ОӘЖ 811.512.122’34
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДАУЫССЫЗ ДЫБЫСТАР ЖИЫНТЫҒЫН МОДЕЛЬДЕУ МЕН СӘЙКЕСТІКТЕРІН АНЫҚТАУДЫҢ ҚОЛДАНБАЛЫ НЕГІЗДЕРІ
Ақымбек Съезд Шардарбекұлы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
доценті, филол. ғ. к.
Мақалада қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың жасалым моделін жасаудағы әдістер мен тәсілдер, дауысты дыбыстарды ортақ және айырым белгілеріне қарай топтастыру, дыбыстардың жеке қасиеттерін ашудағы теориялық мәселелер практикалық, әрі практикалық тұрғыдан сөз болады. Зерттеу нысаны ретінде қазақ тілінің төл дауыссыз дыбыстары алынатыны, түркологияда дыбыстардың моделін куб түрінде беру үрдісі бар екендігі, ал қазақ тілі үшін модельдеудің үнді, ұяң және қатаң дыбыстар үшін призмалық үлгісі тән екендігі, сонымен қатар дауыссыз дыбыстарды топтастыру барысында тек жасалым белгілері ғана емес, естілім белгілерінің де қажеттілігі дәлелденеді.
Модельдеу нәтижелі болуы үшін дыбыстардың сәйкестігі тарихи тұрғыдан сарапталады, тілдік материалдар негізінде белгілі бір заңдылықтар ашылады. Сол арқылы дауыссыз дыбыстардың қатаң – ұяң – үнді жалғастық түрінде болып келетін мінездемесі толық айқындалады.
Түйін сөздер: дауыссыздардың призма моделі, дауыссыздардың сәйкестігі, компьютерлік сараптау.
Дауыссыз дыбыстардың алмасу жайын сөз еткенде қазақ тіл білімінде диалектологтар әдеби тіл мен жергілікті сөз арасындағы дыбыс сәйкестіктерін тілге тиек етіп келеді. Оның үстіне сөз басында кездесетін алмасуларды қоспағанда сөз ортасындағы, сөз соңындағы алмасуларды ілгерінді ықпал, кейінді ықпал заңына сай түсіндіру жағы басым. Шынында сөз басында алмасатын дауыссыздар жайын сөз еткенде себепсіз салдар жоқ дегенге сүйеніп, кей ғалымдар тайпа тілінің қалдықтарына сілтеме жасайды. Егер бәріне бірдей осылай себеп іздейтін болсақ, тағам сөзінің тілімізде жаппай қолданылуымен бірге ойын, ықшамдалған варианты дәмнің т дыбысынан басталмай д дыбысынан басталуын қалай түсіндіреміз? Немесе тән сөзі дене болып айтылуы және олардың тілімізде жарыса қолданылуы да түсіндіруге келе бермейді. Мұндай түсіндіру сәті келе бермейтін дыбыс алмасулардың тек сөз басында ғана емес сөз ортасында да, сөз аяғында да болатынын саралай отырып, фонетикалық жағдайдың ғана емес, морфонологиялық құбылыстардың да тіл дамуында нормаға айналатын тұстарын айта кету керек. Енді осы мәселелерге арнайы тоқталып өтейік [1,49-51б].
1-сурет. Дауыссыз дыбыстардың алмасу пирамидасы
Қазіргі қазақ тілінің жасалым фонетикасында проф. Ә.Жүнісбектің дыбыстардың жасалым теориясы негізінде біршама зерттеу әдістері өрістеп дами бастады. Төменде назарларыңызға ұсынылып отырған дауыссыздардың дауыс қатынасына байланысты топтарының моделі (1-сурет) бірнеше әдістемелік қасиетке ие [2, 99]. Аталған модель бойынша дауыс немесе үн қатысына байланысты дауыссыз топтары мен дыбыс құрамы, жасалу орны, қандай дыбыстармен ортақ және алшақ белгілері бар екені жайлы мәліметтер ала аламыз. Мысалы, тіл ұшы тоғысыңқы дыбыстар үш топта да бар: Т қатаң топта, Д ұяң топта, Н үнді топта.
Аталған кестенің дауыссыз дыбыстардың жасалым табиғатынан мәлімет беріп қана қоймайды. Дыбыстардың алмасуы мен дыбыстардың сәйкестігін зерттеуде белгілі бір дәрежеде негіз ретінде алуға болады. Мысалы, қазақ тіліндегі көптік жалғаудың -лар/лер, -дар/дер, -тар/тер тұлғалары тіл ұшы дауыссыз дыбыстарына басталып тұр. Яғни бұл парадигмалық түрленіс аталған дыбыстардың жасалым сапасынан келіп шығады екен. Ілік септігінің -ның/нің, -дың/дың, -тың/тің тұлғалары тіл ұшы тоғысыңқы дыбыстардан тұратындығы аталған кестенің толық дәлел бола алады.
Ал дауыссыз дыбыстардың тарихи тұрғыдан сәйкестігі туралы зерттеулерде де осы кестедегі дыбыстардың ортақ немесе алшақ белгілері бойынша жұптасуын, топтасуын, ұқсастығын негізге алуға болады. Сөзіміз дәйекті болу үшін 2-сурет бойынша бірнеше мысалдар келтіре кеткенді жөн санаймыз. Қазақ тілін диахронды тұрғыдан зерттеген еңбектерде келтірілген дәлелдердің басым көпшілігін осы суретте келтірілген тұстас жолақтар арқылы өрнектеп шығуға болады.
2-сурет. Дауыссыздардың дауыс қатынасына байланысты топтарының моделі
С-Ш дыбыс алмасуы. Фонетикалық жағынан ш дыбысы өзімен бірге келген с дыбысына айтылуда әсер етіп, өзіне ұқсатады. Мысалы: ашша (ашса), қашша (қашса) т.б. Алайда бұл дыбыстар қатар келмеген кезде де морфонологиялық тұрғыдан алмасады. Мысалы, есек – ешек, жетпіс – жетпіш, самал – шамал, содыр – шодыр, мысық – мышық деген сөздерде с-ш алмасуы олар жасалу жағынан бір-біріне әсер етпейді. Мұндай сөздерді А. Айғабылов «сөйлеушінің психикасына байланысты қалыптасқан құбылыс» ретінде морфонологияның объектісінде қарастырады [3, 60 б.].
Ғалымдар сөз басында с дыбысы мен ш дыбысының алмасуын түркі негіз тілінің соңғы дәуірлеріне қатысты құбылыс деген пікір айтады. Сондай-ақ тілімізде сүйінші – шүйінші, содыр – шодыр, қоста – қошта, қыста – қышта деген сөздер жарыса айтылады. Мұндай с-ш алмасуы негізінен жергілікті ерекшеліктерде кездесетіндігін байқаймыз. Ш-с дыбыс алмасуы. Ш-с дыбыс алмасуы түркі тілдерінде тіл аралық белгі ретінде қаралып, қазақ тілі с-шыл топ болып есептелетіні белгілі. Сондықтан да мысық-мышық, есек-ешек, бес-беш сияқты қолданыстардың соңғы сыңары диалектіге жатады. Бірақ с-ш алмасуы әрқашан дәл осылай жіктеле бермейді. Қазақ тілінде бұған қайшы келетін, ш-мен айтылса әдеби тіл болып, с-мен келген нұсқа диалектіге ауысатын сөздердің белгілі-аймақтарда мұрса, секер, келесек, дұспан болып айтылатыны атап өтеді.
Мысалдардан көріп отырғанымыздай, ш-с дыбыстары сөздің әр позициясында тұрып алмаса береді. А. Айғабылұлы жұмысшы – жұмышшы, басшы – башшы деген сөздерінің дыбысталуында ешқандай ауытқу болмайтындығын, таза артикуляциялық мүмкіндікке байланысты, оларды басқаша дыбыстау мүмкін еместігін, сондықтан оның фонетикалық дыбыс алмасу екендігін атап өтеді. Ал сүйінші – шүйінші, басқыш – башқыш варианттарындағы дыбыс алмасуын морфонологиялық дейді. Себебі: «Мұнда тек сөйлеушінің санасындағы кейінгі дыбыстарды айтуға психологиялық дайындық кезінде соған ұқсас дыбысты алмастырып айту ғана» 4, 33 б..
Бұл процестің бір себебін сөз ішінде тіл арты дыбыстарын бұрын айтып, одан кейін тіл алды дыбысын айтудың оңайлығымен түсіндіруге болады.
Қ-ғ және к-г дыбыстарының алмасуы. Қ, к, п дыбыстарының морфемалар жігінде дауысты, үнді, ұяң дыбыстармен қатар келгенде ұяңданып кететіні белгілі: ай қабақ – айғабақ, көп жер – көбжер, ақ нан – ағнан т.б. Ал шақ етті, сақ дегізді, күмп етті деген сияқты көптеген еліктеуіш сөздерде ұяңданбайды. Бірізділік жоқ болғандықтан, А. Айғабылұлы бұл құбылысты да морфонологиялық деуді ұсынады. Ғалым қ-ғ, к-г дыбыстарының алмасуын морфонологиялық алмасуға жатқызып, бұл жайындағы ойын былайша тұжырымдайды: «... алғаш бұл фонемалар қатаң айтылып, кейін келе ұяңдану процесінің нәтижесінде ғ, г дыбыстары морфонологиялық құбылыс ретінде пайда болған деуге болады. Сондықтан ғ, г дыбыстарының жай-жапсары дауысты дыбысқа, үнді дыбыстарға қатысты болсын таза фонетикалық заңдылық аясында қарастыруға келмейтін, анықтап айтқанда, артикуляциялық шеп, мүмкіндік дегендермен өлшеуге көнбейтін, сөйлеу дағдысынан қалыптасқан құбылыс болуға керек» [3, 54-56 бб.]. Ғалым бұл дыбыс алмасудың себебін қатаң шұғыл қ, к, п дыбыстарын айтудан ұяң ғ, г, б, у дыбыстарын айтудың жеңілдігімен түсіндіреді.
Қазақ тілінде қ-ғ, к-г дыбыстарының алмасу жайы өте жиі кездесетін құбылыс. Бұл екі жұптың жиі алмасатыны соншалықты, тіпті қ мен ғ-ның, к мен г-нің фонологиялық қызмет-жүгіне күмән келтіріп, бір фонеманың аллофоны ретінде танушылар да бар. Шынында, Ғабдікәрім-Қабдікәрім, Ғайша-Қайша, Гүлжан-Күлжан сияқты кісі аттары мен гүл-күл, гәп-кәп, гәусар-кәусар сияқты шеттен кірген сөздерде алма-кезек қолданыла беретіні бар. Бірақ бұл кісі аттары мен басқа да сөздердің бакта ғ, г дыбыстарынан басталатын сөздер екенін, қазақ тіліне енгенде басқы дыбыстары қ және к дыбыстарына алмаса бастағанын сонымен бірге бұрынғы дыбыстық құрылымы да сақталып жарыса қолданылатын болғанын түсіну қиын емес. Өйткені ғ, г дыбыстары қазақ сөздерінің басында кездеспейтіні белгілі.
Қазіргі қазақ тіл білімінде қ, к, ғ, г дыбыстарына артикуляциялық-акустикалық сипаттама толық берілген деуге болады. Аталған дыбыстардың жұмсалымдық ерекшелігін аңғарған А. Байтұрсынұлы: «Қ һәм ғ дыбыстары һеш уақытта жіңішкермейді. К һәм г дыбыстары һеш уақытта жуандамайды, яғни жуан айтылмайды. Сондықтан бұл дыбыстар тоң дыбыстар деп аталады», – деген сипаттама береді [5, 154 б.]. Ғалым қ, ғ, к, г дыбыстарының басқа дыбыстарға қарағанда дыбыстарды таңдап тіркесетіндігін ашып көрсетеді.
Сонымен ғ-г, қ-к дыбыстарының тілімізде алмасу жайы туралы қорыта айтқанда, алғаш бұл фонемалар қатаң айтылып, кейін келе ұяңдану процесі нәтижесінде ғ, г дыбыстары қатысты болсын таза фонетикалық заңдылық аясында қарастыруға келмейтін, анықтап айтқанда, артикуляциялық шек, мүмкіндік дегендермен өлшеуге көнбейтін сөйлеу дағдысынан қалыптасқан құбылыс болуға керек. Г-қ, г-к дыбыстарының алмасу аналогиясы басқа түркі тілдерінде де кездеседі. Бірақ бірінде жиі, бірінде сирек дегендей, әр тілде әр түрлі көрініс тапқан. Ал түркі тілдерінің өзінде бірыңғайлылық танытпай, әрқалай ұшырасуының өзі морфонологиялық құбылыс екенін шегелей түседі. Түркітануда қ, к дыбыстарынан ғ, г дыбыстарынан пайда болуы туралы мынадай жорамал бар: «Тіл арты қ дыбысының айтылуы қиынырақ. Сондықтан түркі тілдерінде сөйлеу барысында күшсізденуіне (ұяңдануына) тура келеді» дейтін де пікір бар. [4,53б]
Бірақ физиологиялық жағынан түсіндірілген бұл себептің өзі дәлелдененген күнде де қ-ғ, к-г дыбыстарының алмасуы артикуляциямен байланысты емес.
Қ, ғ-у-й дыбыстарының алмасуы. Бұл дыбыстардың алмасуы сирек кездеседі, бірақ тіліміздің дыбыстық құрылымын айқындауда маңызы да жоқ емес. Мысалы, бақ-бау, қыстақ-қыстау, санақ-санау сияқты сөздер әдеби тілге жарыса қолданылса, жамау, бояу сөздерінің бақ/дағ сөздерінен қ/ғ дыбыстарының у, й дыбыстарымен алмасып жасалғаны дәлелденген жағдай.
Қ-ғ дыбыстарының й дыбысымен алмасуы тоқ-той (тоғаю-тойыну дегенде)соғым-сойым, жақ-жай сияқты сөздерде кездеседі. Кей сөздердің құрамындағы алмасулардың ертеде жүзеге асып, көнелене бастауына байланысты мағыналары алшақтай бастаған. Мысалы, жүгір деген сөз бен жүйрік-тің түбір сөзден өрбігенін аңғара қою қиын. Жүгір сөзіне ік жұрнағы (сын-ық, жырық, түр-ік сияқты сын есім тудыратын) жалғанып жүгірік-жүйі(і)рік болып қалыптасқан.
Тіл арты қ, к, ғ, г дыбыстарының ң дыбысымен алмасуы. Тілдің адам қолданысындағы «жанды» қасиетін есепке алар болсақ, онда қандай да бір өзгерістердің болмауы мүмкін еместігін аңғарамыз.
Тіліміздегі бадырақ – бадыраң, мегзеу – меңзеу, шоғайна – шоңайна сияқты біраз сөздермен қатар, дедекте – дедеңде, жортақта – жортаңда, кегжекте – кегжеңде, қайқалақта – қайқалаңда, өкіректе – өкіреңде, тайқақта – тайқаңда, тарбақта – тарбаңда, тепекте – тепеңде, жалтақта – жалтаңда, жалпақта – жалпаңда, талтақта – талтаңда, салпақта –салпаңда деген бейнелеуіш сөздерден жасалған етістіктер құрамында қ, к, ғ, г дыбыстарының ң-мен алмасуы кездеседі. А. Айғабылұлы мұндай құбылыс етістік тудырушы жұрнақтар жалғанғанда байқалатынын айтады [3, 38 б.]. Профессор Б. Сағындықұлының пікірінше, н дыбысынан ң дыбысы қалыптасқан. Ғалым н дыбысының ң-ға айналуының бірнеше себептерін дәлелдей отырып, «аса ежелгі дәуірде н фонемасына қ, к фонемаларының тигізген әсерінен ң аллофоны, б, п фонемаларының тигізген әсерінен м аллофоны пайда болған. Кейіннен бұл аллофондар фонологиялық жүк арқалаудың салдарынан тұрақтанып, белсенді фонемалардың қатарына қосылған» [6 50 б.], – дейді. Б. Сағындықұлы қ, к, ғ, г дыбыстарына басталатын сөздердің түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде өте көп болуы екі сөз арасы және түбір мен қосымша жігінде н дыбысының ң-ға айналуында шешуші рөл атқаратынын атап көрсетеді. Біздің жоғарыда келтіріп отырған мысалдарымыздағы қ, к, ғ, г дыбыстарының ң-мен алмасуына да ң-ның осы қасиеті әсер еткен тәрізді, себебі талтақта – талтаңда, салпақта – салпаңда т.б. мысалдарындағы бірінші нұсқаларынан гөрі ң-мен айтылғанда қимылдың созылыңқы болып, экспрессивтік мәні күшейе түсетіндігін байқаймыз.
Ғ-г-ң дыбыстарының алмасуы. Г-ң, ң-г дыбыстарының алмасуы. Профессор С. Омарбеков қазақ ауызекі тілінде ң-г және г-ң дыбыс алмасуларына мынадай мысалдар келтіреді: негізі – неңізі, негізінде – неңізінде; маңыз – мағыз, төңүрәк – төгүрөк (Қарақалпақстаннның оңтүсітігіндегі қазақ говоры) [109, 120 б.]. Ғалым кейбір жағдайларда кездесетін н-у дыбыс алмасуларына мынадай мысалдар келтіреді: оңаша – ауаша (Орынбор облысы), көңіл – кеуіл.
Ғ, г дыбыстарының ң дыбысымен алмасуы әдеби тілдегі мегзе-меңзе, шоғайна-шоңайна сияқты бірлі-жарым сөздер ғана кездеседі. С. Омарбеков бұл дыбыстардың алмасуын жергілікті сөздерден тауып: «Қазақстанның шығысы мен солтүстігінің кей жерінде негіз, негізгі, негізінде деген бір түбірден өрбіген сөздердің бәрінде де г тіл арты мұрын дыбысы ң-мен айтылады:неңіз, неңізгі, неңізінде. Дәл осының керісінше шығыс говорының кей жерінде маңыз сөзі мағыз түрінде дыбысталады» дейді. С.Омарбеков ғ, г дыбыстарының ң дыбысымен алмасуының түркі тектес халықтар арасында да кездесетініне батыс говорындағы 2-жақ жіктік жалғауының -сыңыз, -сіңіз түрінде айтылуы башқұрт, татар тілдеріндегі -сығыз (барасығыз) жалғауымен салыстырылады. Бұган өзбек тіліндегі тоғарақ, қарақалпақ тіліндегі тегорок сөздерінің қазақ тілінде төңірек болып айтылуын да жатқызуға болады. [7,103-105б]
Б-п дауыссыздарының алмасуы. Бұл шұғыл дауыссыздардан тұратын жұптардың алмасып қолданылуы қазақ тілінде өте жиі кездеседі. Мысалы: бұт, бұтақ, балуан, бесін, бенде, бәкі, болат, бал, бақыр сияқты сөздердің тілімізде пүт, пүтақ, палуан, песін, пенде, пәкі, полат, пақыр сияқты варианттары бар. Бұлардың қайсысы әдеби тілге жатады дегенде, әрине, б дыбысынан басталатындары ауызға әуелі ілінеді. Дегенмен, әдеби тілге қатысты сөздердің жазылу нормасын көрсететін емле сөздігіне жүгінсек, бұлардың ішінен бұтақ бесін, бәкі, болат сөздерінің әдеби тілден толық орын алып, пұтақ, пәкі, полат, песін сөздері диалект сөздер қатарында қалғанын көреміз де, балуан-палуан сөзінің жарыса қолдануға құқы барын, ал пенде сөзі әдеби тілге еніп бендесі қатардан шыққанын көруге болады. Бұлайша салыстырудан әдеби тіл мен диалект деп бөлудің өзі б-п алмасуларына шартты түрде ғана қатысы бар екендігін көрсетеді. Сондықтан әлі де жігі ажырамай, бәле-пәле, байымдау-пайымдау сияқты сөздер әдеби тілде жарыса қолданылып келеді.[7,98-102б]
Профессор Б. Сағындықұлы у~у(тау)~у(w)~п~б~в сәйкестігінің көне түркі ескерткіштерінде кездесетінін, у~в сәйкестігінің орта ғасырлардағы қыпшақтар мен оғыздардың тілін бір-бірінен ажырататын фонетикалық белгілердің қатарына жатқызылатынын айтқан [6, 35 б.].
С. Мырзабеков сөз басында б мен п алмасуы жергілікті ерекшеліктерде ғана көрініп қоймай, тіпті орфографиялық сөздікте де «жарысып жүретіндігін» айтады, мысалы, байым – пайым, балуан – палуан, барабар – парапар, бәле – пәле, пенде – бенде т.б. Ғалым мұндай құбылысты көрші дыбыстардың әсерінен болмайтын «экстралингвистикалық (бөгде тілдік) жағдайдан туған сәйкестік» [8, 126 б.], – деп түсіндіреді.
П-м дыбыстарының алмасуы. Мысалдар: башпақ – башмақ: Мақсұт бұрынғы киімін сонда қалдырып, жаңадан аяғына башпақ, үстіне шапан сияқты ұзын киім кигізді (Б. Шалабаев). Етік, кебіс, мәсіден басқа башмақ, былғарымен жұлықтаған киіз етіктер жасалады (С. Қасиманов). Жанапайла – жанамайла: Дәрігер әйел мұны жанапайлап, сөзді от алғандай лыпылдатып келеді (С. Шаймерденов). Шал мал қайырған адам боп жанамайлап, ақботаның қасынан өте берді де, құрықты сілтеп кеп қалды (З. Шашкин). Пұрсат – мұрсат: – Пұрсат берсеңіз бірер күннен кейін жауап берейін, – деді (С. Омаров).
Сонымен қазақ тілінде шұғыл дауыссыз дыбыстардың айтылуда ызыңға жуықтайды. Д-л, л-д дыбыстарының алмасуына ңд дыбыстық тіркесінен гөрі ңл дыбыстық тіркесінің өнімді қолданылуының әсері болуы мүмкін. Ал б-м және п-м дыбыстарының алмасуы «дағды факторына» байланысты қалыптасқан морфонологиялық құбылыс деуге болады.
П-б-у дыбыстарының алмасуы. Еріндік п және б дыбыстарының еріндің у дыбысымен алмасу жайы қазақ тілінде сөз басында кездеспейді, тек сөз арасында морфемалар жігінде байқалады. Мысалы, дыбыс-дауыс, қабақ-қауақ (жемісінен ыдыс жасалатын есімдік) қапсыр-қаусыр, кепсен-кеусен т.б. сөздерден байқауға болады. [9,104б]
Бір қызықты жағдай, қазақ тілінде қобыз сөзі жеке тұрғанда ешқандай өзгеріссіз айтылады. Ал осы сөз шаң сөзімен бірігіп айтылғанда, шаңғобыз болып дыбысталуымен бірге шаңғауыз (оңтүстікте) түрінде де айтыла береді. Қобыз сөзіндегі о дыбысының а-ға алмасуы алдындағы, сөздің әсерімен іске асса, б дыбысының у-ға айналуына ондай себеп жоқ. [10,154б]
Ал морфемалар жігінде п дыбысының у-ға айналуы бір жағдайда ғана іске асады. Ол п дыбысына аяқталған түбір етістіктерге көсемшенің ып, -іп жұрнақтарының жалғануынан пайда болатын құбылыс. Мысалы: жап-жауып, тап-тауып, теп-теуіп, қап-қауып, сеп-сеуіп, т.б. Бұл мысалдардағы п-у дыбыстарының алмасуына алды*артындағы дыбыстардың әсерінің жоқтығын былай қойғанда, тек көсемшенің бір ғана жұрнағына қатысты іске асудың өзі морфологияға тікелей қатысты. Морфонологияның дыбыс алмасулардың бірыңғай келе бермей, тіл деректеріне қайшылығымен көзге түсіп отыратынын еске алсақ, бұл жерде де алмасудың барлық етістікті қамти алмайтынына көзіміз жетеді. Мысалы, оп, өп етістіктерге көсемшенің –ып, іп жұрнағы жалғанған да түбір соңындағы п дыбысы у-ға айналмайды. Оп-обып, өп-өбіп, болып, тек ұяңдану процесі ғана пайда болады. Мысалы, Обырдай обып, үнін шығармай жұтып тұр. (М.Әуезов). [11,47-49б]
2002 жылы жарық көрген «Қазақ грамматикасында» қатаң п-ның ұяң б-мен алмаспай, үнді у-мен алмасуының себебі былай түсіндіріледі: «Бұл үшеуі (п, б, у) де қос ерін дауысссыздар, ал -ып, -іп жұрнағындағы дауыстылар (ы, і) – езулік. Сонда әлгі сөзформалардың екінші буындары -бып, -біп болмай, -уып, -уіп (айтылуы -уұп, -уүп) болатыны қос еріндіктің (б және п) арасында езулік дауыстыны айту қиындыққа түседі де, ал у езулік қысаң дауыстыларды (ы, і) еріндікке айналдырады (жоғарыда айтылды), сөйтіп айтуды жеңілдетеді. Бұған мынадан да көз жеткізуге болады, етістік оп, өп көсемше формада об-үп (оп-ып), өб-үп (өп-іп) болады да п ұяң б-мен алмасады. Өйткені мұнда түбірдегі еріндіктер қосымшадағы қысаңдарды еріндік етеді, сондықтан у-дың қажеті жоқ» [12, 88 б.].
Көрсетілген кескіндегі дыбыстарды дауыс немеме үннің қатысымы мен жасалымы тұрғысын жіктелуін кестелі түрде де көрсетуге болады (1-кесте).
|
Ерін
|
Тіл ұшы
|
Тіл ортасы
|
Тілшік
|
тоғысыңқы
|
жуысыңқы
|
тоғысыңқы
|
Жуысыңқы
|
тоғысыңқы
|
тоғысыңқы
|
жуысыңқы
|
Қатаңдар
|
П
|
-
|
Т
|
Ш-С
|
К
|
Қ
|
-
|
Ұяңдар
|
Б
|
-
|
Д
|
Ж-З
|
Г
|
-
|
Ғ
|
Үнділер
|
М
|
У (w)
|
Н
|
Р-Л
|
-
|
Ң
|
Й
|
1-кесте. Дауыссыздардың жасалым жағынан жіктелуі
Ал дауыссыз дыбыстардың тарихи тұрғыдан сәйкестігі туралы зерттеулерде де осы кестедегі дыбыстардың ортақ немесе алшақ белгілері бойынша жұптасуын, топтасуын, ұқсастығын негізге алуға болады.
Жоғарыда баяндалған дыбыс сәйкестіктері мен дыбыс алмасулары жасалым сипатымен тікелей байланысты. Дыбыстар бір-біріне ықпалдасып, жымдасып бірін-бірі игереді немесе алмасады, сәйкестенеді. Сонда дыбыстар табиғаты, жасалымы бойынша ортақ белгілері ең жақын дыбыстар бірін-біріне алмасып сәйкестенуге бейім болады екен. Мұның өзі фонологиядағы зерттеу нәтижелерін, түркологиядағы шешімін күтіп тұрған мәселелерді шешуге болатынын көрсетеді.
1. Қалиев Ғ.,Сарыбаев Ш. Қазақ диалектологиясы.-Алматы: «Ана тілі»,1991.-49-56, 98-106б.
2. Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. –Алматы: Арыс, 2009. –312 бет.
3. Айғабылұлы А. Қазақ тілі морфонологиясы. (Диссертация) –Алматы.1991ж. –92б.
4. Қазақ тіліндегі диссимиляциялық құбылыстар. //Қазақ тілі мен әдебиеті.-1999. -№2.-82-87б.
5. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы‚ 1992.
6. Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасының дамуының этимологиялық негіздері (монография). –Алматы, «Санат», 1994. –168б.
7. Омарбеков С., Жүнісов Н. Ауызекі тіліміздің дыбыс жүйесі. —Алматы: Мектеп, 1985. —208б.
8. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. —Алматы: Сөздік-Словарь, 1999. —200б.
9. Дыбыс алмасу. Қазақ тілі энцик., 1998. –104б.
10. Игерусіз өзгерістер. Қазақ тілі энцик., 1998. –154б.
11. Дыбыстар сәйкестігі. //Қазақ тілі мен әдебиеті. –1998. –№3. -47-49б.
12. Қазақ грамматикасы, –Астана, 2002 г.
Достарыңызбен бөлісу: |