Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2007 жылғы 20 сәуірдегі
№ 40 қаулысымен
мақұлданды
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ
АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ 2007-2009 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН
НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
1. 2006 жылдың алдын ала қорытындылары
2006 жылы инфляциялық қысымның күшею үрдісі жалғасты. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша 2006 жылы инфляция 8,4%-ға (2005 жылғы желтоқсанға 2006 жылғы желтоқсан) жетті, ал 2005 жылы ол 7,5% болған. Азық-түлік тауарлары 7,3%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 7,1%, ақылы қызмет көрсету 11,6%-ға қымбаттады. Ең үлкен өсуді жеміс-көкөніс - 25,2%, бензин - 21,5%, көлік қызметі - 19,3%, қант - 16,4% бағалары көрсетті.
Елдің экономикасындағы инфляциялық үрдістерді айқындайтын негізгі факторлардың күші бірнеше жыл бойы сақталып келе жатқандықтан, ұзақ мерзімді және іргелі сипатта болып отыр.
1.1. 2006 жылғы инфляцияның негізгі факторлары.
Ел экономикасындағы инфляциялық үдерістерге қысым көрсететін негізгі факторлардың ішінде мыналарды атап көрсетуге болады:
1) жиынтық сұраныстың жоғары қарқынмен өсуі;
2) шетел валютасының әкелінуі;
3) жалақының жоғары өсуі;
4) өндіріс шығасыларының жылдам өсуі;
5) тауарлар және көрсетілетін қызметтер нарықтарындағы бәсеке деңгейінің төмен болуы.
1) Жиынтық сұраныстың жоғары қарқынмен өсуі
Бөлшек сауда айналысы, кәсіпорындардың инвестициялық сұранысы, мемлекеттің шығыстары жиынтық сұраныстың негізгі көрсеткіштері болып табылады.
Бөлшек сауда айналысының ұлғаюына халық кірісінің өсуі себеп болды. 2005 жылмен салыстырғанда 2006 жылы халықтың номиналды ақшалай кірісі 20,2%-ға, ал нақты көрсеткіште 10,7%-ға ұлғайды. Нәтижесінде бөлшек тауар айналымының көлемі 2006 жылы өткен жылмен салыстырғанда 14,4%-ға артты.
Кәсіпорындар сұранысының өсуі инвестициялардың өсуінен көрінеді. Нәтижесінде 2006 жылы негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 10,6%-ға өсті.
Халықтың тұтыну сұранысы және кәсіпорындардың инвестициялық сұранысы кредиттік ресурстарға қол жетімділігінің артуымен нығаяды. Банктердің экономикаға берген кредиттерінің көлемі 2005 жылмен салыстырғанда 2006 жылы 69,1%-ға ұлғайды.
Мемлекеттің сұранысы бюджеттің шығыс бөлігінің ұлғаюынан көрінеді.
Алайда Қазақстанның бюджет саясаты, әсіресе 2006 жылдың 2 жартыжылдығында айтарлықтай бірқалыпты болды. Ол шығыстарының аздап өскендігіне қарамастан мемлекеттік бюджетке келіп түскен жоғары түсімдермен, сондай-ақ едәуір соманың Ұлттық қорға аударылуымен сипатталады. 2006 жылы мемлекеттік бюджеттің түсімдері 2005 жылдағы жағдайлармен салыстырғанда, яғни Ұлттық қорға түсімдерді қоспағанда, ІЖӨ шаққанда 22,2% (2005 жылы – ІЖӨ шаққанда 23,6%), шығыстары – ІЖӨ шаққанда 21,4% (ІЖӨ-ге шаққанда 22,9%) болды.
Индикаторы ІЖӨ-нің нақты өсуі болып табылатын жиынтық ұсыныстың өсуі Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2005 жылмен салыстырғанда 2006 жылы 10,6% құрады.
Тұтастай алғанда жиынтық сұраныстың кеңею қарқыны жиынтық ұсыныстың өсуінен асып кетпегеніне қарамастан 2006 жылдың жекелеген кезеңдерінде экономикадағы ахуал айтарлықтай бірқалыпты болған жоқ. Мысалы, 2006 жылдың 1 жартысында жиынтық сұраныстың өсуі жиынтық ұсыныстың кеңеюінен едәуір асып кетсе, ал 2 жартысында ахуал керісінше өзгерді. Инфляцияның 2006 жылдың 1 жартыжылдығында өсіп, 2 жартыжылдығында төмендеуі осымен түсіндіріледі.
2) Шетел валютасының әкелінуі
Шетел валютасы Қазақстан Республикасына үш негізгі жолмен түседі: сауда-саттық операцияларынан, тікелей инвестициялау операцияларынан және екінші деңгейдегі банктердің заемдық операцияларынан.
2006 жылдың қорытындысы бойынша сауда балансының сальдосы оң болып, 14,6 млрд. АҚШ долларынан асты. Тікелей шетелдік инвестициялардың таза әкелінуі 6,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Екінші деңгейдегі банктердің сыртқы борышы 2006 жылда 18 млрд. АҚШ долларына өсіп, 33,3 млрд. АҚШ долларын құрады.
Сыртқы ресурстардың ағыны Қазақстан резиденттерінің шетелдік активтерінің өсуін қамтамасыз етті. 2006 жылы елдің ресми резервтері, яғни Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) халықаралық резервтері және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – Ұлттық қор) жинақтары 2,2 есе өсіп, 33,2 млрд. АҚШ долл. дейін жетті. Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 2006 жылы 2,7 есе ұлғайып, 2006 жылдың аяғында 19,1 млрд. АҚШ долларын құрады.
Шетел валютасының біршама әкелінуінің нәтижесінде ақша агрегаттары кеңейді. Ақша массасының 2006 жылы 79,9%-ға 3716 млрд. теңгеге дейін өсуі банк жүйесінің ішкі активтерінің ұлғаюынан туындады. Алдын ала жасалған деректер бойынша, номиналдық ІЖӨ-нің ұлғаю қарқынымен салыстырғанда ақша массасы өсуінің барынша жоғары қарқыны экономиканы монеталандырудың 2005 жылдың аяғындағы 27,2%-дан 2006 жылдың аяғында 38,1%-ға өсуіне әкелді.
2006 жылы айналыстағы қолма-қол ақша 45,8%-ға 601 млрд. теңгеге дейін өсті, 2005 жылы ол 8,6%-ды құраған болатын.
2006 жылы ақша базасы 2,3 есеге 1501 млрд. теңгеге дейін (2005 жылы – 14,7%-ға) кеңейді. Ақша мультипликаторы 2006 жылы ақша базасының кеңею қарқынының ақша базасының өсу қарқынымен салыстырғанда асып түсуінің нәтижесінде 3,12-ден 2,47-ге дейін төмендеді.
3) Жалақының жоғары өсуі
2006 жылдың қорытындысы бойынша 2005 жылмен салыстырғанда номиналды жалақы 19,7%-ға, ал нақты көрсеткішпен 10,2%-ға ұлғайды.
Еңбек өнімділігінің тиісінше немесе басып озатын көтерілуімен бекімеген жалақының өсуі Қазақстан Республикасында байқалып отырған инфляцияның экономикаға қысымының күшеюіне әкеп соғады. Алдын ала жасалған деректер бойынша 2005 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі Ұлттық Банктің бағалауы бойынша 8,4%-ға артты.
4) Өндіріс шығасыларының жылдам өсуі
Қазақстан Респубикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша өнеркәсіп кәсіпорындары үшін материалдық-техникалық ресурстардың бағалары 2006 жылы 9,7%-ға өсті (2005 жылғы желтоқсанға қарағанда 2006 жылғы желтоқсанда). Нәтижесінде осы кәсіпорындардың тауарлары мен көрсететін қызметтер 14,6%-ға қымбаттады, оның ішінде аралық тұтыну өнімі 15,9%-ға, өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген тұтыну тауарлары 8,2%-ға, өндіріс құралдары 8,7%-ға қымбаттады.
Өндіріс шығасыларының жоғары өсуі ақырғы өнімнің, оның ішінде тұтыну тауарлары мен көрсетілетін қызметтердің қымбаттауына әкеп соқты, ол 2006 жылы ғана емес, 2007 жылы да әсерін жалғастыра береді. Бұл тұтыну тауарлары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірістік құралдары бағалары өсуінің аралық тұтыну өнімдері бағаларының өсуінен қалып қоюына байланысты.
Қазақстан Республикасының өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген энергия ресурстарының бағасы 2006 жылы 10,0% өсті, оның ішінде мұнай бағасы 11,0%-ға, табиғи газ бағасы 3,5%-ға қымбаттады.
Нәтижесінде жанар-жағар май материалдарының бағасы да тұтыну нарығында ұлғайды. Атап айтқанда, бензин 2006 жылы 21,5%-ға, көлік қызметтері – 19,3%-ға қымбат болды.
5) Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарықтарындағы бәсекелестік деңгейінің төмен болуы
Жекелеген тауарлар және көрсетілген қызметтер нарықтарында біршама ойыншылар, көбінесе ірі делдалдық құрылымдар (әсіресе тамақ өнімдері нарығында) жұмыс істейді. Бұл ретте нарықтардың монополиялығы тұтас алғанда республика бойынша байқалмауы мүмкін, ал аймақтарда аймақтық монополиялар жұмыс істейді. Нарыққа еркін кіру ұсақ кәсіпорындар үшін не толығымен жабық, не едәуір қиындатылған.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген нарықтарындағы бәсекелестік деңгейінің төмен болуы нәтижесінде баға деңгейі көтерілді.
1.2. Ұлттық Банктің қабылдаған шаралары және 2006 жылғы ақша-кредит саясатының нәтижелері.
Осы факторлардың инфляциялық үдерістерге теріс ықпалын азайту мақсатында Ұлттық Банк 2006 жылы «қатаң ақша-кредит саясатын» жүргізуді жалғастырды. Ол инфляциялық қысымның төмендеуіне себепші болатын мынадай шаралар топтарынан тұрады:
-
Ұлттық Банктің операциялары бойынша ставкаларды көтеру жөніндегі шаралар («қымбат ақша» саясатын жүргізу);
-
екінші деңгейдегі банктердің артық өтімділігін алуға бағытталған шаралар;
-
айырбас бағамы саясаты жөніндегі шаралар.
Ұлттық Банктің операциялары бойынша ставкаларды көтеру шаралары («қымбат ақша» саясатын жүргізу).
Жыл басынан бері қайта қаржыландырудың ресми ставкасы екі рет: 2006 жылдың 1 сәуірінен бастап 8,0%-дан 8,5%-ға дейін, ал 2006 жылдың 1 шілдесінен бастап 9,0%-ға дейін (соңғы бір жарым жыл ішінде төртінші жоғарылатылуы) жоғарылатылды. Екінші деңгейдегі банктерден тартылатын депозиттер бойынша ставка төрт рет: 2006 жылдың 1 сәуірінен бастап 3,5%-дан 3,75%-ға дейін, 2006 жылдың 3 шілдесінен бастап 4,0%-ға дейін, 2006 жылдың 1 қарашасынан бастап 4,25%-ға, 2006 жылдың 1 желтоқсанынан бастап 4,5%-ға дейін жоғарылатылды. Ноталар бойынша кірістілік 2005 жылдың аяғындағы 2,24%-дан 2006 жылдың аяғында 4,95%-ға дейін өсті (тиімді кірістілік).
Ұлттық Банктің операциялары бойынша ставкалардың әсері банкаралық нарықтағы кірістілік арқылы банктердің экономикаға берген кредиттері бойынша нарықтық ставкаларға беріледі. Ақша-кредит саясатының шараларын қолданудың нәтижесінде Қазақстан қор биржасындағы 7 күндік банкаралық репо операциялары бойынша ставкалар 2005 жылдың желтоқсанындағы орташа 1,54%-дан 2006 жылғы желтоқсанда орташа 5,15%-ға дейін көтерілді. Бұдан басқа 2006 жылдың маусымы мен желтоқсаны аралығында ұлттық валютадағы банкаралық депозиттер бойынша ставкалар 3,77%-дан 4,45%-ға дейін, долларлық депозиттер бойынша – 5,08%-дан 5,35%-ға дейін көтерілді. Банкаралық нарықтағы кірістіліктің көтерілуі экономикаға берілген кейбір лагты кредиттер бойынша ставкаларға сәйкесінше әсер етеді, сондықтан бұл бағыттағы нәтижелер 2007 жылы байқалатын болады.
Екінші деңгейдегі банктердің артық өтімділігін алуға бағытталған шаралар
Ұлттық Банктің банк секторындағы «артық» ақшаны алу бойынша қаржы нарығындағы операциялары ұлғайтылды. 2006 жылы 2005 жылмен салыстырғанда депозиттер 3,1 есе артық тартылды, яғни көрсетілген кезең ішінде тартылған депозиттердің көлемі 2,6 трлн. теңгеден 8,1 трлн. теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде банктердің депозиттеріндегі қалдықтар 51,5%-ға 131,6 млрд. теңгеге ұлғайды.
2006 жылдың басынан бері Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарын бір аукционда ұсыну көлемі 31 млрд. теңгеден 150 млрд. теңгеге дейін біртіндеп ұлғайтылды. 2006 жылы 3,8 трлн. теңге көлемінде ноталар шығарылды, бұл 2005 жылға қарағанда 2,0 есе көп. Айналыстағы ноталар көлемі 2006 жылы 3,3 есеге 533,1 млрд. теңгеге дейін артты.
2006 жылғы 12 шілдеден бастап Ұлттық Банк жаңа Ең төменгі резервтік талаптар (ЕРТ) туралы ереже енгізді. Ол бойынша банктің ЕРТ нормативтеріне кіретін міндеттемелерінің құрылымы біраз кеңейтілді. Сонымен қатар ең төменгі нормативтік талаптардың мынадай жіктелген нормативтері енгізілді: банктің ішкі міндеттемелері үшін 6% және өзге міндеттемелері үшін 8%. 18 шілдеден бастап екінші деңгейдегі банктер алғашқы рет жаңа ереженің талаптарына сәйкес ең төменгі резервтік талаптарды есептей бастады, ал 20 шілдеден бастап резервтік активтерін қалыптастыра бастады. Ережеге өзгерістердің енгізілуі ең төменгі резервтік талаптардың ұлғаюына әкеп соқты, ол өз кезегінде резервтік активтердің өсуіне әкелді.
Жаңа өзгерістерге сәйкес ЕРТ нормативтерін орындау үшін екінші деңгейдегі банктердің резервтік активтері 2006 жылғы желтоқсанның аяғында қажетті деңгейден 1,1 есе асып түсті, ал ағымдағы жылдың шілде айының ортасында ол 2,4 есе асып кеткен болатын.
Банк жүйесі өтімділігінің қысқаруы банктердегі бос ақшаның азайғанын білдіреді, мультипликативті әсерді ескерсек, ол банктердің кредит беру мүмкіндіктерінің едәуір қысқаруына әкеп соғады. Тұтастай алғанда бұл инфляциялық қысымды, сонымен қатар кейбір лагпен төмендетіп, банк жүйесінің кредиттері бойынша кірістіліктің ұлғаюына ықпал етуі тиіс.
Айырбас бағамының саясаты жөніндегі шаралар
2006 жылғы 1 шілдеден бастап Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану механизмінің өзгеруіне байланысты Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін айырбастаудың және қайта айырбастаудың жаңа ережесін қабылдады (2006 жылғы 25 шілдедегі № 67). Осы Ережеге сәйкес Ұлттық Банк алтын валюта активтерінен Ұлттық қор үшін шетел валютасын сатып алумен қатар ішкі нарықтан шетел валютасын сатып ала алады.
Сонымен қатар 2006 жылдың екінші жартысында валюта нарығындағы ахуалға Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – ҚҚА) кейбір шаралары әсер етті.
Нәтижесінде ішкі валюта нарығында 2006 жылы теңгенің айырбас бағамымен байланысты ахуал ұлттық валюта ұсынысының өсуінен де, әлемдік валюталардың әлемдік нарықтағы бір-біріне қатысы бойынша бағамдарының ауытқуынан да туындаған әр түрлі бағыттағы үрдістермен сипатталды. 2006 жылдың 1 жартысында номиналды көрсеткіште теңгенің АҚШ долларына қарағанда біршама нығайғаны, шілде-қыркүйек аралығында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының әлсіреу үрдісі, қазан-желтоқсанда теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы салыстырмалы түрде тұрақты болып қалғаны байқалды. Тұтастай алғанда 2006 жылы теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы номиналды көрсеткіште 5,06%-ға нығайды.
Сонымен, Ұлттық Банктің 2006 жылы инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған ақша-кредит саясаты инфляция динамикасындағы үрдістердің өзгеруіне әкеп соқты. Екінші жартыжылдықта жылдық инфляция қарқыны төмендеді: егер 2005 жылғы желтоқсаннан бастап 2006 жылдың мамыры аралығында инфляция 7,5%-дан 9,0%-ға дейін көтерілсе, 2006 жылдың желтоқсанында ол 8,4%-ға дейін төмендеді.
Инфляциялық үдерістер динамикасындағы жалпы үрдістерді және макроэкономикалық саясаттың, оның ішінде ақша-кредит, салық-бюджеттік және монополияға қарсы саясат шараларының инфляцияға ықпалын көрсететін негізгі инфляция жылдық көрсеткіште 2006 жылдың екінші жартыжылдығында маусымдағы 8,6%-дан желтоқсанда 7,3%-ға дейін төмендеді.
Алайда, баға тұрақтылығына қол жеткізу жөніндегі шараларға қарамастан инфляция 2006 жылы жоғары баға сценарийі бойынша мақсатты бағдардан (6,9-8,5%) аздап асып, орташа алғанда 8,6%-ды құрады.
Басқарманың 2006 жылғы 11 наурыздағы № 20 қаулысымен мақұлданған Ақша-кредит саясатының 2006-2008 жылдарға арналған негізгі бағыттарына сәйкес мұнайдың әлемдік бағасының деңгейіне қарай ахуалды дамытудың екі сценарийі айқындалды. 2006 жыл бойына мұнайға жоғары баға сценарийі іске асты («Брент» сортындағы мұнайға әлемдік баға 2006 жылы бір баррель үшін орташа алғанда 65,4 доллар құрады).
Бұл жағдайларда Ұлттық Банк Қызметінің 2007-2009 жылдарға арналған негізгі бағыттарын әзірледі.
2. Ұлттық Банк Қызметінің 2007-2009 жылдарға арналған негізгі бағыттары
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабына сәйкес Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
Ақша-кредит саясатының негізгі бағыттары жыл сайын алдағы 3 жылға, ақша-кредит саясатының 3 жылға арналған негізгі көрсеткіштерінің болжамдарын қоса және алдыңғы жылға арналған шараларды нақтылай отырып айқындалады.
Ақша-кредит саясатының 2007-2009 жылдарға арналған көрсеткіштерінің болжамдарын әзірлеу кезінде трансмиссиялық механизм үлгісі пайдаланылды. Есептеу кезінде орташа мерзімді кезеңде әлемдік экономиканың өсу қарқыны және әлемдік тауар нарықтарының конъюнктурасы Қазақстан экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасайтын болады деген болжамдар пайдаланылды. Бұдан басқа, есептеулер мен ұсыныстар негізіне Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарының (бұдан әрі – Орта мерзімді жоспар) өлшемдері алынды. Сонымен бірге, республикалық бюджеттің 2007 жылға арналған жобасына сәйкес, республикалық бюджеттің 2007 жылға арналған шығыстары бюджеттің 2006 жылғы шығыстарымен салыстырғанда 28,1%-ға көбейеді деп болжанып отыр.
Инфляцияға болжам Филипс қисығы негізінде жасалды, ол ІЖӨ-нің әлуетті деңгейінен, инфляциялық күтулерден және еңбекақыдан ауытқуы арасындағы теориялық өзара байланысты көрсетеді. Соңғы көрсеткіштер, өз кезегінде, экономикаға берілген кредиттер, айырбас бағамы, ақша массасы және басқа да көрсеткіштер арқылы айқындалады. Сыртқы борыш қарастырылатын үлгілерге тікелей кірмейді.
2007-2009 жылдарға арналған әлуетті инфляцияға P-star үлгісі бойынша жасалған болжам біршама шетел капиталының әкелініп, ішкі қаржы нарығындағы өтімділіктің асып кетуі, мемлекеттік бюджет шығыстарының өсуі жағдайларында орта мерзімді кезеңде инфляция динамикасының төмендеу үрдісі болғанымен экономиканы дамытудың инфляциялық аясының сақталатындығын көрсетеді.
2.1. Инфляцияға орта мерзімді кезеңге болжам және 2007-2009 жылдарға арналған негізгі бағдарлар.
Ел экономикасы ахуалының энергоресурстар, әсіресе мұнай бағасына және елге әкелінетін капиталға үлкен тәуелділігін ескере отырып, инфляцияның 2007-2009 жылдарға арналған болжамын әзірлеу кезінде экономика дамуының 3 сценарийі қарастырылды:
- «капиталдың қалыпты әкелінуі жағдайындағы мұнайға қалыпты баға» сценарийі (мұнай бағасы бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан төмен, капиталдың әкелінуі елге соңғы 2 жылда әкелінген орташа жылдық капиталдан төмен);
- «капиталдың көп әкелінуі жағдайындағы мұнайға қалыпты баға» сценарийі (мұнай бағасы бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан төмен, капиталдың әкелінуі елге соңғы 2 жылда әкелінген орташа жылдық капиталдан жоғары);
- «мұнайға жоғары баға» сценарийі (мұнай бағасы бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан жоғары).
Барлық үш нұсқада да нақты сектордың негізгі көрсеткіштерінің болашақтағы динамикасы Орта мерзімді жоспардың көрсеткіштеріне сәйкес келетіндігін көрсетеді. Мысалы, болжамды кезеңде ІЖӨ орташа жылдық өсуі 9,6%-ды, негізгі капиталға инвестициялар - 18%-20%-ды, жалақы жылына - 8%-ды, бюджеттен жеке тұлғаларға берілетін трансферттер жылына - 8%-ды құрайды деген болжам бар. Сонымен бірге бекітілген республикалық бюджетке сәйкес республикалық бюджеттің 2007 жылға арналған шығыстары 2006 жылғы бюджеттің шығыстарымен салыстырғанда 28,1%-ға артады деген болжам бар.
Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер тартатын шетелдік капиталдың әкелінуін шектеу жөніндегі жұмыстар шеңберінде Ұлттық Банк пен ҚҚА қолданып отырған шаралар да ескерілді.
Ақша-кредит саясаты құралдарының динамикасы жеке әрбір сценарий үшін қалыптасқан ахуалға қарай айқындалды.
«Капиталдың қалыпты әкелінуі жағдайындағы мұнайға қалыпты баға» сценарийі бойынша ұзақ мерзімді үрдіс ретіндегі мұнай бағасының төмендеуін бағалау және халықаралық капитал нарықтарындағы қарыз алу құнының көтерілуі мұнай өндіру жобаларын жаңадан сырттан қаржыландырудың және екінші деңгейдегі банктердің таза сырттан қарыз алуының төмендеуін қамтамасыз ететін болады.
Бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан аспайтын мұнайға деген әлемдік баға деңгейінде тауарларды және көрсетілетін қызметтерді экспорттаудың өсу қарқыны 2007 жылы шамамен 7%-ды, ал 2008-2009 жылдары 4-6%-ды құрайтын болады. Тауарлар мен халықаралық қызметтер балансының профициті сыртқы борыштық міндеттемелері бойынша төлемдердің және тікелей шетелдік инвесторларға төленетін төлемдердің өсуін өтейтін болады. Ағымдағы операциялар бойынша баланс 2007 жылы оңынан қалыптасып (шамамен ІЖӨ-ге шаққанда 0,4%), 2009 жылы ІЖӨ-ге шаққанда 1%-ға дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Мұнай және газ кен орындарын зерттеудің көбірек капитал салынатын жобаларының аяқталу кезеңіне өтуіне байланысты 2007 жылдан кейін тікелей шетелдік инвестициялар түріндегі қаржыландыру көлемі де біртіндеп төмендейді. Қаржыландырудың қосымша көлемі республика банктері мен кәсіпорындарының сырттан заем тартуы есебінен қамтамасыз етіледі.
Шетел капиталының және экспорттық валюта түсімінің әкелінуі теңгенің ықтимал нығаюының негізгі факторларының сақталуына, сондай-ақ Ұлттық қордың халықаралық резервтерінің және активтерінің одан әрі жинақталуына себепші болады.
Бұл сценарий бойынша банктердің активтері алдағы үш жылдық кезеңде орташа алғанда жылына 27%-ға өсетін болады. Банктердің резидент еместер алдындағы міндеттемелері шамамен жылына 9,5-10 млрд. АҚШ долларына өсетін болады.
Ұлттық қордың халықаралық резервтері мен активтерінің орташа жылдық өсу қарқыны қарастырылатын кезеңде тиісінше 10% және 23%-ды құрайтын болады.
Осы сценарий үшін инфляция болжамдарының рұқсат етілген мәнін алуға мүмкіндік беретін ақша-кредит саясатының негізгі құралдарының 2007-2009 жылдарға арналған орташа жылдық мәндері мынадай деңгейде таңдалған: банктердің Ұлттық Банктегі аударылатын депозиттері – 790 млрд.теңге, банктердің Ұлттық Банктегі басқа депозиттері – 320 млрд. теңге, айналыстағы ноталар көлемі – 270 млрд.теңге.
Капиталдың қалыпты әкелінуі жағдайындағы мұнайға қалыпты баға сценарийі үшін нақты сектор және ақша-кредит саясаты құралдары көрсеткіштерінің болашақтағы динамикасына қатысты жасалған болжамдарды орындау кезінде 2007-2009 жылдарға мынадай болжамдар алынды. Болжамды кезеңдегі ақша базасының орташа жылдық өсуі 18%, ақша массасының, банк жүйесіндегі депозиттердің, экономикаға берілетін кредиттердің өсуі 27%-28% құрайды. 2007 жылы орташа жылдық инфляция 6,2%-7,2%, 2008 жылы – 6,0%-7,0%, 2009 жылы – 6,0%–7,0% шегінде болады (1-қосымша).
«Капиталдың көп әкелінуі жағдайындағы мұнайға қалыпты баға» сценарийі қарыз алу құнының төмен деңгейде сақталып қалуының және мұнай бағасының динамикасына қатысты белгісіздіктің банктердің сырттан қарыз алуының одан әрі кеңеюіне және мұнай өндіру жобаларын қаржыландырудың ұлғаюына себепші болатынын көздейді.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортының өсу қарқыны капиталдың әкелінуіне байланысты болмағандықтан олар алдыңғы сценарийдегідей бола береді.
Банктердің активтері алдыңғы үш жылдық кезеңде жылына орташа алғанда 32%-ға өсетін болады. Банктердің резидент еместер алдындағы міндеттемелерінің өсуі жылына шамамен 10-12 млрд. АҚШ долларын құрайтын болады.
Ұлттық қордың халықаралық резервтері мен активтерінің орташа жылдық өсу қарқыны қаралатын кезеңде тиісінше 19% және 23% болады.
Осы сценарий үшін инфляция болжамдарының рұқсат етілген мәнін алуға мүмкіндік беретін ақша-кредит саясатының негізгі құралдарының 2007-2009 жылдарға арналған орташа жылдық мәндері мынадай деңгейде таңдалған: банктердің Ұлттық Банктегі аударылатын депозиттері – 860 млрд.теңге, банктердің Ұлттық Банктегі басқа депозиттері – 640 млрд. теңге, айналыстағы ноталар көлемі – 317 млрд.теңге.
Капиталдың көп әкелінуі жағдайындағы мұнайға қалыпты баға сценарийі үшін нақты сектор және ақша-кредит саясаты құралдары көрсеткіштерінің болашақтағы динамикасына қатысты жасалған болжамдарды орындау кезінде 2007-2009 жылдарға мынадай болжамдар алынды. Болжамды кезеңде ақша базасының орташа жылдық өсуі 30%, ақша массасының, экономикаға берілетін кредиттердің және банк жүйесіндегі депозиттердің өсуі 33%-34%-ды құрайды. Инфляция 2007 жылы 7,3%-8,3%, 2008 жылы – 6,9%-7,9%, 2009 жылы – 6,9%-7,9% шегінде болады (1-қосымша).
«Мұнайға жоғары баға» сценарийі барысында тауарлар және көрсетілетін қызметтер экспортының өсу қарқыны жылына 15% артық болады. Тауарлар мен халықаралық қызметтер балансы профицитінің жыл сайынғы өсуі шетелдік инвесторлар мен кредиторларға төленетін таза төлемдердің өсуінен асып түсетін болады. Ағымдағы шот профициті 2007 жылы ІЖӨ-ге шаққанда 1%-дан асады, ал 2009 жылы ІЖӨ-ге шаққанда 3% жетуі мүмкін.
Мұнай бағасының жоғары деңгейі және шетелдік инвесторлар сенімінің тұрақты түрде жоғары болуы мұнай-газ жобаларын қосымша қаржыландыруды және республика банктері мен кәсіпорындарының сырттан қарыз алу ауқымын арттыруды ынталандырады. Банктердің резидент еместер алдындағы міндеттемелері 2007-2008 жылдары 10-15%-ға өседі, 2009 жылы өсім 2-3%-ға дейін баяулайды деп болжанады.
Ұлттық қордың халықаралық резервтері мен активтерінің орташа жылдық өсу қарқыны 25-26% болады. Бұл қалыпты баға сценарийімен салыстырғанда теңгенің айырбас бағамына оның нығаю жағына қарай үлкен қысым жасайтын болады. Осы сценарий барысында Ұлттық қордың халықаралық резервтері мен активтерінің өсу қарқыны қалыпты баға сценарийлерімен салыстырғанда 3-6 пайыздық тармаққа жоғары болады.
Сонымен қатар мұнайға жоғары баға жағдайында банк активтерінің одан әрі өсуі 2007 жылы одан кейінгі жылдары жыл сайынғы өсу қарқыны 30-40%-ға дейін біртіндеп баяулай отырып шамамен 50%-ды құрайды.
Осы сценарий үшін инфляция болжамдарының рұқсат етілген мәнін алуға мүмкіндік беретін ақша-кредит саясатының негізгі құралдарының 2007-2009 жылдарға арналған орташа жылдық мәндері мынадай деңгейде таңдалған: банктердің Ұлттық Банктегі аударылатын депозиттері – 990 млрд.теңге, банктердің Ұлттық Банктегі басқа депозиттері – 860 млрд. теңге, айналыстағы ноталардың көлемі – 530 млрд.теңге.
Мұнайға жоғары баға сценарийі үшін нақты сектор және ақша-кредит саясаты құралдары көрсеткіштерінің болашақтағы динамикасына қатысты жасалған болжамдарды орындау кезінде 2007-2009 жылдарға мынадай болжамдар алынды. Көрсетілген кезеңде ақша базасының, ақша массасының, экономикаға берілетін кредиттердің және банк жүйесіндегі депозиттердің орташа жылдық өсуі 40% – 41%-ды құрайды. Инфляция 2007 жылы 8,2%-9,2%, 2008 жылы – 8,0%-9,0%, 2009 жылы – 8,0%-9,0% шегінде болады (1-қосымша).
Ұлттық Банктің 2007-2009 жылдарға арналған ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты орташа жылдық инфляцияны мынадай деңгейде ұстап тұру болады:
«капиталдың қалыпты әкелінуі жағдайындағы мұнайға қалыпты баға» сценарийін іске асыру кезінде 2007 жылы 6,2%-7,2%, 2008 жылы – 6,0%-7,0%, 2009 жылы – 6,0%-7,0% шегінде;
«капиталдың көп әкелінуі жағдайындағы мұнайға қалыпты баға» сценарийін іске асыру кезінде 2007 жылы 7,3%-8,3%, 2008 жылы – 6,9%-7,9%, 2009 жылы – 6,9%-7,9% шегінде;
«мұнайға жоғары баға» сценарийін іске асыру кезінде 2007 жылы 8,2%-9,2%, 2008 жылы – 8,0%-9,0%, 2009 жылы – 8,0%-9,0% шегінде.
ІЖӨ, мемлекеттік шығыстар және Орта мерзімді жоспарда көзделген басқа да көрсеткіштер ұлғайту жағына қарай қайта қаралатын болса, инфляция болжамының да көтерілетіндігін айта кету қажет. Сонымен қатар валюта жоғары баға сценарийі көрсеткіштерінен қарқынды асып әкелінген және халықтың кірісі Орта мерзімде жоспарда белгіленген көрсеткіштерден жоғары өскен жағдайда ақша ұсынысы инфляцияның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге қажетті шектен шығып кетуі мүмкін.
Бұл құжатта мұнайға қалапты баға сценарийі үшін, негізінен 2007 жылға арналған ақша-кредит саясаты, оның ішінде ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары атап көрсетілген. Одан кейінгі жылдарға арналған шаралар 2007 жылдың нәтижелері бойынша нақтыланады. Мұнайға жоғары баға сценарийі іске асырылған жағдайда ақша-кредит саясатының шаралары одан да күшті қатаңданатын болады.
2.2. Мұнайға қалыпты баға сценарийі іске асырылған жағдайда ақша-кредит саясатының 2007 жылға арналған шаралары.
Ақша-кредит саясаты саласында 2007 жылы Ұлттық Банк өз қызметінде орташа жылдық инфляцияны төмен деңгейде ұстауға бағытталған ақша-кредит саясатын жүзеге асыруды басым бағыты ретінде айқындайды.
Ақша-кредит операцияларын пайдаланудың тиімділігін арттыру және ақша нарығының ахуалына әсер ету үшін қолданылатын шараларды одан әрі күшейту, ақша-кредит саясаты құралдарының әр түрлері бойынша ставкаларды келісу жөніндегі жұмыстар жалғаса береді. Сыйақының нарықтық ставкаларына жасалатын қысқа мерзімді ставкалардың реттеу ролін көтеру жөніндегі шаралар ставкалар дәлізін тарылту (төменгі ставка – депозиттерді тарту жөніндегі ставка, жоғарғы ставка – заемдар беру жөніндегі ставка) арқылы жүргізіледі.
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасын қосқанда Ұлттық Банктің операциялары бойынша ставкалар ақша нарығындағы ахуалға және инфляция деңгейіне қарай реттеледі.
Екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі қысқа мерзімді ноталары мен депозиттері қаржы нарығындағы сыйақы ставкаларын реттеудің, сондай-ақ банктердің артық өтімділігін жүйелеудің негізгі құралдары болып қала береді.
Қажет болған жағдайда қысқа мерзімді қисық кірістілікті қалыптастыру үшін ноталарды айналысқа шығару мерзімін ұзарту және көлемін ұлғайту мүмкіндігі қаралады, ол Ұлттық Банктің біраз шығындануын талап етеді. Ұлттық Банк бұл мүмкіндікті зерттеп, қаржы нарығындағы ахуалға қарай тиісті шешім қабылдайды. Осы жұмыс шеңберінде Ұлттық Банк қисық кірістіліктің қалыптасу мәселелерін шешу жөнінде Қаржы министрлігімен бірге жүргізілетін жұмысты үйлестіруді күшейту қажет деп санайды. Бұл проблеманың Ұлттық Банкке теріс ықпалы ашық нарықта операциялар жүргізу мүмкіндіктерінің шектелуінен және ақша-кредит саясаты құралдарының негізгі макрокөрсеткіштерге әсер етуінің әлсіреуінен көрінеді.
Банк жүйесінің артық өтімділігі мәселелерінің өткірлігі сақталған жағдайда Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын қатаңдата береді. Банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін банктік заемдарды беру механизмі, репо операциялары және қайта есепке алу операциялары жетілдіріледі, атап айтқанда кепіл құралдарының тізбесін кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар өтімділікті беру құралдарын (қайта қаржыландыру заемдары және вексельдерді қайта есепке алу секілді) пайдаланудың тиімділігін күшейту мақсатында олардың мерзімдерін бірегейлендіру мүмкіндігі қарастырылады.
Инфляцияны төмендету үшін шектеулі ақша-кредит саясатын жүргізумен қатар, әсіресе, жиынтық сұранысты дамытудың, өсуін шектеудің бюджеті бөлігінде, бюджет саясатын қатаңдандыру, сондай-ақ отандық өндірушілер тарапынан тауарлар мен көрсетілетін қызметтер ұсыныстарын ынталандыру қажет. Инфляциялық үдерістерге қысымды азайту мақсатында бюджет саясатын қатаңдату бюджет шығыстарының, оның ішінде инвестициялық шығыстардың өсуін шектеу, мемлекеттің мұнайдан түскен кірістерді кепілдік берілген трансферт түрінде пайдалануын шектеу, сондай-ақ салық ауыртпалығын сақтау саясатынан бас тарту бағытында жүргізілуі қажет.
Экономиканың нақты секторы кәсіпорындарының мониторингі бойынша қаржылық емес корпорациялар секторының, қалыптасқан экономикалық конъюнктураның және кәсіпорындардың қаржылық ахуалының даму үрдістерін және бағыттарын бағалауды қалыптастыруға, сондай-ақ проценттік, валюталық саясатты айқындау, ең төменгі резервтік талаптардың нормативтерін белгілеу, қаржы тұрақтылығы туралы есептерді жасау кезінде Ұлттық Банк қызметіндегі мониторинг нәтижелерін іс жүзінде пайдалануды кеңейтуге бағытталған жұмыстар жалғаса береді.
Ұлттық Банк теңгенің еркін айырбас бағамы режимін ұстанатын болады, яғни теңгенің ішкі валюта нарығындағы шетел валютасына қатысты номиналды бағамының динамикасы осы шетел валютасына деген сұраныс пен ұсынысқа қарай белгіленеді. Ұлттық Банк теңге бағамының ауытқуына бағдарлар немесе дәліздер жасамайды. Ұлттық Банк ішкі валюта нарығындағы өзінің қатысуын қысқартуға ниетті.
Ұлттық Банк валюта нарығындағы операцияларды, негізінен, Ұлттық қор үшін жүзеге асыратын болады, өйткені, Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін айырбастау және қайта айырбастаудың жаңа ережесіне сәйкес Ұлттық қор үшін Ұлттық Банктің халықаралық резервтерінен шетел валютасын сатумен бірге ішкі нарықтағы шетел валютасын да сатып ала алады.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында. «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» ҚР Заңына сәйкес 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап күрделі операциялар бойынша пайдаланылып жүрген шектеулердің күші толығымен жойылады. Сол сәттен бастап ағымдағы және күрделі операциялар бойынша валюталық шектеулер болмаған жағдайда теңгенің айырбасталуы толық қамтамасыз етілетін болады.
Валюталық шектеулердің болмауы капиталдың әкелінуінің жоғары деңгейдегі жұмылдырылуын білдіреді, ол валюталық және қаржы нарықтарындағы ахуалдың тұрақсыздануына әлуетті қауіп тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайларда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капиталдың қозғалысымен байланысты валюталық операциялардың мониторингін күшейтеді, сыртқы экономикалық операциялар және ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс көздеріне талдау жасау бойынша ақпарат базасын жетілдіру жұмыстарын жалғастыра береді.
Төлем жүйелері саласында Қазақстан экономикасының әр түрлі субъектілері арасында төлемдер мен аударымдарды жүргізудің қауіпсіз және уақтылы болуын қамтамасыз ететін жоғары технологиялық деңгейде төлем жүйелерінің жұмыс істеуіне одан әрі қолдау көрсету жұмысы жалғастырылады. Бұл жұмыс сондай-ақ қызмет көрсететін операторларды және төлем жүйесінің пайдаланушыларын бақылау және қадағалау жүйелерінен тұратын болады. Сонымен қатар орта мерзімді перспективада төлем жүйелерін дамыту шеңберінде Ұлттық Банк Төлем карточкаларының ұлттық жүйесін одан әрі дамытуға, Қазақстан Республикасының «Электронды Үкімет» жүйесін құру шеңберінде «Төлем шлюзін» жасауға, сондай-ақ төлем жүйелері үшін жаңа Резервтік орталық құруға ерекше көңіл бөлетін болады. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету саласында Ұлттық Банк өз қызметін ҚҚА-мен тығыз үйлестіретін болады. Бұл ретте Қаржы тұрақтылығы туралы есепті одан әрі жетілдіру жұмыстарын жүргізетін болады. Ұлттық Банк пен ҚҚА-нің алдымыздағы кезеңдегі міндеттерінің бірі – қаржы тұрақтылығы индикаторларының жүйесін қалыптастыру, қаржы жүйесінің тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін жағдайларды анықтау және алдын алу. Дағдарыс жағдайларының дамуын болдырмайтын құралдар әзірленеді. Талдау жұмыстарының нәтижелерін бұқара халықтың тұрақты түрде пайдалануын қамтамасыз ету Қазақстанның қаржы жүйесіне деген сенімді күшейтуге себебін тигізетін осы жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес еліміздің банк секторының сыртқы борышын басқарудың тиімділігін арттыру қаржы секторын реттеудегі негізгі бағыттардың бірі болады.
Қаржы тұрақтылығына төнген қауіпті уақтылы анықтау жөніндегі өзара іс-қимылдардың және жұмыстарды ұйымдастырудың сапалық деңгейін арттыру, сондай-ақ қаржылық қатынастар субъектілерінің тәуекелдерін халықаралық практикаға сәйкес реттеу жөніндегі үйлестірілген саясатты жүргізу үшін Ұлттық Банк ҚҚА және Үкіметпен бірлесіп 2007 жылы Қаржы тұрақтылығы жөнінде меморандум әзірлеп, қол қоятын болады. Ол құжат қаржы тұрақтылығы үшін тәуекелдерді реттеу бөлігінде органдардың құзыретін, ақпараттық өзара іс-қимыл жасау рәсімін, қаржы тұрақтылығы мәселелері бойынша тұрақты консультациялар жүргізу тәртібін, реттеуші іс-қимылдардың келісілген шараларын іске асырудың жолдары мен қағидаттарын реттейтін болады.
1-қосымша
АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ
2007-2009 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БОЛЖАМЫ
(«КАПИТАЛДЫҢ ҚАЛЫПТЫ ӘКЕЛІНУІ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ
МҰНАЙҒА ҚАЛЫПТЫ БАҒА» СЦЕНАРИЙІ)
(кезең соңына)
|
2006
|
2007
|
2008
|
2009
|
Инфляция (кезеңде орташа алғанда), %
|
8,6
|
6,2-7,2
|
6,0-7,0
|
6,0-7,0
|
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы,%
|
9,0
|
8,0
|
7,5
|
7,5
|
Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері, млрд. АҚШ доллары
|
19,1
|
21,3
|
23,2
|
25,2
|
өзгеріс %-бен
|
170,4
|
11,3
|
8,9
|
8,7
|
Ақша базасы, млрд. теңге
|
1501
|
1828
|
2221
|
2468
|
өзгеріс %-бен
|
126,5
|
21,8
|
21,5
|
11,1
|
Ақша массасы, млрд. теңге
|
3716
|
5046
|
6439
|
7753
|
өзгеріс %-бен
|
79,9
|
35,8
|
27,6
|
20,4
|
Резиденттердің депозиттері, млрд. теңге
|
3115
|
4272
|
5464
|
6574
|
Банктердің экономикаға беретін кредиттері, млрд. теңге
|
4736
|
6161
|
7766
|
9647
|
Экономиканы монетизациялау деңгейі, %
|
38,1
|
42,5
|
45,9
|
46,9
|
АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ
2007-2009 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БОЛЖАМЫ
(«КАПИТАЛДЫҢ КӨП ӘКЕЛІНУІ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ
МҰНАЙҒА ҚАЛЫПТЫ БАҒА» СЦЕНАРИЙІ)
(кезең соңына)
|
2006
|
2007
|
2008
|
2009
|
Инфляция (кезеңде орташа алғанда), %
|
8,6
|
7,3-8,3
|
6,9-7,9
|
6,9-7,9
|
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы,%
|
9,0
|
9,0
|
8,5
|
8,5
|
Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері, млрд. АҚШ доллары
|
19,1
|
24,1
|
28,1
|
32,1
|
өзгеріс %-бен
|
170,4
|
26,2
|
16,6
|
14,2
|
Ақша базасы, млрд. теңге
|
1501
|
2129
|
2683
|
3293
|
өзгеріс %-бен
|
126,5
|
41,8
|
26,0
|
22,7
|
Ақша массасы, млрд. теңге
|
3716
|
5375
|
7040
|
8877
|
өзгеріс %-бен
|
79,9
|
44,7
|
31,0
|
26,1
|
Резиденттердің депозиттері, млрд. теңге
|
3115
|
4528
|
5901
|
7460
|
Банктердің экономикаға беретін кредиттері, млрд. теңге
|
4736
|
6682
|
8914
|
11153
|
Экономиканы монетизациялау деңгейі, %
|
38,1
|
44,5
|
48,4
|
51,3
|
АҚША-КРЕДИТ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ
2007-2009 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БОЛЖАМЫ
(«МҰНАЙҒА ЖОҒАРЫ БАҒА» СЦЕНАРИЙІ)
(кезең соңына)
|
2006
|
2007
|
2008
|
2009
|
Инфляция (кезеңде орташа алғанда), %
|
8,6
|
8,2-9,2
|
8,0-9,0
|
8,0-9,0
|
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы,%
|
9,0
|
9,7
|
9,5
|
9,5
|
Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері, млрд. АҚШ доллары
|
19,1
|
25,4
|
31,8
|
37,7
|
өзгеріс %-бен
|
170,4
|
33,0
|
25,3
|
18,4
|
Ақша базасы, млрд. теңге
|
1501
|
2295
|
3190
|
4170
|
өзгеріс %-бен
|
126,5
|
52,8
|
39,0
|
30,7
|
Ақша массасы, млрд. теңге
|
3716
|
5636
|
7850
|
10249
|
өзгеріс %-бен
|
79,9
|
51,7
|
39,3
|
30,6
|
Резиденттердің депозиттері, млрд. теңге
|
3115
|
4700
|
6552
|
8662
|
Банктердің экономикаға беретін кредиттері, млрд. теңге
|
4736
|
7151
|
10033
|
13062
|
Экономиканы монетизациялау деңгейі, %
|
38,1
|
46,6
|
54,0
|
59,2
|
Достарыңызбен бөлісу: |