ӘОЖ 811.413. 026.
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Ғылыми жетекшісі: магистр, аға оқытушы, Даулеталиева Д.М. ОАИУ
Кулыйбаева Ж.М., МҚТ 22 тобының магистранты, ОАИУ
Резюме
В данной статье исследуется проблема специального теоретического изучения фразеологизмов в Казахском языкознании, виды, признаки и различия фразеологизмов. Рассматриваются труды ученых-исследователей, о природе, периодах и разбивке фразеологизмов на смысловые группы в зависимости от различных сфер.
Summary
This article examines the problem of special theoretical study of phraseological units in Kazakh linguistics, types, signs and differences of phraseological units. The works of research scientists on the nature, periods and the breakdown of phraseological units into semantic groups depending on various spheres are considered.
Қазақ тіл білімінде фразеологизмдерді арнайы теориялық тұрғыдан зерттеу ХХ ғасырдың ортасынан баталып, бүгінгі күнге дейін зерттеушілер назарына ілігіп, зерттеу обьектісіне айналып, әлі толастамай келеді. Осы уақыттағы зерттеулерді шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болды:
ХХ ғасырдың ортасы мен 60 жылдар арасы – қазақ фразеологиясын теориялық жағынан зерттеудің алғашқы кезеңі.
60 – 70 жылдар – қазақ фразеологизмдерін классификациялау, жеке авторлар еңбектеріндегі фразеологизмдер жайы. ХХ ғасырдың соңғы он жылы – фразеологизмдерді, этнолингвистикалық, этномәдени тұрғыдан зерттеу және салыстырмалы фразеология [1].
Қазақ фразеологиясын тілдік тұрғыдан зеттеуге алғашқа кезеңде ұлттық тіл білімін қалыптастырудағы аса көрнекті тілші ғалымдар дені түгел назар аударды. Фразеологизмдердің теориялық – практикалық мәселелерін І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, К. Аханов, Р. Сәрсенбаев және кейінгі буын зерттеушілер А. Байтелиев, Қ. Қалыбаева, Н. Қашанова, С. Сәтенова т.б. фразеологизмдердің тақырыптық – мағыналық топтарын, синтаксистік қызметін арнайы зерттеп, тұжырымдар жасады.
Фразеологияны дербес пән ретінде қарастыру туралы ой тастап, түркі тілдес халықтар тіл білімінде осы мәселеге байланысты зерттеудің тууына игі әсер еткен, қазақ фразеологиясының мәселесімен шұғылданып, арнайы зерттеу жүргізген, сол жайында еңбек жазған І. Кеңесбаев болды. Академик Кеңесбаев фразеологизмдерді танып білуде мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, қолдану тиянақтылығы сияқты «үш белгіге немесе үш критерийге сүйене, яғни табан трей отырып, бүкіл қазақ тілі құрамындағы құбылыстарды ең негізгі үлен арнаға бөлеміз. Оның біріншісі – фразеологиялық түйдектер, екіншісі – фразеологиялық тіркестер деп аталады. Фразеологиялық тіркестер өз ішінен екіге бөлінеді: а) түйін тіркес; ә) түйіс тіркес» деп тұжырымдады [2].
С. Аманжолов фразеологизмдерді зерттеуді қолға алу керектілігін атап өтті, бағыт – бағдарын көрсетеді және фразеологиялық тіркестердің сөйлем мүшесіне қатысы жайлы айтып өтеді.
Н. Сауранбаев фразеологияға не жатады дегенге көңіл аударады. «Қазіргі қазақ тілі» оқулығына фразеология бөлімін енгізген Ғ. Мұсабаев та фразеологиялық ерекшеліктерге көп көңіл бөлген. К. Аханов мәтелдер мен шектеулі тіркестерді фразеологиялық тіркестер құрамында қарастырып, өзінің «Тіл біліміне кіріспе» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралының лексикология тарауында қазақ тілі фразеологиясына В. В. Виноградовтың классификациясы бойынша жіктеу берсе, Р. Сәрсенбаев «Мақал – мәтелдер мен нақыл сөздердің фразеологияға қатысы, бұлардың тұрақтылығы мен эвфониялық құбылыста қолдану сипатына байланысты, осы сипаттар арқылы бұларды фразеологиялық единицалар тобына қосып қараймыз деп атап өтеді. Сонымен қатар тіркестердің бір түріне жататын мақал – мәтелдердің тілік ерекшеліктеріне тоқталады» [2].
Қазақ фразеологизмдерін зерттеудің екінші кезеңінде 60 – жылдары ғалымдар фразеологизмдер мен тұрақты тіркестер бір ме, олраға не жатады дегенге көңіл бөлді. Р.Сәрсенбаевтың «қазақ мақал – мәтелдерінің лексика – стелистикалық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертциясында, С.Исаевтың «қазақ тілінің тұрақты сөз тіркестерінің бір типі жөнінде» мақаласында осы ерекшеліктерге назар аударған. Осы жылдарда жеке авторлар шығармаларындағы фразеологизмдердің қолдануына да көңіл аударып, сөз таптарын жүйеледі, сөйлемдегі беретін мағынасына қарай топтады. Ә. Болғанбаевтың «қазақ тіліндегі алғыс және қарғыс мәнді тұрақты сөз тіркестері», М. Белбаеваның «Сұлтанмахмұт шығармаларындағы фразалық тіркестер» мақалалары мен осы жылдары қорғалған Х.Қожахметовтың «Ғ.Мустафин шығармаларындағы фразеологиялық орамдар», Е.Бектұрғановтың «М.Әуезовтың «Абай жолы» роман – эпопеясындағы тұрақты сөз тіркестері» кандидаттық диссертациялары сол кезеңнің ізденіс нәтижелері еді.
Жетпісінші жылдарда фразеологизмдерді өзге құбылыстардан айыру жөнінде А.Байтелиев кандидаттық диссертация қорғап, Ә.Қайдаров пен Р.Жайсақова, А.Елешова қазақ фразеологизмдерін классификациялау мәселесіне көңіл аударды. Осы кезеңде қазақ фразеологизмдерінің өзге тілделде берілуі және өзге тілдердегі шығармаларды қазақ тіліне аударғандағы фразеологизмнің берілуі жайлі тілші ғалымдар назарын аударды. Ө.Айтбаев пен К.Дүйсетаеваның еңбектерін атауға болады.
Академик І.Кеңесбаевтың көп жылдық еңбегінің нәтижесі он мыңнан аса фрозаны қамтыған «қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» шықты [3].
Үшінші кезең – қазақ фразеологиясын жан – жақты зерттеу кезеңі. 80 – жылдар алдыңғы кезеңдегі жұмыстардың заңды жалғасы болды. Қазақ фразеологизмдерін өзге тілдердегі тұрақты тіркестермен салыстыра зерттеу, аударма мәселесі жайында кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Ж.Қонақбаева антоним фразеологизмдерді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде салыстыра зерттесе, Д.Алтайбаева фразеологизмдердің аудармадағы бірігу жолдарына (калькалау жолымен, дәл баламасының берілуіне) назар аударды.
Осы жылдарда қазақ фразеологиясын зерттеуде М.М.Копаленко мен З.Д.Попованың жаңа әдісін (семейный анализ) қолдану тәжрибелері жүзеге асты. Р.М.Таев пен Ф.Р.Ахметжанованың ғылыми еңбектерінде фразеологизмдердің семантикалық табиғатына талдау жасағанда сол әдіс – компоненттердің денотатив және конотатив мағынасын айқындау әдісі қолданылған [4].
Осы кезеңде қазақ және орыс фразеологизмдерін салыстыра зерттеу нәтижесінде «Қазақша – Орысша фразеологиялық сөздік» жасалды.
Бұл кезеңдегі тағы бір ерекшелік – тұрақты тіркестің тарихи қалпын зерттеуге көңіл бөлінді. Р.Сыздықованың «Қадырғали Жалайридің «Жами-ат-тауарих» атты шығармасындағы тұрақты тіркестерді» зерттеуі.
Қазақ фразеологиясын зерттеудің төртінші кезеңі 90 – жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл кезеңде тіл білімінің осы саласында жан – жақты әрі өте көп ізденістер болып жатыр. Фразеологизмдердің этимологиясына көңіл аударылып, олардың шығу төркініне талдау жасалды. Фразеологизмдердің этимологиясы мен жасалу көздерімен тығыз байланыста жатқан этнопсихологиялық және мәдени – танымдық аспектідегі кейінгі он жылдықта академик Ә.Қайдаров пен оның шәкірттерінің еңбектерінде көрініс табады.
С.Сәтенова қазақ тілінде мал шаруашылығана байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің табиғатын зерттесе, Ш.Сейітова өсімдікке байланысты тұрақты тіркестерге этнолингвистикалық сипаттама берді, ал Қ.Ғабитханұлы наным – сенімге байланысты тұрақты тіркестерге талдау жасайды. Б.Қызбаева соматикалық етістік фразеологизмдерді зерттейді.
Фразеологизмдердің тұлғалық сипаты мен мағыналық сырына үңіле – зерттеу – қазақ фразеологизмдеррін ұлттық тіл табиғатын ашуға қосылған үлкен үлес. Осындай еңбектердің қатарына С.Сәтенованың «Қос тағанды фразеологизмдердің тілдік поэтикалық табиғаты», Г.Смағұлованың «Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық – мәдени аспектілері» докторлық диссертацияларын атауға болады.
Уақытында орыс ғалымдары А.А.Шахматов, Ф.Ф.Фортунатов, А.А.Потебня тұрақты сөз тіркестерін синтаксистік тұрғыдан зерттеп, фразеологияға үлкен үлес қосты. Академик Ф.Ф.Фортунатов және оның мектебі тұрақты тіркестерді, олардың сыңарларын сематикалық және грамматикалық белгілері жағынан зерттеу проблемаларын қойды. Академик А.А.Шахматов өзінің «Синтакис русского языка» атты еңбегінде тілде кездесетін құрамындағы сөздер бір – бірінен ажырамай тұтас күйінде қолданылатын тіркестердің зор маңызы тек лексикология үшін емес, грамматика үшін де аса маңызды деген пікір айтады [3].
Қазіргі қазақ фразеологизмдерін зерттеу І.Кеңесбаев көрсеткен барлық бағытта жүріп жатыр. Олар мынандай бағыттар: фразеологизмдердің басқа құбылыстардан айырмашылығы, фразеологиялық мағынаның қалыптасуы, олардың ішкі құрлымы, фразеологизм және синонимия, фразеологизмнің стильдік ерекшеліктері, фразеологизмдерді жеке автродың қолдануы т.б.
Тіл-тілдің сөздік қорын, сөз байлығын зерттейтін саланың бірі-фразеология. Фразеология теориясы, тұрақты тіркестердің жүйелік мәнінің қалыптасу ерекшеліктерін, жалпы фразеологизмдер туралы ғылымның мәселелерін талдау сонау өткен ғасырдың алғашқы кезеңдерінен басталады. Фразеологияның лингвистикалық пән ретінде қалыптасуы француз текті швейцар ғалымы Шарль Баллидің атымен байланысты. Ол тіл білімі тарихында тілдегі тұрақты сөз тіркестерді арнайы және жүйелі түрде зерттеу қажеттігін алғаш негіздеп, еңбектерінде талдау жолдарын көрсетті.
Фразеология теориясы дамуының келесі кезеңі орыс ғалымы В.В.Виноградовтың есімімен байланысты. Фразеология мәселелерінің аумағы кеңейіп, лингвистикалық әдебиеттерде В.Л.Архангельскийдің, О.С.Ахманованың, А.М.Бабкиннің, В.П.Жуковтың, В.Н.Телияның, Н.М.Шанскийдің, Н.Н.Амосованың, А.В.Куниннің және т.б. ғалымдардың белгілі еңбектері фразеология теориясын дамыта түсті. Қазақ тіл білімінде фразеологияның жалпы және нақты мәселелері бойынша ғылыми еңбектер жазылды. Олардың қатарында фразеология мәселелеріне арналған І.Кеңесбаевтың, М.М.Копыленконың, Р.Сарсенбаевтың, К.Ахановтың, Ә.Қайдардың, Г.Смағұлованың, С.Сатенованың, Э.Самекбаеваның, Н.Уәлидің, Р. Авакованың және т.б. еңбектерін атап көрсетуге болады.
Тіл арқылы қатынас жасау процесінде сөздер, әдетте, жеке дара күйінде емес, бір–бірімен тіркесіп қолданылады. Сөздердің тілдің грамматикалық заңдарына орайласып, емін–еркін тіркесуінен синтаксистік единицалар – еркін (ерікті) сөз тіркесі мен сөйлемдер жасалады. Сөздердің жалпы тіркесі және синтаксистік (еркін) сөз тіркесі сөздердің бір–бірімен емін–еркін тіркеуінен жасалады. Бірақ сөздер бір–бірімен жапа тармағай тіркесе бермейді, мағыналарының үйлесімділігі болғанда ғана, тіркесіп жұмсалады. Мағыналық үйлесімділік сөздердің бір–бірімен семантикалық жақтан үйлесуге бейімділігі дегенді білдіреді. Еркін сөз тіркесінде оны құрастырушы сыңарлар (сөздер) мағыналық үйлесімділік шеңберінде басқа сыңарлармен (сөздермен) ауыса алады. Мысалы: оқушымен сөйлесу–мұғаліммен сөйлесу–қойшымен сөйлесу; оқушымен әңгімелесу– мұғаліммен әңгімелесу– қойшымен әңгімелесу;оқушымен кездесу– мұғаліммен кездесу және т.б. Осылар тәріздес еркін сөз тіркестерін және олардың түрлерін грамматиканың синтаксис саласы зерттейді.
Сөздердің еркін тіркесіне сырттай ұқсас, бірақ іштей, яғни тілдік табиғаты жағынан, оған қарама-қарсы қойылатын оймақ ауыз, жүрек жұтқан, жүрегі тас төбесіне шығу, ат-тонын ала қашу, ер қашты болу тәрізді тіркестер бар. Бұлар құрамы жағынан тұрақты болып келеді де, бүтіндей оралым бұрыннан тіркескен, дағдылы қалпын сақтайды, сыңарлары " ешкімнің еркіне көнбей", "өзінен-өзі тіркесіп қойған" тәрізді болып ұғынылады.
І.Кеңесбаевтың пайымдауынша, белгілі бір фразеологизмдерге тән көпмағыналылық екі түрлі жолмен жасалады. Оның бірі – жалғаса туатын мағына да, екіншісі – жарыса туатын мағына. Мысалы: «Ақ иық» оралымы: а) мұз балақ қыран мағынасын; а) асыл адам, ер жігіт мағынасын береді, екінші мағына бірінші мағынаға жалғаса туады. Айыл-тұрманын тартты: а) қамданды, жиналды; ә) ашу қысты, тас түйін болды – онымен жарыса туатын мағына. Сонымен бірге кейбір жағдайларда жалғаспалы мағына мен жарыспалы мағына белгілі бір сәттерде тоғысып, одан қиылысқан тағы бір туынды мағына пайда болуы мүмкін. Полисемия құбылысы омонимиямен шектесіп жататындықтан, оларды бір-бірінен ажыратудың мәні бар. Омоним болу үшін тек айтылуы бірдей келген тұлғалар ғана емес, сөздердің де, фразеологизмдердің де түп төркіні бөлек болуы қажет. Егер тіркестердің түп төркіні біреу-ақ болса, онда ондай тіркестерді бір-бірімен омонимдес деп қарамай, полисемия деп білген жөн [5].
Әдебиеттер:
Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: Арыс, 2007. – 800 б.
Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. – Алматы: Ғылым, 1998. – 196 б.
Сайфуллин Ч. Фразеологические единицы и их классификация. Вопросы фразеологии. – Самарқанд, 1961. – 223 б.
Қайдаров Ә., Жайсақова Р. Принципы классификации фразеологизмов. Известия АН ҚазССР. Серия филологическая, 1979. – №3.
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тлінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы: «Сөздік- Словарь», 2006. - 264 б.
Достарыңызбен бөлісу: |