Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Қазақстан Республикасында зейнетақы жүйесін жаңғырту жөніндегі
АҚПАРАТТЫҚ-АНЫҚТАМАЛЫҚ МАТЕРИАЛ
2013 жылғы қыркүйек
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың мақсаты мен ерекшеліктері:
-
Зейнетақы төлемдерінің алдыңғы табысқа және еліміздегі өмір сүру деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ету.
-
Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету (зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын ағымдағы табыстар мен резервтердің, сондай-ақ бюджет қаражатының және өзге түсімдердің зейнетақы төлеу бойынша шығыстарға үнемі сәйкес келуі).
Жаңғырту зейнетақымен қамсыздандырудың көпдеңгейлі жүйесін сақтай отырып жүзеге асырылады. Қажетті және өзара байланысты өзгерістер базалық деңгейде жүргізілетін болады, ал міндетті деңгейде – ынтымақты және жинақтаушы, және ерікті құрамдас бөліктерде жүргізіледі.
Алдағы өзгерістер тұрғындар мен зейнеткерлердің қандай топтарына бағытталатын болады?
Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерінің ерекшелігі бүкіл және әрбір адамға қатысты болатындығында: бүгінгі зейнеткерлерді де, зейнетке шығу құқығына әлі еңбек сіңіретіндерге де, әйелдер мен ер кісілерге; жұмыс істейтіндер мен жұмыссыздарға, азаматтық тұрғындар мен әскерилер және т.б. қатысты болады.
Осыған орай, алдағы өзгерістер мемлекет, жұмыс беруші және тікелей азаматтардың арасында қарттық туындаған кезде қажетті қамтамасыз етуге жауапкершілікті бөлуді көздейтін адам мүддесінде жүзеге асырылады.
Жаңғырту бағыттары
1. Қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі институционалдық өзгерістер, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын ұйымдастырудың және оның қызметіндегі ерекшеліктер.
2. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына ауыстыру.
3. Әйелдердің зейнеткерлік жасын 2018 жылдан бастап кезең-кезеңімен ұлғайту.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ЗЕЙНЕТАҚЫМЕН ҚАМСЫЗДАНДЫРУ МОДЕЛІ, ОНЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰРАМДАС БӨЛІКТЕРІ
Бүгінгі таңда Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейлерден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Базалық деңгейде зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға (ынтымақты (01.01.1998ж.) және жинақтаушы зейнетақы жүйесінде қатысуды ескергенде) базалық зейнетақы төлемі (БЗТ) төленеді. Бұл төлем еңбек өтіліне және алдын алған табыстарына қарамастан барлық мөлшерде біркелкі белгіленеді.
Анықтама үшін: БЗТ алушылардың саны 2013 ж. 1 шілдеге 1833,5 мың адамды құрайды, оның ішінде шамамен 830 мың адамы – ынтымақты жүйеге қатысушылар, ал 1 млн-ға жуығы – зейнетақымен қамсыздандырудың аралас (ынтымақты және жинақтаушы) жүйесі. БЗТ мөлшері 2013 жылы 9 330 теңгені немесе ЕТКД-нің 50%-н құрады.
Міндетті деңгейде зейнеткерлерге мемлекеттік бюджеттен ынтымақты (еңбек) және Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы қорларын қаржыландыру есебінен – жинақтаушы зейнетақылар төленеді.
1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өту кезінде азаматтар үшін оларда 01.01.1998 ж. кемінде 6 ай еңбек өтілі және 1995 жылдан бастап кез-келген қатар 3 жыл үшін жалақысы болған жағдайда мемлекеттік бюджеттен ынтымақты зейнетақы алу құқығы сақталды. Толық зейнетақы тағайындау үшін міндетті еңбек өтілі әйелдер үшін 20 жылды және ер кісілер үшін – 25 жылды құрайды.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақылар жалақының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдарын жүзеге асырған жинақтаушы жүйе қатысушыларына төленеді.
Әйелдер өз зейнетақы жинақтарын аннуитеттік (сақтандыру) компанияға аудару арқылы зейнетақы аннуитетін сатып алу жолымен зейнетке шыққаннан кейін 18 жыл ішінде оның ең төмен мөлшерінен аз емес мөлшерде ай сайын зейнетақы төлеу үшін жеткілікті болған жағдайда әйелдерге – 50 жастан, ер кісілерге – 55 жастан бастап зейнетақы жинақтарын ертелеу алуға құқық көзделген.
Бүгінгі таңда зейнетақы жинақтарының орташа мөлшері 376 мың теңгені құрайды. Зейнетақы төлемдері тоғыз жүз мыңнан астам зейнеткерге орташа 4 мың теңгеден (орташа айлық жалақының 4%) төленді.
-
БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫН (БЖЗҚ) ҚҰРУ ЖӘНЕ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ
2013 жылғы 1 тамызда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылып, Қазақстан Республикасының Үкіметі оның құрылтайшысы мен акционері болып белгіленді.
БЖЗҚ құрудың мақсаты мен басымдықтары:
- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) түсімдерінің және зейнетақы активтерін пайдаланудың тиісті есебін қамтамасыз ету;
- инвестициялық стратегияларды жетілдіру және зейнетақы активтерінің табыстылығын арттыру, әкімшілік шығыстарды азайту;
- тұрғындардың зейнетақы жинақтарын қалыптастыру және оның қозғалысының барынша тазалығын қамтамасыз ету.
БЖЗҚ барлық зейнетақымен қамсыздандыру шарттары бойынша құқықтық мирасқор болып табылады және алдын жеке жинақтаушы зейнетақы қорлары арасында бөлінген барлық зейнетақы активтерін шоғырландырады.
Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын және олардың зейнетақы жинақтарын зейнетақы қорларынан аудару биылғы жылдың қыркүйегінен бастап кесте бойынша салымшылардың өз зейнетақы жинақтарына меншік құқығы сақтала отырып (бұл өте маңызды!), толық көлемде жүзеге асырылатын болады.
БЖЗҚ негізгі міндеттері:
- міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) және салымшының қалауы бойынша ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) тарту;
- салымшылардың жеке зейнетақы шоттарын есепке алу;
- салымшыларға шоғырландырылған зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру;
- зейнетақы жинақтарының жоғары табыстылығын қамтамасыз ету;
- ЖЗЖ қатысушыларды қамтуды кеңейту
- халықты жеке зейнетақы шотындағы қаражат туралы ақпараттандыру арқылы қаржылық сауаттылықты арттыру.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстанның Ұлттық Банкі басқаратын болады.
Инвестициялауды ұйымдастыру үшін ҚР ҰБ-ға инвестициялық стратегияға сәйкес инвестициялық портфельдерді басқаратын ұйымдарды таңдау құқығы беріледі. Алайда инвестициялық стратегия мен БЖЗҚ зейнетақы активтерін орналастыру үшін рұқсат берілген қаржылық құралдардың тізбесі жөніндегі ұсынымдарды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес мақұлдайтын болады.
Оның дербес құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Кеңестің құрамына ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Үкіметінің, ҚР Ұлттық Банкінің өкілдері, қаржылық нарық қатысушылары мен отандық тәуелсіз сарапшылар кіретін болады.
Кеңестің негізгі функциясы:
- Қордың зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарау және әзірлеу;
- Қордың зейнетақы активтерін орналастыруға рұқсат берілген құралдардың тізбесі жөнінде ұсыныстар әзірлеу және осы тізбені мақұлдау;
- Қордың инвестициялық стратегиясын бекіту.
Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуы жөніндегі кепілдік сақталатын болады.
Осылайша, мемлекеттің зейнетақы активтерінің сақталуы және инвестициялық табыстылығын қамтамасыз етуге жауаптылығы арттырылады.
Қазіргі кезде еліміздегі тұрғындарды зейнетақымен қамсыздандыруды жаңғырту тақырыбы үлкен белең алып, әрбір қазақстандықтың көкейіндегі өзекті мәселеге айналды. Сол себепті Министрлік ең жиі қойылатын сұрақтар мен оларға жауаптарды іріктеп алды. Осы материалдың әрбір атауының соңында түрлі тақырыптар бойынша қысқаша тоқталулардан кейін сол сұрақ-жауаптармен таныса аласыз.
Ұйымдастыру комитеті
1-сұрақ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қашан ашылады және жұмыс істеп бастайды?
Жауап: 2013 жылғы 3 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
2013 жылғы 31 шілдеде «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ базасында акционерлік қоғам нысанында коммерциялық емес ұйым түрінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру туралы» № 747 Үкіметтің қаулысы қабылданды.
Қазіргі кезде міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасау, өзгерту немесе тоқтату тәртібін қамтитын БЖЗҚ зейнетақы қағидалары әзірленуде және БЖЗҚ мен зейнетақы жинақтары салымшыларының (алушыларының) құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі белгіленеді.
БЖЗҚ зейнетақы қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін болады.
БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотын ашу БЖЗҚ зейнетақы қағидаларында көзделген нысан бойынша жазылған салымшы өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.
Салымшы «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК-дан зейнетақымен қамсыздандыру шарты туралы мәліметтерді зейнетақымен қамсыздандыру шартын жасаған жеке тұлғалардың бірыңғай тізіміне енгізу туралы электронды хабарламаны БЖЗҚ алған күннен бастап зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып саналады.
2-сұрақ. Жеке зейнетақы қорларының салымшыларына олардың қаражатын БЖЗҚ-ға аудару үшін қандай да бір әрекет жасаулары керек пе?
Жауап: БЖЗҚ зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға берілген салымшылармен (алушылармен) жасалған барлық зейнетақымен қамсыздандыру шарттары бойынша құқықтық мирасқор болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі БЖЗҚ-ға зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтерін және жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелерін беру қағидаларын әзірледі. Соған сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтерін беру-қабылдау кестесі және жинақтаушы зейнетақы қорларының міндеттемелері бекітіледі, және де бұл барынша жақын уақытта жүзеге асырылатын болады.
Осы кестені іске асыру үшін зейнетақы активтерін беру және міндеттемелері, оларды орындау мерзімдері мен жауапты тұлғалар жөніндегі іс-шаралар жоспары, сондай-ақ БЖЗҚ-ға жинақтаушы зейнетақы қорлары беретін құжаттар мен ақпарат тізбесі жасалатын болады.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң күшіне енген сәттен бастап, яғни биылғы жылдың 3 шілдесінен БЖЗҚ-ға зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерді беру аяқталғанға дейін:
1) салымшылардың (алушылардың) жинақтаушы зейнетақы қорларынан сақтандыру компанияларына зейнетақы жинақтарын аудару;
2) салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына ауыстыру тоқтатылады.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақтаушы зейнетақы қорларымен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бар салымшыларға БЖЗҚ-мен қосымша шарт жасау жөнінде қандай да бір әрекет жасау талап етілмейді.
3-сұрақ. Жеке қорлар қамтамасыз ете алмаған инвестициялық табыстылықтың тиісті деңгейін БЖЗҚ қамтамасыз ете алады ма?
Жауап:
Иә, бұл дұрыс. Жинақтаушы зейнетақы қорлары өз активтерін жеткілікті түрде диверсификациялай алмады. Бүгінгі таңда зейнетақы активтерінің 87%-ы Қазақстанда, оның ішінде жартысына жуығы мемлекеттік құнды қағаздарға салған. Шетелдік активтер 9%-ды құрайды. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер бойынша ЖЗҚ активтерінің кемінде 20%-ы мемлекеттік құнды қағаздарға салынуы керек болатын, ал шетелде активтердің 40%-ына дейін орналастыруға болады. ЖЗҚ асыра сақтанып, мемлекеттік құнды қағаздардағы жинақтарды Қазақстанның ішінде инвестициялады. Қатердің аз екені түсінікті, соған сәйкес табыстылығы да төмен.
Осыған байланысты зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығын арттыру үшін мыналар іске асырылды:
Бірінші. Инвестициялық стратегияға сәйкес келетін мемлекетіне, активтердің сыныбы мен валютасына қарай БЖЗҚ түрлі портфельдерін қалыптастыру бойынша ҚР Президентінің жанындағы зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңесті белгілеу шаралары қабылданатын болды,
Екінші. Ішкі, сыртқы инвестициялық портфельді басқарушылары қамтамасыз етуге тиісті зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығының деңгейін ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын болады. Бұл ретте инвестициялық портфельді басқарушы ұйымдар конкурстық негізде сайланады.
4-сұрақ. Қазір жұмыс істеп тұрған жинақтаушы зейнетақы қорлары (ЖЗҚ) не істейді?
Жауап: Қазіргі ЖЗҚ-лар:
- тиісті лицензиясы болған жағдайда зейнетақы активтерін басқару жөніндегі тендерлерге қатысуға құқығы бар (құнды қағаздар нарығы туралы қолданыстағы заңнама шеңберінде) инвестициялық қызметті жүзеге асыратын компания, не
- азаматтарды ерікті зейнетақы жарналарын тартатын ерікті жинақтаушы зейнетақы қор болып қайта құрылуы мүмкін.
Үшінші жол – бұл Қордың жабылуы.
5-сұрақ. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беру кезінде салымшылардың зейнетақы жинақтарының сақталуы қамтамасыз етіле ме?
Жауап: Салымшылардың зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-ға толық көлемде аударылады деп сендіре аламыз. Сондай-ақ әрбір салымшы алдын ЖЗҚ хабардар етіп отырған зейнетақы жинақтарының көлеміне сәйкес өз зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыстарының сомасы туралы ақпаратты ала алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына берілген салымшылармен (алушылармен) жасалған барлық зейнетақымен қамсыздандыру шарттары бойынша құқықтық мирасқор болып табылады.
Жеке ЖЗҚ-дан БЖЗҚ-ға зейнетақы активтерін беру тәртібі жақын уақытта заңнамалық тұрғыдан регламенттеліп, жүзеге асырылады.
Міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуы жөніндегі кепілдік сақталатын болады.
6-сұрақ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру салымшылардың зейнетақы жинақтарын бюджетке аударудың (мемлекеттің меншігіне алу) басы болып жүрмей ме?
Жауап:
Бюджетке зейнетақы жинақтарын беру (мемлекеттің иелігіне беру) азаматтардың өз жинақтарына меншікті құқығынан айырылуы дегенді білдіреді.
Мұндай шаралар 2008-2010 жылдары (әлемдік қаржылық дағдарыстың шиеленіскен кезі) бірқатар елдерде бюджеттік тапшылықты жою үшін қабылданған болатын. Мысалы, Аргентина және Венгрияда ЖЗҚ зейнетақы активтері толық мемлекет меншігіне өткен, ал Шығыс Еуропа және Балтық жағалауы елдерінде міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі азайтылды. Мемлекеттің иелігіне өткен зейнетақы активтері, сондай-ақ бюджетке салық түрінде түсетін міндетті зейнетақы жарналарының бір бөлігі қосымша зейнетақы бағдарламаларын қаржыландыруға /зейнетақы төлеуге жұмсалды.
Бұлармен салыстырғанда, құрылатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттары жүйесі сақталады, онда жұмыс істеп тұрған ЖЗҚ-дан азаматтардың жеке жинақтары толық көлемде аударылады. Сол себепті де, бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарын мемлекеттің иелегіне беру дегенді білдірмейтінін атап өтеміз.
7-сұрақ. Комиссиялық сыйақы мөлшерлемесі жоғары?
Жауап: қолданыста болған ҚР заңнамасында комиссиялық сыйақының шекті көлемі мынадай:
- бір айға зейнетақы активтерінің 0,05 пайызы;
- есептелген инвестициялық табыстың 15 пайызы мөлшерінде белгіленген болатын.
Енді комиссиялық сыйақы мөлшері 2 есеге азайтылды:
- бір айға зейнетақы активтерінің 0,025 пайызы;
- инвестициялық табыстың 7,5 пайызы мөлшерінде.
Бұл азаматтарымыздың зейнетақы жинақтарының көлеміне оң ықпалын тигізетін болады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының көрсетілген комиссиялық сыйақы мөлшері БЖЗҚ өздерінің қызметін қаржыландыру қажеттігіне (филиалдық желіні дамыту, халыққа қызмет көрсетудің қосымша орындарын ашу, бағдарламалық техникалық кешен инфрақұрылымы және т.б.) және БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқарғаны үшін басқарушы компанияларға сыйақы төлеу қажеттігіне орай есептелді.
Бұл ретте БЖЗҚ комиссиялық сыйақы мөлшерін жыл сайын Ұлттық Банк бекітіп отырады және БАҚ-тарда жарияланатын болады.
Сонымен қатар комиссиялық сыйақының жоғарыда көрсетілген көлемі шекті болып табылады және БЖЗҚ қызметінің тиімділігіне қарай азаюы да мүмкін. Мұндай құқық заңнамалық тұрғыдан ҚР Ұлттық Банкіне берілген.
ІІ. ЕРІКТІДЕН МІНДЕТТІ КӘСІПТІК ЗЕЙНЕТАҚЫ
ЖАРНАЛАРЫНА ӨТУ
Зейнетақы жүйесін жаңғырту бағытындағы қайта құрулар қолданыстағы үлгінің ерекше еңбек жағдайларында жұмыс істеуімен байланысты тәуекелдерді өтей алмауына байланысты.
Еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың ерікті кәсіптік схемасы тиісті деңгейде дамымағанын атап өткен жөн. Ол ЕКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын көбейтіп және 53-55 жаста зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік береді деп болжанған еді. Алайда, қазіргі уақытта 4 мыңнан аса адам жүйеге қатысушы болып табылады, ал олардың жинақтары бар болғаны 100 млн. теңгені құрайды.
Еңбек жағдайлары ерекше жұмыста істейтін адамдардың жұмыстарының ерекшеліктерін ескере отырып 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына (МКЗЖ) өту жүзеге асырылатын болады.
Бұл енді еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдардың дербес зейнетақы шоттарына 15 пайыз зейнетақы жарналары түсетін болады, оның 10 пайызы қызметкердің өзінің еңбекақы төлеу қорынан және 5 пайызы жұмыс беруші есебінен жүргізіледі. Бұл олардың жүйеге үздіксіз қатысқаны (30 жылдан кем емес) және жүйелі түрде аударғаны (жылына 12 рет) кезінде зейнеткерлікке ерте шығуы үшін жеткілікті зейнетақы жинақтарына мүмкіндік береді.
Бұл ретте жұмыс берушіге де жүктеме азаяды, өйткені кәсіптік зейнетақы жарналарына төленетін сома салық төлемдерін жүзеге асырған кезде шегерімге жатқызылады.
Бұдан басқа, осы санаттағы адамдар үшін:
1) базалық зейнетақы төлемдері;
2) 1998 жылғы 1 қаңтарға кемінде 6 ай стажы болған кезде ынтымақты (еңбек) зейнетақы;
3) жалпыға ортақ белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жалпы еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер;
4) еңбек жарақатынан және кәсіби аурулар салдарынан еңбек ету қабілетінен айрылған кезде сақтандыру компанияларынан төленетін өмірлік сақтандыру төлемдері сақталады.
Бүгінде, міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарының салымшылары меншікті қаражаты есебiнен олардың пайдасына міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын өндірістердің, жұмыстардың, қызметкерлер кәсіптерінің тiзбесiн дайындау жұмысы аяқталды.
Тізбе жобасының түпкілікті нұсқасы 17 бөлімнен - өндіріс түрлерінен және кәсіптер, лауазымдар және оларды біріктіретін мазмұндардың атаулары көрсетілген үш мыңнан астам ұстанымдардан тұрады.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары зиянды, қауіпті жағдайлардағы еңбегі еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерді аттестаттау нәтижесімен расталған қызметкерлерге қолданылады, аттестаттауды өткізу тәртібін еліміздің Үкіметі айқындайды.
Еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерді аттестациялау мамандандырылған 146 ұйымда жүргізілуде. Аталған ұйымдарды еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган өндірістік объектілерді аттестациялау бойынша қызметтерді жүргізу құқығына аккредиттеуге тиіс.
Еңбек жағдайлары бойынша өндірістік объектілерді аттестациядан өткізу сапасын бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асырады.
Сондықтан, ұсынылатын шаралар зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын күшейтеді және еліміздегі артып келе жатқан өмір деңгейін зейнетақымен қамсыздандыру шегінің барабарлығын арттырады.
1-сұрақ. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыс істейтін адамдар қандай жәрдемақы алады?
Жауап:
Қолданыстағы Қазақстанның еңбек жағдайлары ерекше жұмыстарда істейтін адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінде:
-
еңбек жағдайларын ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істейтін адамдарға 9 айлық есептік көрсеткіш және еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істейтін адамдарға 8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік арнайы жәрдемақы;
-
белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыз мөлшерінде берілетін базалық зейнетақы төлемі;
-
63-58 жасқа жеткен және 1998 жылғы 1 қаңтарға еңбек өтілінің болуы кезінде ынтымақты (еңбек) зейнетақы;
-
қызметкерлер жалақысының 10 пайызы мөлшерінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналарын аударған кезде берілетін жинақтаушы зейнетақы;
-
өз қызметкерлерінің пайдасына өзінің бастамасы бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына жұмыс берушілер төлейтін ерікті кәсіптік жарналардың есебінен берілетін зейнетақы;
-
белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жалпы еңбек қабілетін жоғалту жағдайына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін сақтандыру төлемдері;
-
еңбек жарақатынан және кәсіптік аурулардың салдарынан еңбек қабілетін жоғалтқан кезде сақтандыру компанияларынан төленетін өмірлік сақтандыру төлемдері қамтылған.
2-сұрақ. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды зейнетақымен қамсыздандыруды ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесі не дейді?
Жауап:
Әлемде пайдаланылатын арнайы режимдерді қамтитын зейнетақымен қамсыздандырудың мемлекеттік жүйелері мынадай схемаларға бөлінеді: жекелеген, араласқан, бірлескен.
I. Жекелеген жүйелер экономиканың жекелеген салалары қызметкерлерінің не жұмыспен қамтылған халықтың жекелеген топтарының дербес кәсіптік зейнетақы жүйелерінің жұмыс істеуін көздейді.
Дербес кәсіптік зейнетақы жүйесі саланың немесе кәсіптің ерекше шарттарына икемделген. Осы схемаға жататын қатысушылар міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын дербес кәсіптік зейнетақы схемаларына жүзеге асырады және жалпы схема бойынша міндетті зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Аталған жүйелерде зейнетақы төлемдері ынтымақты негізде жүзеге асырылады.
II. Аралас зейнетақы жүйелері жұмыспен қамтылған халықтың жекелеген топтары үшін арнайы ережелерді қамтитын жалпыға ортақ ұлттық мемлекеттік зейнетақы жүйесін білдіреді.
Қызметкерлер міндетті зейнетақы жарналарын жалпыұлттық зейнетақы жүйесіне жүзеге асырады, онда жарналардың мөлшерлемесі еңбек жағдайларына қарай сараланады. Еңбек жағдайлары қалыпты жұмыста істейтін қызметкерлердің жарналар мөлшерлемесіне қарағанда еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін қызметкерлердің жарна мөлшерлемесі жоғары, бұл оларға зейнеткерлікке ерте шығуға мүмкіндік береді. Зейнетақы төлемдері ынтымақты негізде жүзеге асырылады.
Қазақстан аралас зейнетақы жүйесін таңдады.
III. Бірлескен зейнетақы жүйелері жалпыға ортақ ұлттық зейнетақы жүйесін білдіреді, мұнда жұмыскерлердің жекелеген санаттары жүйеге теңдей қатысқан жағдайда зейнеткерлікке ерте шығу құқықтарына ие болуы мүмкін.
Жарна мөлшерлемесі жүйеге қатысушылардың барлығы үшін бірдей. Мемлекеттік зейнетақы жүйесін қаржыландыру зейнетақы жарналарының немесе жалпы салықтардың есебінен жүзеге асырылады.
3-сұрақ. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарынан міндетті жарналарға өту жұмыс берушілердің өнімінің өзіндік құнына әсері қалай болар екен?
Жауап:
Қолданыстағы заңнамада ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын жұмыс берушілер салық жеңілдігіне ие. ҚР Салық кодексінің 110-бабы 3-тармағына сәйкес салық төлеушілердің зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар бойынша ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төлеген ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамада белгіленген шектерде ұстап қалуға жатады.
Ұсынып отырған өзгерістерде аталған нормалар сақталады, бұл жұмыс берушіге жүктеменің көбеюіне алып келмеуге және өнімнің өзіндік құнына әсер етпеуге тиіс.
4-сұрақ. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына өту және оларды төлеу кезіндегі тетігі қандай?
Жауап:
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бұрынғы міндетті зейнетақы жарналары сақталған жағдайда, жұмыс беруші есебінен 5 пайыз мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу көзделген. Бұл олардың жүйеге үздіксіз қатысқаны (30 жылдан кем емес) және жүйелі түрде аударғаны (жылына 12 рет) кезінде зейнеткерлікке ерте шығуы үшін жеткілікті зейнетақы жинақтарына мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерге ғана қолданылатын болады. Өндіріс түрлерінің тізбесін және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер кәсіптерінің тізімін Үкімет бекітеді және мерзім сайын қайта қаралып отырады.
Ұсынылып отырған қайта құрулардың нәтижесінде жұмыс берушіге де жүктеме азаяды, өйткені кәсіптік зейнетақы жарналарына төленетін сома салық төлемдерін жүзеге асырған кезде шегерімге жатқызылады.
Бірақ жұмыс берушілердің міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына жұмсайтын шығындары ахуалына байланысты еңбек жағдайлары олардың жақсаруын ынталандырып отырады.
ІІІ. ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ЖАСЫН ҰЛҒАЙТУ
Әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтілінің азаюына байланысты. 2012 жылы зейнетақы тағайындау үшін өтініш білдірген әйелдердің 12 астамы 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақталған толық еңбек өтілі жоқ, ал 2018 жылы зейнетке шығатын әйелдердің барлығында толық өтіл болмайды.
Бұл, 2018 жылдан кейін зейнетке шығатын әйелдердің зейнетақысы:
- базалық зейнетақыны;
- 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне сәйкес бюджеттен ынтымақты зейнетақыны қамтитын болады. Бұл ретте, еңбек зейнетақысының мөлшері толық емес еңбек өтіліне байланысты жыл сайын бекітілетін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болуы мүмкін,
- зейнетақы жинақтарына сәйкес салыстырмалы түрде аздаған мөлшерде ЖЗҚ жинақтау зейнетақысын қамтитын болады.
Болжамды есептер бойынша әйелдердің алатын зейнетақысының мөлшері осы онжылдықтың өзінде бұрынғы орташа айлық жалақысының 40 пайызынан төмен болады.
Мұндай жағдайларда, зейнетақы жасын біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін және зейнетақы жинақтарының көлемін арттыру үшін ұсынылады, бұл тиісінше, ЖЗҚ алынатын зейнетақы мөлшерінің артуына алып келуге тиіс.
Қазіргі кезде көптеген шет елдерде (Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония және т.б.) зейнетақы жасын арттыру есебінен зейнетақы жүйесін халықтың жасына бейімдеу пайдаланылады.
Бұл ретте Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнеткерлік жасы ер адамдардың зейнеткерлік жасына 2020 жылға теңестіріледі, бесеуі оны кейін жасауды жоспарлап отыр.
Әдетте, зейнеткерлік жасты ұлғайту күштеу сипатында болмайды. Ол қалыпты зейнеткерлік жаста зейнеткерлікке шығу мүмкіндігін сақтау кезінде, бірақ зейнетақы мөлшерінің тиісті түзетулерінің есебінен икемді түрде әрі халық үшін жеңіл сипатта жүзеге асырылады.
Көп жағдайларда зейнеткерлік жасты ұлғайту жасы және өзге негіздер бойынша жаңа жағдайларға ауыстырылатын (көп балалы, денсаулығы үшін зиянды және ауыр еңбек жағдайларындағы, мүгедек және басқалар) әйелдерді кезең-кезеңімен саралау арқылы жүзеге асырылады. Зейнеткерлік жасты ұлғайту деңгейі әдетте жылына 2-6 айдың аралығын құрайды.
Шетелдерде зейнеткерлік жасты ұлғайту қазіргі уақытта көптеген шет елдері (Великобритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония, т.б.) қолдануда не қолдануды жоспарлап отыр.
Бұл ретте Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнеткерлік жасы ер адамдардың зейнеткерлік жасына 020 жылға теңестіріледі. Мысалы, Францияда әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру кезеңі 8 жылға созылады.
Зейнеткерлік жасты арттыру бойынша шаралар дер кезінде қабылданбаған елдерде ол қысқа мерзімдерде жүзеге асырылды. Мысал ретінде Германияны алуға болады, ол елде зейнеткерлік жас 60-тан 67 жасқа үш жыл ішінде арттырылды.
Зейнеткерлік жасты арттыруды жоспарлап отырған елдер
Ел
|
Зейнеткерлікке шығудың ағымдағы жасы
|
Әйелдер үшін зейнеткерлікке шығудың жоспарлап отырған жасы
|
Зейнеткерлік жасты арттыру кезеңі
(ЗЖ)
|
Е
|
Ә
|
Германия
|
65
|
65
|
67
|
2012-2029 жылдар.
|
Ирландия
|
66
|
65
|
68
|
2014 жылға - 66 жасқа дейін
2021 жылға - 67 жасқа дейін
2028 жылға - 68 жасқа дейін
|
Латвия
|
62
|
62
|
65
|
2014 жылдан - 2025 жыл
|
Эстония
|
63
|
60,5
|
65
|
2016 жылдан - 2026 жыл
|
Австрия
|
65
|
60
|
65
|
2024 жылдан - 2033 жыл
|
Әлемдік тәжірибеге және 1996 жылдан 2001 жылға дейін іске асырылған қазақстандық тәжірибеге сәйкес зейнетақы жасын ұлғайту кезең-кезеңімен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 6 айдан қоса отырып 10 жыл ішінде жүзеге асырылады.
Бұл:
- біріншіден, зейнетке шығар алдындағы адамдарға ауыртпалық салмай өтуге мүмкіндік береді. Мысалы, 58-ге келген әйелдер 58,5 жасында зейнетке шыға береді, яғни 6 айдан кейін, ал 57-ге толғандар бір жылдан кейін немесе 59 жасында зейнетке шығады;
- екіншіден, психологиялық тұрғыдан дайын болуға және бейімделуге (63 жаста зейнетке шығатын адамдар үшін);
- үшіншіден, әйелдердің нәтижелі жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Дей тұрғанмен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған үлгі, барлық әлеуметтік ерекшеліктерді ескеріп, ауыртпалық салмай және негізделіп 5 жылдан кейін – 2018 жылы қолданыла бастайды.
Себебі ынтымақты жүйеден зейнетақы тағайындау 2043 жылға дейін жүзеге асырылатын болады, ал зейнетақы жасын біріздендіру ынтымақты да, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушылары болып табылатын әйелдерге қатысты болады.
Зейнеткерлік жасты ұлғайта отырып, Үкімет халықты, оның ішінде ең алдымен орташа жастағы әйелдерді жұмыспен қамту бойынша қосымша шараларды қолға алу қажеттігін түсінді.
Бұған мемлекет іске асырып отырған, нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек табыстарының өсіміне бағытталған Жұмыспен қамту 2020 жол картасы септігін тигізеді, оның шеңберінде әйелдер халықтың жұмысқа орналасуда және өзге де әлеуметтік қолдау нысандары бойынша басымды құқыққа ие нысаналы тобына жатқызылған.
Аталған бағдарлама 2009 және 2010 жылдардағы жол карталарын және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады.
Бағдарламада әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтылуына баса назар аударылған. Әйелдердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы мақсатында Жол картасы шеңберінде оларға:
еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқу, оларды мемлекет субсидиялайтын әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына жіберу мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте оқу кезеңіне оларға жол жүруге және тұруға материалдық көмек беріледі, степендия төленеді;
микрокредит алу арқылы өз ісін ашу және кеңейту және кәсіпкерлік негіздеріне оқу;
еңбек ресурстарына қажеттілік бар әлеуметтiк-экономикалық даму әлеуетi жоғары елдi мекендерге өз еркімен көшуді жүзеге асыру мүмкіндігі беріледі. Осындай отбасыларға жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуына, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуде, көшуге субсидия беруде көмек көрсетіледі.
2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Бағдарлама шараларымен 100 мыңнан әйел қамтылды.
Әйелдерге бала күтімі бойынша демалыстан шыққаннан кейін еңбек нарығында бейімделуіне жәрдемдесу. Бәсекеге қабілеттілігі арттыру мақсатында жұмыспен қамту орталықтары еңбек заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен біліктілігін арттыруды, қажетіне қарай қайта оқуын және сұранысқа ие мамандық алуын қамтамасыз етеді.
Бұдан басқа, әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен арттырумен байланысты қатерлерді жою мақсатында Үкіметтің қаулысымен 50 жастан асқан адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары (50 + бастамасы) бекітілді.
«50 + бастамасы» бірінші кезекте зейнеталы жастағы адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған және іске асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде құрылатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру іс-шараларын қамтиды.
Әйелдердің еңбегін кеңінен қолдануға, қашықтықтан жұмыспен қамту түрлерін пайдалануға, үйде еңбек етуді дамытуға, сондай-ақ әйелдер үшін кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар шаралар көзделуде.
Бұдан басқа, Еңбек кодексіне жұмысқа орналастыру кезінде кемсітушілікті жоюға және 55 жастан асқан адамдардың жұмыспен қамтылуын сақтауға бағытталған кепілдіктерді күшейтуді, сондай-ақ бос жұмыс орындары туралы еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарды (жынысты және жасты көрсету) қамтитын ақпаратты орналастырғаны үшін өсімпұл енгізуді көздейтін түзетулер енгізілді.
Сонымен қатар, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар әйелдер үшін зейнеткерлікке ерте шығу құқығы сақталады:
- 5 және одан көп бала туған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жаста;
- «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 10 жыл төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұрған, кемінде 20 жыл жалпы еңбек өтілі бар әйелдерге 45 жаста.
Сондай-ақ еңбек өтіліне жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт есептеледі.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде жинақтаушы зейнетақы жүйесінен төленетін зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы 50 жаста сақталатын болады.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2013 жылғы 7 маусымдағы үндеуінде жария еткен тапсырмалары шеңберінде, ел Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген «2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауға шығыстар көзделген.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алушылардың міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау жөніндегі бастамаларын сүйемелдеуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Аталған норма әйелдердің зейнетақы жарналарының мөлшерін көбейтуге септігін тигізеді және ана мен баланы қолдауға бағытталады.
1-сұрақ. Әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыруды қай жылдан бастап жүзеге асыру жоспарлануда? Әйелдердің зейнетақы жасын арттыру бір кезде немесе кезең-кезеңімен жүргізіле ме?
Жауап:
Зейнеткерлік жасты арттыру «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес кезең-кезеңімен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 6 айдан қоса отырып 10 жыл ішінде жүзеге асырылады.
2-сұрақ. Зейнеткерлік жасты біріздендіруде ең алдымен, ауылды жерлерде тұратын әйелдерге қиындау болады. Ауылдағы әйелдердің жай-күйі не болмақ? Оларды зейнетке шығар алдында жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қалай қамтымақсыздар?
Жауап:
Қолданыстағы заңнамада әйелдердің еңбек өтіліне жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғаннан аспайтын жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт ескеріледі. Осы норма ұсынылып отырған заң жобасында да сақталған.
Осыған байланысты ауылда тұратын, жұмыс істемейтін және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын әйелдер зейнеткерлікке шығар кезде ең төмен мөлшері 12 жыл еңбек өтілін құрайтын еңбек зейнетақысын, сондай-ақ базалық зейнетақы алуы мүмкін.
Ал қоғамдық өндірісте жұмыс істеуге мүмкіндігі әрі ынтасы бар әйелдер үшін оларды «Жұмыспен қамту 2020 картасы», сол сияқты өңірлік бағдарламалар шеңберінде нәтижелі жұмысқа тарту шаралары іске асырылатын болады.
Қосымша, зейнетақы жарналарын үздіксіз жүзеге асыруды қамтамасыз ету және зейнетақы жинақтарының мөлшерін көбейту үшін 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің бала тууға және оның күтіміне байланысты демалыста жүрген кезеңіне олардың міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауды жүргізу ұсынылады.
Зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың ең төмен кепілдері де көзделуде.
3-сұрақ. Статистика деректеріне сәйкес Қазақстанда әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа мөлшері ерлерге қарағанда 25 % төмен. Әйелдердің зейнетақы жинақтары мөлшерінің артта қалуын немен байланыстырасыз?
Ынтымақты жүйенің аяқталып қалуына байланысты Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ел азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыруда рөлі маңызды болады.
Бүгінгі күні жеке зейнетақы шоттарының жалпы санынан әйелдердің үлесіне 3,8 млн. теңге немесе 45 % келеді.
Әйелдердің зейнетақы жинақтарының артта қалуының екі себебі бар, олар:
1) жинақтауышы зейнетақы жүйесіне қатысудың кәсіптік өтілінің аздығы;
2) жыныстық белгілері бойынша еңбектегі жалақыдағы айырмашылық.
Соңғы 5 жылда экономика бойынша әйелдердің орташа айлық жалақы
мөлшері ерлердің орташа айлық жалақы мөлшерінің 66-дан 68 % құрайды.
4-сұрақ. Бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің зейнетақы шотына аударылатын қосымша міндетті аударымдар туралы айтып беріңізші.
жауап:
Зейнетақы жарналарын үздіксіз жүзеге асырылуын және зейнетақы жинақтарының мөлшерін көбеюін қамтамасыз ету үшін 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің қосымша міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізіледі.
Осы мақсаттарға 2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 2014 жылға – 8,8 млрд. теңге, 2015 жылға – 10,1 млрд. теңге, 2016 жылға – 11,7 млрд. теңге көзделген.
Әлеуметтік төлемдерді алушылардың пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстан 10 % міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдерден нақты ұсталатын міндетті зейнетақы жарналарының айырмасын құрайды.
1-мысал, баланың туған күніне дейін соңғы 2 жыл әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысы 150 мың теңге құрайтын жұмыс істейтін әйелді алатын болсақ. Егер қазіргі уақытқа дейін бала бір жасқа дейін оның күтімі кезінде оның зейнетақы жарналары айына 6 мың теңгені құраса, ұсынылып отырған тетік бойынша 9 мың теңге мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджеттен қосымша субсидиялауды ескере отырып, оның жалпы зейнетақы аударымдары айына 15 мың теңгені құрайды.
Назарға алыңыз! Әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін ескерілетін табысқа арналған қолданыстағы шектеуді ескере отырып, субсидиялау мөлшері ең төмен жалақы мөлшерінен (ағымдағы жылы 18 600 теңге) аспайтын болады.
Зейнетақы жарналарын есептеу объектісін 10 ең төмен жалақымен шектеу бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында енгізілген жоқ. Ол МӘСҚ-тан төленетін сақтандыру төлемдеріне, сол сияқты мемлекет субсидиялайтын зейнетақы жарналарын мөлшерін айқындауға зейнетақы жарналарын есептеуге бірыңғай тәсіл қолдану қажеттігімен байланысты. Осындай тәсіл/шектеу әділ болып отыр және Қазақстан Республикасының әлеуметтік заңнамасына сәйкес ол өзге де әлеуметтік қатерлерді сақтандыруда қолданылады.
2-мысал. баланың туған күніне дейін соңғы 2 жыл әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысы 1399,5 мың теңге (75 ең төмен жалақы) құрайтын жұмыс істейтін әйелді алатын болсақ. Ұсынылып отырған тетік бойынша 11 196 теңге мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджеттен қосымша субсидиялауды ескере отырып, оның жалпы зейнетақы аударымдары айына 18 660 теңгені құрайды.
IV. халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту
Қазақстанның еңбекке қабілетті халқының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуының ағымдағы деңгейі 67,7 %, оның ішінде жалдамалы қызметкерлер 98 %-ын құрайды.
Сондықтан, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тартымдылығын арттыру, көлеңкелі сектор қызметкерлерінің еңбек қатынастарын заңдастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылуын кеңейту жөнінде ұсыныстар қарастырылуда.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың негізгі үлесі жалақының 10 % мөлшерінде зейнетақы жарналарын төлейді.
Егер қарапайым есептеулер жүргізетін болсақ, онда осындай жарналарды жүзеге асыратын азаматта 35 жылда қандай жинақ болатынын есептеуге болады: жыл сайын адам 23 мың теңгедей жинайды (егер 2013 жылды алатын болсақ), тиісінше 35 жыл ішінде жинақтар 42 ең төменгі жалақыны құрайды. Мұндай жинақтар 3,5 жылға ең төменгі жалақы мөлшерінде зейнетақы төлеуге жетеді.
Егер өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар зейнетақы жүйесіне қатыспайтын болса, зейнеткерлік жасқа толған кезде оларға жасына байланысты мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан аспайтын әлеуметтік жәрдемақы төленеді, ол 2013 жылдың үлгісі бойынша 9330 теңгені құрайды.
Бұл мәселені шешу үшін мынадай жұмыстар жоспарлануда:
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін нақтылау және оларды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту жөнінде (Жұмыспен қамту 2020 картасы шеңберінде) жүргізілетін шараларды ескере отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін алған адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті қатыстыру туралы талап енгізілетін болады;
- жарналарды төлеу тәртібі өзгереді; өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар бүкіл табысын жариялап, осы сомадан зейнетақы жарнасын төлеуге тиіс болады.
- ең төменгі кепілдіктер жүйесі өзгертіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту жөнінде кешенді шаралар әзірлеу бойынша тапсырмалары
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына 2013 жылғы 7 маусымдағы үндеуінде жария еткен тапсырмаларын ескер отырып, халықты әлеуметтік қорғау деңгейіне мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің ынтымақты жауапкершілігін көздейтін зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғыртудың кешенді шаралары әзірленетін болады, атап айтқанда:
А) жұмыс істейтін әйелдер үшін бала туу және бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын мемлекеттің субсидиялауы.
Әйелдердің бала күтімі бойынша демалыста болуы, біріншіден жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің үзілуіне, екінші жағынан – зейнетақы жинақтары мөлшерінің объективті түрде артта қалуына (ерлермен салыстырғанда) әкеледі.
Есептеулер міндетті әлеуметтік сақтандыруға қатысушылар (бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша) үшін жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары ұсталған жағдайда бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңде (Заң бойынша – 3 жыл) жинақ мөлшері тиісінше 2,5 есеге төмендейді.
2014 жылғы 14 қаңтардан бастап әйелдердің бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген. Бюджеттен субсидияланатын міндетті зейнетақы жарналары Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен төленетін әлеуметтік төлемдерден ұсталатын зейнетақы жарналарымен қоса белгіленетін болады. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарының жиынтық мөлшері аударымдар объектісі ретінде ескерілген бұрынғы табыстан 10 % құрайды.
Ел Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген «2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында көрсетілген мақсаттарға 30,6 млрд. теңге сомада шығыстар көзделген.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алушылардың міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау жөніндегі бастамаларын сүйемелдеуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Аталған норма әйелдердің зейнетақы жарналарының мөлшерін көбейтуге септігін тигізеді және ана мен баланы қолдауға бағытталады.
Б) жұмыс берушінің есебінен барлық қызметкерлер үшін 5 % міндетті зейнетақы жарналарын енгізу.
Міндетті жинақтаушы деңгей шеңберінде әрбір қызметкер (салымшы) өзінің қарттығын қамтамасыз етуге (өзінің табыстарынан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналары) жауапкершілікте болады. Бұл ретте, мемлекет зейнеткерлікке шығу және өмір бойы базалық зейнетақы төлемдерімен қамсыздандыру кезінде әрбір салымшы бойынша зейнетақы жинақтарының нақты құнына кепілдікті қамтитын бірқатар мәселелер бойынша жауапты болады.
Осыған байланысты, жұмыс берушілердің өз қызметкерлерінің пайдасына аударатын міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмыс нәтижелерін ескере отырып, аудару тәртібін, осы жарналарды қалыптастыру және пайдалану тетігін әзірлеу ұсынылады.
Осындай негізде қол жеткізілетін базалық және ерікті құрамдауыштарды сақтау кезінде жұмыс берушілердің тікелей қатысуы есебінен міндетті деңгейде зейнетақымен қамсыздандыру көздерін кеңейту зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын күшейтеді және зейнетақы төлемдерінің сәйкестігін және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.
В) жұмыс беруші есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен тағы 5 пайызға арттыру (жыл сайын 1%).
2014 жылдан бастап еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілер есебінен еңбекақы қорынан 5 % мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізіледі.
Кәсіптік жүйені одан әрі дамыту мақсатында міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі 5-тен 10 %-ға дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады.
Осы өзгерістер:
- зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуына және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға;
- жұмыс берушінің салық салу базасындағы кәсіптік зейнетақы жарналарын шегеруге жатқызу бөлігінде салық жеңілдігі бойынша нормалардың сақталуына әкеледі.
Осылайша, зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін адамдар үшін зейнетақы жинақтары айтарлықтай тез көбейетін болады, өз кезегінде, оларға зейнетақы төлемдерін ерте алу мүмкіндігін беріледі. Бұл жүйеге үздіксіз (кемінде 30 жыл) қатысқан және жарнаны ұдайы (жылына 12 рет) аударған кезде зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға 50 жасқа жеткенде зейнетақы аннуитетін сатып алу арқылы зейнеткерлікке ерте шығу үшін жеткілікті зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Достарыңызбен бөлісу: |