Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы мектепке дейінгі ересек жастағЫ



бет1/8
Дата08.06.2016
өлшемі478 Kb.
#122866
  1   2   3   4   5   6   7   8
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

«МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЕРЕСЕК ЖАСТАҒЫ

(5 жастан бастап 6 жасқа дейінгі)

БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ МЕН ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН

«БІЗ МЕКТЕПКЕ БАРАМЫЗ»

БАҒДАРЛАМАCЫ


АСТАНА 2010

УДК 372.3/.4

ББК 74.102

М 41
Құрастырушы-авторлар: Н.Л. Татаурова, И.А. Тирская, Т.А. Дрыгина, Г.Г. Корчевская, С.И. Шелипова, С.Г. Шақабаева, И.И. Митрофанова

Рецензенттер:

Б.А. Ердембеков, ф.ғ.д., СМПИ психологиялық-педагогикалық факультетінің деканы

С.Г. Нұрсейітова, Семей қаласы, № 9 «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі
М 41 Мектепке дейінгі ересек жастағы (5 жастан бастап 6 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Біз мектепке барамыз» бағдарламаcы - Астана, 2010. - 89б.
ISBN 9965-810-45-1
5-6 жастағы балалардың оқу тәрбие бағдарламасы баланың тұлғалық дамуын және оның мектепте оқуға дайындығын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру ҚР МЖМБС 1,001-2009., «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» стандартының логикасында мектепке дейінгі білім берудің базистік мазмұнын анықтайды.

Бағдарламаның мазмұны баланың жеке жас ерекшелік әлеуетін ашу үшін жағдайлар жасауды, тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған білім жүйесін қалыптастыруды, әлеуметтік ортада дұрыс қарым-қатынасқа қабілетті шығармашыл тұлғаны тәрбиелеуді қарастыратын мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды оқыту мен тәрбиелеу мақсатын іске асыруға бағытталған.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің қызметкерлеріне, педагогикалық ЖОО мен колледждердің студенттеріне ұсынылады.

УДК 372.3/.4

ББК 74.102

ISBN 9965-810-45-1

© «Мектепке дейінгі балалық шақ»

республикалық орталығы, 2010

МАЗМҰНЫ


1.

Түсіндірме жазба

4

2.

Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру

8

3.

Балалардың жас ерекшелігіне сипаттама

10

4.

Күн тәртібінің үлгісі

14

5.

«Денсаулық» білім беру саласы

15

6.

«Қатынас» білім беру саласы

27

7.

«Таным» білім беру саласы

33

8.

«Шығармашылық» білім беру саласы

46

9.

«Әлеуметтік орта» білім беру саласы

60

10.

Ойын іс-әрекетінде баланың дамуы

67

11.

Еңбек іс-әрекетінде баланың дамуы

70

12.

Мерекелер мен ойын-сауықтар

73

13.

Ата-аналармен жұмыс

74

14.

Әдебиеттер

76

15.

Қосымша

77



ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА
Қазақстанның білім беру жүйесін жаңарту жағдайында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа Жалпыға міндетті білім беру стандартын енгізу және мектепке дейінгі ұйымдағы, соның ішінде 5-6 жастағы балалар үшін, педагогикалық процесті бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз ету әзірлемелерін дайындау қажеттілігі туындап отыр.

Мектепке дейінгі ересек жастағы (5 жастан бастап 6 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «Біз мектепке барамыз» ұсынылып отырған бағдарламасы мектепке дейінгі 5-6 жастағы балаларды тәрбиелеу мен дамытудың мазмұндық аспектілерін ашады.

Бағдарлама түрлі өмір жағдайларында жинақталған тәжірибені қолданудың басты көрсеткіші ретінде балалардың негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыру міндеттерін шешуге бағытталған.

Бағдарлама классикалық және отандық мектепке дейінгі педагогика әзірлеген мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды оқыту мен тәрбиелеу тәсілдеріне, ішінара «Балабақшадағы тәрбиелеу мен оқытудың типтік бағдарламасының» базалық қағидаларына сүйенеді.

Бағдарлама құрастырушылары мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа Жалпыға міндетті білім беру стандартының негізгі қағидаларын бейнелейтін, бүгінгі күн талаптарына жауап беретін жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеуді мақсат етіп қойды.

Бағдарлама, ең алдымен, оқыту әдістемесін ғана емес, сонымен бірге, бақылау мен бағалау, өз іс-әрекетін жобалау мен баланың дамуын болжау әдістерін меңгерген шығармашыл педагогке арналған.

Ұсынылып отырған бағдарлама мазмұны позитивті әлеуметтенуді қамтамасыз етуге және балаларға негізгі құзыреттіліктерді меңгертуге, сонымен қатар әлеуметтік ортадағы оң қарым-қатынасқа қабілетті шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

Бағдарламалық материалды іске асыруда басты бағдар педагог пен тәрбиеленуші қарым-қатынасының құзыретті жүйесіне өту болып табылады. Құзыреттілікті танымдық мәселелерді дербес шешуге, өз айқындамасын анықтауға және адамға қоғамдағы өмір сүру нормалары мен ережелерін орындауға қажетті даму деңгейі ретінде қарастыра отырып, бағдарлама құрастырушылары, бұрынғы мектепке дейінгі балаларға арналған бағдарламаға қарағанда, осы бағдарлама әрбір мектеп жасына дейінгі баланың жеке мүмкіндіктеріне бағытталған деп есептейді. Бала бағдарламалық материалды меңгергенде өзінің іс-әрекетін өзі жоспарлауды, мақсат қоюды, оған қол жеткізу жолдарын табуды үйренуі тиіс.

Бағдарламада мектепке дейінгі білім беру мазмұнының жүйелілігі және алдыңғы және кейінгі жас сатылармен сабақтастығы айқын көрінеді.

Балалардың қажеттілігіне бағытталған педагогикалық процесті ұйымдастыруға жаңаша қарау бағдарламаны құрастыруда тәрбие міндеттерін біртіндеп күрделендіруді және оқу іс-әрекетін ұйымдастырудың түрлері мен әдістерінің алуан түрін қолдануды қажет етеді. Мұндай жол барлығы түсіндірілетін және көбінесе баланың орындаушылық қасиеттері қалыптасатын оқытумен салыстырғанда, шығармашылық қабілеттілікті, дербестікті, дамытуға бағытталған.



Бағдарламаны іске асырудың негізгі міндеттері:

- мектепке дейінгі ересек жастағы бала бойында маңызды шешуші құзыреттіліктерді қалыптастыруға мүмкіндік туғызатын қолайлы пәндік дамытушы орта құру;

- тәжірибелік, танымдық, шығармашылық тәжірибе мен бала іс-әрекетінің басқа да түрлерін қалыптастыру;

- Қазақстанның патриоттық және мәдени-тарихи дәстүрлері негізінде жалпыадамзаттық, мәдени және адамгершілік құндылықтарды дарыту;

- полиэтникалық және көпмәдениетті мегаполисте ұлтаралық қатынастарды үйлестіру процесінде маңызды звено болып табылатын ұжымдағы тәрбиенушілердің ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру;

- баланы жалпыәлемдік және жалпыұлттық құндылықтар рухында дамыту мен тәрбиелеу мақсатында отбасы мен мектепке дейінгі ұйым ортасының мүмкіншіліктерін пайдалану;

- әр баланың тұлғалық қасиеті және оны ауыспалы өмір жағдайында әрі қарай сәтті дамыту мақсатында өзін-өзі тану, өз ойын еркін білдіру және оны іске асыру дағдыларын жетілдіру;

- салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында бала денесінің толыққанды дамуы үшін қолайлы кеңістік құру;

- әр баланың интеллектуалдық қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін дамыту;

- мектепте білім алуға жан-жақты дайындау.

Мектепке дейінгі ересек жастағы баланы тәрбиелеу мен дамытудың нәтижесі - ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынасқа түсе алатын, негізгі құзыреттілікті және дене тәрбиесі, салауатты өмір салты негіздерін меңгерген, мектепте оқуға даяр тұлға болып табылады.

Бағдарлама бес білім беру саласын («Денсаулық», «Таным», «Қатынас», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта») қамтиды және баланың мектепте білім алуға бағытталған әлеуеттік мүмкіндігін ашуды көздейді.



Бағдарлама мазмұнын іске асыру белгілі бір мақсатқа бағытталған, бір-бірімен тығыз байланысты дербес бөлімдерден тұратын білім беру салаларының жұмысын жүргізу болып табылады.

«Денсаулық» білім беру саласында балалардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтының ережелерін саналы түрде сақтауын қалыптастыруға, бала ағзасы мен маңызды қозғалыс дағдыларының функционалды мүмкіндіктерін жетілдіруге бағытталған педагогикалық жұмыстардың шарттары мен мазмұны, міндеттері белгіленген.

«Қатынас» білім беру саласында байланыстырып сөйлеуін, мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тілдік әрекетке жеке қабілеттерін, мазмұнды диалог пен монолог құра білу іскерлігін, сауат ашу және жазуды меңгеруге дайындау мақсатында тілдік шығармашылығын көрсетуге бағытталған жұмыстардың мазмұны мен міндеттері қарастырылады.

«Таным» білім беру саласында баланың қоршаған ортада бағдарын кеңейтіп, толықтыру, салыстыру, талдау, жалпылау, байқау, үлгілеу, қарапайым іздеу әрекеттерін, табиғатты қорғау тәсілдерін меңгеруін, түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған педагогикалық жұмыстардың міндеттерін, мазмұны мен шарттарын айқындап көрсетеді.

«Шығармашылық» білім беру саласында баланың қоршаған ортаға деген эстетикалық қатынасы мен ұлттық, классикалық және қазіргі көркем құралдардың дамуымен бірге қалыптасуы қарастырылады. Балалар шығармашылығы мен әрекеттерін біріктіру арқылы балалардың көркемдік қабілеттері қалыптасады. Балалар шығармашылығы - өзін, өзінің мүмкіндіктері мен қоршаған ортаны танитын және оларға өзінің көзқарасын білдіретін ерекше әлем.

«Әлеуметтік орта» білім беру саласында әлеуметтендіруді қоғамдық қатынастар жүйесіне енуге қажетті балалардың әлеуметтік-мәдени тәжірибелерінің дамуы ретінде қарай отырып, еңбек және білім, білік, дағдыларын, қағидалар, құндылықтар, салт-дәстүрлер, ережелер, тұлғаның әлеуметтік қасиеттерін қалыптастыру мәселелері қарастырылады.

Сонымен қатар, бұл сала кіріктірілген сипатта төрт білім беру саласының мазмұнын іске асырады. Балалар әрекеттерін түрлендіруді ұйымдастыру негізінде олардың ересектермен, құрдастарымен қарым-қатынас жасауда қарапайым өзін-өзі бақылау мен реттеу дағдыларын қалыптастырады.

Бағдарламада балалардың мәдени дағдылары, білімділігі, тұлғаның әлеуметтік қасиеттерінің дамуы және бірлесіп жұмыс жасауын, қоршаған ортаға қамқорлық, бәсекелестік және ынталылық, дербестік пен тәуелсіздік, әлеуметтік ортаға икемділік, мәдени және экологиялық сауаттылықты қалыптастыруға басты орын берілген.

Бағдарлама тәрбиешілерге, әдіскерлерге, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілеріне, мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына арналған. Бағдарламада базистік оқу жоспарына сәйкес ұзақтығы 25-30 минут болатын 15 ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті қарастырылған.

Бағдарламаның оқу-әдістемелік кешені педагогтерге білім беру салаларын кіріктіру және қазіргі білім беру технологияларын таңдауда шығармашылықпен жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, ұйымдастырылған оқу-іс-әрекетін жоспарлауға жаңаша қарауды ұсынады.

Әрбір білім беру саласының мазмұнында мектеп жасына дейінгі ересек жастағы балалардың базалық білім, білік, дағдыларды меңгеру деңгейі бойынша күтілетін нәтижелер анықталған.

Бағдарлама балаларды мектепте оқуға ойдағыдай бейімделуінің мазмұнын таңдау және жағдайларын анықтау негізінде балабақша мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастық міндеттерін шешуді қарастырады.
Бағдарлама құрылымы

Бағдарлама түсіндірме жазба, мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру сипаттамасы, балалардың жасына сай мүмкіндіктерінің сипаттамасы, күн тәртібінің үлгісі, базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу-іс-әрекетінде жүзеге асатын бес білім беру салаларының бағдарламалық мазмұнынан тұрады.

Бағдарламаның қосымшасында:

1) қимылды ойындардың үлгі тізімі;

2) ұсынылатын көркем әдебиет шығармалары;

3) сурет салу, жапсыру, мүсіндеуден сабақтардың үлгі тақырыптары;

4) өнермен таныстыруға арналған үлгі шығармалар;

5) музыкалық репертуар мен музыкалық-дидактикалық ойындар ұсынылады.


МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЕРЕСЕК ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ТІРШІЛІК ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру барысында жүргізілетін ойындар мен оқу-танымдық іс-әрекеттер балаларды дербестікке тәрбиелеуге негізделеді. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлеріндегі режимдік кезеңі процесінде ересектермен және құрдастарымен мәдениетті қарым-қатынас жасау әдетін қалыптастыруды әрі қарай жалғастыру қажет.

Баланың денсаулығын нығайтуға, дене және ақыл-ой қызметінің жұмысын жақсартуға, жүйке жүйесін сақтауға бағытталған іс-шараларды балалар шаршап-шалдықпайтындай, жарақаттанып қалмайтындай, жалықпайтындай етіп ұйымдастыру керек. Сонымен қатар, осы кезеңде күн тәртібін сақтауды қамтамасыз ететін шаралар кешенін жүргізу, жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық орындағы мінез-құлық мәдениеті мен өз-өзіне қызмет жасау дағдыларын меңгерту өте маңызды.

Әртүрлі қозғалыс түрлеріне жаттықтыра отырып, балалардың оны түсініп, дұрыс, дәл орындауы қадағаланады. Бұл мақсатты жүзеге асыруда арнайы ережелері бар қимыл ойындары ойнатылады.

Балалардың күнделікті тұрмысын ұйымдастыру барысында бала дербестігінің, өзінің және құрдастарының өзін-өзі ұстау мінез-құлқының артқандығын сезіне білуі, яғни ересектер тарапынан қамқорлыққа мұқтаждығының азайғандығын ескеру қажет. Киініп-шешіну, тамақтану, жуыну уақытының қысқаруы есебінен бала еңбегі мен ойынына, қимыл-қозғалысын дамытуға, өз бетінше көркемдік шығармашылықпен айналысуға бөлінетін уақыт мөлшері артады.

Ересек топта ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің түрлерін жүргізу уақытының көлемі артып, берілетін бағдарламалық материалдар күрделене түседі. Күрделі мазмұнды материалдарды меңгерту барысындағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті (сауат ашу, математика, тіл дамыту) күннің бірінші жартысында жүргізіледі. Себебі, бала бұл уақытта мейлінше сергек, әрі белсенді болады. Оқу материалын балаға ойын арқылы жеткізіп, оны жалықтырып алмас үшін дер кезінде сергіту жаттығуларын жасату керек. Баланың эмоциясын және қимылдарын дамытуға әсер ететін жас ерекшелігіне сай тиімді әдістер мен тәсілдерді қолдану керек.

Бейнелеу шығармашылығынан, драмалау ойынынан, сахналаудан тұратын балалардың түрлі дербес көркем әрекетін ұйымдастыру қажет. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде өнімді жұмыс түрлері арқылы балаларды құралдар, атрибуттар әзірлеуге қатыстыру қажет.

Ойын іс-әрекеті алуан түрлі бола түседі, балалар жаңа заттардың қолданылуын, олармен әрекет жасау түрлерін, адамдармен қарым-қатынасқа түсу жолдарын меңгереді. Тәрбиешінің алдында түрлі ойындарды қолдану, шығармашылықты, дербестікті, ерік сапаларын дамыту міндеттері тұр.

Жыл соңында ересектер тобындағы балаларда болашақтағы мектеп оқушысы ретінде экспериментті-зерттеу іс-әрекеттеріне, үстел ойындарын ойнауға, түрлі суреттерді қарап, суретті ойындардағы тапсырмаларды орындауға, кітапшаларды қолдан жасауға, құрастыру мен мүсіндеуге деген қызығушылықты тәрбиелеу қажет.

Бала әрекетінің жүйелі даму үлгісін көрсететін, бағдарлау мен әрекет кеңістігін ашатын, вариативтілігімен және баланың тікелей қатысуымен ерекшеленетін дамытушы орта құру оқыту мен тәрбиелеу процесінде өте маңызды рөл атқарады. Ересек топтағы заттық дамытушы орта балалардың бір-бірімен, ересектермен қарым-қатынасын дамытуын қамтамасыз етуге бейімделіп жасалады. Ол балалардың дене дамуына, әлеуметтік, эстетикалық және танымдық дамуына ықпал етуі керек, әрі ыңғайлы болуы керек.

Топта еңбек әрекетінің әр түрін жүргізуге қолайлы жағдай жасалуы керек. Еңбек әрекеті арқылы баланың өз-өзіне қызмет ету дағдылары қалыптасады. Өзіне-өзі қызмет ету еңбек әрекеті біртіндеп балалардың қажеттілігіне айналуы тиіс. Тұрмыстық-шаруашылық еңбек пен табиғат аясындағы еңбек түрлерін жеке және ұжымдық тапсырмалар мен кезекшілік түрінде ұйымдастырған жөн. Еңбек ету барысында балалардың жұмысын мадақтап отыру арқылы оны жігерлендіріп, еңбек етуге қызығушылығын арттырып отыру көзделеді.

Балаларды дамыту мен тәрбиелеуде нәтижеге жету үшін педагог пен ата-аналардың бірлесіп жұмыс жасауы маңызды рөл атқарады. Тәрбиеші балаға қатысты мәселелерді бірігіп шешу мақсатында ата-аналармен ынтымақтастық қатынас орнатып, оларды топтың өмірі мен қызметін ұйымдастыруға белсенді қатыстырып отыруы керек.

БАЛАЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІНЕ СИПАТТАМА

Алты жаста балалардың дамуында елеулі өзгерістер болады. Бала денесінің салмағы шамамен айына 200 г, бойының ұзындығы 0,5 см артады. 5-6 жасында баланың бойы - 116 см, денесінің самағы - 21,5 кг жетіп, кеуде қуысының көлемі 67 см жетеді.

Баланың мінез-құлық әрекетін реттеуде бас ми қыртысының рөлі артады. Жоғары жүйке жүйесінің қызметі жетіледі. Балалардың қимыл белсенділігі артып, негізгі қимыл әрекеттерін жетік меңгереді. 6 жастағы балалардың қозғалысы, көбінесе, жігерлі, әрі нақты болып, әсемдік пен жеңілдікке ие болады. Балалар жүгіріп келіп биіктік пен ұзындыққа тоқтамай секіруді, нысананы көздеп заттарды дәл лақтыруды сенімді орындайды. Олар допты бір қолымен қағып ала алады, бір орында тұрып, аяқтарын кезектестіріп секіре алады.

Алты жаста саусақ қимылдарының жетілгендігі соншалық, бала өздігінен қағаздан түрлі пішіндерді (дөңгелек, сопақша, тіктөртбұрыш т.б.) қия алады, адам мен жануарлар мүсіндерін жасап, қарындашпен, бояумен еркін сурет сала алады.



Мектепке дейінгі ересек жас баланың психикалық дамуында елеулі өзгерістермен сипатталады.

5-6 жастағы баланың әлеуметтік даму ситуациясы ересектермен қарым-қатынас жасаудың ситуациядан тыс-жеке тұлғалық түрінің пайда болуымен ерекшеленеді. Дамудың алдыңғы кезеңінде қатынас мазмұны ситуациядан тыс болады, яғни сол ситуация шеңберінен шығады, теориялық болады. Ересек адам алты жастағы бала үшін білім көзі болып қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік қарым-қатынастардың, адамның іс-әрекетінің мәні мен нормалары жөніндегі білім көзі де болып табылады. Бала қарым-қатынас, моральдық нормалар жайлы сұрақтар қоя бастайды. Бұл жастағы бала өз күйзелісін, пікірі мен бағалауды ересектердің пікірімен ара салмағын анықтай алады. Мұндай қатынастың басты себебі – өзара түсіністік пен әсерлену.

Бұл кезеңде баланың айналаны танып-білуге құштарлығы артқаны соншалық, ол ересектерге қоршаған әлем туралы өзін қызықтырған сан алуан сұрақтар қоя алады. Ересек адам бала үшін жаңа білім көзі, күмәндәнудің шешімін табатын эрудит болады.

Егер 4-5 жастағы балалар ересектермен жан-жануарлар, машиналар, табиғат құбылыстары жайлы әңгімелессе, ал мектепке дейінгі ересек жастағы балалар мінез-құлық мәдениеті ережелері, өзі және ата-аналары жайлы әңгімелескісі келеді. Тұлғалық мотив жетекші мотивке айналады. Қатынас жасаудың негізгі қозғаушы күші, нақты атқаратын қызметіне қарамастан, адам болып саналады

Бес жастағы кезең мектеп жасына дейінгі баланың құрбы-құрдастарымен (бұл, әсіресе, балабақшаға баратын балаларға тән) түрлі қарым-қатынасының бір мезгілде байқалуымен сипатталады. Ересектерге қарағанда құрдастары бала өмірінде ерекше орынға ие болады. Қарым-қатынастың негізгі мазмұны іскерлік ынтымақтастық пен біріккен ойын әрекеті арқылы ашылады. Балалардың қарым-қатынасы, әсіресе, ұйымдастырылған оқу немесе ойын іс-әрекеті үстінде айқын көрінеді. Бала құрдастарының әрекетіне сынай қарап, іштей қызғанады, оларды өзінше бағалайды және ересектердің бағалауын өзіндік әсермен қабылдайды. Кейбір жағдайда құрдасының сәтсіздіктеріне бірге қамығады. Бірақ мұндай қатынас тұрақты бола бермейді. Ол өз мүмкіншіліктері мен жетістігіне мақтанып, өзін басқадан биік ұстайды, өзгені қызғанады, оны өзіне бәсекелес санайды. Қарым-қатынасында жиі жанжалдасып қалу сипат алады. Ызақорлық пен қымсыну сезімінің пайда болуы әсерінен қарым-қатынас шиеленісе түседі. Әрдайым өзінің артықшылығын дәлелдеу мақсатында басқа балаларды өзімен салыстырып отырады. Қарым-қатынаста ересектердің де, құрдастарының да оның пікірімен санасқанын, өзіне сыйластықпен қарағанын қалайды. Сонымен қатар, өзара қарым-қатынасында түсініспеушілік пен жанжалдарды болдырмаудың жолын табуды меңгеру арқылы баланың қарым-қатынас құзіреттілігі қалыптасады.



5-6 жаста сюжеттік-рөлдік ойындар өзінің кемеліне жетіп, толысады. Балалардың сомдауы арқылы жасалған адамдар арасындағы қарым-қатынас ойынның негізгі мазмұнын құрайды. Балалар 3-4 адамнан құралған тұрақты ойын бірлестігін құрады. Рөлдік ойындарда бала сомдап тұрған кейіпкерінің атынан басқа кейіпкерлермен сөйлеседі. Осылайша баланың мазмұнды сөйлеу тілі қалыптасады, рөлдік қарым-қатынастардың мәні ашылады. Қойылымдағы қимыл-әрекеттер ықшамдалып, баланы жалықтырмайтындай қысқа, рет-ретімен, орынды қойылып, сюжеттің мазмұны ашылатындай болуы керек. Осы жастағы балаларға не жайлы ойнағандықтарын білуге ұмтылу тән. Ертегі, кино, мультфильмдерден көріністер, ең бастысы, қоғамдық сюжеттер ойында басты орын алады.

Осы кезеңнің маңызды жаңалығы – мінез-құлық еркіндігі. Барлық психикалық процестер (қарапайымнан күрделіге дейін), қатынас жасай білу мектеп жасына дейінгі баланың негізгі іс-әрекеті – ойында дамиды. Мысалы, ойында рөл атқара отырып, бала ойын міндетіне барлық өзінің тезаралық, импульсивті әрекеттерін бағындырады. Ойын барысында бала, ересектердің тікелей тапсырмасын орындағаннан гөрі, зейіндерін жылдамырақ шоғырландырады, көбірек есте сақтайды. Балалармен ойнай отырып, олардың талап-тілектерін ескереді, келіспеушіліктерді шешеді, жаңа жоспар құрады және оны іске асырады. Басқа сөзбен айтқанда, қатынас жасай білуге үйренеді. Ауыстырғыш заттармен ойнай отырып, шартты кеңістікті көз алдына ойша елестетеді. Көз алдына елестетін кеңістіктегі әрекет практикасы шығармашыл қиялды дамытуға мүмкіндік жасайды.



Бұл кезеңнің жаңа құрылымы - мінез-құлықтың жаңа маңызды еркін түрі: мінез-құлықта импульсивтік және ашықтық пайда болып, тәртіп нормалары мен қағидаларында көрінеді, дегенмен де бұл кезеңде өзін-өзі еркін ұстай білу дағдысы әлі де қалыптасу сатысында болады. Алғаш рет «өзін қалай ұстау керек?» деген сұрақ туады. Бала санасында өз әрекетін реттеп отыратын өзін-өзі ұстау тәртібінің үлгісі құрылады. Сол үлгі арқылы бала өз әрекетін реттеп отырады. Өз мүмкіншіліктерін, нені істей алатындығы мен істей алмайтындығын сезеді, өзгелермен қарым-қатынаста өз орнын біледі, өз әрекетін ғана емес, ішкі жан күйінің тербелістерін (қуаныш, реніш, қобалжу, толқу т.б.) де сезінеді, ересектердің талаптарын түсініп, өз пікіріне сай келсе саналы түрде орындай алады. Психологтердің пайымдауынша, бес жастан кейін олармен «келісуге», тапсырмалар беруге, оларды жаңа іспен қызықтыруға болады.

Рөлге бөлінетін ұжымдық ойын арқылы балалар іс-әрекетті жоспарлауға және жүйелілігін сақтауға, жағдайлардың демеуші ықпалын және қалыптасқан әсерлерін жеңуге қабілетті болады. Саналы әрекеттер жасау қабілеті пайда болады. Ересектердің іс-әрекеті, өзін-өзі ұстауы балаларға түсінікті бола бастайды.



Дәл осы кезеңде өзін-өзі ұстаудағы еркіндік бала психикасының дамуы мен жан дүниесінің қалыптасуының көзі болып табылады. Жалпы алып қарағанда бұл құбылысты сыртқы мінез-құлқын анықтай бастайтын баланың ішкі психикалық жан-дүниесі, ойындағы әрекеттер жоспары деп тануға болады.

Нақты мақсат қалыптаса бастайды. Бала нені қаласа, соған жетуге тырысады. Оның өзін-өзі ұстауы айналасындағы жағдайға байланысты емес, өз шешіміне қарай болады, өз ойымен іс-әрекет жасауға қабілетті. Осы құбылыстар баланың психикалық дамуында – қатынас, таным, еркіндік, мотивациялық салаларында көрініс табады және бекітіледі.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет