Төтенше жағдайлар
Мақсаты: 1. Балаларды табиғат апаттарынан қорғау жолдары.
2. Айтылған ережені дұрыс пайдалана алуға тәрбиелеу. Сабырлыққа, төзімділікке баулу.
3. Көшеде жүру тәртібін білгізу және көше қатынас ережелерін қайталау. Оқушыларды сақтыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Көшеде жүру ережесіне байланысты баспадан шыққан таблица. Оқушылардың өз қолдарымен салған суреттері. Қиылған жіңішке ұзын тілім қағаздарды еденге жапсырып, үлкен көше, жиекжол екі көшенің қиылысқан кескіні түсіріледі. Бағдаршамның оттарын қатты қағаздан қиып алып, оқушылар қолдарына ұстап тұрады.
Барысы:
Жүргізуші: Бағдаршам өмірімізді жазымнан сақтандыратын көмекшіміз. Оның сырын біліп, тіліп алу баршамызға керек.
1-оқушы: Әр оқушы көшеде жүру тәртібін өте жақсы білуі керек. Көшеде жүре білу машина астына түсуден, апаттан сақтайды.
2-оқушы: Көшеде жүру тәртібін орындамау көліктің жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Мысалы, жолаушылар жұмысқа, сабаққа, дәрігерге баруға кешігуі, фабрика, зауыттарға, дүкенге жүк мезгілінде апарылмауы, вокзалдарға, басқа қалаларға дер кезінде жете алмауы мүмкін.
Мұғалім: Біздің қаламызда, сол сияқты біздің еліміздің қала, ауылдарына бәріне ортақ көше қатынас ережесі енгізілген. Бұл ережені оқушылар да, үлкендер де, яғни барлық жүргізушілер де бұлжытпай орындауы керек.
Балалар, көшеге қараңдаршы, бірде-бір жүргізуші бағдаршамның қызыл оты жанғанда көшені кесіп өтпейді, жасыл шам жанғанша күтіп тұрады.
Балалар, сендер көшеде жүру ережесін білесіңдер ме екен, көрейік. Мынандай сұрақтарға жауап беріңдерші:
1. Жол жиек деген не?
1-оқушы: Адамдар жаяу жүретін көше жиегіндегі тар жол.
2. Жаяуға қай жермен жүруге болмайды?
2-оқушы: Көлік жүретін көшенің ортасымен жүруге рұқсат етілмейді.
3. Көшеде жүру тәртібін кім басқарады?
3-оқушы: Көшеде жүру тәртібін көрсететін бағдаршам. Суретін көрсетеді, қызметі туралы айтады.
Бағдаршамның қызыл отын көрсетіп: бағдаршамның қызыл оты жанғанда жүргіншіге де, көліктерге де тоқтап тұру керек.
Сары шам бағдаршам отының ауысуын көрсетеді. Бұл да жүруге болмайды. Бағдаршамның сары сигналын көрсетеді.
Сарыдан кейін жасыл сигнал жанғанда, жол ашық, жүруге болады.
4-оқушы: Көреген дәу қырағы,
Көшемізде тұрады
Ол бергенде команда,
Бағынамыз әманда!
Ашса кезек үш көзін,
Айтты деп ұқ үш сөзін.
1-оқушы: Тоқта!
2-оқушы: Сақтан!
3-оқушы: Жол ашық!
1-оқушы: Жүрме жолға таласып.
2-оқушы: Қызыл көзін ашқанда,
Сынық сүйем баспа алға!
3-оқушы: Сары көзін ашқанда,
Қарап қалма аспанға!
4-оқушы: Жасыл көзін ашқанда,
Өте бергін, жасқанба!
Бағдаршам сигналдарын қолдарына ұстап, кезегі келгенде көрсетіп тұрады.
4. Көше қиылыстарында қай жерлерден өтуге болады?
1-оқушы: Көшенің екінші көшемен қиылысқан жерінде немесе ақ жолақтары бар жерінде және бет алдындағы бағдаршамның жасыл сигналы жанған кезде өтуге болады.
Көрнекілігі көрсетіледі.
5. Бағдаршам жоқ көшелерден қалай өтеміз?
2-оқушы: Егер өтетін жерде бағдаршам болмаса, көшеден өте бере әуелі сол жаққа қараймыз. Көшенің орта тұсына жеткенде, оң жағымызға көз саламыз. Егер ол жақтан машина келе жатса, өтіп кеткенше, сол орында күте тұрамыз.
Оқушы қалай өтетінін көрсетеді.
Мұғалім: Балалар, сендер Дұрыс және Бұрыс атты екі оқушының көшеде қалай жүретінін көрсетіңдер. Екеуі қайсысы көшеде жүру тәртібін білмейді. Аңғарып отырыңыздар!
Екі оқушы жиекжолмен жүріп келеді. Бұрыстың түймелері салынбаған, қалай болса солай киінген, ал Дұрыс таза, тап-тұйнақтай, жиекжолдың оң жағымен жүріп келеді. Бұрыс тротуардың сол жағымен келе жатыр. Жолда қария әжейді қағып кетеді, кешірім сұрауды да ұмытады.
Мұғалім: Балалар, Дұрыс пен Бұрыс қайсысы қателіктер жіберді және қандай қателіктер?
3-оқушы: Бұрыстың үсті-басы кір, киімі алқам-салқам, өзіне мән бермейді екен. Қарияны қағып кетіп, кешірім сұраған жоқ.
Мұғалім: Не себепті кісін қағып кетті?
4-оқушы: Көшеде жүру тәртібін білмейді. Жикежолда дұрыс жүрген жоқ.
Мұғалім: Ал жиекжолда қалай жүру керек?
5-оқушы: Жиекжолдың оң жағымен жүру керек, сол жағымен жүруге болмайды.
Мұғалім: Онда тағы қалай жүруге рұқсат етілмейді?
6-оқушы: Төрт-бес адам қатар жүруге рұқсат етілмейді?
Жиекжолда қалай жүруді екі команда көрсетеді.
Мұғалім: Аялдамада тұрған көлікті яғни машина, автобусты қалай айналып өту керек?
7-оқушы: Аялдамада тұрған автомобиль, автобус немесе троллейбусты тек сырт жағынан айналып өту керек.
Жүргізуші: Балалар, сендер Тұманбай Молдағалиевтің «Болар бала еді ол» деген өлеңін тыңдап көріңіздерші.
Мұғалім: Бұл өлеңде балалар, сендер кейбір жақсы оқитын оқушылардың көшеде жүру тәртібін сабақта жақсы біліп, өте жақсы жауап бергенімен былай шыға бере ұмытатынын, сондай оқушының бірі – Арман қандай жағдайға ұшырағанын естисіңдер.
1-оқушы: Жаудыраған көздері,
Қарақаттай қара еді.
Ойлап айтар сөздерін,
Ойшыл болар бала еді.
Ары-бері өткенде,
Бізге сәлем үзбейтін.
Өзінен сәл үлкенді,
«Сен» демейтін «сіз» дейтін.
2-оқушы: Әр жыл сайын оқудан,
Мақтау қағаз алатын.
Оқығанын тоқыған,
Болар бала болатын.
Өсе келе ғылымға,
Жақын болар дейтін ем.
Жайнап өсер шағында,
Ақын болар дейтін ем.
3-оқушы: Жұртты аузына қаратқан.
Ғалым болар дейтін ем.
Аты әрбір тарапқа,
Мәлім болар дейтін ем.
Көзіме жас сүзілді,
Келе алмадым көмекке.
4-оқушы: Добын қуып көшеде,
Жел болып ол ұшыпты.
Машинаның астына,
Абайсызда түсіпті.
Өшіп қалған отындай,
Жатыр бала сәл жанып.
Шофер да тұр дел-сал боп,
Жүзін қара тер жауып.
5-оқушы: Ана байғұс аңырап,
Айқайлап қатты жылады.
Бақыт лағып жамырап,
Үй қаңырап бос қапты.
Әкесі кеп еңкілдеп,
Бала үстіне құлады.
Екі иығы селкілдеп,
Өксіп-өксіп жылады.
6-оқушы: Арман еді ұл аты,
Лайық еді атына.
Ата-анасын жылатып,
Көзін жұмды қапыда.
7-оқушы: Одан бері зуылдап,
Талай-талай жыл өтті.
Жасыл көше дуылдап,
Қуантады жүректі.
8-оқушы: Тұрды талай жаңа үйлер,
Сәні болып қаланың.
Туды талай сәбилер,
Үміті боп ананың.
9-оқушы: Жыламасын аналар,
Жас ұландар, өсе бер.
Сақ болыңдар, балалар,
Сақ жүріңдер көшеде!
Мұғалім: Арман не себепті қаза болды?
Оқушылар сұраққа толық жауап береді. Бұдан кейін оқушылар автобусқа қалай кіреміз және түсеміз, соны айтып, көрнекі түрде көрсетті. Оқушылар «Балдырған» журналынан осы көшеде жүру ережесіне байланысты тауып оқыған әңгімелерін тәрбие сағатында оқып береді. «Көрегенді бала», «Қос билет», «Аршашы» т.б. көше қатынасы ережесін сөз ететін орыс тілінде бірнеше өлең жолдарын оқушылар кезекпен мәнерлеп айтып шықты. Мұғалімнің айтқан жұмбақтарын шешті.
1. Бір тұлпар су ішпейді,
Есіркеп ешбір адам жемдемейді.
Жүк емес жануарға жүз адам да,
Доғасын сымына сүйреп, жол жөнейді.
(Трамвай)
2. Арқаным тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім.
(Жол)
3. Қозғалмасаң құлайды,
Сүйемесең сұлайды.
Құйымшақта ері бар,
Бұл не деген жануар?
(Велосипед)
4. Бұйырмапты бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар ма бірақ та.
(Бағдаршам)
Бұдан кейін оқушылар өздерінің бағдаршам туралы іздестіріп тапқан жұмбақтың жауаптарын кезегімен айтады.
1. Сөйлегенді білмейді,
Бірақ тоқта, жүр дейді.
2. Әйгілі үш сөзді,
Бір дәу тұр үш көзді.
Оған жас-кәріміз,
Бағындық бәріміз.
3. Менің үш көзім бар,
Бір көзім: «Кідір» дейді,
Бір көзім: «Жүгір» дейді,
Бір көзім: «Абайла» дейді.
«Қарап ал майға» дейді.
Қорытынды
Мұғалім: Тәрбие сағатының соңына конкурсқа түскен, жүлделі орынға ие болған оқушыларға ата-ана комитеті атынан сыйлық берілді. Тәрбие сағатына белсене қатысып, ізденгіштік қабілетін көрсеткен оқушылар аттары аталып өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |