Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
«Волонтерлік қызмет туралы»
Осы Заң волонтерлік қызметтің құқықтық негіздерін, мақсаттары мен міндеттерін, негізгі қағидаттарын, нысандары мен түрлерін, сондай-ақ оны қолдау шараларын белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) волонтерлік қызмет – жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың мүддесіне өтеусіз жүзеге асырылатын әлеуметтік бағыттағы ерікті, еркін ерік білдірумен орындалатын қоғамдық пайдалы қызмет;
2) волонтер – волонтерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
3) волонтерлік ұйым – Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған (саяси партиялар, кәсіптік одақтар нысанында құрылған қоғамдық бірлестіктерді, сондай-ақ діни бірлестіктер мен тұтыну кооперативтерін қоспағанда) және волонтерлік қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
4) волонтерлер тобы – волонтерлік қызметті бірлесіп жүзеге асыру мақсатында құрылған, өзіне осы Заңда белгіленген нормалар қолданылатын жеке тұлғалардың тіркелмеген ерікті қоғамдастығы;
5) волонтерлік қызметті ұйымдастырушы – волонтерлерді жеке өздері не волонтерлік ұйымдар арқылы тартатын уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, өзге де ұйымдар, сондай-ақ жеке тұлғалар;
6) волонтерлік бағдарлама (жоба) – волонтерлік ұйым және (немесе) волонтерлер және (немесе) волонтерлердің тобы орындайтын іс-шаралар мен күтілетін нәтижелерді көрсете отырып, әлеуметтік бағыттағы, қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге бағытталған шаралардың жүйелі кешені;
7) волонтерлік акция ‑ волонтерлік ұйым және (немесе) волонтерлер және (немесе) волонтерлердің тобы орындайтын нақты әлеуметтік бағыттағы, қоғамдық пайдалы міндетті шешуге бағытталған іс-шара.
2-бап. Осы Заңның реттеу саласы мен нысанасы
1. Осы Заңда көзделген нысандар мен түрлерде өтеусіз негізде жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы ерікті түрде қоғамдық пайдалы қызметті жүзеге асырумен байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заңның реттеу нысанасы болып табылады.
2. Волонтерлік қызмет саласындағы қатынастар Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |