Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысы


Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылатын көтермелеулер



бет2/4
Дата01.07.2016
өлшемі230 Kb.
#171061
1   2   3   4

Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылатын көтермелеулер

42. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылады:

1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастау;

2) алғыс жариялау;

3) грамотамен, бағалы (соның ішінде атаулы) сыйлықпен немесе ақшалай сыйлықақымен наградтау;

4) Қарулы Күштердің үздігі кеуде белгісімен наградтау;

5) әскери бөлімнің (кеменің) Құрмет кітабына енгізу;

6) кезекті әскери атағын мерзімінен бұрын беру;

7) кезекті әскери атағын атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір сатыға жоғары беру.

43. Әскери оқу орындарында, осы Жарғының 42-тармағында аталған көтермелеулерден басқа, әскери оқу орнын алтын медальмен аяқтаған тыңдаушылардың тегін Құрмет тақтасына жазу, сондай-ақ көтермелеу ретінде әскери оқу орнын оқудағы ең үздік көрсеткіштерімен аяқтаған бірінші, екінші және үшінші тыңдаушыларды айқындау қолданылады.



Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты келісімшарт бойынша әскери

қызметшілерге көтермелеулер қолдану жөніндегі құқықтары

44. Бөлімше командирінен бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бас сержантына дейін сержанттар (старшиналар) лауазымдарындағы командирлердің (бастықтардың) бағынысындағы сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарындағы келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге:

1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;

2) алғыс жариялауға құқығы бар.

45. Взвод командирінің (топ командирінің), рота (4-дәрежелі кеме) командирінің және батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің:

1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;

2) алғыс жариялауға құқығы бар.

46. Жеке батальон (2-дәрежелі кеме) командирінің, полк, бригада (1-дәрежелі кеме) командирінің, өңірлік қолбасшылық әскерлері, әскер тегі қолбасшысының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрі бас қолбасшысының осы Жарғының 42-тармағында көрсетілген, офицерлерге қатысты 6) және 7) тармақшаларда көрсетілгендерден басқа, барлық көтермелеу түрлерін қолдануға құқығы бар.



Көтермелеулерді қолдану тәртібі

47. Командирлер (бастықтар) көтермелеулерді жекелеген әскери қызметшіге қатысты, сондай-ақ бөлімшенің, әскери бөлімнің (кеменің) барлық жеке құрамына қатысты қолдануы мүмкін.

Көтермелеу түрін айқындаған кезде әскери қызметшінің сіңірген еңбегінің немесе ерекшелігінің сипаты, сондай-ақ оның әскери қызметке деген бұрынғы көзқарасы назарға алынады.

Әскери қызметшінің дәл сондай ерекшелігі үшін тек бір көтермелеу жариялана алады.

48. Тәртіптік жазасы бар әскери қызметші бұрын қолданылған жазасын алып тастаумен көтермеленеді. Тәртіптік жазаны алып тастау құқығы жазаны қолданған командирге (бастыққа), сондай-ақ жоғары тұрған тікелей бастыққа тиесілі болады.

Көтермелеу түрінде бір уақытта тек бір тәртіптік жазаны алып тастау мүмкін болады, бұл ретте көтермелеудің осы түрімен көтермелеулердің басқа түрлері қолданылмайды.

Командирдің (бастықтың) тәртіптік жазаны өзінің тәрбиелік рөлін атқарса, әскери қызметші жаңа теріс қылық жасамаса және өз тәртібін әскери борышын адал орындаумен түзесе, оны алты ай өткенге дейін алып тастауға құқығы бар.

49. Көтермелеу - алғыс жариялау - жекелеген әскери қызметшіге қатысты, сондай-ақ бөлімшенің, әскери бөлімнің барлық жеке құрамына қатысты қолданылады.

50. Көтермелеу - әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге босату - мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне, сондай-ақ әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) қатысты қолданылады және әскери қызметшінің мүдделерін ескере отырып, әскери бөлімнің командирі (бастық) белгілеген күндерде жүргізіледі.

51. Көтермелеу - грамотамен, бағалы сыйлықпен наградтау - барлық әскери қызметшілерге қатысты қолданылады. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, бұдан басқа, ақшалай сыйлықақымен де наградталуы мүмкін. Грамотамен, бағалы сыйлықпен немесе ақшалай сыйлықақымен наградтау алғыс жариялаумен бір уақытта қолданылуы мүмкін, бұл ретте грамотамен жекелеген әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық жеке құрамы наградталады.

52. Көтермелеу - әскери қызметшінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындауы туралы және алған көтермелеулері туралы хабарлау - мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қолданылады, бұл ретте әскери қызметшінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындағаны туралы және алған көтермелеулері туралы мақтау қағазы жіберіледі.

53. Көтермелеу -»"ефрейтор" ("аға матрос") әскери атағын беру, әскери атағын мерзімінен бұрын беру, атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір сатыға жоғары кезекті әскери атақ беру - мемлекетті қорғау, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқару немесе әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жоғары моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиет танытқан, жауынгерлік даярлықта және әскери тәртіпті нығайтуда үздік көрсеткіштерге қол жеткізген әскери қызметшілерге қатысты қолданылады.

54. Көтермелеу - әскери қызметшіні әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке суретімен наградтау - мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қолданылады.

Осы көтермелеу қолданылатын әрбір әскери қызметшіге әрқайсысының сыртқы жағында - кімге және не үшін тапсырылғаны туралы мәтін жазылған екі фотосурет (әскери қызметшілер салтанатты нысанда қарумен суретке түседі) тапсырылады. Фотосуреттің сыртқы жағындағы мәтін командирдің (бастықтың) қолымен және әскери бөлімнің елтаңбалы мөрімен расталады.

55. Қарулы Күштердің үздігі кеуде белгісімен жауынгерлік даярлықта (оқуда), қызметтік-жауынгерлік әрекетке жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртібі бар әскери қызметшілер наградталады.

56. 10 тәулікке дейін қысқа мерзімді демалыс беру - жауынгерлік даярлықта үздік көрсеткіштері бар мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты қызметтегі ынта-жігері мен ерекшелігі үшін қолданылуы мүмкін.

Бөлімшелер (экипаждар, есептоптар) командирлері, взводтар командирлерінің орынбасарлары, роталар (командалар) старшиналары лауазымдарын атқарып отырған мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қысқа мерзімді демалыс жауынгерлік даярлықта, үлгілі әскери тәртіпте және өздеріне бағынысты жеке құрамды тәрбиелеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген кезде беріледі.

Көтермелеу тәртібінде қысқа мерзімді демалыс жарияланғаннан күннен бастап бір ай мерзімінен кешіктірілмей және көтермелеу жарияланған әскери бөлімде берілуі тиіс.

57. Көтермелеу - әскери бөлімнің (кеменің) Құрмет кітабына енгізу мыналарға қатысты:

1) жауынгерлік даярлықта үздік көрсеткіштерге қол жеткізген, қызмет өткеру кезінде мүлтіксіз тәртіптілік пен жоғары саналылық танытқан соңғы оқу кезеңіндегі мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне - оларды запасқа шығару алдында, ал әскери (арнаулы) оқу орындары мен оқу бөлімдерінің курсанттарына (оқушыларына, тыңдаушыларына) - оқу аяқталғаннан кейін;

2) Қарулы Күштердегі мүлтіксіз қызметі үшін, сондай-ақ әскери борышын орындау кезінде ерекше көзге түскен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге - олардың әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімі ішінде қолданылады.

Көрсетілген көтермелеуді жариялаған кезде әскери қызметшіге әскери бөлімнің (мекеменің) Құрмет кітабына әскери қызметшінің тегін енгізу туралы әскери бөлім (кеме) командирінің қолы қойылған мақтау грамотасы тапсырылады, одан басқа мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерінің туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына хабарланады.

58. Көтермелеу сап алдында немесе әскери қызметшілер жиналысында жарияланады.

Көтермелеулер туралы бұйрықтарды жариялау, сондай-ақ ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге наградалар тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі.

Көтермелеулер туралы бұйрықты жариялаумен бір уақытта әскери қызметшілерге грамоталар, бағалы сыйлықтар немесе ақшалай сыйлықақылар, әскери қызметшілердің әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке фотосуреті, Қарулы Күштердің үздігі кеуде белгісі тапсырылады, сондай-ақ туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын оның үлгілі орындағаны туралы және алған көтермелеулері туралы жіберілетін хабарламаның мәтіні оқылады.

3-тарау. Теріс қылықтар мен жазалар

59. Жазалар әскери қызметшілерге олардың теріс қылық жасағаны үшін қолданылады. Теріс қылықтар мынадай түрлерге бөлінеді:

1) жеңіл:

2) елеулі;

3) ауыр.

60. Әскери қызметшінің елеулі теріс қылықтары, оны жасағаны үшін босату көзделетін теріс қылықтан басқа, әскери қызметшіге ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрінде жаза қолдануға әкеп соқтыратын әскери қызметші алғаш рет немесе бұрын салынған жазасын алғаннан кейін жасаған теріс қылық болып табылады.

61. Елеулі теріс қылық оны жасағаны үшін әскери қызметшіге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде жаза қолдануға әкеп соқтыратын ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрінде бұрын салынған алынбаған жазасы бар кезде алты ай ішінде әскери қызметші қайтадан жасаған теріс қылық болып табылады.

62. Ауыр теріс қылық оны жасағаны үшін Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес заң негіздері бойынша босату көзделген теріс қылық болып табылады.

63. Жеңіл теріс қылық жасаған және жаза қолдану мақсатсыз болған кезде командир (бастық) әскери қызметшіге әскери тәртіпті қатаң сақтаудың қажеттілігі туралы ескерту жасаумен шектелуі мүмкін.

64. Алдын алу мақсатында әскери қызметшілердің теріс қылықтары командирдің (бастықтың) шешімі бойынша:

1) сарбаздар мен матростар - жеке құрамның жиналыстарында;

2) сержанттар (старшиналар) - сержанттардың (старшиналардың) жиналыстарында;

3) офицерлер - офицерлер жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.

Полктер, бригадалар, оларға тең және одан жоғары сержанттар лауазымдарында әскери қызмет өткеретін келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің теріс қылықтары жоғары тұрған әскери басқару органдарының сержанттар жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.

Аға офицерлердің теріс қылықтары тек аға офицерлер мен одан жоғарылардың жиналыстарында, жоғары офицерлердің теріс қылықтары - тек жоғары офицерлердің жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.

65. Кейінге қалдыруды күтпейтін ерекше жағдайларда әскери қызметші оның жауапкершілігі туралы мәселені шешкенге дейін лауазымынан уақытша шеттетілуі мүмкін. Әскери қызметшілерге лауазымынан уақытша шеттету ол жасаған теріс қылық оның қызметтік міндеттерін атқаруға немесе басқа әскери қызметшілердің әскери қызмет міндеттерін атқаруына кедергі келтірген не әскери қызметшінің лауазымдық міндеттерін атқаруы оның теріс қылық жасауының мән-жайын жан-жақты, толық, объективті және уақтылы анықтауға, оның жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға кедергі келтіретін (келтіруі мүмкін) жағдайларда қолданылуы мүмкін.

66. Әскери қызметшіні лауазымынан оларды лауазымға тағайындау құқығы берілген командирлер (бастықтар) шеттетеді.

Бағынысындағыны лауазымынан шеттеткен бастық (командир) лауазымынан шеттетуді тудырған себептер мен мән-жайларды нақты жазып, бұл туралы команда бойынша баяндауға, сондай-ақ әскери прокуратура органдарына хабарлауға міндетті.

Бағынысындағыны оған жеткілікті негіздерсіз лауазымынан шеттеткен командир (бастық) ол үшін тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады.

Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының

курсанттарына (оқушыларына) қолданылатын жазалар

67. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) теріс қылықтар жасағаны үшін жазалардың мынадай түрлері қолданылуы мүмкін:

1) ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс.

Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты мерзімді әскери

қызметтің әскери қызметшілеріне жазалар қолдану құқықтары

68. Бөлім командирінен бастап, оған тең және одан жоғары лауазымды адамдар оларға бағынысты мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты осы Жарғыдағы жазаларды толық көлемде қолдану құқығын пайдаланады.



Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге

қолданылатын жазалар

69. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жазалардың мынадай түрлері қолданылуы мүмкін:

1) ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс;

4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;

5) әскери қызметтен теріс себептер бойынша босату.

Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты келісімшарт бойынша

әскери қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану құқықтары

70. Бөлімше командирінің, взвод командирі орынбасарының (команда старшинасының), взвод сержантының оларға бағынысты келісімшарт бойынша әскери қызметшілер - сарбаздарға (матростарға), сержанттарға (старшиналарға) мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:

1) ескерту;

2) сөгіс.

71. Рота старшинасының (боцманның), рота аға технигінің (технигінің), рота, батальон, полк, бригада, өңірлік қолбасшылық, әскер тегі, Қарулы Күштер түрі сержантының, Қарулы Күштер бас сержантының, взвод (топ) командирінің, рота (4-дәрежелі кеме) командирінің, батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің оларға бағынысты келісімшарт бойынша әскери қызметшілер - сарбаздарға (матростарға), сержанттарға (старшиналарға) мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:

1) ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс.

72. Рота (4-дәрежелі кеме) командирінің оған бағынысты офицерлерге мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:

1) ескерту;

2) сөгіс.

73. Батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің оған бағынысты офицерлерге мынадай жазалар қолдануға құқығы бар:

1) ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс.

74. Жеке батальон, оған тең және одан жоғары командирдің олардың бағынысындағы келісімшарт әскери қызметшілерге мынадай жазаларды қолдануға құқығы бар:

1) ескерту;

2) сөгіс;

3) қатаң сөгіс;

4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту.

75. Теріс дәлелдер бойынша әскери қызметтен босату түріндегі жаза Келісімшарт жасасу, әскери қызметшілер мен әскери міндеттілерді әскери лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, босату, шығару, сондай-ақ оларға уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын әскери атақтар беру туралы бұйрықтар шығаруға құқығы бар лауазымды адамдардың тізбесіне сәйкес лауазымды адамдар қолдануға құқылы.

Жауапкершілікке тарту тәртібі

76. Теріс қылық жасаған әскери қызметшіге осы Жарғыда айқындалған, әскери қызметшінің әскери атағына және кінәліні тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдайтын командирдің (бастықтың) тәртіптік құқықтарына сәйкес келетін жазалар ғана қолданылуы мүмкін.

77. Әскери қызметшілердің топпен жасаған теріс қылық жасау кезінде жазалар әрбір кінәліге оның жауапкершілік шараларына байланысты жеке қолданылады.

78. Мас күйде болатын әскери қызметшіге жаза қолдану, сондай-ақ одан қандай да бір түсінік алу ол айыққанға дейін кейінге қалдырылады.

79. Дәл сол теріс қылығы үшін бірнеше жаза қолдануға немесе бір жазаны басқасымен байланыстыруға, тікелей кінәлілерді жазалаудың орнына бөлімшенің барлық жеке құрамына жаза қолдануға тыйым салынады.

80. Жаза қолдану теріс қылық жасаған әскери қызметшіні оны орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жаза қолданылған міндеттерді атқарудан босатпайды.

81. Егер командир (бастық) бағынысындағы жасаған теріс қылықтың ауырлығын ескере отырып, оған берілген тәртіптік құқықтарды жеткіліксіз деп санаса, ол аға командирдің (бастықтың) билігімен кінәліге жаза қолдану туралы өтініш жасайды.

82. Аға командирдің (бастықтың) кіші командир (бастық) қолданған тәртіптік жазаны қатаңдық себебі бойынша алып тастауға немесе төмендетуге, егер соңғысы оған берілген билікті асыра пайдаланбаса, құқығы жоқ.

83. Егер аға командир (бастық) осы жазаның жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес келмейтінін тапса, онда кіші командирдің (бастықтың) қолданған тәртіптік жазасын алып тастауға және неғұрлым қатаң жаза қолдануға құқығы бар.

Жаза заңсыз қолданылған жағдайда ол аға командирдің (бастықтың) билігімен алынып тасталуы мүмкін. Өзіне берілген тәртіптік құқықтарды асыра пайдаланған, сондай-ақ заңсыз жаза қолданған командир (бастық) ол үшін тәртіптік немесе өзге де жауаптылықта болады.

84. Әскери қызметшіге жаза қолдану оны заңмен көзделген жауапкершіліктің басқа да түрлерінен босатпайды.

85. Әскери қызметшілерге қолданылатын жазалар олар жасаған теріс қылықтың ауырлығына және олардың кінәсінің дәрежесіне сәйкес келуі тиіс.

Егер кінәлі бірқатар теріс қылық жасаған немесе әскери тәртіп пен қоғамдық тәртіпті топпен бұзуға қатысқан болса, егер теріс қылық жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызметті өткеру уақытында және қызметтік міндеттерді атқару кезінде немесе алкогольдік немесе өзге де мастық күйде жасалған болса, жазаның қатаңдығы арттырылады.

86. Тәуліктік наряд құрамына кіретін (жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет өткеретін) әскери қызметшіге қызмет өткеру уақытында оның жасаған теріс қылықтары үшін жаза қолдану нарядтан (жауынгерлік кезекшіліктен, жауынгерлік қызметтен) ауысқаннан немесе оны басқа әскери қызметшімен ауыстырғаннан кейін жүргізіледі.

87. Әскери қызметшіге жаза қолдану кезінде оның жеке ар-намысын кемсітуге, оған дене және моральдық қасірет келтіруге және оған қатысты дөрекілік көрсетуге жол берілмейді.

Қызметтік тексеру жүргізу тәртібі

88. Қызметтік тексеру теріс қылық жасаудың мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу, оны жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау, кінәлілерді белгілеу және жазадан құтылмаушылық принципін қамтамасыз ету не әскери қызметшіні жауапкершілікке негізсіз тартуды болдырмау мақсатында жүргізіледі.

89. Қызметтік тексеру жүргізу үшін:

1) баянаттар, арыздар, шағымдар мен хаттар;

2) құқық бұзушылық пен оқиғалар фактілері;

3) ревизиялар қорытындылары;

4) әскери бөлімнің оқу, жауынгерлік және қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын тексеру нәтижелері;

5) алдын ала анықтау, тергеу және сот органдарының хабарламалары;

6) лауазымды адамдардың, ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары;

7) әскери қызметшіні сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамада көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешу үшін уәкілетті органдардан келіп түскен материалдар негіз болуы мүмкін.

90. Қызметтік тексеру әскери бөлім командирінің бұйрығымен тағайындалады және уәкілетті лауазымды адам он бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Ерекше жағдайларда қызметтік тексеру мерзімін қызметтік тексеру жүргізуді тағайындаған адам он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.

91. Қызметтік тексеру мыналарға қатысты жүргізіледі:

1) ауыр теріс қылық жасаған қатардағы жауынгерлер мен сержанттар (старшиналар) құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілеріне;

2) елеулі және ауыр теріс қылық жасаған кіші офицерлерге;

3) теріс қылықтар жасаған аға офицерлерге және одан жоғарыларға.

Басқа жағдайларда әскери қызметші теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсінік талап етіледі. Егер жазбаша түсінікте әскери қызметші өзінің теріс қылықты жасау фактісімен келіскен болса, командирдің (бастықтың) қызметтік тексеру жүргізбей, тиісті жаза қолдануға құқығы бар.

Жоғарыда көрсетілген жағдайларда немесе, егер әскери қызметші өзінің жазбаша түсінігінде өзінің теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, командир теріс қылық анықталған күннен бастап екі тәуліктен кешіктірмейтін мерзімде осы Жарғыда айқындалған тәртіппен қызметтік тексеруді тағайындауы тиіс.

92. Қызметтік тексеру жүргізу үшін бөлім командирінің бұйрығымен теріс қылық жасаған әскери қызметшінің әскери атағы мен лауазымына әскери атағы мен атқаратын лауазымы бойынша тең немесе одан жоғары лауазымды адамдар (бұдан әрі - лауазымды адам) тағайындалады.

Қажет болған жағдайларда қызметтік тексеру жүргізу уақытына командир лауазымды адамды өзінің функционалдық міндеттерін атқарудан босатуы мүмкін, ол туралы бұйрықта көрсетеді.

93. Әскери қызметші тек оған қатысты оның кінәсі белгіленген теріс қылық үшін ғана тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

94. Теріс қылық жасағаны үшін кінәлі болып қасақана немесе абайсызда құқыққа қарсы әрекет жасаған (әрекетсіздік танытқан) әскери қызметші танылады.

95. Егер әскери қызметші өзінің құқыққа қарсы әрекетінің (әрекетсіздігінің) сипатын ұғынып, оның зиянды салдарларының болуын алдын ала білсе және осы салдарлардың болуын тілесе немесе саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, теріс қылық қасақана жасалған болып танылады.

96. Егер теріс қылық жасаған әскери қызметші өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) зиянды салдарларының болу мүмкіндігін алдын ала білсе, бірақ оған жеткілікті негіздерсіз оларды болдырмауға жеңілтектікпен қараса немесе тиісті ұқыптылық пен сақтық кезінде оларды болжап білуге тиіс және болжап біле алатын бола тұра, осындай салдарлардың болу мүмкіндігін алдын ала білмесе, ол абайсызда жасалған болып танылады.

97. Қызметтік тексеру мынадай жағдайларда әскери бөлім командирінің бұйрығымен тоқтатыла тұруы мүмкін:

1) әскери қызметші бөлімнің орналасқан жерін немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кеткенде;

2) әскери қызметші демалыста, қызметтік іссапарда болғанда;

3) әскери қызметші заңда белгіленген тәртіппен расталған ауыр сырқаттанғанда;

4) ұзақ уақытты талап ететін медициналық сараптама өткізгенде;

5) қызметтік тексеруге кедергі жасайтын басқа да жағдайларда.

98. Қызметтік тексеру, егер оны тоқтата тұру үшін негіздер болмағанда, әскери бөлім командирінің бұйрығымен қалпына келтіріледі.

99. Қызметтік тексеру барысында:

1) теріс қылықтың мазмұны мен сипаты, оның жасалған уақыты, орны, тәсілі және басқа да мән-жайлар;

2) теріс қылықтың зиянды салдарларының болуы мен сипаты;

3) келтірілген зиянның мөлшері;

4) теріс қылық жасаған адам;

5) әскери қызметшінің жауаптылығын болдырмайтын, жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар;

6) теріс қылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар;

7) теріс қылық жасаған әскери қызметшінің жеке басын сипаттайтын деректер;

8) әскери қызметшінің теріс қылық жасаудағы кінәсі, теріс қылық жасау ниетінің немесе абайсыздықтың болуы және дәлелдері;

9) әскери қызметшіні жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдау үшін мәні бар басқа да мән-жайлар белгіленеді.

100. Тәртіптік жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар:

1) теріс қылық жасаған әскери қызметшінің өкінуі;

2) әскери қызметшінің өзінің теріс қылық жасағаны туралы командирге (бастыққа) өз еркімен хабарлауы;

3) теріс қылық жасаған әскери қызметшінің теріс қылықтың зиянды салдарларын болдырмауы, келтірілген зиянды өз еркімен өтеуі немесе келтірілген зиянды жоюы;

4) ауыр жеке немесе отбасы жағдайының тоғысуы кезінде теріс қылық жасау;

5) мәжбүрлеу нәтижесінде теріс қылық жасау;

6) қажетті қорғаныстың заңдылық шарттарын бұзған, аса қажеттілік, құқыққа қарсы озбырлық жасаған адамды ұстау, бұйрықты немесе команданы орындау кезінде теріс қылық жасау болып табылады.

Әскери қызметшіге жаза қолданатын командир (бастық) өзге де мән-жайларды жеңіл деп тануы мүмкін.

101. Тәртіптік жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар:

1) командирдің оны тоқтат деген талабына қарамастан, құқыққа қарсы әрекетті (әрекетсіздікті) жалғастыру;

2) егер бірінші теріс қылық үшін әскери қызметшіге жаза қолданылған болса және ол белгіленген тәртіппен алынбаса, осындай теріс қылықты қайтадан жасау;

3) топпен теріс қылық жасау;

4) бағынысындағыны теріс қылық жасауға тарту;

5) ұлттық, нәсілдік және діни өшпенділік немесе дұшпандық себеп бойынша теріс қылық жасау;

6) басқа адамдардың заңды әрекеттері үшін кек алу, сондай-ақ басқа теріс қылықты жасыру немесе оны жасауды жеңілдету мақсатында теріс қылық жасау;

7) олардың өзіне жүктеген міндеттерді орындауға байланысты лауазымды адамдарға немесе оның жақындарына ықпал ету жолымен теріс қылық жасау;

8) жауынгерлік кезекшілікте, жауынгерлік қызметте, тәуліктік нарядта, жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде теріс қылық жасау;

9) алкогольдік, есірткілік немесе уыттық мас күйде теріс қылық жасау болып табылады.

Осы Жарғыда аталмаған басқа да мән-жайлар тәртіптік жауапкершілікті жеңілдететін болып танылмайды.

102. Қызметтік тексеру барысында оны жүргізу тапсырылған лауазымды адамның:

1) тәртіптік жауапкершілікке тартылатын әскери қызметшіден, сондай-ақ басқа да адамдардан жазбаша түсінік алуға;

2) әскери қызметшінің теріс қылық жасау кінәсін растайтын материалдар жинауға;

3) тиісті құжаттармен танысуға, қажет жағдайда олардың көшірмелерін қызметтік тексеру материалдарына қосуға;

4) арнайы білімді талап ететін мәселелер бойынша мамандардан қорытынды, түсінік және кеңес алуға;

5) теріс қылық жасалған орынға баруға құқығы бар.

103. Әскери бөлімнің әскери қызметшілері қызметтік тексеру жүргізу үшін тағайындалған лауазымды адамға жәрдемдесуге міндетті және ұсынылған мәліметтердің нақтылығына дербес жауапты болады.

104. Әскери қызметшінің теріс қылық жасағаны туралы, оның жасалу фактісін растайтын немесе жоққа шығаратын мәліметтер кез келген нысанда болуы мүмкін (азаматтар мен әскери қызметшілердің өтініштері; командирлердің (бастықтардың) және басқа да әскери қызметшілердің баянаттары; прокурорлық ден қою актілері; сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссиялар жолдаған теріс қылық туралы материалдар; қызметтік және өзге де материалдар).

105. Егер қызметтік тексеру барысында әскери қызметші теріс қылығының қылмыс құрамы белгілерінен тұратыны анықталса, командир (бастық) тікелей бастығына дереу баяндайды және құқық қорғау органдарына ақпарат береді.

106. Қызметтік тексеру аяқталғаннан кейін лауазымды адам тексеруді тағайындаған командирге (бастыққа) анықталған кемшіліктер, заңдылықты, бұйрықтарды, нұсқаулықтарды бұзушылықтар, теріс қылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы оларды жою бойынша тұжырымдармен және ұсыныстармен баяндайды. Командир (бастық) қызметтік тексеру материалдарын оған қатысты жүргізілген әскери қызметшіге қолын қойғызып жеткізуге міндетті.

107. Әскери қызмет өткеру ережелеріне сәйкес заң негіздері бойынша теріс дәлелдері бойынша әскери қызметтен босатылуға жататын әскери қызметшілерге, сондай-ақ қызметтік тексеру нәтижелерімен және ұсыныстарымен келіспейтін адамдарға қатысты қызметтік тексеру материалдарын командир (бастық) тәртіптік комиссияның қарауына жіберуге міндетті.

108. Өзіне қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатқан әскери қызметшінің жазбаша түсінік беруден бас тартуы қызметтік тексеру жүргізуді тоқтата тұрмайды. Мұндай жағдайда әскери қызметші тәртіптік комиссияда тыңдалады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет