші бағыт – құзыреттілік тапсырмалар арқылы оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін, логикалық ойлауын тәрбиелеу.
Екінші бағыт – оқушыларға ізгілікті тәрбие беру – оқыту үрдісінде халық педагогикасының мол мұрағаттарын пайдалана отырып, оқушылардың ізгілік, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірулері.
Үшінші бағыт – түрлі суреттерді пайдалана отырып, оқушыларға эстетикалық тәрбие беру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін, жат нәрседен бойын аулақ салуға тәрбиелеу.
Төртінші бағыт – оқушылардың сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіре отырып, сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу.
«Мақал-мәтелдер айтудан жарысайық» ойыны арқылы қазақ тілі сабақтарында оқушыларға тәрбиелік мәні жоғары, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді үйрететін мақал-мәтелдерді жаттатып, тәрбиелік мәнін өз пікірлерімен айтып беру қабілеттері тәрбиеленеді.
Құзыреттілік тапсырмаларды – оқушылардың ынта-ықыласын күшейтетін, оқудың қиын процесін жеңілдететін, дамуды тездетуге көмектесетін, оқу барысында таным қызметін күшейту мен көтермелеудің қуатты қайнар көзі болатын оқыту әдісінің бір түрі. Құзыреттілік тапсырмалардың негізгі мақсаты баланы қызықтыра отырып, жаңа сабақты немесе өткен материалды берік меңгерту болып табылады.
Құзыреттілік тәсіл – бұл білім беру нәтижесіне баса көңіл бөлетін тәсіл, оның үстіне нәтиже ретінде меңгерілген ақпарат жиынтығы емес, адамның әртүрлі проблемалық жағдаяттарда әрекет етуге қабілеттілігі танылады. Басқаша айтқанда, құзыреттерді меңгерген түлектің қабілеттерін, яғни оның қандай іс-әрекет тәсілдерін игергенін, не істей алатынын, неге дайын екенін анықтау – құзыреттілік тәсілі деп аталады.
Құзыреттілік тәсіл білімдік парадигмадан біртіндеп мектеп бітірушінің қазіргі көпфакторлы әлеуметтік-саяси, нарықтық-экономикалық, коммуникациялық және ақпараттық қаныққан кеңістік жағдайында тіршілік ету әлеуетін, қабілетін көрсететін құзыреттер кешенін игертуге жағдай жасау дағдыларын қалыптастыруға қарай бет бұруды білдіреді.
Құзыреттілік тәсілдің шығуына себепші болған проблема бүгінгі таңдағы білім беру мазмұнының «қазіргі заманғы экономика мен өркениеттің сұранысына» сәйкес болмауынан туындап отыр дейді И.Д. Фрумин. Олай болса, құзыреттілік тәсілі – бұл жаппай мектептер мен еңбек нарығының қажеттіліктерін сәйкестікке келтіруге талаптанып жасалған қадам іспеттес. Т.М. Ковалева құзыреттілік тәсілді «мектепте білім беруге деген ашық тапсырыс идеясымен» байланыстыра отырып, былай дейді: «алғаш рет бұндай тапсырыс берушілер қатарында іскер адамдар (бизнесмендер), кәсіпкерлер, саясаткерлер және т.с.с. құзыреттіліктер тілінде сөйлеушілердің барлығының фигуралары талқылана бастады. Демек, қазіргі мектеп үшін құзыреттілік тәсілі идеясы – бұл, ең алдымен, білім беру мазмұнына ашық тапсырыс идеясы».
Құзыреттілік тәсіл жалпы білім беру мақсаты мен мазмұнын анықтауда мүлдем жаңа нәрсе емес. Біліктіліктерді, іс-әрекет тәсілдерін және, әсіресе, әрекеттің жалпылама тәсілдерін меңгертуге бағдарлану М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер, В.В.Краевский, Г.П.Щедровицкий, В.В.Давыдов сияқты педагогтар мен психологтардың және олардың ізбасарларының еңбектерінде жетекші рольге ие болды. Эльконин – Давыдовтардың дамыта оқытудың теориясы мен практикасы, шын мәнінде, компетенттік тәсілдің алғашқы қадамы болды. Соған жақын идеялар Скаткин – Лернер – Краевский дидактикалық мектебінде жасалды, онда білім мазмұнына дербес компоненттер ретінде шығармашылық іс-әрекет тәжірибесі мен эмоционалдық қатынастар тәжірибесі енгізілді. Басқаша айтқанда, олар білім және біліктілікпен қатар, білім берудің өзіндік нәтижесі ретіндегі тәжірибе идеясын ұсынды.
Құзыреттілік тапсырмалары оқушыдан белсенді ой қызметін, танымдық ізденімпаздықты талап етеді. Жұмыстың бұл түрі оқушының білімін, іскерлігін бекіте отырып, оның қабілеттілігін, белсенділігін, дербестігін дамытады.
Құзыреттілік тапсырмалардың жаңа талаптарға сай ұйымдастырылуы өте маңызды. Оқушының өздік жұмысын іске асыру құралы – тапсырмалар дейтін болсақ, осы тапсырмалардың шығармашылық сипатын басты назарда ұстау қажет. Құзыреттілік тапсырмалары оқушының логикалық ойлау қабілетін, өз бетімен білім алуға икемділігін, дағдыларын дамытады, білім алуға қызығушылығын туғызады, ал бұның негізінде оқушының өзіндік талпынысы, ерік-жігері дамиды да, сол арқылы оқу үрдісінде жоғары нәтижеге жетуге болады.
Тұжырымдайтын болсақ, қазақ тілі сабақтарында құзыреттілік тапсырмалар оқушылардың танымдық міндеттерін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттері мен қызығушылығын жетілдіру, білімге құштарлығын ояту, оқушылардың білім сапасын арттырады, сабаққа деген қызығушылықтарын ұштайды. Сол себепті дәстүрден тыс, жаңаша құрылған оқу сабақтарын жиі өткізуден ұстаздар қауымы мен оқушылардың зор жетістіктерге жететіндеріне сенімдімін.
Әдебиет
1. Республикалық ғылыми-педагогикалық басылым //Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде 2011.- № 9. – Б. 40-43.
2. Мұстафин.Б. Тіл дамыту сабақтарында көрнекілікті пайдалану // Бастауыш мектеп. 1999. № 6. – 28-32 б.
3. Әбдікәрімова Т.М. Бастауыш сыныпта көрнекілік арқылы тіл дамытудың ғылыми негіздері мен оқыту әдістемесі. – Алматы: Ғылым, 2002.- 312 б.
4. Жәркенов М. Қазақ тілін өмірмен байланыстырып оқыту. – Алматы, 1984. -46-б.
5. Республикалық ғылыми-педагогикалық басылым //Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде, 2011. – № 8. – Б. 14-15
6. Сапарбекова Р.Т., Дамыта оқытудың ғылыми негіздері. //Бастауыш мектеп, № 4. – Б. 23-28.
7. Мағауова С.И. Бастауыш мектепте тіл дамыту. //Бастауыш мектеп, №5, 2001 ж. – 32-35б.
8. Айтыманова Қ. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту шарттары // Бастауыш мектеп.-2007.-№ 6-7. – Б. 8-12.
9. Республикалық ғылыми-педагогикалық басылым //Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектебінде 2010. -№ 2.- Б. 14-15.
Достарыңызбен бөлісу: |