Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасынан Тағайындалған жаза қылмыстық сипаты мен дәрежесіне



Дата23.02.2016
өлшемі27.37 Kb.
#9101
    
Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасынан
Тағайындалған жаза қылмыстық сипаты мен дәрежесіне

сәйкес келмегендіктен, сот үкімі өзгертілді

(істен үзінді)
Қызылорда қалалық сотының 2002 жылдың 6 мамырындағы үкімімен, М.Өтешов, бұрын: 2.06.1976 жылы Қазақ КСР ҚК-нің 200-бабының 3-бөлігімен 3 жылға бас бостандығынан айыруға;

11.09.1979 жылы Қазақ КСР ҚК-нің 132-бабының 2-бөлігімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға;

24.03.1983 жылы Қазақ КСР ҚК-нің 200-бабының 2 және 3-бөліктерімен, 93-бабының 2-бөлігімен, 37-бабымен 10 жылға бас бостандығынан айыруға;

14.01.1992 жылы ҚР ҚК-нің 132-бабының 3-бөлігімен 2 жыл 6 айға бас бос-тандығынан айыруға;

9.08.1996 жылы ҚР ҚК-нің 175-бабы 2-бөлігінің “а, б, в” тармақтарымен, 178-бабы 2-бөлігінің “б” тармағымен, 131-бабының 1-бөлігімен, 185-бабының 1-бөлігімен 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталған. Енді ҚР ҚК-нің 178-бабы 3-бөлігінің “в” тармағымен 10 жылға бас бостандығынан айыруға сотталып, мүлкі тәркіленіп, жазасын ерекше режимдегі түзеу колониясында өтеу тағайындалған.

Сот үкімімен Өтешов ұрлық үшін бұрын екі немесе одан да көп рет сотталған адам бола тұра, жәбірленуші Ембергеновтің бағасы 10 000 теңге тұратын “Урал” велосипедін ашық ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырған. Қызылорда облыстық сотының қадағалау алқасы сот үкімін, алқаның қаулысын өзгертіп, Өтешовке тағайындалған жазаны 8 жылға дейін төмендеткен.

Сотталған Өтешов наразылық шағымында, 1996 жылға дейінгі соттылықтары жойылғандықтан, соттың өзінің әрекетінде қылмыстың аса қауіпті қайталануы бар деп тануы заңсыз және тағайындалған жаза мөлшері ауыр деп көрсетіп, іс бойынша әділ шешім қабылдауды сұрайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы өзінің ұсынысында Өтешовтің қылмыстық әрекеттерінің дәрежеленуі дұрыс, бірақ оған тағайындалған жаза оның қылмыстық әрекетіне сай емес дей келіп, сот қаулыларын өзгертіп, жазасын жеңілдетуді сұрайды.

Іс бойынша баяндамашы судьяның пікірін, Бас прокурордың көмекшісінің сот үкімін өзгертіп, ұсынысты қанағаттандыруды сұраған қорытындысын тыңдап, Жоғарғы Сот алқасы Өтешовтің қылмыстық әрекеттері ҚР ҚК-нің 178-бабы 3-бөлігінің “в” тармағымен дұрыс дәрежеленген (себебі, ол 1979, 1992 және 1996 жылдардағы сот үкімдерімен ұрлық жасағаны үшін сотты болған және соттылықтары жойылмаған) дей келе, сотталған Өтешовке сот өте қатаң жаза тағайындаған деген тоқтам-ға келді. Өйткені ҚР ҚК-нің 52-бабының талабына сәйкес, қылмыс жасаған азаматқа тағайындалған жаза оның түзелуіне қажетті әрі жеткілікті болуы тиіс және жаза тағайындау кезінде сот қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеруі қажет.

Жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ, сотталған адамды түзеу және жаңа қылмыстар жасаудан сақтандыру мақсатында қолданылады. Жаза жан, тән азабын шектіруді немесе адамның қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді.



Үкімнен айқындалып тұрғандай, сот істе Өтешовтің жазасын ауырлататын мән-жайлар жоқ деп көрсете отырып, оның жанұя жағдайын, қарт анасының жалғыз асыраушысы екенін жете ескермей, айғақ зат — велосипедті бірнеше сағатқа заңсыз алып, пайдаланғаны үшін он жылға соттаған. Алқа бұл өте қатаң жаза деп есептейді. Себебі, қылмыстық әрекет нәтижесінде ауыр зардап келтірілмеген, айғақ зат сол күйінде иесіне қайтарылған. ҚР ҚІЖК-нің 459-бабы 1-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімін, қаулыны қайта қарауға сот тағайындаған жазаның қылмыстың дәрежесіне сәйкес келмеуі негіз болып табылады. Осыған орай, Жоғарғы Сот алқасы ҚР ҚІЖК-нің 467-бабы 6-бөлігінің 2-тармағын басшылыққа ала отырып, Қызылорда қалалық сотының үкімін, Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының қаулысын, Қызылорда облыстық сотының қадағалау алқасының қаулысын өзгертуге, Өтешовке тағайындалған жазаны 6 жыл бас бостандығынан айыруға дейін төмендетуге қаулы етті.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет