Қазақстан республикасы білім жəне ғылым министрлігі



Дата19.11.2023
өлшемі83.23 Kb.
#483684
Акишева Айым


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖƏНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ.


БӨЖ тақырыбы:
«Грамматикалық ұғымдардың тіл жүйесіндегі орны»

Жетекшісі : Сыздыкова Гульбаршин


Дайындаған: Акишева Айым

Жоспар:
1.Қосымшалар түрлері, пайда болу, даму жолдары


2.Деривативтік және релятивтік қосымшалар
3.Жұрнақтар.Қос қызметті жұрнақтар
4.Жалғаулар: түрлері, белгілері, қызметі

Қосымша морфемалар екі түрге жіктеледі. Біріншісі – жұрнақтар, ал екіншісі –жалғаулар. Жұрнақтар өз ішінде сөз тудырушы жұрнақтар және сөз түрлендіруші жұрнақтар болып екіге бөлінеді.


Сөз тудыратын жұрнақтар сөзге (түбірге) жаңа лексикалық мағына үстейтіндіктен, өзі жалғанған сөзді басқа бір жаңа лексикалық тұлғаға айналдырады. Мысалы: ек, егін, егіндік, егінші, егіншілік сөздерінің түбірі бір болғанымен, олардың әрқайсысы басқабасқа ұғымдарды (мағыналарды) білдіреді. Бірақ сол басқа-басқа мағына лексикалық та, грамматикалық та мағыналарды қоса қамтиды. Өйткені әрбір сөз, мағыналық жақтан алғанда, қашан да болсын, лексикалық және грамматикалық мағыналардың бірлігінен құралады.
Сөз тудыратын жұрнақ өзі жалғанған сөзден (түбірден) лексикалық мағынасы басқа жаңа сөз тудырады. Ондай әрбір жұрнақтың өзді-өзіне тән грамматикалық мағынасы, формасы және қызметі болуы күмәнсіз. Мысалы: Шын көңлімен айтар тілегі болса, шындықпен ғана жауап беру парыз (М.Әуезов). Келмеп пе едің жол тосып, жолығуға аулаққа (Абай) дегендерден шын және шындықпен, жол және жолығуға сөздерінің өзара мағыналық та, формалық та айырмашылықтары айқын көрінеді. Мұндағы -дық жұрнағы арқылы жасалған шындық сөзінің де, -ық жұрнағы арқылы туған жолақ сөзінің де лексикалық мағыналары шын және жол сөздерінен, әрине, басқа. Оның бер жағында –дық жұрнағы жалғанғаннан кейін, сын есім (шын) зат есімге айналады да, -ық жұрнағы жалғанғаннан соң, зат есім (жол) етістікке (жолық-жолықтым, жолықса т.б.) ауысады. Бұдан жұрнақтар сөзді таза лексикалық жағынан ғана емес, лексика-грамматикалық тұрғыдан да өзгертетіні аңғарылады. Солай болса, жұрнақтар белгілі сөз табына және оның ішіндегі белгілі тобына (категориясына) телулі болады.
Егер көк және көкшіл, үй және үйшік сөздерін салыстырып қарасақ, мұндағы -шіл (көкшіл) және -шік (үйшік) қосымшалары да өздері жалғанған сөздерді басқа сөз табына айналдырмаған, бұрынғы сын есім (көк) сол сын есім қалпында, зат есім (үй) бұрынғы зат есім қалпында қалғанда да, тек біріншісінде көк деген сынның солғын я бәсең түрін білдіретін көкшіл формасы, үй деген заттың аса кішкене түрін білдіретін үйшік формасы туған. Мағынасы мен қызметіне қарай, жұрнақтар сөз тудыратын және форма тудыратын жұрнақтар деген екі салаға бөлінеді.
Түбірге сөз тудыратын жұрнақ жалғанғаннан кейін форма туынды негіз туынды түбір деп аталып жүр. Жұрнақтар сол негізге де, сол негізден туған жаңа негізге де қажетіне қарай жалғана береді. Мысалы, егіншілік деген сөз ек деген етістік түбірге әуелі -ін, одан кейін -ші, одан кейін -лік жұрнақтары қосылудан туған да, ұйымдастырушылық деген сөз ұйы түбіріне ретінше -м, -дас, -тыр, -у, -шы, -лық жұрнақтары жалғану арқылы жасалған. Жұрнақ арқылы туған (егіншілік, ұйымдастырушылық) сөздер туынды сөздер деп аталады.

Форма тудыратын жұрнақтарды мағыналары мен қызметтері жағынан сөз тудыратын жұрнақтар мен сөз байланыстыратын жалғаулардың екі арасындағы, екеуінің де ерекшеліктеріне жуықтайтын категория деп те қарауға болады. Дегенмен форма тудыратын жұрнақтар сөз байланыстыратын қосымшалардан гөрі сөз тудыратын қосымшаларға жақынырақ. Өйткені форма тудыратын қосымшалар (жұранақтар) да өзі жалғанған сөзге (түбірге я негізге) сәл де болса жаңа мағына үстейді. Бірақ ол жаңа мағына сол сөздің барлық формасына өзек болатын негізгі лексикалық мағынасын өзгертпейді, оған нұқсан келтірмейді. Демек, форма тудыратын жұрнақ сөзден, өзі жалғанғаннан кейін де, сол сөздің (түбірдің я негіздің) негізгі лексика-семантикалық қазығынан алшақ әкетпейді. Сол себептен де, бұл форма мен сол сөздің басқа формаларының аралығындағы берік семантикалық байланыс үзілмейді де, бұзылмайды да. Мысалы, кел, келме, келер, келмес, келген, келмеген, келетін, келмейтін, келмек, келмекші, келіп, келе, келгелі, келгей, келгім, келеді дегендердің бәрі де түбірдің негізгі лексикалық мағынасын бұзбай және сол мағынадан алшақтап та кетпей, оны берік сақтап, бір сөздің (кел етістігінің) әр түрлі грамматикалық формалары ретінде қызмет етеді. Дәл осы қағиданы сұр, сұрғылтым, сұрша, сұрлау, сұршалау, сұрырақ деген формаларға да қолдануға болады. Сол себептен сол сөздерді сұр сөзінің әр алуан формалары деп қараған дұрыс.


Туынды сөздердің құрамындағы жұрнақтар белгілі бір жүйе бойынша, рет-ретімен жалғанады. Түбірге тете сөз тудыратын жұрнақтар жалғанады да, олардан кейін форма тудыратын жұрнақтар орналасады. Егер тікелей түбірге әуелі сөз тудыратын және форма тудыратын жұрнақтар жалғанғандай болса, солардың бәрі текелей түбірге қосыла береді.
Мысалы: егіншілерімізге, ұйымдастырушылардың, ұйымдастырамыз дегендердің
морфемалық құрамдарын салыстырыңыздар.
Жұрнақтар дыбыстық құрамы жағынан бір дыбысты да, көп дыбысты да бола береді.
Мысалы, тіле-к, сұра-қ, таны-с, сын-а, мін-е, сөйле-м дегендердегі -қ, -к, -с, -а, -е
жұрнақтары жалғыз-жалғыз дыбыстар ғана. Ал, ор-ақ, түс-ім, шеге-ле, сүз-бе, шап-қы
дегендердегі жұрнақтар екі дыбысты да, көр-гіш, тырна-уыш, аман-дас, қала-лық
дегендерде үш дыбысты. Ашпалы, үзінді, ұшқалақ, адамшылық, жергілікті дегендерде
төрт дыбысты (-палы, -інді), бес дыбысты (-қалақ, -шылық) және жеті дыбысты (-гілікті)
жұрнақтар бар.
Құрылымы мен құрамы жағынан жұрнақтар жалаң жұрнақтар және құранды
жұрнақтар болып екі салаға бөлінеді.
Жалаң жұрнақ деп мағына жағынан да, форма жағынан да бөлшектенбейтін бір
бүтін жұрнақты айтамыз. Мысалы, білім, кеспе, малшы, ұшқыш, үйшік, әкелік
дегендердегі -ім, -пе, -шы, -қыш, -шік, -лік жұрнақтарының әрқайсысы — мағына
жағынан да, тұлға жағынан да біртұтас жұрнақ. Мағына жағынан бір бүтін бола тұрса да,
құрамы жағынан кемі екі я онан да көп жалаң жұрнақтардан құралып (бірігіп) жасалған
жұрнақтар құранды жұрнақтар болады. Мысалы, жайшылық, басыңқы, тұрғылықты,
құранды дегендердегі -шылық,-ыңқы, -ғылықты, -ынды жұрнақтарының әрқайсысы
мағына жағынан бір бүтін форма болғанымен, құрамы жағынан әуелгі екі я үш жалаң
жұрнақтардан бірігіп жасалған күрделі жұрнақтар. Мұндағы -шылық жұрнағы бастапқы -
ша және -лық формаларынан, -ғылықты жұрнағы -ғы+лық+ты морфемаларынан
құралып, біріккендіктері тұлғаларынан көрініп те тұр.
3
Құранды жұрнақтарға -ымды, -імді (ұнамды, сүйкімді), -ынды, -інді (асыранды,
үйінді), -улы, -улі (байлаулы, елеулі), -малы, -мелі (жалғамалы, төгілмелі), -ыңқы, -іңкі
(басыңқы, көтеріңкі), -қылықты, -кілікті (тыңғылықты, түпкілікті), -нікі, -дікі
(атанікі, елдікі), -ым, -паз, -ім, -паз (жағымпаз), -даған, -деген (мыңдаған, жүздеген), -
мсақ, -мсек (сұрамсақ, тілемсек), -қыншақ, -кіншек (жұтқыншақ, жеткіншек), -
ыншық, -іншік (таусыншық), -ыншақ, -іншек (ұрыншақ, сүріншек), -шылық, -шілік
(адамшылық, бүлікшілік), -сымақ, -сімек (арамсымақ, көлсімек) жұрнақтарын және
олардың өзге де дыбыстық варианттарын жатқызуға болады. Бұл көрсетілген құранды
жұрнақтардың бәрі де есімдерге тән. Құранды -сыра, -сіре (қансыра, естіре), -ырай, -ірей
(құжырай, күжірей), -ырқан, -іркен (жабырқан, шіміркен), -ыңқыра, -іңкіре (басыңқыра,
жүріңкіре) жұрнақтары етістік тудырады.
Құранды жұрнақтарды сөз еткенде, мынадай екі түрлі құбылысты ескерген мақұл:
біріншіден, тіліміздің дыбыстық заңына лайық өзгерілу, ықшамдалу сияқты
құбылыстардың да болатындығы шексіз. Мысалы: -ныкі, -дікі, -тікі жұрнағы бастапқы
ілік септік жалғауының -ның (-нің, -дың, -тың, -тің) қосымшасы мен сын есім
тудыратын -кі (-қы, -ғы, -гі) қосымшасының бірігуінен жасалған. Бірақ құранды жұрнақ -
ніңкі болудың орнына ықшамдалып, -нікі түрінде қалыптасуымен қатар, өзінің
құрамындағы екінші компонентіндегі жіңішке к дыбысының әуенімен тек жіңішке
вариантта ғана орныққан. Екіншіден, құранды жұрнақ тек байырғы қосымшалардан ғана
емес, төл қосымша мен кірме қосымшадан да бірігіп жасалатыны байқалады. Мысалы,
жағымпаз, жүзімпаз дегендерде -ым, (-ім) байырғы, төл қосымша да, -паз шет тілден
енген кірме қосымша.
Шығу төркіні жағынан бір-бірімен байланысты кейбір жұрнақтар, мағыналары я
бірдей, я жақын болғанымен де, бірде сөз тудыру қабілетіне қарай, бірде стилистикалық
реңіне қарай ерекшеленіп келеді. Мысалы, -лық және -шылық жұрнақтары өзара форма
жағынан да, мағына жағынан да қаншалықты жақын болғандарымен, сөз тудыру қабілеті
жөнінде де, стилистикалық ерекшелігі (рөлі) жөнінде де бірдей емес.
Біріншіден, -лық жұрнағы жаңа сөз тудыру қабілеті жағынан аса құнарлы қосымша,
оның жалғанатын сөзінің өрісі де кең; мысалы, бастық, қолтық, қазандық, күздік,
сыйлық, үлкендік, төзімділік, білгіштік, оқығандық, айтарлық... деген сияқты көптеген
туынды сөздерді алсақ, ол жұрнақтың құнарлығы да, жалғанатын сөздерінің де өрісі кең
екендігі де көрініп тұрады. Ал, -шылық жұрнағында ондай қабілет аз. Бұл жұрнақ -лық
жұрнағы жалғанатын сөздердің бәріне жалғана бермейді. Оның шаруашылық, тіршілік,
жаманшылық, қиыншылық, кеңшілік, жоқшылық, күйзелушілік дегендерден байқасақ
болады.
Екіншіден, бұл екі жұрнақтың қолдану ерекшеліктері мен стилистикалық
талғамдары да бірдей емес. Мысалы, Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық - аздырар адам
баласын (Абай) дегендегі жоқтық, тоқтық сөздерінің орнына тоқшылық, жоқшылық
сөздерін қолдануға болмайды.
Сөздерде болатын синонимдік қасиет жұрнақтарда да болады. Мысалы, -қыш, -ғыш,
-кіш, -гіш, -шақ, -шек, -қақ, -ғақ, -кек, -гек, -қыр, -ғыр, -кір, -гір жұрнақтары өзара
мағыналас (синонимдес). Өйткені жасқаншақ, ұялшақ, мақтаншақ, қызғаншақ, ұрыншақ
дегендер жасқанғыш, ұялғыш, мақтанғыш, қызғанғыш, ұрынғыш сөздерімен мағыналас
екені сияқты, ұрысқыш, тырысқыш дегендер ұрысқақ, тырысқақ сөздерімен мағыналас.
Сондай-ақ, білгіш пен білгір, ұшқыш пен ұшқыр мағына жағынан өзара жақын болса,
4
сүзгіш пен сүзеген, тепкіш пен тебеген сөздері де мағына жағынан бір-бірінен алыс емес.
Әрине, көргіш пен көреген, күлгіш пен күлегеш, ұшқыр мен ұшқалақ деген әрбір жұп
сөздер өзара мағыналас сөздер.
Синонимдес жұрнақтардың мағыналары қаншалықты жақын болса да, олар тең
болмайды және мағыналық та, стилистикалық та ерекшеліктері болады. Мағыналас
жұрнақтардың жалғанатын сөздерінің аясында да өзара үлкен айырмашылық бар. Өйткені
олар, жоғарыда көрсетілгендей, бір түбірге талғамай қосылғандарымен де, көбінесе, бірі
жалғанған түбірге (сөзге) екіншісі жалғанбайды. Мысалы, ерінгіш деп те, еріншек деп те
айта аламыз, бірақ күлгіш деуге болғанымен, күлшек деп айтуға болмайды. Сол сияқты
сүріншек дегенімізбен сүрінгек демейміз. Тырысқақ, бірақ тырысшақ емес; тепкіш,
тебеген, бірақ тепкек емес.
Тоқтыша, күркеше, сарайша, төбеше, өзенше, көлше, сақалша, көрпеше
дегендермен жарыса тілімізде тоқтышақ, күркешік, сарайшық, төбешік, өзеншік, көлшік,
сақалшық, көрпешік сөздері де қолданылады. Бұлардың мағыналары синонимдес, бірақ
тең емес. Сол себептен осы екі форманың екеуі де жарыса өмір сүруде. Бұған ақши,
бақши, тікши, кекши формалары мен ақырай, қақырай, тұқырай, шұқырай, шақырай,
мықырай, бүкірей, шекірей, тікірей, кекірей формаларын қоссақ, оның үстіне сол екі
формадан ұштасқан (біріккен) ақшырай, бақшырай, қақшырай, тұқшырай, тікшірей,
кекшірей формаларын қоссақ, әрбір жұрнақтың өз формасы, өз мағынасы, өз қызметі
барлығына және олар ешқашан да өзара тепе-тең болмайтындығына күмәнсыз сенуге
болады. Сол сияқты, ақши мен ақси, кекши мен кекси, түкси мен түкши тәрізді формалар
да осы пікірді қуаттайды. Бұл тәрізді жұрнақтар моносемиялық жұрнақтар деп аталады.
Негізінде бір ғана мағынаны білдіретін жұрнақтармен қатар, олардың іштерінде кемі
екі я онан көп мағынаны білдіретіндері де бар. Ондай жұрнақтарды көп мағыналы
(полисемиялық) жұрнақтар деп атауға болады. Мысалы, -қақ (-ғақ, -кек, -гек) жұрнағы
етістікке жалғанып, семантикалық-грамматикалық қызметтері екі басқа екі топ сөздер
тудырады. Мысалы, майысқақ, жабысқақ, ұрысқақ, оңғақ, тайғақ сияқтылар, әрине, сын
есімдер болады да, кескек, іскек, ілгек тәрізділер зат есім болады.
Көйлекшең, байпақшаң, бешпентшең, мәсішең сөздеріне жалғанған -шаң (-шең)
жұрнағы бір түрлі мағына үстесе (тудырса), әрине, тершең, кіршең деген сөздерде басқа
мағынаны білдіреді. Демек, бешпентшең, мәсішең сөздерінен бешпент киген, мәсі киген
деген мағына түсінілсе, тершең, кіршең дегендерден тершіл, кіршіл деген мағына
аңғарылады.
Сондай-ақ, күлгіш, білгіш, көргіш, сенгіш, ұққыш, жазғыш сөздерінің соңдарындағы
-гіш, (-қыш, -ғыш) жұрнағы етістікке жалғанып, белгілі бір істі үнемі жүзеге асыруға
қабілеті барлықты бағдарлататын сын есім тудырып тұрса, басқыш, сыпырғыш, сүзгіш,
ескерткіш, көрсеткіш, салқындатқыш, түкіргіш, сорғыш дегендерде белгілі бір амалды
жүзеге асыруға керекті құрал-сайманның атын білдіретін туынды зат есімдер жасап тұр.
Ал -у жұрнағы жалғанған алқыну, сасу, жору, оқыту, тәрбиелеу, қызығу, қызғану
тәрізді сөздерден белгілі-белгілі іс-әрекеттің аттарын қабылдасақ, егеу, сабау, жасау,
бояу, қашау, тіреу сияқты сөздерден белгілі құрал-жабдықтардың аттарын ұғынамыз.
Бірақ -у жұрнағы таяу (жер), жарау (ат), қызу (әңгіме), ояу (кісі), кебу (отын), түзу
(жол), бітеу (жара), жабырқау (көңіл) деген сөздерде белгілі-белгілі сыр-сипат атаулары
ретінде қызмет атқаратын сын есімдерді тудырып тұр.
5
Сөйтіп, алғашқы -қақ, -шең, -гіш жұрнақтарының әрқайсысы өздері жалғанған
сөздерге екі-екі мағынадан жамаса, соңғы -у жұрнағы үш түрлі семантикалық және
грамматикалық мағыналар қосып тұр. Бұл сияқты полисемиялық жұрнақтардың
мағыналары қаншалықты сараланғандарымен, олар (мағыналар) өзара бір-бірімен
байланысты болады.
Жұрнақтардың ішінде дыбысталуы (айтылуы) мен таңбалануы (жазылуы) бірдей
болғанымен, негізгі мағыналары да, туынды мағыналары да бір-бірімен байланыспайтын,
ұштаспайтын тіпті басқа-басқа бір алуан жұрнақтар бар. Ондайлар омоним жұрнақтар
деп аталады. Мұндай омоним жұрнақтарды полисемиялық жұрнақтардан ажырата білу
қажет және олар бөлек-бөлек категориялар, жеке-жеке қаралуы керек.
Атшы, түйеші, балташы, етікші, малшы, егінші, тігінші, тергеуші, барлаушы,
сайлаушы, жүргінші, қуғыншы, жазушы, оқушы деген зат есімдердің бәрі де -шы (-ші)
қосымшасы етістіктің түр-түрлеріне тілену, жалыну мағынасын жамап тұрса, бармақшы,
келмекші дегендерде -шы (-ші) жұрнағы мақсаттың тиянақты түрде жүзеге
асырылатындығына көзді жеткізе түсетін мағына үстейді.
Сөйтіп, бұл мысалдардағы -шы (-ші) қосымшасының мағыналары көп екенін
көреміз. Бірақ бұл арадағы көп мағыналар бір-біріне жақын емес, бір-бірімен
байланыспайтын, бірінен-бірі алшақ, басқа-басқа мағыналар. Осы себептен бұл жұрнақты
айтылу, жазылу түрлері біреу ғана болғанымен, мағыналары да, қызметтері де бір-бірімен
ұштаспайтындықтан, полисемиялық (көп мағыналы) жұрнақ деп тани алмаймыз. Бұл
жұрнақ — әрі жаңа сөз тудыратын, әрі жаңа форма тудыратын омоним жұрнақ.
-қ, (-ық, -ік, -ақ,- ек) жұрнағы. Бұл жұрнақ — нағыз омоним жұрнақ. Бұның
мағыналары да көп, жалғану аясы да кең, атқаратын қызметі де әр тарапты. Мысалы:
1. Қазық, бұйрық, бөлік, сезік, күйік, көрік, түкірік, түсінік, кекірік, сұрақ, тырнақ,
ырғақ, тілек, төсек, орақ, пышақ, жатақ, құшақ, жетек, қонақ, қылық, тозық, шалық
дегендер -ық (-ік, -қ, -ақ, -ек) жұрнағы арқылы етістіктен туған зат есімдер.
2. Ортақ, мойнақ, қысырақ, атақ, жолақ, тікенек, қылтанақ, түнек, ұшық дегендер
— есімдерден туған зат есімдер;
3. Бөлек, сирек, жасық, сасық, сұйық, артық, арық, ашық, жатық, сынық, қиысқ,
үзік, жетік, бітік дегендер — сол жұрнақ арқылы етістіктен туған сын есімдер;
4. Қалтақ, жалтақ, бұлтақ, бұрқақ, жалпақ, болпақ, балпақ, елпек, селтек, сылтық,
жылпық, жыпық, шыжық, қыжық дегендер — сол жұрнақ арқылы еліктеуіш сөздерден
туған сын есімдер;
5. Сауық, молық, орнық, дәнік, кешік, өшік, зарық, тотық, демік, отық, ашық, кезік,
көзік дегендер — есімдерден сол жұрнақ арқылы туған етістіктер;
6. Көнік, обық, ширық, талық, қанық, торық сөздері — сол жұрнақ арқылы түбір
етістіктен туған туынды етістіктер;
7. Толық, тынық, жабық, қызық сөздері сол жұрнақ арқылы етістіктен жасалып, әрі
есім, әрі етістік болып қызмет етсе, желік, ынтық, қырсық, мертік сөздері сол жұрнақ
арқылы есімнен жасалып, әрі етістік, әрі есім ретінде қызмет етеді.
Осындай омоним жұрнақтардың қатарына -ық (-ік, -қ, -ақ, -ек); -ын (-ін, -н); -ыт (-
іт, -т); -ыл (-іл, -л); -ыс (-іс, -с); -лас (-лес, -дас, -дес, -тас, -тес); -ыр (-ір, -ар, -ер); -дық
(-дік, -лық, -лік) және басқа жұрнақтарды қосуға болады.
Сонымен, жұрнақтар мынадай топтарға бөлінеді:
6
1. Тілдің өз төл материалынан я басқа тілден енген материалдан шыққандығына
қарай олар төл жұрнақтар және кірме жұрнақтар болып екі салаға бөлінеді.
2. Олар, ерте я кеш шығып қалыптасуларына қарай, көне жұрнақтар және жаңа
жұрнақтар болып екі топқа бөлінеді.
3. Қазіргі кезде сөз тудыру қабілеттерінің бар я жоқтығына қарай, олар тірі
жұрнақтар және өлі жұрнақтар болып сараланады.
4. Құрамдарындағы морфемалардың дара я күрделі болуына қарай, олар жалаң
жұрнақтар және құранды жұрнақтар болып жіктеледі.
5. Мағыналық жағынан бір я бірнеше мағынаны білдіретініне қарағанда, олар дара
мағыналы (моносемиялық) және көп мағыналы (полисемиялық) болып бөлінеді.
6. Формасы (айтылуы және жазылуы) басқа-басқа бола тұра, мағыналары бір-біріне
жақын я мағыналас синоним жұрнақтар да болады; сондай-ақ формасы (айтылуы мен
жазылуы) бірдей бола тұра, мағыналары өзара бір-біріне алшақ омоним жұрнақтар
болады.
7. Қазіргі кезде сөз тудыру жағынан өнімді я өнімсіз болуларына қарай, олар құнарлы жұрнақтар және құнарсыз жұрнақтар болып салаласады.Сөйтіп, жұрнақтардың шығу төркіндерінде де, даму және қалыптасу тарихында да, беретін мағыналары мен атқаратын қызметтерінде де қаншалықты ерекшеліктері мен өзгешеліктер бола тұрса да, олар бей-берекет бытыранды қосымшалар емес, бір үлкен жүйеге сарқылатын (құйылатын) және сол жүйеден ұя-ұя болып тарайтын жүйелі
категория екенін көреміз.

Пайдаланылған негізгі әдебиеттер:


1. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі (морфология). Алматы. 1991 ;
2. Ш.Бектұров. Қазақ тілі (фонетика, лексика, морфология, синтаксис). Алматы.
2006;
3. К.Аханов. Тіл білімінің негіздері. Алматы. 2010;

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет