Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы №137 Қаулысы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы»



Дата23.02.2016
өлшемі147.13 Kb.
#9390
Источник: ИС ПАРАГРАФ, 12.09.2012 17:37:04
Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 Қаулысы

 

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса берілген Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидалары бекітілсін.

2. Мыналардың:

1) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қаржылық қызмет бойынша сыйақы шегі туралы ақпаратты тарату кезіндегі сыйақы мөлшерлемесінің деңгейін есептеу Ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 23 қыркүйектегі № 215 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4444 тіркелген, 2006 жылғы 17 қарашада «Заң газеті» газетінде № 201 (1007) жарияланған) қаулысының;

2) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктердің қаржылық қызмет бойынша сыйақы шегі туралы ақпаратты тарату кезіндегі сыйақы мөлшерлемесінің деңгейін есептеу Ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 23 қыркүйектегі № 215 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 206 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4893 тіркелген) қаулысының;

3) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қаржылық қызмет бойынша сыйақы шегі туралы ақпаратты тарату кезіндегі сыйақы мөлшерлемесінің деңгейін есептеу Ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 23 қыркүйектегі № 215 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2008 жылғы 26 мамырдағы № 81 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5261 тіркелген, 2008 жылғы 1 тамызда «Заң газеті» газетінде № 116 (1342), 2008 жылғы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының орталық атқару және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында № 9 жарияланған) қаулысының күші жойылды деп танылсын.

3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Ұлттық Банк

Төрағасы

 

Г. Марченко

 

Қазақстан Республикасының



Ұлттық Банкі Басқармасының

2012 жылғы 26 наурыздағы

137 қаулысымен



бекітілген

 

 

Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі

сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу

қағидалары

 

Осы Қарыздар мен салымдар бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және ислам банктерін қоспағанда, банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі - банктер) қарыздар мен салымдар (банк аралықтарын қоспағанда) бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу тәртібін белгілейді.

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу оны Қағидаларда көзделген тәртіппен есептеу жолымен жүргізіледі.

 

 

1. Жалпы ережелер



 

1. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі - Қағидаларға сәйкес есептелетін, банктің қызметтері бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесі (нақты құны);

2) клиент - банктің салымдарды қабылдау және (немесе) банктік қарыз операцияларын жүзеге асыру жөніндегі қызметтерін пайдалануға ниет етіп жүрген немесе пайдаланып жүрген жеке немесе заңды тұлға;

3) қарыз - қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөнiндегi уәкілетті органның лицензиясы негізінде банктің төлемділік, мерзімділік және қайтарымдылық талаптарымен ақшалай нысандағы кредиттерді беруі;

4) қызметтер - банктердің банктік салым шартымен ресімделген салымдарды қабылдау операцияларын және банктік қарыз операцияларын (банк аралық қарыздар мен салымдарды қоспағанда) жүзеге асыруы.

2. Банктер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін:



1) қызметтер бойынша сыйақы шамалары, оның ішінде оның жариялануы туралы ақпаратты тарату кезінде;

2) клиенттермен жасалатын қызмет көрсету туралы шарттарда көрсетеді.

Клиенттермен жасалатын қызмет көрсету туралы шарттарда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі компьютерлік техника құрылғыларының көмегімен цифрлық көрсетуде бір сөйлеммен, сондай-ақ басқа сыйақы мөлшерлемелерімен шрифтерін ресімдеудің ауқымы мен стилі (курсив, жартылай қалың қаріп, түспен бөліп көрсету, мөлшер) бойынша бірдей нысанда басылады.

Егер жалпы талаптар қызмет көрсету туралы шартта кесте түрінде көрсетілсе, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі басқа сыйақы мөлшерлемелерін көрсетуден кейін келетін жеке жолда (бағанада) көрсетіледі.

3. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу:



1) қызмет көрсету туралы шарт жасалған күні;

2) клиенттің ауызша немесе жазбаша талап етуі бойынша;

3) шартқа қосымша келісім жасау жолымен банктік қарыз шартына клиенттің ақшалай міндеттемелері сомасының (мөлшерінің) және (немесе) оларды төлеу мерзімінің өзгеруіне әкеп соқтыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда жүргізіледі.

Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін клиентпен жасалған және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мәні көрсетілмеген қолданыстағы қызмет көрсету туралы шарт бойынша шартқа, оның ішінде клиенттің өтініші бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мәні шартқа қосымша келісімде Қағидалардың 4-тармағында көзделген жағдайларда банктік қарыз шартының талаптары өзгертілетін күнге, қалған жағдайларда - шарт жасалған күнге көрсетіледі.

4. Заңда және (немесе) банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда сыйақы мөлшерлемесінің өзгеруін қоса алғанда, шартқа қосымша келісім жасау жолымен банктік қарыз шартына клиенттің ақшалай міндеттемелері сомасының (мөлшерінің) және (немесе) оларды төлеу мерзімінің өзгеруіне әкеп соқтыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда банк берілген қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін негізгі борыштың қалдығы, банктік қарыз шартының талаптары өзгертілетін күндегі кредиттеудің қалған мерзімі, клиент төлеуге тиіс комиссиялар негізінде есептейді және банктік қарыз шартына қосымша келісімде көрсетеді.

5. Клиенттің талап етуі бойынша банк қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің нақтыланған мәнін клиенттің таңдауы бойынша шарттың қолданылу мерзімінің басынан бастап клиент жасаған барлық төлемдерді ескере отырып, банктік қарыз шартының қолданылу мерзімінің соңына дейін, не кредиттеудің қалған мерзімі мен негізгі борыштың қалдығы негізінде есептейді және оған жазбаша түрде жібереді.

6. Тасымалдағыш түріне (жарнамалық буклеттер, жол жиегіндегі билбордтар, стендтер, үндеулер және басқалар) қарамастан, қызметтер бойынша сыйақы шамалары туралы, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар арқылы, электронды почтамен, телефон бойынша, клиенттерге ауызша кеңес беру кезінде берілетін ақпаратта жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелері қамтылады.

 

 

2. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу



 

7. Қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша есептеледі:

 



 

мұнда:

D - алғашқы қарыз сомасы;

k - клиенттің банкке алғашқы қарызды алған күнгі қарыздарды алуға байланысты төлемдерінің жалпы сомасы;

n - клиентке соңғы төлемнің реттік нөмірі;

j - клиентке алғашқы қарызды алған күннен кейінгі төлемнің реттік нөмірі;

Sj - клиентке j-ші төлем сомасы, оның ішінде кезекті қарыздар;

APR - жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі;

tj - алғашқы қарыз берілген күннен бастап клиентке j-ші төлем сәтіне дейінгі уақыт кезеңі (күндермен);

m - клиенттің соңғы төлемінің реттік нөмірі;

і - клиент төлемінің реттік нөмірі;

Pi - Қағидалардың 8-тармағына сәйкес төлемдерді қосқанда, клиенттің алғашқы қарызды алған күннен кейінгі і-ші төлемінің сомасы;



ti - алғашқы қарыз берілген күннен бастап клиенттің і-ші төлемі сәтіне дейінгі уақыт кезеңі (күндермен).

8. Қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне клиенттің банктік қарыз шарты бойынша осы шартты жасасуға және орындауға байланысты, төлем мөлшері мен мерзімдері банктік қарыз шартын жасасу күні белгілі болатын төлемдері, оның ішінде:



1) борыштың негізгі сомасын өтеу төлемдері;

2) қарыз бойынша сыйақы төлеу төлемдері;

3) клиенттің қарыз алуға арналған өтініші мен құжаттарын және (немесе) қарыз алу үшін банк шоттарын ашу үшін төлем;

4) қарыз алу үшін комиссиялар;

5) қарыздарды алу және оларға қызмет көрсету жөніндегі қызметтерді көрсететін басқа ұйымдарға (делдалдарға) төлемдер;

6) егер сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған жағдайда банк пайда алушы болса, клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдері;

7) клиенттің кепілдік (кепілдеме) алғаны үшін гарантқа (кепіл берушіге), кепілге берілетін мүлікті бағалағаны үшін бағалаушыға төлемдері;

8) банк шотын ашу мен жүргізу үшін комиссияны, сондай-ақ банктік қарыз шартында айқындалған нысаналы мақсаты бойынша қарызды аударым жасау үшін комиссияларды қоса алғанда, басқа да төлемдер кіргізіледі.

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшеріне ықпал ететін комиссиялар мен басқа да төлемдердің тізбесі, олардың мөлшерлері және оларды айқындау тәртібі банктік қарыз шартында көрсетіледі.

Банктік қарызға қызмет көрсетуден басқа өзге мақсаттарға пайдаланылатын банк шоттарын ашу мен жүргізу үшін комиссиялар жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілмейді.

Егер қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген төлемдердің кредиттеудің бүкіл мерзімі үшін мөлшерлерін айқындау мүмкіндігі болмаса, қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне банктік қарыз шартының жасалу күнінде қолданылатын тарифтерге қарай кредиттеудің бүкіл мерзімі үшін сақтандыру ұйымының және (немесе) бағалаушының пайдасына төлемдер кіргізіледі.

Банктік қарыз шартында көзделген және банктік қарыз шартының жасалу күнінде өндіріп алу фактісі белгісіз комиссиялар нақты төлем жасалғаннан кейін клиенттің талабы бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі есептелген жағдайда ескеріледі.

9. Қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне:



1) Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген төлемдерді қоспағанда, клиенттің үшінші тұлғалар пайдасына төлемдері;

2) тұрақсыздық айыбын және оның ішінде клиентке белгіленген овердрафт лимитінің асып кеткені үшін айыппұл санкцияларының өзге түрлерін қоса алғанда, клиенттің банктік қарыз шартының талаптарын сақтамауына байланысты төлемдері;

3) қарызды ішінара (толығымен) мерзімінен бұрын өтеу үшін комиссия;

4) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2011 жылғы 28 ақпандағы № 19 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6884 тіркелген) бекітілген Банктік қызметтерді көрсету және банктердің банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау ережесіне сәйкес клиенттің сұрау салуы бойынша банктік қарыз шартына қызмет көрсету кезеңінде берілетін ақпарат үшін төлем кіргізілмейді.

10. Кредит карточкасын пайдалана отырып берілген қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген төлемдер мен комиссиялардан өзге:

1) шот валютасынан (берілген қарыз валютасынан) ерекшеленетін валютадағы операцияларды жүзеге асыру үшін комиссия;

2) кредит карточкасын шығару және оған қызмет көрсету үшін, оның ішінде кредит карточкасы бойынша операцияларды тоқтата тұру (қайта бастау) үшін комиссия;

3) банкоматтарды пайдалана отырып, қолма-қол ақшамен қарыз сомасын алу үшін комиссия да кіргізілмейді.

11. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі негізгі көрсеткіштерге (инфляция деңгейі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, LIBOR мөлшерлемесі, шетел валютасының бағамы және басқалар) тәуелді болған жағдайда банк жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу күніндегі негізгі көрсеткіштің мәнін пайдаланады.

12. Кредиттік желілер бойынша қарыздар берілген кезде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі кредиттік желі ашу туралы келісімде және осы келісім шеңберінде жасалған әрбір шартта оларда белгіленген талаптарға қарай көрсетіледі.

Кредиттік желі ашу туралы келісімде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеуге қажетті мәндер болмаған жағдайда және оны Қағидалардың 13-тармағында көзделген талаптарды ескеріп есептеу мүмкіндігі болмаған кезде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі кредиттік желі ашу туралы келісімде көрсетілмейді және оны жасасуға байланысты комиссиялар келісім шеңберінде жасалған бірінші банктік қарыз шарты бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің есебіне кіргізіледі.

13. Қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде мынадай талаптар ескеріледі:

1) егер кредиттік желі ашу туралы келісімде немесе банктік қарыз шартында клиенттің шешіміне қарай мөлшерде және мерзімдерде оның қарыз алу құқығы көзделсе, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі кредиттік желі ашу туралы келісімді немесе банктік қарыз шартын жасасу сәтінде кредиттік желі ашу туралы келісімде немесе банктік қарыз шартында көзделген ең жоғары ықтимал сомаға қарыз берілгеніне қарай есептеледі;

2) егер кредиттік желі ашу туралы келісімде немесе банктік қарыз шартында талаптарына қарай түрлі сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар көзделсе, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеуде ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі мен комиссиялар пайдаланылады;

3) егер кредиттік желі ашу туралы келісімде немесе банктік қарыз шартында басқа нұсқамалар болмаған кезде қарызды өтеудің бірнеше ықтимал күні ескертілген болса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қарыздың көрсетілген мерзімдердің ең ерте мерзімінде өтелетініне қарай есептеледі;

4) егер қарызды өтеу кестесі болмаса және кредиттік желі ашу туралы келісімнің немесе банктік қарыз шартының талаптарында қарыз мерзімі, өтемдер күндері мен сомалары анықталмаса, кредиттік желі ашу туралы келісімде немесе банктік қарыз шартында ең аз ай сайынғы (тұрақты) төлем көзделген жағдайларды қоспағанда, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қарызды он екі біркелкі төлемдермен өтеу арқылы (борыштың негізгі сомасын қайтару, қарыз бойынша сыйақы төлеу және кредиттік желі ашу туралы келісімнің немесе банктік қарыз шартының талаптарында айқындалған өзге де төлемдер) кредиттік желі ашу туралы келісімді немесе банктік қарыз шартын жасасу күнінен бастап бір жыл мерзіміне ең жоғары ықтимал сомаға қарыз (лимит) берілгеніне қарай есептеледі.

14. Салым бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мынадай формула бойынша есептеледі:



 



 

мұнда:

n - клиенттің соңғы төлемінің реттік нөмірі;

j - клиент төлемінің реттік нөмірі;

Lj - клиенттің банкке j-ші төлемінің сомасы, оның ішінде салым енгізу және салым енгізу мен оған қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдер;

APR - жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі;

tj - салым тартылған күннен бастап клиенттің j-ші төлемі сәтіне дейінгі уақыт кезеңі (күндермен);

m - клиентке соңғы төлемнің реттік нөмірі;

і - клиентке төлемнің реттік нөмірі;

Pi - клиентке і-ші төлем сомасы, оның ішінде салымдар бойынша сыйақылар, салымдар қайтарымы, сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесіндегі мемлекеттің сыйлықақылары;

ti - салым тартылған күннен бастап і-ші төлем сәтіне дейінгі уақыт кезеңі (күндермен).

15. Салым бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде мынадай талаптар ескеріледі:



1) егер шартта салымды қайтару мерзімі айқындалмаған болса, салым шарт жасасқан күннен бастап бір жыл мерзімге енгізілген болып есептеледі;

2) егер шарттың талаптары бойынша салым бойынша сыйақы мөлшерлемесі болмаса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі банктің комиссиялары ескеріліп есептеледі және шартта көрсетіледі.

16. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу компьютерлік бағдарламаларды қолдана отырып, жүйелі жақындатылған алгебралық әдіспен жүзеге асырылады.



Клиенттің банкке жасаған төлемдері және банктің клиентке жасаған төлемдері олардың нақты төлену күнінде, болашақтағылары - төлемдер кестесі бойынша ескеріледі.

17. Егер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде алынған сан бір ондық белгіден асатын болса, ол былайша ондық үлеске дейін дөңгелектенуі тиіс:



1) егер жүздік үлес 5-ке тең немесе одан артық болса, оныншы үлес 1-ге өседі де, одан кейінгі барлық белгілер алып тасталады;

2) егер жүздік үлес 5-тен кем болса, оныншы үлес өзгеріссіз қалады, одан кейінгі барлық белгілер алып тасталады.

 

 

 

 

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет