Қазақстан Республикасы мемлекеттiк кызметi жаңа моделiнiң тұжырымдамасы туралы



Дата07.07.2016
өлшемі337.44 Kb.
#183313
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк кызметi жаңа моделiнiң тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2011 жылғы 21 шiлдедегi № 119 Жарлығы


"Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 30 шiлдедi № 337-341 (26735); "Казахстанская правда" от 30.07.2011 г., № 238-240 (26659-26661); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., N 46, 612-құжат

Қазақстан Республикасы Президентi


мен Үкiметi актiлерiнiң жинағында
және республикалық баспасөзде 
жариялануға тиiс       

      «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығын iске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:


      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жаңа моделiнiң тұжырымдамасы бекiтiлсiн.
      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Президентi                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы


Президентiнiң   
2011 жылғы 21 шiлдедегi
№ 119 Жарлығымен  
БЕКIТIЛГЕН   

Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жаңа моделiнiң тұжырымдамасы

Астана, 2011 жыл



Мазмұны

      1-бөлiм. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жүйесiн дамытудың пайымы


      2-бөлiм. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жүйесiн дамытудың негiзгi қағидаттары мен жалпы тәсiлдерi
      3-бөлiм. Тұжырымдаманы iске асыру құралдары

1-бөлiм. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жүйесiн дамытудың пайымы

Кiрiспе

      Меритократия, тиiмдiлiк, нәтижелiлiк, транспаренттiк және қоғамға есептiлiк қағидаттарына негiзделген мемлекеттiк қызмет жүйесiн кәсiбилендiру мемлекеттiк басқару жүйесiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн және халыққа сапалы қызмет көрсетудi қамтамасыз етудiң аса маңызды факторы болып табылады


      Осы Тұжырымдамада мемлекеттiк қызмет жүйесiндегi ағымдағы ахуалды талдау ұсынылған, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа моделiн қалыптастырудың негiзгi бағыттары мен оны iске асырудың түйiндi тетiктерi айқындалған
      Осы Тұжырымдама Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа моделiн рәсiмдеуге және оны әрi қарай кәсiбилендiруге бағытталған заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу үшiн негiз болады.

1.1. Ағымдағы ахуалды талдау

      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жүйесiн дамыту мемлекеттiң тәуелсiздiк жылдарындағы рөлiнiң өзгеруi, саяси жүйенiң, экономиканың, қоғамдық қатынастардың қалыптасу, мемлекеттiк басқару жүйесiн оңтайландыру процестерiмен тығыз байланысты.


      Тәуелсiз Қазақстан Республикасының мақсаттары мен басымдықтарын iске асыру үшiн кадрларды iрiктеу мен жоғарылатудың тиiмдi жүйесiн құру, мемлекеттiк аппарат қызметiнiң кәсiбилiгi мен ашықтығын қамтамасыз ету қажет болды.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Мемлекеттiк қызмет туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы № 2730 Заң күшi бар Жарлығы       тәуелсiз Қазақстанның қазiргi заманғы мемлекеттiк қызмет жүйесiн институттандырудың бастауы болып мемлекеттiк басқару жүйесiнiң кадрлық ұйытқысын сақтауға мүмкiндiк бердi және мемлекеттiң маңызды институты ретiнде мемлекеттiк қызметтiң дамуына негiз қалады.
      Жарлықтың қабылдануы мемлекеттiк қызмет қағидаттарын, мемлекеттiк лауазымдардың сатылығын белгiлеу жолымен мемлекеттiк қызмет қатынастарын реттеуге, мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық мәртебесiн айқындауға және әлеуметтiк кепiлдiктерiн белгiлеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер енгiзуге мүмкiндiк бердi.
      1997 жылы мемлекеттiк дамудың ұзақ мерзiмдi басымдығы ретiнде кәсiби үкiмет құруды айқындап берген «Қазақстан - 2030» стратегиясы мемлекеттiк қызметтi дамытудағы келесi кезеңi болды.
      1999 жылы қабылданған «Мемлекеттiк қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрi - Заң) мемлекеттiк қызметтiң кәсiби және тиiмдi жүйесiн және бiрыңғай кадр саясатын қалыптастыруға бағытталған, өзектi қажеттiктерге сай келетiн жаңа тәсiлдi айқындап бердi.
      Қазiргi кезде Заң және оны iске асыру үшiн әзiрленген тиiстi нормативтiк құқықтық актiлер мемлекеттiк қызметке кiру, оны атқару және тоқтату мәселелерiн реттейдi.
      Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi жұмыс iстейдi.

      Мемлекеттiк қызметке кiру мәселелерi

      Азаматтардың мемлекеттiк қызметке тең қол жеткiзудегi конституциялық құқығы мiндеттi конкурстық iрiктеудi енгiзу арқылы iске асырылды, оның тетiктерi Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде бекiтiлген.
      Мемлекеттiк қызметке конкурстық iрiктеудi енгiзу кандидаттың мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымына қойылатын бекiтiлген бiлiктiлiк талаптарына сай болуын анықтауға бағытталған.
      Мәселен, Заңға сәйкес мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға кiру кезiндегi конкурстық iрiктеу мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның мемлекеттiк қызмет туралы қолданыстағы заңнаманы бiлуге арналған тестiлеудi өткiзуiн, сондай-ақ мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясының кандидаттармен әңгiмелесу өткiзуiн көздейдi.
      Мемлекеттiк қызметтiң кадр резервi қалыптасуда.
      Алайда, конкурстық iрiктеудi жүргiзудiң қазiргi кездегi тәжiрибесiн алғанда, мемлекеттiк қызметке кiру кезiндегi конкурстық рәсiмдердiң әдiлдiгiне азаматтар тарапынан бiрқатар сенiмсiздiк байқалады.
      Осыған байланысты, мемлекеттiк қызметке конкурстық iрiктеу тәртiбiн жетiлдiру және оның транспаренттiлiгiн арттыру қажет.

      Мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту мәселелерi

      Қазiргi кезде мемлекеттiк қызмет жүйесiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясын, мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлаудың және олардың бiлiктiлiгiн арттырудың өңiрлiк орталықтарын және басқа да бiлiм беру ұйымдарын қамтитын оқыту инфрақұрылымы қалыптастырылған.
      Жыл сайын орташа есеппен мемлекеттiк қызметшiлердiң үштен бiрi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында оқудан өтедi, соның нәтижесiнде үш жылдық кезеңде мемлекеттiк қызметшiлердi жүз пайыздық оқыту қамтамасыз етiледi.
      Сонымен қатар, қазiргi кезде оқыту процесiнiң сапасын басқару жүйесiн жаңғырту және мемлекеттiк қызметшiлерге арналған оқу бағдарламаларына оқытудың инновациялық әдiстерiн енгiзу қажеттiлiгi туындап отыр.
      Мемлекеттiк қызметшiлерге бiлiм беру жүйесi практикалық маңызы бар және мемлекеттiк органның мақсаттары мен мiндеттерiне сай келетiн, кәсiби бiлiм мен дағдыларды дамытуға бағытталуы керек.
      Сонымен қатар, мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту жөнiндегi жұмысты тиiмдi үйлестiру қажет.

      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi аттестаттау мәселелерi

      Мемлекеттiк қызмет туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымында үш жыл болғаннан кейiн аттестаттаудан өтедi. Оның мақсаты олардың кәсiби дайындық деңгейiн, құқықтық мәдениетiн және азаматтармен жұмыс iстеу қабiлетiн айқындау болып табылады.
      Аттестаттау рәсiмi мемлекеттiк қызметшiге тiкелей басшысының аттестаттаудан өтетiн қызметшiнiң кәсiби, жеке қасиеттерiн және қызметтiк жұмысы нәтижелерiн көрсететiн қызметтiк мiнездеменi ұсынуын қамтиды.
      Сонымен бiрге, қазiргi кезде аттестаттауды өткiзу рәсiмiн мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс сапасы мен түпкiлiктi нәтижелерiн бағалауға бағдарлау арқылы жетiлдiру және аттестаттау қорытындылары мен мансаптық өсудiң өзара байланысын қамтамасыз ету қажеттiгi туындап отыр.

      Мемлекеттiк қызметшiлердi ынталандыру мәселелерi

      Қазiргi кезде мемлекеттiк бюджет және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң сметасы (бюджетi) есебiнен қаржыландырылатын мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi қолданылады.
      Бұл жүйе коэффициенттерге негiзделген және қызмет өтiлi мен атқаратын мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымының санатын ескеруге мүмкiндiк бередi.
      Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiне сыйақы беру, материалдық көмек көрсету және олардың лауазымдық жалақыларына үстемақы белгiлеу тәртiбi айқындалған.
      Тұрақтылыққа қарамастан, мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбек төлемақысы, жеке сектормен салыстырғанда, бәсекеге қабiлеттiлiгi төмен болып қалуда.
      Мәселен, 2011 жылғы 1 сәуiрдегi статистикалық деректерге сәйкес мемлекеттiк қызмет жүйесiндегi орташа жалақы 69 027 теңгенi құрайды, ал құрылыс саласындағы орташа жалақы 101 500 теңгенi, тау-кен өнеркәсiбiнде - 133 309 теңгенi, қаржы және сақтандыру қызметiнде — 148 680 теңгенi құрайды.
      Сонымен қатар, мемлекеттiк қызметшiнiң жұмыс сапасын бағалаудың болмауы оның еңбек үлесi мен материалдық, мансаптық және моральдық ынталандыру жүйесi арасындағы өзара байланыстың төмен болуына әкеп соғады.
      Мемлекеттiк органдардың жұмысы еңбектiң тиiмсiз ұйымдастырылуымен және мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк қорғаудың нақты жүйесiнiң болмауымен сипатталады. Бұл бiлiктi кадрлардың, оның iшiнде шетелдiк бiлiмi бар мамандардың жеке секторға кетуiне, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтi жұмысқа орналасуға қызықтырмайтын орын ретiнде қабылдауға әкеп соғады.
      Кадрлық әлеуеттiң төмендеуi мемлекеттiк органдардың (әсiресе өңiрлiк деңгейде) кадрлық құрамын кәсiбилендiрудi толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейдi.

      Жауапты хатшы институтының жұмыс iстеу мәселелерi

      Мемлекеттiк қызмет жүйесiнде жауапты хатшы институты енгiзiлген, оның негiзгi мiндетi мемлекеттiк саяси қызметшiлер ауысқан кезде мемлекеттiк органдардың жұмысында кадрлық сабақтастықты сақтау болып табылады.
      Сонымен бiрге, кейбiр орталық мемлекеттiк органдарда басшылық құрамның жиi ауысуы байқалады. Бұл мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiне әсер етедi.
      Сондай-ақ, жауапты хатшы лауазымының саяси лауазым болып табылатындығы ескерiле отырып, мемлекеттiк органдардың жаңа басшыларын тағайындау iс жүзiнде сол жауапты хатшылардың өздерiнiң ауысуымен қатар жүруде.

      Мемлекеттiк қызметшiлердiң этикасы мен имиджiн қалыптастыру мәселелерi

      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы айқын сипатқа ие.
      Мысалы, мемлекеттiк қызметке сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған адам не мемлекеттiк қызметке кiруге байланысты және Заңда белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан адам қабылданбайды.
      Мемлекеттiк қызметшiлердiң ант қабылдауы және олардың мемлекеттiк қызметте болумен байланысты жазбаша шектеулердi қабылдауы нормасы бекiтiлген.
      Қолданыстағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексi мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлiк келбетi мен iскерлiк қасиеттерiне қойылатын талаптарды айқындайды.
      Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi тексеру барысында мемлекеттiк қызмет туралы қолданыстағы заңнаманың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
      Алайда, тексеру нәтижелерi мемлекеттiк органдардың жұмысында мемлекеттiк қызметке кiру және оны атқару мәселелерi бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтардың бар екенiн көрсетедi.
      Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi анықталған бұзушылықтар туралы анықтаманың негiзiнде мемлекеттiк органның басшысына бұзушылықтарды жою және тиiстi лауазымды адамдарды тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту туралы ұсынымдар жасайды, кейiннен ұсынымдар шығара отырып, тәртiптiк кеңестерде мемлекеттiк органдардың есептерiн тыңдауды жүргiзедi.
      Сонымен қатар, қазiргi кезде тәртiптiк кеңестердiң жұмысын жетiлдiру қажет.

      Мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi

      Халықтың мемлекеттiк аппаратқа деген көзқарасы мемлекеттiк қызметтердiң сапасымен және қолжетiмдiлiгiмен байланысты екенiн атап өту керек.
      Мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң қолданыстағы стандарттары мемлекеттiк қызмет көрсетудiң тәртiбiн, мемлекеттiк қызметтiң сапасы мен қолжетiмдiлiгi көрсеткiштерiнiң нормативтiк және мiндеттi түрде орындалуға тиiс мәндерiн, шағым беру тәртiбiн және байланысу ақпаратын, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтер көрсету кезiндегi уақытша шектеулердi белгiлейдi.
      Алайда, қазiргi кезде мемлекеттiк органдардың қызметiнде мемлекеттiк қызмет көрсету кезiнде тиiмсiз ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз ету, мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң бекiтiлген стандарттарын бұзу фактiлерi байқалуда. Бұл заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттiк қызметтер сапасы мен қолжетiмдiлiгiне тиiстi дәрежеде қанағаттанбауына әкеп соғады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiби деңгейiнiң төмен болуы, бюрократия көрiнiстерi және мемлекеттiк қызметтердi көрсету кезiнде әкiмшiлiк кедергiлердiң болуы мемлекеттiк қызмет имиджiне керi әсерiн тигiзуде және халық пен бизнестiң мемлекеттiк органдар жұмысына қанағаттанбауының негiзгi себебi болып табылады.
      Жоғарыда көрсетiлген түйткiлдi мәселелердi ескере отырып, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң одан әрi үдемелi дамуын және оны мемлекеттiк басқаруды жаңғырту процестерiмен өзара тығыз байланыста реформалауды қамтамасыз ету қажет.
      Осылайша, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарының ережелерi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа моделiн қалыптастыру және оны кәсiбилендiру мемлекеттiк басқарудың нәтижелi жүйесiн қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

1.2. Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнiң мақсаты мен мiндеттерi

      «Қазақстан — 2030» стратегиясында айқындалған мемлекеттiк қызметтi дамытудың басымдықтары: «кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйесiн жақсарту»; «мемлекеттiк қызмет - ұлтқа қызмет ету»; «мемлекеттiк қызметтiң жоғары абыройын қалыптастыру және қолдау» осы тұжырымдамамен Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа моделiн қалыптастыру негiзiне алынған.


      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделi бiрiншi кезекте «мемлекеттiк қызмет» ұғымын жаңғыртуды көздейдi. Мемлекеттiк қызмет «ұлтқа (қоғамға) қызмет ету» ұғымының синонимi болуға және мемлекеттiк қызметтердi тұтынушы болып табылатын халыққа бағытталуға тиiс.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделi оны кәсiбилендiрудiң басты факторы болып табылатын адами фактордың маңыздылығын тануға және тиiмдi кадр жұмысын жүргiзуге бағдарланған.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделi тиiмдi кадр тетiктерiн — мемлекеттiк қызметке кiрудiң тиiмдi әрi айқын тәртiбiн, үздiксiз кәсiби даму мүмкiндiгiн, жұмыс нәтижелерi мен ынталандыру жүйесiнiң өзара байланысын қалыптастыруға бағытталған.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде мемлекеттiк саясаттың тиiмдi iске асырылуын кәсiби тұрғыдан қамтамасыз ететiн жоғары мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер корпусы қалыптастырылып, мемлекеттiк қызметке кiру және оны атқару тетiктерi түбегейлi жетiлдiрiлетiн болады.
      Осылайша, «Қазақстан - 2030» Стратегиясының ережелерi негiзге алына отырып:
      1) мемлекеттiк қызмет жүйесiндегi тиiмдi кадр саясаты және адами капиталды басқару жүйесi;
      2) мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң жоғары сапасы және мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгi;
      3) мемлекеттiк қызметшiлердiң оң имиджi және мiнез-құлық этикасы мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiн қалыптастырудың үш тұғырлы мақсаты болып табылады.
      Үш тұғырлы мақсатқа сәйкес:
      1) мемлекеттiк қызмет жүйесiнде жаңа кадр тетiктерiн қалыптастыру және қолданыстағыларын жетiлдiру;
      2) мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын мемлекеттiк қызметтердiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн арттыру және мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын мемлекеттiк қызметтердi тұтынушы ретiнде халыққа бағдарлау;
      3) мемлекеттiк қызметтiң жоғары мәртебесi мен беделiн қамтамасыз ету, мемлекеттiк қызметшiлер мiнез-құлқының этикалық нормаларын қалыптастыру мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiн қалыптастырудың мiндеттерi болып айқындалады.
      Мемлекеттiк қызметтi сапалы кадрлық жаңарту мен кәсiбилендiрудi жүйелi түрде қамтамасыз ету үшiн оның ұйымдастырушылық құрылымы және нормативтiк құқықтық базасы жаңғыртылатын болады.
      Жаңа модельдi қалыптастырудың нәтижесi нақты нәтижеге және мемлекеттiк қызметтердi сапалы түрде көрсетуге бағдарланған, сондай-ақ мемлекеттiк әлеуметтiк-экономикалық дамудың өзектi қажеттiктерiне сай келетiн кәсiби мемлекеттiк қызмет болмақ.

1.3. Iске асыру кезеңi және күтiлетiн нәтижелер

      Осы Тұжырымдаманы iске асыру 2011 жылдан бастап 2015 жылға дейiнгi аралыққа есептелген және мынадай кезеңдерден тұрады.


      Бiрiншi кезеңде (2011 - 2012 жылдар) Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарының нысаналы индикаторларына қол жеткiзуге бағытталған:
      1) үш корпусқа негiзделген мемлекеттiк қызмет лауазымдарының жаңа тiзiлiмiн енгiзу;
      2) мемлекеттiк қызметке кiру және мемлекеттiк қызметтiң кадр резервiн қалыптастыру рәсiмдерiн жақсарту;
      3) жоғары бiлiктi мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау жөнiндегi базалық бiлiм беру орталығын қалыптастыру;
      4) нәтижеге бағдарланған мемлекеттiк басқару жүйесiнiң технологиялары мен қағидаттарына негiзделген жаңартылған оқыту бағдарламаларды енгiзу;
      5) мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерi жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру;
      6) мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмысын бағалау жүйесiн енгiзу;
      7) мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеудiң жаңа жүйесiн енгiзу;
      8) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыруға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң сапасын бақылау жүйесiн енгiзуге, көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң сапасын бағалау үшiн керi байланыс тетiгiн дамытуға бағытталған шараларды iске асыру көзделедi.
      Екiншi кезеңде (2013 - 2015 жылдар) мансаптық жоспарлау жүйесiн енгiзу, кәсiби даму мен оқытудың дара жоспарларын енгiзу, қашықтықтан оқыту жүйесiн кеңейту; мемлекеттiк қызметшiлердi ынталандыру жүйесiн жетiлдiру; мемлекеттiк қызметтiң автоматтандырылған ақпараттық жүйесiн құру; әкiмшiлiк этиканы басқарудың екi деңгейлi жүйесiн әзiрлеу сияқты мемлекеттiк қызметтi кәсiбилендiру жөнiндегi ұзақ мерзiмдi шаралар жүзеге асырылатын болады.
      Бiрiншi кезеңде iске асырылған шаралардың тиiмдiлiгiне мониторинг жүргiзу және оларды бағалау екiншi кезеңде жүргiзiлетiн болады, соның негiзiнде тиiстi нормативтiк құқықтық, әдiстемелiк және ұйымдастырушылық ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрленетiн болады.
      Осы Тұжырымдаманы iске асыру мемлекеттiң функцияларын тиiмдi орындауға және халыққа сапалы мемлекеттiк қызметтер көрсетуге қабiлеттi мемлекеттiк аппаратты кәсiбилендiрудi қамтамасыз етедi.

2-бөлiм. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметi жүйесiн дамытудың негiзгi қағидаттары мен жалпы тәсiлдерi

2.1. Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделi

      Халықаралық практикада мемлекеттiк қызметтiң екi үлгiлiк моделiн бөлiп қарастыруға болады - баспалдақтық және позициялық.


      Мемлекеттiк қызметке кiру мен оны атқару тәртiбiне қатысты осы модельдердегi айырмашылықтарға қарамастан, оларға мемлекеттiк қызмет тиiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн бiрқатар жалпы шарттар тән.
      Бiрiншiсi — мемлекеттiк қызметшiлердi саяси «тағайындалатындар» және кәсiби «орындаушылар» деп бөлу. Екiншiсi - мемлекеттiк қызметке конкурстық негiзде қабылдау, бұл мемлекеттiк қызметке бiлiктi әрi құзыреттi мамандарды iрiктеп алуға мүмкiндiк бередi және кадрларды iрiктеу мен жоғарылатудың патронаждық жүйесi үшiн мүмкiндiктердi азайтады.
      Мемлекеттiк қызметтiң жоғары беделi мен мәртебесi шетелдердегi мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң маңызды ерекшелiгi болып табылады.
      Қазiргi кезде, көптеген елдер мемлекеттiк басқарудың ұлттық жүйесiнiң ерекшелiктерiн ескеретiн мемлекеттiк қызметтiң аралас моделiн құруды жөн көредi.
      Мемлекеттiк қызметтiң көптеген тиiмдi модельдерiнде (Нидерланды, Сингапур, АҚШ, Италия) жоғары мемлекеттiк қызмет институты қолданылады, ол саяси шешiмдер қабылдау процесiн оларды iске асыру процесiнен ажыратуға бағытталған. Жоғары мемлекеттiк қызметтiң функциялары жалпы мемлекеттiк саясатқа сәйкес басқару талаптарын әзiрлеу және әкiмшiлiк қызметтi жүргiзу болып табылады.
      Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметiнiң жаңа моделi мемлекеттiк қызметтiң баспалдақтық және позициялық модельдерiнiң элементтерiн қамтып, аралас болып қалады.
      Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде корпустық вертикаль: мемлекеттiк саяси қызметшiлер, «А» басқарушылық корпусы және «Б» атқарушылық корпусы айқын көрiнiс табатын болады.
      Жаңа модельдi қалыптастыру 2012 жылға қарай үш корпусқа негiзделген мемлекеттiк лауазымдардың жаңа тiзiлiмiн бекiтудi көздейдi.
      Мемлекеттiк саяси қызметшiлер корпусына мемлекеттiк саясатты қалыптастыратын, мемлекеттiк басқару саласына (аясына) басшылық етудi жүзеге асыратын, тиiстi саладағы мемлекеттiк дамудың стратегиялық бағыттарын айқындайтын қызметшiлер, сондай-ақ тағайындалуы саяси-шешушi сипатқа ие қызметшiлер енгiзiледi.
      Мемлекеттiк саяси қызметшiлер корпусына мынадай лауазымдар: орталық мемлекеттiк органдардың, Қазақстан Республикасы Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн органдардың бiрiншi басшылары, олардың орынбасарлары, облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкiмдерi және олардың орынбасарлары, сондай-ақ тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын басқа да мемлекеттiк лауазымдар енгiзiлетiн болады.
      Жаңа модельде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызмет құрылымында мемлекеттiк саяси қызметшiлер қалыптастыратын саясатты iске асыруды және стратегиялық шешiмдер қабылдау мен оларды орындау арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететiн «А» басқарушылық корпусы құрылатын болады.
      «А» басқарушылық корпусының әкiмшiлiк лауазымдарына тағайындау тек қана кадр резервiнен жүзеге асырылатын болады. Оны пайдалану тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн кандидаттың «А» корпусының кадр резервiнде тұру мiндеттiлiгiн көздейтiн құқықтық норма қарастырылатын болады.
      Саяси кадр резервiн және мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң «А» басқарушылық корпусының кадр резервiн қалыптастыруды Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссия мемлекеттiк органдардың және облыстар, астана, республикалық маңызы бар қала әкiмдерiнiң ұсыныстары негiзiнде жүзеге асыратын болады.
      Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссияның құрамын және ол туралы ереженi Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын болады.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде мемлекеттiк саяси лауазымдар тiзiлiмi қайта қаралып, мемлекеттiк саяси қызметшiлер саны шектелетiн болады. Жауапты хатшы лауазымына тағайындалған адамның рөлi мен жауапкершiлiк дәрежесi нақты айқындалып, оны тағайындаудың ашық, транспаренттi, сiңiрген еңбегiне негiзделген тетiгi әзiрленетiн болады.
      Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған мемлекеттiк қызметтi дамыту басымдықтары ескерiле отырып, жауапты хатшы лауазымы «А» басқарушылық корпусына жатқызылатын болады, тиiсiнше, жауапты хатшылардың өкiлеттiктерi, құқықтары, мiндеттерi осы корпустың қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер шеңберiнде айқындалатын болады.
      Сондай-ақ, мемлекеттiк орган жұмысындағы сабақтастықты сақтау мақсатында мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының лауазымда болу кезеңiне қарамастан, жауапты хатшылар белгiлi бiр мерзiмге тағайындалатын болады.
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң «А» корпусына iрiктеу өздерiн кәсiби құзыреттi және тиiмдi жұмыс iстейтiн қызметкерлер ретiнде көрсеткен «Б» атқарушылық корпусына жатқызылған мемлекеттiк қызметшiлер қатарынан тұрақты рекрутинг негiзiнде жүргiзiлетiн болады.
      Сонымен қатар, қолда бар кадр әлеуетiн кеңейту және мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң ашықтығы «әлеуметтiк лифт» тетiгi есебiнен қамтамасыз етiлетiн болады.
      Осы тетiк мемлекеттiк қызметшiлер болып табылмайтын, бiрақ мемлекеттiк ұйымдарда және жеке секторда басшы лауазымдарды атқаратын кәсiби даярлығы бар кадрларға «А» корпусының кадр резервiне енгiзу үшiн конкурстық iрiктеуге қатысуға мүмкiндiк бередi.
      Саяси кадр резервiне және «А» басқарушылық корпусының кадр резервiне қосу критерийлерi мемлекеттiк қызмет iстер жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша жеке нормативтiк құқықтық актiмен айқындалатын болады.
      Атап айтқанда, кандидатты саяси кадр резервiне және мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң «А» басқарушылық корпусының кадр резервiне қосу туралы шешiм қабылдауға негiз ретiнде мынадай критерийлердi:
      бiлiм деңгейi мен бейiнiн,
      жұмыс өтiлi мен тәжiрибесiн,
      кәсiби және жеке құзыреттерiн бағалауды,
      қызметтiк этиканы сақтауды,
      мемлекеттiк саяси қызметшiнiң не басшы лауазымдардағы жұмыс тәжiрибесi мол «А» басқарушылық корпусы әкiмшiлiк қызметшiсiнiң жазбаша ұсынымының болуын айқындаған жөн.
      Кандидаттарға «А» басқарушылық корпусына кiру үшiн мемлекеттiк қызметшiнiң басқару лауазымында функционалдық мiндеттерiн тиiмдi орындау iсiнде маңызды кәсiби және жеке құзыреттердi бағалау қолданылатын болады.
      Кәсiби және жеке құзыреттерiнiң негiзiнде тестiлеу, сондай-ақ кәсiби бағдарланған әңгiмелесу мен емтихандар өткiзу мемлекеттiк әкiмшiлiк «А» басқарушылық корпусының кадр резервiне конкурстық iрiктеудiң тетiктерi болады.
      Саяси лауазымды атқаратын мемлекеттiк орган басшысы ауысқан кезде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер жұмысының тұрақтылығын және ведомствоiшiлiк сабақтастықты қамтамасыз ететiн тиiмдi тетiктi қалыптастыру үшiн мемлекеттiк қызметшiнiң «А» корпусында лауазымда болу мерзiмi белгiленетiн болады.
      Қызметшiнi «А» басқарушылық корпусы лауазымына тағайындау және лауазымынан босату Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссияның шешiмi негiзiнде мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiлетiн болады.
      Кәсiби және басқару дағдыларының жоғары деңгейiн қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк қызметшiлердi ротациялауды жүргiзу көзделедi.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi ротациялау жүйелi негiзде мынадай: деңгейаралық («орталық - өңiр, өңiр - орталық»), өңiраралық («өңiр - өңiр»), сектораралық («орталық - орталық») схемалары бойынша жүргiзiлетiн болады, бұл орталық мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдарға кәсiби кадрлардың көптеп келе бастауын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi ротациялауды жүргiзудiң шарттары мен тәртiбi мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiсiмен айқындалатын болады.
      Мемлекеттiк қызметтi деңгейаралық және өңiраралық ротациялауды табысты жүргiзу үшiн әлеуметтiк қамсыздандыру, оның iшiнде лауазымдық жалақыға «үстемақылар» (өңiрлiк коэффициенттер) белгiлеу тетiгi әзiрленетiн болады және өңiрлерде ротациялау тәртiбiмен тағайындалатын мемлекеттiк қызметшiлер үшiн тұрғын үй қорының болуы қамтамасыз етiлетiн болады.
      Жұмыс iстеп жатқан мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi басқарушылық корпусқа және атқарушылық корпусқа бөлу лауазымдық критерий бойынша жүзеге асырылатын болады (мемлекеттiк қызметшiнiң қазiргi кезде атқаратын лауазымына сәйкес).
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң «Б» атқарушылық корпусына атқарушы лауазымдардағы мемлекеттiк қызметшiлер («А» корпусына жатпайтын лаузымдар) кiретiн болады.
      «Б» корпусындағы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң негiзгi мiндетi «А» басқарушылық корпусындағы мемлекеттiк қызметшiлердiң талаптарына сәйкес мемлекеттiк саясатты iске асыру (атқарушылық қызмет) болады.
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымдарының санаттар бойынша қолданыстағы тiзiлiмiнiң оң практикасы ескерiле отырып, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң «А» басқарушылық корпусының және «Б» атқарушылық корпусының лауазымдары үшiн санаттар белгiленетiн болады.
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызмет құрылымында «А» және «Б» корпустарын қалыптастыру кезiнде қолданыстағы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымдарының тiзiлiмiн оңтайландыру көзделедi.
      Үш корпусқа негiзделген мемлекеттiк лауазымдар тiзiлiмiн мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн болады.

2.2. Мемлекеттiк қызметке кiру тәртiбiн жетiлдiру

      Халықаралық практикада мемлекеттiк қызметке кiру конкурстық негiзде жүзеге асырылады, онда меритократия қағидаты, яғни жеке сiңiрген еңбектерi мен жетiстiктерiн мойындау негiзгi қағидат болып табылады.


      Үмiткер құжаттарының конкурстық топтамасын қарау және бос лауазымға үмiткердiң кәсiби бiлiмi мен тәжiрибесiн бағалауға мүмкiндiк беретiн тестiлеудi, сұхбаттасуды, ауызша мен жазбаша емтихандарды өткiзу, сондай-ақ оның жеке құзыреттерi конкурстық iрiктеудiң жалпы схемасы болып табылады.
      Мемлекеттiк қызметтiң тиiмдi модельдерiнде мемлекеттiк қызметке кiру және конкурстық iрiктеудi жүргiзу кадр резервiн қалыптастырумен тығыз байланысты болатынын атап өту керек.
      Жаңа модельде мемлекеттiк қызметке кiру тәртiбi екi кезеңнен тұратын конкурстық iрiктеудi енгiзу жолымен түбегейлi жетiлдiрiлетiн болады. Оның айрықша сипаттамалары конкурстық рәсiмдердiң мазмұндық бөлiгiн кеңейту және бос лауазымға кандидаттың мiндеттi түрде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiнде тұруы болады.
      Қазiргi кезде, мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган екi кезеңнен тұратын конкурстық iрiктеу жөнiндегi пилоттық жобаны жүргiзуде, оның нәтижелерi бойынша тиiстi заң шығару жұмысы жүргiзiлетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде конкурстық iрiктеудiң бiрiншi кезеңiнде уәкiлеттi орган және оның аумақтық басқармалары мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне iрiктеудi жүргiзетiн болады. Басқаша айтқанда, мемлекеттiк қызметке кiру үшiн кандидаттардың бiрыңғай дерекқоры қалыптастырылатын болады.
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне iрiктеу Қазақстан Республикасының Конституциясын және мемлекеттiк қызмет туралы заңнаманы бiлу деңгейiн, сондай-ақ мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекеттiк органның салалық ерекшелiгiне қарамастан, функционалдық мiндеттерiн тиiмдi орындауы үшiн маңызды кәсiби және жеке құзыреттерi деңгейiн айқындайтын тестiлеуге негiзделетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiнiң кәсiби және жеке құзыреттерiн бағалауды жүргiзу үшiн «мемлекеттiк қызметшi құзыреттерiнiң бейiнi» деген ұғым нормативтiк тұрғыдан бекiтiлетiн болады. Бұл оны мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға орналасу үшiн кандидаттарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарының құрамдас бөлiгi ретiнде пайдалануға мүмкiндiк бередi.
      Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң әрбiр деңгейi үшiн (басқарушылық және атқарушылық) құзыреттердiң үлгiлiк бейiнiн бекiтетiн болады, соның негiзiнде құзыреттердiң салалық бейiндерi әзiрленетiн болады.
      Тестiлеудiң жаңа бағдарламасы кадр резервiнiң деңгейiне қарай сараланатын болады:
      1) мемлекеттiк қызметке алғаш рет кiру үшiн, яғни «Б» атқарушылық корпусының лауазымына орналасуға кадр резервiне қосу үшiн;
      2) «Б» корпусындағы мемлекеттiк қызметшiлердi қызметтiк саты бойынша жоғарылату үшiн және «А» басқарушылық корпусының лауазымдарына орналасуға кадр резервiне қосу үшiн.
      Конкурстық тестiлеуден табысты өткен кандидатқа кадр резервiне қосу туралы сертификат берiлетiн болады, бұл оған конкурстық iрiктеудiң екiншi кезеңiне қатысу құқығын бередi.
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне қосылған үмiткерлер үшiн мемлекеттiк органда тағылымдамадан өту мүмкiндiгi көзделедi.
      Конкурстық iрiктеудiң екiншi кезеңiнде бос лауазымға тағайындау үшiн мемлекеттiк орган конкурстық iрiктеудi бiрiншi кезеңдегi тестiлеу нәтижесiнде мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтiң кадр резервiне қосылған адамдар қатарынан ғана жүргiзедi.
      Екiншi кезеңдегi конкурстық iрiктеу барысында мемлекеттiк органның салалық ерекшелiгiмен және қызмет бағыттарымен айқындалатын конкурстық рәсiмдер қолданылады.
      Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган мемлекеттiк органның конкурстық iрiктеудiң екiншi кезеңiнде пайдалануы үшiн үлгiлiк конкурстық рәсiмдердi айқындайтын болады: бейiндiк (салалық) тестiлеу, әңгiмелесу (дара, топпен), емтихан, эссе жазу.
      Әрбiр мемлекеттiк орган мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша оның қызметiнiң салалық бағытына, осы лауазымға орналасу үшiн конкурстық iрiктеу жүргiзiлетiн қандай да бiр бос мемлекеттiк лауазымның ерекшiлiгi мен лауазымдық мiндеттерiне сәйкес конкурстық рәсiмнiң түрiн дербес айқындайтын болады.
      Мемлекеттiк органдар үшiн бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға ауысу тәртiбiмен тағайындау тетiгi жетiлдiрiлетiн болады.
      Мемлекеттiк органның конкурстық комиссиясы бос лауазымға кандидаттармен өткiзетiн әңгiмелесудiң объективтiлiгi мен ашықтығы дәрежесiн арттыру үшiн әңгiмелесу барысын аудио- және бейнебақылау мәселелерi нормативтiк тұрғыдан айқындалатын болады, конкурстық рәсiмдердi өткiзу туралы хабарландыру мiндеттiлiгi және қоғамдық-саяси бiрлестiктердiң, үкiметтiк емес ұйымдардың және БАҚ-тың мемлекеттiк органдардағы конкурстық комиссияларының отырыстарына қатысу құқығы нормативтiк тұрғыдан бекiтiлетiн болады.
      Сондай-ақ, мемлекеттiк органдар конкурстық комиссияларының төрағасы мен мүшелерiнiң өткiзiлген конкурстық iрiктеудiң сапасы мен объективтiлiгi үшiн дербес жауапкершiлiгiн белгiлеу көзделедi.
      Осылайша, екi кезеңнен тұратын конкурстық iрiктеудi енгiзу мемлекеттiк қызметтiң кадр резервiн тиiмдi пайдалануға және мемлекеттiк органдарды кәсiби құзыреттi кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.

2.3. Мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту жүйесiн одан әрi дамыту

      Әлемдiк практикада кәсiби дамыту және оқыту мәселелерi мемлекеттiк қызметтiң адами капиталын басқару жүйесiнде басымдықты мәселе болып табылады.


      Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспарының ережелерi ескерiле отырып, бiлiктiлiгi жоғары мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау жөнiндегi базалық бiлiм беру орталығы ретiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясының мәртебесi едәуiр күшейтiлетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламаларының мазмұндық бөлiгiн сапалық тұрғыдан жаңғырту, оның iшiнде қазiргi заманғы бiлiм беру технологияларының және нәтижеге бағдарланған мемлекеттiк басқару жүйесi қағидаттарының негiзiнде оқыту бағдарламаларын жаңарту маңызды шара болмақ.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламалары анағұрлым икемдi болады және мемлекеттiк басқару және мемлекеттiк қызмет жүйесi жұмыс iстеуiнiң озық әлемдiк практикасын ескеретiн болады.
      Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң басқарушылық және атқарушылық корпустарға бөлiнуi ескерiле отырып, оларды оқыту процестерiн құруға қойылатын саралау тәсiлдерi көзделетiн болады.
      «А» корпусының лауазымына тағайындалған мемлекеттiк қызметшiлер үшiн лауазымдық мiндеттерiн тiкелей орындауға кiрiсу алдында менеджмент, стратегиялық жоспарлау, тиiмдi басқару шешiмдерiн қабылдау саласында бiлiм алуға бағытталған қысқа мерзiмдi оқытудан өту мүмкiндiгi көзделетiн болады.
      «А» басқарушылық корпусының қызметшiлерi және оның кадр резервiне қосылған қызметшiлер үшiн кәсiби және жеке құзыреттерiн бағалау негiзiнде белгiлi бiр күнтiзбелiк кезеңге арналған кәсiби дамыту мен оқытудың дара жоспарлары жасалатын болады.
      Дара жоспар оқытудың мазмұндық бөлiгiнде де оқу орнын таңдау да мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiби қажеттiктерiн ескеретiн болады.
      Ұлттық басқару элитасын даярлауды қамтамасыз етуге арналған Ұлттық мемлекеттiк саясат мектебi «А» корпусының қызметшiлерiн кәсiби дамытуда басты рөл атқаратын болады.
      «Б» корпусының мемлекеттiк қызметшiлерiн оқыту саяси шешiмдердi тиiмдi орындау және стратегиялық бағдарламаларды iске асыру үшiн бiлiм мен дағдылар алуға бағытталған бiлiм беру бағдарламаларына негiзделетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi өңiрлiк деңгейде оқыту тиiмдiлiгiн арттыру үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясы қайта даярлау мен бiлiктiлiктi арттырудың өңiрлiк орталықтары қызметiн үйлестiрiп, бiлiм беру бағдарламаларының мазмұнды бөлiгiнiң сапасына мониторинг жүргiзетiн болады.
      Қайта даярлау мен бiлiктiлiктi арттырудың өңiрлiк орталықтары қызметiн үйлестiру мемлекеттiк басқару және мемлекеттiк қызмет саласында сапалы бiлiм жинақтау мен алмасудың бiрыңғай жүйесiн қалыптастыруға және өңiрлiк деңгейде сапалы бiлiм беру қызметтерiмен қамтамасыз етуге бағытталған.
      Өңiрлiк деңгейде кадрлардың кәсiби деңгейiн арттыру мақсатында жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк қызметшiлерi үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясының магистратурасында оқуға квота бөлiнетiн болады.
      Осылайша, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясы мемлекеттiк қызметшiлердi оқытудың бiрыңғай оқу, әдiстемелiк, ғылыми және кадр орталығы болмақ.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту жүйесiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Болашақ» Халықаралық стипендиясының және «Назарбаев Университеттiң» әлеуетiн тиiмдi пайдалануға бағытталған жүйелi шаралар көзделетiн болады.
      Атап айтқанда, мемлекеттiк қызметшiлердi шетелде даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ тиiстi квота шеңберiнде кәсiби тағылымдамадан өту олардың кәсiби дамуының жаңа сапалы деңгейiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi және ынталандырудың қосымша тетiгi болып табылады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi кәсiби даярлау жүйесiнде жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру бағдарламаларының шеңберiнде оқытудың тәртiбi регламенттелетiн болады.
      Атап айтқанда, басымдықты мамандықтар бойынша магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқитын мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының сақталу мiндеттiлiгi нормативтiк тұрғыдан бекiтiлетiн болады.
      Сондай-ақ, мемлекеттiк қызметшi оқуды аяқтағаннан кейiн өзi бұрын атқарған лауазымға не басқа - бiлiктiлiк және кәсiби талаптары бойынша теңдей не функционалдық мiндеттерi жаңа алған кәсiби бiлiмi мен дағдыларына сәйкес келетiн жоғары тұрған лауазымға тағайындалуы мүмкiн болатын құқықтық норма көзделетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру мүмкiндiктерiн және бюджет қаражатын тиiмдi пайдалану үшiн мемлекеттiк органдарда оқу және еңбек процестерiн ұйымдастыру мәселелерi регламенттелетiн болады.
      Бюджет қаражатын үнемдеу және оқытуға тыңдаушыларды кеңiнен тарту үшiн жетекшi шетелдiк мамандарды шақыра отырып, бiлiктiлiктi арттыру курстарын өткiзу қамтамасыз етiлетiн болады.
      Болашақта осы бағдарламаны кеңейту және мемлекеттiк қызметшiлердi шетелдiк мамандар әзiрлеген бiлiм беру бағдарламаларына сәйкес қашықтықтан оқытуды қамтамасыз ету көзделетiн болады.
      Мемлекеттiк органдар қызметiнiң ерекшелiгiн және қызметшiлердiң кәсiби қажеттiктерiн ескеретiн салалық бағдарламаларға сәйкес оқытуды ұйымдастыру мәселелерi нормативтiк тұрғыдан регламенттелетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi қашықтықтан оқыту жүйесi кеңейтiлетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi кәсiби дамыту жүйесiн жетiлдiруге бағытталған ұсынылып отырған шараларды iске асыру тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi қажет етедi.

2.4. Мемлекеттiк қызметшiлердi бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесiн енгiзу

      Әлемдiк практикада мемлекеттiк қызметшiлердiң қойылған мақсаттар мен мiндеттердi, лауазымдық нұсқаулықты, орындалатын жұмыс пен қол жеткiзiлген нәтижелердi салыстыруға негiзделген жұмысының түпкiлiктi нәтижелерiн бағалау қолданылады.


      Бағалау нәтижелерi қызметкерлердi ынталандыру, оларды қызметтiк саты бойынша жоғарылату, қосымша оқыту қажеттiгi туралы кадрлық шешiмдер қабылдау үшiн негiз болып табылады.
      Жаңа модельде мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметiн бағалау жүйесi жетiлдiрiлетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлер жұмысының тиiмдiлiгiн бағалау түпкiлiктi нәтижеге бағдарланатын болады және мемлекеттiк қызметшiлерге сыйақы беру мен оларды көтермелеу, қайта даярлау мен бiлiктiлiгiн арттыру қажеттiгiн айқындау, қызмет бойынша жоғарылату үшiн негiз болады.
      Жаңа модельде мемлекеттiк қызметшiлердiң аттестациядан өту тетiгi де жетiлдiрiлетiн болады, ол бағалау нәтижелерi бойынша қызметi тиiмсiз болып табылған мемлекеттiк қызметшiлерге ғана қолданылатын болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердiң бағалау және аттестациядан өту тәртiбi мен шарттары мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша тиiстi нормативтiк құқықтық актiмен айқындалатын болады.
      Мемлекеттiк қызметшi мансабының белгiленген әлеуметтiк және лауазымдық мәртебеге жоғарылатуды сипаттайтын және мемлекеттiк қызметшiнiң бiлiктiлiк деңгейi мен жұмыс тәжiрибесiне сәйкес оның кәсiби және әлеуметтiк тұрғыдан өзiн өзi көрсетуi қамтамасыз етiлетiн ынталандыру жүйесiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатындығы ескерiле отырып, «мансаптық жоспарлау» ұғымы нормативтiк тұрғыдан бекiтiлетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi мансаптық жоғарылату мемлекеттiк қызметшiнiң атқаратын лауазымындағы қызметiнiң тиiмдiлiгiн бағалау нәтижелерiне негiзделетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде мансаптық жоспарлау жүйесi заңнамалық тұрғыдан көзделiп, мансаптық жоғарылату критерийлерi нормативтiк тұрғыдан айқындалатын болады.

2.5. Мемлекеттiк қызметшiлердi ынталандыру жүйесiн жетiлдiру

      Сапалы әрi тиiмдi еңбектi ынталандыру мемлекеттiк орган ұжымында жайлы атмосфераны қамтамасыз ететiн, мемлекеттiк қызметтегi еңбек қатынастарының маңызды элементi болады.


      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде ынталандырудың тиiмдi жүйесiн қалыптастыру жеке сектормен бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi ынталандырудың тиiмдi жүйесi жұмыстағы жоғары көрсеткiштер үшiн тiкелей ынталандыруларды құрушы, кадрларды мемлекеттiк қызметте ұстап қалуды қамтамасыз етушi фактор және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға арналған қосымша шара болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi ынталандыру жүйесiнде еңбекақы төлеу басты рөл атқарады, жаңа модельде еңбекақы төлеу жүйесi олардың жұмысын бағалауға негiзделетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн жетiлдiру еңбек нарығының ағымдағы ахуалын талдау негiзiнде жүргiзiлетiн болады.
      Еңбекақы төлеу атқаратын лауазымы мен мемлекеттiк қызмет өтiлiне де, мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс сапасын бағалауға да негiзделетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiндегi еңбекақы төлеу жүйесi мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiби даярлығын, дағдыларын, еңбек жүктемесiн (жұмыс қарқындылығын), сондай-ақ орындалатын жұмыс пен қабылданатын шешiмдер үшiн жауапкершiлiк деңгейiн ескеретiн болады.
      Мейлiнше құзыреттi әрi тиiмдi қызметкерлердi ынталандыру мақсатында мемлекеттiк органда жеке сыйақы қорын құрған жөн, оны бөлу мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс сапасын бағалауға негiзделетiн болады.
      Мемлекеттiк орган iшiнде сыйақы қорын бөлу кезiнде транспаренттiк пен ашықтықты қамтамасыз ететiн тетiктер көзделетiн болады.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiндегi еңбекақы төлеу мәселелерi тиiстi қаржылық және экономикалық негiздеменi келтiруге мүмкiндiк беретiн жеке нормативтiк құқықтық актiмен реттелетiн болады.
      Халықаралық практикаға сәйкес, ынталандыру жүйесiнде мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк және зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесi маңызды орын алатын болады.
      Ынталандырудың монетарлық емес әдiстерi, мысалы, оң тәжiрибе мен кәсiби бiлiм трансфертiне, мемлекеттiк органдардың жұмысында сабақтастықты қамтамасыз етуге және жаңа қызметкерлердiң жылдам бейiмделуiне бағытталған тәлiмгерлiк институтын бекiту жолымен мемлекеттiк қызметшiнiң жеке кәсiби сiңiрген еңбегiн мойындау мемлекеттiк қызметшiлердi ынталандыру жүйесiнiң маңызды бөлiгi болады.
      Тәлiмгерлiк қызметтiк сатыдағы маңызды баспалдақтардың бiрi ретiнде қарастырылатын болады. Тәлiмгер мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк органда жас мамандар қызметiне сараптамалық және консультациялық қолдау көрсетудi қамтамасыз ететiн болады, соның iшiнде олардың жұмыс сапасын бағалауға және аттестаттауды өткiзуге қатысады.
      Моральдық ынталандырудың адамның қоғамдық мойындау қажеттiгiне негiзделген, ынталандырудың ең маңызды түрi болып табылатындығы ескерiле отырып, ең үздiк қызметкер және ең үздiк құрылымдық бөлiмше атағын беру, мақтау қағаздарымен, грамоталармен марапаттау, салалық курстарда, кәсiби (бейiндi) семинарлар мен тренингтерде қосымша оқыту сияқты ынталандыру әдiстерiн тиiмдiрек пайдалану керек.
      Сонымен қатар, мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде iшкi ынталандыруға бағытталған корпоративтiк рухты қалыптастыру және мемлекеттiк орган қызметiне өзiнiң жеке үлесiн сезiну қажет.
      Ынталандыру жүйесiнде мемлекеттiк органның тұтастай кадр саясаты шеңберiнде жеке тәсiлдер қолданылатын болады.
      Мемлекеттiк қызметшiлердi ынталандыру жүйесiнiң тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн монетарлық емес әдiстердi қолдану мәселелерi мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамада нормативтiк тұрғыдан реттелуге, сондай-ақ жалпы алғанда мемлекеттiк секторды реттейтiн еңбек заңнамасымен үйлесiм табуға тиiс.

2.6. Мемлекеттiк қызмет персоналын басқару процесiн жетiлдiру

      Жаңа модельде мемлекеттiк қызмет персоналын басқарудың тұтастай жүйесi қалыптастырылатын болады, оның iшiнде мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерi мен мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның өзара әдiстемелiк iс-қимылы қамтамасыз етiлетiн болады.


      Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган мемлекеттiк басқару жүйесiнiң қазiргi заманғы үрдiстерi ескерiлетiн, мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiн нормативтiк және әдiстемелiк ресiмдеудi жүйелi негiзде қамтамасыз ететiн болады.
      Жаңа кадр саясатын iске асыру және мемлекеттiк қызмет персоналын басқарудың тиiмдi жүйесiн қалыптастыру үшiн мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерiнiң жұмысы мемлекеттiк органдағы кадр қызметiнiң құрылымы, саны, функциялары мен мiндеттерi айқындалатын үлгiлiк ереженiң және тиiстi әдiстемелiк ұсынымдардың негiзiнде жүзеге асырылатын болады.
      Мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерiнiң басшыларын не өздерiне кадр қызметтерiнiң функциялары жүктелген лауазымды адамдарды тағайындау мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiлетiн болады.
      Мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерi жұмысының бiр бағыты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген еңбек режимiнiң сақталуын қамтамасыз ету болады.
      Мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерi жұмысында «электрондық үкiметтiң» мүмкiндiктерiн кеңiнен пайдалану кадрлық шешiмдердi қабылдау тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталатын болады, өз кезегiнде электрондық құжат айналымы жүйесiн және мемлекеттiк органдардың интранет-порталын пайдалану мемлекеттiк органдар қызметiнiң iшкi және сыртқы рәсiмдерiн барынша оңайлату мен оңтайландыруға мүмкiндiк бередi.
      Озық әлемдiк практикаға сәйкес (Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Сингапур, Малайзия және т.б.), мемлекеттiк қызмет саласындағы кадр саясатын тиiмдi iске асыру, оның iшiнде жоғары мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер корпусына қатысты iске асыру мемлекеттiк қызмет персоналын басқарудың бiртұтас жүйесiне және оны автоматтандыруға негiзделген.
      «Е-қызмет» жүйесiнiң жұмыс iстеуi мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерiне персоналды басқаруды озық әлемдiк практикаға сәйкес жүзеге асыруға, мемлекеттiк органдардың кадр қызметтерi жұмысының өнiмдiлiгiн жоғарылатуға және ақпаратты алу мен өзектi етуге кететiн уақыт және еңбек шығындарын қысқартуға мүмкiндiк бередi.
      «Е-қызмет» жүйесi онлайн режимiнде орталық және өңiрлiк деңгейдегi мемлекеттiк қызметшiлерге қатысты толық кадрлық ақпаратты: дербес деректердi, ұйымдастырушылық мәлiметтердi (кадрлық есеп), кәсiби және жеке құзыреттерi, бiлiмi, бiлiктiлiгi, жұмыс өтiлi, кәсiби тәжiрибесi, бағалау және аттестаттау нәтижелерi туралы мәлiметтердi; ротациялаудың жедел мониторингiн жүргiзудi, оқытудан өтудiң жедел есебiн, курстардың мерзiмдерi мен тақырыптарын, ынталандыру туралы және әкiмшiлiк және тәртiптiк жазалау туралы мәлiметтердi, мемлекеттiк қызметшiлердiң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы құқық қорғау және сот органдарының деректерiн алуға мүмкiндiк бередi.

2.7. Мемлекеттiк қызметтегi этикалық нормаларды жетiлдiру

      Халықаралық практикада әкiмшiлiк этика сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимылдың маңызды тәсiлдерiнiң бiрi болып есептеледi. Бiрқатар елдерде арнайы заңдар мемлекеттiк қызмет этикасы мәселелерiн реттейдi және мемлекеттiк басқару жүйесiнiң моральдық климатын жақсартуға бағытталған.


      Мемлекеттiк қызметшiлердiң этикалық мiнез-құлық стандарттары «мемлекеттiк қызметшiлердiң мiнез-құлық кодекстерi» деген жалпы атауға ие болған арнайы нормативтiк құқықтық актiлерде қамтылған.
      Нормативтiк құқықтық актiлерде бекiтiлген мемлекеттiк қызметшiлердiң мiнез-құлық стандарттары мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық мiндеттерiн атқаруы кезiндегi мiнез-құлқының негiзгi бағыттарын айқындауға арналған.
      Осы стандарттар мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекеттiк қызмет құндылықтары мен қағидаттарына және қоғамның үмiтiне сай келетiн белгiлi бiр мiнез-құлық стилiн қалыптастыруға ықпал етедi.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде шет елдердiң оң тәжiрибесi негiзiнде әкiмшiлiк этиканы басқарудың екi деңгейден тұратын жүйесi әзiрленетiн болады.
      Бiрiншi деңгейде мемлекеттiк қызметшiлердiң жалпы мiнез-құлық стандарттарын айқындайтын нормативтiк құқықтық акт әзiрленедi.
      Екiншi деңгейде әрбiр мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызметшiлерi үшiн мейлiнше нақтыланған мiнез-құлық қағидалары мен нормалары әзiрленедi.
      Мемлекеттiк қызметшiлер мiнез-құлқының ведомстволық қағидаларында нақты мемлекеттiк органның қызметшiсi өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн атқару процесiнде кездесетiн, этикалық тұрғыдан алғанда проблемалы болып табылатын жағдайлар толық сипатталады және осындай жағдайлардағы нақты мiнез-құлық қағидалары көзделедi.
      Әкiмшiлiк этиканы басқару жүйесiн қалыптастыру үшiн «мемлекеттiк қызмет этикасы» ұғымын және мемлекеттiк қызметшiлердiң этикалық мiнез-құлқы жөнiндегi негiзгi қағидаттарды заңнамалық тұрғыдан бекiту қажет етiледi.
      Мемлекеттiк қызмет жүйесiнде мүдделер қақтығысы мәселелерi бойынша заңнамалық база да жетiлдiрiлетiн болады.
      Сондай-ақ, мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының жауапкершiлiгiн күшейту, оның iшiнде осы органдардағы басшы адамдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған жағдайда оның орнынан түсуiне дейiнгi тетiк пысықталатын болады.
      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде мемлекеттiк қызметтiң негiзгi қағидаттары мен ережелерiн бiртұтас құжатта бiрiктiрген жөн, оның қолданысы мемлекеттiк қызметтiң барлық түрлерiне, атап айтқанда мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерiн, оларға қолданылатын шектеулер мен әлеуметтiк және құқықтық кепiлдердi көздейтiн мемлекеттiк қызмет кодексiнде қолданылатын болады.
      Кейiннен осы кодекстiң нормалары азаматтық қызметшiлерге және қамтылуы мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiлетiн адамдарға, сондай-ақ мемлекеттiк қатысу үлесi бар ұйымдарда жұмыс iстейтiн адамдарға қолданылатын болады.
      Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның тәртiптiк кеңестерi қызметiнiң тиiмдiлiгi арттырылатын болады.
      Бұрын қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған адамдардың мемлекеттiк қызметке кiру фактiлерiнiң жалпы алғанда азаматтардың мемлекеттiк аппаратқа деген сенiмiне терiс әсер ететiнiн атап өту керек.
      Осыған байланысты, мұндай адамдардың мемлекеттiк қызметке кiру мүмкiндiгiн заңнамалық деңгейде айқындаған жөн.
      Осы шаралар мемлекеттiк қызметшiлерге қойылатын этикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды күшейтуге және халықтың мемлекеттiк аппаратқа деген сенiмiн арттыруға мүмкiндiк бередi.

2.8. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң сапасын арттыру

      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасы мемлекеттiк қызметшiлер жұмысы тиiмдiлiгiнiң басты көрсеткiшi болады, басқаша айтқанда, мемлекеттiк қызмет мемлекеттiк қызметтердi тұтынушы ретiнде халыққа бағдарланатын болады.


      Мемлекеттiк жоспарлау мен бюджеттеуге қатысты жаңа тәсiлдерге сәйкес мемлекеттiк органдардың қызметi мемлекеттiк органдардың функциялары мен өкiлеттiлiктерiнен туындайтын мемлекеттiк қызметтер көрсетуге бағдарлануға тиiс.
      Мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн мемлекеттiк органдарда еңбектi ұйымдастыру мен менеджменттiң, транспаренттiк және нақты лауазымды адамдардың жауапкершiлiгi қағидаттарына негiзделген шешiмдердi қабылдау процестерi мен рәсiмдерiнiң сапасын арттыруға бағытталған нормативтiк құқықтық, әдiстемелiк және ұйымдастырушылық шаралар айқындалатын болады.
      Осыған байланысты, ақпараттық технологияларды қолдану қажеттiгi арта түседi, бұл халыққа және бизнеске қызметтер көрсету кезiнде мемлекеттiк органның функцияларын оңтайландыру мен автоматтандыруға, әкiмшiлiк кедергiлердi және халық пен бизнестiң мемлекеттiк органдармен тiкелей байланысын азайтуға бағытталған.
      «Электрондық үкiмет» порталында көрсетiлетiн электрондық мемлекеттiк қызметтер көрсету санының ұлғаюы да мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттырудың басты құралдарының бiрi болып табылады, осыған орай мемлекеттiк органдардың әлеуметтiк маңызы бар мемлекеттiк қызметтер көрсетуi электрондық форматқа ауыстырылатын болады.
      Мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң бекiтiлген стандарттары мен регламенттерiнiң сақталуына бақылау орнату тиiмдi шара болуға тиiс.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Орталық мемлекеттiк органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн жыл сайынғы бағалау жүйесi туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығымен мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органға мемлекеттiк қызметтер көрсетудi бағалау өкiлеттiктерi берiлген.
      Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыру және оларды көрсету процесiн басқару үшiн тиiмдi сыртқы бақылауды енгiзу қажет, ол заңнамаға тиiстi өзгерiстер енгiзудi және уәкiлеттi мемлекеттiк органды айқындауды талап етедi.
      Заңнамада мемлекеттiк қызметтердi сапасыз көрсеткенi, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтер көрсету стандарттары мен регламенттерiн бұзғаны үшiн адамдардың жауапкершiлiгiн қарастыру керек.
      Сонымен қатар, көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер сапасын бағалау үшiн халықпен керi байланыс тұрақты негiзде, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтердi тiкелей алу кезiнде сауалнамалық сауалдарды және жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасы мен қолжетiмдiлiгiне қанағаттану дәрежесiн айқындауға бағытталған әлеуметтiк сауалдарды өткiзу жолымен орнатылатын болады.

2.9. Мемлекеттiк қызметтiң оң имиджiн қалыптастыру

      Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделiнде мемлекеттiк қызметтiң оң имиджiн қалыптастыру, оның iшiнде уақтылы ақпарат беру мен азаматтардың өтiнiштерiн қарау және қол жеткiзiлген нәтижелерi негiзiнде мемлекеттiк органдардың қызметi туралы оң пiкiрдi қалыптастыру басты бағыт болуға тиiс.


      Мемлекеттiк қызметтiң оң имиджiн қалыптастыруда мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыру және жұртшылықпен байланыстар орнату тиiсiнше негiзгi бағыттар болып табылады.
      Азаматтарға бағдарлану, кәсiбилiк, шұғыл әрекет ету, ашықтық және қолжетiмдiлiк мемлекеттiк органдар жұмысының негiзгi қағидаттары болуға тиiс.
      Мемлекеттiк қызмет пен жұртшылық, оның iшiнде қоғамдық-саяси бiрлестiктер, үкiметтiк емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы диалог мемлекеттiк органдардың өз қызметi туралы азаматтарға жүйелi түрде ақпарат берiп отыруын, сондай-ақ халықпен байланысты дамытуды және солардың негiзiнде өзара тиiмдi шешiмдер қабылдауды көздейдi.
      Осы жұмыста мемлекеттiк органдар мен жұртшылық арасындағы тиiмдi интерактивтi байланысты қамтамасыз етуге, әлеуметтiк топтардың мұқтаждары мен пiкiрiн барлық деңгейдегi мемлекеттiк органдарға жеткiзуге қауқарлы баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетiн толық көлемде пайдалану қажет.
      Әрбiр мемлекеттiк органның жұмысында мыналар: ақпараттық материалдарды БАҚ-та орналастыру; оңтайлы басқару шешiмiн қабылдау үшiн ақпараттық кеңiстiк пен жұртшылық пiкiрiне мониторингi жүргiзу; мемлекеттiк қызметшiлердiң жұртшылықпен тiкелей байланыстары (азаматтарды жеке мәселелерi бойынша қабылдау, халықпен ресми және бейресми кездесулер, жұртшылықтың қандай да бiр топтары тартылатын әртүрлi кеңейтiлген кеңестер, әртүрлi әлеуметтiк және басқа да жобалар таныстырылымы); азаматтардың әртүрлi санаттарының өкiлдерiмен өзара интерактивтi iс-қимыл жасасу және басқалары осы бағыттағы тетiктер болуға тиiс.
      Жалпы алғанда, мемлекеттiк қызметтiң оң имиджiн қалыптастыру мемлекеттiк органдардың қоғамның сындарлы ынтымақтастыққа ниетiн айқындайтын, реформалаудың басты құрамдас бөлiктерiнiң бiрi болады.

3-бөлiм. Тұжырымдаманы iске асыру құралдары

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейiнгi кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 және «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспары туралы» 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 жарлықтарында, сондай-ақ осы Тұжырымдаманың ережелерiнде айқындалатын мiндеттер мен индикаторларды мемлекеттiк қызмет саласын реттейтiн заңнамалық және заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру жолымен iске асыру көзделедi.


      Осы Тұжырымдаманың ережелерi мемлекеттiк қызмет мәселелерi бойынша заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру арқылы iске асырылатын болады.
      Осы Тұжырымдамамен енгiзiлетiн ұғымдар заңнамалық тұрғыдан бекiтiлетiн болады, сондай-ақ мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органға осы Тұжырымдаманың ережелерiнен туындайтын жаңа функцияларды беру көзделетiн болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет