Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке Депутаттық сауал Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!



Дата03.07.2016
өлшемі39.08 Kb.
#174698
24.09.2014 жылы жарияланды Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрі

К.Қ. Мәсімовке

Депутаттық сауал

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Өзіңізге белгілі, елімізде Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарламаның мақсаты Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты болып табылады.

Бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражаттар бағытталған. Бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыруға мемлекеттік бюджеттен көзделген жалпы шығын 19 134 946 мың теңгені құрайды.

Ал 2015-2020 жылдар ішінде Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерді тиісті қаржылық жылға қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.

Осы бағдарламаны іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік кәсіпорындар – Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын құрды.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында елімізде Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.

Осы бағдарламаны іске асыру мемлекеттің ел экономикасына қатысуын қысқартуға және оған жеке сектордың үлесін арттыру есебінен оның негізін нығайтуға бағытталған.

Жекешелендіру кәсіпкерліктің дамуы үшін мықты серпін беруі тиіс, ол бәсекелестіктің болуына алып келіп, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады және олардың тұрмысын жақсартады.

Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, бәсекелестік ортаға беруге жататын мемлекеттік активтердің және квазимемлекеттік сектордың тізбесі бекітілді.

Шынайы экономика секторына қажеттілігі аз мемлекеттік ұйымдар да жекешелендіруге шығарылды.

Жекешелендіруге шығарылған кәсіпорындардың шығыны мол немесе активтері өсіп кеткен, олардың тікелей немесе жанама түрде мемлекет тарапынан субсидия бөлу есебінен қамтамасыз етіліп келгені анық.

Айталық, облыстар мен аудан әкімдіктері өңірлік коммуналдық иелігіндегі мемлекеттік кәсіпорындарды – Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын сатуға шығарып отыр.

Бұл орталықтар тек қана бюджет қаражатымен жұмыс істеп тұр және үлкен активтері жоқ. Мемлекеттік тілге қызығушылық артып отырса да, орталық жұмыстарынан азаматтарымыздың хабары жоқ, жұмыстары ашық емес, нәтижесі белгісіз. Ал, жекешелендірудің басты шарты ашықтық.

Бәсекелестік ортада нарықты өткізу кәсіпкердің негізгі проблемасы болып табылады және кез келген кәсіпорынның рентабельділігі соған байланысты екені анық. Ал, әлеуметтік бағыттағы біз атаған кәсіпорындар қазірдің өзінде қаржыландыру көзімен және нарықты өткізумен қамтамасыз етілген.

Егер, бұл мекемелерді жекешелендірсек мемлекеттік тапсырыссыз, қаржылық қолдаусыз орталықтардың келешегі жоқ және жойылып кетеді. Ал, мемлекеттік тапсырысты сақтап қаржыландырсақ, орталықтар бұрынғыдай «жабық» түрде жауапкершіліксіз жұмысын жалғастыратын болса, онда олар жұмыс істеу тетіктерінен айырылып, бәсекелестігі жоқ ортада жекелеген адамдардың табыс көзіне айналады және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына жол ашады, сондай-ақ меншік иесінде масылдық көңiл-күйдi тудырады.

Сонымен бірге, мемлекеттік кәсіпорынның жаңа меншік иесі кім болатыны белгісіз, ол мемлекеттік тілдің дамуына шынымен де жаны ашитын адам ба немесе жеке бас пайдасын ғана ойлайтын адамдар ма?!

Мемлекеттік тілді дамытуға табыс көзі деп емес, әлеуметтік және мемлекеттік маңызды жоба деп қарауымыз керек.

Аталған орталықтарды жекешелендірген жағдайда, бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатына – анық қол жеткізбегендей боламыз.

Ақжол партиясы бизнестің бәсекелік ортада дамығанын қолдайды. Бірақ, мемлекеттік тілді үйретуді нарықтық бәсекелі ортаға шығарып, меңгеруді азаматтарымыздың қалтасымен байланыстыру қаншалықты дұрыс?!

Жоғарыда аталғандарды ескере келіп, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Сізден мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын жекешелендіру туралы мәселені қайта қарауыңызды сұраймыз.



Құрметпен,

«Ақжол» ҚДП фракциясының депутаттары

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының депутаттары

А. Тұртаев

А. Перуашев

Е. Никитинская

А. Әбілдаев

Н. Жазылбеков

Т. Ерғалиев

С. Қадыралиева

М. Қазбекова

Н. Нестерова

З. Саяпова






Орын.: Садуакасов Б.

Тел.: 74 63 28

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет