Қазақстан аумағын гидрогеологиялық аудандаудың Ұстанымдары мен әдістемелері



Дата15.06.2016
өлшемі57.1 Kb.
#138223
ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫН ГИДРОГЕОЛОГИЯЛЫҚ АУДАНДАУДЫҢ
ҰСТАНЫМДАРЫ МЕН ӘДІСТЕМЕЛЕРІ

Ахметов Ж.А., У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты

Жұматаев Б.К., Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Қазақстан Республикасының табиғи-климаттық және геологиялық-құрылымдық жағдайларының өзіндік ерекшеліктері, оның аумағында, жерасты суының қалыптасуы мен орналасуы ерекшеліктері бойынша өзгешеленетін үш гидрогеологиялық аймақты бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.

І – Қарқынды неотектоникалық қозғалыстар көрініс беретін тау-қатпарлы құрылымдар аймағы. Ол Солтүстік Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Сауыр-Тарбағатай және Алтайды қамтитын республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктерін алып жатыр. Орта-биік таулы жербедер дамыған аудандар негізінен арынсыз жарықшақты, сирек жарықшақты-желілі және жарықшақты-карстық сулардың қалыптасуымен сипатталады. Тауаралық және тауалды кеңістіктерін мезо-кайназойдың борпылдақ шөгінділерінде орналасқан артезиан алаптары алып жатыр.

ІІ – Тұтасып кеткен тау-қатпарлы құрылымдар аймағы. Ол Орталық Қазақстан ұсақ шоқылығында және Мұғалжар аласа таулы жүйелері аумағында орналасқан. Мұнда жарықшақтық, жарықшақтық-карстық және жарықшақтық-желілі арынсыз сулар қалыптасады. Үстеме құрылымдарда арынды жарықшақтық-қабаттық сулар анықталады. Грунттағы кеуекті сулар өзен аңғарларымен байланысты.

ІІІ – Платформалық аймақтар аймағы. Ол республиканың оңтүстік-батыс, батыс, солтүстік және солтүстік-шығыс бөліктерінде орналасып, Каспий маңы ойысы, Тұран және Батыс Сібір тақтасының оңтүстік шеті аумақтарын қамтиды. Бұл аймақ ірі артезиандық алаптарымен сипатталады, олардың қимасындағы қабаттық сулар әртүрлі жастағы теңіздік және терригендік түзілімдерге шоғырланған. Грунт сулары аллювиалдық, көлдік-аллювиалдық және эолдық шөгінділермен байланысты қалыптасқан.

Жалпы алғанда, гидрогеологиялық аудандау – жерасты суының таралуы мен қалыптасуының заңдылықтарының біркелкілігімен сипатталатын жер бетінің табиғи гидрогеологиялық телімдерін (бөліктерін) және Жер қойнауын (гелогиялық кеңістікті) бөліп шығару болып табылады. Қазақстан аумағын гидрогеологиялық аудандаудың ұстанымдары мен әдістері жерасты суларының таралуы мен қалыптасу заңдылықтарының анықталу дәрежесіне сай зерттелді. Енді осыған байланысты ғылыми көзқарастардың қалай дамығанын бақылайық.

Қазақстанның грунт суларын гидрогеологиялық аудандау У.М.Ахмедсафин бойынша [1] аумақты геологиялық-геоморфологиялық жіктеуге негізделді. Бұлай қарастыру гидрогеологиялық жағдайлары белгілі бір дәрежеде біркелкі аудандарды 4 гидрогеологиялық аймаққа (провинцияларға) топтастыруға мүмкіндік берді. Әрбір аймақ шегінде 1-дәрежелі гидрогеологиялық аудандар анықталған, олар аудандаудың негізгі бірліктері болып табылады. Барлығы 26 гидрогеологиялық аудан бөлініп көрсетілген. Бұдан кейін, бірталай аумақты алып жатқан және (немесе) күрделі жағдайлармен сипатталатын жеке гидрогеологиялық аудандар үшін 2-дәрежелі гидрогеологиялық аудандар (ауданшалар немесе белдемдер) қарастырылған. 2-дәрежелі аудандарды бөліп көрсетудің белгілері ретінде жербедердің геоморфологиялық типтері немесе климаттық белдемдер алынады. Кейбір екінші дәрежелі аудандар шегінде, таужыныстардың жасындағы және литологиялық құрамындағы айырмашылықтар негізінде гидрогеологиялық телімдер бөліп шығарылады.

Ж.С.Сыдықов, В.Ф.Шлыгина т.б. [6] Қазақстан аумағын гидрогеологиялық аудандауды геологиялық-құрылымдық ұстаным негізінде жүргізген. Бұл аудандаудың бірінші көрсеткіші аумақты сенімді, тұрақты негізбен қамтамасыз ететін, гидрогеологиялық алаптар мен алқаптардағы жерасты суының қоймалары болып табылатын тұтас геоқұрылымды қамтиды. Гидрогеологиялық аудандаудың екінші маңызды көрсеткішіне, жерасты суының негізгі арылу өңірлеріне қарай жерасты суының аймақтық бағытталуы, яғни алаптық көрсеткіш жатады. Үшінші маңызды көрсеткіш болып гидрогеологиялық қиманың типтері табылады, оларға әртүрлі реттегі геологиялық формацияның тік бағыттағы жиынтығы – гидрогеологиялық қабаттар, шоғырлар және олардың ұсақ бірліктері жатады.

Бұл аудандау әдістемесі авторларының пікірінше «гидрогеологиялық аудандаудың қарастырылған көрсеткіштерінің үш түрін ескеру барысында геологиялық құрылымдар мүлде жаңаша мазмұнға ие болады әрі көлемді-гидрогеологиялық (дұрысында, құрылымдық-гидрогеологиялық) қалыпқа енеді». Қазақстан аумағында бірінші дәрежелі гидрогеологиялық аудандардың әртүрлі типтегі гидрогеологиялық құрылымдар алқаптарына тән екі үлкен тобы бөлінген: олардың төртеуі гидрогеологиялық алқаптар шегінде, алтауы гидрогеологиялық алаптар шегінде жатыр.

Гидрогеологиялық құрылымдардың басты типтерінің аралығындағы шекара палеозойға дейінгі және палеозой таужыныстары ашылымдарының сұлбасы бойынша, ал оның ішіндегі гидрогеологиялық аудандар арасында – жерасты ағынының негізгі құрылымдық-морфологиялық су айырықтары бойынша жүргізіледі.

Екінші дәрежелі гидрогеологиялық аудандарды бөліп көрсету барысында негізге гидрогеологиялық қима типтері мен аумақтың барлық климаттық және морфологиялық ерекшеліктерімен бірге географиялық өзіндік қасиеттері алынған. Бұл әдістеме авторларының пікірінше, сипатталып отырған гидрогеологиялық аудандау сұлбасы ауыз сумен қамтамасыз ету, егістік суару, жайылымды суландыру және емдік мақсаттарға жарамды түрлі генетикалық типтегі жерасты суларының таралу аудандары мен стратиграфиялық интервалдарын анықтау және болжау мақсатында ірі гидрогеологиялық бөлімшелердің аражігін ажырату үшін объективті гидрогеологиялық негіз бола алады. Дегенмен, гидрогеологиялық аудандаудың бұл сұлбасы отандық геологиялық қызметтің өндірістік гидрогеологиялық ұйымдарында мақұлданған жоқ.

Қазіргі кезеңде Мемлекеттік су кадастры жүйесінде жерасты суларына мониторингтік зерттеулер жүргізетін республиканың барлық өндірістік ұйымдары өз тәжірибесінде Л.А. Островский, Б.Е.Антыпко, Т.А. Конюхова [4] ұсыныстары негізіне алынған аймақтық гидрогеологиялық аудандау сұлбасын қолданып келеді.

Бұл авторлар аймақтық гидрогеологиялық аудандау негізіне, геологиялық дамуының қайталанбайтындығымен және гидрогеологиялық процестердің белгілі бір бағыттылығымен ерекшеленетін, оқшауланған тектоникалық құрылымдардың геологиялық денелерін алып отыр. Мұнда типологиялық бірліктерге бөлінген аудандардың ішкі мазмұнын ашатын гидрогеодинамикалық, гидрогеохимиялық, гидрогеотермиялық белдеулік пен белдемділік, жерасты суларының химиялық типтерінің таралуы, су өткізгіштік т.б. сияқты гидрогеологиялық көрсеткіштер жатқызылады. Бұл әдістеме бойынша жерасты суларының алаптарын бөліп шығаруды және карталауды екі басты ұстаным бойынша жүргізу ұсынылған.

Біріншісі – құрылымдық-гидрогеодинамикалық – үш жетекші белгілерді ескереді: нақты гидрогеологиялық құрылымды құрайтын гидрогеологиялық сыйымдылық типтері, құрылымның гидрогеодинамикалық белдемділігі және жерасты ағынының бағыты. Гидрогеологиялық аудандау аймақтық аудандаудың бір біріне бағынышты келесі таксономиялық бірліктер жүйесінде жүргізіледі: аймақ, провинция, провинция бөлігі, облыс, облыс бөлігі, аудан, аудан бөлігі, телім, телімше.

Екіншісі – әртүрлі дәрежелі құрылымдардағы жоғарғы және төменгі гидрогеодинамикалық қабаттарды біріктіре-ажыратып бөліп шығару және картографиялау болып табылады.

Ұсынылған гидрогеологиялық аудандаудың осы ұстанымдары негізінде Қазақстан аумағында гидрогеологиялық құрылымдардың келесі негізгі типтері бөлініп шығарылған (В.А. Смоляр т.б., 2002)[5]:

– құрлықтық платформалардың Скиф–Тұран–Батыс Сібір және Шығыс Еуропа аймақтарының қабаттық, блоктық-қабаттық және блоктық жерасты суларының алабы;

– Жетісу–Тянь-Шань, Енисей–Алтай-Саян, Орталық Қазақстан және Таймыр–Орал қатпарлы белдеулерінің кеуекті-блоктық, қабаттық-блоктық, блоктық-қабаттық және қабаттық жерасты суларының алаптары.

Гидрогеологиялық аудандаудың сипатталған сұлбасын қолдану Қазақстан аумағы бойынша, 1:200 000 масштабтағы гидрогеологиялық түсірімдерден бастап жерасты суы кен орындарын барлау сияқты барлық гидрогеологиялық ақпаратты пайдалана отырып, жерасты суларының болжамдық қорларын нақтылауға мүмкіндік берді.

Қорыта айтқанда, Қазақстан аумағын аймақтық гидрогеологиялық аудандаудың мақалада келтірілген сұлбалары аудандаудың бірыңғай ұстанымдары мен сұлбаларын жете зерттеудің ғылыми-тәжірибелік өзектілігін растайды. Аудандаудың әртүрлі ұстанымдары мен ажырату белгілерін қолдану бір аумақтың өзінде бір бірімен салыстыруға келмейтін таксономиялық бірліктердің пайда болуына әкеліп соғады, екінші кезекте бұл оларға салыстырмалы талдау жасауды жоққа шығарады.



Сонымен бірге, өндірістің, ауыл шаруашылығының қандай да бір саласы үшін тәжірибелік маңызы бар нақты бір қолданбалы немесе ғылыми міндеттерін шешу барысында жүргізілетін арнайы немесе салалық гидрогеологиялық аудандаудың өзектілігіне де назар аудару қажет [2,3].

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет