Жерге мемлекеттік меншік құқығының және жер учаскелеріне жеке меншік құқығының пайда болу негіздері Р. Р.Қындыбаева



Дата11.06.2016
өлшемі51.5 Kb.
#128303
УДК 349.4:349.422.234.622.2
Жерге мемлекеттік меншік құқығының және жер учаскелеріне жеке меншік құқығының пайда болу негіздері
Р.Р.Қындыбаева

Жер – бұл адам мен қоғам үшін тек экономикалық қажеттілік емес, ол табиғаттың басқа да объектілерімен байланысқа түсе отырып экологиялық мәнге де ие болады. Жер дегеніміз– қайталанбас табиғи ресурс, яғни жерді басқа байлық түрлеріне ауыстыруға болмайды. Жердің барлық табиғи ресурстарды біріктіре отырып, оларға табиғи ортаны жасауы бекер емес. Бұл оның меншік объектісі ретіндегі құқықтық жағдайына әсер етеді.

Ең алдымен, меншік ұғымына тоқталсақ. Меншік қатынастары ҚР Конституциясымен, ҚР Жер Кодексімен, сондай–ақ ҚР Азаматтық Кодекс нормаларымен реттеледі. ҚР Азаматтық Кодексінің 188– бабына сәйкес, меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы [1]. 

Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi. 

Қоғам өмірінде қажетті материалдық жағдайлардың ішінде жер негізгі орын алады, ол экономикалық әрекеттер төңірегінде маңызды қызметтерді атқарады. Егер жерге байланысты басқа нормативтік құқықтық құжаттарға сүйенсек, 2002 жылғы өзінің халыққа жолдаған жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2001 жылғы 24 қаңтарда қабылданған «Жер туралы» Заңның кемшін тұстары бар екендігін айтты. Ол бұл салаға тоқталғанда «жерді жеке меншікке беру қажет пе, не қажет емес пе?» деген сауал тастады. Елбасы пікірі бойынша бұл сауал ғалымдардың терең талдауынан өткен «керек» деп жауап берген дұрыс қой деді.

Осы Жолдауды баяндау барысында елбасы жерді жеке меншікке беру арқылы жерге деген жауапкершілік артып, иесіз, сондай-ақ игерілмей жатқан жерлерге көптеген оң өзгерістердің болатындығын тілге тиек етті [2].

Мына нәрсе ескерілуі тиіс: «иесіз жер жетім, шаруа адамы жерге ие болуы керек. Ең бастысы- қателік жібермеу және өткеннен сабақ алу. Кеңес өкіметі жылдарында біз жер гумусының- топырақтың ең құнарлы қатпарының 30-40 пайызына дейінгі бөлігін жоғалтып алдық. Ал бүкіл әлемде жердің құнарлылығын жыл өткен сайын арттыра беру міндеті алға қойылып отырады. Расында да, тың игерудің қатерлі қателіктерге де ұрындырғанын, құйқалы қазақ даласының қырларында талай рет қара дауыл көтерілгенін көзі қарақты қауым жақсы білуге тиіс» [3].

Расында да жерге жеке меншікті енгізуді ерте кезден қолға алуға болар еді. Бірақ ол уақытта қоғам бұл мәселеге дайын болмаған еді. Жерді меншіктеу мәселесі көпжақты, күрделі, бір мағыналы емес болып келеді.

Жер учаскелеріне жеке меншік құқығын беру үшін ең алдымен халықты мемлекетке мұқтаждықтан ажыратып, сана-сезімін оятып, өз бетінше тіршілік етуге дайындау қажет еді. Осы мәселелерді шешу барысында бұған бірнеше жыл қажет болды. Сонымен, көптен күткен Жер кодексі 2003 жылы 20 маусымда қабылданды. Қазіргі қолданыстағы Жер кодексіне сәйкес бұрын жерді тек пайдаланып қана келсек, қазір оны өз меншігімізге ала аламыз.

Қазақстан Республикасының Конституциясы меншік құқығы мәселесінде меншікті пайдалану құқығын алғашқы орынға қояды, себебі, жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік құқықтарының негізгі мазмұны болып қоғамның игілігіне қызмет ететін жерді пайдалану құқығы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 6-бабына сәйкес, мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.

Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін [4].

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 20-бабына сәйкес, жерге меншіктің түрлерін былай қарастырады:

Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.

Мемлекеттік меншік – бұл Қазақстан Республикасы аумағының шегін қамтитын және оның меншігі болып танылған жерлер.

Жерге мемлекеттік меншік құқығының мазмұнын мемлекеттің жерді иелену, пайдалану, билік ету және басқару құқығы құрайды. Қазіргі нарықтың экономикасы өтпелі кезеңінде жерге мемлекеттік меншік құқығының және басқару элементтері жерге жеке меншік құқығының пайда болу негізі болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттің жерді пайдалану құқық элементтерінің де жерге жеке меншік құқығы мен жерді пайдалану құқығының мазмұнына әсері бар.

Жер учаскесіне жеке меншік құқығы – азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өздеріне тиесілі жер учаскесін ҚР ЖК 12-бабында белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде иелену, пайдалану және оларға билік ету құқығы.

Жерге жеке меншік құқығының пайда болуына жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлар әсер етті. Мемлекеттік және қоғамдық мүліктерді (объектілерді) жекешелендіруге байланысты меншік құнын анықтау, оны да мемлекет пайдасы үшін азаматтық айналымға қосу қажеттігі туды. Жерге мемлекеттік және жеке меншік кұкықтары жер құқығының жеке институттары болып саналады.

Жерге жеке меншік құқығы жер құқығында жаңа институт құрайды. Оның бір көрінісі жерге заттық құқық, бұл институт жер қатынастарында жерге нарық экономикасын жандандыру үшін қызмет етеді. Бірақ жерге жеке меншік құқығының (заттық құқық) адам жасаған заттық құқықтан айырмашылығы бар. Ол абсолюттік құқық емес. Жер жеке меншік объектісі болғанымен, табиғи ресурстар объектісі екенін де сақтайды. Ол еш уақытта өзгермейді. Оның шекарасы мен шегі бар.

Меншiк құқығының субъектiлерi болып мыналар табылады: республика аумағындағы жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы; Жер Кодексінде белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Егер Жер Кодексінде өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар танылады [5].

Кез келген меншік иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар. Ал мемлекет жердің меншік иесі ретінде өзінің құқықтарын Жер кодексінде және өзге де заң актілерінде белгіленген заң нормаларына сәйкес мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады. Сол сияқты белгілі бір жер учаскесінің меншік иесі аталған заң актілерінде белгіленген ережелер негізінде және шарттар арқылы өз құқығын жүзеге асырады.

Жер учаскесiне меншiк құқығы мынадай негіздерде туындайды:

1) меншiк құқығын табыстау;

2) меншiк құқығын беру;

3) меншiк құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды.

Меншiк құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып, жүзеге асырылуға тиіс.

Жер учаскесiне меншiк құқығы:

1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;

2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;

3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.

Азаматтар мен заңды тұлғаларда тиісті жер учаскесіне қатысты сәйкес құқықтардың туындауының негізі болып табылатын құжаттар ҚР ЖК 12-бабының 24-тармағында құқық белгілейтін деп аталған. Құқық белгілейтін құжаттарға атқарушы органдардың жер учаскесіне құқықты табыстау туралы құқықтық актілері, сату-сатып алу шарттары (айырбас, сыйға тарту және жер учаскесін беру туралы басқа да мәмілелер) және сот органдарының жер учаскесіне меншік құқығын, жер пайдалану құқығын және жерге қатысты басқа да құқықтарды тануы туралы шешімдері, сондай-ақ меншік құқығымен жер учаскесіне иеленген немесе уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын сатып алған мемлекеттік емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі табыстау актісі немесе балансы жатады. Құқық белгілейтін құжаттардың негізінде жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдар жер учаскесінің өзіндік сипатын көрсететін құқық куәландыратын құжаттарды бекітеді. Құқық куәландыратын құжаттарға жер учаскесіне жеке меншік құқығы актісі, тұрақты жер пайдалану құқығы актісі және уақытша жер пайдалану құқығы актісі жатады.

ҚР Жер кодексінің 27-бабына сәйкес, мемлекеттік меншік құқығын жүзеге асыру мынаны білдіреді: мемлекеттік меншіктегі жерден жер учаскелері:



  1. жеке меншікке сатылуы немесе ақысыз берілуі;

  2. тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берілуі;

  3. Жер кодексінде, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін. Мысалы, ҚР Жер кодексінің 43-бабының 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері және ол жер учаскелерін жалдау құқығы аукционда сату объектілері болуы мүмкін. Аукционда сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесін немесе жер учаскелерін жалға беру тәртібін жергілікті атқарушы органдар анықталып, жергілікті өкілді органдардың сәйкес шешімдерімен бекітіледі.

ҚР Жер кодексінде меншік құқығындағы жер учаскесін табыстау тәртібі туралы арнайы бап қарастырылған.

Ел тағдырын шешетіндей күрделі мәселелелердің бірі жерге иелік ету екендігі мәлім. Бұл біз үшін өмірлік мәні бар мәселе. Жер тағдыры- ел тағдыры. Жер реформасын қаншалықты алға жылжыта алатынымыз тек ауыл-селоның дамуының мәселесін ғана емес, тұтастай алғанда елдің даму болашағын айқындайтын болады. Жерге меншік қатынастары оңайлықпен келген жоқ. Бірнеше жылдан бері қоғамдық пікірге қозғау салып, сан қилы ойдың арқауына айналып келе жатқан бұл проблема бүгінгі таңда өзінің түйінін тапқан секілді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. ҚР Азаматтық Кодексі. Жалпы бөлім.1994ж 27 желтоқсан

2. Назарбаев Н.А. Ауылға айрықша назар аударылады. Ішкі және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негізгі бағыттары туралы Президенттің 2002 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан халқына Жолдауы. //Егемен Қазақстан 2002ж 30 сәуір

3. Назарбаев Н.А. Жер тағдыры-ел тағдыры //Сыр бойы 2002 жыл 29 қазан.



4. ҚР Конституциясы 1995жыл 30 тамыз

5. ҚР Жер кодексі 2003ж 20 маусым

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет