атқарушы органдардың құзыреті
Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:
1) орталық атқарушы органның азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлейді және бекітеді;
2) азаматтық қорғау саласындағы нормативтерді, стандарттар мен қағидаларды әзірлейді, бекітеді және/немесе келіседі, мемлекеттік салалық есепке алуды жүргізеді және осы деректерді азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады;
3) төтенше жағдайлар бойынша салалық комиссия, оның ішінде салалық өрт-техникалық комиссияларын құрады, олардың ережелерін және құрамын бекітеді;
4) олардың қарамағындағы төтенше жағдайлар жағдайын қадағалау, бақылау және оларды болжау қызметтеріне басшылық жасайды;
5) азаматтық қорғау саласында ғылыми зерттеулер, білімді насихаттау, халықты және мамандарды оқыту ісін ұйымдастырады;
6) азаматтық қорғау саласында Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің орындалуын қамтамасыз етеді;
7) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау үшін ұйымдардың тізбесі жөнінде ұсыныстар әзірлейді, олармен мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды жеткізу және сақтау үшін шарттар жасасуға жәрдемдеседі;
8) жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын сақтау пунктерінің бейіні өзгертілген, олар қайта ұйымдастырылған, жекешелендірілген немесе таратылған жағдайларда жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру бойынша ұсыныстарды жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жолдайды, ол оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
9) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын қалыптастыруға және сақтауға ұйымдастырушылық көмек көрсетеді;
10) уәкілетті органмен келісе отырып, белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын қарызға беру және броньнан шығару туралы ұсыныстар енгізеді;
11) жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын сақтау бөлігінде жұмылдыру тапсырыстарын орындауға ұйымдармен шарт жасасады;
12) заңнамамен белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасының Үкіметіне жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын қалыптастыру және сақтау шығындарының көлемі мен құрылымы бойынша ұсыныстар енгізеді;
13) мемлекеттік органдардағы өрт қауіпсіздігінің жай-күйіне бақылауды қамтамасыз етеді, өрттердің алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізеді;
14) салаларда азаматтық қорғанысқа басшылық етуді жүзеге асырады;
15) ведомстволық бағынысты ұйымдарда азаматтық қорғаныс мүлкінің запастарын құрады және олардың сақталуына, жаңартылуына және қолдануға әзірлікте ұсталуына бақылауды жүзеге асырады;
16) жаһандық және өңірлік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша іс-қимылдар жоспарларын әзірлеуді және олардың бекітілуін ұйымдастырады;
17) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші, жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз етеді.
14-бап. Азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан
Республикасы Қорғаныс министрлігінің құзыреті
Қорғаныс министрлігі:
1) уәкілетті органды, ал жергілікті әскери басқару органдары арқылы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерін жауынгерлік дайындықтың тиісті деңгейіне келтіру туралы, сондай-ақ жұмылдыруды жариялау туралы хабардар етеді;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары негізінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс жүйесіне азаматтарды міндетті әскери қызметке шақыруды, сондай-ақ жұмылдыру бойынша шақыруды жүзеге асырады;
3) қазіргі зақым келтіру құралдарын қолдану салдарынан халықты және аумақты қорғау жөнінде, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі міндеттерді шешу кезінде уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды.
15-бап. Азаматтық қорғау саласындағы жергілікті
атқарушы органдардың құзыреті
1. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті ауқымдағы тиісті аумақта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға жауапкершілік тартады.
2. Азаматтық қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктеріне:
1) азаматтық қорғау саласындағы шаралар туралы халық пен ұйымдарды ақпараттандыру;
2) өз құзыреті шегінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтар мен қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне, қоршаған ортаға және объектілерге келтірілген зиянды өтеу;
3) мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары құрылмаған елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін, олардың материалдық-техникалық жабдықтандыруын ұйымдастыру;
4) қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсер етуі жағдайында адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншіктерін сақтау, қоғамдық тәртіпті қолдау, оларды оқшаулау шараларын орындау бойынша бар күштер, құралдар мен ресурстарды қатыстыра отырып, қажетті көмек көрсету;
5) азаматтық қорғаудың басқару жүйесін, күштері мен құралдарын құру және оларды үнемі әзірлік жағдайында ұстап тұру;
6) азаматтық қорғау құралымдарын даярлауды ұйымдастыру;
7) апаттарды, төтенше жағдайларды тергеуге қатысу;
8) азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі жергілікті бюджеттің атқарылуын бекітілген бюджет тағайынына сәйкес қамтамасыз ету;
9) төтенше жағдайлар салдарының жойылуынан кейін қоршаған ортаны сауықтыру, ұйымдар мен азаматтардың шаруашылық қызметін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
10) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғауға басшылықты жүзеге асыру;
11) азаматтық қорғаныс мүлігінің көлемін айқындау және оларды жинақтау, сақтау, жаңартып отыру және әзірлік жағдайында ұстау жөніндегі қажетті шаралар қабылдау;
12) уәкілетті органмен келісу арқылы азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының талаптарын, өрт, өнеркәсіптік, сейсмикалық, тасқынға қарсы, сел, көшкін және сырғыма қауіпсіздігі шараларын, пайдалы қазбаларды өндіріп шығаруды дамытудың болашағы және оның геологиялық құрылымдар тұрақтылығына әсерін қамтамасыз ете отырып, аумақтарды салуды жоспарлау, ғимараттар мен құрылыстарды салу және қолданысқа тапсыру;
13) кен өндірілетін аудандарда ғимараттар мен құрылыстардың беріктілігі мен орнықтылығын арттыру;
14) хабардар ету мен ақпараттандырудың техникалық құралдарын орналастыруды ұйымдастыру;
15) «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі мен азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі кіші жүйелерінің аудандардың, қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың авариялық қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
16) төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету;
17) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын бекіту;
18) дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет құрылмаған елді мекендердегі өрттерді сөндіру;
19) жергілікті атқарушы органдардың төтенше резервінен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларды жоюға қаражат бөлу;
20) аудандық хабардар ету жүйесін құрып, тұрақты әзірлікте ұстау;
21) төтенше жағдайларды болдырмау, адамдардың өмірін құтқару және денсаулығын сақтау, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарын жою және олардан болатын залалды азайту бойынша шараларды әзірлеу және қабылдау;
22) төтенше жағдай аймағында зардап шегушіге медициналық, оның ішінде дәрі-дәрмектік және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
23) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші, жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз ету жатады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында халықтың жергілікті маңызы бар мәселелерінің дербес шешілуін қамтамасыз ететін жергілікті өзiн-өзi басқарудың төтенше жағдайлар салдарының алдын алуға және оларды жоюға қатысуына жол беріледі. Жергілікті өзiн-өзi басқару органдарының ұйымдастыру және қызметінің тәртібін заңда белгіленген шекте азаматтардың өздері айқындайды.
4. Жергілікті өкілдік органдар олардың бұзылуы әкімшілік жауапкершілікті көздейтін төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, олардың алдын алу және жоюды қамтамасыз ету жөніндегі қағиданы қабылдайды.
16-бап. Ұйымның құқықтары мен міндеттері
1. Ұйым:
1) мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға азаматтық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды енгізуге;
2) оның объектілерінде болған авариялардың және өрттердің себептері мен мән-жайларын анықтау жөнінде жұмыстар жүргізуге;
3) заңнамада белгіленген шекте азаматтық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік және экономикалық ынталандыру шараларын белгілеуге;
4) азаматтық қорғау мәселелері жөнінде ақпарат алуға;
5) өз қаражаты есебінен қамсыздандырып отырған мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті заңда белгіленген тәртіпте құру, қайта құру және жоюға, сондай-ақ мұндай қызметті шарт негізінде қызметтестікке тартуға;
6) өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бағалауды жүргізуге;
7) белгіленген тәртіпте мемлекеттік билік және басқару органдарынан, кәсіпорындардан, мекемелер мен ұйымдардан төтенше жағдайлар көздері мен оларды жою шаралары туралы ақпарат алуға құқылы.
2. Ұйым:
1) азаматтық қорғау талаптарын сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлармен берілген азаматтық қорғау саласындағы талаптардың бұзушылықтарын жою жөніндегі нұсқаманы орындауға;
2) өнеркәсіптік және өрт сөндіру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеуге және жүзеге асыруға;
3) өртке қарсы насихат жүргізуге, сондай-ақ өрт сөндіру қауіпсіздігі шараларына өз қызметкерлерін оқытуға;
4) өртке қарсы қызметтің құрылуы міндетті ұйымдар мен объектілерде мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті, соның ішінде шарт негізінде жұмыс істейтін осындай қызметтерді құруға және оларды өз қаражаты есебінен қамсыздандыруға;
5) өрт сөндіру жүйелері мен құралдарын жарамды күйінде ұстауға, олардың мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеуге;
6) өрттерді сөндіру, олардың пайда болуы мен дамуының себептері мен шарттарын анықтау кезінде, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына және өрттердің пайда болуына кінәлі адамдарды анықтауда өртке қарсы қызметке көмек көрсетуге;
7) өртті анықтап табу және сөндірудің автоматты құралдарын ендіру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
8) Үкіметпен белгіленген тәртіпте ұйымдардың аумақтарындағы өрттерді сөндіру кезінде қажетті күштер мен құралдарды, жанар-жағар май материалдарын, сондай-ақ өрттерді сөндіру жөніндегі іс-қимылдарды орындауға қатысушы өртке қарсы қызметтің бөлімшелері және өрт сөндіруге жұмылдырылған күштер үшін азық-түлік және демалу орындарын ұсынуға;
9) өрттерді сөндіру, аварияларды жою кезінде, олардың пайда болуы мен дамуының себептері мен шарттарын анықтауға, сондай-ақ өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзуға және өрттер мен авариялардың пайда болуына кінәлі адамдарды анықтап табуға көмек көрсетуге, заңда белгіленген тәртіпте ұйымдар аумақтарында азаматтық қорғау органдары бөлімшелерінің өз қызметтік міндеттерін жүзеге асыра алуын қамтамасыз етуге;
10) өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жағдайы туралы, оның ішінде шығарылған өнімінің өрт қауіпсіздігі туралы, сондай-ақ олардың аумақтарында болған өрттер, авариялар мен олардың салдары туралы мәліметтерді және құжаттарды ұсынуға;
11) пайда болған өрттер, өртке қарсы қорғау жүйелері мен құралдарының ақаулықтары туралы, жолдар мен кіреберістер жағдайының өзгерістері туралы өртке қарсы қызметке дереу хабарлауға;
12) белгіленген тәртіпте ақпарат ұсынуға, қызметкерлерді және халықты төтенше жағдайлардың пайда болу қаупі туралы немесе пайда болуы туралы хабардар етуге;
13) заңда көзделген жағдайларда қызметкерлерге және өзге азаматтарға төтенше жағдайлардың салдарынан келтірілген залалды өтеуді қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлар салдарын жоюдан кейін қоршаған ортаны сауықтыру, азаматтар мен ұйымдардың шаруашылық қызметін қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар өткізуге;
14) жұмыскерлер мен өндірістік және әлеуметтік мақсаттағы объектілерді төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі қажетті шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға;
қауіпті өндірістік объектілері бар және (немесе) олардағы жұмыстарға тартылатын аттестатталған, жобалық және басқа да мердігерлік ұйымдар:
1) Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуы үшін өндірістік бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
3) заңнамада белгіленген мерзімде ғимараттардың өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізуге, тау жұмысын дамыту жоспарларын келісуге, қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын құрылыс және техникалық құрылғылардың, материалдардың диагностикасын, сынағын, жарамды-жарамсыздығын куәландыруды жүргізуге;
4) техникалық құрылғыларды, материалдарды пайдаланудың нормативтік мерзімі аяқталғаннан кейін олардың одан әрі қауіпсіз пайдаланылу мерзімін айқындау үшін сараптама жүргізуге;
5) белгіленген талаптарға сәйкес қауіпті өндірістік объектілерде лауазымды адамдар мен қызметкерлердің жұмыс істеуіне рұқсат беруге;
6) қауіпті өндірістік объектілерге бөтен адамдардың кіруіне жол бермеу жөніндегі шараларды қабылдауға;
7) авариялардың, инциденттердің пайда болу себептеріне талдау жүргізуге, қауіпті өндірістік факторлардың және олардың салдарының денсаулыққа зиянды әсер етуінің алдын алуға және жоюға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға;
8) авариялар және қауіпті өндірістік факторлардың пайда болуы туралы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшесін, жергілікті мемлекеттік басқару органдарын, халықты және қызметкерлерді дереу хабардар етуге;
9) авариялар, инциденттер есебін жүргізуге;
10) қауіпті өндірістік объектінің қаржылық-экономикалық қызметінің жоспарларын әзірлеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шығындарды қарастыруға;
11) қауіпті өндірістік факторлардың, жарақаттанудың және кәсіби аурудың зиянды әсері туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне ақпаратты ұсынуға;
12) Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты декларациялауға жататын қауіпті өндірістік объектiлер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға;
13) мемлекеттік инспекторды ол қауіпті өндірістік объектіде болған кезде қорғау құралдарымен, қауіпсіздік аспаптарымен қамтамасыз етуге және өз міндеттерін орындау кезінде өзге көмек көрсетуге;
14) пайдаланудың нормативтік мерзімін өтеген техникалық құрылғылардың, материалдардың уақтылы жаңартылуын қамтамасыз етуге;
15) осы Заңда белгіленген қауіпті өндірістік объектілерді декларациялауға;
16) белгіленген заңнамаға сәйкес қауіпті өндірістік объектінің қызметкерлер штатының жасақталуын қамтамасыз етуге;
17) өнеркәсіптік қауіпсіздігі саласындағы қызметкерлердің дайындығын, қайта даярлығын, біліктілігін арттыруды және білімін тексеруді қамтамасыз етуге;
18) өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясына сараптама жүргізуді қамтамасыз етуге;
19) кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен қызмет көрсету жөнінде шарт жасасуға және/немесе объектілі кәсіби авариялық-құтқару қызметтерді және құралымдарды құру;
Бұл ретте тек геологиялық барлау жұмыстары (көмірсутегі шикізатын геологиялық барлауды қоспағанда); бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізусіз жалпыға таралған пайдалы қазбаларды өндіру бойынша тау-кен жұмыстары жүргізіліп жатқан; жүк көтергіш механизмдері пайдаланылатын қауіпті өндірістік объектілер кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен қызмет көрсету туралы шарт жасасуға және/немесе объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құруға міндетті емес;
20) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қауіпті заттардың тасымалданатыны туралы үш тәулік ішінде жазбаша хабарлауға;
21) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде қауіпті өндірістік объектілерді есепке қоюды, есептен шығаруды жүзеге асыруға;
22) азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік инспекторымен немесе оның орынбасарларымен қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңартуға, консервациялауға және жоюға жобалық құжаттаманы келісуге;
23) қауіпті өндірістік объектілерді пайдалануға енгізу кезінде уәкілетті органның мемлекеттік инспекторының қатысуымен қабылдау сынақтарын жүргізуге;
24) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техникамен, жабдықпен, сақтандыру және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ете отырып, объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын әзірлікте ұстауға;
25) қауіпті өндірістік объектілерде болуы мүмкін аварияларды және олардың салдарын оқшаулау және жою бойынша іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға;
26) болуы мүмкін авариялардың, инциденттердің салдарын оқшаулау және жою үшін материалдық және қаржылық ресурстар резервтеріне ие болуға;
27) қауіпті өндірістік объектілерде авариялар, инциденттер болған жағдайда бақылау, хабардар ету, байланыс және іс-қимылдарды қолдау жүйелерін құруға және олардың тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етуге;
28) қауіпті өндірістік объектілерде аварияның, инциденттің болуы кезінде қызметкерлерді азаматтық қорғау және жасалынатын іс-қимылдар жөнінде оқытуды жүзеге асыруға;
29) жергілікті хабардар ету жүйелерін құруға және оларды тұрақты әзірлікте ұстауға (қауіптілігі ықтимал объектілер үшін жергілікті хабардар ету жүйесін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің диспетчерлік пунктіне техникалық қосу міндетті болып табылады);
азаматтық қорғаныс жөніндегі санатқа жататын объектілер иелері:
1) азаматтық қорғаныс жоспарларын әзірлеуге және оларды іске асыру бойынша басшылық етуді жүзеге асыруға;
2) объектілі сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеуге және бекітуге;
3) әскери қақтығыстарды жүргізу кезінде жұмыскерлер мен объектілерді қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
4) қызметкерлерді азаматтық қорғаныс бойынша оқытуды жүзеге асыруға;
5) ұжымдық және жеке қорғану құралдарын құруға және оларды тұрақты әзірлікте ұстауға;
6) өз объектілерінде авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуді ұйымдастыруға міндетті.
3. Өрт қауіпсіздігі мен өрт сөндіруді қамтамасыз ету ұйымдар басшыларына жүктеледі.
17-бап. Азаматтық қорғау саласындағы
қоғамдық бірлестіктердің құзыреті
Қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының заңнамасына және олардың жарғыларына сәйкес азаматтық қорғау, халықты, қоршаған орта мен объектілерді қорғау іс-шараларына қатыса алады.
Қоғамдық бірлестіктердің төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі қатысушыларының мемлекеттік аттестаттауын растайтын арнайы дайындығы болуы тиіс.
Қоғамдық бірлестіктер азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды жүзеге асыра алады.
Қоғамдық бірлестіктер республикалық, облыстық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарға төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықтың зілзаладан кейін қалпына келтірілуіне және шұғыл гуманитарлық көмек көрсетуіне жәрдемдесуі мүмкін.
Қоғамдық бірлестіктер өздерінің зілзаладан кейін қалпына келтіру көмегі мен шұғыл көмек көрсету жөніндегі қызметін уәкілетті органмен және оның аумақтық бөлімшелерімен үйлестіруі тиіс, олардың іс-қимылдары төтенше жағдайлар туындаған жағдайда олардың салдарын жою жөніндегі тиісті іс-қимылдар жоспарларында көрсетілуі керек.
18-бап. Азаматтық қорғау саласындағы жеке
тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
1. Жеке тұлғалар:
1) олар ұшырауы мүмкін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың қауіпті факторларының пайда болу қаупі және қажетті қауіпсіздік шаралары туралы хабардар болуға;
2) азаматтарды, объектілерді төтенше жағдайлардан және олардың салдарынан қорғау мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және жергілікті басқару органдарына жеке жүгінуге, жеке және ұжымдық өтініштерді жіберуге;
3) төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі іс-шараларға қатысуға, ұжымдық және жеке қорғану құралдарын, азаматтық қорғауға арналған басқа мүлікті пайдалануға;
4) қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіпте төтенше жағдайлар, өрт салдарынан олардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залалдың өтелуіне;
5) азаматтық қорғауды қамтамасыз етуге қатысуға;
6) төтенше жағдайлар туындаған жағдайда өмірінің, денсаулығының және жеке мүлкінің қорғалуына;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарақаттануына немесе ауруына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айрылған, асыраушысынан айрылған, жарақаттануынан немесе ауруынан қаза тапқан немесе қайтыс болған жағдайда, егер олар төтенше жағдайларды жою жөніндегі міндеттерді орындау салдарынан болса, әлеуметтік қамсыздандырылуға;
8) сотқа табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан олардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды өтеу туралы талап-арыз қоюға құқылы.
2. Жеке тұлғалар:
1) азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соқтыруы мүмкін авариялар, табиғи құбылыстар қаупі туралы тиісті органдарға хабарлауға;
3) «Баршаңыздың назарыңызға!» дабылы бойынша іс-қимыл тәртібін білуге және орындауға;
4) азаматтық қорғау жөніндегі оқудан өтуге;
5) тұрмыста және күнделікті еңбек және шаруашылық қызметте қауіпсіздік шараларын сақтауға, төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соғуы мүмкін өндірістік және технологиялық тәртіптің, қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол бермеуге;
6) өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін адамдарды, мүлікті құтқару және өрттерді сөндіру жөнiнде қолдан келген шараларды қабылдауға;
7) өндірістік қауіпті объектілердегі авариялардың, инциденттердің себептерін тексеру кезінде, сондай-ақ өртке қарсы қызметке өрттерді сөндіру кезінде ықпал етуге;
8) азаматтық қорғау органдарының ұйғарымдарын және өзге заңды талаптарын орындауға;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте азаматтық қорғау органдарына оларға тиісті өндірістік, шаруашылық, тұрғын және өзге үй-жайлар мен құрылыстарға азаматтық қорғау саласындағы бақылау мақсатында зерттеу және тексеріс жүргізу мүмкіндігін ұсынуға;
10) төтенше жағдайлар салдарын жою бойынша өткізілетін оқу-жаттығуларға және жаттығуларға қатысуға, халық пен объектілерді қорғау құралдарында құнтты қарауға міндетті.
3. Қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істейтін жеке тұлғалар:
1) өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға;
2) ұйым әкімшілігін, қауіпті өндірістік объектідегі авариялар, инциденттер туралы шұғыл хабарлауға, өрттердің болуын анықтаған жағдайда ол туралы өртке қарсы қызметке хабарлауға;
3) өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша оқытудан өтуге және нұсқау алуға, қайта даярлықтан, білім тексерісінен өтуге;
4) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың, инциденттердің себептерін анықтауға, сондай-ақ өртті сөндіру кезінде өртке қарсы қызметке көмек көрсетуге;
5) өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін адамдарды, мүлікті құтқару және өрттерді сөндіру жөнiнде қолдан келген шараларды қабылдауға;
6) азаматтық қорғау органдарының нұсқамаларын және өзге заңды талаптарын орындауға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте азаматтық қорғау саласын бақылау мақсатында азаматтық қорғау органдарына өздеріне тиесілі өндірістік, шаруашылық, тұрғын үйді және өзге үй-жайлар мен құрылыстарды зерттеуге және тексеруге ұсынуға міндетті.
4. Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар азаматтық қорғау саласында Қазақстан Республикасымен бекітілген халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен міндеттерге ие болады.
Достарыңызбен бөлісу: |