Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығы
Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес туралы
(2012.13.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамытудың тұрақтылығын және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.
ҚР Президентінің 2011.22.12. № 204 Жарлығымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қоса беріліп отырған:
1) Кеңес туралы ереже;
2) Кеңестің дербес құрамы бекітілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
|
Н. Назарбаев
|
Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 12-і.
№ 994
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 994 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы
нарығын дамыту жөніндегі кеңес туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржы секторын тиімді дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру үшін құрылады.
2. Кеңес Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Кеңес туралы осы Ережені басшылыққа алады.
4. Кеңес мүшелері өз функцияларын өтеусіз негізде жүзеге асырады.
2. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары
5. Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің тұрақтылығына және жүйелік тәуекелдерді барынша азайтуға бағдарланған макропруденциалдық реттеуді іске асыруға жәрдемдесу және ұсыныстар тұжырымдау Кеңестің негізгі міндеттері болып табылады.
6. Кеңестің функциялары:
1) реттеуші мониторинг деректерінің негізінде қаржылық тұрақтылық үшін жүйелік тәуекелдер бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
2) Қазақстан Республикасының қаржы жүйесін дамыту саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және іске асыру жөніндегі тәсілдерді тұжырымдау;
3) жүйелік тәуекелдерді барынша азайту және қаржылық тұрақтылыққа қатердің алдын алу мақсатында қаржы секторын реттеудің стратегиясы мен қағидаттарын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау, оның ішінде жүйелік тәуекелдерді пруденциалдық, реттеудің негізгі секторалды қағидаттары мен тәсілдері және мүдделі мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың ұсыныстары негізінде тиісті нормативтерді қолдану жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау, макропруденциалдық реттеудің қағидаттарын, оның ішінде қаржы ұйымдарын пруденциалдық реттеу шараларын қолдану жөніндегі ұсынымдар арқылы айқындау, жүйе құрайтын қаржы институттарын реттеудің қағидаттарын айқындау;
4) қаржылық тұрақтылыққа қолдауға бағытталған реттеуші және ынталандырушы шараларды қолдану жөніндегі ұсынымдарды дайындау, оның ішінде экономиканың қаржы және жүйелік тәуекелдеріне ертерек ден қою шараларын жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарды қарау және ұсынымдарды дайындау, дағдарысқа қарсы басқару шаралары және жүйелік тәуекелдерді материалдандырған жағдайда зиянды барынша азайту тетіктері бойынша ұсыныстарды қарау, жүйе құрайтын қаржы ұйымдарындағы проблемаларды реттеу жөніндегі ұсыныстарды қарау және шешімдерді дайындау болып табылады.
7. Өзінің міндеттері мен функцияларына сәйкес Кеңес:
1) өз қызметін Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының қызметімен үйлестіреді;
2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекетаралық, үкіметаралық және банкаралық үйлестіру-консультативтік органдармен ынтымақтасады;
3) қаралатын мәселелер бойынша консультациялар жүргізу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, ұйымдардың мамандарын, ғалымдарды және тәуелсіз сарапшыларды тартады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан және өзге ұйымдардан Кеңестің міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті материалдарды сұратады және алады.
3. Кеңестің қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру
ҚР Президентінің 2011.22.12. № 204 Жарлығымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Президентінің 2012.13.03. № 284 Жарлығымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Кеңестің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) Төрағасы Кеңес төрағасы болып табылады.
Кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Президентінің өкілі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік), Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бірінші басшылары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы кіреді.
9. Кеңесті Кеңес төрағасы басқарады.
Кеңес төрағасы:
1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;
3) Кеңес отырыстары өткізілетін орынды және уақытты айқындайды;
4) Кеңес шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады;
5) тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20-нан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президенті алдында Кеңестің жұмысы туралы есеп береді.
10. Кеңес мүшелері:
1) Кеңес отырысының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі бойынша ұсыныстар енгізуге;
2) Кеңес отырыстарына арналған материалдарды, оның шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысуға, Кеңестің алдында тұрған міндеттерді шешуге ықпал етуге;
3) Кеңес отырысында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.
11. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, Кеңес төрағасы айқындайтын мерзімдерде, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің тікелей қатысуымен өткізіледі және оның мүшелерінің кемінде үштен екісі дауыс беруге қатысқан кезде заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды тұлғаларға беруіне жол берілмейді.
12. Ұлттық Банк Кеңестің жұмыс органы болып табылады.
13. Кеңестің жұмыс органы:
1) Кеңес отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және Кеңес мүшелерінің ұсыныстары және бұрын қабылданған шешімдер негізінде Кеңес отырыстарын өткізу үшін тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады;
2) Кеңес мүшелерінің ұсыныстары және ол бұрын қабылдаған шешімдер негізінде отырыстың күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;
3) Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалуына мониторингті жүзеге асырады;
4) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысы өткізілетін орын, уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;
5) Кеңестің хаттамалық шешімдерін ресімдеуді және келісуді жүзеге асырады;
6) Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап екі апта ішінде Кеңес мүшелеріне және басқа мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдарға хаттаманың көшірмесін және өзге қажетті материалдарды жібереді.
14. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады, оған Кеңестің отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қояды.
15. Кеңестің шешімдері жай көпшілік дауыспен қабылданады және ұсынымдық сипатқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, ол айтылған жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс.
16. Кеңестің шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кез келген өзге тәсілмен қаржы нарығының субъектілеріне жіберілуі мүмкін. Жариялау не қаржы нарығының субъектілеріне беруге арналған ақпараттың тізбесі мен көлемін Кеңес айқындайды.
17. Кеңес мүшелері Кеңеске Кеңестің хаттамалық шешімдерінің орындалғаны не орындалмағаны туралы ақпаратты тиісті негіздемесімен қоса, Кеңес тиісті шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) айдан кешіктірмей немесе Кеңес шешімінде көрсетілген мерзімдерде ұсынады.
4. Кеңестің қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз ету
18. Кеңестің қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді Ұлттық Банк жүзеге асырады.
19. Кеңестің құжаттамасын жүргізу хатшыға жүктеледі. Кеңестің хатшысы Кеңес мүшесі болып табылмайды және дауыс беру құқығы жоқ.
ҚР Президентінің 2011.22.12. № 204 Жарлығымен құрам жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); ҚР Президентінің 2012.13.03. № 284 Жарлығымен құрам өзгертілді (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 12 маусымдағы
№ 994 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңестің
дербес құрамы
Марченко
Григорий Александрович
|
- Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Кеңестің төрағасы
|
Кеңес мүшелері:
Ақышев
Данияр Талғатұлы
|
- Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары
|
Аханов
Серік Ахметжанұлы
|
- «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)
|
Жәмішев
Болат Бидахметұлы
|
- Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
|
Сұлтанов
Бақыт Тұрлыханұлы
|
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары
|
Әбдірахымов
Ғабидолла Рахматоллаұлы
|
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттігінің) төрағасы,
|
Келімбетов
Қайрат Нематұлы
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары;
|
Достарыңызбен бөлісу: |