Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Қарағанды техникалық университеті
Қазақстан халықтарының Ассамблеясы және
әлеуметтік – гуманитарлық пәндер кафедрасы
Барлық мамандықтардың студенттеріне арналған
«ФИЛОСОФИЯ» пәні бойынша
дәрістердің қысқаша жазбасы
Қарағанды 2020
Тақырып 1. Ойлау мәдениетінің пайда болуы.Философия пәні мен әдісі
Жоспар
Көзқарастың негізгі типтері: мифологиялық, діни, ғылыми,философиялық.
Философия мен көзқарастың арақатынасы
Философияның негізгі функциялары
Ертеректе философия пәні үш салаға бөлініп қарастырылатын:
1) диалектикалық материализм;
2) тарихи материализм;
3) этика, эстетика.
Бұл бөлімдер маркстік - лениндік философия қағидаларына сәйкес қарастырылған болатын. Қазір философия пәнін тұтас қарастыру тенденциясы мына салалар бойынша жіктеледі:
- Философия және оның тарихы;
- Әлемді философиялық тұрғыдан түсіну;
- Адамның іскерлік әрекетінің маңызы.
Оқу құралында жоғарыда көрсетілген алғашқы мәселені, яғни философияның тарихын негізге ала отырып, мынадай тақырыптарды қарастыруға болады:
1. Философияның пәні, бағыттары мен әдістері.
2. Ежелгі Шығыс және Антикалық философиясы.
3. Батыс Еуропалық және Араб- мұсылмандық ортағасырлық
философия.
4. Ренессанстық және Жаңа заман философия.
5. Ресейлік контекстегі Орыс философиясы.
6. Қазақ философиясы.
7. Кеңестік дәуірдегі Маркстік философия.
8. Қазіргі заманғы Батыс Еуропа философиясы.
9. Философиядағы болмыс мәселесі.
10. Философиядағы адам мәселесі.
11. Әлеуметтік философия.
12. Махаббаттың философиялық мәні.
13. Техника философиясы.
14. Диалектика және оның заңдары.
15. Философиядағы таным мәселесі.
Философия- адамзат баласының сонау ықылым заманнан басталған білімі, қоғамдық сананың формасы, болмыс пен танымның жалпы заңдылықтары туралы ілім. Кез келген адамды әлем, қоршаған орта, қоғам, дін, білім, саясат, мәдениет мәселелері бей-жай қалдырмайтыны айдан анық. Міне, іспеттес мәселелер философия пәнінің негізгі қарастыратын бөлімдері болып табылады. Философия сөзі грек тілінен аударылғанда – даналыққа деген махаббат мағынасын білдіреді. Б.з.д. 7-6 ғғ. Ежелгі Үнді, Қытай және Грек жерлерінде бір уақытта пайда болады. Мәліметтерге сүйенсек, «философия» сөзін алғаш рет қолданған Антика дәуірінің атақты философы және математигі Пифагор.
Философия дүниегекөзқарастың бір түрі. Дүниегекөзқарас – дүние туралы және адамның әлемдегі орны жайлы пікірлер жиынтығы. Тарихи тұрғыда қарайтын болсақ, дүниеге көзқарасы. Дүниегекөзқарас үш негізгі типтен тұрады: мифологиялық, діни, философиялық.
Мифология (гр. Myfos - аңыз, logos - ілім) – әлемді фантастикалық және ақиқат жағдайда түсінетін қоғамдық сананың бір түрі. Мифологиялық туындылар әлемінің қалыптасуы, жер, адам, тіршілік, өмір және өлім секілді мәселелер көп кездеседі. Мифтің ерекшелігі: табиғат құбылыстарына жан бітіру, фантастикалық құдайлардың болуы, олардың қарым-қатынасы, адамзат баласымен араласуы т.б.
Дін – бәрінен жоғары жаратушы күшке және оның қоршаған орта мен адам баласына әсері бар деп есептейтін сенім - нанымға негізделген көзқарас формасы. Діннің мифологияға ұқсастығы бар: әлемнің пайда болуы, жер бетіндегі тіршілік, адамның іс - әрекеті туралы адамгершілік - этикалық мәселелерді алға қояды. Қоғамды игі істерге шақыруда: мәдениеттің қалыптасуына әсер етуімен қатар адам баласын сыйласымдылыққа, әділеттілікке, төзімділікке тәрбиелеп, өзіндік парыз мәселесін түсіндіруде діннің атқарар маңызы ерекше.
Философия – дүниегекөзқарастың ғылыми-теориялық түрі. Философиялық көзқарас мифологиялық және діни көзқарастан айырмашылығы – нақты ұғымдарға категорияларға сүйене отырып логикалық ой қорыту ерекшелігінің бар болуы. Философия даму барысында үш кезеңнен өтті: космоцентризм, теоцентризм, антропоцентризм.
Космоцентризм - әлемді түсіндіруде ғарыштың шексіз сыртқы күшін қолдана отырып, ой тұжырымдау (философияның бұл кезеңі Ежелгі Үнді, Қытай және Ежелгі Грек жерлерінде көп таралды).
Теоцентризм - барлық тіршілік атаулыны жоғары жаратушы күш-Құдай арқылы түсіндіру (Ортағасырлық Еуропа философиясына тән ерекшелік).
Антропоцентризм - негізгі орталық мәселесі адам болып табылатын философиялық көзқарас (Қайта өрлеу дәуірімен жаңа заман, қазіргі замандық философиялық мектептерінде қарастырылады).
Философияның пайда болуы адамзат баласының білім деңгейі мен ой-санасының едәуір дамуына байланысты әлемді ғылыми тұрғыда түсінуімен орайлас дүниеге келді.
Сан қырлы табиғат құбылыстарының мәнін түсінуге тырысқан ойшылдардың философиялық көзқарастары - философия ғылымының беташары іспеттес болды. Алғашқы философиялық ойлардың формасы натурфилософиялық бағытта дамыды.
Философия пәні қоғамның дамуымен тығыз байланыста бола отырып, рухани өмірдің барлық қырларын қамтыды. Философияны алғаш рет ерекше теориялық білім ретінде жинақтап дәлелдеген ерте грек философы Аритотель (б.з.д. 384 - 322 жж.).
Философияның өз алдына ғылым болып қалыптасу барысында қарастыратын мәселелері де айқындала түсті: Онтология - болмыс туралы ілім (немесе дүниенің бастамасы жайында); гносеология - таным туралы ілім; аксиология - рухани құндылықтар туралы ілім; праксиология - адам шығармашылығы туралы ілім; антропология - адам туралы ілім; логика - дұрыс ой - қорыту жөніндегі ілім.
Философия пәнінің зерттейтін сұрақтары: болмыстың өмір сүру жағдайы, материя, оның фомалары, сана және санасыздық, адам, оның өмірдегі мәні мен әлемдегі алатын орыны, жан, адамның рухани өмірі, қоғам, табиғат, өркениет, экология, дүниені танып білу, қозғалыс, диалектика және оның заңдары.
Ф. Энгельстің тұжырымдауы бойынша философияның негізгі сұрағы – ойлаудың (сананың) болмысқа, рухтың материяға (табиғатқа) қатынасы. Міне, осы мәселеге байланысты қоршаған орта мен адамның әлемдегі алатын орыны айқындала түспек. Философияның негізгі пәні мен объектісі - адам және оның әлемдегі орны.
Философияның негізгі мәселесін (ойлау мен болмыстың арақатынасы туралы) сөз еткенде бұл сұрақтың екі жағы бар екенін ажырата білу керек.
Бірінші жағы: дүниенің негізі, бастамасы не - идея, рух па әлде материя ма деген онтологиялық (болмыс туралы ілім) сұрақ қояды.
Екінші жағы: адам баласы дүниені танып – біле алама, әлде танып – біле алмай ма деген гносеологиялық (таным туралы ілім) мәселе көтереді.
Философияның онтологиялық мәселесіне байланысты философияда негізгі екі бағыт пайда болды. Олар материализм мен идеализм.
Онтологиялық сұрақ – дүниенің бастамасы не, дүниенің негізі материя не сана, рухпа деген сұрақ төңірегінде мәселе қозғаса, ал гносеология – дүниені танып-білу мүмкін бе, әлде мүмкін емес пе деген сұрақ қояды.
Дүниенің алғашқы бастамасы, түп негізі не деген сұраққа жауап беру барысында философияда екі негізгі бағыт пайда болады, олар: материализм және идеализм.
Материалистік бағыт – дүниенің негізі кез келген бір материядан тұрады, материя – санаға тәуелсіз реалды өмір сүретін, өзіндік заңдылықтармен дамуға қабілетті деп тұжырымдайтын пікір.
Материя – адамның санасынан тыс, тәуелсіз өмір сүретін және санада бейнеленетін (сана арқылы сипаттауға болады) объективті шындық. Материя әлемде нақты өмір сүретін шексіз көп объектілер мен формалардың субстанциялық негізі болып табылады.
Материалист – философтар қатарына саналатындар: Фалес, Демокрит, Анаксимандр, Анаксимен, Эпикур, Бэкон, Локк, Спиноза, Дидро, Герцен, Чернышевский, Маркс, Энгельс, Ленин т. б.
Идеализм – философиясының негізгі мәселесін шешудегі материализмге қарама-қарсы бағыт, яғни материя мен сана қатынасында дүниенің бастамасы ретінде сананы (идеяны), рухты жақтайтын көзқарас.
Идеализм екі түрлі пікірге бөлінеді:
- Объективті идеализм (Платон, Лейбниц, Гегель),
- Субъективті идеализм (Беркли, Юм).
Объективті идеализм өкілдерінің тұжырымдауы бойынша тек қана реалды идея ғана бар, идея - алғашқы, барлық қоршаған орта, шындық - «идеялар әлемі» және «заттар әлемі» болып бөлінеді. «Идеялар әлемі» (эйдос) әлемдік зерде де өмір сүреді, «заттар әлемі» - өзіндік тіршілігі жоқ, жекеленген заттар Жаратушыға ғана тән құбылыс, «идеялар әлемі» санадан тәуелсіз өмір сүреді, себебі, адамның ойы, идея тіпті табиғаттың өзі абсолюттік идеяның, дүниежүзілік, әлемдік рухтың бір бөлшегі ғана, яғни дүниенің негізі – о дүниелік сана, «Абсолютті рух». Объективті идеализм әдетте теологиямен бірігіп кетеді де, діннің өзіндік бағыт алған философиялық негізі болып табылады.
Субъективті идеализм – бүкіл дүние біздің санамызда, субъектінің сана-сезімінің жасаған немесе біздің түйсіктеріміздің, алған әсеріміздің жиынтығы. Бұл жағдайда алғашқы бастамаға адамның санасы алынады да, сонан кейін барып одан табиғат шығарылады, соған орай заттар мен бүкіл дүниенің объективті өмір сүруі, олардың даму заңдылықтары теріске шығарылады, өйткені адам санасынан тыс материяда, рух та жоқ деген пікірді ұстанды.
Уақыт өте келе дүниенің бастамасы мәселесіне байланысты философияда бірнеше пікірлер қалыптаса бастады. Олардың қатарына: монизм, дуализм, деизм саналады.
Монизм (гр. Monos - біреу, жалғыз) – дүниенің алғашқы негізі ретінде бір ғана бастаманы мойындайтын философиялық ілім. Идеалистер үшін алғашқы бастама – идея, сана. Материалистер үшін материя алғашқы бастама болып табылады.
Дуализм (лат. Duo - екеу) - монизмге қарсы, дүниенің негізі екі бастамадан тұрады, екеуі бірін-бірі толықтырып отырады деп тұжырымдайтын пікір. Негізін салған Р.Декарт.
Деизм (лат. Dues-Құдай) – дүниенің негізін құдай жаратты, бірақ, адамның іс- әрекетімен қоғам өміріне араласпайды деп тұжырымдау. Негізін салған 17 ғ. ағылшын философы, лорд Чербери.
Философияның негізгі сұрағының екінші жағы дүниені танып - білу мәселесі екендігі жоғарыда айтылған болатын. Бұл мәселені қарастыру барысында қарама - қарсы көзқарастар пайда болды, олар философиядағы гностицизм және агностицизмдік көзқарастар.
Гностицизм (гр. Gnostos - білім) дүниені танып - білу мүмкіндігіне сенетін, мойындайтын ілім. Адамның санасы, зердесі дүниенің барлық қыр-сырларын танып-біле алады деп тұжырымдайтын философиялық көзқарас.
Агностицизм (гр. А - теріске шығару, Gnostos - білім) – дүниені танып-білу мүмкіндігін теріске шығаратын ілім. Терминді алғаш ағылшын жаратылыстанушысы Гексли енгізді.
Дүниеге философиялық көзқарастың мәні онтологиялық және гносиологиялық мәселелерді қарастырумен ғана шектеліп қоймайды. Әлемді философиялық тұрғыдан қараған кезде танып – білу барысында қандай әдіс қолданылатындығын естен шығармауымыз керек. Егер философия тарихына жүгінетін болсақ, бір-біріне қарама - қарсы екі ойлау әдісі - диалектика мен метафизикалық әдістерін аңғарамыз.
Диалектика (гр. Diolegomai – әңгімелесу, пікірлесу) – объективті шындықтың, табиғаттың, қоғамның, ойлаудың даму заңдылықтарын зерттейтін ілім. Антика дәуірінің өзінде - ақ дүниенің, тіршіліктің өзгермелілігін мойындап, шындық атаулыны үнемі дамып, өзгеріп отыратын процесс ретінде қабылдады. Осы жағдайларға байланысты кез келген нәрсенің бірлігі мен қарама-қайшылықтар күресінің қатынасын көрсетуде диалектиканың маңызы зор (Гераклит, Пифагоршылдар).
Метафизика. Ерте заманда бұл сөз өмірдегі барлық нәрсенің түп негізі туралы ілім деген мағынаны білдірген. Ал 16 ғ. бастап «Метафизика» терминімен қатар сол мағынада «Онтология» термині де қолданылады.
Метафизика – заттар мен құбылыстар бір - бірімен байланыссыз, қозғалмайтын, мәңгі - бақи бір қалыпты, ішкі қайшылықтары жоқ деп есептейтін философиялық ілім (сөзбе - сөз аударғанда – «физикадан кейінгі келетін» мағынасын білдіреді).
Философияның негізгі функциялары (қызметі): экспликациялық, рационализациялық, жүйелеу, сыншылдық, интегративтік, синтездеу, дүниеге көзқарастық, гносеологиялық, логикалық, гуманистік, аксиологиялық, тәрбиелілік.
Сана, рух және тіл
Жоспар
1. Антикалық философиясындағы рух пен парасаттың космологизмі және ортағасыр дәстүріндегі рух пен жанның теологиялық түсінігі.
2. Шәкәрім рух туралы (Шәкәрімнің үш анығы).
3. Сананың шыгу тегі мен мәні: негізгі концепциялары.
4. Сана құрылымы және бейсаналылықтың философиядағы негізгі концепциялары. (З.Фрейд, К.-Г.Юнг).
5. Қазақстандық тұлға санасының ашықтығы: әлемдік үрдістерді түсіну, өзгерістерге дайын болу, алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесінен үйренуге қабілеттілік.
Сана ‑ объективті шындықты бейнелеудің адамға ғана тән жоғары формасы, оның дүниеге және өзіне адамдардың қоғамдық‑тарихи қызметінің жалпыға бірдей формаларының жанама түріндегі қатынасының тәсілі. Сана объективті дүниені және өзінің жеке болмысын ой елегінен өткізуге белсене қатысатын адамның психикалық процестері бірлігін көрсетеді. Ол адамның еңбек, қоғамдық ‑ өндірістік қызметі процесінде пайда болады және сананың өзі сияқты байырғы, тілмен айтарлықтай байланысты. Адам туған бойдан алдыңғы ұрпақтардың қолымен жасалған нәрселер дүниесіне кезігеді және өзі оларды мақсатты түрде пайдалануды үйрену процесінде ғана қалыптасады. Оның шындыққа қатынасу тәсілі тікелей өз денесін икемдеуіне (жануарлардағы сияқты) емес, қайта басқа адамдармен қарым ‑ қатынасты ғана қалыптасатын затты іс ‑ қимыл дағдыларымен анықтайды.
Дүниеде ең ғажап, керемет құбылыс - адамның рухани дүниесі, сана, ой. Адамзат игілігіндегі барлық материалдық және рухани жетістіктер: зәлім құрылыстар, түрлі техникалық табыстар, өнер, дін, әдебиет, философия, ғылым - осылардың бәрі сол сананың құдіреті. Объективтік дүниеде сананың баламасы жоқ. Ол тек адамға ғана тән, сонда сана дегеніміз не? Ол қайдан, қалай пайда болады? Сана - бейнелеудің қасиеті. Бейнелеу - жалпы материяның қасиеті. Бейнелеудің негізінде бір құбылыстың екінші құбылысқа, бір дененің екінші денеге тигізген әсерінің салдары жатыр. Сана да сол әсердің нәтижесі.
Бейнелеудің ең жоғары түрі тіршілікке, өмірге байланысты биологиялық формасы. Ал енді тіршілік өмірдегі бейнелену формалары қандай? Ол да түрліше. Ең алғашқы қарапайым бейнеленуге тітіркену жатады. Ол барлық тірі организмдерге тән құбылыс. Орталық жүйке жүйесі бар организмде ол рефлекс тудырады.
Адам миына сыртқы дүниедегі түрліше ақпараттар қалай келеді? Ол сезім мүшелері арқылы қабылданады. Адамда бес түрлі сезім мүшелері бар: көру, есту, иіскеу, дәм сезу, тері түйсігі. Бес сезім мүшесі арқылы келген хабарды сезімдік бейнелеу дейміз. Сезім мүшелері адам миын сыртқы дүниемен байланыстырушы. Ол сезімдік формасы омыртқалы жануарлар да бар. Бірақ олардың түйсігі өз тіршілігіне сәйкес сыңаржақ дамиды, яғни өзіне қажеттіні ғана қабылдайды. Ал адамда сана, тіл арқылы өзінің сезім мүшелерінің мүмкіндіктерін жан - жақты дамытады. Ол сезім мүшелерін ақылға билетеді. Адамға микроскоп, телескоп, сейсмограф сияқты құралдар көмекке келеді. Сөйтіп, адам сезім мүшелері арқылы заттың қасиеттерін біледі. Бірақ заттың қасиеті әртүрлі болады. Затты бүтіндей, толық білу үшін оның қасиеттерін жан - жақты танып, түсіну қажет. Ол үшін таным - түйсіктен бірте - бірте ойлауға көтеріледі. Сана өзінің шығуы жағынан екінші. Бірақ сана енжар емес, белсенді, пәрменді рөлі бар құбылыс. Сонымен, адам миы түрлі түйсіктер арқылы келетін мәліметтерді орталық жүйке жүйесі қабылдап оны қорытады, белгілі ой тұжырымдарын жасайды. Сана қалай пайда болды деген сұраққа жауап біреу ғана: ол түйсік мүшелер арқылы объективті шындықты бейнелендіріп, оларды қорыту арқылы пайда болады. Оған түйсік, қабылдау, ойлау сияқты негізгі элементтердің жиынтығы кіреді.
Сана дүниені бейнелеп қана қоймайды, сонымен қатар оны өзгертеді, қолдан жасайды. Сана ең жоғары ұйымдасқан материя - мидың функциясы ретінде бірден пайда болған жоқ. Ол талай дәуірден өтті.
Сана-адам миы қызметінің жемісі. Бірақ ми жан - жануарларда да бар. Ал сана тек адам миының ғана жемісі. Оның пайда болуы екі факторға байланысты: бірі - еңбек, екіншісі - тіл. Адам санасы оның еңбек ету процесінде пайда болып, дамыды. Еңбек - еңбек құралын жасаудан, басқаша айтқанда, белгілі мақсатқа жетуде алғашқы адамдардың тасты қашап одан кесуге болатын, не соғуға болатын құрал жасаудан басталады. Ондай құралды табиғат жасамайды. Ол бір. Екіншіден, сол еңбектенген адамдар бір - бірімен түсіну үшін тіл керек болды. Тіл де бірден пайда болған жоқ. Оның алдында түрлі дыбыс, қимыл - әрекеттермен алғашқы адамдар бір - бірімен ұғысқан. Сана тілмен бірге дамиды.
Қарым ‑ қатынаста адамның өмірлік қызметі оның өзіне басқалардың да қызметі сияқтанады. Сондықтан да ол өзінің әрбір әрекетін басқа адамдарға ортақ қоғамдық өлшем арқылы бағалайды. Адам өзін өзінің өмірлік қызметінен және оның пәнінен бөліп қарап, оны тарихи жинақталған білімімен бағалайтындықтан, өзін объективті шындықтан, бөліп, қарама‑қарсы қояды. Адам объектілерге түсініп, ұғына қарайтындықтан оның дүниеге қатынасының тәсілі сана деп аталады. Қоғамдық ‑ тарихи заттың қызметі мен адамның сөзі тудыратын түсінік мән білімсіз санада болмайды. Заттың кез ‑ келген сезімдік бейнесі, кез келген түйсік немесе түсінік белгілі бір мән мен маңызға ие болғандықтан, ол сананың бөлігі болып табылады. Тілден байқалатын білім, мән және мағына адамның сезімін, еркі мен назарын және басқа психикалық актілерін біртұтас санаға біріктіріп, оларды бағыттап, саралап отырады. Тарих жинақтаған ілім, саяси және құқылық идеялар, өнер жетістіктері, мораль, дін және қоғамдық психиология тұтас қоғамның санасы болып табылады. Таптық қоғамдағы қоғамдық сананың формалары саясат, құқық, философия, мораль, өнердің болмысын бейнелей отырып, оған белсенді ықпал етеді. Қоғамдық сананың саяси және құқықтық формалары қоғамның экономикалық қатынасын саяси және құқықтық тілде, ал өнер ‑ көркемдік образдармен, мораль – адамдардың мінез ‑ құлқының белгілі принциптері мен ережелері түрінде бейнелейді.
Қоғамдық сана, қоғамдық және жеке сана, қарапайым және теориялық саналардың диалектикалық бірлігін құрайды. Қандай да бір қоғам болмасын, қоғамдық пікірді халықтың санасына сіңіру болып табылады. Жеке сана әрбір адамның жеке басына, өмір жағдайына, біліміне байланысты қалыптасады. Қоғамдық сананы да жеке адамдар жасайды.
Қарапайым сана күнделікті өмірден, әдет ‑ ғұрыптан пайда болады. Қарапайым сана ‑ табиғат пен өмір құбылыстарын күнделікті байқаудың нәтижесі. Ал теориялық сана, қоғамдық сананың жоғары санасына жатады. Теориялық санаға табиғат заңдылықтарын зерттейтін ғалымдар және саяси ‑ әлеуметтік теорияларды зерттеумен айналысқан адамдар аталған.
Сонымен, қоғамдық сананың формалары адамның практикалық іс ‑ әрекеттерінен байқалады. Қоғамдық сананың тарихи қалыптасқан формалары қоғамның рухани мәдениетінің құрамды бөлігі болып табылады.
Тіл – сана болмысының материалдық формасы, ақпаратты белгілеу (бекіту), сақтау, өңдеу, жеткізу үшін қызмет ететін таңбалар жүйесі, қатынас және әлеуметтік сабақтастықтың құралы
Табиғи тіл- адамның даму үрдісінде қатынас және танымның қажетті құралы ретінде спонтанно (ішкі себептермен) пайда болады (қазақ , орыс, қытай, неміс, ағылшын, француз және т.б. тілдер)
Жасанды тіл -белгілі мақсаттар үшін адаммен арнайы жасалынады (Морзе әліппесі, эсперанто, логика тілдері (языки программирования) және т.с.с.)
Достарыңызбен бөлісу: |