Бибеков Қаныш
Абайдың көркем мәтіні
Қазақ жазба әдебиетін, ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастырудағы Абайдың атқарған қызметі, алатын орны ерекше екені белгілі. Абай өмір сүрген заманы артта қалғанмен, рухани мұрасы жалпы адамзаттық құндылыққа айналды. Сан ғасырды артқа тастағаннан кейін де тарих тұңғиығына батып жоғалмай, жаңарып, жаңғырып мән-маңызы арта түсері анық. Абай шығармашылығы әдебиеттану, тіл білімі, философия тұрғысынан жан-жақты талдауға түсіп, лайықты бағасын алды. Әйтсе де абайтанудың өрісі тарылып, көкжиегі көріне қойған жоқ. Керісінше, сан-салалы ғылым ретінде зерттелуге тиіс күрделі мәселелерінің бағыт-бағдары енді ғана айқындалып келе жатқандай.
Абайтанудың өз зерттеушілерін күткен түйінді мәселелерінің бір шоғырын тіл білімінен көреміз. Абайдың қазақ тілін дамытудағы қызметі жайлы М.О.Әуезов былай деген еді: «Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, орамдылығы, өрнектілігі табылған. Абайдың барлық өлеңі – қазақтың сол күшті тілінің ішінен туған асыл құрыш, қырдағы қалың қазақтың осы күнге шейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі, соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл – Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі»[1.230]. Қазақ әдеби тілінің өркендеп дамуына Абайдың қосқан үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Жалпыхалықтық тілді асылдың кені деп қарасақ, Абай сол кенді қорытып, шын асылын айырып ала білді.
Осы ретте профессор Құдайберген Жұбановтың: “Абай біздің жазба әдебиеттің атасы болғанда, өлеңін, қара сөздерін тек қағазға жазғандығымен ғана емес, жазба әдебиет пен ауыз әдебиеттің осы айырмашылығын ашқандығымен де атасы болды. Қазақ әдебиетін ауыз әдебиеті дәрежесінен шығарып, неше мың жылдай көнігіп, етке, қанға сіңіп болған ескі ауыз әдебиет дағдысынан құтқарған адам – Абай. Ескі ауыз әдебиетіндегі артық қыстырмалардан алғаш тазартқан да Абай.
Абай сынаған “қазақтың ұзын сөзділігі”, “ескі бидің сөз қосарлап, бос мақалдайтындығы”, “ескі ақынның жоқтан қармап, көр-жерді өлең қылатындығы” дегендер – осы басы артық, қыстырынды әңгімелер болатын. Абай сөзінің “қиюынан қыл өтпейтін” ықшам, тығыз болатыны да осы басы артықтан аман болғаннан келетін-ді,”[2.267] – деген пікірін елеусіз қалдыруға болмайды. Ғалым жазба әдебиетінің негізін салушы ретіндегі Абай тілінің ауыз әдебиет тілінен басты ерекшеліктерін дәл көрсетіп, саралап береді. Өз шығармашылығы арқылы Абай қазақ әдеби тілін жаңа сапалық деңгейге көтерді.
Абай поэзияны еріккеннің ермегі емес, сөз өнерінің ең жоғары көрінісі деп санады. Сондықтан да оған жауапкершілікпен қарап, өзіне де, өзгеге де биік талап қояды. Көркем өнер ретінде поэзия қандай болу керек деген мәселені де өз өлеңдерінде жеріне жеткізе айтып кетеді. Абайдың «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» сияқты туындыларын көркем шығарма ретінде ғана емес, өлең сөздің теориясы деп тануға әбден болады.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Осы жолдарда өлеңнің көркемдігіне, тіліне қойылатын негізгі талаптар айтылған. Ақынның «Теп-тегіс жұмыр келсін» деп отырғаны өлең мәтінінің өлшемге сай құрылуы ғана емес, құрылымдық жақтан да, мағыналық жақтан да тілдік құралдардың өзара үндесіп, үйлесіп, шашау шықпай, жұмырланып, тұтасып тұруы екені күмәнсіз. Абай әсіресе өлеңнің «Бөтен сөзбен былғануын» кешірмейді. Бұл айтылған жайлар мәтін түзу мәселесімен тікелей байланысты.
Қазақ филологиясында мәтін түзудің теориялық мәселелеріне тереңдеп бара қойған жоқпыз десек те болады. Дегенмен бұл мәтін түзу туралы ойларды жекелеген ғалымдарымыздың еңбектерінен ұшырастырып қаламыз. «Абайдың сөз өрнегі» атты монографиясында профессор Р.Сыздықова бұл мәселеге арнайы тарау бөліп, мынадай пікір айтады: «Текст түзілісінің өзіне тән шарттары болады. Кез келген көркем шығармада немесе оның кез келген тұсында текст түзіле бермейді. Қазақ көркем сөзінде текст түзудің айқын көрінісі Абай өлеңдерінен басталады деуге болады. Текст түзілісінің бір белгісі – шығарманың бір бөлігінде немесе бір өлеңнің өн бойында мағыналары бірін-бірі айқындайтын, модальдық реңкі біртектес сөздерді шоғырлап беру. Модальдық реңк дегеніміз сөйлеушінің(жазушының, ақынның) айтылған ойға жағымды, жағымсыз көзқарасын білдіретін мағыналық реңк…»[3. 74б.]. Ғалым мәтін ішіндегі сөздер, тілдік тұлғалар қалай болса, солай алына салмай бір стильдік мақсатқа қызмет ететіндей таңдалып алынатынына назар аудартып тұр.
Көркем мәтіннің түзілісі, тілдік ерекшелігі жөніндегі түйінді мәселелердің шешімін табуында профессор Б. Шалабайдың мына бір пікірінің мәні зор деп білеміз: «Көркем шығарманың тексі ондағы барлық элементтердің органикалық байланысты болуы себепті, көпқырлы қасиетімен, әртүрлі ендіктегі көптеген мағыналық қабаттасу, ұштасулармен ерекшеленеді. Сондықтан бір сөз не бір құрылым бір мезгілде әрі кейіпкердің(немесе бірнеше кейіпкердің), әрі оқырманның, әрі автордың көзқарасын білдіре алады.
Сөйтіп, көркем сөз зат, құбылыс, қимылды бір мезгілде әрі атайды, әрі көрсетеді, әрі бағалайды. Бұл оның ерекше, бейнелі түрде жалпылай алушылық қабілетіне байланысты. Көркем шығарманың тілі оқиға, құбылысты жалпылап беру арқылы біздің санамызда ондағы қатысқан сөздердің санынан анағұрлым көп түсінік туғызады. Көркем шығармадағы тілдің эстетикалық міндеті де осында.
Тілдік элементтер осылайша көркем мазмұнның компонентіне айналады, олар көркем мазмұнның сыртқы формасы болып қана қоймайды, оның құрамына табиғи түрде еніп құрамдас бөлшегіне айналады. Ондай сөзді басқа сөзбен ауыстыру не көркем бейнені бұзуға алып келеді, не басқа бір бейне жасайды. Сөз бен бейненің тығыз байланысы осыдан көрінеді»[4. 37-38]. Ғалым көркем шығарманы ерекше заңдылықтары бар өзіндік жеке эстетикалық құрылымға ие деп санайды. Эстетикалық құрылымға ие көркем мәтінде басы артық шашау шыққан бірде-бір сөз, бірді-бір тұлға болмауы тиіс. Тілдік тұлғалар бір-бірімен тығыз астаса келіп көркемдік мақсатқа қызмет етіп тұруы керек. Әрине бұл айтылғандар суреткердің шеберлігіне, өресіне байланысты болады.
Абай мәтін түзуде осындай биік талап үддесінен шыға білген. Ақынның қай өлеңін алсақ та, ондағы тілдік құралдар ортақ көркемдік мақсатқа қызмет етіп тұрады. Айтқанымыз дәлелді болу үшін мына бір шағын үзіндіге талдау жасап көрейік:
Мал мен бақтың дұшпаны,
Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтыртып,
Кетер бір күн отыртып,
Қызмет қылған кісісін
Құртуға таяйды.
Қылып жүрген өнері:
Харекеті - әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет?
Осы өлең жолдарында дұшпан, кеселді, күшік иттей үру, қу, құтырту, құрту, оңбаған, антұрған сөздері әр түрлі сөз таптарына жататындығына қарамастан, бірыңғай жағымсыз экспрессивті-эмоционалды мағынаға ие екенін көреміз. Сол арқылы ақынның өзі айтып отырған мәселеге теріс көзқарасын танимыз. Әрине ол сөздер оқшау-оқшау қалмайды, өзара селбесе келіп, мәтіндегі өзге сөздерге де әсер етіп, сөйлеуші бағасын білдіруде ғана емес, тыңдаушы пікірін қалыптастыруда да біртұтас эстетикалық құрылым ретінде көрінеді. Сондай-ақ әрбір сөз мәтін талап етіп тұрған мағыналық-стильдік жүкті арқалайтын болады. Соның нәтижесінде сөз «деформацияланып», мағыналық құрылымында бірқатар қайта құрулар жүріп өткен. Сөздің лексикалық мағынасының негізін құрайтын заттық мағына екінші қатарға жылжып, сигнификаттық, коннотативтік бөліктері маңызды орынға шығуы мүмкін. Дұшпан сөзі заттық мағынада қас, жау сөздерімен синоним болады. Өлең жолдарында «Мал мен бақтың дұшпаны» деп қолданылғанда дұшпан сөзінің заттық мағынасы көмескіленіп, керісінше, жағымсыз экспрессия барынша айқындала түскен. Тура мағынасында адамдар бір-біріне дұшпан болады, малға, баққа дұшпан болмайды. Бір жағынан, дұшпан сөзінің лексикалық мағынасының өзегі құртушы, жоюшы деген сияқты ұғымдарға жылысқанын көреміз. Бұл ұғым, негізгі болмағанымен, дұшпан сөзінің лексикалық мағына құрылымында бар. Екінші жағынан, мал, бақ сөздерінің мағынасы метонимия жолымен ауысқан. Толықтырып айтқанда, малы мен бағы бар адамның дұшпаны. Бірақ ақын осылайша толықтырып айтса, сөздер бейнелілік қасиетінен айырылып қалар еді. Осы өлеңде сипатталушы субъектіні пысық сөзі білдірген. Ол тура мағынасында ширақ, еті тірі ұғымында жұмсалады. Өлеңде пысық сөзі басқа сөздермен тіркесу арқылы қосымша мағыналық реңктерге ие болады. Мал мен бақтың дұшпаны тіркесі пысық сөзінің күрделі эпитеті болса, кеселді сын есімі де эпитет ретінде жағымсыз экспессия үстеуге өз үлестерін қосқан. Кеселді сөзінің мағынасы кесапатты, залалды екені мәлім. Сондай-ақ Күшік иттей үріп жүр теңеулік құрылымының да сипатталушы мүшесі – пысық. Теңеудің образы – күшік ит, теңеудің негізі – үріп жүр сипатталушы мүшеге қатысты алғанда ауыспалы мағынада келгендіктен метафоралық теңеу болады. Осы теңеу арқылы пысықтың берекесіз, шамасын білмейтін, еш нерсенің байыбына бармайтын, шатаққор деген сияқты тағы бір қыры ашылады. Қу тілменен құтырту дегенде құтырту желіктіру, есірту, елірту ұғымын береді. Сол арқылы пысықтың айлакер, қу, сұм екендігі аян болады. Отырту өзгелік етіс тұлғалы етістігіне келер болсақ, жалпыхалықтық тілдік қолданыста отырғызу түрінде келеді. Отырту деп жұмсалуы тек ұйқас жасау қажеттігінен тумаған сияқты. Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып деп келгенде, отырту сөзінің мағынасы алдап кету екені белгілі болып тұрады. Бұл - отырту сөзінің тура мағынасы емес, Тақырға отырғызып кету деген тұрақты сөз тіркесіндегі фразеологиялық байлаулы мағынасы. Мәтіндегі сөздердің әсерінен осы мағынасы жанданып, отырту сөзі ерекше экспрессоидқа айналған. Сол сияқты Харекеті - әрекет қолданысы да көңіл аудартады. Бұлар арап-парсы тілінен енген бір ғана кірме сөздің дыбыстық варианттары бола тұра, мәтіндегі басқа сөздермен ықпалына түсіп, мағыналық дифференцацияға ұшырағанын көреміз. Харекет - кәсіп, шаруа, әрекет айла-шарғы, қулық ұғымдарын білдірген. Сонымен қатар Харекеті - әрекет деп қосарланып келуі арқылы тынышсыздық, мазасыздық сияқты ұғым қоса бой көрсетіп, жағымсыз көзқарас та аңғарылып қалады. Өлеңде тілдік құралдар қатаң өлшемге құрылып барынша сығымдалған сайын, көркемдік қуаты еселеніп, мазмұн жағынан ұлғая түсетіндей. Ақынның шығармашылық ойы логика-семантикалық байланыстарды ширата отырып, тосын тіркестер арқылы сөзді ойната, құбылта қолданып, көп қырлы, сан салалы байланыстар нәтижесінде мағыналық құрылымы ұлғаяды. Мәтіндегі сөздер бір-біріне арқа сүйей отырып мағыналық сыйымдылығы артады.
Абайға дейінгі қазақ поэзиясында мәтіндегі тілдік құралдардың бәрінің тегіс бір көркемдік-стильдік мақсатқа жұмылдырылып, эстетикалық бүтіннің ажырамас бөлшегіне айналуы кездесе қоймайды. Абайға дейінгі қазақ поэзиясын шолып қарағанда, көрнекті ақын Дулат Бабатайұлының басқалардан ерекшеленіп тұратыны бірден байқалады. Дулат пен Абай әлеуметтік тақырыптарды жырлауда көп ретте үндестік тауып жатады. Профессор Р.Сыздық: “Қазақтың жазба поэзиясының алғашқы нышандары Дулат өлеңдерінен көрінеді. Іргетасты қалаған Абай болса, соны қалау кезеңі туғандығын, қалайша қалаудың алғашқы үлгісін көрсеткен Дулат деп айтуға әбден болады”[5.582] – деп әділ бағасын берген болатын. Тілі көркем, мазмұны терең түйдектер Дулатта да бар. Мысалы,
Саудагер сарттай қайтты өмір
Құмар ойнап ұтылған.
Мөңіреп жұртқа ой қайтты,
Бұзауы өлген сиырдай.
Ләпсі – төбет қабаған
Жемтік көрсе тұра ма
Ырылдап танау жиырмай?
Өзімнен-өзім қызғанып,
Азын-аулақ жиғаным
Өзіме де бұйырмай.
Өлеңдегі образдар сонылығымен бірден көңіл аударады. Өмірдің құмар ойнап ұтылған саудагер сартқа теңелуі, «Мөңіреп жұртқа ой қайтты, Бұзауы өлген сиырдай» дерексіз нәрсені жанды бейнеге айналдырып, көз алдымызға келтіреді. Дегенмен үңіле түссек, өлең жолдары біртұтас құрылымға айналып кетпей, образдар өз алдына оқшауланып қалатындай әсер қалдыратынын аңғару қиын емес. Өзара ұласып, бүтін көрініс жасаудың орнына жеке-жеке фрагменттер түрінде елес беріп өтеді. Яғни мәтін элементтері сыртқы форма жағынан өлшемге құрылғанмен, ішкі мағыналық арқауы босаң. Өз шығармаларын ауызша жырлағандықтан Дулат ақынға жазба әдебиеттің қатаң талаптарын қоя алмаймыз. Мысалы,
Құрт жегендей қуарып,
Дәнің тандыр суалып.
Елдігің кетіп ыдырап,
Алтын жағаң сөгіліп,
Абыройың төгіліп,
Барыңнан да жақсы еді
Жоқ болғаның мұнан да –
деген жолдар жыраулар поэзиясын еске салады. Ақын тыңдаушысымен тікелей қарым-қатынаста болатындықтан, олардың қабылдау қабілетін, ойды түсіну мүмкіндіктерін ескермей тұра алмайды. Соған байланысты Дулат шығармашылығы да ауыз әдебиетінің белгілерінен толық арылып болмаған.
Өлеңдегі әрбір тілдік элемент эстетикалық құрылымға енгенде мағыналық жағынан да, стильдік жағынан да белгілі бір өзгерістерге ұшырайды, сөйтіп көркем мазмұнның компонентіне айналады. Абай айтқан «Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деп қойған талабы көркем шығарманың сыртқы түріне ғана емес, ішкі мазмұнның да бірлігіне, бүтіндігіне меңзеп тұрғандай. Мұндай эстетикалық мазмұн мен құрылымдық бүтіндікке тек жазба әдебиетте ғана қол жеткізуге болады. Қазақ әдебиетіне оның жарқын үлгісін Абай көрсетіп берді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
-
Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991. – 240 б.
-
Қ.Жұбанов Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы, 1997.
-
Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы, 1995. – 208 б.
-
Б.Шалабай Көркем әдебиет стилистикасы. Алматы, 1999. 197 б.
-
Рабиға Сыздық. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. Алматы, 2004. 616 б.
Достарыңызбен бөлісу: |