Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы
2013 жылғы 14 ақпан №131 Астана, Үкімет Үйі
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде адамдардың шыққан шығындарын өтеудің кейбір мәселелері туралы
1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 173, 174-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде адамдардың шыққан шығындарын төлеу қағидалары;
2) қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде тиісті жұмысты орындайтын аудармашылардың, мамандардың, сарапшылардың сыйақы ставкалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.АХМЕТОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы «14» ақпандағы №131 қаулысымен бекітілген
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде адамдардың шыққан шығындарын төлеу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде адамдардың шыққан шығындарын төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 174-бабының 4-бөлігіне сәйкес әзірленді және қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде келтірілген адамдардың шыққан шығындарын төлеу, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде тиісті жұмысты орындайтын адамдарға сыйақы төлеу тәртібін айқындайды.
2. Қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшының, азаматтық жауапкердің, олардың заңды өкілдерінің, куәнің, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердің мынадай шығыстары бюджет қаражатының есебінен өтелуге жатады:
1) қылмыстық процесті жүргізуші органының шақыртуы бойынша келуге байланысты шығыстар:
темір жол, су, автомобиль (таксиді қоспағанда) көлігімен және сол жерде бар басқа да көлік түрлерімен жол жүру құны, ал қылмыстық процесті жүргізуші органның келісуімен - әуе көлігімен жол жүру құны;
қызметтік іссапарларға ақы төлеу үшін қабылданған норма бойынша бүл шығындарды ұйым, жұмыс беруші өтемейтін реттегі тұрғын үйді жалдау құны;
2) бүл адамдар үшін қылмыстық процесті жүргізуші органның талап етуі бойынша тұрғылықты тұратын жерінен тысқары жерде тұруы қажет болған кезде және тәуліктік ақыны ұйым, жұмыс беруші өтемейтін кездегі - тәуліктік ақы;
3) олар үшін орташа жалақысын ұйым, жұмыс беруші сақтайтын жағдайлардан басқа, қылмыстық процесті жүргізуші органның талап етуі бойынша қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысуға кеткен барлық уақыт үшін орташа жалақы;
4) сол адамның қылмыстық процесті жүргізуші органның талап етуі бойынша тергеу ісіне немесе басқа да іс жүргізу әрекетіне қатысуы нәтижесінде сапасынан айырылған немесе жоғалған мүлікті қалпына келтіруге немесе сатып алуға арналған шығындары.
3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 174-бабының 2-бөлігіне сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдар жәбірленушінің, куәнің, аудармашының, маманның, сарапшының, куәгердің, сотқа шақырылған, бірақ алқабилер алқасының құрамына іріктеп алынбаған алқабиге кандидаттың қылмыстық процесті жүргізуші органның талап етуі бойынша қылмыстық іске қатысуға кеткен барлық уақыты ішіндегі орташа жалақысын сақтауға міндетті.
4. Орташа жалақы тұрақты жұмыс орны бойынша белгіленген кесте бойынша аптаның барлық жұмыс күндері үшін сақталады.
5. Маман мен сарапшыға сондай-ақ оларға тиесілі химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезінде жұмсалған басқа да шығыс материалдарының құны, сондай-ақ жұмысты орындау үшін олардың құрал-жабдықтарды пайдаланғаны, коммуналдық қызмет көрсетулер және машина уақытын тұтынғаны үшін төлеген ақысы өтеледі.
2. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде шыққан шығындарды төлеу тәртібі
6. Осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген адамдарға шақыртылған жерге дейін және тұрғылықты тұратын жеріне кері қарай жол жүру шығыстарының төлемі Қазақстан Республикасының шегінде қызметтік іссапарларға жіберілетін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне шығыстарды өтеу үшін заңнамада белгіленген тәртіппен және шарттарда төлеуге жатады.
7. Қылмыстық процесті жүргізуші органның шақырған күндері үшін, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, сондай-ақ жолда болған күндері, оның ішінде жолда мәжбүрлі тоқтаған уақытына шақырылған адамдарға кідіріс фактісін растайтын тиісті құжаттарды ұсынған кезде тәуліктік ақы төленеді және тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыстарды ұйым, жұмыс беруші өтемейтін жағдайда, бүл шығыстар мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының шегіндегі қызметтік іссапарларын өтеу туралы заңнамада белгіленген тәртіпке қатысты мөлшерде өтеледі.
8. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде шыққан шығындар осы Қағидалардың 2, 5-тармақтарында көрсетілген адамдардың өтініші бойынша қылмыстық процесті жүргізуші органның қаулысы негізінде өтеледі.
9. Адамның келуіне байланысты оған төлеуге жататын сомаларды оларды шақырған орган қылмыстық істер бойынша сотталғандардан сот шығындарын іс жүзінде алуға және тараптардан өндіріп алуға қарамастан, сол адамдар өз міндеттерін орындаған соң дереу төлейді.
10. Осы Қағидалардың 5, 6, 7-тармақтарында көзделген сомаларды қылмыстық істер бойынша шақыруды жүзеге асыратын қылмыстық процесті жүргізуші органның қаржы қызметі (бухгалтериясы) көрсетілген мақсаттарға бюджеттен арнайы бөлінетін және тиісті қаржыландыру жоспарларында көзделген қаражат есебінен төлейді.
3. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде тиісті жұмысты орындайтын адамдарға сыйақы беру тәртібі
11. Анықтау, алдын ала тергеу органдарында, прокуратурада немесе сотта сараптамалар жүргізу, қорытындылар беру, аударма бойынша жұмыстарды орындайтын сарапшы, маман, аудармашы республикалық бюджет қаражаты есебінен сыйақы алады.
12. Сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға сыйақы, егер қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде тиісті жұмыстар олардың лауазымдық міндеттерінің аясына кіретін және жұмыстан тыс уақытта орындалатын болса, төленбейді.
13. Сарапшыларға, мамандарға, аудармашыларға сыйақыны қылмыстық істер бойынша шақыруды жүзеге асыратын қылмыстық процесті жүргізуші органның қаржы қызметі (бухгалтериясы) көрсетілген мақсаттарға бюджеттен арнайы бөлінетін және тиісті қаржыландыру жоспарларында көзделген қаражат есебінен төлейді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы «14» ақпандағы №131 қаулысымен бекітілген
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде тиісті жұмысты орындайтын аудармашылардың, мамандардың, сарапшылардың сыйақы ставкалары
Мамандарға, сарапшыларға сыйақы сағатына бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде төленеді.
Аудармашыларға сыйақы жазбаша аударманың 1 парағы (2000 белгіге дейін) немесе ауызша аударманың бір сағаты есебінен белгіленеді:
1) орыс тілінен қазақ тіліне (және керісінше) - айлық есептік көрсеткіштің екіден бірінен аспайды;
2) батыс еуропа, түркі және басқа тілдерден орыс немесе қазақ тілдеріне (және керісінше) - бір айлық есептік көрсеткіштен аспайды.
Достарыңызбен бөлісу: |